Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы



бет8/9
Дата26.06.2022
өлшемі42,44 Kb.
#37322
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Әңгіме — оқиғаны қарасөзбен баяндайтын шағын көркем шығарма жанры. Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық, сюжеттік құрылысы, көркемдік жүйесі арқылы айқындалады. Әңгіменің көлемі шағын, кейіпкерлер саны аз, сюжет ұйытқысын құрайтын оқиғаның басталуы, шарықтау шегі мен шешімі болады. Онда адам, оның өмірі мен тағдыры, аса маңызды деген оқиға жинақы беріледі. Мұнда бір айтылған жайларға қайта оралуға, тәтпіштеп баяндауға, ұзақ суреттеуге орын жоқ. Әңгіме жанры аз сурет арқылы көп жайды аңғарта білетін айрықша көркемдік шеберлікті талап етеді.
Новелла – шағын көлемді прозалық шығарма. Әңгімеден қиялға негізделген оқиға, әдеттен тыс сюжет пен композиция құрылымы арқылы ерекшеленеді.Онда егжей-тегжейлі баяндау кездеспейді.
Аударылған шығарманың көркемдігі, мазмұн дәлдігі, стильдік сәйкестігі – басты талап болып табылады. Осы орайда М.Әуезовтің проза аудармашысына қажетті талабын есте ұстаған жөн. "... ол (аудармашы) аударылатын шығарма авторының стиліне өз стилін байланыстырмайды.
Бір тілден екінші тілге аудару үдерісінде мәтіннің жанрлық сипаты айрықша назар аудартады. Аудармашының аударатын мәтінінің жанрлық ерекшелігіне орай алдына қоятын мақсат-міндеттері де әртүрлі болып келеді. Сонымен қатар әрбір жанрды аудару заңдылықтарының өзіндік ерекшеліктері бар. «Әлем халықтарының жазба мәдениетінде барлық белгілері жағынан теңбе-тең, барлық мәдениетке тән жанр үлгілері (мәселен, ертегі, аңыз, көркем әдебиет, мақала) немесе бір ғана халықтың рухани мәдениетіне тән жанрлар (мысалы, қазақ мәдениетіндегі қара өлең, айтыс үлгілері) бар. Әр халықтың мәдениетіне, халық қауымдасқан қоғамның әлеуметтік нормасына қарай мәтін жанрының құралу, түзілу нормасы да әр басқа». Үлкен энциклопедиялық сөздікте менталитет деген ойлар бейнесі, жеке адамға немесе жалпы топқа тиесілі ойлау қабілеттері мен рухани қағидалар жиынтығы деп көрсетілген.
Сонымен қатар, әдеби туындылар әдетте ауқымды болғандықтан, аудармашы алдында үлкен еңбек күтіп тұр. Мысалы, американдық жазушы Донна Тарттың 10 жыл жазған атақты «Щегол» туындысын аудармашы 9 ай бойы аударған. Сабырлық пен істі соңына дейін жеткізуде табандылық көрсету аудармашының жеке жеңісі іспетті.
Көркем аударма кезінде ең қиындық тудыратын нәрсе –автордың жеке стильін беру. Олар аудармашыға стилистикалық тәсілдерге талдау жасау нәтижесінде белгілі болатын, автор стилінің ерекшеліктерін анықтайтын гармониялық синтездің үлгісін бере алады. Әдетте, аналогтың жақындық белгілі бір дәуірге жататын авторлар шығармаларының арасындағы ұқсастық пен белгілі бір әдеби ағымның өкілдері болмауымен сипатталады.
Жоғарыда атап өткендей, көркем мәтін өзі дүниеге келген дәуірдің құндылығы болып табылады. Әр кезеңдерде және әр түрлі мәдениетте аударма туралы әр түрлі түсініктер орын алады. Дегенмен, көркем аударма тек қана лексикалық және синтаксистік сәйкестікпен ғана емес, тілге қатысты көркемдік байланыстар арқылы аударылуы керек. Осыған байланысты көркем аудармада екі қағида арасында серпіліс пайда болды.

  1. Сөзбе-сөз, нақты. Бірақ көркемдік жағынан толық емес аударма.

  2. Көркемдік жағынан толық, бірақ түпнұсқадан мағынасы алшақ,еркін аударма.

Бұл екі принцп негізгі екі көзқараста орын тапқан: аударманы лингвистикалық жағынан анықтау және әдебиеттану жағынан анықтау.
Қазақстанда 1938 жылдан 1970 жыл аралығында қазақ тілінен орыс тіліне жасалған поэзиялық шығармалардың аудармасы жөнінен бар-жоғы екі кандидаттық диссертация қорғалған болатын.
З. Жантекеева Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров шығармаларының орыс тіліндегі аудармаларында олардың мазмұнының жалпы идеялық-мағыналық қырын жеткізу мәселелерін ғана қарастырады, қазақ өлеңінің белгілі бір идеялық-эстетикалық мәнге, эмоционалдық-көркем тұтастыққа ие формасын орыс тілінде қайта жасауға қатысты нақты мәселелерге тоқталмайды. Осыған орай сол кезде қазақ тіліндегі түпнұсқа шығармалардың да, олардың орыс тіліндегі аудармаларының да поэтикалық ерекшеліктеріне жинақтау түрінде нақты әдебиеттану тұрғысынан талдау жасалмаған болатын.
Сәуле Алтыбаева диссертациясында Мариям Хакімжанова, Тұрсынхан Әбдірахманова, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтқожина, Күләш Ахметова, Ақұштап Бақтыгереева, Р. Құнақова сияқты қазақ ақын әйелдерінің шығармаларының орыс тіліндегі түрлі аудармашылар жасаған аудармаларына салыстырмалы талдау жасай отырып, аудармашылық стиль мәселесіне баса назар аударады. Алайда автор әр ақынның өзіндік ерекшелігіне, стиліне, оның орыс тіліндегі аудармасына талдау жасауда әрқайсысының санаулы өлеңдерімен ғана шектелген. Әр ақын жеке зерттеуді қажет етеді.
Фариза Оңғарсынова.
Фариза Оңғарсынованың поэзиясын тұрақты аударып, жеке жинақтар шығарған орыс ақыны- Татьяна Фроловская. Оның аудармалары түпнұсқа поэтикасының жекелеген тұстарын бірде күшейте отырып, бірде алып тастай отырып, бәрібір де Ф. Оңғарсынова поэзиясының жалпы эмоционалдық қалпын жеткізген. Фариза Оңғарсынованың авторлық мәнеріндегі интонацияның ауырлығы, ой мен сезімнің жоғары экспрессиялылығы, психологизм және өзге де детальдар Т. Фроловскаяның аудармаларында тұтастай көрініс табады.
Т. Фроловская ауытқушылықтар: автор ойының импульсивтілігі, ауырлығы көбінесе оғаш көрінетін, мәтін мазмұнының көзге бірден түсетін үнге толылығы байқалатын стилистикалық және мағыналық шашыраңқылыққа жалғасып кетеді. Алайда, эстетикалық көзқарас тұрғысынан, яғни түпнұсқаға функционалдық жақындыққа қол жеткізу тұрғысынан алғанда Л. Тараканованың интерпретациясына қарағанда Т. Фроловскаяның аудармалары Ф. Оңғарсынованың поэзиясына жақынырақ.
Келесі бір назар аударарлық мәселе, Т. Фроловскаяның жоғары экспрессивті реңкі бар ауызекі сөйлеу тіліндегі сөздер мен поэзия тіліне жатпайтын қарапайым сөздерді, сұрақ және леп белгісімен келген құрылымдарды енгізу арқылы түпнұсқа мәтінін күшейткені соншалық, түпнұсқаның психологиялық, стилистикалық, идеялық-тақырыптық бейнесі өзгеріп, аудармашының жеке өзіндік стилі жеткізілген.
Көркем әдебиетте автор өлеңдері мен шығармаларын аударуда кездесетін басты қателіктер:
1.Сөздік қордың аздығына байланысты сөйлемдер бірыңғай, қарапайым болып, оны түрлендіре алмау.
2. Кейбір сөздердің ауыспалы және көп мағыналылығына байланысты мәтінде немесе өлеңде орынды қолданбай, ойды түсінікті, әсерлі де нақты жеткізе алмау. Сөздердің байланысуын, тіркесуін білмеу.
3.Синоним сөздерді сөйлемде түрлендіріп қолдана білмеу, сондықтан сөздерді қайталап жаза беру.
4.Шумақтар мен мәтіндерде қажетсіз артық, қыстырма, диалект сөздерді талғамай қолдана беру.
5. Қазақ тілінде аудармасы бар шет елдік сөздерді мәнін ескермей қолдану.
6. Кейбір сөздердің экспрессивті-эмоциональды мәнін білмей орынсыз қолдану.
7. Сөйлемдегі немесе шумақтағы сөздердің орын тәртібін сақтамау, сөздердің тіркесуі мен орын тәртібінің ауысуындағы стильдік ерекшеліктерді аңғармау.
8. Сөйлемдегі бірнеше ойды байланыстырып жеткізе алмау.
9. Айтайын деген пікірін жүйелі, рет-ретімен айтып не жазып беруге қиналу, шатастырып жіберу т.б.
Аудармашылар шығарманы аудару барысында, өзге тілдегі қабылдаушы оқырмандарға түсінікті қып, түпнұсқа мәнін сақтай отырып аудару керек және қателік жібермеуі тиіс. Олар өз алдарына қойған тапсырманы ойдағыдай етіп орындау үшін бірнеше кеңестерді ұстанғандары жөн. Мысалы, сөзбе-сөз аударма көркем шығарманың мағынасын өзгертіп тастайды және түпнұсқада контекстке назар аудару маңызды, себебі қаламгер өз еңбегін жазу кезінде әр сөзді ойланып, керегін іздеп, нақты мақсатпен қолданады.
Аудармашылар көркем аудармада әдеби мәтінді аударудың бірнеше тәсілдерін қолданулары керек. Мысалы, адаптация әдісі түпнұсқа мәтінін аударылып отырған тілде сөйлейтін халық үшін үйреншікті етіп аударуды қарастырады.
Келесі, лингвистикалық кеңейту техникасы бойынша аудармашы бір тілде бар сөзді не тіркесті екінші тілге аудару сәтінде оны басқа сөздермен түсіндіруге тырысады.
Бұл әдіске қарама-қарсы тәсіл элизия деп аталады, себебі түпнұсқа мәтініндегі кейбір ақпаратты алып тастау арқылы аудармашы сол бөліктің аудармада болмауын қадағалайды.
Ал, компенсация тәсілі мәтіннің бір бөлігінің немесе мәтінде қолданылған көркемдеуші компоненттердің аударма мәтінінде орын ауыстыруын көрсетеді. Бұл тәсіл аудармашының интенциясына байланысты пайдаланылады.
Тағы бір әдіс — кірме деп аталады, ол бойынша аудармашы нақты бір сөздерді, тіркестер мен ұғымдарды өзгертпей өз еңбегінде қалдырады.
Көркем мәтіндер аудармасы кітаптардың, мақалалардың, оқиғалардың және басқа да қара сөз үлгілерінің; поэзияның; жарнама деректерінің, шығармашылық және икемділік қабілеттерді талап ететін өзге де мәтіндердің аудармасын жүзеге асырады.
Қазіргі заманғы аударматану ғылымында «интерпретация» (қазақ тіліндегі баламасы «талқылау») терминінің көптеген анықтамалары бар. Мұндай алуан түрлілік зерттеушіні әр кезде осы сөздің мағынасын өз концепциясы шеңберінде нақтылауға мәжбүрлейді.
Біз аудармашылық талқылауды түсінудің қайнар көзі, яғни мәтін мен аудармашы арасында диалог орнатудың негізі ретінде қарастырамыз. Ғ. Мұстафин аудару үдерісінің соншалықты қиындығын қос тілді меңгерген адамның бәрі аудармашы бола бермейтіндігін ескерте келе, «... Шығарманы аудару үшін, аударушы – автордың контекстері мен подтекстерін, оның стилін, творчестволық табиғатын түсінуі керек. Сол сияқты өзінің ана тіліне мейлінше бай болуы керек» – деп атап өткен.
Әдебиетте көп нәрсе шартты. Өлшемдер өзгермелі. Талғам туралы таласпайды. Өнерге нөмір жүрмейді. Әйтсе де, сөз ұстаған ұлылардың қайсысы әлем әдебиетіне көбірек ықпал жасады, оның адамзат өркениетіндегі алар орны қандай дегенде алдымен айтылатын бір өлшем бар: ол – шығармаларының қанша тілге аударылғандығы. Тәржіменің саны талантқа ең әділ таразы бола бермейтіні рас. Әсіресе, қазіргі заманда өз шығармасын аудартуға алдымен пысықайлардың қолы жететіні де рас. Сонда да бұл көрсеткішпен санаспау мүмкін емес. Әдебиеттің әйгілі шығармаларының шет тілдердегі таралымы түпнұсқа тіліндегісін кейде он орап кететіні көп жайды аңғарта алады.
Өлең аудармасының өнері дегеніміз бір тұста ұтып, бір тұста ұтылып жүріп барып шығармашылық жеңіске жету. Әр жол сайын дөп табамын, әр жол сайын дәл түсемін деген адам дәл сол жолдарда тауып кеткендей болып көрінгенімен, шығарманы тұтастай алып қарағанда өлеңдік өзегінен айырылып қалып жатады. Белгілі бір дәрежеде “құрбандықтарға” саналы түрде бармайынша, шын мәніндегі көркем аудармаға қол жеткізу қиын. Ол үшін аудармашы өзі қолға алған шығармадағы тастап кетуге, алмастыруға болатын тұстарды бар жан-жүрегімен, бар ақыл-ойымен, бүкіл болмыс-бітімімен сезінуге тиіс. Ең бастысы – нақпа-нақ білуге тиіс. Түйсікке сене беру, шабытқа арқа сүйей беру түптің түбінде бір опындырмай қоймайтыны сөзсіз. Абзалы, аудармашының ақын ғана емес, тарихшы, этнограф, тілші, сыншы, мәдениеттанушы болып жатқаны керек. Аудармашылық өнер мен ғылымның арасында тұруға тиіс дейтініміз де сондықтан.
Аударылған мәтіннің қабыл алынуында оқырман менталитетін, тіл заңдылықтарын ескерудің қандайлық үлкен орын алатынын барлығымыз білеміз. Қазақ тілінде орыс тіліндегідей род жоқтығына байланысты туындайтын проблемалардың өзі бірқыдыру. Мысалы, Абайдың Лермонтовтан аударған “Жартас” өлеңіндегі суреттелген жай қазақ оқырманын орыс оқырманындай толқыта қоймайды. Себебі, біз жартасты, яғни мужской родтағы “утес-ті” ер кісінің метафорасы, ал женский родтағы “тучка-ны” жас қыздың метафорасы ретінде соншалықты табиғи қабыл алмаймыз. Мұндай ойлау жүйесі бізге тән емес. Тегінде, ұлттық ойлау жүйесінен шалғай тұрған шығармалар аудармаға көнбейтін болуы да мүмкін.

Өлеңді аудару барысында ескеру керек: өлеңнің басты өлшемі – оқырманға әсері. Аударма өлеңге де қойылар басты талап – түпнұсқаның әсерін жасау. Ол әсерге аудармашының қалай қол жеткізетіні – бөлек мәселе.
Поэтика мәселелерін талдағанда аудармашы түпнұсқаны өзге тілде орындауы үшін тілді, сол тілдегі көркемдік құралдарды ауыстыратынын нақты мысалдармен байқауға болады. Бұл істе түсіну, зерттеу (идентификация) мен өзектен өткізудің (эмпатия) орны үлкен.
Қазақ аударма өнерінде герменевтика мәселесінің әлі күнге шешілмегені алаңдатарлық. Тәржіменің талайында қателіктердің біразы мәтіннің мәнін түсінбеуден кететіні өкінішті. Мәтінді ғылыми, яғни филологиялық тұрғыдан талдау әлі де әлсіз. Аудармашылардың көбінде тәржіменің түпмақсаты жөнінде ұғым-түсінік дұрыс қалыптаса қоймаған. Қазақтың өз өлеңінен түк те аумайтын, өлең өлшеміне, уәзініне әкелер соны бояуы, жаңа үні жоқ аудармалардың түгелдей дерлік орысша білетін ұлтқа тигізер пайдасы шамалы. Тарауда қазақтың өлең құрылысына аударма арқылы келген жаңалықтар да талдануды.
Мәселе мынада. Өлең – өлшемге байлаулы өнер. Ақ өлеңнің де өзінің ішкі ырғағы бар. Ақын қай шумақты құрағанда да ырғаққа, ұйқасқа, буынға, бунаққа қарамай тұрмайды. Соған орай оның өз ойын, өз образын, өз бояуын дәйім дәл өзінің көздегеніндей етіп жеткізе алмауы әбден мүмкін. Мұның өзі ең мінсіз деген шығармалардан да табылуы мүмкін. Сол ойдың, сол образдың, сол бояудың өзге тілдегі өзге ырғаққа, өзге ұйқасқа, өзге буынға, өзге бунаққа түпнұсқадағыдан гөрі әуездірек, әрлірек болып түсуі де мүмкін.


Өлең жүйелері мен просодиялардың сан түрлі болып келетіні қашанда белгілі. Олардың негізінде жатқан фонетикалық принциптер де алуан-алуан. Қанша жерден өлең өнері дамиды, өлең жүйесі өзгереді дегенде де, оның тілдің төл табиғатынан туындаған ішкі заңдылықтары бар. Ол заңдылықтарды бұзу арқылы ұлттық өлеңге жаңалық енгізу мүмкін емес. Жаңалық енгізе алғандардың бәрі де тілдің өз бойында бұғып жатқан, бұған дейінгі ақындар байқамаған, аңдай алмаған қасиеттерін байқағандар, аңдағандар. Мысалы, орыс өлеңіне силлабикалық жүйені қалайда енгізуге ұмтылған ақындар аз болған жоқ. Сонда да айналып келгенде силлабо-тоникалық және тоникалық жүйе орнығып қала берді.


Аударылған туындылардағы фразеологизмдер арқылы да тіл байып отыратынын дәйім ескерген жөн. Әрине, ана тіліміздің табиғатына жат ұғымдардың, қазақы фразеологизмнің болмысына үйлеспейтін орамдардың жөні бөлек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет