Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет19/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

ҚАНАПИЯНЫҢ ҚАЙРАТЫ
Менің шешем əнші болған кісі деседі. Оның шет жағасын өзім де
көрдім. Жастық шағында оның өлеңді ерігіп те айтуы мүмкін. Мен
туғаннан кейін ерігетін уақыты болған жоқ: Одан кейінгі өмірі жылауда
өтті. Сөйте тұра ол, кейбір күндері, əсіресе түн мезгілінде, мұң мен зарын
күңірене, көзінен жасы ақтарыла, əндетіп айтып отыратынын талай
естігенім бар. Ері өлгеннен кейін ол көбінесе, Ұлтуған мен мені екі
қолымен құшақтай, бауырына басып отырып айтатын еді. Сонда, менің
сəбилік сезіміме, оның қайғы-зарының ащы уынан көрі, ашық, əдемі
дауысының тəтті сазы көбірек ұялайтын. Мен оны, кейде:
— Бəже, маған əн үйрет! — деп қысайтынмын. Ол маған:
— Күнім-ау, неме жетісіп əн айтам? Жай, зарды төккелі отырған
күңірену ғой, бұл! — десе, мен еркелігіме бағып:
— Үйрет, деймін, Бəже! — деп қыстайтынмын.
Еркеліктің аяғы жылап қыстауға айналған соң, басқаша уатудың, ретін
таба алмаған соң «ал айтайын» деп, Бəжем ақырын ғана сыңсып, əлдене бір
əндерді 
айтатын. 
Олардың 
құлағыма 
жаққанын 
мен 
қайталап
айтқызатынмын. Бірақ, тым кішкене болғандықтан, кейбіреуін ғана ұғып,
көбін ұқпайтынмын... (Кейін білсем, шешем əн айт, немесе үйрет дегенмен,
шешем менің ырқыммен əн айтқанда, оған көңіл бөлмеген сияқтанып
отырғанмен, шешемнің аузынан шыққан əн мен өлеңнің бəрі Ұлтуған
қағып ала береді екен. Сол əндерді Ұлтуған бой жеткен кезде айтып та
жүрді. Мұстафаның əйелі Сілеусін, шешемнің немере сіңлісі. Ол бертінде
маған: «Бəжең қыз күнінде атаққа шыққан əнші еді» дейтін). Менің есімде
шешемнің тек екі-ақ əні қалды, бірі — қайырмасы «аххау кідік-ай, Əміркан
шірік-ай!» деп бітетін «Кідік-ай», екіншісі, — қайырмасы — «ау, уəй,
Шірəйлім қой кетті, жалаң қабат шапаннан, шапаннан жаңбыр етті!» деп
бітетін «Шірəйлім».
Мұстафа қызық кісі еді. Жас шағында ол əнші, серілеу жігіт болған.
Бертінде, ишанға қол тапсырып пірəдəр болғаннан кейін ол əнді қойған.
«Шəйтанның ісі» деп, ол үйіне домбыраны да жолатпайтын. Үлкен ұлы
Қамза үйіне алып келген домбыраны ол сындырып отқа да жағып жіберген.
Содан кейін балалары оның алдында əндетіп үн шығаруға да, қолына
домбыра ұстауға да қорқатын...
Сөйтетін Мұстафаның, кей күні, іңірде, ауыр сырқаттан тыныстаған бір
минуттерінде, 
əн 
сияқты, 
жыр 
сияқты 
бірдемені 
мұрнынан
мыңғырлайтыны болатын. Оның не екенін балалары батып сұрай
алмағанмен, өзімді алдында еркіндеу ұстайтын мен сұрап, баста
күмілжігенмен артынан шынын айттырғам... Ол расында өлеңші, əнші боп


шыққан...
— Үйрет! — деп қыстағам мен оны, сырын біліп алғаннан кейін.
Басында ол тартыныңқырап жүріп, мен жалына берген соң:
— Үйретейін, бірақ ешкім оны білмейтін болсын! — деген... Ақырын
дауыспен оңашада үйретпек болған кейбір əндерін мен қағып алғанда —
Ұлы атасы Шүкейге тартады екен Шəкіжаным! — деп қуанатын Мұстафа.
— Ол ақын да, əнші де, домбырашы да болған!..
Мұстафаның барым үйрене алмай араздасып шығып кеткен соң, менің
айналдыратыным, — əкемнің немере інісі Қасым болды. Зор денелі, зор
мұрынды, үлкен көзді, сұйық ұзын мұртты ол əн айтпайды, тек домбыра
мен қобыз тартады. Жуан саусақтарының, саласы табан қарыс бола тұра,
домбыраның, пернесін басуға епті-ақ. Ал, бұл маңайда қобыз шала білетін
кісі жалғыз сол. Біздің төртінші атамыз Байбарақ бақсы болған деседі. «Ол
қобызын бəйгеге қосады-мыс», «бір жолы қобызы байлап кеткен бəйтеректі
қопарып, бəйгенің алдында келіп-мыс». Қобыз тартуына жəне түсінің
суықтығына қарап, жұрт Қасымды да «атасына тартқан, бұған бойын
күтпеген соң аруақ қонбай жүр, əйтпесе бұл да бақсы болар еді» деседі.
Қасымның түсі өзгеге суық болғанмен, маған суық емес. Туыс көре ме,
əлде жетім деп аяй ма, үйіне барып домбыра, не қобыз үйрет десем,
домбыраны білгенінше үйретеді де, «қобызға қарағайдың шайыры жоқ,
онсыз шек орнына тағатың жылқының қылы сөйлемейді» деп, оны
үйретпейді...
Сонша соңына түскендіктен, Нұртазаның үйіне барып тұрған кезде, мен
тəп-тəуір домбыра тартам, ептеп əн де айтам. Бұлай бейімденуімді Нұртаза
ұнатпайтынын көрген соң, оған білдірмеуге тырысам... Бірақ сөз түріне
қарағанда ол білетін сияқты...
Нұртаза басында «əулекіленбе, əн-күй сенің не теңің!..», «құраң кітапты
көп қара!..» деген сияқты ақылды жеңіл үнмен, сыпайы ажармен айтып
жүрді де, мен оған тиыла қоймаған соң, бір күні алды да ұрысты.
— Сен оңсаң, мен мына пұштиған мұрнымды кесіп берейін, — деді ол,
— өмірде оңбайсың, сен. Оңатын түрің жоқ. Қайдан оңасың: молда бола ма
деп сүйреп ем, сиыспай қайтып келдің,.— Молда болсаң ғой, таза орында
отырасың, таза тамақ ішесің, құдай сені оған итермей тұр!.. Итерер еді,
маңдай сорың бес елі болмаса... Домбыраға, өлеңге əуес дейді, сені... Ол —
сенің не теңің. «Асық ойнаған азар, топ ойнаған тозар, бəрінен де қой
бағып, көтен жеген озар» депті. Салдық не керек сағаң өлең не керек сағаң
күн көруіңді ойласайшы!..
— Енді жұмысқа салудан басқа, сені қояр орным қалған жоқ, — деді ол,
тағы біраз жерлеп ап, — шөпке машина шығарғалы жатырмын, машинаға
парлап атан өгіз жегеміз де, алдында бастап отыратын ат саламыз. Сол


аттың басына мінесің. Жаның қиналатын жұмыс емес, қалай қарайсың? —
деді.
— Жарайды,— дедім мен.
Шел шабуға аттандық. Жеті кісіміз: машинаны жүргізуші — Бекқожа,
Нұртазаның жиені Бірəлі, баласы Мырзағазы, пайға қосып алған —
Тышқанбайдың Ахметі, машинаға көлік қосқан — Шəйкең Нұртазаның екі
малшысы жəне мен.
Дос пен Жаманшұбардың арасында шөптен басқа өсімдік шықпайтын
жап-жазық кең дала жататын, бетіне жүндес қойдың жабағысындай
ұйысып қалың, қау шығатын.
Нұртаза айтқандай, қол шалғы қыя алмайтын ол қауға өмірінде өрттен
басқа нəрсенің, тісі батқан емес.
Нұртазаның «Махкормигі» осы қалың қауға кеп сүңгіді де кетті.
Қанапияның машинасы бізден əрірек «Құмды көл» беттегі тағы бір
жазыққа барып түсті...
Күн сайын ауыстырылып, тың көліктер жегілетін машина кең даланың
қалың қауын шыдатпауға айналды. Машина түн ортасын аударып барып
тоқтайды, өйткені ол кезде жерге қалың шық түседі де, машинаның орағын
қақалдырып жүргізбейді. Шық күн көтеріле ғана кебеді. Содан бастап
жегілген машина түсте көлігі ауысқанда болмаса, келер күннің ортасы
ауғанша тоқтамайды.
Осындай қимылмен машина шөпті жосылта шауып, аз күннің ішінде
жазық далада ерген қойдай боп шөмелелер жыпырлап үйілді де қалды.
Оларды шошаққа, не маяға салуға уақыт жоқ, қостағы адамдар үлгермейді.
— Апырай, мынау расында керемет екен — деп таңданысады көргендер.
Бұ — не деген көп шөп!..
Көлденең жұрт солай қайран қалғанмен, Нұртазаның өзі қанағаттана
қоймайды. «Кедей байға жетем дейді, бай құдайға жетем дейді» дегендей,
ол енді Əлтиге жетуді арман етеді...
Əлтидің машинасы біздің күнгей жағымыздағы «Айман» аталатын
көлден əрі қарай біткен далада. Ол даланың арғы шеті «Қақтың қара суы»
дейтін тұзды көлге барып ұштасады деседі, сонда екі арасы жетпіс-сексен
шақырым. Бұл арада жайлайтын да, қыстайтын да ел жоқ, сондықтан қауы
аса қалың өседі. Бос жатқан жерге Əлтидің он машинасы ұдайымен қатар
түскен соң не шыдатсын!..
Дəулетінің молдығы Нұртазаны жүз орап алатын Əлти жалшыны екілеп-
үштеп емес, елу-алпыстап жалдайды екен. Солардың қолынан үйілген


маялар, əрқайсысы бес-алты этажды үйдей боп «Айманның» даласына
қаптады да кетті. Соған қарап тұрып, не əдейі аттанып барып көріп кеп:
— Біздің шапқан шөбіміз шөп пе тəйірі, — дейді Нұртаза. — Шөп деп
анау Əлтидікін айт!..
Шөптер солай шабылып жатты... Əлтидің жалшыларына не ас беретінін
кім білсін, біздің Нұртазаның үйі айран мен қымыздан басқа ішімдік
жібермейді, ірімшік пен құрттан басқа жемдік жібермейді. Ыстық күнде
шыдамай айран ашып кетеді, оны ішсең, у ішкендей өңешіңді тіліп түседі.
Ал, қымыз ше?..
Қымызда «айну» деген ауру болады. Айныған қымыздың дəмі ермен
татып, жүректі айнытады жəне өлердей ащы болады, оған қоса, ішке
тоқтамай айдап кетеді... Айнудың себебі, биенің сүті бұзылудан. Қай биенің
сүті бұзылғанын, əр биенің сүтін жеке қайнатып көріп біледі. Айныған
биенің сүті қайнатқанда іриді, айнымаған сүт ірімейді. Биенің, сүті айнуың
ауыл адамдары ауру шөп оттағаннан деп ойлайды...
Сол жылы Нұртазаның барлық биесінің сүті айныды ма, болмаса олжа
көрді ме,— Нұртазаның үйінен пішеншілеріне айныған қымыз үздіксіз
келеді де тұрады.
Пішеншілерінің ішетіні осы болса, жейтіні — ірімшік пен құрт. Оларда
өзге үйлердің, қайнататын құрт пен ірімшіктері емес. Нұртазаның үйі со
жылы «Альфа Новель Внвалова» компаниясынан сүттің сепараторын сатып
алған. Құрт пен ірімшікті ол үй сепаратордан шыққан «обороттан»
қайнатады. Қаймағы сепаратормен ағызылған бұндай сүттің ірімшігі мен
құрты əрі сағызданып қатып қап, тісі мықты біреу болмаса шайнай
алмайды, əрі астығы аз болады.
Ішетін де, жейтін де тамақтары осындай болғандықта.ң пішеншілер
ұрлықпен күн көруге кірісті. Шөпке түскен түннен көп кешікпей,
қосымызға бір түні аузын буған бір семіз тоқты келді. «Үй жіберіпті» десті
Бірəлі мен Мырзағазы. Осындай тоқтылар екі-үш күнде бір келе бастады...
Олардың бəрі ұрлықтан келетінін мен кейінірек білдім: батыс
жағымыздағы «Құмды көлді» жайлайтын Күрлеуіт пен Достың арғы бетін
жайлайтын Өтей-Дəуіштен əкеледі екен. Ұрлық етіне тойынған менің
серіктерім мырзасып, көрші пішеншілерді қонаққа шақыратын болды.
— Бала, сен қарагер атқа мін де, Нəзір мен Қанапияға барып кел, — деді
бір күні Мырзағазы. — Кешке біздің қоста болсын деп жіберді де.
Нəзірмен оқушылар таныс. Қанапия оның туған ағасы. Бұл маңайдың
жан жықпаған атақты балуаны, халықтың сүйкімді жігіті болған
Қанапияның мінезі де тамаша.
Ойнақы мінезді ол, үлкенмен де, кішімен де құрдас. Ол əсіресе


балаларды жақсы көреді. Қыс демей, жаз демей қолы бос күндерде ол,
ойнап жүрген балаларға келеді де, «сендерге күрес үйретем» деп, теп-тегіс
күрестіреді, «олай емес, былай күреседі» деп, балаларға тəсіл үйретеді, мен
де одан тəсіл үйренем. Жəне мен күрескіш-ақпын. Мақтанғаным емес, өзім
теңді балалардың көбінен жығылмаймын. Кейде жасы үлкен балалармен де
ұстасып, кейбірін жығып жүрем, сонда күшім асқандықтан емес,
«Қанапияның матауын» қолданғандықтан. Ол ұстаса кеткенде, қарсы
жақтың сол жақ қолын оң қолтыққа қыса, он жақ білегінен, қапсыра ұстай,
оң жақ жамбасынан шалып жығу. Бұл əдісті қолдана алған адам, жерге
қарсы жағының денесінен көрі, төбесінен бұрын тигізеді. Қанапияның өзі
бұл əдіспен өте қатты жығатын болған. Кейде, төбесінен шаншыла түскен
қарсы жары талып қалады екен сондықтан, өзіне сенген ілуде біреу
болмаса, Қанапиямен күреспейтін болған.
Қанапияның əдісін мен өзге балалардан тезірек үйрендім. Сондықтан ба,
əлде жетім деп аяй ма, Қанапия маған ерекше көңіл бөліп көбірек
күрестіреді. «Осы пұшығым балуан болады» деп мақтайды.
Күрес, əрине, киім жыртатын ойын. Жаз болса біз, тек балағын түрген
дамбалмен ғана жалаңаш күресеміз, қыс болса, əрине, киіммен. Əке-шешем
тірі кезінде, мен киімнің жыртылғанына қарамайтынмын, талай рет
жауырынын жыртып, қолтығымды сөгіп, балағымды айырып келетінмін,
бірақ олар ұрыспайтын. Күнім Мұстафаға түскеннен кейін киімімді
жыртқан бірер ретте таяқ та жегем. Тағы бір ретте, күрескен бір бала
жығып қап, ызалы күйінде жап-жаңа ситса көйлегімнің дал-далын
шығарған. Соны көрген Қанапия, ызақор балаға «оның не?» деп ұрысқанда,
өз үйінен маған көйлек тіктіріп берген. Нұртазаның үйіне келе, мен күресті
доғарғам, өйткені, бір рет қолтығымды сөгіп келгенде, Нұртаза: «Өле
алмай жүріп, күрес сенің не теңің? Бұдан бұлай күресші, — желкеңді
үзейін!» деп қорқытып, қолтығымды əрең тіктіріп берген...
Күресті сиреткенмен Қанапия менің көкейімде. Жігіттікке жеткен соқ
сондай балуан болу арманым да. Сондықтан, оны əрдайым көргім,
сөйлескім келе беретін... Ендеше, Нұртазаның пішеншілері Қанапияны
қонаққа шақыруға мені жұмсаса, мен оған, əрине, елпілдеп ұшып кетем!..
Мен сөйттім. Арқасы жауыр боп, міністен қалған арықтау, қамшы кесті
шабан қарагер атты жайдақ мініп, Қанапияның қосына кете бардым.
Біздің қостан Қанапияның қосы ол кезде алыстап кеткен. Ұзақ уақыт
жүріп жетсем, Қанапия қосының төңірегінде көп қой иріліп тұр, — шамасы
əлденеше мың бар сияқты.
Сұрастырсам, бұл қойлар — Үй өзенінің бойындағы бір саудагер байдың
жоғарғы Атбасар жағынан сатып алып əкеле жатқан қойлары екен.
Саудагердің өзі ілгері өтіп кетіп, қойшылар ғана қалыпты. Қалың қой
шауып жатқан жерін тапай өрген соң:


— Потрава
28 
алмай қойларды жібермеймін, — дейді. Қойшылар «не
аласың?» деп сұраса, «жиырма қойдан кем алмаймын», — дейді Қанапия.
«Оншалық қойды біз билеп бере алмаймыз, — дейді айдаушылар. — Байға
кісі жіберейік өзі не приказчигі келсін, сөйлесерсіңдер».
Олар осыған келісіп, байдан хабар күтіп отыр екен. Қанапияның
қасында үш адам болатын: өзі, інісі Нəзір жəне Қалабайдың Таспайы деген
жігіт. Мен барған кезде Қанапия мен Нəзір қойдың біреуін сойдырып,
жерошаққа орнатқан бақырға етін астырып жатыр екен. Мен келген
жайымды айтқаннан кейін:
— Естіп жүрмін, — деді Қанапия, күліңкірей сөйлеп, — Нұртаза
пішеншілерін ұрлық етімен асырап жатыр» деп. Қайтсін, өйтпей, біз
сияқты бай кісі емес, кедей кісі, — «қысқа жібі күрмеуге келмей» жүр де.
Бірақ сəлем айт Мырзағазыға, «адал ет асқанда ғана барам деді» де. Өзің
отырып ет жеп кет!
— Əй, мұрныңды ұрайын, мына домбыраны ұста да, «Зарқұмды
29 
біраз
термелет! — деді Нəзір маған, мен ет жеп кетуге тоқтағаннан кейін.
— Айтпақшы, — деді Қанапия, — осы баланы жұрт өлеңге əуестеніп
жүр дейді, өзім естіген жоқ ем, енді естиін, қымсынбай айта ғой, шырағым!
Нəзір атаған «Зарқұм» Мұхаммед пайғамбардың Ғирақ елімен
соғысқанын баяндайды. Менің қолыма ол қисса өткен қыста түскен де,
басынан-аяғына дейін жаттап ап, айтып жүретінмін. Қисса маған тамақ
болуға да айналған, өйткені аз қыдыратын кейбір қартаң адамдар мені
үйіне шақырып алатын да, «Зарқұмды» айтқызып, артынан алғысын қоса,
асқа тойғызатын. «Зарқұмды» айта-айта, мен кімнің алдында болса да,
қымсыну дегенді қойғам. Жəне. домбыраға қосып əндете, термелей
айтатынмын.
Қанапия мен Нəзір өтінген соң, мен «Зарқұмды» дағдылы əніммен
домбыраға қосып төпей жөнелдім:
«Ал, табылар сөйлесе сөз жоқтан ғайып,. ;
Сөзде хата көрінсе қылма айып,
Кешегі хазірет — расул заманында,
Бір үлкен соғыс болды таңғажайып.
«Аяман «ал» дегенде тіл мен жақты,
Қосыпты тыңдағанға ынтымақты.
Сөйлейін пайғамбардан бір хикаят,


Отырған көп жамағат сал құлақты...
Анық бір күн табармыз, о дүниені,
Өлсек қайтып көрмейміз, бұ дүниені,
Сахаба отыз үш мың, төрт шаһар — яр,
Бір күні мекен қылды Мəдинəні.
Алар һам өтіп кетті сабазларың,
Кетіп кейін тастады қағаздарын.
Хақ пайғамбар бас болып баршасына,
Оқып тұрған памдаттың намазларын»
«Ей, ішінде бір мəжидтің енді сонда,
Пайғамбарды имам қып тұрды сонда.
Хазірет Жебра-иль хахтан келіп,
Хабибіне хабарды берді сонда.
Достына бұ хабарды берді сонда,
Құдайдан сəлем айтып тұрды сонда.
«Ғирақтағы» ғарабтың падишасы,
Сізнің үшін лəшкəрін жиды сонда.
Ешітіп Шаһи Зарқұм ашуланды,
Ашуланып лəшкəрін жинап алды.
Хисапсыз көп ғаскермен келмек болды,
Бұ жақтан қырмақ болды тəмам жанды.
Ей, пайғамбар алды-артыңды жиын деді,
Өзі күшті тəңіріңе сиын деді.
Одан бұрын лəшкəрін жинап алып,
Болады бара алмасаң қиын деді...»
Мен қиссаның, осы арасына келгенде, өзі де желөкпе Нəзір «па-а-а-у...


өй!..» деп айқай салып көтеріліп кетті. Сабырлы мінезді Қанапия:
— Бөгеме Нəзір, айтсың қызығы енді келеді, — деді. Мен əрі қарай
төпей жөнелдім...
Нəзір бөгеген жерден арғы уақиға былай болды: Мұхаммед
пайғамбардың қолы үш айлық шөлді кезіп отырып, Ғирақ еліне жетеді де,
жиналып болмаған Зарқұм патшаның елімен соғысады.
Ескі заманның соғысында батырлардың «жекпе-жекке» шығуы деген бар
ғой. Мұхаммед пайғамбардың бас батыры — хазірет Ғали, Зарқұмның
жекпе-жекке шыққан батырларын шыдатпайды. Қайдан шыдатсын — дін
кітаптарының сипаттауында, — оның «бойының ұзындығы да, көлденеңі
де қырық кез... Ақырса маңындағы жұрт талып қалады... зұлфұқар атты
қылышын қаһарлана сілтесе жеті қабат жердің астындағы көк өгізге
жеткізеді... дүлдүл атанған оның аты ұшқан құстан жүйрік... күрзі аталатын
шоқпарының ауырлығы алпыс батпан, əр батпан — ескі адамдардың
айтуынша — жеті пұт, сонда — күрзінің ауырлығы төрт жүз жиырма
пұт,!..»
Хазірет Ғали батырларын шыдатпағаннан кейін Зарқұм оған қарсы
елінің бас батыры Хақанды жібереді. Хазірет Ғалиға қарсы келген Хақан
былайша деп тіл қатады:
«Ей, сенбісің дей сөйлейді Ғали батыр,
Мені ойламай талайды қылды ғафыл,
Менің атым біліп ал, Хақан балуан,
Я, батыр өтер шағың келе жатыр.
Бұл бір ауыз өлеңді айтқанда Нəзірдің Ғалиға жаны аши қап:
— Қап, мынау итің сүріндіріп кетпесе неғылсын, — деп қопаңдап
қойды.
— Бөгеме, — деп қойды Қанапия тағы да, бұл оқиғаға əсерленген кескін
көрсетіп. — Естиік не болғанын?
Мен Хақанның əлгі сөздерін жалғастыра жөнелдім:
Ей, көптен бері майданға жүрдің деді,
Хисапсыз лəшкəрімді қырдың деді,
Мұнараның басынан тамаша айлап,
Əуелде көзім салмай тұрдым деді.


Сен өлтірдің баламның басын кесіп,
Інім — Мүлкəтəні қылдық нешік?
Қылған ісің ғаламнан асып кетті,
Бүгін мен келдім саған жыным түсіп.
Көрсеттің қамал бұзған шерлігіңді,
Қоспадың өлімменен бірлігіңді,
Есіме алмай қууға ойлап едім,
Бүгін мен көре қалдым ерлігіңді.
Ал, қызыл қан енді болар, қасың деді,
Құятын кезек келді жасын деді.
Ақмақ, аға-інімді не ойладың,
Ұшар сенің, мен келдім, басың деді».
— Қап, мынау иттің одыраңдауын қарай гөр! — деп Нəзір тағы бір
көтеріліп алды да,— сонда Ғалине деді екен? — деп сұрады.
Мен «ол былай деді» деп дауысымды көтере берген кезде, сырттан:
— Ойбай, кеп қалды! — деген бір ащы дауыс естілді. Мен өлеңнен
тиыла қалдым.
— Мынау біздің Таспайдың даусы ғой, — деді Қанапия. Шықшы, Нəзір.
Білші, не екенін!..
Нəзір шөптен жасаған қостың есігінен шыға беріп, сұрланған түспен
үйге қайта кірді.
— Масқара болдық! — деді ол, — «Құмды көл» жақтан қаптаған көп
салтты келе жатыр. Жамандық ойлап келе жатыр олар, əйтпесе, сонша
қаптап, сонша неге қатты шабады!..
Үшеуміз де қостың алдына шықсақ, қой жақтан ойбайлаған жайдақ
біреу шауып келеді, танып тұрмыз, — Қалабайдың Таспайы, ол қайырған
қойларға күзетші боп тұрған.
«Құмды көл» жаққа көзді салсақ, қырық-елуден астам салтты,
пəрмендетіп шауып келеді... Жақындап қапты...
Нəзірдің сарғылт өңі бір қызараңдап, бір қуқылданып, сасқан белгі


көрсетіп еді:
— Тəйт, əрі берекеңді қашырмай! — деп ақырып тастады, қоңыр түсі
сұрлана қалған Қанапия. — Немене, құтың, қашып кеткені?
Нəзір: «Олар көп, біз аз» дей беріп еді:
— Аузыңды бұзып жіберейін бе, — деді Қанапия жекіп. — Неғушы еді
көп болып. Біз де тірі жан емеспіз бе?..
Астына мінер сенімді аты жоқ, айыр-тырнауыштан басқа қолға ұстар
қаруы жоқ ол екеуі «тағдырдың не жазғанын күтіп алдық» дегендей, қостан
былайырақ шығып, шауып келе жатқандарға қарап мелшиіп тұра қалысты.
Таспай əлсіздеу, кішкене денелі жігіт болатын. Оның жүрегі де жоқ па,
немене байбалам салып шауып келген қалпымен, тоқтай қалды да,
астындағы арық байталынан қарғып түсе қап, қосқа кеп кіріп кетті. Бірақ
онда да тығылар орын таба алмай біраз аласұрып жүрді де, етбетінен
бүкшие жата қап, қосқа шапқан шөптің арасына кірді. Оған денесінің
жартысы ғана жасырынды да, аяқ жағы шығып жатты. Бөксе жағының
бүлкілдеуіне, аяқтарының дірілдеуіне қарағанда о сорлыда зəре жоқ...
Мен ше?.. Мен қостың аузында қарақшыдай қалқиып тұрмын. Сондағы
маған кеп тұрған ой: «Мына жаяу тұрған екеуі, анау қаптап кеп қалған көп
салттыға не қару көрсетер екен?..»
Менің сенімімде «Қанапия олардың бəріне де бой беруге тиісті емес, ол
— бұ заманның «хазірет-Ғалысы».
Шауып келе жатқандар, əрине, бірі озық, бірі кейін дегендей
бытыраңқы... Алдыңғы жағында екі салтты өзгеден озып келеді. Міне, олар
таянып та қалды, бірінен бірі озыңқырай түсті. Озғанының аты қара қасқа...
Аттың үстінде қолына қақ сойыл көтерген еңгезердей біреу келеді. Оның
үзеңгіге киілген аяғының басы аттың тізесін соғады.
Қара қасқа атты жақындап келген кезде, шыдамы таусылғандай болған
Нəзір «қару қып өлейін» дегендей, ағытулы машинаның қасында жатқан
қосақтаулы бəректерге ұмтылды... Қанапия қозғалмады...
Шамасы жүз саржандай жерге келгенде, қара қасқа атты сойылын
ыңғайлап алды да, атының басын Қанапияға туралап дүрсе қоя берді...
Қанапияда үн жоқ, қозғалған да жоқ, тастан орнатқан мүсіндей сол арада
сіресіп тұр!..
Со кезде не боп кеткенімді өзім де білмей қалдым. Жүрегім ойнақшып,
бойым дірілдеп, басым айналып кетті... Қосқа бір кірдім, бір шықтым.
Қанапияға жаным ашып тұр, ұрып жығып кете ме деп үрейім ұшып тұр...
Жасаураған көзімді жеңіммен сүртіп жібергенше, қара қасқа атты


сойылмен Қанапияны сілтеп кеп қалды, бірақ Қанапия сойылды денесіне
тигізбей ұстай алды да, атының екпінімен өте шыққан адамнан тартып
алып қалды... Оның артында жедел келе жатқан шоқша қара сақалды біреу
Қанапияны тағы да салып өтуге жанаса бергенде, қолындағы сойылмен
Қанапия оны атынан қағып түсірді де, көз ілеспейтін шапшаңдықпен атына
ырғып мініп алды. Содан кейін ол, қаптап келе жатқан көп салтыға қарсы
шапты... Бір-біріне сойыл сап, арпалысқан майдан басталды да кетті...
Иелері үстінен құлап түскен бірнеше аттар, ойнақтап қашып шыға берді...
Нəзір ше?.. Машинаның бəлек ағашын алып, өзіне ұмтыла берген бір
салтыға сілтеймін дегенде, ананың сойылы бұның бет-аузына бұрын кеп
тиді. Нəзір алақанымен бетін басып етпетінен жата қалды...
Əлгіндей емес, майдандасқандарға көзім үйренді. Соғыс қосты айнала
болып жатыр... Таспай да қостың есігінен менімен қатар майданға сығалай
қарап тұр... Қанапияны танып тұрмыз. Ол менің көзіме шынында да
«хəзірет-Ғали» боп көрінді. Астына да қарулы ат түскен екен сол атты
ерсіл-қарсыл жүйткіте шаптырып, ол жаудың əрқайсысымен бір сойыл
салысады, өз денесіне сойыл тигізбейді, өз сойылы тигендердің көпшілігі
атынан құлап түседі. Жəне ол сапырылысқан көп салттының қалың ішіне
кірмей, қашқалақтай, айнала шауып, шетке шыққанымен қағысады...
Қанапия со қалпымен ұзақ соғысар ма еді, қайтер еді, егер жау Нəзірді
көп ұстамаса.
Атынан құлағандардың бірнешеуі қос маңына жиналды да, Нəзірді
қамап ұстай бастады. Енді байқасам, сойыл Нəзірдің аузынан тиіпті де,
күрек тістерін сындырыпты. Аузынан қаны шұбырған Нəзірдің еріндері
көнтиіп ісіп кетіпті...
Жабылған жаулар Нəзірді ұрып өлтірер деп қорықты ма немене, Қанапия
қосқа қарай шауып келді де, сойылын лақтырып тастай беріп, атынан
қарғып түсіп:
— Əй, мені де ұстаңдар! — деді.
Айнала жөңкілген жаулар қостың маңайына үйріле қалды. Қару
қылмаған Қанапияны бірнешеуі байлауға кірісті... Қанапияда үн жоқ, сұп-
сұр боп, сазарып тұр...
Қанапияның екі қолы байланып болғаннан кейін қапсағайдай зор денелі,
шүңірек көзді, шығыңқы шықшытты, қаба қара сақалды кескіні əлем-
тапырық қара бұжыр біреу:
— Əй, əкеңнің аузын... қаныңды ұрттайын бəлем,— деп жуандығы
білектей қамшысын көтере беріп еді:
— Тарт қамшыңды! — деді манағы қара қасқа атты атының үстінде


тұрып. Қара бұжыр қамшы көтерген қолын түсіріп жібергенде — кім
екенін біліп алайықшы өзінің,,— деді қара қасқа атты.
Бурыл сақалдау біреу, екпіндей сөйлеп:
— Неменесін білеміз, бұдан жеген таяғымыз аз боп тұр ма? Құнын бір-
ақ көріп, аузын бақадай ашырғаннан басқа қызық жоқ, — деді.
— Сен де қоя тұр, — деді қара қасқа атты. Анау да бəсеңдеңкіреп қалды.
Қара қасқа атын тебініңкіреп жіберіп, қолы байланған Қанапияның
қасына келді де:
— Жарқыным, кім едің, сен? — деді.
— Кім де болсам, қолыңдағы тұтқыныңмын, — деді Қанапия, ашудан
денесі дірілдей сөйлеп. — Ар жағындағы ерік сенде емес пе?
— Сен ерегіспе, — деді қара қасқа атты, — жөніңді айт!
— Жөнімді айтатын жолаушылап ауылыңа барып жүрген жоқпын, —
деді Қанапия.
— Сені біреуге жорып тұрмын, — деді қара қасқа атты.
— Жорысаң айт, — деді Қанапия.
— «Тоғанастың Қанапиясы деген балуан бар» дейтін еді, сол болмағай
едің, сен?..
Тағы да бірнеше сұрау, жауаптан кейін Қанапия «болсақ боларсыз» деген
соң:
— Бəсе, өзім де дұрыс жорыған екем ғой, — деді қара қасқа атты. —
Шешіңдер қолын.
Əрқайсысы күңкіл шығарайын деп еді:
— Тəйт, оттамай тұрыңдар! Шешелерің осындай ұл тапса, қой деген
жоқпын мен, — деп қара қасқа атты ақырып тастады...
Артынан естісем, жаңағы қара қасқа атты Үй өзенінің бойын
мекендейтін Көшебе-Балтаның атақты балуаны екен жəне байдың
жігіттерін бастап келе жатқан сол екен.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет