Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет14/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

ҮШІНШІ ТАРАУ
ДАУ
БУРЫЛ БИЕ
Апам Ұлтуған екеуміз Мұстафаның үйінде тұрып жаттық. Мен оқып
жаттым.
— Біздің Шəкіжан бұ молданың оқуын тез тауысады, — деп шаттанып
жүрді Мұстафа. — Содан кейін мен оны Кəрібай хажының медресесіне
апарам. Ол — он екі пəнді тəмəм қылған хатым-кəрдан. Хажының
медресесін бітіргеннен кейін біздің Шəкіжан үлкен молда болады...
Ошақ басы кеңесте Мұстафа менің болашағым туралы толып жатқан
қиялдарға кетеді.
— Аманшылық болса, — дейді ол, — Ұлтуғанды құтты жеріне
қондырамыз, оның қалыңмалына Қамзаны үйлендіріп, еншісін беріп
шығарам. Одан кейін жасы үлкен болса да Ғаббасты қоя тұрып, Шəкіжанға
қалың берем.
— Қалыңмалға неңді бересің?— деген əйеліне:
— Со да сөз бе екен? Біздің Мəржамға біреу құда түспес деймісің?
Соның қалыңмалын берем де, — дейді Мұстафа.
Өз балаларының да, менің де, ержетер шағымды көз алдына келтірген
Мұстафа бізді былайша жүйелейді: «Қамзадан кейін Шəкен
18 
мен
Шəкіжанды бір үй қып шығарам. Қолымда Ғаббас қана қалады. Оң
жағымда Мұқанның үйі отырады, сол жағымда Қамза... Одан кейін құдайға
не арманым бар менің!»
Мұстафаның бұл қиялың оны мен менің арама жүгірген «шайтан» бұзды
да жіберді.
Бағиланың қалыңмалына келген бурыл бие бары оқушыларға мəлім.
Соснабайдың айтуынша, ол бие арғымақ пен қара байырдың шатысынан
будан боп туған. Расы да солай ғой деймін, өйткені бүкіл
жаманшұбарлықтардың бағалауынша: «Бұл сияқты денелі, көркем жылқы,
өзге былай тұрсың со кезде жылқысы жүзге барып қалған Нұртазада да,
жылқысы мыңды маңайлайтын Тұртайда да жоқ...»
Биенің шоқтығына ұсынған қол ғана жетеді, мойны доғадай иіліп, екі
құлағы біздей шаншылып тұрады, қайқаңдау келген жалпақ сауырына адам
төсек сап жатарлықтай кең, омырауының кеңдігі сондай, еңкейген адам
жүгіріп етерлік құрсағы құр жатпайтын жануардың қарны жер сыза


жаздайды, төгілген жалы тізесіне түседі, кекілі тұмсығын жабады, құшаққа
толарлық құйрығы көлденең сүйретіліп жатады, кезінде сауа қоймаса, тез
дертетін емшегінен төрт тарамданып сүт атып тұрады...
Ептеп аяң жорғасы бар бұл бие, бізге келгеннен бері үнемі жорға құлын
табады. Құлыны да өзіне тартқан бурыл болады жəне ерте құлындайды да,
құлыны қара құлақ марқа боп өседі.
Біздің қолға келген жылғы оның құлынын əкем сатып, қысқа азық алған.
Келер жылғы құлынын Мұстафа сатып, өлген əкемнің жабдығына ұстаған.
Одан келергі жылғы құлынды сатып, өлген шешемнің жабдығына ұстаған.
Олардың үшеуі де ұрғашы құлындар да. Құлындардың сатылған жері
алыста болмайтын. Өзіміздің маңайға сатылған бурыл құлындардың
бастапқысы мен он бір жасқа қарағанда дөнежін шықты, екіншісі құнажын
шықты, үшіншісі тай шықты. Олардың бəрін де мен күн сайын көрем.
Көрген сайын ішім күйеді: бурыл тай да, бурыл құнажын да, бурыл
дөнежін де аумаған енесі сияқты.
«Əттең, — деп өкінем мен, — осылардың бəрі біздің қолда болса!..
Сонда біз айғыр үйір жылқымыз бар үй болар едік-ау!..»
Сатылып кеткен бурыл биенің құлындарын кісінікі деуге қимаймын...
іштей өзімсінем... көргім келеді де тұрады жəне көре де берем!..
1911 жылы бурыл бие дағдысымен ерте құлындады, бірақ бұ жолғы
оның құлыны ұрғашы емес, еркек болды.
Маған қандай қуаныш бұл!.. Мен аз жылда ер жетіп, атқа мінетін жігіт
болам... Со кезде мына құлын да ат болады... Өзі тайпалған жорға...
Ендеше, əрі сұлу, əрі ірі, əрі жорға бурыл атты мініп жүру қандай тамаша!..
Басыма осындай қиял кіргендіктен болу керек, — бурыл бие
құлындағалы мен оның қасынан шықпаймын. Көрмесем тұра алмаймын...
Бурыл болар құлын əуелі қаратөбел боп туады. Сондай боп туған
құлынды мен қолдан аяқтандырдым... есейгенше бақтым... есейгеннен
кейін маңдайындағы ақтөбелі кеңіп, басынан бастап денесі біртіндеп
бурылданғаның ел жайлауға шығарда түгі түгеліменен жирен бурылға
айналғанын қолдан өткердім... «Тек, тіл-көзден аман қылсың бұл бір айта
қалғандай ат болғалы тұр», — деген жұрттың сөздерін қуана тыңдадым...
Көңілім осылай тасып жүргенде, бір жаман хабар құлағыма қорытқан
қорғасындай құйыла қалды. Зəрем ұшып кетті! Не істеуге білмедім...
Бұл суық хабарды маған алғашқы естірткен — Нұртазаның баласы
Мырзағазы.
— Бала, сен не білдің? — деп сұрады ол, бір күні кешке көл басында


менен.
— Түк те білген жоқпын, — дедім.
— Білмесең, сені құдай ұрайын деп жүр ғой, — деді ол.
— Неге?
— Рас түк естіген жоқсың ба? — деп сұрады Мырзағазы тағы да.
— Жоқ, — дедім мен.
— Естімесең, — деді ол, — пірəдəр (Мұстафаны ауыл солай дейтін)
бурыл биені Жапырақтың базарына апарғалы жүр дейді.
— Неге? — дедім мен əлі де көңіліме секем алмай.
— Базарға неге апарушы еді биені? — деді Мырзағазы маған жекіп. —
Сатуға апарады да!..
Сол арада мен не болғанымды білмей жылап жіберіппін...
Мырзағазы менен төрт жас үлкен. Жəне ойға-қырға көп жүріп, ысылып
қалған, табиғатында зирек, əкесі сияқты сөзшең, ересек бала.
Көл
19 
басынан қайтып келе жатқанда Мырзағазы маған ақыл үйретті.
— Сен жылайтын болсаң, бұлай босқа жылама — деді ол, пірəдəрдің
алдына барып жыла. Биені сатпа де, егер сатсаң, мен бұл үйден кетем де!
Мен Мырзағазыға жауап қайырғам жоқ, өйткені оның сөзі менің
көкейіме қонып келеді, бірақ əлі күнге дейін бетіне шығып көрмеген жəне
түсі ызбарлы, мінезі қатты Мұстафаға, Мырзағазы үйреткен сөзді айта алам
ба?
Сөзіне жауап қайырмағанмен, мені қайрай түскісі келгендей, Мырзағазы
сөйленіп келеді:
— Пірəдəрдің о неғылғаны?! Сені кісі құрлы көрмегені ме? Екі биенің
біреуі болса бір сəрі, жалғыз биені сата ма екен? Тіпті соның сүті де керек
емес пе, оған? Бір өзі бір сүйретпе қымыз боп отырған құнарлы бие!..
Өмірінде көрмеген босағасына биыл торсық кірді, қалай ішсе де жетіп
жатыр. Сондай биені қиып қалай сатады! Өзінің қысыр биесін неге
сатпайды? Ертең сен ер жетпеймісің? Саған ат керек болмай ма? Несін
мінгізем дейді екен сонда саған? Жəне құлын қандай жануар! Мұндай
құлын мың қырған Əлти мен Сəпіде де жоқ. Рулы елден табылмайтын ат
боп өскелі тұрған құлынды қалай қиып сатады? Саған жақсы ат мінуді
көпсіне ме?!..


Мырзағазының сөздері бойыма түгел сіңіп, санама мықтап бекіп алған
қалпында мен үйге кірдім. Ол кезде біздің Жаманшұбарда ілуде біреу ғана
болмаса, кигіз үйге шам жақпайды, асты оттың жарығымен ішеді, жағатын
отыны — тезек.
Мен үйге кіргенде, күн батып, үй-іші қара көлеңке боп қалған кез еді.
Үйде маздап тезек жанып тұр. Оттың жарығымен Ұлтуған шай жасап
жатыр. Ол — қазір жасы он беске шыққан, талдырмаш, ұзын бойлы, ашаң
қызыл шырайлы жүзді, мөлдіреген кішірек қара көзді, əдемі қыр мұрынды,
бұрымы ұзын, қара шашты, жаңа өспірім көркем қыз.
Əрдайым 
менің 
келген-кеткенімді, 
хал-жайымның 
қандайлығын
бақылап жүретін Ұлтуған есіктен кіріп келген маған бір қарады да:
— Неменеге кейіп келдің?— деді.
Мен жауап берместен босағада қалшиып тұра қалдым.
— Өзіңді біреу ұрып жіберген жоқ па?—деп сұрады ол.
Мен тағы да жауап бермедім.
— 
Неге 
үндемейсің? 
— 
деді 
Ұлтуған, 
ауыр 
ойым 
барын
жорамалдағандай.
Со кезде сырттан құман ұстап Мұстафа кірді. Оның жеңі білегіне шейін
түрген қолы да, беті де су.
Ұлтуған Мұстафаның алдында сөйлемейтін, оны өте сыйлайтын.
Сондықтан ба, əлде менен жауап ала алмасын білді ме, маған тағы бір
қарап қойды да, шайын жасай берді.
— Мен ақшам намазын оқып ала қояйын балам, — деді Мұстафа
Ұлтуғанға, — шайды содан кейін ішерміз.
Мұстафа бетін сүртті де, жайнамазын төсеп, намазға отырды. Сырқаттан
дене қуаты əлсіз ол, намазды отырып оқитын жəне ұзақ оқитын.
Мұстафа намазға кіріскенде, мен үйдің сол жақ босағасына барып
етбетімнен жата қалдым. Өйтпеуге болмайтын да еді: бурыл бие мен оның
құлыны туралы ішімде қалыңдап алған уайым, жүйемді түгел босатып,
көзіме ағыл-тегіл жас кеп тұрған, оны босатпауға болмайды... Мен
етбетімнен жата қап жылай бастағанда, сыбырлаған дауыспен:
— Не боп кеткен саған? — деп, Ұлтуған басымды көтермек болды. Мен
оның ырқына көнбей, тырмысып жатып алған соң:
Айтам ғой, — деді Ұлтуған өзіне-өзі сыбырлап, — таяқ жеп келген
бала ғой бұл. Қай шешек шыққыр ұрып жіберді екен?


Ұлтуған да жылай бастаған сияқты... Сырттан кірген біреудің дыбысы
естілді. Қаңылтыр шелектің сыбдырына қарағанда — Сілеусін.
— Жатқан кім? — деп сұрады Сілеусін Ұлтуғаннан. Ұлтуған жауап
бермеді.
— Шайыңды жаса! — деді Ұлтуғанға.
Ұлтуғанның тұрып кеткенін сыбдырынан естіп жатырмын... Əлі
жылаудамын... Мен сол қалпыммен шайға тұрмай жатып қалдым. Сілеусін
де, Ұлтуған да «тұр, шай іш!» деп əлсін-əлсін келгенмен қозғалған жоқпын.
Менің жылау себебімді білгендей Мұстафада үн жоқ.
Ұлтуған екеуміз бір төсекте ұйықтайтынбыз. Үй-іші жатарда мені ол,
«кəне, тұр, жат төсекке!» деп қозғады да, тұра қоймаған соң, төсекке
көтеріп əкеп салды. Екеуміз бұрынғы дағдымен құшақтасып жатып
қалдық...
Менде де, Ұлтуғанда да ұйқы жоқ... Ол маған үйдегі өзге адамдар
ұйқыға кірген кезде ғана жауап қатты.
— Биенің сатылатынын естідің бе?—деп сұрады ол.
Мен жауап бермедім.
Соны естіген екенсің ғой, — деді ол, ауыр күрсініп ап, — жыладың
не, жыламадың не, сатам деген соң сатады. Жасыңды шығын қылғанмен
болмайды енді!..
Ұлтуған теріс қарап кетті де, солқылдап жылай бастады...
Ертеңінде Мұстафа биені жылқыдан алып қап, түнде ауылдың қасына
арқандап қойды. Биенің сатыларына көзім жетті. Бірақ Мырзағазы
үйреткен сөзді Мұстафаға айтуға дəрменім жоқ. Ол да бұл жөнде маған тіл
қатпайды...
Келесі күні Мұстафа ертемен жүрмек боп, өзінің қысыр көк биесін
тарантасқа жеккенде, мен құлыны емген арқандаулы бурыл биенің қасында
отыр едім. Ол биесін жегіп болғаннан кейін арқандаулы бурыл биенің
қасына келді де, маған сыздана бір қарап қойып, ноқталап ап үйге қарай
жетелей жөнелді. Соңынан ерген мен еңіреп жылауға кірістім.
Мұстафа үн-түнсіз жегулі тарантастың жетегіне ноқталаған биені
байлады, құлынды ноқталап ап биенің құйрығына байлады. Сөйтті де, үн
қатпастан тарантасына мініп, жөнеле берді.
Оның өз биесі жүргіштеу болушы еді. Менің көзімнен тез ғайып
болғысы келген Мұстафа божыны қағып қалғанда биесі ыршып түсті де,
cap желе жөнелді.


Тарантастың артын ала мен де жүгірдім. Мені көрмеді ме, əлде көрсе де,
көргісі келмеді ме, Мұстафа артына қарамайды. Мен бар дауысыммен
бақырып жылап, бар екпініммен жүгіріп келем.
Сол қалпыммен қанша жүгірерім белгісіз болар еді, егер ауылдан
ұзаңқырап алған Мұстафа тоқтамаса.
Екпіндеп жортқан биесін тежеп тоқтатты, ол божының ұшын қолына
ұстай жерге түсті де, маған «бері кел» дегендей қолымен ымдады. Бұның
не шақыру екеніне түсінбеген мен «есіркер ме» дегендей қасына бардым.
Со кезде Мұстафа мені божылы қолымен жағадан қапсыра ұстай алды да,
жағыма оң қолының шапалағымен тартып-тартып жіберіп, «осы
сыбағаңмен қал»дегендей, кеудемнен итеріп кеп қалды. Мен бақырған
қалпыммен шалқамнан құладым, ол арбасына мінді де жүріп кетті.
Осы қалпымда қанша жатарым белгісіз еді, егер мені бір жақтан
жолаушылап келе жатқан ағайынымыз Шəйкен салт мінген атының алдына
өңгеріп алмаса.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет