Ғылымсыз адам – айуан, Не қылсаң да, ғылым біл, - [15, 92 б] .
Шынтуайтына келгенде сөздің расы да осы – егер біз ғылым-білімге ден қойып, Жаратушыны, өзімізді, дүниені (Абай) танымасақ, - өзі үшін оттап, өзі үшін су ішкен хайуаннан қай жеріміз артық болмақ? Ал Мәшһүр Жүсіп бұл жайында: «Дене – бір мейманхана, жан – онда аз күн қонақ. Шама келгенше әркім өз жанын ренжітпей күтіп, жақсы ұстауға керек. Пенде жалғанда жанын сыйласа, ол жанды ешкім қинамайды. Пенде жанын жалғанда қинаса, ол жанды ешкім сыйламайды, әркім өз жанын тірілтуді керек қылса, ғылым-білімге ғұмырын сарп қылуы керек. Ғылым-білімге ғұмырын сарп қылған пенденің жаны тіріліп, сыйлы болады. Ғылым-білімге ғұмырын сарп қылмаған пенденің жаны өлік жан есепті. Өзі өліп жатқан өлікті кім керек қылады» - дейді [16, 24 б] .
Қорыта айтар болсақ, бұл тараушада Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім өлеңдеріндегі адамның кемелдікке ұмтылуындағы ғылым-білімнің атқаратын қызметі мен алар орны туралы баяндалады.
Екінші бөлімнің «Әдебетттегі ғылым құндылығы»деп аталатын тараушасында қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар, өзгерістерге толы ХІХ ғасырдың ортасында дүниеге келген Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім шығармаларындағы ғылымды адам баласына тиесілі барлық кәсіп түрінен жоғары қоятын игі дәстүр жайында айтылады.
Сөз жоқ, бұл дәстүрдің бастауында Абай феномені тұрды. Ол өзінің әйгілі «Ғылым таппай мақтанба» деп басталатын өлеңінде осы игі дәстүрдің негізін қалап берді:
Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз. Болмасаң да, ұқсап бақ Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп Айтпа, ғылым сүйсеңіз. Сізге ғылым кім берер, Жанбай жатып сөнсеңіз? Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл берсеңіз [2, 71 б].
Осы «дүние де өзі, мал да өзі» деген қағида әдебиетте импульс тудырып, өз кезегінде Шәкәрім шығармашылығында заңды жалғасын тапты. Шәкәрім көптеген өлеңдерінде ғылымның артықшылығы, одан асқан адамға берілетін сый-құрмет болмайтынын жеріне жеткізе жазды. Ол өзінің адам өмірінің ата заңы іспеттес «Адамдық борышың» деп басталатын өлеңінде адамды адам қылып тұрған ақылдың өзі ғылым-білімсіз түкке тұрмайтынын, тұл болып қалатынын тасқа таңба басқандай қылып жазады:
Адамдық борышың, Халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай Ар сақта, оны біл. Талаптан да білім мен өнер үйрен, Білімсіз, Өнерсіз, Болады ақыл тұл [15, 9 б].
Бұл игі дәстүрдің тағы да бір қайталанбас үлгісі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығында орын алады. Ол қара сөзбен жазылған шығармаларында садап философиясын дамытады. Ақынның айтуынша наурыз айында абрахмет деген бір жаңбыр жауады. Сол жаңбырдың бір тамшысы теңіз түбінде аузын ашып күтіп жатқан садапқа (ұлудың қабыршағы) жетеді. Тамшы кірсімен садап аузын жаба қояды. Сол тамшы қараңы жерде жатып кейіннен гауһарға айналады екен. «Ғылым абрахмет жаңбыры. Садап секілді бір тамшысына қанағат қылып, аузын жабушылардың ішінде дүр гауһас есебінде болып, қасиеті күнбе-күн зораяды» [17, 37 б]. Бұл қазақ әдебиетіндегі ғылым-білімді бәрінен биік қоятын игі дәстүр иелерінің айтары бәрі бір жерден шығады: «Ғылымнан мұрат – Құдайды танымақ екен, – деп, бұл ғылымды білген соң, жалған дүниенің жүзінде тапқан нәрсенің енді иненің жасуындай керегі жоқ екен!», – деп, ғылым іздеген бір жанды көре алмадым. Бәрі де оқып жүр: қыс өзі оқыса, жаз бала оқытпақ – алыпсатарлық. Ғылым-білімді бір дүние тауып аларлық құрал-сайман біліп, оқып жүр» [17, 129 б]. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бұл жазғандары, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүріп, әдебиетте өшпес із қалдырған Абай, Шәкәрімнің де ғылымның құндылығы туралы ойларының қорытындысы іспеттес. Үш ақынның да ойы бір жерден табылады: ғыылым-білімді мал табудың құралы қылуға әсте болмайды; ғылымның өзін ең жоғары құндылық деп танып, өзін ғана сүйсең, мал, мақтан, ғиззат-құрмет саған өздері іздеп келеді дейді. Бұл гуманизмді, адамшылықты ту етіп көтерген қазақ әдебиетінің өзіне ғана тән қайталанбас дәстүрі.