ҚОРЫТЫНДЫ Аударма – әрбір ұлттық мәдениеттің ажырағысыз бөлігі. “Тарихи қысқа мерзімде қазақ әдебиеті өзінің озық үлгілері арқылы Европа классикалық әдебиетінің өресіне жетті”. Бұл істе әдеби аударманың өзіндік орны бар. Фольклор, ауызша әдебиет дәстүрі қаншама бай дегенмен, роман сияқты күрделі жанрлардың жалғыз ғана арқауына айнала алмас еді. “Аударманың сапасы сол елдегі төл әдебиеттің сапасына сай келеді. Көш бастайтын төл әдебиеттің соңына еріп, аударма әдебиеті жедел жүреді. Кейде аударма әдебиет те төл әдебиеттің өсіп-өркендеуіне көмек беріп отырады”. Нақты мысал атасақ, орыс әдебиетіне де көптеген жанрлар аударма арқылы ауысқанын айта аламыз. Жуковскийдің Шиллерден жасаған аудармалары болмағанда орыс тарихи балладасы қашан дүниеге келері белгісіз еді. Орыста көпке дейін роман болмағаны мәлім. Кейін романдарды аудару, басқасын былай қойғанда, тілді байытатынына жұрттың бәрінің де көзі жеткен.. Кейінгі отыз шақты жылдың ішінде аударма қарқынының біршама бәсеңдеуіне аударманың миссиясы жөнінде қате түсініктердің де әсері болды. Аударма тіл білмейтіндерге арнап жасалатын кез артта қалды. Бір тілден екінші тілге көркем аударма жасауға бола ма? Болмайды деген төңіректе тұтас теория тұрғызған авторлар да аз емес. Талай трактатта халық рухы өзге тілде жеткізілмейді, ал шабыт қайталанбайды деген ойлар айтылады. Аударма өнер туындысындағы пішін мен мазмұнның бірлігін бұзады, бұл бірлік – тұтас ұғым, ол жарылған жерде өнер жойылады дескен бұрынғылар.Әрбір тұтас әдеби туынды, яғни идеялардың, сезімдердің, образдар мен стильдік ерекшеліктердің бүкіл жиынтығы басқа тілдегі ойлау жүйесімен талдап-түсінуге және жеткізуге көнеді. Аударманың құдіреті өлі тілдерді тірілтуінен-ақ танылып тұр. Көне еврей, көне грек, латын, ескі славян, ескі орыс тілдерінен жасалған аудармалар арқылы қаншама мәдени мұра адамзат игілігіне айналғаны жақсы мәлім. Қазақ поэзия аудармасына тән елеулі кемшіліктің бірі – барлық аудармашылардың дерлік осы іспен шығармашылығының негізгі арнасы, өмірлік кәсібі ретінде айналыспағандығы. Көркем аударма саласында көрнекті із қалдырған суреткерлердің қай-қайсысын алсақ та, осы іске жылдар бойы бар күш-жігерін жұмсағанын, жүйелі айналысқанын, көлемді дүниелерге құлаш ұрғанын көреміз. Аудармашылық – жалғыз шабытпен шалып түсетін, тек алымдылықпен алып түсетін шаруа емес. Тәржіменің машығын алмайынша, аударма техникасын емін-еркін меңгермейінше, көркем сөзді алақанында ойнататын зергерлікке қол жеткізбейінше аударма асуы алдырмайды.