ЗАРЛЫ ЖОҚТАУ
Біз Жаманшұбарға көшіп барғанда, ауыл Достың жағасында отыр екен.
Біздің кішкене қараша кигіз үй, Мұстафаның қараша үйінің қасына тігілді.
«Жарылғас» аталатын біз қонған ауылдағы он шақты үй, шөбере — бір
атаның баласы екен байы Нұртаза. Бірер орта дəулетті адам бар, өзгелері
кедейлер.
Ағайындар алғаш жаңа көшіп келген біздің үйді құрметтеген сияқтанып,
үй басы қонаққа шақырып жүрді. Бірақ бұның бəрі бос сыпайылық екен
нақтылы жəрдем тілер кезде, тізгін ұшын берген ағайын болған жоқ.
Біздің үйде азын-аулақ қара-құра бар. Оларға қыс азық керек. Тегін шөп
берер ағайын жоғын көрген əкем, біреумен елбесіп-селбесейін десе, ешкім
қоспайды. Ағайын біздің үйге ғана емес Мұстафаның үйіне де сондай
мейірімсіз екен балалары жас, өзі ауру, оның жұмысқа жарайтын жалғыз
əйелін ешкім бірлесіп пішен шабуға қоспай, өзі жеке шабады екен.
Біріктірер басқа ағайын болмаған соң, шөпті Мұстафаның əйелі
Сілеусінмен менің əкем бірігіп шапты. Оларға шабындық жер,
Жаманшұбардың ар жағындағы, алыстан берілді. Жасым алтыға ғана
келген бала болғандықтан, олардың шөпті қандай жағдайда шапқанынан
менің хабарым жоқ. Тек қана өңім емес, түсімдей боп есімде сақталған
картина: шөптен жаяу келген əкемнің мені мойнына мінгізіп, ауылдан
əлдеқайдағы алысқа түнде кетіп бара жатуы!..
Кейін Сілеусіннен сұрасам, балажан əкем мені көрмесе тұра алмайды
екен күндіз шөбін шауып іңірде жаяу ауылға кетеді екен де, мені мойнына
мінгізіп, таң атқанша жұмыс қосына қайтып келеді екен.
— Бірақ, шөппен жапқан қосқа сені қалдыруға болмайды,— дейтін еді
Сілеусін, — шөп басында маса көп. Түтін сап қоюға өрттен қорқамыз.
Түтін салмаған жерде маса адамды буып өлтіре жаздайды. Сен оған
шыдамайсың да, жылайсың. Əкең содан кейін сені тағы да Дос басындағы
ауылға жаяу əкетеді...
— Сіздер қалай шыдайсыздар?
— Шыдамағанда амал нешік! — дейтін еді Сілеусін күрсініп, —
шаппасаң азғана малың, жұтайды, оның арты аштан елу... Соны ойлайсың
да, етіңе мыңдаған маса қонып, денеңді ашыта, қаныңды сорып жатса да
шыдай бересің, біраздан кейін көнтерілі боп аласың...
Шөпке жəрдемдеспеген ағайын əкеме қысқа қора-қопсы салуға да
жəрдемдеспейді. Күздігүні ол шымнан үй салмақ боп, іргесін ғана көтерді
де, төбесін жабуға шамасы келмей Мұстафаның бір бөлмелі тар
землянкесіне қыстады. Жазда сүлдерін сүйретіп жұмыс қылған əкем, қыс
басында ауруы меңдеді де, төсек тартып жатты.
Ол қыстан менің есімде қалғаны — тар бөлменің бір қабырғасында
əкем, екінші қабырғасында Мұстафа төсектен тұрмай, ауыр сырқаттан
сарнайды да жатады. Біз — балалар борансыз күндері далада ойында
боламыз, боран күндері үйде отырайық десек əрі сырқат адамдардың
сарнауы құлақты жарады, əрі тар бөлмеде біз — балалар қағыспай отыра
алмаймыз, оның арты шаң-шұңға айналып кетеді, балаларын қорғап
үлкендер ұрсысады...
Адам не қиыншылыққа үйренбейді. Біраз бірге тұрғаннан кейін ауру
адамдардың сарнауына балалар — біз де үйреніп кеттік. Сөйтіп жүргенде,
аса бір аянышты хал болды.
Бір. күні біздің, үй əлдекімді қарсы алуға даярлана бастады, оның белгісі
— мол ғып ет асу, бауырсақ пісіру... Одан басқа тамақ бұл үйде жоқ.
Менің əкем қолда барына мырза болған кісі деседі. Оның шет жағасын
өзім де көрдім. Со жылы қыстың басында, əкем баяғы Бағиланың қалың,
малына алатын екі биенің бірін сойған, еті аса семіз шыққан. Содан «дəм
татсын» деп, өзі ауырып, жатқан күйінде талайларды қонаққа шақырғаны
есімде.
Біз білмейтін қонақты шақыруға жиналғанда да, со биенің еті асылып
жатыр.
— Кім?— деп сұрасақ:
— Емші,— дейді үлкендер.
— Қайдан келген?
— Ойдағы Сибаннан.
— Аты кім?
— Айғожа.
— Кімді емдейді, ол?
— Əкеңді...
Бір кезде күткен кісі келді: тапалдау бойлы, талтақ аяқты, дөңгелек қара
сақалды адам... Қасында біздің ауылдың бірер адамдары бар...
— Ал, балалар, — деді қонақ төрге отырғаннан кейін немере ағамыз
Рамазан — сендер біздің үйге бара тұрыңдар. Ауруды емдегенде бала
отыруға болмайды...
Біз — Мұстафаның екі кіші баласы Ғаббас пен Шəкең мен үшеуіміз
үйден шықтық, бірақ Рамазан үйіне бармадық, ойымыз — емшінің не
істейтінін есіктен сығалап байқау...
Байқағанымызға біз қуанбадық, өкіндік: Айғожа төсекте жатқан əкемнің
қасына барды да, аяқ-қолдарың қасына еріп келген кісілерге ұстатты.
Өзінің қолында жалаңдаған пышақ...
Бір кезде, əкемнің, шыңғырған даусы шықты... Жаным ашып кеткен мен
үйге кіріп барып, үңіле қарасам, Айғожа əкемнің сол жақ санын пышақпен
тіліп жатыр екен... Мен шырылдап жылап, емшінің қолын ұстай алғанда:
— Əкет, мынаны! — деді Айғожа ақырып.
Мені қарулы бір адам далаға көтере жөнелді... Артынан естісем: əкемнің
сол жақ саны, қалың етінің тұсынан əлденеге іскен. Айғожа ісіктің астында
ірің бар деп ойлайды да, соны шығармақ боп пышақпен тіледі... Ет сүйекке
дейін тілінеді, бірақ ірің жоқ... Дəрі-дəрмек ауылда ол кезде жоқ. Оқымаған
Айғожа, дəрі дегеннің не екенін де білмейтін болу керек. Ол тілген жерге,
отқа күйдірген құрым киіз тығады да, сыртын орап, байлап тастайды...
Революциядан бұрынғы надан ауылда ауруды емдеудің түрі осындай!...
Еті кірлі пышақпен тілініп, жарасына күйдірген құрым тығылған кісі оңа
ма?..
Əкем де оңбады... Сол емдеуден кейін оның сарыны үдеп кетіп, кішкене
бөлмені күні-түні зарлы дауыспен басына көтеретін болды... Содан мезі
болған үйдің, іші, асыға жаздық болуын күтті. Жаз туып, киіз үйіне шықса,
əкемнің ащы сарнауынан құлақ тиышырақ болады ғой.
Қар кетіп, жұрт қырға шыққанда, əкемді тіккен үйге ағайындары кигізге
көтеріп апарды... Аздан кейін Досқа көшті. Балаларға жаздың сайраны
басталды, мен де солардың ішіндемін.
Достың тақыршағында асық ойыны қызып жатқан күннің бірінде, бізге
салт атты біреу шауып келді, менің немере ағам Сəрсек екен.
— Кəне, қарағым, үйге жүр,— деді ол маған.
Ойынды қимаған мен «бармаймын» деп қашқалақтап ем, Сəрсек ұстап
алды да, зорлаңқырап атының алдына өңгерді. Ауылға қарай жорта
жөнелген оның алдында «жібер деймін!» деп мен тырмыса беріп ем:
— Не боп кеткен сағаң бейшара бала? Əкең өліп жатқанда асық ойнап
жүрмекпісің?— деді Сəрсек.
Өлімнің не екенін білмеген мен жүрегім зырқ ете қалды...
Сəрсек мені алып келгенде, үйдің іші у-шу жылау екен. Енді ғана
бірдемені түсінгендей далаға қаша жөнелуге ыңғайланған мені, Сəрсек
ұстай алды. Оң жақ босағаға қарасам, біздің үйде болмайтын ескілеу сиса
шымылдық құрылыпты.
— Көрсету керек көңілі суысын! — десті біреулер.
— Көргенде не болады!.. Жас бала қорқар,—десті біреулер.
Бір
босағада,
бетін
баса
күңіреніп
шешем
отыр.
Құрылған
шымылдықтың бас жағында шөке түсіп өкіріп жылап жатқан адамды
даусынан таныдым, — Мұстафа!.. Оның тек айтары: «Мені де ала кет,
бауырым, Мұқан!..»
Үйде көзіне жас алған адамдар көп. Солардың ішінең Шəйкен атты
момын адам орнынан тұрды да, мені кеп құшақтап:
— Зарығып көрген жалғызы ең, ендігі күнің не болады?! — деп еңіреп
жіберді.
Халімнің не болғанын сонда ғана түсінгендей, мен бетімді бастым да,
еңірей жылап далаға шыға қаштым...
Не
ойлағанымды
кім
білсін,
əкемді
жұрт
«Дос»
басынан
Жаманшұбардағы зиратқа əкеткенде, мен қашып бармай қалдым...
Бірақ оның бейнесі мен бірталай қылығы есімде əлі сақтаулы. Ол
ортадан жоғарырақ бойлы, арық денелі, қара сұр, өңді кісі еді. Менің
сарғылттау сұр өңім, моңғолдау жалпақ бетім шешеме тартқан деседі.
Алтыншаш əжем қалмақ қызы екен мүмкін, соған ұқсауым. Білетін жұрт
əкемнің ур-тұлғасы аумаған менің балам, Марат еді дейді.
Əкем, тегі, дене қуаты мол адамға ұқсайды. Оны жұрт жұмыс
атқаруымен өлшейді: «екі кісі көтеретін бөренені жалғыз өзі иығына салып
əкете беруші еді», жүздікті «бір жарым есе орындаушы еді», өзі кісіге
тимейтін, тигенді оңдырмайтын еді «...деседі». Сондықтан да «адал»
атанып, жалданғанына жағымды болған. Жұмысқа, тегі жалықпайтын кісі
болу керек өлерінен бірер жыл бұрын аяғынан мүгедек болып қап, пішенді
тізерлеп жылжып шапқаны əлі есімде.
Қылығынан есімде қалғаны,— ағайын арасында ұжымшыл, «момын
Мұқан» атанған. Өзі өлердей балажан еді, мысалы мені алыстағы пішенге
мойнына мінгізіп апарып, түнде, ұйықтаған қалпымда құшағына қысып,
үйге əкелетін. Ауылда, əсіресе біздің үйде тəтті жоқ кезінде жалғыз
сиырдың сүтінен балаларына балқаймақ қайнаттыратын. Өзге балаларын
«қыз» деп, мені «жалғыз» деп, бірде-бір баланы маңдайына шертпейтін.
Қысқа жібін күрмей алмайтын шешемді ара-тұра ұрмақ болатын, біз
жабылып-жалынып ұрғызбайтынбыз.
Жұмыс үстінде ыңылдап əндетуден ауыз жаппайтын, мені ыңылдап
айтатынын білетін кезім емес...
Əкемді көміп кеп, біздің қараша үйге жиналған жұрт, менің
жыламауымды емес, апам Ұлтуғанның жыламауын сөгеді.
— Сəбитті қойшы,— дейді олар, — əлі ойын баласы, «өлім» дегеннің не
екенін түсінеді деймісің, бұл!.. Бұныкі бір сəрі, анау бой жетіп қалған
апасынікі, не?!.. Солқылдатып əкесін жоқтап отыратын кезі емес пе,
оның?.. Құр жылағаны болмаса, əкесіне жоқтау айта білмеді-ау, шіркін, тегі
адам болмас со қыз!
Бұл — 1907 жылдың көктемінде болған оқиға.
«Жоқтау» дегеннің не екендігін Ұлтуғанның білетіндігіне жұрттың көзі
келер жылы, сол уақытта жетті. Əкемнің жылы толған кезде, шешем де
қайтыс болды.
Əкем өлгеннен кейін шешем төсек тартып жатты да алды. Со қалпында
ол жай жатпайды, күндіз-түні күңіреніп жылайды да жатады, Ұлтуған
екеумізді күн сайын кешке «əлдилеп ұйықтататын да осы күңірену,
таңертең ызыңдап оятатын да осы күңірену!..
Үздіксіз күңіренудің салдарынан ба, əлде басқа бір дерт шалды ма, əкем
өлгеннен бастап жүдеген шешем, келер көктемге дейін міндетін кісіге
артты да, дəл əкем қайтыс болған кезде өмірмен біржола қоштасты.
Шешемнің қалай қайтыс болғанын мен жақсы білем: өлерден аз күн
бұрын нəр татудан қалған ол, өлер күні таңертең, Ұлтуғанды оятты. Мен де
оянып кеттім.
— Сусадым,— деді ол.
— Ұлтуған «не ішесің» деп еді.
— Шай ішкім келеді,— деді шешем.
Бүйірлері майысқан ескілеу кішкене самауырға Ұлтуған су құйып, ішіне
шоқ салды да, тысқа шығып кетті.
— Əлгі бейбақ, шай іздеп кетті-ау, — деді шешем — үйде шай жоғын
білмеппін-ау, сорлы басым!.. Қап, бекер телмірткен екем біреуге!..
Бұрын денсаулығы түгел кезінде мені сүйгіш те, иіскегіш те шешем,
ауру меңдегеннен кейін тек қана маңдайымнан сипайтын да, денесіне
жақындатпайтын. Онысы, тегі «ауруымды жұқтырармын» деген қауіп болу
керек.
Ұлтуған үйден шығып кеткенде, шешем сол дағдысымен мені басымнан
бір сипады да:
— Шəкіжан бар, балалармен ойна! — деді.
Күн жаңа шашырап шығып келе жатқан кезде, бала ойнай ма?
Тиышсыздық көрген бір үйдің баласы болмаса, тиыштықтағы үйдің
баласы, бұл кезде шырт ұйқыда жатпай ма?.. Сондықтан шешем менің
үйден кетуімді тілегенмен мен тілін алған жоқпын...
Кешігіңкіреп Ұлтуған да келді. «Бір қайнатым шайды екі-үш үйден зорға
тауып əкелдім» деп келді ол. Со кезде самауыр да қайнады, шай
шығарылды, дастарқан жайылды...
— Əттең, қант-ай! Бірақ жоқ қой ол, — деп өкінген шешемнің дауысын
естігенде:
— Іздеп келейін, — деп Ұлтуған тұра беріп еді:
— Қозғалмай-ақ қой, құлыным, тағы кімге телміресің, үйде кепкен
сықпа құрт бар ғой, аузымның дəмін сонымен алармын, — деді шешем.
Күні бүгінге дейін көз алдымда: шешем қаймақ құйған қою шайды
терлеп отырып бірталай ішті. Содан кейін:
— Мені енді жатқыз, қарашығым! — деді қызына. Ұлтуған сүйемелдеп,
шалқасынан жатқызды.
Ұмытып барады екем: шайды мен шешеме еріп недəуір іштім.
Алдымызға əкеп қойған аяқтағы піскен қаймаққа сықпа тұщы құртты
батырып соғып та алдым. Ұлтуған дəм татпастан, шырайлы бетінің қаны
қуқылданып, үлкен дөңгелек қара көзі одан да үлкейе түсіп, көзіне əлсін-
əлсін іркіле берген жасты теріс қарай беріп, жіңішке ақ саусағымен
сыпырып тастап отырды...
Біз шайымызды ішіп болған кезде, күн көтеріліп қалған еді, көрші
үйлердің балалары ойнап тысқа шыққандығы дауыстарынан естіліп тұр.
Соларға елегізіп, тысқа қарай жөнеле берген маған:
— Шəкіжан-ай, бері кеп кетші,— деген дыбыс берді, төсегінде
шалқасынан жатқан шешем.
Мен қасына келіп еңкейгенде, шешем басын көтерместен маңдайымнан
тағы бір сипады да, көзіне толтыра жас алып:
— Бақытты бол, құлыным, бара ғой! — деді.
Əлдене бір жамандық күткендей, орнымда қалшиып тұрғанымда,
шешемнің көздері жоғары тартылып, еріндері қыбырлай бастады. «Апа!»
деп ащы даусы шығып кеткен Ұлтуған бетін шешесінің кеудесіне басып
жата қалды!.. Мен əлі қалшиып тұрмын!.. Не болғанын түсініп, мен де
еңіреп жылап жібердім... Үйге жүгіріп кірген адамдардың біреулері
Ұлтуғанды, біреулері мені ұстай алып:
— Соры қайнаған сорлылар-ай, шын сорлы енді болдыңдар ғой!.. —
десті.
Ескі ауылдың салтында, зиратқа ұл бара алады, қыз бара алмайды.
Шешемді көмісуге мен бардым да, зарлаған Ұлтуған қала берді...
Атақты Махамбет ақынның өлеңдерінің ішінде:
«Аспандағы бозторғай
Бозаңда болар ұясы.
Бозаңның түбін су алса,
Қайғыда болар анасы.
Қара лашын ақ тұйғын
Қайыңда болар ұясы.
Қайыңның басын жел соқса,
Қайғыда болар анасы»,
деген сөздер бар ғой. Тегі осы сөздерді Махамбет халық фольклорынан
пайдаланған ба деймін. Олай дейтінім, — біз шешемді кеміп келсек он екі
жасар Ұлтуған ер жеткен қыздай əндетіп, шешесін жоқтап отыр жəне
кімнен үйренгенін кім білсін, жоғарыда «Махамбет сөзі» деген жырды
айтып отыр! Ол:
«Аспандағы бозторғай
Бозаңда бодар ұясы.
Бозаңның түбін су алса,
Қайғыда болар баласы!..»
— деп келеді де, аяғын:
Ата-анадан айрылып,
Көзімнің ақты сорасы»,
— деп жалғастырып əкетеді... Енді жұрт оны «санасыз» деп сөгудің
орнына:
— Апыр-ай, мына сорлыға жас басынан кім үйретіп қойған жоқтауды?!
Əке-шешесінен жұрдай боп, панасыз жетім қалуың бейшара іштей біліп
туған ба!..—деп қайран қалады...
Жетіден сегізге шыққан жылым болғанмен, сол зарлы жоқтау, күні
бүгінге дейін менің құлағымда ызың қағады...
|