Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет3/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

БАҚЫТСЫЗ БАҒИЛА
Оразбен елбесіп-селбесіп, қарны тойып, қабағы ашылыңқыраған біздің
үйге сол жылдың көктемінде, тағы да жылау кірді.
Жас болсам да есімде: шешем мен Бағила екеуі, тіккен тонды алдарына
өңгеріп, үнсіз еңірейді де отырады...
Осы жылаудың кезінде біздің үйге бір күні көршілер жинала бастады.
Əлдеқайда, алыста отыратын əкемнің інісі Мұстафа да келді. Жиналған
жұрт əке-шешеме құтты болсын айтып жатыр: Бағиланы Мұстафа
əлдекімге бермек боп, құда түсіп кепті...
Құдалыққа баратындар əзірлене бастады. Көп кісі баратын байдың құда
түсері емес, бізден баратындар: Мұстафа, Ораз жəне мен.
Үшеуміз Ораздың көк атына жеккен арбамен жүріп кеттік.
Құдамыздың аты — Соснабай деген кісі екен. Əкесінің аты —
Шошқабай. Бірінші көргенде менің есімде қалғаны Соснабайдың өзі емес
—мұрны!.. Балалық кездегі əсерім бе, əлде расында солай ма, ондай қоңқақ
зор мұрынды мен бұрынды-соңды көрген емен. Соснабай бет сүйегі
шығыңқы келген, көмірдей қара кескінді екен, со кескіннің орта тұсын ала,
бүкірейе біткен мұрынның биіктігі табан қарыс деуге жəне қалғыған сайын
қорылдайды екен... Сонда оның қорылы бауыздалған жылқының ышқына
қырылдауынан бір кем емес!..
Ал, күйеу ше?
Əлі есімде «күйеу осы» — дегенге қасына барсам, кескінділеу келген ақ
бұжыр жас жігіт, маған қарайды да, сөйлеудің орнына қолдарымен
ымдайды. Бақсам, əлгі жігіт құлағы біржола бітіп қалған керең екен де, сол
себепті тілімен де айрылған сақау екен. Кейін білсем, бұл жігіт Соснабайға
жиен екен, аты Мұстафа болғанмен, жұрт оны Сақау деп кеткен. Өзі
ағаштан түйін түйетін, шебер балташы екен.
Біз құдадан екі құлынды бие жетектеп қайттық, бірі — қара көк бие, бірі
— бурыл бие. Буырылы да, оның құлымы да тайпалған жорға.
Мұқан мен Мұстафаның, арасында бүліншілік осы екі биеден туады.
Мұстафаның ойы бір биені өзі алып, бір биені Мұқанға бермек екен.
Малдың зары өткен Мұқан көрікті екі бие қолына тиген соң, інісіне
ешқайсысын да беруге қимайды.
Бұған шейін Мұстафа сол маңайда «Исаевка» аталатын орыс
поселкесінде, бірнеше жыл бақташы екен. Өзі со кезде сүйек туберкулезіне
шалдығып, еңбекке жарамай қалған, балалары жас. Үй-ішіне еңбекке


жарайтын жалғыз ғана адам — əйелі Сілеусін. Ол да со жылы жас
босанған. Мұстафаның Бағилаға құда түсуі бір жақтан ауру ағасы Мұқанды
аяу болса, екінші жағынан өз қамын да ойлап, өзіне де талғажау бірдеме
табам деген мақсат болу керек.
Соснабай мен оның құда түсу себебі былай болады: көп жыл орыс
поселкесінде бақташы болған Соснабай, еңбегімен азын-аулақ мал
жиғаннан кейін, туған аулына көшеді де, мал бағып отырған Мұстафаның
үйіне кездесіп қонады. Соснабай Мұстафаға, сақау жиеніне қалың беруге
ойы барын айтады. Оның екі жақсы биесіне көзі түскен Мұстафа: «Осы
биелеріңді берсең, мен саған қыз табам», — дейді. «Берем», — дейді
жиеніне қыз таба алмай жүрген Соснабай. Мұстафа: «Ендеше менің Мұқан
деген ағамның бой жетіп отырған қызы бар, билігі менде, биелеріңді
берсең, қызды бергізем», — дейді. Екеуі осыған қол алысады.
Бие алу мақсатымен Соснабайға құда болған Мұстафа, ол биелерді
Мұқан бермегеннен кейін араздасты да, үйіне кетті. Сол кеткеннен ол
кешікпей, Жаманшұбар аталатын жердегі ағайындарына көшеді...
Құда түскеннен кейін көп кешікпей, Бағила ұзатылады. Сол жылы оның
жасы 16 да екен. «Бір қолының кемтарлығы болмаса, кескіні əкесіне
тартқан, қараторы, бойшаңдау келген көрікті қыз еді»,— деседі көргендер.
Ұзатып салғаннан кейін, Бағила көп кешікпей өліпті. Мен оны ұзатқаннан
кейін көрген жоқпын.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет