ОРЫСТЫҢ ӨНЕРІ ТУРАЛЫ
Бұрын көрмеген жаңалық болып қалды. Нұртаза Жапырақтың базарынан
кішірек екі доңғалағы, ұзын жетегі бар, оң жағында қалқиған ара тісті
бірдемесі бар, темір арба əкелді!.. Көрмеген «арбаның» маңына жұрт
үймелей қалды...
— Бұл не? — деген сұрауға:
— Машина, — деді Нұртаза салмақтанып.
— Неғылған машина?
— Шөп шабатын.
— Кəдімгі жерге шыққан шөпті ме?
— Жерге емей, көкке шыққан шөпті шабады дейсің бе?
Бұған дейін менің машина атаулыдан білетінім «компания зингер»
аталатын іс тігетін машина ғана. Енді шөп машинасы да келді. Оған ауыл
қалай таң қалмас, мен қалай таңырқамаспын!..
Шөп машинасын қоршаған жұртқа: «Былайша майлайды, орағы мынау,
Оны былай көтеріп, былай түсіреді... бірін бірі айналдыратын тетіктер
мыналар... ат жетекке былай жегіледі, орағы былай қайралады...» деген
сияқты сөздерді айтып, қырма сақалдау, мен танымайтын қара бұжыр жігіт
тұр. Оның сөздерінен жұрттың не ұққанын қайдан білейін, мен өзім түк те
ұққан жоқпын. Қайдан ұғам: машинаның іші де, сырты да бытықы-
шытықы, бірі мен бірі тістесіп жатқан ірілі-үсақтылы доңғалақтар!..
Танымайтын жігіттің аты Бекқожа екен. Нұртазаның айтуынша, рулы
елде шөп машинасының тетігін білетін жалғыз сол ғана, сондықтан оны
мына шөп машинасы өз адамдарына үйретуге жалдап əкелген...
Жұрт машинаны төңіректеп отырысты. Со кезде жасы сексеннің мол
ортасына кірген Сақтар қарт «езгенің бəрін шығарып болып еді бұл орыс,
енді шөпті де машинамен шаптыратын болды-ау!» — деп бір қойды.
— Рас! — десті көпшілік.
— Біздің қазақ баяғыда тіпті қараңғы екен-ау, — деді Сақтар, — қараңғы
емей немене, бір жылы қызық болды: Ауыл «Қараағашта» отырған кез.
Жансүгір аулының бір қызы ұзатылып, той боп жатыр. Қыз-бозбала
сондамыз. Осы Еменалының, — деді ол, қасында отырған, менің əкеммен
немере, жасы алпыстардан асқан адамды нұсқап, — со кезде орыс
арасында көп боп, тілмəш аталып жүрген кезі. Бүкіл Сибанда одан басқа
орыс тілін білетін жан жоқ...
— Сонымен, — деді Сақтар аз кідіріп — Жансүгір аулындағы ойын
қызып жатқан түні, Құтырлағаннан Еменалы келді. «Сендерге бір сиқыр
көрсетем» деді ол, ауылдың қыз-бозбаласына. Жұрт «не көрсетесің?»
дегенде, алақанымнан от шығарам» деді Еменалы. Еменалы «нанбасаңдар
далаға шығып көріңдер» деген соң, дүркірей шықтық. Бізден бөлінген
Еменалы, алысырақ жерге барып отыра кетіп еді, екі алақанының
ортасынан от жарқ ете қалды... «Япырай, мынау не сұмдық?» деп шу ете
түсті қыз-бозбала. «Рас па екен?» деді Еменалы, біраздан кейін қайтып кеп.
«Рас» дедік. біз Еменалы отты алақанында бір емес, əлденеше рет
жандырды. «Қалай жандырасың?» деп сұрап ең «ақы бермесеңдер
айтпаймын» деп бұлданды. «Ақыңды ал!» деп жалындық. Сонда
Еменалының сұраған ақысы — аңдаған қызының аузынан сүйгіздік. Содан
кейін білсең, əлгі жарқылдағымыз өзіміздің қазіргі сіреңкеміз екен!..
Сақтардың бұл əңгімесін тыңдаушылар ду кеп күлісті.
— Несіне күлесіңдер? — деді Сақтар, — со кездің жұрты осы кезден
ақылсыз деп отырсыңдар ма? Көрмегенін қайдан білсін олар. Русия
жұртына қосылғанша, шақпақтан басқа от тұтанатын нəрсе көріп пе еді
қазақ? Бүгін бəрің шөп машинасына таңданып отырсыңдар. Ертең сендер
қартайғанда, бұдан да зор машина шығады, со кездің жұрты сендерге де
күлмесін қайдан білесің!..
— Рас-ау, — деді Сақтармен құрбылас, дауысы дірілдей сөйлейтін
Түрке, —Көрмегенге бəрі жат екені рас, самауыр деген осы күні үй басы
бар. Оны қазір кім қайната білмейді. Осы самауыр да елге алғаш келгенде
қызық болғанын көзіміз көрді.
— Біздің бала кезімізде, — деді көп сөйлесе шаршап қалатын Түрке
ентіге, сөзін бөле сөйлеп, — жұрттың, шай қойып ішетін ыдысы домалақ
тасқұман болатын.
— Кəдімгі тастан жасаған құман ба? — деп сұрады біреулер.
— Жоға, тəйірі, — деді Түрке, — шойын құман. Бірақ ауырлығы тастан
кем болмайтын, сондықтан «тасқұман» қойған ғой деймін атын.
— Біздің бала кезімізде, — деді Сақтар, — қойшылар далада шақпақ
тұтатып, от жағатын еді де, тасты қыздыратын еді. Саптыаяққа сауған
қойдың сүтіне қызған тасты тастап жіберсе, сүт бұрқылдап қайнар еді.
Мұның атын «тасқорық» деуші еді. Қойшы сүтті солай пісіріп ішер еді,
соған қарағанда бұрын сүттің өзін «тасқорықпен» қайнатып ішпеді ме екен
жұрт?..
— Болса болар, — десті əркімдер. — Өнер-білімі жоқ, көшпелі ауылда,
не болды десең де сияды...
— Көлденең сөзді қоя тұрыңдаршы, əлгі самауыр кеңесін естиік, — деді
біреу.
— Ия, ия, соны естиік, — деп шуласты көпшілік. Түрге кеңесін қайтадан
бастады:
— О заманда бүгінгідей іргеде тұрған базар жоқ та. Былай шықсаң, —
деді ол қолын шығысқа қарай сілтеп, — барар базарың, — Қызылжар, бұл
арадан ол екі жүз шақырым, былай шықсаң, — деді ол қолын солтүстікке
қарай сілтеп, — барар базарың — Қорған оның да алыстығы Қызылжардай.
Былай шықсаң, — деді ол қолын батысқа қарай сілтеп, — барар базарың —
Орынбор, ол бес жүз шақырым...
— Көріп келгендей соғуын қарашы, өзі соның біреуіне де барған жоқ, —
деді Сақтар, аузындағы кеңесін Түркенің бөліп əкетуін қызғанғандай.
— Со базарларға, — деді Түрке ентіге түсіп, — о кезде Есеней сияқты,
кешегі Итемірдің Күзембайы сияқты, болмаса Есілбай, Қосақбай сияқты
байлар болмаса, не солардың сататын малдарын айдап баратындар болмаса,
ешкім бармайды.
— Əрине, — дейді көпшілік, — жүздеп, мыңдап мал айдағандар
болмаса, аз малмен кім барады сонша алысқа... Бірен-саран малды айдауға
атын қимайтын да шығар.
— Əрине, — дейді Сақтар. — Бұл маңайдың бестеп, ондап сататын
малын ол кезде, кешегі Шопанның Қосщығұлы сияқты, болмаса
Барлыбайдың Итемірі сияқты ақшасы барлар сатып алатын да, алыстағы
базарға айдайтын....
— О-оу, қайдағы жоқ кеңесті айтып, самауыр жайын естіртпей
қойдыңдар ғой, — дейді əркімдер.
— Соны естиік, — деп шулайды көпшілік.
— Есеней үйі о кезде тіпті алыстағы базарға кетеді, — дейді Түрке, —
«Мəкəржа» деген жерге!
— Онысы қай жер екен? — деген сұрауға ешкім де жауап бере алмайды.
Тек қана «сондай бір қала болу керек», өйткені:
«Бай адам Мəкəржада
27
қылар ауада
Басыңды қарап жүріп салма дауға».
— деген өлең болушы еді ғой, Мəкəржаны көрмесе, ондай өлең қайдан
шығады, — десті көпшілік.
— Бір жылы, — деді Түрке, — Есеней үйі Мəкəржаға апарып үш жүз ат
сатып қайтады. Жігіт боп қалған кезіміз, базаршыларға амандаса барсақ
қызық боп жатыр екен: Есеней Мəкəржадан самауыр əкепті. Бұл елде одан
бұрын самауырды, көрмек түгіл естіген де адам жоқ екен. Жұрт көреді де
таңданады. Жұртқа көз қылғысы келе ме, болмаса, сатып алған жерде
сұрамаған ба, оған суды қалай құйып, отты қалай тұтатуды ешкім білмей,
Құтырлағандағы орысқа кісі жіберіп, жылқының бір құнанына жалданып
келген орыс, көрсетіп береді!.. Мен осы қызықтың үстінен шықтым...
Демігуі күшейіп кеткен Түрке ар жағын айта алмайды...
— Одан да қызық болған, — деді Нұртаза басын көтеріп ап, — сендер,
сіреңке, самауыр сияқты көр-жерді айтып отырсыңдар, пойыздың қалай
келгенін естідіңдер ме?
Жоқ естіген жоқпыз, — десті əркімдер.
— Естімек түгіл со пойызыңды күні бүгінге шейін көбіміз көрген де
жоқпыз,— дейді біреулер.
Көрмесеңдер айтайын, — дейді Нұртаза, — оған биыл жиырма үш жыл
болу керек. Барыс жылы ғой деймін Горсанға еріп Қызылжарға бара
қалдым. Қызылжар іші у-ду... «Не болды?» деп сұрасақ, пойыз келгелі
жатыр екен. Бұған дейін мен пойызды естіген де, көрген де жоқпын.
Қызылжарға жақындаған кезде, алдымыздан жол сияқты қатар созылған екі
темір кездесті, «бұ не?» деп сұрап ем, «пойыз келеді дегенді естіген жоқ па
ең?» деді Торсан. «Пойыз не?» деп сұрадым мен. «Атсыз жүретін арба»
деді Торсан, — біріне бірі тіркелген көп арба, жəне біз жегетін арба сияқты
емес, үлкен арбалар!.. Ол арбаларды парауыз дейтін, отпен жүретін арба
сүйрейді оның артына тіркейтін арбаларды — «бəгөн» дейді...
— Торсанның ба білмейтіні жердің астында екен-ау! — деп қайран
қалысты көпшілік.
— Сонымен, — деді Нұртаза, — пойыз келеді деген күні бүкіл
Қызылжар халқы келіп тоқтайтын жеріне жиналды. Ол араға салынған
үйдің атын бағзал дейді екен. Бағзал жанында жұрт күтіп тұрғанда,
гүмпілдеген зор дыбыс шықты. Бəріміз аңырайып қарай қалсақ, төбесінен
будақтап түтін атқан зор арба келеді!.. Жұрт сескеніп шегіне берді...
«Парауыз осы» деді менің қасымда тұрған Торсан... Паоауыз жақындап
қалды. Артына қарасақ ұбақ-шұбақ тіркелген көп арба, жəне арбалардың
үлкендігі екі бөлмелі ағаш үйдей...
— Япырай, тіпті үлкен болады екен ғой! — десті көрмегендер.
— «Пойыз» дегеніміз осы екен — деді Нұртаза, — пойыз қасымыздан
ете бергенде, парауыз ақырып кеп қалды... дауысы мұндай қатты болар ма,
күннің күркірегенінен бір кем емес!.. Жұрттың құлағын керең қып
жіберді...
— Жүректері жарылып кетпегенін айтсайшы! — десті əркімдер.
— Əр арбасына қанша жүк кетеді? — деген сұрауға:
— Қырық-елу аттың, жүгі салынады екен! — деп жауап берді Нұртаза.
— Сонда неше арба тіркеледі екен оған? — деп сұрасты əркімдер.
— Жиырма шақты арба, — деді Нұртаза.
— Япырау, сонда неше аттың жүгін сүйреген болғаны ?! — деді
көпшілік.
— Нұртаза — есепке жүйрік адам. Ол күбірлеп ішінен есептеп алды да,
«тыңдаңдар!» дегендей кескінмен, төңірегіне қарап ап:
— Мың атқа жақын, — деді.
— Астапыралла, — деді көпшілік. — Əлтидің жылқысы болмаса, көлік
жетер дүние емес қой мынау. Не артады екен соған?
— Жүк артатыны да болады екен — деді Нұртаза, — кісі мінетіні де
болады екен.
— Сонда, қанша кісі сияды екен? — десті əркімдер.
— Кісі мінетін он шақты бəгөн болады екен. Əр бəгөнге жүзге жақын
кісі мінеді екен...
— Апырау, сонда, мыңға жақын кісі кеткені-ау оған! Ішіне біздің
Жаманшұбар жұқ болмайды екен-ау, оның!..
— Қайдан жұқ болады, — десті əркімдер, — Жаманшұбарыңда елу-ақ
үй бар, орта есеппен əр үйде бес-ақ жан бар десең барлығы екі жүз елу-ақ
жан.
— Ендеше бір пойызға төрт Жаманшұбар сияды екен?
— Сонда жүрісі қалай екен? —деп сұрады көпшілік.
— Шапшаңдығын сұрайсың ба? — деді Нұртаза.
— Əрине.
— Сағатына қырық шақырым алатын көрінеді.
— Сағат дегенің биенің бір-ақ сауымындай уақыт қой. Қырық шақырым
дегенің осы арамен Есеней ауылындай. Сонда биенің бір сауымында
Есеней аулына барып қалғаны ма?
— Əрине,— деді Нұртаза.
— Апырай, мынау керемет екен ғой! Бұл жүрісімен не шыдатады ол!
— Əй, қызық қылғанда, өзін біздің Жаманшұбар мен Достың арасына
салып алар ма еді, көшкенде арбаны сиырға, өгізге жегіп əуре-шікіре боп
жүргеннен?
— Оттапсыңдар, — деп кекетті біреу, — күшің келе ме? Оған сенің бүкіл
Жаманшұбарыңның да малы жетпейді.
— Ендеше, одан өгізіміздің өзі жақсы, — деп қалжың айта бастаған
жұртқа:
— Өгіз қайдан жақсы болсың— деді Нұртаза. — Қолың жетпеген соң
айтасың да. Қызылжарға барғанда сұрастырсақ, Ганшин сияқты байлардың
жалғыз тас үйіне, біздің елдің ең байы деген Əлтидің барлық малы
жетпейтін көрінеді. Сөйтіп отырып, біз де елміз, жұртпыз дейміз, Неміз ел
біздің? Ең аяғы үйіміздегі ыдыс-аяғымызды істеп алу қолымыздан
келмейді. Өнердің бəрі кент жұртында.
— «Кент жұрты» деп отырғаның орыс қой, — дейді Сақтар, — өнер-
білімнің бəрі орыста. Біз орыстың өзіміз көргенін ғана айтып отырмыз.
Көрмегеніміз қанша!..
— Сенің көргенің мыңнан бірі ғана, — дейді Еменалы,— Қорған,
Қызылжар сияқты қалаларға барып көр, орыс жасаған өнердің кереметіне
көзің тұнсын!..
— Қорған, Қызылжарың, Петербор, Мəскеудің садағасына да тұрмайды
деседі ғой, — деп келе жатқан біреуді Еменалы тоқтатып қойып:
— Алысты қоя тұрып, үйіңнің іші-сыртына үңілші, — дейді оған, —
сонда не көрер екенсің.
— Не көрем? — дейді анау, сұрауға түсінбегендей.
— Үйіңдегі төсек-орыныңа, киім-кешегіңе, ыдыс-аяғыңа, аспап-
сайманыңа, өзге мүлкіңе қарашы, орыстың өнерінен тумаған нең бар екен!..
— Бəрі орыстікі екені рас, — дейді Сақтар, — киіз басу, шекпен тоқу,
қазақ арба жасау, үйдің сүйегін жасау сияқты ертеден келе жатқан азын-
аулақ қол шеберлігі болмаса, зауыт, пəбрік деген қазақта болған емес қой.
— Үйің ше? — дейді Еменалы Сақтарға, — естуімізше, біздің
əкелеріміз, бер жағы — осы отырған өзің жаз түгіл қыста, кигіз үйде туып
өсіпсіңдер...
— Рас, — дейді Сақтар, — қысқы үйді, қора-қопсыны қазақтар біз
есімізді білгеннен бері ғана сала бастады...
— Кімнен үйреніп? — дейді Еменалы...
— Əрине, — орыстан! — дейді Сақтар.
— То-то есть! — дейді Еменалы.— Бұл орыстан үйренуіңнің басы ғана.
Əлі одан үйренетінің кеп!
— Сен айтпай да, үйренеміз, — деді Сақтар. — Біз түгіл, біздің
аталарымыз да осыны ойлаған...
— Ойлағанда не істеген? — деп жымиған біреуге:
— Тəй, қылжақты қоя тұр! — деп Сақтар ақырып тастайды да, жөніне
көшеді, — ойлағаны емей немене? — дейді де, орысқа паналайды. Орыс
оны құшағын жайып қарсы алады. Сөйтіп татулықта тұрып, орыстың
өнерінен үйренуге кіріскен көшпелі қазақты, кеше біздің бала кезімізде
əуелі Абылай баласы Қасым одан кейін оның балалары Кенесары,
Наурызбай орысқа қарсы көтерем дегенде, аталарымыз көтерілді ме?
— Ермек түгіл, Кенесарының өзін бұл маңайдан қуған жоқ па! — дейді
Түрке.-— Өзіміз соның ішінде болдық.
— Аталарымыз осыны неге істеді? — дейді Сақтар, — орыспен тату
тұру, оның өнерінен үйрену пайдалы екенін аталарымыз білді... Олар
өздерінің ғана емес,-болашақ «қарақазақ сары баланың» қамын ойлады.
— Со болжалы келді, — дейді Еменалы, — жылдан жыл орыстың өнер,
біліміне жақындап келеміз... Əлі аларымыз көп...
— Рас, — дейді көпшілік, — орыстың өнеріне еркін кіреміз десек,
балаларды орыстың оқуына беру керек сияқты...
Осы бір кезде аспанды торлаған бұлт сиреп, күн қызып кетті де, Нұртаза
жиналған көпшілікті сусындауға үйіне шақырды. Нұртазаның үйі со кезде
отызға жақын бие сауатың үйінің оң жақ босағасында үлкен қара саба илеп
тұратын.
Жайшылықта сараң, Нұртаза бірінші рет машина сатып əкелгендіктен бе
əйтеуір үйіне кірген көпшілікті қымызға еркін қандырды. Содан кейін шоп
машинасын жүргізіп көрмек боп бəрі далаға шықты...
Ұмытып барады екем, Нұртаза үйінің қасына көпшілік жиналғанда, со
сияқты бір жиын, бізге көрші Жансүгір ауылындағы Тоғанас үйінің
қасында да топталған. Көпшіліктің сөзінен Тоғаңастың Қанапиясы да шөп
машинасының біреуін сатып алғанын естігем.
— Бірақ, — деген Нұртаза — Қанапияның машинасы біздің машинадан
кішкене. Біздің машина — он сегіз тісті «Махкормик», оның машинасы —
он төрт тісті «Диренг».
Нұртазаның машинасына аттар жегіліп жатқанда, біреу тұрып:
— Қанапияға да кісі жіберетін екен оның машинасын да осында
алдырып, екеуін қатар жіберіп көретін екен — деді.
Осыған пəтуа қойып Қанапияның машинасын да шақыртты.
— Бұ машиналарды Жайықпай көлінің бер жағындағы дөңнің қауына
саламыз,-— деді Нұртаза.
— Қауға шалғы өтуші ме еді? — деген біреуге:
— Қол шалғы деп отырмысың, — деді Нұртаза.— Қайда апарып салсаң
да, қақалмайды, бұл.
— Егер де қауды қырқатын болса, жердің түгін өрттей жалайды десейші,
мұны! — десті көпшілік.
Атқа жегілген екі машина да Жайықпайдың дөңіне қарай тартты.
Ауырып төсек тартып жатқан біреу болмаса, жүруге жарайтын адамнан
машинаға ермеген жан қалған жоқ. Шүбаған жұртты соңына ерткен
машина Жайықпайдың дөңіне шыққан соң:
— Ал, енді, орағын жібереміз, — деді Бекқожа. — Ол кез келгеннің
бəрін қырқады, адамның да, малдың да сирағын қырқып кетеді. Түсіп қала
көрмеңдер бірің, кейін тұрыңдар!..
Көпшілік шегіне берді... Машина жөнеле берді... Неше жылғы қауы
тұтасып, қап-қалың боп ұйысып жатқан жердің шөбін машина өткір ұстара
алған шаштай қырқа жөнелгенде:
— Алла, алла!!. — деп шу ете қалды жұрт!
Жерді алыстан орап, бірінің артынан бірі жүрген машиналар да қайтты.
Машина екінші жол тартқан кезде ғана, бойы үйренгендей болған жұрт,
артынан шұбыра бастады. Сондағы сөзі:
— Шіркін, мүлік-ақ екен ғой, мынау! Баяғыдан бері осыны алсаңшы. Он
кісінің шапқанын бір өзі шабар мынаның!..
— Он кісің не, жүз кісі десейші! — десті əркімдер.
— Жүзің не, мың кісі десейші! — десті біреулер.
— Ендеше, осыны бəріміз де алайық,— деп қуланған біреуге:
— Аларсың атаңның басың — десті егіншілер, — Нұртазаның қаншаға
алғанын естідіңдер ме?
— Жоқ.
— Екі жүз елу сомға!
— Алады екенсің атаңның басың — деді біреу кекетіп, — қойдың
əулиесі — үш сом. Сиырдың əулиесі — жиырма сом. Жылқының əулиесі —
елу сом. Сонда қанша мал кететінін шамаладыңдар ма бұған?
— Ім-м-м-м, — деді біреу, — бір адам у сеуіп қасқырға қойдың
құйрығын тастаған екен дейді. Саған қасқыр кез боп: «Бұ не деген батпан
құйрық, далада тегін жатқан құйрық!» — деген екен дейді. Сол айтқандай,
«машина, машина» дегенде, тегін жатқан бірдеме екен десем, мынауың
күші бар байларға ғана арналып шыққан бірдеме ғой!..
«Байға» демекші, — деді біреу, — мен естідім, «осындай машинаның
Əлти онын алып келіпті» деп.
— Апырау, қай жерге салады екен ол машиналарды? — деген сұрауға:
— Осы маңай кең жайлау емес пе бос жатқан, — деп жауап берді біреу
— жері қалың қау емес пе?
— Онда мал оттайтын да түк қалдырмайды десеңдерші.
— Қалдырмаса қалдырмасын, — десті əркімдер, — биыл қалмаса, ендігі
жылы шығар шөп. Өрттен басқаға пайдасы жоқ қалың қауды қырқып
тауыссын қайта...
— Машина алуға көбіміздің күшіміз келмейтіні рас, — дейді Еменалы,
— бірақ, біз де күдер үзбейік. «Үмітсіз — шəйтан» деген. «Көрінгеннің
алыстығы, жоқ» деген...
— Оны алғанда айтарсың! — деп Нұртаза, машинасының артынан жүріп
кетеді, көпшілік тоқтайды...
— Қолымызға бұл машина я түсер, я түспес, оны келешекте көрерміз, —
деседі көпшілік. — Бірақ, өнер-ақ қой, шіркін! Орыстың өнері ғой, бұл!..
Шіркін, орыс өнерлі-ау!..
* * *
Жаманшұбарлықтардың тілегі қабылданғандай, оның ескі жұртына 1953
жылы Докучаев атына қажетті машиналардың бəрімен қаруланған тың
совхозы орнады. Сол жұрттың үстінен Қорған-Пески (Есіл) аталатын тың
темір жолы тұрды. Мен сол жолмен апарып, арманда өлген бейшара əке-
шешемнің жер болып кеткен қабырларының үстіне, Москва шеберлігінде
қара түсті граниттен əдемі жасалып, алтынмен аттарын жазған құлпытас
орнатып, шойыннан құйылып, қазақ оюлары түрінде əшекейлеген
шарбақпен қоршаттым.
Рақмет, Жаманшұбарға да өнер-білім ошақтарын орнатып, бар байлығын
іске асырған Советтік құрылысқа!..
|