Қоңырбаева С. «Қазақ аруы» арнайы курсы. Оқу құралы



Pdf көрінісі
бет27/97
Дата05.04.2023
өлшемі1,85 Mb.
#79596
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   97
Байланысты:
Kazak aruy arnayi kursy 2015 Konyrbaeva

Өтенияз, Ш. Өтенияз. «Әбілхайыр хан, «Арыс», 2010 жыл). 
 
Әрине, Әбілхайыр мен Бопайдың алғашқы кездесулері 
туралы басқаша мазмұндағы әпсаналар да жеткілікті. Бір 
әңгімеде жас кезінен әруақ қонып, адам емдейтін қасиет 
дарыған Сүйіндік байдың қызы ағасы Мырзатай ауыл шетінде 
жараланып, ес-түссіз жатқан аңшы жігітті алып келіп, 
қарындасына емдетеді. Сырқатынан айығып, аяғынан тік тұрып 
кеткен батыр бірнеше жылдан кейін арнайы келіп, өзін ажалдан 
аман қалған қасиетті қызға құда түстіріп, үйленеді дейді. 
Шын есімі Бәтима болған апамызды орыс жазбаларында 
неліктен Попай, (кейбір жазбаларда Пупай) деп аталғандығы 
туралы 
әзірше 
қолымызда 
нақтылы 
деректер 
жоқ. 
Халқымыздың ұл-қыздарына сәби кезінен еркелетіп жанама есім 
беретін үрдістері күні бүгінге дейін сақталып отыр. Тарихшылар 
зерттеулерінде анық дәлелденгені -Әбілхайырдың Бопайдан 
өрбіген ұл перзенттері бесеу—Нұралы (1710/11-1790), Ералы, 
Айшуақ, Қожахмет, Әділ. Әбілхайыр хан дүниеден өткеннен 
кейін Елизавета патшайымның жарлығымен Нұралы Кіші 
орданың хан тағына отырады. Оның хандық дәуірі 1748 – 1786 
жылдар аралығы. Ералы – (1720 – 1794) 1791 – 1794 жылдары, 
Айшуақ – (1723 – 1810) 1797 – 1805 жылдары Кіші жүз хандары 
болған. 
Құпия кеңесші дәрежесі бар және Орынбор губернаторы 
И.И. Неплюев 1748 жылғы хабарламаларының бірінде «Кіші 
ордада Әбілхайыр ханның 5 ұлы бар, ал, Орта Ордада Барақ, 
Абылай туысы бар»деп көрсеткен. Назар аударарлық жағдай 
сол, Әбілхайырдың, қалмақ, башқұрт әйелдерінің есімдері 
аталмайды. Демек, Хан шаңырағындағы бәйбіше Бопайдың 
абырой-беделі де, ықпалы да, танымалдылығы да басқа 
әйелдерден жоғары болды деген сөз. Бопайдан туған Ералының 


57 
ұлы Қасымхан қызының атын жақсы ырыммен Бопай 
(Кенесарының апасы) қойғандығын да еске ала кетейік. 
Бір жағдайға ерекше мән беру керек. Нұралы хан тағына 
тағайындалар кезеңде Бопай ханымның сұңғыла саясаткерлігі, 
қайраткерлігі, дипломатиялық өнері айрықша көзге түседі. 
Себебі, Әбілхайырдың түпкілікті мақсаты — Жайық 
казактарының, башқұрттар мен Еділ қалмақтарының қазақ 
жеріне ентелей енуіне жол бермей, жоңғарларды түпкілікті 
талқандап, ел тыныштығын орнату екендігін терең сезінген 
ханым Ресей империясының құрамына енбей, мұндай аса 
күрделі проблемаларды шешу мүмкін еместігін жақсы 
білетіндігі оның орыс патшайымы Анна Иоановнаға (22.11.1731 
ж.), Елизавета Петровнаға (05.10.1748 ж.) жолдаған хаттарында 
анық байқалады. 
Ресей билеушісі Елизавета ханшайымның алдында зор 
сый-құрметке ие болғандығына куә ретінде мына бір хатқа назар 
аударғымыз келеді. «Аса құрметті бәйбіше Пупай ханшаға, 
Сіздің күйеу балаңыз Жәнібек сұлтан арқылы ұлы мәртебелі 
тақсыр императордың атына жіберген хабарламаңызды алдық. 
Сіздің хатыңыздың мағынасын императордың ұлылығына 
жеткіздім. Сіздің күйеу балаңыз Жәнібек сұлтан старшынымен 
ұлы императорға кіргізілді. Император сіздің тілегіңізді 
қабылдады. Сізге, сұлтандарға, билерге, старшындарға, күллі 
қырғыз-қайсақтарға өтініштеріңіздің қабылданғаны туралы 
жарлық қабылданып жіберілді. Сіздердің алдағы жылдарда бізге 
адалдықтарыңызға сенім білдіреміз, сізге жалақы ретінде 
императордың атынан зерлі жібек беріледі. 
Императордың ұлылығы атынан канцлер, толық құпия 
кеңесші, сенатор және кавалеръ. Түп нұсқасына қол қойған: 
Графъ Алексей Бестюжев Рюмин. Мәскеуден 1749 жыл 2 
мамыр». (Б. Нәсеновтың аудармасы. «Әбілхайыр хан», 1-тарау, 
Новосибирск, 2011 жыл). 
Бопай ханым жиі-жиі Орынбор губерниясының 
басшыларымен хат-хабар алмасып отырған. Үлкен ұлы Нұралы 
жазған хаттарда да Бопай ханымның мөрі қатар басылған 
деректер кездеседі. Ханымның өзінің жеке вензелі (мөрі) 


58 
болғандығы орыс жазбаларында нақтылы көрсетілген. Мәселен, 
орыс ғалымы А. Левшин (1879-1979) Бопай ханымның көрнекті 
тұлға екендігін айрықша атап көрсетіп, оның жеке мөрі 
болғандығын жазады. 
Ханымның сұңғыла саясаткерлігі мен адам жанын 
баурап 
алатын 
нәзік 
сезімді 
қайраткерлігі 
елші 
Құтылымұхаммед Тевкелев мырзаға жолдаған хатындағы 
мынадай сөздерден айқын көрінеді: «Будешь хорошим другом 
хану. А хороший друг как известно дороже брата» (22. 11. 1731 
ж). Мұның алдында Уфадағы әскери басшы Батурлинге (26. 08. 
1731 ж.) Кіші орданы Ресейге қосу туралы келіссөздерді 
бастайтын уақыт жеткендігі туралы ұсыныс хат жолдаған. 
Бұдан үш ғасырға жуық бұрын, яғни, ол замандағы қазақ 
билеушілерінің үрдісінде кездесе бермейтін таңқаларлық бір 
зиялылықты Әбілхайыр ханның ресми қабылдауларға Бопай 
ханыммен бірге баратындығынан байқауға болады. Орыстың 
зерттеуші ғалымы И. Ерофеев «счастливый союз Бопай и 
Абилхаира был весьма гармоничный» деп баға берген. 
Әбілхайыр ханның саясаткерлігі мен қайраткерлігі 
туралы зерттеуші тарихшылардың, саясатшылардың, мемлекет
қоғам 
қайраткерлерінің 
кейбір 
мәселелер 
бойынша 
көзқарастары мен тұжырымдары келіспейтін тұстары баршылық 
болғанымен, 
Бопай 
ханым 
туралы 
жаман 
пікірлер 
айтылмайтындығын айрықша айтып өткіміз келеді. Қазақ елінің 
Кіші Орда тарихындағы 1731-1758 жылдарды Бопай ханымның 
Қазақ-Ресей саясатына, ел билігі мен бірлігіне өте белсенді 
араласқан қайраткерлік, саясаткерлік, дипломатиялық қабілетін 
айрықша көрсете білген кезең болды деп айтуымызға толық 
негіздер бар. 
Енді бірер сөз Бопай ханым жерленген аймақ туралы. 
Бұл тақырыпта ең соңғы жазылған құнды дерек ретінде 
«Актюбинский вестник»газетінің 4 желтоқсан 2008 жылғы 
нөмірінде жарияланған Зада Мұқашеваның «Правительница 
степи Бопай» атты мақала мен «Жас Алаш газетіндегі (15. 05. 
2009 ж.) Баян Сәрсенбинаның «Бопай Ханым» атты 
З.Мұқашевамен болған сұхбатын атап көрсетеміз. Ақтөбе 


59 
облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұрынғы қор жетекшісі 
Зада Мұқашева «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Орынбор 
облысына жасаған экспедицияның іссапарынан жинақталған 
дерек көздерін баяндайды. Ресейде қазір өмір сүріп жатқан 
қандастарымыз — Жұмағали Баянасов, Ұлықпан Есжанов 
ханымның жерленген жерін анық білетін көрінеді. Ақтөбе мен 
Батыс 
Қазақстан 
облыстарымен 
шектесетін 
Орынбор 
облысының Елек ауданындағы Димитров селосы маңындағы 
бұрын Мешіт аталатын төбе кем дегенде 90 жыл жасаған 
апамыздың мәңгілік дамылдаған бақилық қонысы деседі. 
Кезінде мұнда төбесінде айшығы бар кесене болған. Орыстар 
бұл жерді «Мечетка»деп атайды екен. Орыс жазбаларында 
Бопай 1780 жылы 31 мамырда дүниеден өткені жазылыпты. 
Бөкей ордасы тарихындағы тұлғалардың ішінде 
еуропаша білім алған, бірнеше тілдерді меңгеріп, оларда еркін 
сөйлей білген Фатима ханымның есімі кеңінен танымал. 
Фатима– Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің әйелі. Орынбор 
және Уфа муфтиі, Қазан университетінің құрметті мүшесі 
Мұхамеджан Хұсайыновтың қызы. 1826 ж. Жәңгірмен бірге 
Санкт-Петербургте Николай патшаның таққа отыру салтанатына 
қатысқан. Салтанатқа қатынасқан басқа қонақтардың арасынан 
Фатима 
тоташ 
білімділігімен 
айналасындағыларды 
таңқалдырып, киім киісі, өзін-өзі ұстауымен, жүріс-тұрысымен 
императордың көзіне түседі. Сонымен қатар, оның бал биін 
билеп, орыс аристократтарын тәнті қылғаны тарихта қалған. 
Мұны орыстың «Сын Отечества» журналы да 1826ж жазған.
Көрмеде Фатима ханымның 1826ж. Петербургтегі балға 
киген көйлегінің үлгісі бойынша тігілген көйлек көшірмесі 
тұңғыш рет облыстық музейден көрермен назарына ұсынылып 
отыр. Оны алматылық қолөнер шебері Айжан Абдубаитова 
тіккен. Алаш баласының ананы айрықша ардақтап, есімін асқақ 
ұстайтыны да осындай аналардың өмір-өнегесінен болса керек.
Ардақты аналарымыздың жүгі қай кезде де жеңіл 
болмаған. 
Олар 
өзінің 
жаратылысынан 
адалдығы, 
еңбекқорлығы, шыдамдылығы, сезімталдығы, қанағатшылдығы, 


60 
мейірімділігі, инабаттылығы арқасында, қандай қиындықты да 
табандылықпен жеңе біліп, жарқын болашаққа жол ашқан. 
Ел мен жерді сүюдің, елжандылық-патриотизмнің зор 
үлгісін көрсетіп, ел қорғаған арулар Ұлы Отан соғысында қазақ 
қыздарының арасынан да көптеп шықты. Соның ішінде Батыр 
атағын иемденгендеріне ғана тоқталсақ. 
Сұрапыл соғыс жылдары етік киген ер азаматтарға 
бергісіз ерлікке барған осындай қаракөз қазақ қыздарының 
батылдығын, батырлығын әсірелеп, әспеттемесе де түсінікті. 
Олардың есімдерін тек Қазақстан ғана емес, кезіндегі КСРО 
халықтары да жақсы біледі. 
Ерен ерлігімен тарих беттеріне есімі алтын әріппен 
өрілген тағы бір қызымыз — Мәншүк Мәметова. Мәншүк 
(Мәнсия) Жиенғалиқызы 1922 жылы Гурьев облысы Орда 
ауданында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған 
Мәншүк балалық, жастық шағын Алматыда Ә. Мәметованың 
тәрбиесінде өткізеді. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Алматы 
медикалық институтында оқып жүрді. Ол соғысқа бару, Отанын 
қорғау туралы шешім қабылдады. Өтінішінде: «Фашистерді 
жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, 
сондықтан өзімді жіберіңіз» деп жазған. 1939 жылдан бері 
комсомолмын. 1941 жылдың 7 тамызы». 1942 ж. тамызда ол өз 
еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-атқыштар 
дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты.
Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің 
мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. 1943 
жылдың 15 қазанында Псков облысындағы Невель қаласын 
босату үшін Изоча станциясындағы 173,7 биіктігінде өте қатал 
соғыс болды. Мәншүк өзінің әскери бөлімінің шабуылын 
пулемет отымен қолдады. Мәншүктің басына оқ тиді. Соңғы 
күштерін жинап, Мәншүк пулеметін ашық жерге алып шығып, 
жолдастарына жолды тазалап, фашистердің тікелей бетіне 
атқан. Өлі Мәншүк пулеметтің сабын қос қолына тастай қатты 
қысып алған. Сол қан майданда Мәншүк Мәметова ерлікпен 
қаза тапты. 


61 
Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы 
Кеңесінің Жарлығымен 1944 жылдың 1 наурызында неміс 
басқыншыларымен соғысу майданындағы қолбасшының әскери 
тапсырмаларын бұлжытпай орындағаны үшін, көрсеткен ерлігі 
үшін Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы 
берілді. 
Немере сіңлісі Айман Мәметова: «Мәншүк майданда 418 
күн болды. Ұлы Отан соғысы 1418 күнге созылды десек, оның 
418 күнiнде қазақтың ержүрек қызының азапты күндерi мен 
ерлiк iсi қалды. Әлемге даңқы шыққан Мәншүк жұмыр жердiң 
бетiнде небәрi 21 жыл 13 күн өмiр сүрдi. Бұл көп пе, әлде аз ба?! 
Әдетте ерлiк жасау үшiн ұзақ өмiр сүру парыз болмаса керек 
болар!», — депті. 
Соғыста ерен ерлігінмен көзге түсіп, мерт болғаннан 
кейін одақтың ең жоғарғы атағы Кеңес Одағы Батыры атанған 
қаршадай қазақ қызы Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысының 
Қобда ауданында 1925 жылдың 15 маусымында дүниеге келген. 
Жастайынан анасынан айырылып, аз жылдар нағашысының 
қолында болып, кейін отбасы жағдайына байланысты балалар 
үйіне тапсырылып, соғысқа да сол жақтан аттанады.
1943 жылдың қарашасында Әлия Холм түбінде 
немістерден «тіл» алу мақсатында жүргізілген барлау соғысына 
қатысқан. Осы соғыс барысында Әлия солдаттармен бірге 
немістердің траншеясына басып кіріп, 5 немісті тұтқындаған. 
Қаңтардың қақаған аязында Насва стансасы үшін қырғын 
шайқаста 19-дағы өрімдей қыз жаңбырша жауған оқтың астында 
сиреп қалған қаруластарын 6 рет шайқасқа өзі бастап шыққан.
Ресейдің Псков облысының Новосокольники жері 
қазақтың қаршадай қызының қаһармандығы айқындалған соғыс 
алаңы болды. 1944 жылдың қаңтарында Псков облысы Насва 
теміржол станциясынан немістерді шығару мақсаты қойылды. 
Әлияның ротасының командиры қаза болды. Әлия атып тұрып: 
«Отан үшін алға!», деп айқай салды. Оның соңында бүкіл рота 
көтеріліп шабуылға шықты. Әлияның қолына минаның сынығы 
тиді, бірақ ол автоматын тастамай бір неміс офицерін атты. 
Офицер жауап беріп, Әлияні екінші рет жарақаттады. Соңғы рет 


62 
Әлия атып, немісті өлтірді. Казачиха деревнясының батысында, 
Смердель деген кішкентай өзеннің биік жағасында достары 
Әлияны жерледі. 
1944 жылдың 14 қаңтарында қазақ халқының ер қызы, 
Ленинградтың ер қызы Әлия Молдағұлова отаны үшін, елі үшін 
батырлықпен шәйіт болды. Оның батальондық достары Әлия 
үшін жаудан қанды кек аламыз деп ант берді. 
Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесінің 
Жарлығымен 1944 жылдың 4 маусымында көрсеткен ерлігі үшін 
ефрейтор Әлия Нұрмұхаммедқызы Молдағұловаға Кеңес 
Одағының Батыры атағы берілді. 
Елімізге сіңірген ерен еңбегі, Отан қорғауда, 
азаматтардың 
өмірін 
қауіпсіздендіру 
барысында 
ерлік 
көрсеткені, Қазақстанның бостандығы мен Тәуелсіздігі жолында 
аянбай күрескені үшін берілетін «Халық қаһарманы» жоғары 
атағы 1993 жылы Елбасы заңымен бекітілген болатын. Міне осы 
мәртебелі атаққа ие болғандардың бірі «қазақтың қанатты 
қызы» атанған тұңғыш әскери ұшқышы — Хиуаз Доспанова
Хиуаз Доспанова атақты Жайық өзенінің бойында 
көсіліп жатқан Атырау қаласында Ганюшкино селосында 15 
мамырда дүниеге келген. 1940 жылы Мәскеу қаласындағы 
Медицина институтына оқуға түседі. Ал соғыс басталған кезде 
атақты орыс ұшқышы М.Раскова басқарған 46-гвардиялық 
полкке қабылданады. Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, 
Украина, Белорусъ, Польша және Шығыс Германия жерлерін 
фашистерден азат ету барысында үш жүзден аса әуе шайқасына 
қатысып, жауынгерлік ерліктері үшін «қанатты қыз» атанған.
Х.Доспанованың жастық шағының бес жылы бірдей 
қанқұйлы соғыс майданында, аспандағы жау ұшақтарымен 
шайқаста өтті. Қайсар да қайтпас штурман қазақ қызының бір 
өзі Украина, Белоруссия, Қырым, Кавказ, Польша және Албания 
сияқты фашистер басып алған ел аспанында «ПО-2″ 
бомбалағыш ұшағымен, үш жүз рет жау төбесінен ажал оғын 
сепкен. Оғы тек жерде ғана емес, көкте де күні-түні атқылаған 
жаумен аспандағы шайқаста 300 рет болып қайтқан Хиуаз апай 
ұшақтан 14 рет құлапты. Төрт мәрте ауыр жарақат алып, есін 


63 
жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған ол жаумен 
шайқаста асқан ерлік көрсете білді.
Қазақтың жас қызы Ұлы Отан соғысы жылдары Марина 
Раскова басқарған 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы – 
ұшқыштар полкінде штурман қызметін атқарған. Майдандағы 
ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» 
ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. 
Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Х. Доспановаға 
Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілген 
болатын. 2008 жылы 21 мамырда Алматы қаласында 86 жасында 
дүниеден озды. 
Батыр қазақ қыздарының елжандылығы Ұлы Отан 
соғысында қатысуынан, қан майдандағы ерлігінен ғана 
байқалмайды. Олардың өз еркімен соғысқа бірнеше мәрте 
сұранып баруы Отан алдындағы парызды терең түсінуі деп 
білеміз. Психологиялық тұрғыдан алғанда, бұл үш батыр 
қыздың өз туған үйінен сырт өсуі оларды ерте есейтіп, күш-
қайратына сеніп дербес әрекет жасай білетіндіктерін 
көрсеткендей. Мәншүк асырап алған әкесі Ахметті «халық 
жауы» атандырған солақай саясатқа отбасының әділдігін 
дәлелдеуде еріксіз осы жолды таңдады. Әлия Ленинградқа 
нағашы ағасына еріп барып орналасқан балалар үйіндегі көрген 
жақсылықтарын ақтауғы тырысты. Ал, Хиуаз өзінің ұшқыш 
болу деген бала күнгі арманына осы соғыс арқылы қол 
жеткізетінін түсінді.
Қалайда, олар өз ерліктерін Ұлы Отан соғысының 
тарихына ғана емес, кеңестік елдерге түгел мойындатты. Қазақ 
қыздарының абыройын асқақтатты. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет