Қолжазба құқығында



бет7/20
Дата03.01.2023
өлшемі211,5 Kb.
#60318
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   20
Байланысты:
Абай Шакарім

Хас батырда ұйқы жоқ,
Хас сұлуда күлкі жоқ.
Күлкі қайдан болады,
Үйінде тұлдыр мүлкі жоқ.
Тамағыңнан жақын жоқ,
Майқыдан өткен ақын жоқ.
Мамада атың болмаса,
Еркегіңде тақым жоқ.
Серікке сенсең секемсіз,
Шын көңілде сақын жоқ, -
дейді [3, 5 б]. Сонда адам баласына «тамағынан жақын нәрсе жоқ» болып шығады. «Майлы тамақ жеп аш қарын жұбанбаса» – адамның тіршілігінің сәні де болмақ емес. Бұл – темірдей қатал тәртіп, бұлжымайтын табиғаттың заңдылығы. Біз қалайық, қаламайық - табиғаттың осы заңдылығына бағынамыз. Егер тіршілік ету өнерінің осы қарапайым қағидаларын ескермесек, қиындықтарға душар болып, адамшылығымызан айырыла бастайтынымызды осы кезеңде өмір сүрген қаламгелер шығармасынан кәміл түйсінеміз. Қазақ әдебиеті әзелден өзінің реалистік табиғатымен танылған. Күлбілтелемей, жақауратпай, жауырды жаба тоқымай әр нәрсені өз атымен атау қазақ руханияты мен мәдениеті үшін соншалықты маңызды нәрсе. Қазақ әдебиетіндегі бас-көзіңе қарамай, жалған сыпайыгершілікті сырып тастап турасын айтатын реалистік дәстүрдің көрнекті өкілі Абай поэзиясы бізді осыған үндейді.
Адамның бірінші қажеттілігі, «ең жақыны» – тамақ оңай табылмайды, – еңбекпен, харекетпен келеді. Ахмет Байтұрсынұлының «Жиған-терген» атты өлеңінде: «Еңбексіз ит жер, бейнетсіз бит жер» деген халық даналық үлгісі келтіріледі [4, 78 б]. Бұл сентенциядан күнделікті күйбең тіршіліктегі адамның татар дәм-тұзы тек қана еңбекпен келуі керек деген ойды оқимыз. Көркемдік ойлау жүйесі образға, бейнелеуге құрылған халық даналығы жатып ішер жалқауды адамның қанын теспей соратын битке, немесе тамақ аңдып көрінгенге телмірген итке теңейді. Бұған қарама-қарсы, осы айтылған әлеуметтік кеселге ем ретінде, еңбекпен ішер астың себеп-салдарлы байланысын халық даналығының қайнар көзі - қазақ мақалы: «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдар» деп тұжырады [5, 12 б].
Орыстың боданына айналмай тұрғанда сайын даланы төрт түлік малға толтырып балқып-шалқып отырған қазақ енді кіріптарлық күйге түсті. Жер тарылды, қоныс азайды. Жерінен, малынан айырылған люмпен-қазақтар пайда бола бастады. Осы құбылысты қабырғасы қайыса отырып аңдаған Абай бай қазақтан кедей қазаққа айналған ұлтының кейпін былайша суреттейді:
Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей,
Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?
Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,
Ол немене жоқтықтың әсері емей?


Ет, қымыз тамақ болса әркімге арзан,
Тәтті, дәмді іздер ең онан да арман.
Өз пұлыңмен халің жоқ күнде тояр,
Құлдық ұрып асайсың асы бардан.


Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа,
Ас берер ауылды іздеп жүрсің босқа.
Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген,
Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа [2, 223 б].
Еңбексіздік, харекетсіздік – еріксіз «тамақ аңдып тентіреуге» алып келеді. Тамақ аңдыған адамда не қадір, не қасиет қалады? Тамақтың «арсыздығы» да сонда, адамды әй-шайға қаратпай, адамшылық қадір-қасиетті ойлауға да мұршасын келтірмей өз дегеніне көндіреді, айдағанына жүргізеді, айтқанын істетеді. Адам еріксіз ішкен тамағы үшін өзіндей бір адамның жұмсайтын жұмыс күшіне айналып шыға келеді. Сөйтіп кіріптарлықтың адам атына лайық емес қорлық қамытына өз еркімен мойынсынады. Еңбексіздіктің, харекетсіздіктің адам баласына кеселді зияндылыға да осында.
Қорыта айтқанда, бұл тараушада еңбек пен адамның қадір-қасиеті, жеке басының қадірі, ар-намысы, кісілік кейпі – бәрі-бәрі өзара тығыз байланыста екендігі Абай бастаған әдебиет өкілдерінің шығармаларын талдау арқылы беріледі.
Бірінші бөлімнің «Әдебиеттегі іскерлік феномені» деп аталатын екінші тараушасында ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір шындығына айналған, қоғамның зәру қажеттілігі ретінде дүниеге келген іскерлік феномені туралы сөз болады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ әдебиетінде заман талабына орай іскерлік, кәсіпкерлік, қазіргі заман тілімен айсақ, - бизнес мәселелері көтеріле бастайды. Осы кезге дейін көшпелі тіршілік кешкен қазақ халқы отырықшы Ресей империясының боданына айналған соң-ақ өзінің дәстүрлі шаруашылығын жаңа заман орайына қарай ыңғайлауға, өзгертуге мәжбүр болды. Ел ішіндегі ауыр жағдайды осы заманды жіті зерттеген М. Әуезов былайша зерделейді: «Бұрын да титығы құрып келген ел енді жерден айырылып, малдан ажырап, алым-шығын, салық-қаржы, қымбат базар талауына бір ұшырады. Жұт, індет, пара-пәле сияқты кесірлерге тағы шырмалды. Осындай күйлердің барлығының арты, көпшілік халінің аса төмендеп, кедейленуіне себеп болады. Ашаршылық – жоқшылыққа қамалтады. Басқа түскен күйге наразылық үдемесе өшпейді. Бірақ бұрын әр кезеңде алысып көрсе де, дегеніне жете алмаған ел енді жаңа шараларға ұмтылады. Онысы сол қала, сол базардың, сол өктемдік етіп тұрған әкімнің өз құралымен құралдану шарасы болады. Ашаршылықтан қала жағалау, батырақ болу, жұмысқа жалдану, кәсіп іздеу, өнер үйрену – барлығы да тұйыққа қамалған елдің жалғыз көздеген ниеті болады» [1, 259 б]. Бұрын малмен бірге емін-еркін көшіп-қонып жүрген заман келмеске кетіп, енді оның орнына отырықшылық мәдениеттің үлгілері орнай бастайды. Көшпелі тұрмыстың ыңғайына баққан қазақ халқы бұрын алдына салған төрт түлік малдан басқа қор жинамаса, енді ақша капиталы тұрмысқа дендеп енеді. Жанына жат жаңа мәдениетті шошына қабылдаған қазақ жұртының сол кездегі хал-ахуалы «Зар заман» жыршысы атанған Шортанбай Қанайұлының шығармашылығынан анық та бедерлі көрінді:


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет