ҚИССАНЫҢ ПАЙДАСЫ
1912 жылдың қысы басталды...
Міне, мен тағы да жұмыссызбын... Əркімдер «босқа жүргенше молдаға
барып сабақ оқысайшы, бір сөз де болса үйрене бересің ғой» дегенмен,
оқуын қиынсынам ба, болмаса таяғы батып қалған ба, — олай қарай аяқ
аттағым келмейді.
Не істеу керек?
«Өлмейтінге өлі балық кездеседі» дегендей, маған жеңілдеу бір кəсіп
тағы да табылған сияқтанды.
Кітаптың қарасын жүргізуге үйреніп қалғаннан кейін мен «Зарқұмнан»
басқа да талай қиссаларды жаттадым. Олар төрт жүйе болатын еді.
Бір жүйесі: ислам дінін сүюді үгіттейтін қиссалар, олар: «Пайғамбардың
Миғражға шыққаны» — Мүхаммедтің көкке шығып, тəңірімен сөйлесуі
туралы; «Зарқұм» жəне «Сал-сал» — Мұхаммедтің ислам дінін тарату
жолындағы соғыстары туралы; «пайғамбардың дүниеден қайтқаны» —
Мұхаммедтің
өлер
алдында
үмбеттеріне
айтқан
өсиеті
туралы;
«Кербаланың шөлі» — Мұхаммед өлгеннен кейін оның мемлекеті екіге
бөлініп соғысқаның сол соғыста Мұхаммедтің ұрпақтары Хасен, Хұсайын
бастаған жақ жеңіліп, екеуі де өлуі туралы...
Екінші жүйелі қиссалар махаббатқа арналған, мысалы: «Лəйлі-
Мəжнүн», «Бəдіғүл-Жамал», «Қисса и Хұсырау патша», «Сəйфіл-Мəлік»,
«Жұсып-Зылиқа», «Рүстем-Зарап» тағы басқалар...
Үшінші жүйесі ертегілер, мысалы: «Тəмəмдар», — батырдың жынмен
алысуы туралы, «Шаһмаран» — жылан патшалығының өмірі туралы,
«Алтын балық» тағы басқалар.
Төртінші жүйелі қиссалар қазақ батырларының жорықтары туралы,
мысалы: «Алпамыс батыр», «Қара қасқа атты Қамбар», «Ер Тарғын» тағы
басқалар... Немесе, «Қозы Көрпеш — Баян», «Қыз Жібек» сияқты махаббат
жырлары.
Бұл қиссалардың бəрін өзім ғана тауып ала бермеймін. Менің қиссаны
жаттап та айтуымды, оқып та бергенімді көргендер естімеген тың
қиссаларды тауып əкеледі.
Қиссалар əртүрлі орында айтылады: бірі — «қыз ойнақта», бірі — қарт
адамдардың жиынында, енді бірі — əркімдердің жеке үйінде. Солардың
ішінде ең аз айтылатыны «қыз ойнақ». Себебі — бұл ылғи қыз-бозбаланың
жиыны ғана болады да, олар анда-санда ғана болмаса, əндерді көп естуді
ұнатып, қиссаларға құмарта бермейді. Мен əлі əн салу жағына шорқақпын.
«Үлкендердің жиыны» дегеніміз — ауыл адамдарының бірнешеуі күндіз
қалаған үйіне жиналып, маслихат құрады да ермек іздейді. Қисса
тыңдаудан артық ермек оларға табылмайды.
Іші пысқандар, не еріккендер мені қисса оқуға шақырса, сұлыға дəніккен
аттай жортып барам, өйткені ол күні менің тамағым тоқ... Қиссаны оқуға
кейде жалығып та кетем, себебі тыңдаушыларым кейде қиссаның бірінен
соң, бірін айтқызып, айтушы жалыққанмен, тыңдаушылар жалықпайды.
Қалжырап жығылатын, немесе «енді шаршадым» деп қашып кететін
күндерім де көп болады. Кейбір күндері тыңдаушыларым «жалықтым»
деуіме қарамай, етегімнен ұстап отырып зорлап айтқызады.
Қисса айқызушылар əртүрлі: біреулері дін қиссаларын ғана ұнатады да,
өзге қиссаларды тыңдағысы келмейді. «Пайғамбар айтты» деген сөзді
естігенде, немесе пайғамбардың басына қиындық туатын кезеңдер
ұшырағанда, олар кеңкілдеп жылап отырады. Кейде олар жоқтан өзгеге
жылайды, мысалы:
«Айтайын пайғамбардың миғражын,
Бəһіште киген екен лəулəк тəжің
Достына ғаршы асып барған шақта,
Зар жылап көп айтыпты үммəт назын».
— деген бір ауыз өлеңді айтқанда «алда, садағаң кетейін-ай, біздің
қамымызды ойлады-ау, сонда. Сондай үмбеті не көрсетіп отырмыз, оған»
— деп кейбір діншіл шалдар еңіреп қоя береді...
Рысқұлдың Аткелтірі, Сымайылдың Қасымы, Итаяқтың Құсайыны,
Мəжімнің Қоңыры сияқты үйлерге барсам, олардың тыңдағысы келетіні
түгелімен батырлық туралы жырлар. Бұл жырларды олар аса құмартып, бар
ықласымен беріле тыңдайды...
Ал, қыз-ойнақтарда, немесе Тоғанастың Нəзірі сияқты, Қантайдың
Сəдуақасы сияқты, Қабанбайдың Ғабдолы сияқты, Ахметтің Бейсемібісі
сияқты үйлерде үнемі махаббат жырын ғана естігісі келеді.
1912 жылдың қысына кіре, əр жерге барып қисса оқуым біртіндеп
сиреуге айналды. Жаманшұбарда бас-аяғы елу шақты-ақ үй бар, олардың
ішінде: Дүйсеннің Кəсені, біздің Еменалы, Жұсып, Төребек, Сары
Дүйсембі сияқты адамдарға сенің қиссаңның, түкке де керегі жоқ. Олар
үйіне шақырып ап қисса тыңдау түгіл, біреудің үйінде оқып жатқан қиссаға
кез келсе, де мылжың көріп шығып кетеді. Қисса тыңдағысы келетін
үйлердің саны Жаманшұбарда көп болса жиырма бес, отыз ғана. Олардың
да көбі, бірден я екіден артық тыңдамайды...
Сонымен, мен қыстың алғашқы бір-екі айында қисса оқитын үйлерді
тауысып алдым. Шақырып оқытатын үйлер біріндеп азайып, аяғы сұйылып
кетті.
Енді қалай күн көру керек?
Ағайындардың ұйғаруынша, менің тұра тұруға тиісті үйім —
Еменалынікі. Дəулеті шағын болғанмен, ол үй тамағын тоқ қып ұстайды.
Мені де ол үй астан.қақпайды. Тек қана келісімсіз жері — Еменалының
менен екі жас кіші Сəдуақас дейтін баласы бар, өзі — өлердей тентек жəне
жап - жас қалпымен бармағы жорғалаған домбырашы. Ол екеуміздің ауыз
жаласатын тату күндеріміз де, керісіп қалатын кикілжің күндеріміз де
алмасып отырады. Бір араздассақ, екеуміз бірнеше күн араздасамыз. Сонда
ол: «Кет, қаңғырған ит, сені кім шақырды?» дейді. Менің ол үйден
сырғыңқырай беретін себебім — сол.
Солай... тиянақты орын болмай, қисса оқуға шақырушылар азайып,
жүдеңкіреп жүрген күнімде, біреудің жұмсауымен үш-төрт сиырды суармақ
боп алдыма салып, қыстаудан төрт-бес шақырым жердегі «Қырық құдық»
аталатын шілікке келе жатыр едім, алдымнан көп сиыр айдап келе жатқан
жайдақ атты біреу көрінді. Əлжанның Қайызы деген жігіт екен. Ол
еңгезердей биік жауырыны кең, денесі семізше, үлкен көк кезді жігіт.
Жеңгелері оны «Шағыр» дейді. Соларға еліктеп бүкіл ауыл да «Шағыр»
дейді. Қайыз кезінде балуан да болған. Оның Əлі дейтін ағасы бар,
Сұлушаш дейтін жеңгесі бар. Шешелері тірі аты — Алтынай. Оның дене
тұлғасы да, беті де Қайызға тартқан жуан сары кемпір.
Еншілерін алмаған бұл екі жігіттің, дəулеті мол; «Қырық қара» атанған
жылқылары бар, жүз елулеп қойы, ұсақ-ірісі аралас отызға тарта сиыры
бар. Солардың жазғы пішеніне де, қысқы күтіміне де жалғыз ғана жалшы
жалдайды, оның əлі жетпегені Қайыздың мойнында. Əлі жұмысқа
жарамайтын сырқат адам. Оның үстіне мүлгіген сопы. Сондықтан,
домбыра, өлең сияқтыларды «шайтанның жұмысы» деп Əлі үйінің
маңайына жолатпайды, өлең айтылған, домбыра тартылған жерден қашып
жүреді. Жаңағы «Қырық құдықтың» жолында қарсы жолыққан Қайыз:
— Ə, сен бе едің, бала? — деп менің қасыма атын тоқтатты да, ол-пұлды
сұрап тұрып, — сен бала бүгін кешке біздің үйге келсең қайтеді? — деді.
— Неге? — дедім мен.
— Тұртайдың, жылқышысы Мақан көп қонушы еді, соған қисса оқып
бер.
Мақанды білем. Ол — оқушыларға белгілі Кəжімбайдың баласы, өзін
талай көргем де: дембелше, сом денелі, орта бойлы, қараторы өңді, сақал-
мұрты жаңа шығып келе жатқан жігіт болатын.
— Жарайды,— дедім мен Қайызға.
Қайыз кете барды. Былай шығып, уəде беруіме өкінген де сияқтандым,
өйткені Қайыздың жеңгесі Сұлушаш асқа сараң, үйіне кісі барғанды көп
ұнатпайтын, ас берсе, күңкілдеп сөйлеп беретің жыбырлаған ұсақ кісі де.
Бірер рет барғанымда: «Не бар, əрі бетіңмен қаңғыратын, бар əрі,
сүйретілмей!» деп қуып та шыққан.
f
Дегенмен, ымырт жабыла Қайыздікіне бардым. Дүнияға сараң бұл үй
«бестік» аталатын кəресін лампысына жылында бір ғана пузыр сатып
алатын да, ол сынса, үш тиынын шығынсынып, екінші рет алмайтын,
пузыры жоқ шамды да ол қонақ келсе ғана құрмет есебінде жағып, қонақ
келмеген кезде майшаммен отыратын.
Мен үйге кіргенде Сұлушаш пен Қайыздың əйелі ауыз бөлмедегі, оты
маздаған қазандықтың алдында ас даярлап жатыр екен. Тегі, Қайыздың
мені шақырғанын білмеген болу керек Сұлушаш:
— Қайда барады, мынау, тағы да сүмірейіп? — деп күңкілдей қалды.
Сол сөз құлағына шалынды білем, — төргі бөлмеден:
— Əлгі, Сəбит пе? Мен шақырғам оны, жібер бері қарай, — деген
Қайыздың дауысы естілді.
Үйді ортасынан бөлген шұбалма пештің есігінен төргі бөлмеге қарай
кірдім. Арғы бөлменің тақтайдан жасаған биік сəкісі болатын. Менің
көзіме қараңғы бөлменің ішінен ең алдымен сығырайып кіп-кішкене
жалыны жылтыңдаған пузырсыз «бестік» шалынды. Қыпылықтаған
тинақтай жалынның үстінде, жіңішке қара лентадай боп түтін будақтап тұр.
Кəресіннің исі бөлменің ішін алып кеткен.
«Бестіктің» маңайында кім отырғанын мен көзім үйренген соң ғана
абайладым: Қайыз бен Мақан ғана. «Əлі қайда екен?» деген оймен күңгірт
бөлменің, ішін көзіммен шолсам, үйдің түкпірінде қисайып жатыр.
— Ал, енді отырма, бала,— деді Қайыз, амандықтан кейін— баста бір
қиссаңды!
Домбыра іздегенімді кескінімнен түсіне қойған Қайыз көз қырын
бұрышта жатқан ағасын ымдады да, «домбыра əкелуге ұлықсат етпеді»
дегендей, ақырын ғана басын шайқап, ернін тістеді.
— «Алпамыш батырды» баста, — деді Қайыз. Мақан қостай кетті. Мен
бастай жөнелдім.
— «Алпамышты» жаттауын өзім жаттағанмен, оның өлеңін қандай
əнмен айтуды мен Тəжінің Қазыбегінен үйренгем. Ол бізден он шақты
жастай үлкең өзі ағып тұрған қиссашы, бірақ домбыра білмейді, жай ғана
əндетіп айтады. Оның қисса айтуында көп өнер бар. Мысалы, Алпамыш
батырдың əкесі — Байбөрінің сөздерін айтқанда бет жəне дене қимылымен
шалдың дауысына лайықты əнмен айтады; Алпамыш батырдың өзіне
арналған сөздерге келгенде денесін батырдай қомдап, түсін суытып,
дауысын екпіндетіп жібереді; Алпамышты алдап қолға түсіретін мыстан
кемпірдің сөздерін айтқанда, арық денесі бүкшиіп, тісі жоқ адамдай аузын
малжаңдата сөйлеп. кемпірдің даусына салып, түрі де, үні де кемпірге
ұқсайды; айлакер, қу қойшы — Кейқуаттың сөздерін айтқанда бет
құбылысы да, дене қимылы да, дауысы да кəдімгі аумаған күлдіргіш жігіт
болады; Алпамыштың сүйікті əйелі Күлбаршынның сөздерін айтқанда
сызылған жас əйелдің үнін естисің, қылмиған бет бейнесін көресің...
Қысқасы қиссаны айтқанда, Қазыбектің бір өзі əлденеше кісінің, бет
бейнесін көрсетеді, əлденеше түрлі үнге салады... Бірақ ол мен сияқты
қисса айтуға елпілдек емес, қырсау; анда-санда ғана, ықласы түскенде ғана
бірер қиссаны айтып береді де, басқа уақытта «əке құлдық» десең, жұмған
да аузын ашпайды.
Қазыбектің қисса айтудан басқа өнерлері де көп... Ол ең алдымен, екі
аяғы пендеге жеткізбейтін жүйрік оның денесі иіліп, бүгілгенде сымдай
бұратылып, тік қойған бақанға мысықтай өрмелеп шығады, екі сырықты
аяқ қып жүргенде, аяқты кісіге жеткізбейді... Суға малтымпаздығы да,
сүңгігіштігі де үйрек сияқты, доғаның бір басын жерге тіреп қойып, екінші
басынан қолымен ұстап денесін айналдырғанда, сүйек те, буын да жоқ па
деп ойлайсың... Оның қарғыған жерінен, сирағы қандай ұзын, өзі қандай
шапшаң болғанмен ешкім қарғи алмайды.. Кигіз үйдің желбауынан ұстап
өрмелеп, шаңырағынан шығып кете береді... Ол цирктің артисінен кем
ойнамайды...
«Алпамышты» айтуда Қазыбекке еліктеймін, дегенмен мен əрине, ол
бола алмаймын. Дегенмен Мақан мен Қайыздың алдында «Алпамышты»
мен де өнерім жеткенше айтып бердім.
Мақан маған аса риза болды.
— Бала, жарайды. Бейшара жетім қалса да, құдай өнер берген екен. «Лақ
маңырап су ішеді, ұлан жылап күн кешеді» депті. Тірі болса, ертең жігіт
боп кетеді, — деп біраз көтеріңкі сөздер айтып алды да, тағы біраз кеңесіп
отырғаннан кейін:
— Осы баланың бəрібір жайы жоқ көрінеді ғой, — деді ол Қайызға. —
Менің қасыма ас істеп беретін бақыршы бала да керек боп жүр еді, тамағы
тоқ, көйлегі көк, жұмысы жоқ дегендей, маған барса жақсы болар еді, бұ
бала. Əлі жапан түзде жалғыз жүрген адамға қисса айтып ермек болар еді,
Нұртазамен осы жөнінде сөйлессем қайтеді?
— Сөйлесуге болады,— деді Қайыз.— Бірақ Нұртазаға сөйлесуден
бұрын, бұның өз ризашылығын білу керек.
Мені көнбейді деп ойлады ма, немене Мақан үгіттеуге кірісті.
— Киіміңді жылы қып бергізем, — деді ол, — жайлауда тебінде жатқан
жылқыға барасың, ет көп, құрт пен ірімшік те көп. Күнде жейтінің —
жылқының семіз еті; ішетінін, семіз сорпаға езген құрт болады. Ет асудан
басқа түк жұмыс істетпеймін, саған. Күндіз бір мезгіл атқа мініп, жылқы
қарайсың. Еріккенде қисса оқытам. Ол — сен қиналатын жұмыс емес.
Мойның қылтиып жүдеп кеткен екенсің, маған барсаң көрерсің,— аз күнде
тұлыптай боп семіріп кетесің.
— Бұған бармасаң, өзің де оңбассың — деді Қайыз. — Мақаннан басқа
қасында кісің болмайды. Түнде жылқы күзеткеннен басқа жұмысы
болмайды Мақанның. Ол да ерігеді, сен де ерігесің. Қисса керек болса,
күні-түні соқта жат!
— Кəне, не дейсің бала? — деген сұрауды Мақан бірер рет айтқаннан
кейін:
— Барам, — дедім мен.
ЖЫЛҚЫШЫ
Міне, мен — бақыршы баламын. Қосымыз Дос пен Шошқалы аталатын
екі көлдің арасындағы қалың бетегелі жазықта. Айналамыз — аппақ қар
жамылған кең дала. Борасыны көп болатын бұ даланың жер бетін
жамылған қары, толқындаған судың бетіндей боп иректеле біткен.
Айналамыздағы осы ирек қарды қосты айнала жатқан жылқы теуіп,
астындағы шөбін алып жегендіктен, төңірегіміз түп-түгел ор боп,
жылқының тұяғымен үйілген қарлар ақ төмпеленіп, өрген қойдай
жыпырлап жатыр...
Біздің баққанымыз — Тұртайдың жылқысы: Сан шамасы жеті-сегіз
жүздей. Оған со жылы біздің Жаманшұбардан үш-төрт жүздей жылқы
қосылған...
Тебіндегі жылқыны бұл — менің бірінші көруім. Жылқы деген жануар
— мал атаулының ішіндегі қайраттысы екен. Өте бір түтеген боран соғып
кетпесе, қандай ызғарлы суықтарда, ешуақытта желге жонын бермей,
маңдайын бере қарсы қарап қар тебеді. Со кезде жел көтерген оның жалы
жалаудай желбіреп, көтеріліп кетеді. Құйрығы аспаннан сорғалаған
жауындай тарамданып, көсіліп тұрады. Қарсы алдынан соққан желдің лебі
қар бетінде жүгірген борасынды əкеп кептегендіктен, боз жылқы түгіл,
қара, не торы сияқты баран түсті жылқылардың да маңдай терісі
ақбурылдана қалады... Қыс бастала еркін жетілетін жылқының түгі, ол
кезде құндыздай құлпырып, желдің лебінен желпілдегенде көзіңді
тоқтатпайды...
Осы бейнедегі жылқы жануарлар қалыңдығы бауырынан келетін, үстіңгі
жағы қабыршақтанып қатып қалған қарды, кейде алдыңғы оң аяғың кейде
сол аяғын көтеріп жіберіп, тұяғымен салып кеп қалғанда, сүймен тиген
мұздай қар опырылып түседі. Опырылған қарды тұяғымен кейін көсіп,
лақтырып тастаған жылқылар, қардың кетілген жерлерін кеңітіп алғаннан
кейін астында ұйпаланған көделерді, қарға тұздықтай, аузын толтыра
асайды...
Жылқыларда да аналық мейірім барын со кезде байқайсың. Соңынан
құлыны, тайы ерген мама биелер» қар тепкенде əуелі өзі оттамай,
балаларына шөп ашып береді де, олар біраз қаужалап алғаннан кейін ғана
өзі оттауға кіріседі...
Мың жарымға жақын жылқының тұяғы жер шыдата ма, қос тіккен
төңіректің, оты əп-сəтте бітіп, құлази бастайды, со кезде «тебін аудару»
деген басталады, онымыз — жылқыны тың жерге көшіру.
Жылқының тыңға көшуі оңайлыққа түспейді. Бет алған жақта ойпаң
кездесіп, қар қалыңдап кетсе, жылқы беттемей тұрып алады. Ондай
ойпаттар далада жиі кездеседі, содан жылқыны өткізерде, «айшық мүйіз ақ
серке қойды бастар» дегендей, қалың, жылқыны бастай жөнелетін
көсемдері болады. Бұлай бастауға аса бір қарулы айғырлар мен биелер ғана
түседі.
Көсемсіген бір жылқы қалыңға түсе жөнелгенде, оның артынан
тізбектелген жылқылар шұбыра бастайды. Сол ізге қалың жылқы түгел
түсе қалғанда, олардың тұяғынан жасалған қардың жырасы қазған терең
каналға ұқсап кетеді.
Тебін осылай аударылады.
Қос жаңа тебіннің орталау тұсына тігіледі. Олай тігілу жылқышының
баққан малы күндіз көздеп тұруына оңай. Қос маңайының оты сирегенде
ғана жылқы бір бетке ауысып, алыстаңқырайды.
Қос дегеннің не екенін қысқаша баяндап етейік: көлемі тарантастың
доңғалағындай-ақ кішкене шаңыраққа, айнала қадаған қазықтардың
сыртынан кигіз қоршалады да, түтін шығатын тоқымдай түндік салынады.
Қостың ішіне жатқан кісінің көсілгенде басы төріне, аяғы есігіне жетеді.
Ас-су да соның ішінде.
Мақан айтқандай, «ас» дегеніміз — жылқының еті мен соның сорпасына
езген құрт қана. Бұл екеуінен басқа тамақты жылқышы іздемейді де. Оның
айтуынша, «жылқының еті мен оның сорпасына езген құрттан басқа тамақ,
мынадай ызғарлы қыста, денеге қызу бере алмайды. Өзге тамақты жеген
кісі бұндай суықта жаурайды».
Жылқы етінің өзге малдың етінен күштілігі туралы Мақан толып жатқан
кеңестер айтады.
— Мысалы, — дейді ол, — осы суықта оттан түскен қазанды қостың
іргесіне қоя қойшы, егер жылқының сорпасы болмай, басқа малдың
сорпасы болса, бетіндегі майы ілезде тобарып қата қалады; ал, жылқының
майы үскірік суық болса да қатпай, балқып тұрады. Неліктен осы? Əрине,
жылқы етінің өзге еттен күштілігінен. Жылқының сорпаға шыққан майы
ғана емес, етінің де майы қатпайды.
— Қойдың, сиырдың, немесе түйенің етін тоя жеп көр, — дейді Мақан,
— екі-үш күнге шейін кекірігің сасып ауырасың, күпті боласың. Ал,
жылқының етін қанша тойып жесең де бойыңа тез сіңіп, қарның ілезде
ашады. Ол да жылқы етінің адамға өзге еттен тез ас болатындығынан.
— Жылқының қымызы — құрт аурудың (туберкулездің) мың да бір емі,
— дейді Мақан, — өзге малдың сүті неге осылай ем болмайды? Бұл да
жылқының сүтінің өзге сүттен күштілігінен.
— Күшті сүт,— дейді Мақан, — күшті еттен ғана шығады; жылқы етінің
өзге еттен қуаттылығына тағы бір мысал мынау: малдың денесіне
жаздыгүні жара түссе, шыбын қонып құрттайды. Жылқыдан басқа малдың
құрттаған жерін кезінде емдемесең, құрт ішіне түсіп өліп қалады. Ал,
жылқының еті құрттаса, қашан ісік желініп болғанша құрт жеп жүреді де,
таза етіне жеткеннен кейін өліп, түсіп қалады. Олай болса, оның тірі
күніндегі етінің өзі өзге малдың етінен анағұрлым қуатты.
— Ерте күнде, — дейді Мақан, — «Жасыл бағар» бойындағы нағашыма
бардым. Ол арада жылан көгі болады екен. Жылқы терісінің исі шыққан
маңайға жылан жоламайды екен. Далаға қонған адам жылан келмесін десе,
атының ер-тұрманын айнала жайып тастайды екен. Жылан шаққан адамға,
аттың т.ерін ішкізсе, мың да бір ем болады екен. Ендеше жылқының сүті
мен етін былай қойып, терінің өзі асыл болғаны ғой.
— Асыл болмай қойсын ба, — дейді Мақан, — жылқы жануар лай суды
іше ме, сасыған суға жолай ма? Ол тұнық, таза судан жүзіп жүріп ішпей
ме? Шөптің асылын теріп жемей ме ол? Асылмен тамақтандырған соң оған
қуат бітпей қойсын ба.
Жылқыны осылай сүйетін Мақан баққаным байдікі екен деп еш уақыт
малға қырын қарамайды. Тұртайға кейде ренжи жүре, «ол иттің қылығына
мал айыпты деймісің» деп байдың жылқысына жаны өз малынан кем
ашымайды. Қай уақытта ұйықтап, қай уақытта қоятынын кім білсін, ат
үстінен ол сирек түседі. Соншалық сақ бағудың арқасында, анда-санда
қисын таппаса, бір тайдың таңын қасқырға тарттырмайды. Егер тарта
қалса, кісісі өлгендей уайымдайды.
Суықта өсіп, еті үйреніп кеткендіктен бе, немесе жылқының еті мен
сорпасы расында қуатты ма, Мақан қандай суық болса да қалың кимейді.
Оның «қалың» деген киімдерінің өзі: байпақты үлкен етік балағын етікке
сұққан мол тері шалбар, етегін шалбарына сұққан қысқаша тон. оның
сыртынан киетін жұқа түйе жүн шекпен ғана. Өте бір үскірік боп кетпесе,
анау-мынау аязда тымақ кимейді ол. Басында кішірек қана елтірі бөркі
болады, соны кейде оң жақ шекесіне, кейде сол жақ шекесіне ауытқытып,
құлағын жылытып алады. Жылы күндері ол тонын да тастап, сырмалы
қамзолшасының сыртынан шекпенін де желбегей сұға салады.
Ол жердің қысының ызғары ең жылы деген күннің өзінде он бес,
жиырма градустен төмен түспейді. Жылы күндері де омырауы
ашылыңқырап жүретін Мақанның қырбық сақал-мұрты түгіл, түктілеу
келген төсіне де қырау тұрады. Кейбір үскірік суықтар Мақанның бет
терілерін, құлақ терілерін - қарып кетіп, аздан кейін үсіген тері
қабыршықтанып, сыдырылып түсіп жүреді. Сондықтан терінің, асты қызыл
шақа сияқтанып тұрады. Бірақ Мақан оны елемейді. Күн неғұрлым суыған
сайын, ол соғұрлым күреңдене түседі.
Мақан ешуақытта қар ертіп, беті-қолын жумайды. Ол ұйқтап тұрғаннан
кейін денесінің кіндіктен жоғары жағын жалаңаштанып қостан шығады да,
құп-құрғақ боп үгітіліп жатқан қармен денесің екі қолың бетін ысқылайды.
Со кезде Мақанның бұлшықтары бұлтиған денесінен бұрқырап бу
көтеріліп, терісі күп-күрең боп кетеді...
Асты ол əлсін-əлсін ішпейді жəне өлердей көп те ішпейді. Таңертең бір,
түсте бір ас ішкенде, ол үнемі майлы етті жеуге, майлы сорпаға езген
құртты ішуге тырысады. Бұндай тамақтарды бір сыдырғы жақсы да ішеді.
Майды уысын толтыра бес-алты жібере алады, бетінде майы кілкіген,
құрты қоюлау боп езілген сорпаның екі-үш аяғын тастап жібереді... Тұртай
жылқышысынан ас аямайды. Жылқының еті, оның ішінде жас жылқының
еті, өзге еттен қуаттырақ екенін білетін ол, Мақанға семіз байталдарды
сойып береді.
Не жердің оты таусылып қалмаса, немесе күн райы бұзылып кетпесе,
жылқы деген мал қыстыгүні тебінде жүре беруді жақсы көреді. Ол қарды
тоқырап тұрып тебеді. Сондықтан жылқыны жаңа тебінге аударған кезде,
Мақан екеуміз көбіне қоста отырып өлеңді ермек қыламыз.
Өлеңді Мақан маған ғана айттырып қоймайды, өзі де айтады. Оның
ерекше жақсы білетін жыры — «Көрұғылы». Зады түрікпендік жыр
болғанмен, қазақ ақындары бұл жырдың геройын қазақтікі қып алған.
Қазақша «Көрұғылының» оқиғасы да азербайжан жəне түрікпен
варианттарынан өзгеріп кеткен. Мысалы, азербайжандар Көрұғлының олай
аталатын себебі «көрдің» (соқырдың) ұлы болғандықтан десе, жырдың
қазақ вариантында, Көрұғлының олай аталатын себебі, геройдың шешесі,
герой іште жатқан күнде еледі де, бала (қабырда) туады. Сондықтан, ол
«Көрдің» (қабырдың) ұлы боп аталады!.. Осы жырдың қазақша вариантын
жақсы білетін Мақан оңаша жүрген сағаттарында əндетіп айтудан ауыз
жаппайды. Оның ұзақ жырдан жақсы білетіні осы ғана. Ал, қысқа жыр мен
ертегіден білетіні толып жатыр...
|