Нұрлан Рахымжанов



Pdf көрінісі
бет7/17
Дата26.01.2017
өлшемі1,85 Mb.
#2739
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17

 

 
91 
 
Көгіс, Тегіс 
 
Бегістейің  еріңнің  жасы  отызға  келеді.  Әйел  таңдап  алмайды, 
«Ал» десе де болмайды. Бір күні атасы ренжіп: 
-
 
Балам  едің,  сен,  -  деді.  –  Асырадым  әлпештеп,  «Қарғам  адам 
болар»  деп.  Сен  бір  адам  болмадың,  «Ал  десем  әйел»,  алмадың. 
Атаң келді жетпіске, анаң келді алпысқа, бүкшеңдеп жұмыс істейді. 
Әйел таңдап жастықта, «Қой» десем де, қоймадың, - дейді. 
Бегіс  ұялып,  бұрыннан  айттырып  қойған,  сол  жердің  еліне 
қадірлі байының Қанымша сұлу атанған қызын барып алады. Бүкіл 
ноғайлы  жиналып,  үш  күн  ұдайы  ойын  қылып,  тоғыз  күн  ұдайы 
жібермей  ат  шаптырды  той  қылып.  Аттар  шапты  бәйгеде,  жүз  елу 
қой,  сегіз  қара  тігілді  сол  бәйгеде.  Ноғайлының  жандарын  тамақ 
сыйлап  тойғызды.  Арада  өтті  бір  жылы.  Ер  Бегістің  әйелі  екіқабат 
болады.  Тоғыз  ай,  он  күн  болғанда  еркек  бала  табады.  Ноғайлы 
сонда  жиылды,  ақсақал  мен  кәрие  «Көгіс»  деп  ат  қояды  және  де 
тойы тарады. Ер Бегістің досының әйелі тапқан ұлының атын қойып, 
қылды той және де тойы тарады. Досының ұлын «Тегіс» деп қойды. 
Атасы жүріп екеуін қияметтік дос қылды. 
Екі бала онға толғанда атасының мініп тұлпарын, жылқы бақты, 
малдарын. Жылқышы мен түйешіге ие болды. Бұлар он бірге толған 
күні  Тегіс  келіп  анасынан  әкесінің  жайын  сұрайды.  Анасы  сұрама 
десе  де  болмай,  баласы  қоймай  сұрайды.  Анасы  жылап,  әкесінің 
жайын айтады. Екі бала жылқыға келіп отырса, Тегістің мұңды түрін 
көрген  Көгіс  жайды  сұрайды.  Көгіс  қанша  сұраса  да,  қайғыланып 
жылап Тегіс жөнін айтпады. Содан соң барып Көгіс әкесінен келіп, 
досының  қайғысын  білмекке  сұрады.  Әкесі  досының  қалай  өлгені 
туралы  айтады.  Досының  кегін  алуға  жұмсайды.  Сөйтіп  екі  балаға 
батасын береді. 
Екеуінің  күші  екі  мың  жанға  теңеліп,  сексен  күндік  жолды 
қырық күнде алып Андыз ханның еліне жетіп келеді. Таң қылаң бере 
қаланың  ішін қақ  жарып  шапқан  бетте,  екеуі  хан  отырған  қорғанға 
қарсы  барып  тұрады.  Бұларды  көріп  Андыз  хан  да  атын  ерттей 
бастайды. Оны байқап екеуі жетіп келеді. Андыз да артық ер еді, өз 
дегені  болмаса  кісі  дегенін  қылмайтын  қайсар  туған  неме  еді. 
Қызылбас пен ындыстан оның да жемі көп еді, ноғайдан да жесі көп 
еді.  Ол  да  қаруланып  Көгіске  қарсы  жүреді.  Бір-біріне  найза  салса 

 
92 
өтпейді.  Сонда  Көгіс  қамшымен  бастан  салып  кеп  жібереді. 
Андыздың  басындағы  дулыға  ұшып  түседі.  Енді  Андыз  жалт 
бұрылып қашады. Артынан қуған Көгіс қылышпен басын шабады. 
Екеуі  жайлап  келіп  ордаға  кіріп,  найзамен  іліп,  орданың 
шаңырағын ортасына түсірді. Андыздаған жайды өлтіріп, қорғанның 
ішін  қан  қылады.  Көгіс  пенен  Тегістің  сыртқы  түрін  қарасаң, 
арыстан  мен  аюдай.  Аюдайын  айбатты,  арыстандай  қайратты,  ақ 
найзаға сүйеніп екі ер тұрды қамалда. 
Одан  әрі  екеуі  қалаға  келіп  кемпір-шал,  қатын-баладан 
тысқарысын түгел өлтірді. Малын айдап еліне сапар шегеді. 
Күндіз-түні  жол  жүрді,  есебі  жоқ  мол  жүрді.  Бір  мезгілдер 
болғанда  еліне  сонда  салады.  Жесір  менен  малдарды  елге  барып, 
береді.  Атасы  көріп  бұл  ісін,  баласы  қасына  келген  соң  ұлан-асыр 
той  қылды.  «Қарағым  жігіт  болды  деп,  қатарыма  енді  деп,  елдің 
қамын білді» деп. 
 
 
Тама 
 
Көгістен Тама туады, он жасында толады. Жүгіріп асық ойнады, 
үйіне  көп  келмеді.  Асық  ойнап  ұтылса,  төбелесіп  тартып  алады. 
Баланың  бәрін  ұрып,  асығын  тартып  алып,  ығыр  қылады.  Сонда 
балалар  ақылдасып,  Тамаға  қарсы  тұрмақ  болады.  Асық  ойнауға 
келген  Таманы  бәрі  жабылып  асығын  тартып  алып,  өзін  сабап 
жібереді. Содан асық ойнауды қойып кетеді. 
Әке-шешесіне  айтпай,  олар  ұйықтап  жатқанда,  күннің  көзі 
батқанда  көтеріп  басын  алады.  «Балалардан  таяқ  жегенше,  басқа 
жаққа  кетейін»  деп  ойлап,  әкесінің  бар  киімін  киіп,  жарағын  алып, 
атына мініп сапарға дайындалады. 
Төрт ай күні толғанда қалмақтың көрді қарасын. Таманың қанса 
да  жаны,  қанға  тоймады  қылышы  менен  найзасы.  Қорамсаға  қол 
салды,  қозы  жауырын  оқ  алды,  жұмсады  батыр  болатты,  қарамады 
көбіне,  тоқталмады  қалмақтың  жасаған  айла-ебіне.  Біреу  емес, 
бірнеше адамнан оқ өтеді. Суырып алып қылышын, қалмақтың алды 
басын-ай. Бір күн, бір түн соғысты, қалмақпен қатты тоғысты. 
Таң  ата  қалмақ  екі  мың  қол  жинап,  жер  дүниені  шаң  қылып 
қайта  келді.  Оған  да  ноғай  тоқтамай,  жалғыздан  жалғыз  жауды 
қырып салады. 

 
93 
-
 
Жасқанатын мен бе едім?! Сұрама байтақ елімді, тыңда менің 
кебімді. Мен Ноғай деген ел едім, елден шыққан ер едім. Асыл туған 
төре  едім,  азулы  туған  бөрі  едім.  Ындыс  пенен  қалмақты 
талқандармын  деп  едім,  -  деп  Тама  астына  мінген  Қара  атты 
шабайын деп жөндеді. 
«Шүу»  деп  атқа  тебінді,  жалмауыздай  емінді.  Қарсыласы 
қалмақ ханымен екеуі бір-біріне алмас қылыш салады. Батыр киген 
дулыға,  үстінде  барды  шарайна  –  екі  темір  қос  қабат,  екеуінен 
өтпеді,  етіне  ешбір  жетпеді.  Алдында  тұрған  қалмақты  бір  таяқтай 
көрмеді.  Басы  түсті  домалап,  хан  жығылды  омалып,  қалмақ  шапты 
қамалап.  Қалып  жатыр  бастары  бұл  қалмақтың  жұлмалап.  Хан 
жығылып  қалғасын,  даусы  күндей  күркіреп,  қалмақтар  қашты 
дүркіреп. Қалмақты шауып қырып келеді. Қалмақтың қаласын алып, 
мал  мен  қатын-баласын  айдап  шұбыртып  Ноғайлыға  келеді. 
Ноғайлының  шетіндегі  Ақошан  мен  Қанжыға  жеріне  келіп  ноғайға 
хабар  салады.  «Алыңыз  деп  олжаны»  жан-жағына  қарады.  Асыл 
туған  ер  еді,  артық  туған  төре  еді,  қызықсын  ба  олжаға,  ноғайға 
бөліп береді. 
Алдынан  шықты  анасы,  келгесін  елге  баласы.  Алдынан  келді 
атасы,  келген  соң  жалғыз  баласы.  Мерекелеп  той  қылды.  Тама 
батырдың соғысып, қалмақты алған жері осы болды. 
 
 
Тана 
 
Таманың ұлы Тананың жасы қырыққа толғанда бәйбішесі отыз 
бесте  еді.  Бәйбішесі  баласы  жоқтығын  айтып  зар  қылады.  Ханға 
уайым  кіреді.  Алтын  тағы,  күміс  кебісі,  күмістің  әр  түрлісі  бар, 
ежелден  қалған  бөркі  бар,  қазынасында  дүниесі  көп,  уайымсыз 
жатқан  жан  еді.  Хан  тағына  барады.  Жиырма  биі  бар  еді,  соларға 
хабар салады. Асығып, шала киінген билер келеді. Хан оларға өзінің 
жар  таңдап  алғанын,  пенденің  қызығы  бала  екенін  айтып  билерге 
қарайды.  Билер  мұны  неге  айтты  деп  таң  болып  отырады.  Бидің 
үлкені Күмістің он екі жасар баласы Алтын тұрып, ханның қырыққа 
толып,  елуге  қадам  басқанында  бір  балаға  зар  екенін  түсініп 
айтыпты.  Күміс  би  орнынан  тұрып,  ханға  бұрынғының  жолымен 
әулие  жағалауды  ұсынады.  Хан  бұған  қуанып,  ата-баба  жолымен 
Баба түкті шашты Әзізге баруды қалайды. 

 
94 
Баба түкті шашты Әзіз екі жерде пір еді. Жиырма күн толғанда, 
Баба  түкті  моласы  жақындады  жердің  шамасы.  Түстік  жерге 
келгенде,  тілекті  тура  тілерге,  әулиеге  түнерге,  Баба  түкті  басына 
жаяу  жүріп  бұл  келді.  Жалған  атқа  ермеді,  жаяу  жүріп  келеді. 
Киімдерін арқалап келеді жетіп бейшара-ай әулиенің қасына, көзінің 
жасын  төгіп-ай.  Әуелі  отырып  оқыды,  отырып,  құран  басына-ай. 
Қабірдің басында жатып жақсылардан шарапат тілеп ол жатты. Таң 
ата  әулиелер  тілегін  беріп,  хан  әулиеден  қара  үзіп  кеткенше 
қуанғанынан жүгіре берді. «Ол баланың есімін Хан  Нәрік деп қой» 
депті. 
Атқа  мініп  алады,  кетіп  сонда  барады.  Ауылына  жақын 
келгенде  алдынан  шығып  ақсақал,  би,  төрелер  келеді.  Еліне 
амандасып:  «Алдымен  жақындап  қалған  қызылбас  пен  қалмақты 
қайырып,  жерді  кеңітіп  келейін»  дейді.  Аттанамын  деп  еді, 
ноғайдың бірі ермеді. Бұнысын қартайғандықтың белгісі деп ешкім 
назар аудармады. 
Шыдамады  ханыңыз,  айтқан  сөзден  тана  ма!  Астына  тұлпар 
баптады,  тұлпар  бапқа  түскесін,  шегіршінмен  оңдатып,  найзасын 
жақсы  саптады.  Үйде  отырып  алмасты  алғыр  тасқа  қайрады. 
Сермесе  кесіп  кетсін  деп,  тоқталмай  қару  өтсін  деп,  көк  жебеге  оқ 
салды.  Кілең  болат  жинатып,  масаттан  соғып  оқ  алды,  көк  жебені 
қолға  алды.  Жалғыз  өзі  жапан  далада  қалғандай,  патшаның  көңілі 
бұзылды. Бәйбішесі ақ жол тілеп, шалын Аққа тапсырып жылап қала 
береді. 
Үш  айлық  жолды  төрт  айда  жүріп,  қызылбастың  жесірі  мен 
баласын  айдап  елге  келді.  Байтақ  жатқан  ноғайлыға  қызылбастың 
баласын енші қылып береді. Орнына келіп хан болды, бұрынғыдай 
жай  болды.  Жапанда  жалғыз  ел  болып,  еліне  қайтып  келгесін 
ноғайлы  халқы  таң  болды.  Тоғыз  ай,  он  күн  көтеріп  туған  екен 
Нәрікті. Баба түкті пір еді, қасиетті ер еді. Қабыл болып тілегі, содан 
туған  –  Нәрік,  Шора  ер  еді.  Арғы  атасы  –  Қарадөң,  содан  бері 
шұбалып Шораға таман келеді. 
 
Ер Шора 
 
Алаш-алаш  болғанда,  ала  тай  ат  болғанда,  Орманбет  хан 
өлгенде,  Қазан  қаласында  қырық  мың  үйлі  тамада  төрт  түлігі  сай 
болған  Нәрік  бай  деген  бай  болған.  Тоқсан  тоғай  жылқысы,  мал-

 
95 
дүниеде  есеп  болмады.  Сазанды  елінен  алған  жары  Күлқаныспен 
екеуі  елуге  жасы  келгенше  бір  перзент  көрмей  тұрып  жатады. 
Арамға аузын ашпаған, дәретсіз жерді баспаған, аузында дәйім тоба 
еді. 
Сол  уақытта  тамаға  Әлімхан  деген  хан  еді.  Хан-қарасын 
билеген Есім Ер деген бар еді. Сол Есім мен Нәрік бай бір туған еді 
анадан. Бұлардың жылқысы Ақ теңізді жайлап жатушы еді. 
Бір  күні  Нәрік  бай  жылқысына  аралай  шыққанда  теңізді  қақ 
жарып  бір  шұбар  жылқы  шығады.  Оқыранып  шауып  кеп  көп 
жылқыға қосылды. Үйірінен Нәрік бай жылқысында көрген жоқ бұл 
сияқты  мүсінді.  Шауып  барып  бай  Нәрік,  Шұбар  аттан  тәу  етті. 
Тұлғасы  басқа  Шұбардың.  Көзі  сусар  құндыздай,  жүні  сусар 
жұлдыздай. Сонда Нәрік бай Шұбарға балалы болуға тілеулес болып 
жүргейсің деп тілек қылады. Бұл жайтты естіп Ер Есім Шұбар атты 
сұрап  Нәрікке  адам  жібереді.  Нәрік  оны  балалы  болсам  мінер  деп 
тілек  қылғанын,  оған  басқа  жанды  мінгізбеймін  деген  серті  бар 
екенін  айтып  бере  қоймайды.  Сонда  келген  көр  сорлы  Нәрікті 
тілдеп:  «Өле  кетсең  бәрібір  Шұбарға,  Есім  еге  болмай  ма»  деп 
тілдейді. 
Нәрік  бай  Күлқаныспен  қосылып  егіліп  жылап  зарлайды. 
Басқаның сөзін көтерсе де інісі айтқызған сөзді көтере алмай Нәрік 
елден көшеді. Онымен қосыла қоңсылас қырық үй тама бір көшеді. 
Тоғыз  ай  көшіп  ноғайлы-түрікпен  жеріне,  Айдархан  соққан 
Аққалаға  (жергілікті  халық  Шорахан  атап  кеткен,  Кавказдағы 
Петро-Александровский  қаласы)  жетеді.  Сейілхан  араб-түрікпеннің 
сан мың үйлі жаны бар, Қарахан деген ханы бар. Сол күнде жұртын 
сұраған,  пеш  қылып  мұртын  бұраған,  Айрақ  деген  елінен  Әліби 
деген  нары  бар.  Қылған  зорлық,  қиянат,  көп  ғарыпты  жылатқан, 
ашуланшақ пейілі бар, рудан он мың үйі бар, не қылса да шағы бар, 
Ақша  би  деген  інісі  бар.  Нәрік  бай  ханға  деп  алтын  белдік 
жалтылдап,  күмістен  кісе  байлады,  тоғыз  жорға  тартуға  жылқыдан 
бөліп  айдады.  Әр  әсілден  тоғыздан,  тоғыз  қалта  зер  еді,  әкелген 
тарту  көп  еді.  Оны  Қарахан  құп  алды,  Нәрік  байды  өзіне  өкіл  әке 
қылды. Жайлау-қыстау жай берді. Қазаны түспей ошақтан оты дәйім 
жағулы. Сабадағы қымызы есіктен төрге ағулы. Ауылынан ат кетпей 
үйіне мейман бағулы. 
Осының бәрін көріп жүрген Әліби қасына қырық нөкерін ертіп 
Нәрік  байдың  ауылына  беттейді.  Оның  көп  жылқысын  аралап 

 
96 
келеді.  Шұбарды  көріп  есінен  танып  ұстауға  пәрмен  береді.  Айуан 
да  болса  жануар  ақылмен  ойлап  табады.  Қарсы  алдынан  келгенді 
жолбарыстай  алады.  Арт  жағынан  шыққанды  қос  аяқтап  салады. 
Бірінің  қолын  сындырып,  бірінің  басын  жарады.  Әліби  Нәрік 
байдың  өзінен  сұрап  алмақ  болып  таманың  ауылына  келеді.  Олар 
барын жасап, ақ үй тігіп, сыбағасы деп бір бие сойып, оны жақсылап 
күтеді.  Нәрікбай  оған  үш  жорғаны  тарту  қылды.  Онысын  Әліби 
көзге  де  ілмей,  Шұбарды  бер  деп  таңдады.  Нәрік  оған  үйір  жылқы 
берсе де, Шұбар деп одан танбады. 
Әліби ашуланып шығып Қараханға барады. Шұбарды алып бер 
деп  қиғылықты салады. Басу  айтқан  ханды да  тыңдамайды.  Амалы 
құрып хан өзің ретін тауып ал дейді. Әліби елге хан атынан жарлық 
қылып  той  қылды.  Нәрікке  жаушы  шаптырыды.  «Тоқсан  тоғай 
жылқысын  сәскеде  тегіс  байласын.  Түске  дейін  бір  сауып  сабаға 
құйып жайласын. Арақ-шарап, бал қосып, ашытып әбден сайласын. 
Қырық  сабаға  толтырып,  қырық  нарға  арттырып,  алып  келсін 
тойыма». 
Нәрік  бұған  қамықты.  Күлқаныс  хан  талабын  орындап,  қырық 
сабаға толтырып, қырық нарға арттырып, жез арқанмен тарттырып, 
әсіл кілем жаптырып, он ту бие сойыспен, алдына бір қу шаптырды. 
Нәрік  тойға  дер  шағында  жетеді.  Әліби  Нәріктің  алдынан  шығып 
қарап еді, бір де мінін таппайды. Содан соң жар салғызды: 
-
 
Тайын мініп талтаңдап, баласы бірге жүрмеген, ұлсыз-қызсыз 
қу бастар хан тойында несі бар? Ұлы барға – орын бар, қызы барға – 
қымыз бар. 
Нәріктің  саба-саба  қымызын  ешкім  түсіріп  алмады.  Перзенті 
жоқ  мұның  деп  қасына  ешкім  тақанбай,  ешбірі  көзге  ілмеді. 
Ашуланып  Нәрік  бай  қылышын  суырып  сабаларды  жарады, 
шашылып  қымыз  қалады.  Көзінің  жасын  көл  қылып  ауылына 
салады.  Күлқаныспен  екеуі  қосылып  зар  жылайды.  Әулие  қоймай 
кезбекке  бекінді  екеуі.  Тоқсан  тоғай  жылқыдан  таңдап  айғыр 
ұстайды.  Жалаңашқа  тон  берді,  тойындырды  аштарды.  Ағайынына 
малы мен дүние-мүлкін аманат қылып темірден кебіс киіп, жемістен 
түйеге  жүк  артып  жолға  шығады.  Кездескен  жолда  қасірге  алуан 
жеміс берісті. Жағалап Әзірет сұлтанға үш күн түнейді.  Түркістанда 
түмен бап, Сайрамда бар сансыз бап, Отырарда отыз бап, Ең үлкені 
Арыстан  бап.  Әулие  қоймай  қыдырып,  бәріне  түнеп  қылды  сап. 
Алты  айшылық  жол  жүріп,  ап  шыққан  малды  тауысты.  Үш  күн 

 
97 
жатып көреді, Әзіреті Қауысты. Жалғыз-ақ қалды көк қошқар, басқа 
малды тауысты. Әбден шаршап ғаріптер, ақылынан ауысты. Қаратау 
асып  келіп,  суы  тынық  айнадан,  бұлағы  тасып  қайнаған,  басында 
үлкен  қайыр  ағаш,  төңірегі  жалаңаш.  Моласы  жоқ,  тамы  жоқ,  бір 
сұмдықты көреді. Бұлақтың бергі жағында басына әлем байлаған ақ 
қара  бас  сұр  жылан  шаңлақтап  түбінде  ойнаған  ақ  шеңгелге  кез 
келді. Күлқаныс бұлаққа жақындаса ақ шеңгел иіліп етегінен алады. 
Оған байғұс қатты қуанады. Нәрік байға «Шеңгел етегімнен іліп тұр, 
еріп ішім жылып тұр. Көкірегім ашылып, қуанып көңілім күліп тұр. 
Осыған мінәжат қылайық, мұңымызды айтып жылайық» дейді. Оған 
ашуланып  Нәрік  бай  «Бір  бала  тілеп  сандалып,  сандық-сандық 
шаштың  зер.  Атан  бердім,  ат  бердім,  бәрінен  көңілім  қап  келдім. 
Бала тілеп болғанмын, тілесең өзің тілей бер» деп салады. Күлқаныс 
қанша жылап айтса да Нәрік бой бермейді. 
Күлқаныс  қошқардың  аяғын  буып  ақ  жолына  шалады.  Сол 
шеңгелдің  түбіне  жалғыз  қонып  қалады.  Нәрік  бай  ашуланып  ұзап 
бара  жатса,  әулиенің  кереметімен  аяғы  кісенделіп  жүруге  шамасы 
келмей  ол  қалады.  Жылай-жылай  шамасы  таусылып  Күлқаныстың 
көзі ілініп кетеді. Көк есегі астында, ақ сәлдесі басында, асасы бар 
қолында,  өзі  ақтың  жолында,  қалендерлер  зіркілдеп,  зікір  салған 
соңында бір диуана келеді. «Жатырсың, балам, нағып» деп асасымен 
түртеді. 
-
 
Құдайдың  берген  уақыты  бар,  қайрылмай  кетті  бай  Нәрік. 
Мұныңды  сенің  жақтырмай,  торсаңдап  тұра  жөнеді,  өкпелеген 
баладай.  Кісендедім  аяғын  бармай-ақ  жерге  анадай.  Бабай  Түкті 
бабаңмын,  басыңды  көтер,  балам-ай!  Сенің  үшін,  Күлқаныс, 
Дәргаһна  Алланың  алты  барып,  бес  қайттым,  бесеуінде  де  бос 
қайттым.  Көп  жалынып  қоймадым,  осы  жолы  құш  қайттым.  Құш 
қайтқаным белгісі – жақсылық күні таянды. Жаппар егем жарылқап, 
бір ұл берді баянды. Өмір жасы болды ұзақ, кел, қолыңды жай енді. 
Жалған емес бұл сөзім, көрсеткенім аянды. 
Сол  уақытта  Күлқаныс  жылап,  шошып  оянды.  Таң  атқан  екен. 
Нәрік  байды  оятып  сүйінші  сұрайды.  «Бабай  Түкті  осы  екен,  бала 
берді»  деп  айқай  салады.  Сол  уақытта  Нәрік  бай  көкірегі  кірілдеп, 
балшық басқан кірпігін, көзінің алды іріңдеп, жарыла жаздап жүрегі, 
буындары  қалтырап,  орнынан  қарғып  тұрады.  Екеуі  бұған  қатты 
қуанып  шат-шадыман  болады.  «Сүйіншіңді  ата!»  десе,  Күлқаныс 
Нәріктің  өзін  таңдапты.  Сол  уақытта  екеуі  астына  төсек  салыпты. 

 
98 
Көріп  тұрған  ешкім  жоқ,  оңаша  елден  алысты.  Көңіл  етіп  жездеңіз 
апаңызға барыпты. Киімдерін шешініп, бір-біріне дарыпты. 
Араға  айлар  салып  екеуі  еліне  қайтып  оралады.  Күлқаныстың 
іші  күннен-күнге  жуандап,  рең-басы  түзелді.  Ауылына  тақанып 
сүйінші  сұратады.  Бір  күншілік  жерден  қырық  үйлі  тама  шуылдай 
шығып қарсы алды. Бұлар кеткелі бір де малы шығын болмаған, ел-
жұрты орнында отыр екен. Күлқаныс жолбарыстың жүрегіне жерік 
болады. Амалы құрып Нәрік бай айбалтасын арқалап, сауытын киіп 
ел жағалап жолбарыстың дерегін сұрап келеді. Қалың тоғай ішінде, 
қоғалы  көлдің қалыңында жуандығы бесті өгіздің беліндей, есінесе 
ауызы  ойылған  жаһит  көріндей  жолбарысқа  кез  болды.  Сескеніп, 
кері  қайтарға  тағы  жолы  жоқ  Нәрік  бай  әуелі  құдайға,  Мұқамбет 
пайғамбарға, сахабалар мен әулие-әмбиелерге сыйынды. Бабай Түкті 
Шашты Әзіз піріне сыйынды. 
Нәрік байды көрген соң орнынан шері тұрады. Алыстан шауып 
ақыра, жете алмай жолда құлады. Тиген соң оғы пірлердің ұзынынан 
сұлады.  Салмағынан  күл-күл  боп,  қабырғасы  сынады.  Біраз  жатып 
шыңғырып шерінің жаны шығады. Өлгенін анық білген соң қасына 
жетіп  барады.  Қолына  алып  қанжарын  іші-қарнын  жарады.  Өкпе-
бауыр, жүрегін суырып былай алады. Байлап алып жанына ауылына 
қарай  салады.  Мұны  көріп  Күлқаныс  байға  көңіл  толады.  Пісіріп 
отқа  бауырын  біраз  мейір  қанады.  Аузына  салса Күлқаныс  шерінің 
еті  бал  татыр.  Қанды  көбік  тарқамай  қазаннан  алып  жеп  жатыр. 
Жерігі әбден қанады. 
Он  екі  ай  көтерді.  Бәйбіше  бір  күн  білдірді,  алдына  сырық 
құрдырды.  Қағанағы  жарылып  суға  толды  жылғасы.  Мұғдарлы 
жерге жеткенде бала жерге түседі. Ұл екенін білген соң қуанып бәрі 
күлісті.  Қуанысып  қатындар  бірін-бірі  жұлысты.  Ауып  келген  аз 
тама, бәрі де болды ырысты. Сүйіншіге Нәрік бай үлестірді күмісті. 
Хан  да  бұған  қуанды.  Әліби  қатты  күйінді.  Ат  қоюға  таласып 
тамалар шулап жатқанда, «Аллалап» көк есекті диуана келеді. Алып 
шығып Күлқаныс бір уыс тіллә береді. Диуананы назар қып, абайлап 
әбден  көреді.  Ажыратып  таниды,  баяғы  түсте  көргені,  білсеңіздер 
сол  екен,  Бабай  Түкті  дегені.  Әуелде  аян  бергенде  осындай  болып 
кеп  еді.  Ықылас  қылған  кісіге,  кереметі  көп  еді.  Көргеннен  соң 
Күлқаныс көзінен жасын төгеді. Диуана баланы етегіне орап тұрып 
Ер  Шора  деп  ат  қояды.  Сөй  дейді  де  диуана  жоқ  болып  кетеді. 
Қарахан  жүз  адамымен  келіп  құтты  болсын  айтады.  Қалған  елі 

 
99 
Әлібиден  қаймығып  келе  алмайды.  Осы  тойдан  артылып  қалған 
тамақты аз ғана үйлі тамалар алты ай жеді жабылып. 
Шұбар  атты  ала  алмай  Әліби  жүреді.  Нешеме  адам  оны 
ұстаймын деп мерт болады. 
Көрген  адам  таң  қалар  Ер  Шораның  түріне.  Екі  беті  албырап, 
ұқсаған баудың гүліне, бал татыр сорса тіліне. Атқа мінсе Ер Шора 
таманың  жарар  күніне.  Айлар  өтіп  арада  кіріпті  Шора  біріне. 
Мойыны қатып келеді, сүйегі өсіп жетіле. Құлақ салар қадалып, ата-
ананың  кебіне.  Сорса  емшек,  тартады  айдаһардай  лебіне.  Әне-міне 
дегенше  кіріпті  Шора  екіге.  Көрген  адам  тоймайды  жас  баланың 
түсіне. Алтын бесік шықырлар шіренгенде күшіне. Тимесін деп көз 
бен  тіл,  көрсетпейді  кісіге.  Апыл-тапыл  бір  басып,  кіріпті  Шора 
үшіне.  Алты  жасқа  келгенде  Шора  есіктің  алдындағы  төбе  басына 
шығады.  Тай  шаптырым  тақырда  асық  ойнап  жатқан  мың  баланы 
көріп  соларға  қарай  жүреді.  Бір  шұңқырда  бұғып  асық  ойнап 
отырған  қырық  балаға  кез  болады.  Бұл  тама  балалары  екен.  Мың 
балаға  барса  олар  асығын  тартып  алып,  шеке  тамыр  салады  екен. 
Балаларды  мың  балаға  қосылуды  бұйырып,  Ер  Шора  ауылға  қарай 
заулайды. Қырық бала мың балаға келіп: 
-
 
Түрікпендердің  баласы,  ойнасаңдар,  келіңдер.  Анау-мынау 
десеңдер әңгімемді көріңдер. Алшы тұрса біздікі, тауа тұрса біздікі, 
бүге  мен  шіге  біздікі,  жалғыз  омпы  сіздікі.  Бұл  ойынға  көніңдер, 
кезек екі, Тәңір бір, бізге де нәубет беріңдер, - дейді. 
Бір  танаға  асық  ап,  шекесін  тыр-тыр  қасылап,  балаларда  не 
болса, барлығын жиып тартып ап, ақ шанашын көтеріп, көп баланың 
ішінде  Жанбайдың  көрді  қарасын.  Жасы  қырық  сол  күнде, 
балалардың  ішінде  арқалап  жүр  шанашын.  Балалар  ойынның 
қызығына  түсіп  кеп  береді.  Мың  бала  баяғысын  қылып  қырық 
балаға зәбір қылып, аяғы төбелеске ұласты. Неше бастар жарылды, 
неше қолдар сынысты. Шашалып қалған асықты Жанбай таз сорлы 
жиып ап, болып жатыр ырысты. 
Қайың  құрығын  алып,  жүгенін  сүйретіп  Ер  Шора  жылқы 
қуалады.  Бір  жылқы  да  ұстатпады.  Бір  кезде  Шора  Шұбарға 
жолықты. Ол да ұстатпай, дақ-дақ басып, желіп жортып қор қылды. 
Ыза  болып  Шора  жылайды.  Шораның  көз  жасқа  толы  сөзін  естіп 
Шұбар  оны  айналып  иіскелеп,  түрікпен  емес,  өзінің  иесі  екенін 
білді.  Шораның  қасына  шауып  келіп  қойнына  басын  тығып  тұрып 
қалады. Басына жүгенді сала атқа қарғып мініп ойын болып жатқан 

 
100 
жерге  келеді.  Келсе  қырық  бала  қашып  жүр.  Аналар  көптігін 
білдіріп  қуып  жүр.  Шора  олардың  іліккенін  көкпар  қылып,  бір 
шетінен  бұлардың  ақ  тұйғындай  сыпырды.  Қойға  тиген  бөрідей 
қиратып  кетіп  барады.  Қамысқа  тиген  жалындай,  жапырып  кетіп 
барады. Ақ тақырдан өткізбей, Аққалаға жеткізбей, мың баланы Ер 
Шора теп-тегіс қырып салады. Оны көріп Жанбай таз бұтына тышып 
қояды.  Бұқпантайлап  қашып  ханға  келіп  шағым  айтады.  «Шора 
әбден булығып, өш алып жатыр. Адам танысам, ертеңгі күні ұлыңды 
– құл, қызыңды – күн қылады. Әліби, әлің келмейтін іске ұрындың» 
деп жатып жүрегі жарылып өледі. 
Әліби  ханды  мың  баланың  өшін  алмай  отырған  қатынсың  деп 
тілдеді.  Баласы  өлген  ата-ана  зар  қылып  Әлібиге  барады.  Әліби 
қырық нөкерін ертіп соғысқа шықты. Хан Қаратиын бекауыл деген 
жасауылын жасырын жұмсап Нәрік байға хабар бергізеді. Шұбарды 
беріп  құтылсын  дейді.  Оның  алдынан  Ер  Шора  шығады.  Шораның 
бойына, тұлғасына қарап Қаратиынның көзі тояды. Атқа бола Нәрік 
бай  баласынан  айрылмасын  деген  хан  тілегін  жеткізіп  Қаратиын 
қайтып кетеді. Ер Шораны ашу қысып Шұбарды ерттеп атқа мінеді. 
Әкесі  жалынды,  шешесі  жалынды,  болмады.  Нәрік  бай  баламды 
қайтсем  аман  алып  қалам  деп  Кермісін  өзенінің  бойына  дүние-
мүлкін  апарып  төкті  дейді.  Дүниенің  көптігі  сол,  өзеннің  суы 
байланып,  су  ағысы  тоқтайды.  Мұны  көріп  Әлібидің  жігіттері 
дүниеге қызықты. Әліби оған қарамай тек Шұбар деп өтіп кетеді. 
Әлібидің алдынан Ер Шора күтіп тұрып сәлем береді. Әліби хан 
атынан Шұбарды сұрайды. Шора Шұбарды бере алмайтынын айтып, 
хан бар малымды алсын дейді. Екеуі тұрып тіресіп, бұрқырап даусы 
ұрысты.  Найзасына  түкіріп,  Әліби  сонда  ұмтылды.  Қарсы  алдында 
Ер Шора ақ тұйғындай құнтиды. Әлібидың ашумен екі езуі бұлтиды. 
Қайтпай  найза  салады,  қарсыласып  қалады.  Әлібидің  Ер  Шора 
найзасын тартып алады. Жылдамырақ Әліби қылышқа оңтайланады. 
Әңгі есектей ақырып, үш мәртебе шабады. Сол уақытта баяғы Бабай 
Түкті  Шашты  Әзіз  қылышты  жылдам  қағады.  Ер  Шора  сонда 
Әлібидің оң жағынан ұрады. Тиген соң найза қасынан Әліби барып 
құлады.  Қолына  алып  қылышын  қырық  жігітке  Ер  Шора  атының 
басын бұрады. Ұрыспақ түгіл қырық жігіт бұрқырай қаша жөнелді. 
Аққалаға  жеткізбей  бәрінің  басын  алды.  Жеті  жасар  Шора  келіп 
Әлібиді  мазақ  қылады.  Сонда  Әліби  Шорадан  кешірім  сұрайды. 
Екеуі  біршама  тілдесіп,  бір-біріне  наз  айтады.  Айта-айта  баяғы 

 
101 
Әлібидің хан тойында қылған қылығы әңгіме болады. Сонда Әліби 
басымды  шап  та  шешеңнің  астына  тық  деп  дық  қылады.  Шора 
қылышын суырып алды да Әлібидің басын шапты. Қырық үйлі тама 
қырық  мың  үйлі  түрікпенмен  тең  болмас,  Әлібидің  салмағы  ұрыс 
болып, біздерге енді күн болмас деп тамалар Күлқаныс пен Нәрікке 
Шораны Қазанға қашыр деп азғырды. Шораның барғысы келмеп еді, 
ата-анасы жалынып: 
-
 
Қырық мың үйлі таманы билеген Әлімханға бар, хан-қарасын 
басқарған  Есім  деген  ағаң  бар.  Соларға  барып  панала.  Бабай  Түкті 
Шашты Әзізге тапсырдық, - деп оны ұзақ жолға шығарып салады. 
Белден-бел  асып,  көлден  көл  асып  Шора  самғап  келеді.  Үш 
күндік  елдің  шетінде,  тасбұлақты  жолында  құлан  аулап  Тасыр 
мерген  жүреді.  Ордалы  құланды  қырып,  екі-үш  атқанда  көлден 
ұшқан үйректі жусатып түрікпен мергені Шораны күтіп жатады. Ол 
Шораның  дақпырын  естіп,  жазым  қылмаққа  мылтығының  білтесін 
қағып дайындық қылады. Өзін Тасыр мерген күтіп жатқанын, атуға 
ыңғай  бергенін  Шора  да  біліп  келеді.  Шұбарды  басып  қамшыға 
демде  жетіп  келеді.  Білтесін  тұтатып  үлгертпейді.  Келе  Тасырдың 
жағасынан алады. 
-
 
Танымасаң,  Тасеке-ау,  Кеуістің  ұлы  Тамамын.  Бергі  атамды 
сұрасаң  Нәріктің  ұлы  Шорамын.  Қылығына  шыдамай  Әлібиді 
өлтіріп  Қазанға  кетіп  барамын.  Мен  Қазанға  барғанша  қар 
жаумасын,  нұр  жаусын.  Мен  Қазанға  барған  соң  қар  жаумаса,  қан 
жаусын. 
Тасырдан  Қараханға  сәлем  айтып,  аз  ғана  таманың  амандығын 
тапсырып,  белгім  болсын  деп  Тасырдың  бір  құлағын  кесіп  алып, 
босатып қоя береді. Тасыр Қараханға келіп Шораның сәлемін айтып
ол  келгенше  тамаға  зәбір  қылма,  малына  тиіспе  деп  сауға  айтады. 
Оны хан құп көрді. Тамалар мамыражай тиыш жатты. 
Екі ай жол жүріп Шора бір шаһардың шетіне ілікті. Қандай қала 
деп келіп еді, қақпан арқалаған шалға жолықты. Шал Шорадан жөн 
сұрайды. Сонда Шора былай дейді: 
-
 
Шыққан  жерім  сұрасаң  Айдарханның  қаласы.  Жолаушымын, 
атажан, шаһары Қазан барасы. Екі ай жүрдім тынбастан  Бетпақтың 
ұзын даласы. Алаш ұлы боламын, затым тама баласы. Бұл не деген 
жеріңіз,  қай  рудан  еді  еліңіз?  Адыр-адыр  көрінген  қай  өзеннің 
саласы? 

 
102 
-
 
Біз  де  тама  боламыз,  жұртыңа  бүгін  енесің.  Шаһары  Қазан 
еліміз, - деп шал Шораға жөн сілтейді. 
Шалдың айтуынша Көзбембет, Садыр дегендер Қазанды басып 
алған. Есім Ер қосын жинап қалмақты қуғалы жатыр дейді. Көрінген 
анау көк шатыр қайратына мас болып, қаңтарда нардай тіздеген Ер 
Есімнің  ордасы  деп  көрсетеді.  Аттан  түсіп  ордаға  кіріп  Ер  Шора 
сәлемдесіп  келеді.  Қапалы  көңіл  тамалар,  ел  алдырып  ашынған, 
әшейін-ақ  Шораға  қолының  ұшын  берісті.  Оң  жапсарда  бір  адам 
арыстан бөрі секілді, Есімге тура келісті. Есім тұрып Шорадан жөн 
сұрайды.  Шора  сонда  «Інісіне  өкпелеп  көшкен  тама  баласымын» 
депті.  Тоғыз  ай  көшіп  Кермісін  көлінің  бойына  көшіп  барғанын, 
сондағы  Әліби  деген  арамның  ызасы  үшін  өлтіріп,  шыққан  түбін 
іздеп  келгенін  айтады.  Сонда  Есім  өзіне  өкпелеп  Нәрік  деген 
ағасының  кеткенін,  сол  кеткеннен  хабарсыздығын  айтады.  Сонда 
Шора: 
-
 
Арғы  атамды  сұрасаң,  Кеуістің  ұлы  тамамын.  Бергі  атамды 
сұрасаң, Нәріктің ұлы Шорамын. Шешемнің аты Күлқаныс, қацғылы 
көңілім жарамын. Сұрап тұрған Қазанды Есімге іні боламын, - дейді. 
Сол  кезде  Есім  жапсарды  ашып  қарайды.  Көзі  түсіп  Шұбарға 
есінен танып құлайды. Сол бетте келіп Шораны құшақтап жылайды. 
Екеуі көрісіп жылап, бір-бірінен хабар білді. Есімнің екі қатыны бар 
еді.  Олардан  сүйінші  сұрап  ел  барды.  Олар  да  барынша  киініп, 
Шораның алдынан шықты. Сөйтсе, алашқа аты кеткен Ер Есімді де 
ел арасында туысы жоқ жалғыз деп айтады екен. Әйелдері сонысына 
қорланады  екен.  Шораның  келгенін  естіп,  Нәріктің  ұлын  көргелі 
Әлімхан  да  келеді.  Барлығы  кеңесіп  таманың  адамын  олжалап 
кеткен  қалмақты  қууға,  одан  соң  түрікпенге  барып  Нәріктің  өшін 
алуға діт қылады. 
Ақ  қара  бас  алтын  (Сара  ала  ту)  туын  көтеріп  қалмақты  қуып 
кеп берді. Жүз жігітті бастап Ер Есім келеді. Соның ішінде Ер Шора 
да  бар  еді.  Үш  күншілік  жерді  бір  күнде  жүріп  өтіп  бір  таудың 
басына  келеді.  Шора  тау  басына  шығып  қарауыл  қарап  тұрып, 
жаудың іргесіне келіп жеткенін байқайды. Сол жерде жауға шаппай 
тұрып  бір  Аллаға  жалынып,  пірлеріне  сиынды.  Мінәжат  қылып 
барлық  әулие-әмбиелерге  сиынды.  Содан  соң  жауға  шапқанда  өз 
екпінің тоқтата алмай Шұбар жаудың алдына шығып кетеді. Алпыс 
қойдың  терісін  малақай  қылған  Садыр  батырмен  бетпе-бет  келіп 
қалады.  Жөн  сұрасып,  бірінің  Садыр  екенін,  бірінің  тама  батыры 

 
103 
екенін  білісті.  Бір-бірін  тілдеп  тұрып  артында  еттері  қызып 
шайқаспақшы  болады.  Садыр  қылышын  суырғанша  Шора  оның 
жағасынан  алып,  атынан  жұлып  алады.  Сол  ұстаған  бойынша  көп 
қосынды  аралап  көкпар  да  қылып  барады.  Екі  аяғы  Садырдың 
сүйретіліп  қалады.  Ер  Шораны  қалмақтар  шауып  бара  жатқанда 
біреуі атып қалады, біреуі шауып қалады, алды-артын басып қалады. 
Толып  жатқан  көп  қалмақ  бірін-бірі  атысып,  опыр-топыр  болады. 
Бабай  Түкті  бабасы  қылыш  пен  оқты  дарытпай  қанатымен  қағады. 
Сол сүйреген бетінде Есімнің алдына әкеліп есінен танған Садырды 
әкеліп тастайды. 
Садыр  да  есін  жинайды.  Есім  ыза  болып  қанжарын  Садырдың 
тамағына қадайды. Тамалар туын Садырдың қанымен қандайды. Бір 
кісіге он кісі. Ал, енді бектер ат қойды, тәңірге қылып тәуекел. Көп 
қалмақты  қиратып  қамысқа  түскен  жалындай  жапырып  кетті 
шетінен.  Есепсіз  қалмақ  қырылды,  партылдатып  мылтықты, 
жарқылдатып қылышты. Қалтырайды қалмақтар анда-санда ақырып 
шығарса  Шора  дыбысты.  Ат  бауырын  қан  қылып  қалмақтарды 
қырысты.  Сонда  Көзбембет  батыр  да  қырық  жігітін  ертіп  қашқан 
екен.  Қашқандардың  ішінде  Көкше  шайыр  деген  ер  бар  екен.  Ол 
Көзбембетті  қайрап,  кері  қайырады.  Көзбембет  қызыл  ала  қанға 
боялған  Шораға  қарсы  тұрады.  Шора  оның  өзімен  айқасуға  бел 
байлағанын біліп атыспақ па, шабыспақ па деп сұрайды. 
Сол  уақытта  Көзбембет  буырқанды,  бұрсанды,  мұздай  темір 
құрсанды. Қорамсаққа қол салды, бір салғанда мол салды. Садағын 
қолға  алады,  қақ  жүректің  түбі  деп,  өлер  жерің  осы  деп  толықсып 
тұрған  Шораны  толғап  тартып  қалады.  Атуының  қаттысы-ай, 
атуына  жарасты-ай,  тартуының  қаттысы-ай.  Оты  шығып  аспанға 
бұлғақтап кетіп барады. Сол уақытта Шораның Бабай Түкті бабасы 
төбесінен  басады.  Атқан  оғы  қалмақтың  үстінен  кеп  асады. 
Көзбембет қапаланып қайтадан қорамсаққа қол салып, қол салғанда 
мол  салып,  садағын  қолға  алады,  кіріске  дәлдеп  салады.  Толықсып 
тұрған  Шораны  толғап  тартып  қалады.  Атуының  қаттысы-ай, 
атуына 
жарасты-ай, 
тартуының 
қаттысы-ай. 
Оқжыландай 
жылмаңдап  оғы  кетіп  барады.  Адыр-адыр  жер  келсе,  арық  қылып 
барады. Күдір-күдір жер келсе, көктей өтіп барады. Әр келмеске бір 
соғып  бұрқыратып  барады.  Сол  уақытта  Шораны  Бабай  Түкті 
бабасы  аспанға  алып  кетеді.  Атқан  оғы  қалмақтың  астынан  келіп 

 
104 
өтеді. Сабыр қып тұрды Ер Шора екі кезекті өткізіп, үшінші нәубет 
жетеді. 
Ал, сонда Шора құрсанды, буырқанды, бұрсанды, мұздай темір 
құрсанды,  қорамсаққа  қол  салды,  қол  салғанда  мол  салды.  Сол 
уақытта  қаһармен  садақ  пен  жайды  қолға  алды,  кіріске  дәлдеп 
салады.  Қақ  жүректің  тұсы  деп,  өлер  жерің  осы  деп,  толықсып 
тұрған  қалмақты  толғап  тартып  қалады.  Оғы  зырлап  кетеді, 
Көзбембетке жетеді. Дәлдеп барып жүректен оғы көктеп өтеді. Төрт 
қырлап  соққан  қу  жебе,  айдаһардың  тіліндей,  қақ  жүректен  тиеді. 
Өте  шықты  білінбей,  жалғыз  оқ  тиген  қабандай  құлады  қалмақ 
күрілдей. Бір оғымен Шораның кетті өліп қалмақ тірілмей. 
Жеті күн қона ұрысып, қалмақтарды қырысып, айырып қайтты 
Ер Шора таманың кеткен елдерін. Бұлар Қазанға апта жүріп жетеді. 
Алдынан  Әлім  хан  жылап  шығады.  Бұларға  алғыс  айтып,  өздері 
кеткен соң он мың қалмақ Қазанды үш күн қоршап тұрды. Басшысы 
Қараман  деген  екен.  Сыртқа  шыға  алмай  жатқанымызда  иесіз 
жатқан жылқыны айдап кетіпті. Соны хан бұларға айтып жеткізді. 
Ер  Шораны  хан  ордасына  шақырып  алтын  оқалы  тон  жабады. 
Шора баяғы жүз жігітке төрт жүз жігіт қосып алып, қалмақтың ізіне 
түседі.  Нешеме  күн  жүріп  қалмақтың  еліне  кіреді.  Қалың  жатқан 
жылқыны  көреді.  Айдай  жөнелуден  қашып,  өз  жылқыларын  қарап 
таниды. Жылқысын таныған соң бар жылқыны алдына салып әскері 
кетеді.  Қараманмен  ұрысқа  шыққысы  келген  Шора  қисалақтап 
келеді.  Жырылып  кетудің  ебін  таппай  азуын  басып  келеді. 
Қараманның  Көкбесті  деген  аты  бұлардың  жат  екенін  біліп  есебін 
тауып  қашты  дейді.  Шора  атты  қумаққа  бел  байлады.  Артындағы 
жігітке кешіксем артымнан келерсіңдер деп тартып отырды. Қашып 
барған Көкбестіні Қараманның қызы Жөрметөз көріп әкесіне барып 
айтады.  Қараман  тайдың  етін  жейтін  батыры  Тебіренбесті 
шақырады. Тебіренбес: 
-  Шыға  тұр  өзің,  Қареке,  мен  ауқат  етіп  алайын.  Биенің  еті 
піспей  тұр,  неғылып  тастап  барайын?  Шикі  шегін  шығармай  ішіме 
бәрін  салайын.  Қанды  көбік  тарқамай  майын  ұрттап  жалайын. 
Сөйлесе тұр сен барып, менменсіген неменің көріп ек қой талайын, - 
дейді. 
Қараман  сыртқа  шығып  Шораны  көріп,  денесі  қатты  түршікті. 
Екеуі  сөзбен  қажасты.  Сөзі  үстем  боп  Шораның  ұрыспаққа 
қамданды.  Қаруын  алып  екеуі  қан  майданда  тоғысты.  Ат  үстінде 

 
105 
ұрысты. Бірін-бірі ала алмай екеуі де шаршады. Бабай Түкті Шашты 
Әзіз  Қараманды  көкке  көтеріп  қайта  тастап  жібереді.  Қаңғалақтап 
құлаған  Қараманның  жүрегіне  Шора  алтын  сапты  ақ  қанжарын 
пісіп-пісіп  алады.  Сол  уақытта  Тебіренбес  етке  әбден  тойып  алып 
сыртқа  шыққан  екен.  Есім  Ер  де  жүз  жігітін  ертіп  жетеді.  Келген 
бетте  Ер  Есім  Тебіренбеспен  қарсыласып  қалады.  Тебіренбесті 
құлатты  бүйірден  тиіп  найзасы.  Шора  батыр  ақырды,  нар  бурадай 
бақырды.  Қарғасы  қорқып  қаз  болды,  қырлы  жері  саз  болды. 
Ұрыстан соққы көргендер құйқасы кетіп таз болды. Есім мен Шора 
қалмақты жеті күн шауып, талады. Үрерге иті қалмады, ақсақ-тоқсақ 
тай  қалды.  Қазанға  абыроймен  ерлер  қайтып  келеді.  Хан  алдында 
асқақтап, мәртебесі өсіп жатады. 
Әлімханның  жалғыз  перзенті  бар  еді.  Онысы  Түймебике  деген 
қызы еді. Сол уақытта Әлімхан тоғыз бие сойғызды. Керней-сырнай 
қойдырды,  халқын  жиып  Қазанның  ат  шаптырып  той  қылды. 
Жалғыз қызын Шораға беремін деп ой қылды. Түзетіп ішін орданың, 
орнын  қожа-молданың  ақ  некелеп  Әлімхан  Шораға  қызын  қосады. 
Жөрметөз бен Түймебикедей екі қатыны бар Шораның не қамы бар? 
Бірақ  та  тиыш  жатпады.  Түрікпенде  жатқан  қырық  үйлі  тамасын 
ойлап, мазасы кетті Шораның. 
Бір  күні  Ер  Есім  түйесін  сойып,  сабасын  толтырып  Қазанның 
халқын шақырып: 
- Нәрік пен Күлқаныс қандай күйде жатыр? Сендер үшін Шора 
не істемеді? Қалмақтан өшіңді алып берді. Біз де оның түрікпеннен 
өшін әперейік, - деді. 
Оның  бұл  сөзін  тамалар  жүре  тыңдады.  Сонда  Есім  ашу 
шақырып  айқай  салды.  Бәрін  қырмаққа  бел  буды.  Әлімханның 
қолдауымен,  әрі  Есімнің  қаһарынан  қорыққан  Қазан  халқы  Есімге 
ермекке  шешім  қабылдады.  Аттарын  ерттеп  қалың  қол  түрікпенге 
жол  тартты.  Үш  күн  дегенде  барып  ұрттауға  суды  әрең  тапты. 
Апталық  жол  қалғанда  Ер  Шора  әке-шешесін  сағынып,  ертерек 
көрмекке  асығыс  аттанып  кетті.  Келе  жатқанында  түрікпендер  он 
қойын  тартып  алып  кеткен  қойшыға  жолығады.  Қойшы  Ер 
Шораның жолын күтіп жылап жүр екен. Оның зарын тыңдап тұрған 
Шора одан барып жөн сұрап, өзінің Шора екендігін білдірді. Қойшы 
Шора  кеткелі  Қарахан  тамаға  тимеуге  жарлық  берді.  Ел  Шораның 
қаһарынан  қорқып  бата  алмай  жүргенде,  ағасы  Әлібидің  құнсыз 

 
106 
кеткеніне ыза болған Ақша би отыз жігітті ертіп тама аулына зәбір 
қыла бастады. Әке-шешең сені көруге зар болып отыр деді қойшы. 
Шора  өзімен  бірге  Есімнің  қосыны  қоса  келе  жатқанын, 
Қазанды  қалмақтан  құтқарғанын  айтып  ата-анасынан  сүйінші 
сұратуға  қойшыны  аттандырады.  Қойшы  келіп  Нәріктен  сүйінші 
сұрап,  сүйіншіге  ат  пен  шапан  алады.  Есім  мен  Нәрік  «Ой, 
бауырымдап!» жылап көрісті. Содан соң барып Шораны құшақтады. 
Бұлардың  келгенін  естіп  Қарахан  Ақша  биді  және  халқын  жинап 
ерегістің жақсы болмағын айтып, татулыққа шақыра Шораға келеді. 
Өзінің қызын Шораға тарту қылып береді. Той өткеннен соң Нәрік 
бай  Қазанға  көшті.  Түрікпен-тама  қимай  қоштасты.  Құдандалы  ел 
болған  еді  бұлар.  Үш  ай көшті.  Елге  келіп  Есім  үлкен  той жасады. 
Елдің бәрін тойғызды. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет