ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР – БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРУЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ АЙҒАҒЫ
Кеулимжаева А. Е. (Ақтөбе)
Қазіргі заманғы білім беру жүйесіне оқытудың инновациялық әдістерін енгізу экономика мен элеуметтік саланы дамытуда маңызды рол атқарады. Демек, осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде елімізде білім алушылар үшін баршаға бірдей сапалы білімге, үздік білім беру ресурстары мен технологияларына қол жеткізуге кеңінен жол ашылып, коммуникативтік және кәсіптік құзыреттілікті дамыту мүмкін болмақ.
Педагогикалық үрдіске ақпараттық – коммуникациялық технологияларды жүйелі түрде енгізу, ең алдымен, оқу міндеттерінің оңтайлы шешімін табуға және оқушылардың біліктілігі мен ақпараттық құзыреттілігін дамытуға ықпал етеді. Құзыреттілік тәсілін енгізу білім сапасын көтерудің басты шарттарының бірі. Яғни, ақпараттық - коммуникациялық құзыреттіліктің белгілі бір деңгейін меңгерген оқушы жаңа әрі жоғары кәсіби дағдылар мен қасиеттерге ие болады.
Жалпы құзыреттілік дегеніміз – алға қойылған мақсатқа жету жолында кез келген кәсіпте немесе қоғамдық өмірде дұрыс таңдау жасай білуге ықпал ететін білімдер мен дағдылар. Дәл осы құзыреттілікке үйрету тәсілі арқылы адамдардың түрлі жағдайларда мәселенің шешімін өз бетінше табуына көмектесуге болады.
Ағылшын тіліндегі «Competence» термині «қабілеттілік, дағды» деген мағынаны білдіреді. Сонымен бірге «компетентность», яғни «құзыреттілік» деп аударылатын тағы бір «Competen» деген термин бар, ол толық құқылы, уәкілетті, заңды деген мағынаға ие, бұл термин, негізінен, заң саласына қатысты сөз. Ал латынша «Competensтің» мәні:
1.құзыреттілікке ие;
2.белгілі бір саладан хабары бар білікті адам дегенді білдіреді. Яғни, құзыреттілік дегеніміз: отырған орнына, мамандығына, қызметіне сай қабілетті деген мағынаны береді екен.
Құзыреттілік ұғымының ауқымы өте кең. Оның ішінде нақты білім саласындағы оқушыларға қатысты ақпараттық – коммуникациялық құзыреттілікке келетін болсақ, бұл құзыреттілік алғашқы компьютерлік сауаттылық пен ақпараттық мәдениетті үйренуден басталады. Ақпараттық құзыреттілікке оқу пәндеріндегі ақпаратты алу дағдылары, қоршаған орта, қазіргі заманғы ақпарат құралдары: теледидар, факс, компьютер, модем және т.б.меңгеру, аудио және видео жазба, электрондық пошта, интернет, БАҚ құралдары және т.с.с. ақпарат көздерінен қажетті ақпаратты іздеу, талдау және іріктеу, оны өзгерту, сақтау және беруді үйрену кіреді Ал коммуникациялық дағдыларға тіл білу, айналадағы адамдармен өзара іс-әрекеттесу, топпен, ұжыммен жұмыс істей білу, әр түрлі әлеуметтік топтармен тіл табыса білу жатады. Оқушы өзін-өзі таныстыру, хат жазу, сауалнамаларды толтыру, өтініш жазу, сұрақ қою, пікірсайыстарды жүргізу сияқты қасиеттерді дамыта келе жеке өмірде және белгілі бір кәсіп саласында нақты жағдайға сай шешім қабылдауға, тиімді нәтижелерге қол жеткізуге болады.
Маманның құзыреттілігі оның кез келген жағдайда неғұрлым оңтайлы шешім қабылдай білуінен, өз мүмкіндіктерін саралай алуынан байқалады. Сол үшін ол үнемі ізденіс үстінде болып, үздіксіз біліммен қаруланып, уақыт көшінен қалмауға тырысуы қажет.
Әрине, бұл міндетті орындау үшін, ең алдымен, бірқатар педагогикалық шарттарды жүзеге асыру керек. Олар мына төмендегідей шарттар:
Оқытудың нақты міндеттері мен мақсатын айқындау, яғни жаңа білімдерді игеру арқылы қандай нәтижеге қол жеткізуге болатынын мұғалім білуі тиіс;
Мұғалімнің мүдделілігі және жеке даярлығы;
Оқушылардың компьютерде жұмыс істеу барысында қарапайым дағдыларды меңгеруі.
Оқу орнындағы кабинеттердің материалдық –техникалық жабдықталуы.
Ақпараттық құзыреттілікке үйрету қажеттілігі қазіргі заманғы серпінді даму үстіндегі қоғам талаптарынан туындап отырған міндеттердің бірі болып табылады. Ақпараттық технологияларды сабақ үстінде пайдаланудың формалары мынадай болып келеді:
Сабақ барысында техниканы қолдану арқылы материалды түсіндіру, оқушыны сөйлету және пікірталас, бекіту, оқушылардың білімін бақылау, жеке жұмыс, талдау, тестілеу, қажет ақпаратты іздестіру;
Сабақтан тыс уақытта оқушының дербес, өз бетімен қолдануы, яғни үй тапсырмасын орындау, рефераттар даярлау, өзіндік бақылау;
Мұғалімнің сабаққа даярлық кезеңінде қолдануы, яғни арнайы материалды іріктеп алу, тапсырмаларды дайындау және т.б.
Оқушылардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда ақпараттық - коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы негізгі кәсіптік міндеттерді іріктеп алу, оқу-өндірістік жоспарларды түзу, оқытудың формалары мен әдіс-тәсілдерін таңдау жүзеге асырылады және бұл үрдіс кәсіптік білім беретін оқу орны оқушыларының АКТ- құзыреттілігі деңгейін көтеруге ықпал етеді.
Елімізде қазіргі таңда еңбекке, кәсіпке ерекше мән беріліп отыр. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» деп аталатын бағдарламалық мақаласында баршаны ел игілігі жолындағы еңбекке шақырды және шешуші фактор екенін ұғындырды. Бұл әрбір азаматтың өз Отанына пайдалы болуының кепілі. Президент қазақстандық жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға, туған елде қызмет етіп, өз әлеуеттерін жүзеге асыруға үндеді.
Қазақстандық білім беру саласының бүгінгі даму үрдісі білім берудің жаңа моделдерін іздестіру ісінің белсенділене түсуімен сипатталады, бұл міндет, ең алдымен, педагогтердің біліктілігі мен кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған. Елімізге бастамашыл, қазіргі заманғы ең үздік технологияларды меңгерген, еңбек нарығында бәсекелестікке лайық, қоғам қажеттілігін жоғары дәрежеде қанағаттандыра алатын іскер әрі қабілетті мамандар қажет. Бұл қасиеттерге жауап бере алатын ертеңгі мамандар бүгінгі оқушылар екендігі сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |