ЖЕТІНШІ ТАРАУ
БАҚТАШЫ
ОЗБЫР БАЙ ТУРАЛЫ
Жайылғанның, қыстауынан шыға Болатбай мені жолдағы жердің
географиясымен таныстырып келе жатыр.
— Мынау — Шөптікөл дейтініміз, — дейді ол, жаяу қашқан мені
қасынан ұстап алған көлді көрсетіп. — Бұның суы күзге қарай құрғап
қалады да, беті шабындық боп кетеді.
— Бұ көлдің аты — Қарағайлы, — дейді Болатбай, айнала қоршаған
дөңіне қалың ағаш біткен, жел жағы қамыс, ық жағы жалтыр бір келді
көрсетіп, — Есеней үйінің көлі. Мұның жалтырының тереңдігіне сырық
бойламайды. Ортасында аралы бар, ілгергі кезде оған қарағай шығады екен
сондықтан Қар.ағайлы атанған. Қазір ол қарағай жоқ.
Біз Қарағайлыдан өткеннен кейін жарыса біткен екі дөңнің сайымен
біраз уақыт жүрдік. Дөңнің екеуінің де қырқа жотасына қалың ағаш біткен.
— Мына оң жақтағы жалдың аты — Үлкен Өтеп, сол жақтағы жалдың
аты Кіші Өтеп,— дейді Болатбай.
— «Өтеп» деген кісінің аты ма? — деп сұраймын мен.
— Əрине,— дейді Болатбай.
— Кім екен ол, Өтеп?
— Оның біраз тарихы бар, — деп Болатбай өткен күндердің бір
əңгімелерін шертеді.
— Есенейді білемісің? — деп сұрайды ол менен.
— Естідім, — деймін мен.
— Білесің,— сол Есеней, ерте уақытта Обаған өзенінің бойын
мекендейді екен. Бұл арада ол кезде Нұралы руының ауылдары қыстайды
екен.
— Олар қайда кеткен? — деп сұраймын мен.
— Обаған бойында отырған Есеней осы маңға келеді де, жерін ұнатады,
содан кейін ол мұнда отырған ауылдарға: «Бұл жерді мен аламын, сендер
кешіңдер», — дейді. Ауылдар тілін ала қоймаса, аға-сұлтан боп тұрған
Есеней үкіметтен əскер əкеп, күшпен көшіреді...
— Олар қайда көшкен?
— Есекең, алыс жерге айдап салса керек, білетін кісілердің айтуынша,
олардың тұрақтаған мекені — Құмды ағаш, бұл арадан екі жүз елу
шақырымдай бар деседі.
— Қиянат деген жағушы ма еді адамға, — дейді сопы мінезділеу
Болатбай, — жұртты қан жылатып көшірген жерінің қайыры болмай,
дүниядан перзентсіз өтті, мал-мүлкі жат адамның қолында қалды.
Екі Өтептің, қырқасынан əрі қарай өткеннен кейін тағы бір көлге
кездестік.
— Бұ көлдің аты — Өгізбалық, — дейді Болатбай, — өсіріп айта ма,
расы ма, — бұрын осы көлде егіздей балық бопты деседі.
Өгізбалықтың, дөңінен əрі аса көзімізге аз үйлі ауыл шалынды.
— Сүлеймен жездеңнің ауылы сол, — дейді Болатбай, — мен ол үйге
қатынасып жүрем, апаңның күндесі өлген. Бір үйге қазір өзі би, өзі төс.
Сүлекең жарықтық қиянатсыз ақпейіл, құдай деген кісі ғой. Құдай өзіне
беріп те тұр. Дəулеті болса мол, перзенттен зарығып жүр еді, амандық
болса екі ұлы болды. Сенің апаңды сыйлауы да сол бірер күшігінің
барынан ғой. Ал, алда-жалда апаң мен жездең бізде қал десе не дейсің?
— Қалмаймын, — деймін мен.
— Е, неге?!
— Денім сау болса, өз бетіммен тамақ тауып ішуге жеттім ғой, жезде,
кісіге телміріп қайтем.
— Соның дұрыс, шырағым, — дейді, Болатбай, — құдай-тағала деніңді
сау қылған соң, аяқ-қолыңды аман қылған соң нəсіпті адамнан емес,
тəңірден тілеу керек. Менің əкем де, өзім де бай болған кісі емеспін. Осы
жұқа дəулетіміз баяғыдан бері келеді. Сонда да біреудің ала жібін аттамай
күн керіп келеміз. Еңбек қыла білсең, тəңірінің берер несібі таусылмайды.
Бірақ адал болу керек...
Сүлеймен үйіне кеп түстік. Жездемнің өзі үйде жоқ екен. Мені бетімнен
сүйіп қарсы алған апамның, өңі қашыңқы, жүдеу.
— Былтыр күз сырқаттандым деп ең, Зəуре, өңің сынық екен айыға
алмай жүрмісің? — деп сұрайды Болатбай.
— Қайдан айығам, — дейді Зəуре, — қайбір сырқат дейсің бұл, — ішке
қайғыдан байланған шемен ғой.
Зəуре бұл сөзінің соңғы жағын жыламсырап айтып, аржағында жасқа
булығып, біраз өксіп алды да:
— Мені қойшы, тəйірі, — деді, жасын сүртіп, — қыз деген немене,
тəйірі. Кімге сатылмаған ол. Құдайдың маңдайына жазғаны сол болған соң,
кімге берсе де, əуелі жылаған боп жүріп артынан көндігіп кетпей ме? Осы
босағаға он үшімнен келіп ем, «тас түссе талайдан» дегендей, талайыма кез
келген дүние шығар. Оның несіне өкінемін...
— Менің ішімді жеп құрттай мүжіп тауысқан, — деді тағы да Зəуре
кемсеңдеп жылап алып,— мынау қасыңда отырған жалғыз бейшара. Осы
шіркін қаршадайынан жетім қалды, апасы боп — біздің ешқайсымыз бұған
пана бола алмадық, осыны қай жерде қаңғырып жүріп өліп қалады деп
ішімнен таусылам да жүрем...
— Сен оған жылама, Зəуре, — деді Болатбай, тағы да кемсеңдей
бастаған Зəуреге.— Айтыпты ғой «лақ жылай су ішеді, ұлан жылай мұң
кешеді» деп. Тəңірі жазса, енді міне мал түлігі жігіт те боп қалды. Өстіп
жүріп адам да боп кетеді.
Болатбай менің жол жайымды айтып:
— Баланың бұл талабың мен мақұлдадым, сен қалай қарайсың? — деп
сұрады Зəуреден.
— Дұрыс қой, — деді Зəуре, — сатусыз ас бар ма, елде? Өзге түгіл,
туған апасы мен де бірақ аяқ саумалды жұмыс қылса берем де, жұмыс
қылмаса бермеймін. Біреуге көзге түрткі болғанша, аш-тоқ болса да өз
бетімен күн көргені жақсы.
Зəурені менің бұл — бірінші рет еркін тануым. Бұрын осы үйдің, күңі
сияқтанып, жұмыстан басқаны білмейтін Зəуре маған бұ жолы ақылы
кемел адам көрінді.
Сүлеймен кешке келді. Менің хал-жайымды Болатбайдан естіген ол да,
қалаға барып мал бағуымды мақұлдай кетті. Ол ертеңіне де «біздің үйде
бол» дегенмен, Болатбай екеуміз ақылдастық та, тоқырамайтын үйге несіне
айналамыз деп жүріп кеттік..
— Бұ баланы енді тиянақтап қайтарсың — деді Сүлеймен, аттанар
алдында Болатбайға. — Ақысын дұрыстап сөйлесерсің, күздігүні өзің
барып есептесіп, тайша-торпақ болса да мал алып жіберерсің. Сөйтіп
қосыла берсе, ертең бұған қалың беруге де жарайды ғой.
Аздаған жаяу қулығы бар Болатбай мұртынан күліңкіреп ап:
— Біреу айтыпты ғой, Сүлеке, — деді «қайным бай, нағашым бай, нағып
жарлы қыласың құдайым-ай!» — деп. Сол айтқандай, бай жезделері бар,
амандықпен ержететін күні болса, қалыңмал іздетер деймісің, бұл балаға.
Сүлеймен үйінен шығып аз жүрген соң, ар жағында қаңқиған ағаш
үйлер көрінді. Солардың тұсына барғанда Болатбай атын тоқтатты.
— Мынау ағаш үйлер Торсан мен оның балаларынікі, — деді Болатбай,
— бұрын орыс қаласы сияқтанып көшенің екі жағына қаз-қатар тартылушы
еді: Торсанның өз қара басында төрт бөлмеден екі ағаш үй, Шақанда екі
ағаш үй, Шериде, Арабта, Бəкенде бас-басына ағаш үй болушы еді. Оның
жалшы-жалаңгерлері ағаш үйде отыратын. Қора-қопсылары да түгелімен
ағаштан жасалатын. Міне, ақырында сол үйлер азайып кеп, қазір екеу-ақ
қалды. Өзгелерін Торсан көршілес қалалардағы орыс байларына сатты.
— Неге?
— Сатпағанда қайтсін, біз есімізді білген кездегі дəулеттің қазір оннан
бірі жоқ. Жылқысы қазір екі жүзге жете ме екен осы үйдің... Бұрын мыңдап
біткен үйдің жылқысы қазір екі-үш жүзден аспайды білем. Бұрын қора-
қора боп өретін қойдан да қазір бір-ақ қотан қалды...
— Не себепті олай азайған?
— Қазір дүниенің тетігі ақшада емес пе? Аяқты мал деген не ол? Бір
жұтта қырылады да қалады. Кешегі «Доңыз» аталатын жұттың қысына
Торсан мыңнан аса жылқы салған екен, содан жазғытұрым бірер жүзге
жетер-жетпес қана жылқы аман шығып, өзгесі қырылыпты... Со ма, мал
деген?..
— Ақшасы да бар дейтін еді ғой бұл үйдің? Сауда-саттық жасайды
дейтін еді ғой.
— Жасауын жасапты. Бірақ оған да ептілік ұқыптылық керек емес пе?
Торсан балалары сауда үстінде мырзалық құрып, ақшаны босқа шашты да,
ақырда баңкүрт
50
болды.
— Ол не сөз?
— Қазынадан несиеге бексілмен
51
бұл алады екен де, бексілді кезінде
төлей алмаса, сот өз мүлкінен өндіріп береді екен. Торсан үйі бір рет жаман
баңкүрт болып, мал-мүлкі сатылып кете жаздапты. Қабанда тұратын
Сатыбалды шоқынды кепілдікке алмағанда масқара болады екен. Со
борышын бірнеше жылда əрең төлеп іші-майын тауысып алды да, енді
қайтып саудаға жолаған жоқ. Содан кейінгі күні малға түсіп, ол жыл сайын
құлдырап, төмендей келеді...
— «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деген сөз рас екен —
дейді Болатбай демін соза алып, дəулеті бар кезінде басына бақ оралды,
мұның. О бір жылдары Торсанның өзі бір елге, үлкен баласы Шақан бір
елге, екінші баласы Шери бір елге, үшеуі үш елге болыс боп тұрды
бұлардың. «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болды. Ойда орыс, қырда
қазақ бетіне шыққан жоқ...
— Сондай, «мұрнымен құс тістеп тұрған» кезінде, — дейді Болатбай,
кейіген кескінмен, — мейманасы тасыды бұлардың. Сонша мол дəулет
жетпегендей, кей баласы, əсіресе Шери қолына ұры ұстап, момынның
малын білсе зорлаған ғып, білмесе ұрлаған ғып жеді де отырды. Ешкім
оларға малын сұрап бара алмады. Болысар кісіні жəне таба алмады. «Батыр
бастас, бай қостас». Əлділер бірінің сөзін ірірі сөйледі. Елден теңдік
таппаған кейбір момын бас көтеріп ілгері ұлыққа шағым айтайын десе,
олар да мықтының сөзін сөйледі. Ондайларды Торсан өтірік пəлемен
құрытты. Жазықсыз талай жанға «ұры» деп пəле салып, соның, «ұрлығын»
ауылнайларына актілетіп абақтыға жаптырғаның немесе айдатып
жібергенін көзіміз көрді... Содан кейін оған кім батып қарсы шықсын!..
— Əрине...
— Бұлардың керден кетуі сондай: елде жақсы ат, жақсы ит, жақсы құс,
жақсы киім болса бұлардікі...
— Сұрап ала ма?
— Сұраған болады. Бермесе тартып алады...
— Берсе ше?
— Сіңіріп кетеді...
— Пəле ғой мынау, қайтсе де алмай қоймайтын!..
— Əрине, пəле!.. Өзгесі былай тұрсың кергіп, бетіне жан қаратпайтын
боп алғаннан кейін олар елге ажарлы қыз-келіншекті билетпейтін болды.
Онымен де қоймай, бірінің қатынын бірі əурелейтін болды...
— Сұмдық қой, мынау!..
— Əрине, сұмдық!.. Бірақ, ақыры не болды соның?.. Дəулет қайтып еді,
бақ та қайтты. Болыстықтан да, биліктен де айрылды... Елде беделі
қалмауға айналды. Сыртқы жұрт əлі де «Торсан» көргенмен, ауылдастары
қарсы шығып берекесін кетіре бастады... Малынан құрық, басынан сырық
кетпейтін күні таянды...
Атты сол араға қаңтарып қойып, Болатбай екеуміз, жаз жабық тұрған
қора-қопсымен үйлерді аралап шықтық. Əдетте, бай адамдар, жайлауға
көшер алдында қора, шарбақтарының ішін көң-қоқырдан тазалап, ашық-
тесігін бітеп кетеді. Торсан үйінің маңы былығып жатыр екен. Көктемде
еріген қар суымен бытқырап іріген: малдың қилары қора-қорада белшеден
батарлық саз боп жатыр. Тозығы жеткен қоралардың төбесі ашық,
бүйірлері тесік. Кей қора қиқайып құлап жатыр. Шана-арба, айыр-
тырнауық сияқты, аспаптар əр жерде шашылған... Үйлерінің есік-
терезелері үңірейген...
Осындай тозып, салақсып, шашылып, былығып жатқан дүниені көруге
жүрегі айнығандай:
— Ал, кетейік балдызым, — деді Болатбай, — кер кетіп бара жатқан
дүнияны көрудің, несі қызық!..
— Маса-сонадан мазасызданып тыпыршып тұрған қаңтарулы атқа
жақындай беріп, Болатбай арттағы Торсан үйлеріне қарады да:
— Шіркін, бір кезде Торсан үйі тасыды-ау! Өзгесін айтып неғылайын,
əнеу бір қораның сыртында жүз елу, екі жүздей асыранды қаздар жүрер еді.
Қыстыгүні алдарына сұлыны қайықпен төгіп қояр еді. Семіз қаздар қораға
жоламай, аязда күртіктің үстіне жатар еді. Ұры оларға болса, болмаса да
тимейді, қасқырдан сақтау үшің күзетші қояр еді. Қаздарының қаңқылдаған
дауысы қозыкөш жерден естіліп тұрар еді. Торсанның балалары мейманасы
тасып тұрған кезінде, «қаздың етінен басқа ет — ет пе» деп, сиыр еті былай
тұрсың қой мен жылқының семіз етіне мұрындарын шүйірер еді. Соны
істеген олар қазіргі күнде ұрлықтан келген мəстектің етін ата малының
етіндей асайды деп естідім...
— Сонау қалың зиратқа барып, əуелі дұға қылайық, — деп Болатбай
арбаға мені де мінгізді, өзі де мінді. Зиратты жағалап батыс жағына
барғаннан кейін екеуміз де арбадан түстік.
— Байдың зираты — міне біреу сегіз құлақты боп қиылған, үстінде
мұнарасы бар ағаш үй, — деді Болатбай. — Осыны сіздің ауылдағы
Құсайынның əкесі Сұраған қиған екен деседі.
Көктемнің шалғыны недəуір бой тартып қалған жерге екеуміз отыра
бергенде:
— Шырағым, сен «ясинды» оқы, баласы жоқ бейшаралар ғой, сауабы
тиер, — деді Болатбай.
«Ясинды» оқып отырғанымда, менің көзім Есеней зиратының
қасындағы қабырдың алдына тігінен қойылған жазулы аппақ таста болды.
Тасқа жазылған сөздерді көзіммен оқып көрсем, Есенейдің əйелі Ұлпанға
қойылған екен сөздері алтынмен арабша жазылған. Тастың өзі — мен
бұрын көрмеген тас, биіктігі — кісі бойы қолұсыным, жалпақтығы екі
кездей.
«Ясинды» оқып боп, дұға қылғаннан кейін Болатбайдан:
— Бəйбішенің мына тасы — не тас? — деп сұрап ем:
— Кім білсін, не деп атайтынын
52
— деді ол, — əйтеуір қымбат тас
деседі ғой. Торсан осыны Кетрампордан алдыртты деп естиміз. Жұрттың
айтуынша, бұл тастың құны айғыр үйір жылқы көрінеді.
— Жұрт деген қызық емес пе, — деді Болатбай, зират маңындағы есік
терезесі жабық мешітке қарап тұрып. — Торсанның дəуірі жүріп тұрған
кезде осы мешітте үнемі жұма намазы оқылар еді. Түстік жердегі ауылдың
шалдары жиналар еді. Айт намазы кезінде мешітке жұрт симай, далаға
оқыр еді. Торсанның басынан дəулет қайта бастаған кезде, жұрт оның өзін
сыйламаумен ғана қоймай, мешітін де сыйламайтын болды. Əнеугүні
құрбан айты болғанда, мешітке осы арадағы жиырма шақты үйдің
адамынан басқа кісі келмепті деп естимін...
— «Əр асуға бір тосу» деген, шырағым, — деді Болатбай, қаңтарулы
тұрған атына қарай жөнеле беріп,— Бір кезде осы араның патшасындай
болған Торсанның да тізесін бүкті. «Ақыр байдың түбі аштан өледі» деп
еді, мұның арты соған соғып жүрмесе не қылсын!..
Болатбайдың болжалы тура келді. Совет үкіметі құрылып, қанаушы
тапқа қысым көрсетілген кезде, кісі еңбегін жеп қана күн көріп келген,
Торсан үйі өзгеден бұрын құлады. Көп жылдар бойы оның тепкісінде
келген жалшылары мен қоңсылары ол үйді тап ретінде біржола жойды...
|