Мынау ақыр заманда Алуан-алуан жан шықты, Арам, араз хан шықты, Қайыры жоқ бай шықты. Сауып ішер сүті жоқ, Мініп көрер күші жоқ Ақша деген мал шықты, Кедей қайтіп күн көрер? – Сол себептен қорқамын! [6, 218 б].
«Зар заман» ақындары елдің бүлінгенің, ақырзаман таяп келе жатқанын айтып эсхатологиялық күй кешті. Осы тақырыпты зерттеу нысанына айналдырған ғалым А. Шәріп: «Адам өмірінің алдағысын, сондай-ақ болашақ дәуірдің бет-бейнесін күні бұрын көземелдеу – кез келген халықтың қоғамдық қиялы мен көркемдік ой кестесінде өзінше өрім-өрнек табатын қызықты да қатпарлы құбылыс», - деп жазады [7, 121 б]. Содан да болар, әдебиеттегі аталмыш ағым өкілдерінің шығармалары замана суретін бұлжытпай дәл бере білуімен құнды. Тығырыққа тірелген, не істерін білмеген шарасыз халықтың көңіл-күйін осы әдебиет үлгілерінен жазбай танимыз. Алайда тығырықтан шығар жолды нұсқау, халыққа жөн сілтеу Зар заман ақындарына тән емес. Бұл ойымызды М. Әуезовтің: «Абай туған кезде Ресейдің өсуі ойдағыдай емес еді. Ресей орыс шаруаларын қанаумен бірге бұратана елді де езіп отырды. Бұратана елдің бірі қазақ халқы да саяси, шарауашылық жағынан тығырыққа тірелді. Осы жағдаймен сәйкес «зар хаман» ақындары шықты. Бірақ бұлар жаңа заманға басшы боларлықтай ақындар емес. Қанаушылықты көріп, жыр етіп отырады, бірақ шығатын жолды көрсете алмады. Олар тек өткенді көксей жырлады», - дегені тіпті де бекіте түседі [8, 125 б].
«Зар заман» ақындары қазақ әдебиетінің тарихында сол кездегі тарихи жағдайға байланысты қоғам тудырған өткір де түйткіл мәселелерді, проблемаларды жеріне жеткізіп қоя білуімен, әр нәрсенің атын атап, түсін түстеп айта білуімен ерекшеленеді. Олардың әдебиеттегі негізгі миссиясы, атқарар міндеті, көтерер жүгі де осы еді. Немістің ұлы ақыны Гёлдерлин «Патмос» атты жырында:
Близок и труден для понимания Бог. Но где опасность, там вырастает и спасительное, - дейді [9, 422 б]. Заманақырды жақындатып, тас-түйін бекініп, ышқана қиналған қазақ руханияты көп ұзамай заманақырдан шығудың жолын сілтейтін алыптарды дүниеге әкелді. Сол алыптардың басында Абай феномені, Абай құбылысы тұрды. Абай, одан кейін Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім – жаңа заманға қарсы тұрар қазақ руханиятын сомдауға кірісті. Олардың шығармаларында заманақырлық күйден гөрі жасампаз еңбекке, ғылым-білімге шақыру басым түсіп жатты. Замана тынысын дәл аңдаған Мәшһүр Жүсіп:
Ғылым біл, жұмыс істе, - оған серік, Жарлыға мал, бұл ғылым – байға көрік! Ғылым, білім, өнерсіз, қадірсізді, Өлік біл, оны жан деп білме тірік! – дейді [10, 201 б].
Ең алдымен, капиталистік қатынастар күнделікті нормаға айнала бастаған жағдайда қазақ халқының бойындағы бұрынғы көшпелі тірлікке тән ұжымдық сананың орнына индивидтік, тұлғалық сана қалыптастыру міндеті тұрды. Олай болмаған жағдайда бәсеке мен жарыс, конкуренция қоғамдық қарым-қатынастың негізі етіп алынған қоғамда аман қалу қиынның қиыны еді. Бір қызығы, халық қиналып, тіпті жер бетінен жойылып кету қаупі туғанда жарық дүниеге Абай сынды ұлдар келеді. Келеді де қиын заманда, тар жол, тайғақ кешуде жүріп-ақ халықтың болашақ әлеуетін, күш-қуатын, өмір сүру формаларын сомдап береді.
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар Еңбегің мен ақылың екі жақтап [11, 30 б].
«Абай - өз заманының жыршысы. Оның шығармалары – сол заманның шежіресі. Оларда сол кездегі қазақ қауымының тұрмыс-тіршілігі барлық ерекшеліктерімен, тек өзіне ғана тән белгі-бедерімен, өзіндік бояу-өрнектерімен мейлінше айқын да толық бейнеленген», – дейді Абайдың ақындық тағлымы туралы қалам тербеген белгілі әдебиет зерттеушісі Ж.Ысмағұлов [12, 26 б]. Шынында да, қазақ әлеуметіне капиталистік қатынастар эволюциялық жолмен енсе жағдай мүлдем басқаша болар еді. Бірақ кәрі тарих қазақ халқын ауыр сынға ұшыратты: ол өзінің төл дәстүрлі шаруашылығына мүлде кереғар, отырықшылық мәдениет тудырған капиталистік қатынастарды бас бостандығынан айырылған, отаршылдық жағдайда қабылдауға мәжбүр болды. Сондықтан да бұл әлеуметтің алдында ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап екі маңызды міндет тұрды: бірі – отаршылдыққа төтеп беру арқылы өзін ұлт ретінде, халық ретінде сақтап қалу болса, екіншісі – жаңа жағдайда орнаған капиталистік қатынастарды игеру болды.
Абай жан-жақты жетілген тұлғаны «толық адам» десе, Мәшһүр Жүсіп «түгел адам» деп ныспылайды. Іскерліктің басы – мінез түзету деп білген Мәшһүр Жүсіп:
Жұмсағанда тіл алып ұшып жүрсең! Аз ішіп, аз ғана жеп, ұйқы бөлсең! Көздей тесік болады саған көлдей, Сүп-сүйкімді боласың шықсаң, кірсең. Боқ ұстасаң қолыңа жұғып қалмас, Сыйлы қылар басыңды іске тырмыс. Жігіттікте іс қылсаң жаннан кешіп, Төр алдында отырып жерсің жамбас, - деп толғайды [13, 85 б].
Абайдың лайықты ізбасары, ұстаз бастаған істі жеріне жеткізе білген Шәкәрімнің іскерлік, үнемшілдік туралы өлеңдері біршама. «Шәкәрім творчествасының басым көпшілігі – поэзиялық шығармалар. Сөз өнерінің осы байырғы түрі – поэзияда, ең алдымен, адам өмірінің қат-қабат қыры мен сыры, қуат берер қуанышы мен қартайтар қайғысы, алға тартар арманы мен жетелер үміті, сәулелі серпін туғызар мұрат-мақсаттары – баршасы көркем бояулармен, сан қилы ою-өрнегімен көрініс табары хақ», – дейді ақталған ақының алғашқы жинағына алғысөз жазған Ә. Тәжібаев пен Ш. Сәтбаева [14, 13 б]. Осы айтылған жайттарды ескере отырып, ақынның өлеңдеріндегі әлеуметтік сарынды, атап айтқанда – жұртты іскерлікке шақыру, қолөнерді насихаттау, адал еңбектің қадыр-қасиетіне жетуге үндеуді, – зерттеу нысаны ретінде қарастырдық.
Сондай өлеңдердің бірі де бірегейі «Шаруа мен ысырап» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, ақын бұл өлеңінде сахараны жайлаған ысырапшылдықты бейнелі де өткір тілмен шенейді:
Қайтер еді, жігіттер, Тым қымбатты кимесек. Мақтан үшін борышты Үсті-үстіне үймесек. Қаладағы байлардың Ыңғайына билесек. Аяғында қайтеміз, Банкрот болып күйресек [14, 56 б].
Шеней отырып қалыптасқан қазақ лексикасына «банкрот» деген неологизм енгізеді. «Банкрот» – сол кезеңдегі қазақ тілдік қоры үшін тыңнан қосылған, мүлдем жаңа ұғымды білдіретін сөз. Капиталистік қатынастар аумағынадағы шаруа ыңғайына баққан лексикалық бірлік. Осыдан-ақ Абай бастаған ағартушы топтың заман талабына сай орнап үлгерген жаңа қатынастарға халықты емін-еркін араласуға шақырғанын көреміз. Бұл жайт – батыстың да шығыстың да барлық ғұламалары бір ауыздан айтқан «әдебиет реалды өмірдің айнасы» деген тұжырымды тіпті де бекіте түседі.
Жастайынан ислам қағидаларын бойына сіңіріп өскен Шәкәрім осы контексте іскерлік феноменінің қыр-сырына үңіледі. Қазақ әдебиетінде іскерлік феноменін Жаратушымен байланыста зерттей отырып ақын мынадай жемісті ойларға поэзисында орын береді:
Ерінбесең еңбекке дәулет дайын, Жаратқан жоқ жатсын деп бір құдайың. Ойласын деп ой берді, көруге көз, Аяқ берді, тапсын деп басқан сайын [14, 94 б].
Поэзияның шексіз мүмкіндіктерін пайдалана отырып ақын осындай ордалы ойларды шашпай-төкпей бір шумаққа сыйғыза білген. Қазақ әдебиетінде оң өзгерістер мен креативті ойларды алып келген бұл өлеңінде Шәкәрім іскерлік феноменінің қайнар көзі адамның өз жаратылысында жатыр деген тың ой айтады. Әрине, Шәкәрімге дейін бұл мәселелер қазақ әдебиетінде мүлдем қарастырылмады деген ойдан мүлдем аулақпыз, десе де, ақын шығармашылығында бұл ойлар концептуалды түрде берілуімен ерекшеленеді. Адамның барлық бітімі, жаратылысы еңбек үшін, іскерлік үшін жаралған деген ой негізгі ұстын ретінде ұсынылады. Өз жаратылысын білмей, өзін өзі танымай сарыуайымға салынған адамға ақын өз өлеңімен дем береді:
Үйде отырып салғанмен сарыуайым, Тілегенің тұра ма саған дайын. Жүріп-тұрып, ойланып істеп көрсең, Харекеттің білесің сонда жайын [14, 94 б].
Шәкәрім іскерлікті «харекет» деп атайды. Біз күнделікті синоним ретінде қолданып жүрген «әрекет», «харекет» – екеуі де арабшадан енген сөздер. Десе де, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім шығармашылығында бұл екі сөздің парқы ажыратылады. Екі сөздің мағыналық туыстығы болғанмен, мәндік айырмасы бар екенін көреміз. Бұл ажырату, термин жасау жұмысы бірінші рет қазақ әдебиетінде Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек» деп басталатын өлеңінде беріледі:
Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып, Қызмет қылған кісісін Құрытуға таяйды, Қылып жүрген өнері: Харекеті – әрекет, Өзі оңбаған антұрған Кімге ойлайды берекет? [2, 80 б].
Абай қулық, сұмдық жолына жұмсалған адамның іс-қимылын әрекет, ал ізгілік жолына жұмсалған тіршілік жолындағы күресті харекет деп атайды. Орысшаға аударар болсақ үш ғұлама ақынның «әрекет» деп жүргені - действие, ал «харекеті» – деятельность болып шығады.
Қорыта айтқанда, бұл тараушада заман талабын жіті аңғарған әдебиет өкілдері өз шығармаларында туған халқын іскерлікке үндейді, оның қыр-сырын меңгеруге шақырады