«Қазақ әдебиеті» пәнін оқытудың мақсаттары мен міндеттері
«Қазақ әдебиеті» пәнін оқытудың мақсаты білім алушыларды креативті ойлауға бағыттау. Олардың ойларын ауызша еркін жеткізуіне және жаза білуіне қолдау көрсету, дәлелдер келтіру, салыстыру және анализ жасау, бағалау дағдыларын қалыптастыру. Білім алушылар әдеби жанрларға эксперимент жасау арқылы драмалық шығарманы проза тілімен, прозаны поэзия тілімен жазу тәсілдерін меңгере алады.
Оқыту міндеттері:
Білім алушылардың сауаттылығын, олардың әдеби және эстетикалық талғамдары мен сезімдерін дамыту, ойлау қабілеттері мен танымдық және коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру;
Мәдениетаралық қарым-қатынастағы рөлін, қазақ халқының қалыптасқан тарихын әдебиеттің ғасырлар бойы жасаған өнердің бір түрі, тіл өнері арқылы бағалауды жетілдіру;
Қазақ әдебиетінің құндылық ретіндегі болмысын, ұлттық мәдениеттегі маңызды орнын құрметтеуге баулу, бағалау;
Заманауи, ғылыми және қоғамдық дамуға сәйкес жазба және ауызекі сөйлеу дағдыларын дамыту және дүниетанымын жетілдіру.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмыс оқу бағдарламаларын құруда төмендегідей құқықтары бар:
оқытудың әртүрлі технологияларын, түрін, ұйымдастыру әдістері мен оқу үрдісін бақылау түрлерін таңдауға;
оқу уақытының жалпы сағат көлемін бөлімдер мен тақырыптарға бөлуге (пәнді оқытуға бөлінген сағат көлемінен);
нақты дәлелдер мен фактілерге негіздей отырып, пәннің бөлімдері мен тақырыптарының реттілігін өзгертуге.
Қазақ әдебиеті пәні «Қазақ тілі», «Тарих», «Орыс әдебиеті», «География», «Биология» пәндерімен байланыстыра отырып, тарихқа, өнерге, әдебиетке қызығушылық танытуға, мәдени-эстетикалық деңгейін көтеруге ықпал жасайды.
Пәнаралық байланыс арқылы білім алушы өзінің ішкі рухани құндылығын және сыртқы дүниемен коммуникативтік, зияткерлік қарым-қатынас жасау дағдысын қалыптастыруды көздейді. Пәнаралық байланыстарды ұйымдастыру білім алушылардың шығармашылық қабілеттерінің оянуына да септігін тигізеді.
Әдебиет сұлулықты, талғампаздықты суреттейді. Сондықтан эстетика, өнермен (STEAM) байланысты болады. STEAM-білім беруде өнердің түрлі бағыттарын қарауға болады: жеке түрлері ретінде – кескіндеме, архитектура, мүсін өнері, графика, музыка, әдебиет және поэзия, сол сияқты синтетикалық түрлері – театр, хореография, балет, кино, дизайн.
Достарыңызбен бөлісу: |