ЖАМАНШҰБАР
Жұрттың ұғымынша «тас мінез» саналатын Мұстафа туысқанына өте
бауырмал адам болатын.
Өкпемен Жаманшұбарға көшіп кеткеннен кейін бір жаз ат ізін салмай
қойған Мұстафа, қысқа қарай іздеп кеп Мұқанмен жыласып көрісті де, сол
қыста ат ізін суытпай қайта-қайта келгіштеп жүріп, алдағы көктемде өз
қасына көшіріп алып кетті. Бұл — 1906 жылы.
Бұдан
былай
көбірек
кездесетін
болғандықтан,
оқушыларды
«Жаманшұбар» аталатын жердің тарихымен таныстыра кетейік.
Үлкендердің айтуынша, біздің аталарымыз, Мəуліт
5
маңынан көшіп кеп
қазіргі Қостанай облысы, Пресногорьков ауданы, Қарағаш аталатын жерде
тұратын туыстарына қосылған. Бұл, шамасы — 1850 жылдардың тұсы. Мен
туардан он шақты жыл бұрын, ауылымыз осы арадан Жаманшұбар атты
жерге көшеді.
Біздің ауылдың қонысынан аууына Торсан деген кісі себеп болған дейді.
Торсанның түбі — Сибан емес, Уақ; Сибан руындағы Есеней атты кісінің
күйеуі.
Есеней аса бай болған, оның үстіне патша өкіметінің сұлтан-правителі
болған адам.
Бастапқы əйелінен бала көрмеген Есеней, елу тоғызға шығар жылы, бір
байдың Ұлпан атты жас қызына зорлықпен үйленеді. Намысы тапталған
қыз, Есенейдің ордасын ойран етуді алдына мақсат қып қояды. Бұл
мақсатына Ұлпан жетеді.
Ұлпан Біжікен атты жалғыз қыз туады. Қыз ержеткен кезде, Есенейдің
ордасын бүлдіру, шаңырағың мал-мүлкін жатқа иелендіру мақсатымен жас
жігіт — Торсанды Ұлпан Біжікенге телиді.
Торсан кім?
Оның əкесі Тілеміс, Есенейдің сұлтан-правитель кезінде тілмашы екен.
Бұл қызметті Тілеміс байлықпен немесе бектікпен алмаған, өз басының
өнерімен
алған.
Оның
əкесі
Сапақ,
қазақша
«Стоп»
6
орысша
Пресногорьковка
аталатын
казак-орыс
станицасында
жалшы
боп
шошқасын бағады екен. Одан туған Тілеміс пысық жəне орысша тілді
жақсы білетін жігіт боп өседі. Есеней сұлтан-правитель болғанда, біздің
елде, Тілемістен басқа орыс тілін білетін кісі жоқ екен. Сондықтан Есеней
оны тілмаштыққа алады.
Тілеміс Есенейге іштей кекті екен оған себеп мынау: Есенейдің жігіт
кезінде «орысқа бағындың» деп біздің елді Кенесары көп қолмен кеп
шабады да, мал-мүлкін талап, көп адамын тұтқынға алып кетеді. Есеней
басшы болып, ел Кенесары қолын қуады да, «Қақтың қара суы» деген
жерде жетіп соғысады. Екі жақтан да көп кісі өледі. Кенесары жеңіліп
қашады, біраз адамы қолда қалады.
Сол адамдарды казак-орыс штабына апарып тапсырмақ болған Есеней
қалың қолымен келе жатса, жолда Сапақ шошқа бағып жүр екен. Қарулы
қолдан қорыққан ол, қасындағы обаның етегінен қасқыр қазған апанға кіріп
кетеді. Мұны көріп келе жатқан Есеней, апаннан Сапақты суырып алады
да, «неге жасырынасың?» деп өлердей ғып сабайды. Мұны естіген Тілеміс,
Есенейге өшігеді де, əкесінің кегін қайтарудың жолын іздейді.
Ондай жолды Тілеміс табады. Есенейдің жалғыз ғана қызы барын
көрген ол, сол қызға үйлендіру, сөйтіп Есенейдің мал-мүлкіне ие қылу
мақсатымен, кіші баласы — Торсанды Қорған қаласындағы орыс
школасына сабаққа береді.
Торсан аса көркем, пысық жəне орысша білетін жігіт боп өседі. Біжікен
оған қызығады. Торсанның əкесі Тілеміс іс, Біжікеннің шешесі Ұлпан да,
екі жастың қосылуына тілеулес, Бірақ, олар, бұны Есенейге батып айта
алмайды, «атасы жаман» Торсанға, «аталықты» Есенейдің қыз бермеуін
біледі. Бірақ, бұған Тілеміс пен Ұлпан қайғыра да қоймайды, өйткені,
Есеней ол кезде қартайып, өлер шаққа жетеді.
Есеней кешікпей өледі. Ұлпан жұртқа айтпастан қызын Торсанға қосады
да, Есенейдің мал-мүлкіне ие ғып үкімет орындарына бекіттіреді. Бұны
білген Есенейдің руы қарсылық жасамақ болады. Бірақ, кеш. Үкіметке
сүйенген заңды білетін Торсаң надан дұшпандарын бет қаратпайды.
Есенейдің ен-дəулетін меңгеріп алғаннан кейін Торсан ояздық жəне
губерниялық əкімдерге алым беріп, дос болады да, өзі бұл елдің болысы
боп сайланады. Өкімет қолына тиген соң, ол қарсы жақтан кек алуға
кіріседі. Сонда, оның қырына көбірек алғаны,— Андабай-Отарбай
аталатын біздің, аталарымыз, өйткені Торсанның Біжікенге үйленуіне
көбірек қарсылық білдірген солар екен.
Торсанның тілегіне қарай, осы кезде (өткен ғасырдың 90-шы жылдары)
аштық жəне жерсіздік салдарынан ішкі Россиядан көшкен крестьяндар
келіп жатады, соларға жер керек. Қолында үстемдік тұрған Торсан біздің
ауылдың жерін переселендерге əпереді де, қыс ішінде мекенінен қуады.
Мекенінен айрылған біздің елдің көшіп барып тұрақтаған жері —
«Жаманшұбар»
аталады.
Неге
олай
аталуын
баяндаудан
бұрын
оқушыларды жер жайымен таныстырып алайық.
Біздің елдің көшіп барып тоқтаған жері, шөлейтке өскен шұбар екен.
«Шұбар» деп ол елде ор жерге шоқтала өскен ағаш өлкесін атайды. Біздің
ел қыстаған шұбардың маңында, елу-алпыс шақырымнан жақын жерде
қыстау жоқ екен өйткені, айналасы мидай дала, далада көл көп, олар жан-
жақтағы елдердің, жазғы жайлауы. Жайлауға жақын жерде қыстау болмауға
тиісті. Қыстаудың маңы шабындық болу керек мал жайлаған жерде
шабындық болмайды. Бұған қосымша,— «жайлау» аталатын жердің шебі,
күз ел кеткен соң, немесе, көктемде ел келердің алдында ертеледі, одан
мақсат: біріншіден — ескі шөпті өртеп, жаңасын шығару, оның малға
астығы артық; екіншіден — жаз жайлаған кезде малға індет келсе, егер ескі
шөпті өртемесе, өткен жылдың індеті сақталып, малды қайта қыруы
мүмкін. Өртенетін өлкеде қыстау болмауға тиіс. Біздің ел көшіп барған
шұбарда, оған дейін қыстау болмауы сондықтан.
Енді «шұбар» деген сөзге «жаман» қосылып, «Жаман» шұбар аталу
тарихынан: біздің ауыл барып қыстау салған шұбардың жері қара қыртысы
табан кез, шөп те, егін де қалың шығатын ғажап құнарлы жер. Ол кезде егін
салмайтын тек мал ғана есіретін біздің ауылға бұл құнарлы жер аса жайлы
қоныс болады. Тек қана кемшілігі — жер бетінде суы жоқ. Ең жақын кел —
Дос жеті-сегіз шақырым. Жер астының суы, терең құдықтан ғана шығады.
Ондай құдық қазуға ауқатты кісінің ғана күші келеді...
Дегенмен, біздің ауыл со жерге мекен салып қыстайды. Бұл— 1892 жыл.
Келесі күзде жайлау жақтан қалың өрт келіп, қыстауды, қысқа даярлаған
пішенді, ағашты тып-типыл ғып күйдіреді де кетеді. Көп мал-мүлік жəне
адам апат болады.
Басқа барар мекені жоқ біздің ауыл сол араға тағы да қыстау салады.
Малдарын олар алдағы қыста, маңайдағы көлдердің құрағы жəне
қамысымен асырап шығады. Жамандығын көрген жердің атың жұрт
«Жаманшұбар» қояды... Содан кейін ауыл да «Жаманшұбар», адамдары да
жаманшұбарлықтар» аталады. Со дағдымен бізді көрші ауылдар күні
бүгінге дейін «жаманшұбарлықтар» дейді.
Күйіктен кейін жаманшұбарлықтар сақтық жасап, жыл сайын күздігүні
жақын маңдағы орыс поселкелерінен кісі жалдайды да, қыстауды айнала,
жыртқан жерден өрт өтпейтін құрсау жасайды... Бірақ, өрттен кейін ол
өлкеге ағаш өспей, «шілік» аталатын шырпылар ғана шығады. Ауыл
жылдан-жылға көбейіп, біздің үй Жаманшұбарға көшіп барарда, үй саны
елу-алпысқа жетеді.
«Алпыс үйлі Жаманшұбар» атанған олар, қысқы мекенін Орыс
поселкелерінің үлгісімен көшелеп сап, бір жерде отырды да, жаз Досты
жайлағанда: Жансүгір, Жарылғас, Болат, Байтубай аталып, төрт ауылға
бөлінеді...
Бұл ауылдарға ең жақын орыс поселкасы — Анновка 35 километр. Егін
екпейтін ауыл, астықты содан ғана алады. Ауқатты адамдардың
жалынатыны ақша. Кедейлер, орыс: кедейлерімен тамыр боп, малмен күн
көретін қазақ кедейі соқа-сайманы бар орыс кедейіне көлік береді де, орыс
кедейі ол көліктің ақысына қазақ кедейіне, күз астық береді. Тамырлықтың
аяғы, шын мағынасындағы достыққа айналып, олар бір-біріне егін
мəселесінде ғана емес, тіршіліктің барлық жағдайында да жəрдемдеседі.
Еңбекші көпшілік арасында халықтар достығы, ревоюлциядан бұрынғы
кездің өзінде осындай жарастықты болушы еді, қазір советтік дəуірде, ол
достық шыңына шықты.
Малдан басқа шаруа бақпайтын Жаманшұбардың ең байы — Нұртазада
жүзге тарта жылқы, отыз-қырық сиыр, екі-үш жүз қой болады. Оған
тетелес байлар бірен-саран ғана. Орташа шаруалы адамдар оң он бестей
ғана. Өзгелері бірер сиыр, бірер жылқысы бар кедейлер. Кедейдің көбіне
кəсіп жоқ. Ауыл байлары аздаған ғана жалшы ұстайды, қалған кедейлер
өлмешінің күнін көріп, зорға тіршілік жасайды.
Жаманшұбарлықтарға ең ауыр мезгіл — қыс. Оның жері шөл екені,
құдығының суы тереңнен шығатыны, ондай құдық қазуға ауқатты адам
болмаса, кедейлердің əлі келмейтіндігі жоғарыда айтылды. Осындай
жағдайдың салдарынан ағайынды екі адам, бір-біріне езгені қиса да, суды
қимайды. Шамасына қарай əр үйде, бірден бастап бірнешеуге шейін құдық
болады. Бай адамдар оннан аса құдық ұстайды. Құдықтардың аузы
құлыптаулы болады. Біреудің құдығындағы суды біреу ұрламау үшің əркім
өз құдығының қақпағына өзге кілтпен аша алмайтын құлып сап қояды...
Сонда да құдық суы тез суалып қап, көп үй малдарын қыстай қазандыққа
ерткен қармен суарады...
Бай адамдар қар ерітуге арнап үй салдырады. Үйдің ортасында шұбалма
пеш дейтін тұрады. Жерді бауырлай салынған бұл ұзын пештің қыр
арқасына, біріне-бірі жалғаса, əлденеше қазан орнайды, жаққан от бір
мойынмен олардың астын қуалай жанады, сөйтіп бірнеше қазандағы қар
бір мезгілде ериді. Нұртаза сияқты дəулетті кісілердің қолында, малды осы
əдіспен суарудан дыңдай екі-үш жалшы күн ұзаққа босамай, кешке
қалжырап жығылады.
Жаманшұбардың қысқы бейнеті бұл ғана емес. Ағашсыз, көлсіз далада
ескен жел жерге түскен қарды борандата айдаса, шіліктен басқа кідірер
жері жоқ. Күртік шіліктің бойынан асқан кезде, бораған қар кідірер жер
таппай, жел қай жақтан ессе де, Жаманшұбарға кеп тығылады.
Жел, көбінесе, батыстан, не терістіктен еседі деп түсінетін жаман
шұбарлықтар боранға қақпай болсын деп, малдың маялаған қысқы азығын
со беттерге үйеді. Маялары үйіліп болған кезде, сыртынан қараған кісіге
Жаманшұбар, үйлері əлденеше этажды қала сияқтанып көрінеді... Бірақ
Жаманшұбарды боранды жылдары қар басудан маялар да қорғай алмайды,
сонда оның қолданатын əдісі — қамыстан ауылды айнала қалқан ұстау.
Оған мүмкіндік те толық: Жаманшұбардан жеті-сегіз шақырым жерде
«Алыпқаш» атты қопалы көл бар, қамысы сырғауылдай биік. Сол қамыстан
ауылды айнала қалқан ұсталады да, күртік биіктесе, қалқан үстеле береді.
Ондай жылдары Жаман шұбарды айнала үйілген күртіктер таудай теңкиіп,
жүргіншіге ауылға кіретін жол бермей қояды...
Жаманшұбарда ағаштан қиылған қора-қопсы да, үй де болмайды.
Қоқтадан
7
үйілген қора-қопсының, қабырғасы шымнан салынған үйдің
еңсесі аласа келеді де, бораны көп жылдарда, қалқаннан да аттап өткен
күртік ауылды басып қап, тұрғын халық қар астынан қазып шығып
жатады...
Бейнеті сондай қыста, көп күндерге созылатын боран толастай қалса-ақ,
балалардың ермегі сырғанақ тебу. Ауылды айнала ұстаған қалқанды ықтап,
тау-тау боп үйілген күртіктің үсті ашық күндері балаға си майды, шанасы
бары шанамен шанасы жоғы етегімен биік күртіктен төмен қарай
сырғанайды да жатады... Кедей балаларының біразы үстіне үйіндегі үлкен
адамдардың ыңғайсыз киімдерін артып алады, ондай киім жоқ балалар,
жағының түгі шығып дірдектеген мұрнынан сорасы аққан қалпымен
жалаңаш-жалпы да жүре береді!.. Үйінде аяғына киер лыпасы жоқ кейбір
балалар, күртік үстіндегі шуға делебесі қозған кезде, тысқа жалаңаяқ та
жүгіре шығады... Табанын қари жөнелген ызғар, оны үйіне қайта қуып
тығады... Ондай батылдыққа бара алмаған балалардың кейбіреуі, терезеге
телміріп, еңіреп отырады...
Ерекше бір жылдарда болмаса, Жаманшұбарда қар кететін дағдылы
мезгіл — апрельдің ортасы. Қар ол арада бір ерісе, күрт ериді. Қысқы
қардың қаймағы апрельді ортасына дейін бұзылмай тұрады да, апрель
орталана, «жақсылық» аталатын бір жылы жел кенеттен есе жөнеледі. Осы
жел қалыңдығына адамның сирағы бойламайтын қардың ілезде бұрқан-
талқанын шығарып, екі-үш күннің ішінде жердің бетін қарайтып ашады да
тастайды.
Бір ғажабы — қалың қар бетінен емес, астынан ериді. Беті мізбақпаған
сияқты мұздана жылтырап жатқан қардың үстін басып қалсаң, асты
іркілдеп еріп жатады. Астынан еріп таусылған қардың қаймыжықтай жұқа
тоны əпсəтте ғана сөгіліп, жердің кеше ғана ағарып жатқан беті, бүгін
қараяды да қалады.
Қардан аршылған жер ілезде көктеп кетпейді. Қар кете теріскейден
«қара дауыл» аталатын бір салқын жел соғады да, май айының басында
болып ететін «құралайдың салқынына» тұтасады. Содан кейін ғана
шіліктің жапырақтары бүршіктене бастап, жер тебендеп кектейді.
Қара дауыл кезінде киіз үйі бүтін ауқатты адамдар ғана қырға шығады
да, үйі жыртықтар, малдың, қиы сасыған қора-қопсының, ішінде, шым
үйде отырады. Жаманшұбардың жетпіс бес проценттен артығы — осымдай
үйлер.
Құралайдың салқыны еткеннен кейін көктемнің күні мейірленеді. Түнде
тына қоятын жел, таң біліне шығыс жақтан майда, қоңыр леппен ақырын
ғана қозғалады. «Таңғы самал» аталатын бұ жел, жан-жануар атаулыны аса
бір рақатқа бөлеп, өте бір лəззəтті тыныс алдырады да, таң ағарған сайын
əлсірей беріп, күн көкжиектен көріне қалғиды.
«Аты ыраңдап, адамы тыраңдап»
8
дейтін көпшілікке бірдей көктемнің
рахаты сонда ғана басталады. Жаманшұбарлықтар осы кезде ғана қырға
түгел шығып, киіз үйлерін тігеді...
Жаманшұбардың көктемінде күннің бату-шығуы да əдемі-ақ! Күн
еңкейе көкке үйірілген қоңыр бұлт, түнде ыдырай көшіп жүреді де, таң
қараңғысы туа, жердің бетін жуғысы, көктеген есімдікті көріктендіре
түскісі келгендей, сіркіреп өтеді.
Со бір кезде, көктің жермен астасқан жиегінде, ұзынша, сарғылттау
сызық пайда болады. Сызық жалпайған сайын сарғылт түске қызғылт түс
араласып, таң бозарған сайын сарғылтты қызғылт жеңе береді...
Күн шығарда сарғылтты қызғылт біржола жеңіп, көкжиектің бояуы қан-
қызыл тартады. Осы қызыл — түннің сілемінен əлі арылып болмаған
қоңыр түсті бұлтқа араласса, қызыл түс күреңденіп, жоғарырақ бір қабаты
қызыл-күрең, одан жоғарырақ бір қабаты қара-күрең боп, қызылдың өзі
əлденеше түске боялады.
Шығар күн белгі бергенше, бұл бояулар көкжиекке көлденең ілген түрлі-
түсті батсайы сияқтанады да, шығуға белгі берген күннің сəулесі жиектен
аспанға тік тармақтала жайылғанда, арқауы сөгілген өрмектей ыдырайды...
Күннің тармақталған сəулесі жоғарылаған сайын көкжиектің қызыл
бояуы, бозғылттана береді де, күн арқан бойы көтеріле, бозғылтқа көгілдір
түс араласып, күн сəскеге барғанда, бүкіл аспанның шымқай көк тартқан
түсіне шығыс та боялады...
Күннен сырғыған бұлт сол бетімен үрке бермейді. Аспанның əр жерінде
топталған бұлт күн түске тармасып, ауа қызған кезде, қоңыр түсін
қарайтыңқырап, қалыңдап алады да, ығыстырған күнге — «сенде қызу
болса, менде де бар, менің отым сенен кем боп па?» дегендей, отының
қызуын көрсеткісі келгендей, ара-тұра жерді тітірете күркіреп ап, найзағай
отын жарқылдатады кеп!..
Екпіндей жортқан паровоздай арқырап, жарқылдай жай оғын шашқан
бұлт, көк жүзінде жосыла біраз жортады да, қаһарымен тітіреткен жерді
енді жадырата жайландырғысы келгендей, жылы жаңбырдың тамшыларын
саулата кеп төгеді!..
Жоғарыдан төмен қарай тізбектеле саулаған жаңбыр тамшыларының
қатарлары, аспаннан төмен қарай құрған өрмектің керген кенере жіптеріне
ұқсайды...
Бірақ ол «кенерелер» тартылған жіптей тік салбырамайды. Бұлтпен
жарыса есетін жел саулаған жаңбырдың жер жақ етегің бұлтқа жалғасқан
басынан оздырып əкетіп, желге қарсы жортқан жылқының кейін көсілген
құйрығының қылдарына ұқсайды.
Екпіндей құйған нөсер, со қалпымен кете бармай, желмен алысып
ойнағандай, өзін қуған желді, қайырыла қайта қуады. Осы ойында жел мен
бұлт бірін-бірі ерсілі-қарсылы қуысып ауылды айнала біраз жүреді де,
шаршағандай бəсеңдеп, тынысты содан табатындай, көкжиекке ауады да
қонады...
Одан кейін кеш басталады. Егер таң əуелі қара-сұр, одан ақ-сұр, одан
қоңыр-сары, одан ашық-сары, одан күрең, одан қызыл түске ауысып, ақыры
күн шыға көгілдір түске ауысса, кештің басталуы осы түстердің кері қарай
ауысуы сияқты: күндізгі көгілдір аспан күн кешкіре батыс жағынан
қызғылттанып, одан күреңденіп, одан ақсары, одан қоңыр-сары түске
көшіп, ақыры сұрланады да, арты қарауытқан түнге тұтасып кетеді...
Ол түндерде, керемет бір көріністер болады: ауыл адамдары даланың
ескі шөбің не көктемде, не күздігүні өртейтіні жоғарыда айтылды.
Жаманшұбарлықтар əдетте төңірегіндегі даланың ескі шөбін қар кете
сала өртейді. Жаңа көгі шықпаған шөп, ол кезде тез жанады. Сай-салаларда
қардың суы жатқандықтан өрт ауылға келе алмайды.
Жаманшұбарды айнала, кейі алыста, кейі жақында жанатын өрттің түнгі
көрінісі ғажап: жел қуа, жүгіре лапылдаған жалындардың иректелген
жіңішке қызыл-күрең ленталары, ауылды айнала, əлденеше рет
сақиналанып қоршап алады. Кейде сақиналар тым тарылып, ауылды айнала
қысып кеп қалады да, əлдене сайдағы суға кеп тіреліп, жерге батып
кеткендей, жоғала қалады. Одан кейін қарауытқан далаға, оның тек күйік
сасыған исі ғана тарайды.
Өрт басыла, өртең көгі есе, біздің ауыл Жаманшұбардан жəйлайтын көлі
— Достың жағасына көшеді...
Барлық ауырлық, жеңілдік жағымен Жаманшұбар біздің елге жағымды
болады.
Ең алдымен жылдан жыл құрала келіп, үй саны елуге барады,
шаруалары да есіп, бірен-саран болмаса, тақыр кедей бұл ауылдан жөнді
кездеспейді, ең байы — Нұртазаға жүзге тарта жылқы, қырық-елу шақты
сиыр, екі-үш жүз қой бітеді. Түйе ешкімде де жоқ, мал түлігінің көбі сиыр,
«сол кезде, ең сорлы дейтін Асылбектің Жəмілінде он бұзаулы сиыр болған
еді» деседі. Мал — жерге еседі. Жаманшұбардың аумағы елу километрлік
жерінің топырағы мейлінше құнарлы, оның ащы-тұщылы шөбі ұйысып
шығады. Жаманшұбар оның, «мұртын да сындыра алмайды. Кейін сол
өлкеге орналасқан үш совхоз мыңдаған гектар егін өсіреді, жүздеген мая
шөп үйеді. Бұрынғы тапшысы — су болса, кəзір совхоздарға түтікпен
Есілдің мол суы тартылып, бар мұқтажын қамтамасыз етеді.
Солайша дəулеттенген Жаманшұбардың елдігі де еседі. «Жазылған жүз
саусақтан
жұмылған
бес
саусақ»
дегендей,
қыспақта
ескен
Жаманшұбардың өзара бірлігі берік боп, «бір жағадан — бас, бір жеңнен —
қол» шығарады, сондықтан зорлық қылғысы келгендерге «жер дауы, жесір
дауы» сияқты жанжалдарға төтеп беріп, бетін қайырып отырады.
Олардың арасынан жасы жүзден асқан батагөй — Тоғанас, дауда сөзден
жеңетін шешен — Нұртаза, күресте жамбасы жерге тимейтін — Қанапия,
елдегі ең жүйрік атты ұстайтын — Аткелтір, ең шебер ұста — Қожақмет
пен Тайжан, ең атақты мініскерлерден: ағашшы — Құрманке, етікші —
Құсайын, өрімші — Дүйсеннің Кəсені, тігінші — Шəйін; өнер иелерінен:
атақты əншілер Жұбандықтың Кəсені мен Қабдол, күлдіргі Қабамбайдың
Кəсені, гипноздық қуаты күшті бақсы — Қымбат, тағы-тағылар.
Осыған қарап, төңіректегі жұрт Жаманшұбарды «төрт құбыласы түгел»
ауылға санайды, түбектегі Сибан бұл ауылды бел көріп, Торсаннан жапа
шексе соған шабады.
Жаманшұбар осы күйінен 1928 жылы қоныс аударғанша танған жоқ...
|