АЛЫСТАҒЫ АРМАН
Сол кезде мен Байбанның ауылына біржола орнықтым, міндетім: сол
ауылдың балаларының «тілін сындыру», қажетті шақта лауын тартысу.
Байбанның екі немере інісі, төрт туған інісі, өзінің екі баласы — осы сегіз
жігіт қысы-жазы жалшылықтан босанбайды, сондықтан лауды көбіне
Байбанның өзі тартады да, оның ымшық-шымшық ауруы ұстап қалса, мен
тартам.
Жүргіншілердің жүзден тоқсан тоғызы дерлігі — күн сайын
болмағанмен, жұма сайын ерсілі-қарсылы ағылып жататын Становой
приставтар мен полицейский урядниктер. Ауыл адамдары олардың
бастапқысын — «үлкен төре» дейді, соңғысын «кіші төре» дейді. Олай
дейтіні,— егер екеуі бірге келсе, соңғысы бастапқысына кішілік қып
тұрады. «Үлкен төренің» алдында құрдай жорғалап бүгжеңдеп жүретін
«кіші төре» егер өзі жеке келе қалса, «үлкеннен де» артық қожаңдап, ат
жеккенше қырып жібере жаздайды. Бұл екі түрлі «төренің» киімдерінде
жарқылдақтары көп болады, денелерінде асынған мылтық, қылыштары
болады.
Жəмшік жолымен бірен-саран «жабайы төре» аталатын біреулер де
жүреді. Олар да қалаша жақсы киінеді, бірақ сырт киімдерінің түймелері
ғана болмаса, өзге жарқылдақтары жоқ, асынған қарулары жоқ. Олардың
жүріс-тұрыстары да, мінездері де «кіші төрелермен» «үлкен төрелерге»
ұқсамайды, əдепті, жатық, сыпайы келеді.
Кейінірек «жабайы төрелердің» нақтылы аттары «учитель» екендігін,
олардың қызметі бала оқыту екенің Төлеке ауылына Метропка жақтан
лаулап келген қазақ азаматынан естідім. Толық шалау кішірек бойлы,
томпақтау қоңыр көзді, қырлылау мұрынды, қысқарақ, қалыңдау қара
мұртты, тек сырт киімдерінің түймелері ғана жылтырауықты, өзге жарқ-
жұрқы жоқ, қалаша тігілген сыпайы киімді, жасы отыз бес, қырықтар
шамасындағы бұл жігіт лаумен Байбан үйіне түсіп, ұшырасқан адамдарына
қазақтың жалпақ тілімен амандаса кеткенде:
— Жаным-ау, қазақ қой, мынау?! — деп таң қалысты, көргендер.
Өйткені, мен түгіл олардың да «төреше» киінген қазақты бірінші рет
көрулері екен.
Қайнап тұрған шайды ішіп аттанған бұл қазақтың жөнін ауыл адамдары
сұрастырса — аты Спандияр, фамилиясы Көбеев
46
екен. Жасынан орысша
оқыған бұл жігіт соңғы он жылдың ішінде, Тілес (Федоровка) дейтін орыс
поселкесінде ашылған русско-киргизская школада
47
учитель екен қазір
Қызылжар барып келеді екен.
Спандияр ағайды лаулап апару реті маған келді. Тарантасқа салған
қораптың ішіне отырған ол, мені қасына отырғызды да, жолшыбай аты-
жөнімді сұрады. Панасыз жетім бала екенімді естіген ол, «солай екен!» деп,
дауысынан аяған белгісін көрсетті де:
— Хат білесің бе, бала? — деді. Мен арабша əріппен жазылған кітапты
оқи алатынымды айтқан соң:
— Мына кітапты оқып көрші, бала! — деп сумкасынан жұқалау бір
кітапты алып көрсетті.
Кітаптың аты «Үлгілі бала» екен. Мен кітаптың, сыртындағы «Қазақша
оқу кітабы» деп ұсақ əріппен жазылған, одан кейін «Үлгілі бала» деп ірі
əріппен жазылған, одан кейін: «Мектептерде һəм үйде оқу үшін кент
тілдеріндегі тəуір оқу кітаптарынан алынып қазақша жазылды» деп тағы да
ұсақ əріптермен жазылған, одан кейін бəлкім, ірілеу əріппен «Асфандияр
Көбеев» деп жазылған сөздерді іркілмей оқып шықтым.
Ішін ашып көрсем, бірінші беттің басында, будан бұрын оқыған
кітаптарымның басында кездесетін «бисмилла» тұр. Одан кейін жазылған
«Баланың таңертеңі» деген əңгіме.— «Мен ертеңгі сағат жетіде ояндым,
сол сағатта тұрдым, жылдам киіндім... Беті-қолымды жуып, орамалға
сүрттім...» — деп басталады екен де, одан əрі мектепке баланың қалай
барғаны айтылады екен. Сөзінің бəрі түсінікті. «Мектеп» деген екінші
əңгіме де сондай.
— Сіздің елде мұндай мектеп бар ма? — деп сұрады Спандияр ағай
менен.
— Жоқ,— дедім мен.
— Неге?
Ол сұрауға мен жауап берген жоқпын, — білмесем, не жауап берем!...
Аталған екі əңгімеден кейін жазылған «Мектепке шақыру» деген өлең
маған аса ұнады. Өлеңде таң ата барлық мақлұқ атаулы тіршілік жасау
əрекетіне кірісетіндігі өте қызғылықты түрде сипатталады екен. Одан
кейінгі 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10-əңгімелерде, таза қазақ тілінде, баланың өміріне
байланысты біраз қызық кеңестер бар екен. Одан кейін «II» цифрмен
белгіленген «Жетімнің өлеңі» аталатын өлең, алғашқы жолынан бастап,
менің көзімді ғана емес, көңілімді де өзіне тарта жөнелді:
«Жетімнің күні құрсын жастай қалған,
Əкесін шешесімен құдай алған.
Күтетін баласындай жақын қайда?
Деген сөз осы емес пе, «дүние жалған!»
Бетіңмен іс етуге ақылың кем,
Бой өсіп жас жетпеген, білмейсің жөн.
Мал-басың, ағайынның талауында,
«Алдамшы, осы емес пе, дүние деген!..»
Көзіңнен жас ағады қан аралас,
Биліктен малың түгіл шығып тұр бас...»
Өлеңнің алғашқы «жетімнің, күні құрсын жастай қалған» деген жолын
оқығанда-ақ, өз халімді көз алдыма келтіріп, бойым шымыр ете түскен
менің, «мал-басың ағайынның талауында» деген жолды оқыған тұста
көзіме жас кеп қалған, содан босай бастаған жүйем «көзіңнен қан аралас
шығады жас» деген жолды оқығанда, отқа қыздырған қорғасындай балқып
кетті де, «биліктен малың түгіл шығып тұр бас» дегенде, көзімнен жас
ақтарылып, алақаныммен бетімді басып, еңіреп қоя бердім...
Спандияр ағай мені зорға уатты жəне жай сөзбен емес, жетім қалған
əлдекімнің оқу арқылы белгілікті адам боп кеткенің менің де сондай
болуым мүмкін екендігін айтып, көңілге əлдеқайда, алыста жатқан
арманның ұшқынын түсірумен уатты... Оның сонша көп сөзінің түйіні:
«Кісі болудың тетігі оқуда жəне өзге оқуда емес, орыс оқуында!» Əлгі
өлеңнің аяқ жағы былай бітеді:
«Көзіңнен қан аралас ағады жас,
Биліктен малың түгіл шығып тұр бас.
Сұраусыз малда құрық, баста сырық,
Қыр аңы арыстан, қабылан мұндай болмас!..
Сау басың дауда болар өскеніңше,
Күш жетіп «е» десе, «ме» дескеніңше.
Ағайын тəлкегіңе иттей болған,
Жетімдер толып жатыр əлденеше.
Шөлдесең сусын болар көлдер қайда?
Қарын ашса тамақ болар жерлер қайда?
Қаңғырып жүдеп-жадап жүргеніңде,
Сипайтын маңдайыңнан ерлер қайда?»
Бұл өлеңді Спандияр ағайдың өзі жазған екен. Өлеңнің соңғы жартысын
көз жасымды тиып, бойымды жинап ап оқып шыққаннан кейін соңғы екі
жолындағы сұрауларды Спандияр ағайдың өзіне берген кескінмен, мен
оған қарадым. Ол түсінгендей:
— Бала, сен ғой, орысша ештеңе білмейсің? — деді маған.
— Жоқ.
— Қиыны осы екен. Мен сабақ беретін орыс школасына «Ауылдық
школа» аталатын үш жылдық мектепті бітірген кісі ғана алады. Сенде
ондай білім жоқ. Егер менің школама түсе алсаң, құдайың жарылқар еді,
онда пəтер де, тамақ та, киім де қазынадан...
«Ауылдық школа қайда? Оған қалай түсу керек?» Бұл сұраулар басымда
сапырылысқанмен, оның жауабын Спандияр ағай да таба алмады. Оның
айтуынша, əлдене бір ауылдарда ауылдық школалар бар, бірақ онда əркім
өз күшімен оқиды, ондай күш менде жоқ.
Айтпақшы, ол «күш» менде бар да екен ғой: əкемнен қалған дүние
сатылып, одан шыққан жүз сомнан артық ақша, жыл сайын өсім беріп
ұстауға, Хасен хажыға берілген екен ғой!.. Спандияр ағайға мен соны
айтып ем:
— Құдайың берді ғой, онда! — деді қуанып кетіп. — Ауылдық школаны
бітіруге мол жетеді ол. Ақшаңды қолыңа алсаң, школа тауып беруді, оған
сені орналастыруды міндетіме мен алайын.
Спандияр ағайды Жаманшұбардан жəмшік тартатын Рамазанның үйіне
түсіріп, ол шай-пұйын ішкенше, мен жүгіріп Нұртаза үйіне барып, Хасен
хажыдағы ақшаны алудың жайын сөйлесіп ем:
— Тəй, жоқты сөйлемей! — деп ақырып тастады Нұртаза, — қайдағы
оқу, ол? Айдаладағы біреуге беріп, қаңғырып өлгің кеп жүр ме? Оқу не
керек саған? Ептеп-септеп күніңді көре бер əзірге! Хасен хажыдағы ақша
қайда қашады деп отырсың,? Ертең жігіт боп, мал малданып, жан
жанданбаймысың? Сонда керек емес пе ол ақша? Оған дейін өсе бермей
ме?..
Тағы да қыңқылдайын деген мені: «Жоғал, көзіме көрінбей! Қатырма,
басымды!» деп Нұртаза қуып шықты...
Күндер өтіп жатты. Қыс та басталды. Мен Байбан ауылында жүріп
жатырмын. Бір күні басында сеңсеңнен істеген үлкен папахасы бар, үстінде
қасқырдың терісімен астарлаған сұрғылт шинелі бар, оның иығында
жарқыраған погоны бар, сыртынан буынған қайыс белбеуінің оң жағына
кабуры
байланған
кішкене
мылтығы
бар,
мылтықтың
дүміне
шығыршықпен ілінген қызыл баудың бір ұшы мойнында, аяғында ақ
чесенкасы, оның сыртында жылтыраған жаңа резенкесі бар... сұңғақ бойлы
ашаңдау ақ бұжыр бетті жұқалау қыр мұрынды, жасы 25—30 шамасындағы
бір жігіт келді. Сұрастырсақ аты — Жəмпейіс, фамилиясы — Омароз екен.
Есіктен сөйлей, қалжыңдаса кірген Жəмпейіске үй иелері асқа отыр деп
еді:
— Рахмет, — деді ол, — тығыз жұмысым бар. Қостанайға пакет апара
жатырмын. Қазір жүрем, аманшылық болса дəмді қайтарда татармын.
Байбан ол күні сырқаттанып жатыр еді.
— Шырағым, сен апарып келе ғой, — деді маған.
Жəмпейіс екеуміз жалғыз ат жегілген шанаға қатар мініп, жүріп кеттік.
Қазақ ата ұлынан шені бар төрені менің бірінші көруім. Сондықтан
жалпы тере атаулыдан сескенетін мен алғашқы кезде одан да сескеніп, өзі
бірдемені сұрамаса, өзім ешнəрсе сұрамадым.
Шапшаң мінезді, жылдам сөзді Жəмпейіс əуелі менің хал-жайымды
түгел сұрап алды да:
— Е-е, байғұс бала-ай, мен сияқты екенсің ғой, сен, — деді.
Содан кейін ол мені биографиясымен таныстырды. Жəмпейіс жас
күнінде əке-шешесінен жетім қалады да, жалшылықта тұрады. Оны
Құртайдың Мұқышы дейтін бай жалдайды. Жəмпейіс жігіт болған кезде,
Мұқыш балаларының ұрлығына күйеді де, тұтқынға алынатын болған соң
қашып орыс арасына кетіп, сонда орыс қызына үйленеді де шоқынады.
Жəмпейістің шоқынғанын естіген ағайындары бірнеше жігітті жіберіп,
ұрлатып алдырады да, «райыңа қайт, əйтпесе сені өлтіреміз деген шарт
қояды. Шарттан қорыққан Жəмпейіс қайтадан «мұсылман» болады. Содан
кейін ол, Рамазан дейтін ағайынының тоқалдыққа алған əйелі Жаңылмен
көңіл қосады да, бір түнде Қызылжарға тартып отырады.
— Онда сізді біреу шақырды ма? — деп сұраймын мен.
— Жоқ, — дейді Жəмпейіс.
— Енді кімге сеніп бардыңыз?
— Ешкімге де сенген жоқпын. Бір тəуекелмен тарттым да кеттім.
Орысша тілді жақсы білуші едім, аздап орысша хат білетін едім, соныма
сендім. Қызылжарда Дүйсенбай хажы Тұранов деген кісі бар екен
полицияның сыскное отделениесінде қызмет істейді екен...
— Ол неғылған қызмет?
Мысалы, мына мен полицияның қызметкерімін — дейді Жəмпейіс. —
Біз қала, даланың тəртібін сақтаймыз, қылмысты кісіні тұтқынға аламыз.
Дүйсембай хажы Тұрановпен Қызылжарға бара таныс болдым, —
жасыратыны жоқ, қолымның ептеп епсектігі болушы еді, — дейді
Жəмпейіс маған күлімсірей қарап.
Мен түсінбеген кескін білдірсем:
— Күн көру керек емес пе? — дейді ол. — Қызылжарға айдап барған
малым жоқ, қалтаға басып барған ақшам жоқ, жалғыз атты жалаңқаймын,
ендеше қалай тұру керек?
— Ия, сонымен, сіз не істедіңіз?
— Қала — ауыл емес, — дейді Жəмпейіс, — онда, ең аяғы суды да
сатып ішесің. Бірдеме істеп күн көрмесең аштан өлесің...
— Маған «қалай күн көрдің?» дегелі отырсың ғой, — дейді Жəмпейіс,
кескініме күлімсірей қарап қойып.
— Иə, — деймін мен.
— Қалада шермаш дейтіндер болады, өзің сияқты панасыз жетім
балалар. Оларда үй-күй болмайды да, көшеде қаңғырып күнелтіп, əркімңің
қалтасына түсіп тамағын асырайды. Əуелі сол шермаштарды пайдаландым.
— Сонан соң?
— Қызылжар маңайындағы ұрылармен байланыстым, олар — мал
ұрлығын істейтіндер. Полиция олардың көбін біледі де, тұтқынға алады,
олар пара береді де, босанады. Мен екі арасын келістіруші болам. Сөйтіп
жүргенде Дүйсенбай хажы мені осы қызметіме орналастырды. Менің атым
— полицейский урядник.
— Урядник дегендер осы арадан өтіп жүруші еді, — деймін мен, —
бірақ олар орыс болушы еді. Қазақтан бірінші көріп отырғаным сізсіз.
Сізден басқа урядник қазақ бар ма?
— Жоқ, — дейді Жəмпейіс, — бүкіл Қызылжар оязында қазақтан менен
басқа урядник жоқ.
— Сіздің шамаңыз не нəрселерге келеді? — деп сұраймын мен.
— Қылмыстының бəріне келеді, — деді ол,— егер, қылмысты болса,
ауылнайың мен болысыңды да ытқытып жіберем.
— Қазір ұрлықты қойдыңыз ба? — деп сұраймын мен.
— Мұрныңды ұрайын-ау, — дейді ол күліп, — өзің бір оттаған бала
екенсің. Мені сынағалы отырған жоқпысың?
— Сен бір бейшара бала екенсің, — дейді ол аз уақыт қалжыңдап
отырып, — шіркін, сені қалаға апарып, приюгқа орналастырар ма еді?
Жəмпейістен оның не екенін сұрасам, тамаша орын ғып суреттейді де:
— Əттең, жасың өтіп кетті-ау, бала, оннан асқан баланы алмайды онда,
— дейді. Тұйыққа қамалғандай екеуміз біраз үнсіз отырғаннан кейін.
— Сен бала қазақ арасында жүріп оңбайсың, — деді Жəмпейіс, —
қазақтың байлары жалшыны ит есебінде ұстайды. Орыс байларына тұрсаң,
күтімді боласың. Ақыңды дұрыстап береді, таза орынға жатасың. Саған
ауылдан кету керек те, іш арасына барып, орыс байларына тұру керек.
сонда ғана сен адам боласың. Қалай қарайсың, бала бұған?
Мен жауап бермеймін, маған оның сөзі де Спандияр Көбеевтің сөзіндей
алыстағы арман көрінеді...
|