ЖАСЫРЫН КЕЗДЕСУ
Мен Нұртазаның үйінде тұра бастадым. Бірақ бұл, рахат тұрмыс бола
қойған жоқ.
Бай болғанмен, бұл үйді жұрт қара қазан, сараң десетін еді, сонысы рас
екен. Астың билігі Нұртазаның əйелі Бибізарада. Оны балалары «Бізəлə»
дегенге, біз де «Бізəлə» дейміз. Арық, ұзын бойлы, жасы елуден асқан бұл
əйел, бай үйдің мол асын сығымдап ұстап, тұтамнан азғантай ғана
шығарып татырады. Сол аз ғана асының өзін ол жəй бермей, «ас шақ
келмейтін болды, бұл!..» «тоймайтын болды!..» «бүйте берсе не
шыдайды!..» — деп сөйлеп беріп кереңді ішкізеді... Ол жалшыларына,
əсіресе маған қатал...
— Құдай-ай, — деп тістенеді ол маған ас берген сайын «жетімнің қарны
жетеу» дейтін еді, рас екен ғой сол!.. Тамаққа тоймайтын пəле ғой, мынау!..
Қай жеріне кете береді мұның!..
Ол кездің ауылында қыстыгүні ет пен шайдан басқа тамақ жақ. Қонақ
келмеген күні, етті Нұртазаның үйі аз асады жəне мойын, сирақ сияқты
майсыз етті асады, соған турамшылап кеспе салады. Кеспесі сұйық болады.
Өз үйінің жандары кеспені үлкен ағаш табақтан ішеді. Еттің көпшілігі жəне
тəуірі со табаққа түседі. Жалшылар мен менің табағым бірге болады. Оған
түскен бірер жапырақ етті таласып жейміз. Одан кейін қасықпен
ұрттайтынымыз — сұйық кеспе.
Кеспені біз күніне бір-ақ мезгіл жəне кешке жатар алдында ғана ішеміз.
Одан басқа күн ұзаққа ішеріміз шай ғана, шайдың жемі көбіне құрт пен
ірімшік. Оның өзін де Бізəлəң тоқжарау боларлық мөлшерде шамалап қана
береді. Нан ол үйде аз болады. Өзі егін екпейтін Нұртаза, көршілес орыс
поселкесінен ұнды шағындап қана сатып алады: алты ай қысқа көп болса
алатыны он-он бес бұт, жан саны жалшыларын қосқанда оннан астам,
сонда бір адамға алты ай қысқа бұт жарымдай ұн келеді... Бірақ ұн бұлай
бөлінбейді, жалшылар, əсіресе мен кей күндері нанды татпаймыз да...
Сонда, ұнның бұты жетпіс-сексен-ақ тиын! Нұртаза со кезде, өзінің төрт
түліктен жүздеп ұстайтын малынан басқа, қырық-елуден егіз саудасын
жасайды!..
Асқа сонша сараң Нұртазаның үйі киім-кешек, төсек-орынға да аса
сарабдал. Ол үйде, Нұртазаның өзі мен əйелі төсенетін жалғыз құстөсек,
жалғыз үлкен жастық, екеуі жамылатын тозаңқы ситса көрпе, балалары
төсеніп жамылатын үш-төрт көрпе, екі-үш жастықтан басқа, екі-үш
текеметтен басқа жасау болмайды. Қонақ келсе, балалары киім жамылып
жатады. Бірер кілемі болады. Олар жүкте жинаулы ғана тұрады. Бой жеткен
қызы — Рабиғадан басқа ол үйдің адамы жылтырап киінбейді. Нұртаза мен
Бибізара айт-тойдан басқа күнде жамаулы ескілерін ғана киеді, тəуір
киімдері сандықта жатады. Со кезде бозбала боп қалған Мырзағазыда,
кірлесе жуып киетін жалғыз ғана көйлек, дамбал болады, оны жуғанда
жалаңаш етіне қамзол, шалбарын киеді...
Бай баласы боп, Мырзағазы, мысалы, трико сияқты тəуір матадан
костюм киген емес, оның киетіні — мақтадан тоқылатын арзан камполат.
Соны да əке-шешесі Шəйін сияқты шеберге тіктірмей, ауылдың қатын-
қалашына тіктіреді де, олақ пішіліп, олақ тігілген киім олпы-солпы боп
жүреді... Бұл жайда жұрт Нұртазаға:
— Дəулетің жете тұра мұның не? — десе, кейде:
— Оқасы жоқ, «ерді кебенек ішінде танысын» деген. Жаман киінсе де
жұрт оны «Нұртазаның баласы» дейді, — деп кеуде көтерген болады,
кейде:
— Ысырап қып не керек дүнияны босқа шашып?.. Тəңірім
жұпынылықты сүйеді, — деп шариғат айтқан болады...
Нұртазаның үйі таң қараңғысынан тұрады, өйткені — мал жайлау керек:
мал жатқан орынды тазалау керек, малға шөп салу керек, біраз
отықтырғаннан кейін суару керек...
Қыс Нұртазаның қорасында жүзден астам сиыр, екі-үш жүз қой, онға
тарта жұмыс жылқысы күтіледі... Оларға күніне үш мезгіл шөп беріп, бір
мезгіл суарудан қораларды тазалаудан дыңдай екі-үш қарулы жалшы жігіт,
таң қараңғысынан бастап, ымырт жамылғанға дейін босамайды. Бұған
қоралар мен үй алдының, шарбақ ішінің қарын тазалау қосылады. Біз
сипаттап отырған қыстың бораны көп болғанын білеміз. Кейде үй алдына,
шарбақ ішіне үйілген күртік тау боп кетіп, жүретін жолды жалшылар əрең
ашады. Боран ашылғаннан кейін тау боп үйілген қарды сыртқа апарып төгу
керек... Осы жұмыстардан Нұртазаның жалшылары күн сайын кешке
сүрініп жығылады... Кейде олардың кешкі асын ішуге шамасы да
келмейді... «Ас» дегеннің түрі жоғарыда көрсетілді... Киетіндері —
желқом... Сонда, ала қыстайғы еңбегіне алатын ақысы, бір құнаншықпа
өгіз, оның құны көп болса оң он бес сом!..
Ол кездегі ауыл жалшыларының жайы осындай!..
Нұртазаның үйінде мен де қарап жата алмаймын... Жалшылармен бірге
жататын мен солармен бірге тұрып қолымнан келетін жұмысты атқарып
бірге жүрем... Өйтпейін десем, Бізəлəң «арам тамақ!» деп көзге шұқиды.
Мұстафаның үйінде ұйқым қанбайтын мен Нұртазаның жалшыларына
ерем деп сергек боп алдым: ерте тұрам, кеш жатам. Ешқайда
қыдырмаймын, қыдырайын десем, Нұртазаның үйі ұрсады. Əсіресе кешке
қыдыртпайды... Бірер рет кешке қыдырам дегенде, түнде есік ашпай
қойды...
Қыдырғанда іздейтінім — ойын: ауылдың балалары, егер күн ашық
болса, түн ортасы ауғанша сырғанақ тебеді де, боран болса, бір үйге
жиналып ап асық ойнайды... Ондай ойындарға баруға Нұртазаның үйі
ұлықсат етпейді...
Кəрəсін жағуды шығын көретін ол үй, іңір асын ертерек ішеді де
жатады... Қалжыраған жалшылар тез қор ете түскенмен, мен көп күндері
кепке дейін үйықтай алмаймын...
Ең алдымен, бізде — тозығы жеткен ескі кигізден басқа төсек жоқ,
жамбасымызға жер батады; екіншіден — бұл үйге келгелі жуылмаған
жалғыз көйлек-дамбалдың биті мен шаңды бөлменің бүргесі, жата қалсаң-
ақ құмырысқадай талайды; үшінші — көп күндері олқы қарның, түн бойы
ұлып шығады...
Кей күндері мен таң атқанша ұйықтай алмай шығам... Жетімдіктің не
екенін енді ғана ұққандай болам... Одан əрі көретінім — Нұртаза үйінің
жалшыларының күні сияқтанады... «Не істеу керек?...» Бұл сұраудың
жауабын мен қанша ойласам да таба алмаймын... Кейде, Мұстафаның үйіне
қайта барғым келеді... Бірақ не бетіммен?.. Сүттей ұйып отырғанда қашып
шығып, жұрт алдында масқара қылған жоқпын ба ол үйді?.. Əрі, бір қашып
шыққан үйге қайта жалынып баруды еркек басыма намыс көрем...
Мұңымды кімге айтуды білмеймін... Кейде осы халімді өлең де қылғым
келеді... Өлең шығаруға ойланып та көрем, бірақ ол қолымнан келмейді...
Сондай қалжыраған шақта, ерікті көз жасыма берем...
Уақыт солай өтіп жатты. Менің атымнан болысқа Мұстафадан мал-мүлік
даулаған арыз кетті. Болысымыз Торсанның Шақаны екен. Хабарға
қарағанда, болыс бұл ауылға қыстың аяқ кезінде соғып, дауды сонда
бітірмек.
Нұртазаның Мұстафаға өштігі сондай, атарға оғы жоқ. Кейін білсем,
өшігетін себебі, Жаманшұбардың, басшысымын деп түсінетін Нұртазаға
Мұстафа бағынбай, үнемі қарсы келе береді екен менің дауымды сылтау
қып, Нұртаза оны бұқтырып алмақ екен...
Болыс келгенше, жаманшұбарлықтар екіге жарылып, бір жағы
Нұртазаны, бір жағы Мұстафаны қуаттайды, екі топтың арасында айтыс-
тартыстар жүріп жатады. Мұстафаның не айтатыны маған қараңғы, өйткені
мен ол үйге жоламаймын, Нұртазаның айтары:
— Мұстафаны бүкіл Жаманшұбар боп жақтаса да мейлі, болыс пен
билер, менің сөзімді сөйлейді...
Нұртазаның үйінде біраз тұрғаннан кейін мен Ұлтуған мен Мəржамды
сағына бастадым. Бірақ оған баруға болмайды. Нұртаза маған:
— Сен Мұстафаның үйіне қарай аяқ басушы болма, егер бассаң менен
жамандық таппа, — аузыңнан қаныңды келтірем! — деп қорқытып қойған.
Нұртаза солай дегенмен, шын сүйетін Ұлтуған мен Мəржамды көрмеуге
мен ұзақ шыдай алмадым. Қалай шыдайын, бүкіл дүниеде маған олардан
ыстық көрінетін жан жоқ!.. Əсіресе — Ұлтуған!.. Одан ажырағалы мені
ыстық құшағына ешкім басқан жоқ!.. Одан ажырағалы менің бетімнен
ешкім сүйген жоқ!..
Сонша аңсағанмен, Мұстафаның үйіне баруға болмайтынын білем,
сондықтан оңаша жолығар жерді аңдимын, бірақ неге екенін кім білсін, мен
аңдыған кезде Ұлтуған үйден шықпайды, Мəржам кішкене!..
Бір күні мен осы жайды айтып, өзімізге мəлім Оразалы деген баламен
ақылдастым. Ол байғұс əлі де оқуда, бірақ əлі де «Бақырған» мен
«Бəдуамның» тұсынан аса алмай жүр. Оқуды соншалық ұқпайтынына
қарамай, əкесі Рақымбай, сабақтан оны айырмайды.
Ақыл сұрағанда, Оразалының маған айтқаны: «Ұлтуғанға сөйлесейін де,
не десе де саған жеткізейін».
Оразалы маған апамның хабарын со күні кешке жеткізді. «Түнде жұрт
аяғы басылған кезде, үй алдына, үйген шіліктің ығына жасырынып келе
қойсын» депті апам.
Уəделі уақытта барсам,апам мені белгілеген жерінде күтіп тұр екен.
«Сағынған апам мені бассалар да жылар» деп ойлаған едім, олай еткен жоқ.
Жүгіріп кеп бауырына жабысқан мені ол құшақтап бауырына бірер рет
қатты қысты да, маңдайымнан ғана иіскеп, салмақты, сабырлы дауыспен:
— Неге келдің? — деді. — Кетпеу керек, кеткесін келмеу керек!
Лепілдеп тұрған жүрегім басыла қалғандай болды. Өкпелеген кісіше мен
шегіне беріп ем, құшағынан босатпаған апам:
— Қайтесің маған келіп, — деді күрсініп, — менің атым — əйел. Саған
ергенде кімнің, босағасына барып кірем? Маңдайыма не жазса да, осы
үйден күтіп алам, ал, сен бұл үйге қайтып кеп көзге түрткі болма енді.
Маған да жолама. Еркек баласың, өлсең, өлерсің; өлмесең, күн көріп
кетерсің,!..
Беріксініп сөйлеп тұрғанмен, көңілі босағандығы апамның дауысынан
сезіледі. Сонда да ол сыр бермей аз тұрғаннан кейін:
«Мұқанның баласы ауыл ақтап жүр» дегізіп, күнде сүйекті
сындырғанша, Жаманшұбардан кет! — деді.
— Қайда? — дедім мен.
— «Қайдасы» несі? Тұқымсыз ба едің сен? Бірге туған апаң Зəуре бар
емес пе? Соның қолына кет!..
Басқа айтар сөзі таусылғандай Ұлтуған мені бауырына тағы да қатты
қысып ап, бетімен бетін тақады да, ал кеп жылады... Манадан қалай сабыр
қып тұрғанын білмеймін, көзінен жасы шыға, кемері кетілгенде лақ ете
құлаған судай ағыла жөнелді ол... Аздан кейін өзіне-өзі ие болмастың халге
жетіп, күңіренген дауысы тістенген аузынан еріксіз шығып кетті...
Со кезде ту сыртымыздан біреу кеп ақырып кеп қалды. Ұясынан үрке
ұшқан балапандай екеуміз де селк ете түскен қалпымызбен айрыла
бергенімізді, төніп келген зор адамның екі қолы екеуміздің жағамыздан
жабыса кетті. Екі жаққа қарай тырмысқан бізді, қарулы қол сүйреңкіреп
əкеп жақындастырды да:
— Ия, ал неғып тұрсыңдар?—деді.
Ұстаған адамның кім екенін жаңа ғана таныдым — Рамазан!.. Ол —
Нұртазаның, туған ағасы Ыбырайдың баласы. Нұртазаны жақтап,
Мұстафаға қарсы жүрген адам, жасы со кезде қырықтарды алқымдаған,
сақалды, мұртты кісі.
Ұлтуған да, мен де сұрауына жауап бере қоймаған соң:
— Неге азғырасың, — деді ол Ұлтуғанға қаһарлы дауыспен. —
Бауырсырасаң, кеше Мұстафаның үйінде көзге түрткі боп жүргенде қайда
қалдың? Осы тұрғанда, не істейін өзіңе?
Рамазан мені ұстаған қолын босатты да, Ұлтуғанды екі қолымен
қапсыра ұстап:
— Бетің тілінгір, бет жоқ сенде! Жоғал, көзіме көрінбей!— деп
үйіріңкірей беріп лақтырып кеп жіберді.
Қарулы еркектің сілтегеніне, тал шыбықтай жас қыз шыдасын ба,
күртіктеу қарға барып етпетінен жығылды!..
Ашу қысқан Рамазан ұрғысы келгендей ұмтыла бергенде, мен екі араға
түсе қалдым.
— Кет былай, — деп Рамазан ақырған дауыспен мені жағадан ұстай
алғанда, Ұлтуған кеп «ағатай, ұра көрме оны! Мені ұр!» деп қолына
жабыса кетті. Рамазан ызбарлы дауыспен:
— Жолыққандарыңды көргенімнің алды-арты осы болсын. Бұдан былай
бүйтсеңдер, менен жақсылық күтпеңдер! Сен бала, қайт үйіңе! Сен қыз ба,
сен!.. — деп Ұлтуғанға қолын безеді. Апаммен мен үн-түнсіз жөнімізге
ыдырай бердік. Рамазан сол орында қалшиып тұрып қалды...
Сол күні кешке Нұртазаның үйіне Мұстафаға қарсылар жиналды. Қолға
алғандары — мен. Рамазан көрген-білгенін түгел дəттепті. Олардың
сыпайылап та, ұрсып та айтқан сөздерінің, ешқайсысына мен жауап
қайтармадым. Несіне қайтарам, шұқшия, əр түрлі саққа жүгірте айтып
отырған сөздерінің құяр жері біреу-ақ, ол —«өз бетімен барған жоқ, бұл
бала, бұны азғырып шақырушы бар, соны білу керек...» «Кім сол?» деп
сұрайды олар, əлсін-əлсін жамырасып. Жоқ адамды мен қайдан табам?..
Жиналғандардан біреу:
— Қайтсін-ай!.. Екеуі де жап-жас балалар емес пе!.. Құдай сорлы қылған
соң амал жоқ, əйтпесе, айрылып тұратын уақыты ма бұлардың!.. Бір ұяның
қанаттанбаған балапандары сияқты емес пе екеуі!.. — деп есіркеген сөздер
айтып келе жатыр еді, Нұртаза:
— Тəйт əрі, оттап былшылдамай отыр! — деп ақырып тастады. Содан
кейін жым-жырт бола қалған жұртқа ол одырая, айнала қарап аз отырды да:
— Бұл арада тұрса, бұл екеуі осылай шұрқыраса береді, айыру керек
бұларды. Ертең болыс келсін, жіктерін ашсың содан кейін мейлі қайда
кетсе де. Тіпті Мұстафаға қайтып кірсе де мейлі. Оған шейін мен бұларды
қоса алмаймын. Қалай қосам: сақалды басыммен бұл дауға кірісіп қалдым,
мен шақырған жоқпын бұл баланы. Жылап келген өзі. Жетім бала болған
соң жаным ашығаны рас. Кептің көзіне көрінбегей едім, көрінген соң
аяқсыз қалай тастаймын, — деді.
Осыған бəтуаласқан олар мені қайда жіберуге ақылдасқанда:
— Əрине, жездесі Сүлейменге жіберу керек, — деді Нұртаза.
— Оның қалай еді өзі? — деп күдіктенушілерге:
— Бізді Мұстафаға айырбастар деймісің, — деді Нұртаза, — жайды
айтып хат жазамын.
Нұртаза маған «барасың ба, бала?» деп еді, «барам» дедім мен.
— Бұны кім апарады? — деген сұрау туғанда:
— Апаратын кісі бар. Кеше Тұртайдың үйінде болып едім, сонда ойдағы
Сибаннан Кəжімбай
21
кеп жатыр екен ертеңдер қайтам деп отырған, бұ
баланы соның шанасына мінгізіп жіберу керек, — деді Нұртаза.
Сол күні кешке қарай Рамазан атқа жеккен шанамен мені Тұртайдың
үйіне алып жөнелді. Кəжекең — ол кезде жетпістерге келген, бірақ сақал-
мұрты қап-қара, бүкіштеу, жуантық, аласа бойлы жапақтау денелі,
сораланыңқырап жүретін қызыл көзді қарт екен. Менің əкемді ол жақсы
біледі екен сондықтан Рамазан менің хал-жайымды айтқаннан кейін:
— Алда бақыр-ай, осы екен ғой, Мұқан бейшараның жалғыз баласы?
Құдай аясын жетім бейшараны! — деп есіркеді де, Сүлейменнің, үйіне
апарып салмақ болды.
Кəжекең екеуміз Тұртайдың үйінен келер күні алакөбеден аттандық. Ол
кісі ұйқышы екен. Маған жол жайын айтып қояды да, өзі шанаға қисайып,
ұйқыдан бас көтермейді. Мен оны жол айрылар жерде ғана оятам. Кəжекең
оянған кезінде «ə, ə!» деп есеңгіреп біраз отырады да, былшық басқан көзін
уқалап алғаннан кейін ғана есі кіріп:
— Немене, бала? — деп сұрайды.
— Жолдың айрығына келдің, — деймін мен.
— Солай ма?.. Бұ қай жер болды екен?— деп Кəжекең шана үстіне
түрегеп, жан-жағын көзімен біраз шолады да, айнала аппақ боп жатқан
қардан жер мөлшерін шамалай алмай, «қандай жерлерден өттік?» — деп
сұрайды.
Кəжекеңнің сұрауына мен кейде жауап бере алам, кейде бере алмаймын.
Қыстыгүні алыс жолға бірінші шығуым осы, жер мөлшерін қайдан білем!
Дегенмен Кəжекең кəр-шөңгелігін істеп, «анау тұрған пəленшенің
қыстауына... мынау түгеншенің қыстауына келеді...» деп, əр тұста
қоңырланған ағаштарды мөлшерлейді де, «былай тарт» деп жон сілтейді,
сонысы көбіне дұрыс боп шығады, кейде мөлшері жата боп, теріске кетіп
қаламыз да, жөнімізді алдағы ауылға барған соң түзейміз...
Кəжекеңнің жеккен аты — тыпырыштау, кішкене денелі жирен жылқы.
Оның аяңы да, жортағы да, желісі де берекесіз. Жақында ғана қар
жауғандықтан, жаттығып болмаған, адымы қысқа ат, ентелей жүрейін десе,
аяқ астында есілген қар құлашын жаздырмайды...
Кəжекең жолшыбай түстене, қона отырып, асықпай жүрді: Таныстарына,
немесе жекжаттарына кездесе ме, əлде қиянатсыз момын адам болған соң
қадірлей ме, жолшыбайғы түскен жерлері мүмкіндігі барынша қадір-
құрмет етіп тəтті-дəмдісін аямайды.
Батпақкөлден шыға он екі шақырым жердегі Əтей-Дəуішке қондық.
Одан шыға он он бес шақырым жердегі Орымбайға қондық. Одан шыға ар
жағында он шақырым жердегі құдасы — Текенің Бүбиіне қонды... Солай
жылжумен, жездемнің, аулына біз жолшыбай төрт-бес қонып жеттік. Сонда
бұл — шамасы елу-алпыс шақырымдай ғана жер.
Апам Зəурені де, жездем Сүлейменді де менің анық тан» уым осы жолы
ғана. Зəуре — аласалау бойлы, шықшыты шығыңқы бетті, сойдақ тісті адам
екен. Жасы со кезде отыздарға жаңа кірген. Сүлеймен биік денелі, сирек
қара сақалды, сұйық мұртты, аққұба өңді кісі екен. Жасы со кезде елулерді
орталап қалған.
Сүлейменнің менің апама үйлену тарихын да мен со жолы естідім. Ол
ауқатты адамның баласы болады да, он тоғыз жасында таңдаған қызы —
Қанапияға үйленеді. Ол əйел құрсақ көтермепті. Балаға зарыққан Сүлеймен
менің апам Зəурені жасы қырықтардан асқан кезде тоқалдыққа алады,
Зəуре о кезде он алты, он жеті жаста болады. Зəуреден Зəкіш, Сəлима,
Бадіғұл атты үш қыз, Сұлтан, Нұрке атты екі ұл туады...
Баланы зарығып көрген Сүлейменнің алдында Зəуре қадырлы болу
керек қой. Бірақ ол қадырсыз екен: сол үйдің отымен кіріп күлімен шығады
екен құлқын-сəріде тұрғаннан, қас қарайғанша тізе бүкпей, үйдің де, түздің
де шаруасын дамыл-тиыштықсыз істей береді екен. Сонша еңбегіне қарай,
оны теңдікте ұстаса да, бір сəрі ғой, олай емес екен: «отырса опақ, тұрса
сопақ» дегендей, оның жүрісі де, қылығы да Сүлеймен мен бəйбішесі
Қанапияға жақпайды екен. Екеуі де оны қымс етсе оны балағаттай
бастайды екен. Боқтампаз Сүлеймен Зəуреге қымс етсе, «ей, əкеңнің
көрін... өй, əкеңнің бет тақтайын... өй, əкеңнің аузын...» дей жөнеледі екен.
Тілдеумен ғана қоймай, қылдан тайса-ақ, таяқтың астына алады екен...
Балаларын да ол Зəурені кеміте сөйлетіп есірген екен. «Зəуреден тудым»
деу балаларға намыс екен. Біреу «сен Зəуреден тудың» десе, балалары
жылайды екен. Қанапияның Тасмақы атты ағасы болса керек «нағашың
кім?» деп сұраса, Сүлейменнің балалары «Тасмақты» дейді екен.
«Нағашың Тасмақы емес, Сəбит» десе жиендерім ашуланады, «бұл
үйден кет!» деседі олар маған...
Осының бəрі жүрекке инедей қадалып, шыдамнан айрылған кезде,
өзіміздің Жаманшұбардан келген біреуге еріп мен ауылыма қайттым да
кеттім... Ауылға келе Ұлтуғанға жасырын жолығып ем:
— Неге қайттың? — деп сұрады ол менен.
Мен жауап берген жоқпын.
БӨЛІНУ
Болыс біздің ауылға қыстың аяқ кезінде келді. Оған қанша адам ергенін
кім білсін, əйтеуір, тізбектеліп бірінің артынан бірі шұбырған шаналы көп
ат, со күні Жаманшұбарға қаптап кетті...
Болысты көру жұрттың бəріне таңсық, əсіресе, Торсанның Шақаны
сияқты болысты көру таңсық. Иелері қуғанмен, балалар болыс отырған
үйге үймелеп кіре береді, солардың ішінде қыстырылысып мен де жүрем.
Болыс, əрине, кім болса соның үйіне түспейді, соғымды семіз байлардың
үйіне түседі. Біздің Жаманшұбарлық байлардың шымнан салынған қысқы
үйі, ортасын «шұбалма» аталатын пешпен бөлген екі бөлмеден құралады.
Төргі бөлмеде қонақтар жəне үй иесі мен бəйбішесі, бой жеткен қызы
жатады, ауыз бөлмеде үйі түскен ұлы жəне жалшылары жатады. Ас, су ауыз
бөлмеде даярланады. Қонақтарды көргісі келген балалар да, батып кіре
алмайтын үлкендер де, пештің шам қоятын тесігі арқылы ауыз бөлмеден
сығалайды...
Біз де қонақтарды сығалап көріп жүрміз. Төрді айнала отырған олардың,
бəрі де бізге өте зор денелі, өте жуан қарынды кісілер боп көрінеді.
Солардың ішінде Шақанның түрі өзгелерден өзгеше. Со кезде жасы
қырықтарды алқымдаған Шақанның шоқша ғана қара-сары сақалы,
сапарын құлағына қыстырып қоятын қалың қара-сары мұрты бар. Ол —
Кавказдық елдердің адамдары сияқты, үлкен мұрынды жəне үлкен қара
көзді, беті де сол кавказдықтарға тартқан қушықтау, аса кескінді кісі.
Көтере сөйлегісі келген біреулер:
— Құстың төресі аққу дейтін еді, адамзаттың аққуы ғой бұл Торсан
балалары, ақсүйек қой бұлар, қара қазақтан оғаш тұрғанын көрмеймісің,
мың қойдың ішіндегі қошқарға ұсап! — деп мадақтайды. Төмендеткісі
келген біреулер:
— Жоқты сөйлейді екенсіңдер ғой, тəйірі! Оның атасы Сапақ емес пе?
Кешегі Стаптың шошқасын баққан жатақ емес пе еді ол? — дейді.
— Енді кімге тартты?—деген сұрауға:
— Орысқа! — деп жауап береді біреу.
— Қайдағы орысқа?
— «Орысың» не? — деп сұрағандарға:
— Білмейтін бе едің? — дейді анау, — Торсанды орыстың
дібаяданынан
22
туды деген сөз құлағыңа шалынған жоқ па еді?
— Жоқ! — деп таңдана қараушыларға:
— Естімесең айтайын, — деп анау кеңесін бастайды.— Торсанның
шешесі аса сұлу кісі екен деседі. Əкесі — Тілеміс Қорғанда тұратын
Еспетеу
23
дейтін дібаяданмен көңілдес екен. Тамыр боп келіп жүрген
Еспетеудің, Тілемістің əйеліне кеңілі ауып, жақын болады, Торсан содан
туады.
— Оны қайдан білесің?
— Өлең бар.
— Қандай?
— Атығай соқыр Тоғжан ақындық құрып, Болатнайдың, базарына
келеді. Торсан ол кезде Есенейдің' қызына үйленіп күпсіп тұрады. Тоғжан
кеп Торсанға өлең айтса, «мына соқыр мені танымай тұр-ау, былтыр бір ат
мінгізгенмін» дейді. Торсанды қоршап тұрғандар Тоғжанға «əй, соқыр, сен
Торсанды білмейтін бе едің?» десе, намыстанып қалған Тоғжан суырылып
өлең айтып қоя береді. Сонда ол.
«Мен сені білуші едім бала жастан,
Шешеңді жас күнінде қара басқан.
Қорғанда Еспетеумен тамыр болып,
Сонда сен туып едің ұзын шаштан.
деген екен дейді. Сонда Торсан ұялғаннан: «Мына соқырды
былшылдатпай, тағы бір ат беріңдер де, қуыңдар!» — депті...
Торсан туралы бұл сөздер Шақан жоқ жерде ғана айтылады. Оның
көзінше айтуға, намысына тиерміз деп, жұрт қорқады.
Төргі бөлмеде Шақанды жағалай отырған көпшіліктің ішінде: үстінде
көк кителі бар, бұтында қызыл лампасты көк шұға шалбары бар, аяғында
кигіз байпақты қазақы етігі бар, денесі де, бет-аузы да жалпақ, сақал-
мұртын қырған, ұшы көтеріңкілеу мұрынды, үлкен көк көзді, қасқа басты,
əжімденген бетті мосқал адам отырды. Бұл — Петра Бекетов, Торсанның
өзіне жəне баласы Шақанға қырық жылдай тілмəш болған, қазақша
«Жаңақала» аталатын, орысша «Островка» аталатын станицаның казак-
орысы. Петра қазақ тілін жақсы біледі, бірақ сындыра сөйлейді. Жəне ол
күлмей сөйлемейді. Күлгенде бүкіл денесі селкілдейді...
Жаманшұбарға жылына бір-ақ рет соғатын болыстың өзге жұмыстары да
көп болды ма, немесе қонақтап жүруден қолы тимеді ме, Мұстафа мен
менің арамдағы дауға, келгеннен бір жұма кейін кірісті.
Даудың шешуі ұзаққа созылған жоқ. Болыс, расында, Нұртазаны
жақтайды екен. Нұртаза — о кезде жалғыз Жаманшұбардың ғана емес,
бүкіл Сибанның беделді ақсақалы. Сондықтан да болыс одан ығысады, ал,
Мұстафа əрі кедей, əрі ауру бейшара бір адам, оның несінен қорықсын.
Өкім болардың алдында Мұстафаны Петра əуелі біраз жерлеп алды.
Алдына кеп шарта жүгіне отырған Мұстафаға ол тікілене қарап, сындырған
қазақ сөзімен сөйлей жөнелді.
— Сен өзін пирадар айтады, какой шорт сен пирадар? Сен құдайдікі
дұшпан, саған тамұқ айдарға керек. Сен шайтандікі жолдас. Осы
сиратаның малын сен ашайт қылған. Сенікі горла шайтандікі горла, сені
подсуд қылу керек. По этаппен каторга айдау керек. Итжеккенге. Мен саған
аяйды, аямаса мен саған осылай қылады...
Ұзақ сөйлеп тілін қадаған Петраға, Мұстафа ешнəрсе дей алмай, арық
денесі имейіп құлдық ұра түседі.
Петра Мұстафаға біраз ұрсып алды да, болыс жəне билер қол қойған
үкімді оқыды: «—Мұстафа Шүкейүлы, Мұқан Шүкейұлының жетім
балаларының мал-мүлкін түгел жеген. Сондықтан үкім қыламыз. Мұстафа
Шүкейұлынан Мұқанның жетім баласы Сəбитке бір бұзаулы сиыр,
тайынша-торпағымен жəне Мұқаннан қалған барлық мүлік алынып
берілсін».
Бурыл биені, немесе, оның құлынын қайтару туралы сөз де болған жоқ,
өзге мал-мүліктің, маған керегі жоқ. Бірақ бұл менің, ішімді тауысатын ой
ғана, сыртқа шығаруға дəрменім жоқ.
Үкімді көктем шығып, ауыл қырға шыға Сибанның ауылнайы Мəкіш кеп
орындады. Мұстафаның қолында өзінің жалғыз қысыр биесі мен бір қашар
сиыры ғана қалды. Екінші сиыр тайша-торпағымен бұзауымен маған тиді.
Мұстафа мен біздің ескі киіз үйімізден құралып бір үй жасалған. Үкімді
орындаушылар, біздің үйдің Мұстафаның үйіне жамалған есік кигіздерін
сөгіп алды. Уық пен шаңырақ та біздікі екен олар да алынды. Есебін
қайдан алып жүргенін кім білсін, «Мұқандікі» деген қазан-ошақ, ыдыс-
аяқтан да ешнəрсе қалған жоқ... Сонымен, қысқасы, елу үйлі Жаманшұбар
қырға шығып, əркім қолда бар үйін тіккенде, жалғыз Мұстафаның үйі ғана
керегеден қоршаған кішкентай күркеде отырды.
Бөлістің маңына мен барған да жоқпын, мені ешкім шақырған да жоқ.
Шақырса да бармас ем мен... Мұстафаның үйінен «қамқоршыларымның»
не алғалы жүргенін құлағым шалады. Олардың мақсаты — Мұстафаны
үйсіз, сауынсыз, екінші сөзбен айтқанда панасыз, тамақсыз қалдыру...
Айырылып кеткенмен, менің туысқандық жүрегім, бейшара үйді ондай
апатқа ұшыратуға қимайды, ауру ағаны да, оның шиеттей балаларын да,
солардың бəрін өлмешінің күнімен жалғыз асырап отырған жеңгені де,
баспанасыз, сауынсыз тастауға қимаймын... Ол жөнде əркімдерге
ақылдассам, «етіп кеткен іс, амал жоқ» дейді...
Бөліс күні мен Нұртазаның ас үйінен шықпай, шөке түсіп жатып
қалдым. Ендігі қорыққаным — Мұстафа үйі жағынан шығатын айғай-шу
еді. Мен ойлаған ем, «ашулы мінезді Мұстафа, өзгеге емес, үстіне тіккен
үйін жығып бөлерде шыдамай жанжалдасар» деп, «Сілеусін мен Ұлтуған
дауыс көтеріп жылар, мені қарғар» деп.
Олардың бірі де өйтпеген. Үйді жығарда жалғыз ауру Мұстафа ғана
төсегінде жатып қап, өзгелері тысқа шыққан да, бөлшектеген құрым үйге,
көз жастарын ғана төгіп үнсіз қарап тұрған...
Үй жығылып, ашық аспанның астында қалғанда Мұстафа көзінің жасы
ақтарылған бейнемен басын көтеріп, теpic жайған қолымен, мені емес,
Нұртазаны қарғаған...
Бөлістен кейін менің «қамқоршыларым» ауылнаймен ақылдасты да,
«түбінде тұқым болар» деп ұрғашы тайыншаны ғана алып қап, сиырды
ішіне қоса басқа мал-мүліктің бəрін сатты. Сондағы шыққан ақша —
барлығы бір жүз жиырма сом. Осыдан жиырма сомды бөлісті
«басқарушылар» өзара үлесіп алды да, жүз сомды «жылына он сом есім
бересің» деп Өтей-Дəуіште Кəсен дейтін саудагерге тапсырды.
Ұрғашы тайыншаның не болған тарихын айтайық: Мен Мұстафадан
бөлінген көктемде, біздің ауылға Əлти Көкенов атты милиционер бай келе
қалды да, Шəйкен дейтін кісінің үйіне түсті. Орташа арық денелі, ашаң
жүзді, селдір сақал-мұртты, ағы қанталаған кішірек көзді, жасы со кезде
жетпістерді алқымдаған, тістері сирек, даусы барылдаңқырай сөйлейтін кісі
екен.
Сыйлы қонақ келсе, қолынан ет асау — ауыл балаларының əдеті.
Шəйкен үйінің қазан толы асқан сүрін көрген соң, піскен кезде, езге
балаларға еріп, ет асауға мен де бардым. Ұзын ағаш астауға толтыра салған
жылқының мүшелі семіз еттері қонақтың алдына қойылды. Қасында
Нұртаза жəне Жаманшұбардың бірнеше атқамінерлері отыр.
Ет желіне бастады. Бұл — үйдегі кісілер тауыса алатын ет емес: қос
қазылар, бітеу жаялар, басқа да сыбағалы мүшелер тұтас-тұтасымен жүр...
Қонақ та, онымен дастарқандас адамдар да, біраз қаужалап алғаннан кейін:
— Балаларға ет асату керек, — деді Əлти.
— Сіздің бармағыңызды жалағалы кеп тұр ғой, хажы, — деді Нұртаза,
жарамсақтанған дауыспен, — өзіңіз асатыңыз!
Əлти «оқасы болмас» деді де тамырлары білеуленген қолымен астаудағы
туралған майлы етті алақанын толтыра көсіп ап:
— Кəне, келіңдер балалар, шеттеріңнен! — деп, барған балаға асатып
жатты. Етті асатарда «кім баласысың?» деп сұрап жатты.
— Кім баласысың?— деп сұрады Əлти, кезек маған келгенде.
— Мұқанның баласымын, — дедім мен.
— Мұқанның?! — деп ол аз кідірді де, — қай Мұқанның? — деп сұрады
Нұртазадан.
— Мұқан правительдің... — деп біреу қалжыңдайын деп еді:
— Қойсайшы! — деп Нұртаза тоқтатып қойды да, — хажы, өзіңізге
дəмдес
24
болған Мұқанның баласы, — деді.
— Ə-ə!.. — деп, Əлти маған бір уыс етті ұстатты да, мен шегінгеннен
кейін: «жақсы кісі еді бейшара, жұмысты адал істеуші еді, топырағы торқа
болсын!» — деді.
— Со кісі сіздің үйге екі-үш жыл дəмдəс болды ғой, — деп сұрады біреу.
— Солай, — деді Əлти. — Менен жүздік шапты ғой ол. Бейшара бір
жылы ымшық-шымшықтау боп ауырып жүрді де, жарты жүздігім со кісінің
мойнында кете барды.
— Артынан төлеген жоқ па? — деп сұрады Нұртаза.
— Қайдан төлесін, — деді Əлти, — одан кейін жолығудың реті келген
жоқ. Мойнына борыш боп кетті.
— Астапыралда, — деді Нұртаза, шошып кеткен боп. О, не дегенің
хажы, Мұқан өлгенмен, оның дүниесі өліп пе? Бұ дүниедегі күнəсі де жетер
бейшараның. Борышын төлейміз.
Со темада өзара біраз кеңескеннен кейін біздің ағайындар Əлтиге мен
Мұстафадан алып шығатын ұрғашы тайыншаны бермек болды.
Тайыншаны сол арада біреу сатып алды да, ақшасын Əлти қалтасына
салды...
|