Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет47/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

БАЙМАҒАМБЕТ ІЗТӨЛИН
Ермішпен жанжалдасқаннан кейін Балықбайдан кетуге тура келді.
Бізден көрген қиянатың, болса айт, əйтпесе, өзіңмен құрбы жігітпен
жастық жөнінде жанжалдассаң, оған біз қанша кінəліміз? Бір тентекті көп
боп тиюға шамамыз келеді. «Битке өкпелеп тоныңды отқа салма» дегендей,
бір адамға өкпелеп жылы орныңды неге суытасың? Өйтпе, сен! Екеуіңді
келістірейік. Бұдан былай саған тимейтін қылайық, — деп, менен балалары
оқитын бұл ауылдың көпшілігі жібергісі келмеп еді, оған мен
солқылдаңқырап та қалып едім, мені алып кетуге келген жездем Болатбай:
— Жылы сөздеріңе тəңір жарылғасын. Бірақ балдызымды тастап кете
алмаймын. Қалай тастаймын: бір-бір жұдырығы күрзідей жуан білек,
өгіздей өңкиген, ісінген немең жазатайымда салып қап, өлтіріп тастаса
қайтем? Білегіне сүйенген пəле көрінеді оның. Пəледен машайық қашыпты.
Қашпаса болатын емес оныңнан. Қоныстас отырған құдандалы елміз. Бір
тентегіне бола арамыз ашылып кетер. Одан да, осындай құда да, құдағи да
тиыш кезде балдызымды алып кетейін— деп болмады.
Сөз осыған құйылғаннан кейін бала оқытқан күндердің еңбекақысына
есеп қылмақ боп, Болатбай Май-ағақдікіне қонды. Май-ағаң оған арнап
семіз серкешін сойды.
Сол күні іңірде Додақ жаңа хабар əкелді маған. Май-ағаң маған анда-
санда қисса айттырып құмарта тыңдайтын еді. Сол дағдысымен ол бүгін де
қисса айтқызып отыр еді, кешке үйден шығып кеткен Додақ іңірде оралып
келді де, «далаға шығып кет» дегендей көзін қысып ымдады. Қажетті
бірдеме барын білгендей, мен əлденені сылтау қып қиссаны қызықтылау
бір жеріне тоқтаттым да тысқа шықтым. Додақ ере шықты.
— Ерміштің қайынағасы кепті, — деді Додақ, мен сұрап үлгірмей.
— Кім? Баймағамбет пе?
— Иə, Күрілдек атаң
68 
үйі тоқты сойып жатыр.
Баруға зауқым соғып кетті де, ол үймен араздығым есіме түсе қап,
Додақтан хат жіберуге ойландым. Көршілес үйге барып жазылған хат
мынадай бір ауыз өлең боп шықты:
«Құрметті қадырдан артық көруші Баймағамбет!
«Жоқ дейді бұл арада сенен ақын,
Ойым бар саған бүгін жолығатын.


Егер де мақұл көрсең бұл сөзімді,
Кездесіп болмақ едім саған жақын».
Додақ кешігіңкіреп оралды. Мен бұл кезде қиссаны аяқтап боп, Додақты
шыдамсыздықпен күтіп отыр ем. Додақ менің қасыма жамбастап жатты да,
үйдегі өзге адамдарға білдірмей, қолыма бір жапырақ қағаз қыстырды.
Əдемі қолмен жазылған қағаздағы сөз:
«Құрметті Сəбит!
Ақынға өзімді өзім баламаймын,
Солаймын деп атақты жамамаймын.
«Бұл жерде сендей ақын жоқ» дегенді.
Ол, сірə, қате ме деп шамалаймын»,
депті де, аяғына «Р. С.»
69 
қойып:
— «Ертең таңертең осы ауылдың қыстау ағашының сыртында
жолығайық. Бүгін шаршап отыр ем, ренжи көрме. Жолығар алдында осы
баланы хабаршыға жібере ғой.
Құрметпен Баймағамбет» — депті.
Ертеңіне таңертең Додақ арқылы екеуміз хабарластық та, қыстаудың
сыртын орай біткен қалың ағаштың сыртында жолықтық.
Уəделі жерге мен одан бұрын бардым. Аз күткеннен кейін ағаштан шыға
берген ұзыншалау денелі, қалаша киімді біреуді «сол болар» деп қарсы
барсам: аққұба өңді, сопақтау қушық бетті, ұшы істік қыр мұрынды, көк
көзді жас жігіт. Кескіні аумаған орыс... «Əлде ол емес пе?» деген ой кеп
кетті маған. Сонымды сезе қойғандай, жігіт маған жымия қарады да, қолын
созып:
— Баймағамбет Ізтөлин, — деді. Мен де қол бердім.
— Сəбит деген жігіт сен боларсың, — деді Баймағамбет, алысқан қолын
босатқаннан кейін.
— Болсақ болармыз.
— Көп күтіп қалған жоқсың ба?
— Жоқ.
— Жүріп сөйлесеміз бе, — деді ол.


— Өзің біл.
— Мына бір жақ əрі қырат, əрі жалаң дала екен — деді Баймағамбет, —
«Шірік мая» аталатын көл жақ бетті қолымен нұсқап, — солай қарай жүріп
қайтамыз ба?
— Болсын.
Екеуміз қатарласып аяңдай бергенде:
— Əуелі жақсылап бір-бірімізді біліп алайықшы, — деді Баймағамбет.
— Сен де айт өз жайыңды. Мен де айтайын.
— Мақұл.
— Қайсымыз бастаймыз?
— Сіз біліңіз.
— Жасың нешеде сенің?
— Он алтыда.
— Менен үш жас кіші екенсің, онда. «Амандық ағадан» дейді. Соған
қарағанда менің бастауым жөн. Бірақ əуелі сенің жайыңды біліп алғым кеп
отыр.
— Оқасы жоқ — дедім де, мен өз өмірбаянымды қысқаша айтып бердім.
Аса ықлас қоя, арасында сұрау бере тыңдаған Баймағамбет кеңесімді мен
«жайым солай» деп аяқтағаннан кейін «да!» деген лебін біраз созыңқырай
қайталап:
— Əне бір төмпеге отырсақ қайтеді? — деді.
— Мақұл.
— Шылым тартушы ма едің? — деп сұрады ол менен, қалтасындағы
қызыл мен көк жолағы араласқан, оқалаған аузын қызғылттау баумен
жиыра бүрген барқыт кисетін суыра беріп.
— Тартам, — дедім мен.
Кисетке мен өте қызыға қарадым. Өйткені бұндай кисет ол кезде кейбір
мырзаларда ғана болмаса, жабайы бозбаланың қалтасына түспейді. Жəне
жігіттердің ұғымында: ондай кисетті жігітке көңілдес қызы ғана сыйлайды.
Бүктелген кисеттің арасына салынған жұқа ақ қағазды да мен таңданған
көзбен ұстадым, өйткені ел ішінде ол кезде «не қат?» «қағаз қат!» Ақ
қағазды шылым түгіл, базарға апарып сататын малына куəлік жаздыруға да


таба алмай сандалып жүргендерді талай көргем.
Кисетке біздің ел «күропке» деп атайтын, махорка бар екен. Пачкасының
бағасы сегіз тиындық бұл махорка — біздің елдің шылымшы жігіттерінің
көбінің қолына түспейтін зат... Жігіттердің ұғымында «күрөпкені»
мырзалау адамдар ғана тартады, көпшіліктің тартатыны — пышақпен
қолдан турайтын жапырақ темекі. Ол да кейбіреудің қолына түсе бермей,
кеңсірігі қаңсығандар, түтіні ащылау қурайдың жапырақтарын талғау етеді.
Баймағамбеттің, үстіндегі киімдеріне, кисетіне, қағазына, махоркасына
қарап, шылымды бұрай отыра, ішімнен «бай адамның баласысың-ау, тегі!»
деп қоям.
Жасаған шылымды тұтатып алғаннан кейін шылымның сорған түтінін
біресе екі танауынан, біресе аузынан кезекпен ақырындап шығарған
Баймағамбет «енді өзімді таныстырайын» деп бастап, өз жайын баяндай
жөнелді:
— Біздің руымыз «Уақ» оның ішінде, «Бұйдалы», — деді ол. — Біздің
ауылды «Шəліңке» дейді. Ол біздің ұлы атамыз. Шəліңкеден Ізтөле, одан
Қанапия мен Жəкі. Қанапиядан менмін. Əкемді Шəліңкенің Қанапиясы
дейді, Ізтөленің бауырында өскендіктен, мен фамилиямды «Ізтөлин»
қойдым.
— Біздің үй, — деді ол, — шылымын сорып ап, — он шақты үйлі
ауылдың ауқаттысы: айғыр үйір жылқымыз, қонақтық қойымыз, бес-алты
бұзаулы сиырымыз, бозғыл үйіміз бар. Əкем бірнеше жылдан бері Аққусақ
болысының, біздің, Бұйдалыны билейтін ауылнайы. Қыстауымыздың аты
Бөрлікөл.
— Біздің ауылда Құтыбай дейтін молда бар, — деді Баймағамбет,
шылымын сораптай отырып, — жақын ағайынымыз. Қазір орта жасты кісі.
Өзі мына Байжан үйіне күйеу. Қадымша оқыған адам. Əкем мені алғаш сол
молдаға оқуға берді.
— Білем ол молданы, — дедім мен, — Байжан үйінде көргем: жылтыр,
ашаң өңді, көселеу, кемиектеу кісі ғой?
— Дұрыс. Өзің ноғай молдаңнан қандай оқысаң, мен де Құтыбайдан
сондай оқыдым. Екі-үш жылым босқа өлді. Соққан дүресі болмаса, оның
оқуынан есімде қалғаны жоқ.
— Сондай азапта жүргенде, — деді ол,:— таусылған шылымын соңғы
рет сорып, түбірін ерінмен ұшырып жіберіп, — бағым ашылғандай бір
халге кездестім.
— Біздің үйге бір күні қонақ келді: қалаша киінген, қырбық қара мұрты
бар, дембелше орта бойлы, қалың қабақты, қара бұжыр кескінді, таңқылау


мұрынды біреу... түрі қазаққа келіңкіремейді. Оның жайын жайласа келе
білдім: зады башқұрт екен. Сейіткерей Мағзұм деген адам. Бізбен көршілес
Алдай руындағы Құрымсы ауылында мұғалім екен. Білесің бе, мұғалім
дегеннің не сөз екенін?
— Білем, — дедім мен Баймағамбеттің бұл сұрауына «сонша надан
көргені ме, мені?» дегендей, іштей аздап жəбірленіп.
Мен оған біздің Жаманшұбарда бала оқытқан Ідірістің жайын айттым.
Сұрауына сонда ғана ыңғайсызданғандай болған Баймағамбет:
— Көңіліңе алма, неге олай бұрады деп! — деді маған, мен сені
«мұғалім» дегенді көрмеген болар деп ем, көрсең, — дұрыс. Қайда оқыған
екен Ідіріс?
— Үпіде
70 
оқыдым, — деді ғой деймін.
Сейіткерей де сонда оқыған, «Медресе Ғалияда». Зады башқұрт
болғанмен, тілінде қазақтан айырма жоқ екен. Қулықшыл, өлеңші жігіт
екен. Қазақша жəне башқұртша өлең де шығарады екен. Менің де балалық
шақтан өлеңге талабым болатын. Əкеме шығарған бір ауыз қалжың өлеңім
ауыл арасына тарап кетіп қызық болған.
— Қандай өлең?
Баймағамбет көгілдір көзін ойнақшытып жымиып алды да:
— Біздің бер жағымызда, жеті-сегіз шақырым жерде «Орымбай» деген
ауыл бар, — деді күле сөйлеп, — сол ауылдағы жекжатымызға əкемнің
берешек қойы болады да, қыстыгүні бір қара қойды шанаға салып ап
жөнеледі. Күн əрі суық, əрі боран болса керек. Жеңілдеу киінген əкем
тоңазып, атын айдап отырғанда, қойының шанасынан түсіп қалғанын
аңғармайды. Бір кезде артына қараса, қап-қара бірдеме жүгіріп келеді.
Əкем оны қасқыр екен деп ойлайды. Жəне — «қара қасқыр!..» Елдің
ұғымында «қара қасқыр» мал түгіл адамды да жейді... Қорыққан əкем, атын
сабалап тұра кеп қашады!..
— Иə, сонан? — дедім мен қарқылдап күліп.
— Ауыл жақын екен — деді Баймағамбет те қарқылдап күліп ап, —
сасқан əкем, жекжатының қорасына шапқан қалпымен кіріп кетеді... «Не
болды?» деген сұрауға «қасқыр, қасқыр!» деп əрең жауап береді.
— Сонымен, қойы не бопты?
— «Қасқырдың» шанадан түсіп қалған қой екенін білген олар тұра
шауып барғанша, қойды қаңғырып жүрген бір қасқыр жеп кетіпті.
— Қап!..


— Осы жайда мен əкеме:
«Шанаңа қара қойды басқаның-ай!
Түсіп қап, қорқып одан қашқаның-ай!..
Қойыңды шын қасқырлар жеп кеткенде,
Алақтап екі көзің сасқаның-ай!» —
деп өлең шығардым. Əлгі айтқан өлеңім осы.
— Қызық екен. Тағы не өлең шығарып ең ол кезде?
— Көр-жер өлеңдерім бар, қай бір өлең дейсің олар, балалық шақтың,
балдыр-батпағы да.
— Ия, сонымен?
— Сонымен, əлгі Сейіткерей түнде маған да өлең айтқызып, «талабың
бар бала екенсің» деп отырды да, таңертең «бұл баланы маған оқуға бер!»
деп жабысты. Турасын айтқанда, əкем ығын-шығынды ұнатпайтын, қара
қазандау сараң кісі еді, сонысына бағып, мені Сейіткерейге бергісі келмеп
еді, əкемнің інісі Жəкі: «шығынын өзім-ақ төлейін», деп болмай, ағасын
ақыры көндірді.
— Сонымен, Құрымсы ауылына барып, Сейіткерейден оқи бастадым, —
деді Баймағамбет, тағы бір шылымды бұрап тұтатып алып, — өзіңе белгілі
— «жəдит» оқуы. Түсінікті оқу!.. Миың болса, қонатын оқу!..
— Оқу қона кетті, — деді ол шылымын сорғылай түсіп, — аз күнде
жазуға да үйрендім. Есеп, жағрафия, тарих, физика, табиғат сияқты
ғылымдармен де таныса бастадым. Бұрын қараңғы дүния көрінетін «оқу»,
енді жұлдыздай жарқырай бастады. Бірақ осы оқуының өмірі ұзақ
болмады.
— Неге?
— Бір жыл оқып, келер жылы араб тілінің «сарфынан»
71 
етіп,
«нахуына»
72 
кіргенде, өзге пəннен де біраз тереңдеп қалғанда,
мұғалімімізді урядник кеп ұстап əкетті.
Бір ойында, жігіттер Сейіткерейді Жанкүміс деген қыздың қасына
отырғызайын десе, қыз: «Орыс па, қазақ па, кім бұл өзі?» деп
отырғызбайды. Жəбірленген Сейіткерей ойыннан кейін қызға мынадай
өлең жазып жібереді.
«Жанкүміс бір қыз екен білетұғын,


Сын тағып көрінгенге күлетұғын.
Соқтығып көрінгенге шешенсініп,
Білем деп жаман қыздар жүретүғын.
Біреуден сыбағасын алса мықтап,
Кеудеден тəкаппарлық сөнетүғын.
Мысқылдап маған қарап мазақ қылып,
Тауыпсың бір мылқауды кенетұғын.
Сен өзің қандай сұлу жұрттан асқан!
Қан мен сүт ақ жүзіңе араласқан!..
Адамнан туған пері сен емес пе,
Тəрбие көрмей өскен бала жастан.
Кісіге сын таққандай не түрің бар.
Айнаға əбден байқап қарамастан.
Əдепсіз, қыз да болсаң бейпіл сөзің,
Етпеді бейпіл сөзге жаным төзім.
Бойыңнан бұлан үркіп қашан ұшқан.
Болатын жас əйелге нəзік сезім?
Адамша адамменен сөйлеспейтін,
Бойыңда асау-тарпаң бар мінезің,
Мен кіммін? — Осы өлеңді оқыған соң
Басқа адам түсіндірмей жетер көзің».
— Қалай екен? — деді Баймағамбет, өлеңді оқып болғаннан кейін маған
күлімсірей қарап.
— Жақсы екен. Қыз не жауап қайтарыпты бұған?
— Не жауап беруші еді. Ерміштің саған қайтарған жауабы сияқты
балдыр-батпақ бірдемелерді жаздырып жіберіпті.
— Сонан?


— Сейіткерейдің қайтарған жауабы одан да өткірірек болған соң.
Жанкүміске болысқысы келгендер, өлең шығарып беретін кісі іздейді.
Олардың тапқаны — ар жағында көрші отырған «Тоқты Сары» дейтін
ауылдардағы Мектеппай болады. Соған өлең шығартып, Сейіткерейге
жібереді.
— Бар ма ол өлең?
— Бар. Бірақ ол да қойыртпақ. Одан да Сейіткерейдің жауабын оқиық:
«Мектеппай сенің ағаң Əлімбайым
Сөйлесең ағызасың тілдің майын.
Сөзіңе жауап жазып қайтаруға
Келіп-ақ қалды, міне бір ыңғайым.
Ағаңыз Құлқай батыр уафат бопты,
Иманын нəсіп етсін бір құдайым.
Жоқ жерден ажалына себеп бопсың,
Білмей-ақ дəрігерлік қып, емдеу жайын
73
Тұз бенен темекіні қайнатыпсың,
Құлқайды мазылкамен майлатыпсың.
Терлесе емі бойға қонады деп,
Шыбықпен үй жағалай айдатыпсың.
Құлқайың сол уақытта жаны ышқынып,
Қызыл қан қотырынан шапшып шығып,
Қамза мен екеуіңді қарғапты ол,
Ашынып қотырлары аласұрып:
Ей Қамза, сенің көзің ашылмасын!
Қайғыдан көңілің дайым басылмасын,
Шабыма тұзды суды құя салып,
Шыбын жан енді неғып ашынбасын!


Не жауап айттық ағаң өлерде, сен?
Қарадың жұртқа қалай кемерде, сен?
Бойыңда сондай күнəң бола тұра,
Несіне құмартасың өлеңге, сен?»
— Бұ қалай? — деді Баймағамбет.
— Өте қызық!.. Содан кейін?
— Надан ел емес пе қазақ? Біреуге өшіксе, көзін жұмып жібермей ме!
Қастық іздемей ме оған?..
— Не қастық қыпты?
— Соғыс басталып жатқан кезде, өшіккендер «солдаттан қашқан» деп,
арыз беріп, урядник кеп ұстап əкетті. Кейін естісек соғысқа жібертіпті.
Маған да, ауылдағы өзге достарына да хат жазып тұрады. Кейде өлеңмен де
жазады. Біреуі мынау, оқып көр!
Ұсынған өлеңді оқып көрсем, — былайша жазылған екен:
«Жат жерден қайғыланып жаздым назым,
Білмеймін өмірімнің көбің азын.
Үстіне шинель, мундир киіп алып
Бұл хатты жазып отыр өнерпазың.
Сүйеулі қасымда тұр қылыш, мылтық,
Аяқтан жүдеп жүрмін аңсап, сылтып.
Үстімде киім бүтін, тамағым тоқ,
Көңіл қош, аш, сөйтседағы, жүрек жыртық.
Сағындым қазақтың кең сахарасың
Өртеніп шіркін жүрек аһ ұрасың.
Жарасын жанның жазар сары қымыз
Дəміңді қашан маған татырасың?!»
Сейіткерейдің, тағы бірнеше өлеңдерін оқыдық. Оларда соғыстың ол
кезде маған танық біраз ауыр бейнелері сипатталған екен. Баймағамбет ол


өлеңдерге өз сөздерін араластырып, жүріп жатқан соғыстың, хал-жайынан
маған бірталай мəлімет берді. Соғыстың не соғыс екендігі туралы, бұлар
менің бірінші рет алған элементарлық мəліметтерім болды.
— Сейіткерейден кейін не істедің? — деп сұрадым мен Баймағамбеттен.
— Оқуға кеттім.
— Қайда?
— Троицкийге.
— Не оқуға?
— Қазақша мектеп те, оқу да жоғын өзің, білесің. Оқығысы келгенге екі
оқу ғана бар емес пе: бірі орысша, бірі татарша. Сейіткерейден менің
оқығаным — татарша, орыс школына түсуге жарамадым да, білетін бір
адамның ақылымен Троицкийдегі «Медресе уазыйфаға» кеттім. Одан екі
жыл оқыдым да, биыл екі себеппен бармай қалдым: бірі — алысқа барып
оқуға қаражатым жоқ. Жоғарыда айттым ғой, — «əкем сараң кісі» деп.
Оқуыма қаражат бермеді ол кісі.
— Енді қалай оқыдың?
— Троицкийдің маңайы — қазақ ауылдары. Сол ауылдардың медресеге
түсуге білімі жетпеген балаларын оқыттым, əрине, жалданып; əрине —
ауқатты адамның балаларын.
— Өз оқуыңа бөгет болмады ма, олар?
— Болғанда амалың нешік! «Ұрлық қылсаң ұсталасың, шөп жесең
қақаласың» дегендей, қиын болса да оқыттым, — күн көру керек...
— Енді неге тастадың ол оқуды?
— Себебін айтайын деп келе жатыр ем, өзің киіп кеттік. Екінші себебім:
ең зор оқу орыста. Орыс тілі «Медресе уазыйфада» оқылады. Қазір мен
орысша дұрыс сөйлеп, орысша дұрыс жаза білем. Бірақ мақсат бұл ғана
емес, мақсат — орыстың тілін ғана білу емес, орыс тіліндегі фəндерді де
оқу, мəдениет жағынан, оқу жағынан қазақтан озық дейтін татардың да
алдыңғы үлгісі — орыс. Орыстың əдебиеті де татардан əлдеқайда бай.
Ендеше орыс оқуын шала білген кісі біздің заманда шын мағынасындағы
мəдениетті кісі емес. Сондықтан мен татаршаны қойып, енді Стаптан
орысша оқуға бел байладым.
— Стапта бар ма, ондай үлкен оқу?
— Маған жететіні бар, — деді Баймағамбет күлімсіреп, — жəне елге
жақын жер, үйден аздап болса да азық-түлік алып тұруға болады.


— Саған да жүр дегім кеп отыр, — деді Баймағамбет, маған қарап,
күлімсіреген кескінін салмақтандырып, — бірақ жағдай жоқ қой оған: əрі
орысша оқымағансың, əрі қаражатың жоқ!..
— Солай! — дедім мен күрсініп.
— Ермішке шығарған өлеңдеріңді оқыдым, — деді Баймағамбет, —
үмітті бала екенсің. Өлеңдерің жап-жақсы екен. Əрине, кемшілігі де көп.
Бірақ сенің қазіргі білім дəрежеңе жарап жатыр.
Бұл жөнде біраз кеңескеннен кейін мен Баймағамбеттен өз өлеңдерін
көрсетуді өтіндім.
— Менде де қай бір жөнді өлең бар дейсің, — деді ол. — Жақсы өлең
жазу үшің жақсы білім керек. Ол білім менде əлі аз. Татардың ақындарың
орыстың ақындарын оқып отырғанда, өз өлеңіңді өлең деуге ұяласың!
Əсіресе орыстың ақындарын!.. Ғажап өлеңдер соларда!..
— Кім деген ақындар бар? — деп сұрадым мен.
— Толып жатыр, — деді Баймағамбет, менің сұрауымды қызық
көргендей жымиып.
— Мысалы?
— Мысалы, Пушкин! — деді Баймағамбет аузын толтыра сөйлеп: —
Дүния жүзінде одан күшті ақын жоқ.
— Тірі ме ол?
— Өлген.
— Тірі қандай ақындары бар?
— Ұзақ сөз ғой, ол, — деді Баймағамбет, — бəрін қалай айтып тауысам.
Жəне тоңазыңқырап та қаппын, көбірек отырып, енді жүре кеңессек
қайтеді?
— Болсын.
Бір-бір шылымды тағы да орап ап, екеуміз түрегелдік те қатарласып
ауылға беттедік.
— Дегенмен сен баланы оқыту керек екен — деді Баймағамбет, — жəне
мүмкін болғанша орысша.
— Қайдан? Қалай?
— Бұл сұрауларыңа жауапты мен Стаптан жазып жіберейін. Ондағы


жағдаймен танысайын. Мүмкін сəті түсер.
Баймағамбеттің бұл айтқаны маған жай бір сөз көрінді де, оқудан
үміттене қоймағанмен, оның өлеңдерімен танысуды арман еттім. Осы
өтінішімді қайталай берген соң, Баймағамбет пальтосының ішкі қалтасына
салып қойған тетрадын тағы суырып алды да, бірнеше бетін аударып,
«мына біреуді көрші?!» деп маған ұсынды. Оқып көрсем, өлең:
Біреу секілді,
Байлаулы, бекулі
Өмірімнің түйіні,
Ашуды тасытты,
Жүректі ашытты,
Осының күйігі», —
деп басталады екен де:
«Ұмтылса адамзат,
Болдырмас іс аз-ақ,
Қанатты қомдайын!» —
деп бітеді екен.
— Əкем алыстағы оқуға жібермей жүрген кезде жазғаным еді, — деді
ол, мен өлеңді оқып боп бетіне қарағанда.
Оның «Қалқам шырақ» аталатын екінші өлеңін бастай бергенімде:
— Оқымай-ақ қой! — деді Баймағамбет.
— Неге?
— Жастық туралы жазылған ол, хұсусан, — қыздарға жазған... Бірақ бұл
өлеңде ыстық махаббат жоқ, тек қана, бозбаланың қызға құмарлығы бар.
— Ендеше махаббаттық өлеңдеріңді көрсет.
— Ондай өлеңім жоқ, — деді Баймағамбет. күлімсіреп.
— Неге?
— Өлең жүректің шын сырынан ақтарылса ғана əсерлі болады. Шын
мағынасындағы махаббаттық өлең — шын махаббаттан ғана туады. Менің


əлі ешкімге шын махаббатым түскен емес, яғни мен əлі ешбір қызды шын
сүйіп көрген жоқпын.
— Сондай қиын ба, ол?
— Басыңа түскенде білерсің,, бала. Əлі жасырақсың ғой!?... — деп
Баймағамбет серпіліп алды да, — енді бірер өлеңді оқы. Содан кейін
ауылға қайтайық.
— Болсын.
— Табиғат туралы жазылған мына бір өлеңді оқып көрші! — деп
Баймағамбет. — «Түннің басталуы» деген өлеңін оқытты:
«Жасыл, көк алтын жиек қоңырланып,
Күнбатыс қып-қызыл боп нарттай жанып...
Жылы кеш күреңденіп баяу тартып,
Солтүстік қарауланған мұнарланып.
Түн қаптап жер жүзіне жайып қанат,
Сұрланған қас қарайып əрбір тарап.
Тып-тыныш ормаң дала ұйқтап, мүлгіп,
Жиектен туып келед ай да қарап.
Жұлдыздар тау басында, төңіректен.
Түнеріп тұр жамырап аспан-көктен.
Қоршалап қараңғылық жердің бетін,
Келеді жоғары өрлеп көкжиектен.
Түн жетіп болды сонда іңір шағы,
Оқысып намазшамын жұрттың бəрі.
Осыдан əсерленіп, көңіл толқып.
Мендағы терең ойға кеттім əрі!..»
— Мына өлеңің тамаша!.. — дедім мен бұған дейін ешкімнен
кездестірмеген мынау өлең, маған қатты əсер етіп...
— Енді бір өлеңді өзім-ақ оқып көрейін — деп ол тетрадына қол созды.


Қолына берген тетрадты ақтарыңқырап:
— Біздің елде «Пысылдақ Омар» дейтін мінезі, қатал, өзі сараң,
жаңалыққа қарсы бір бай адам бар еді, мынау соған шығарылған өлең, еді,
соны оқиын деді:
«Кескіні тарғыл бұқа секілденіп,
Шіреніп көкірегін көкке керіп.
Қызарып, екі көзі жан жаратпай
Пысылдап көрінгеннен аулақ жеріп.
Омекең бір тап елдің ақсақалы,
Өзі бай, жұрттан асқан артық малы.
Бір жатқан ірі кеуде, омыраусоқ,
Сондай қас жаңалыққа оның жаны.
Сөйлесе жаңалықтан біреу келіп,
Онымен шарылдасып қалады өліп.
Қолына тал-таяғын ала салып,
Қалады жөні келсе басқа періп.
Ұстайды бір өзіне топтап жігіт,
Жұмсайды қысымдықпен əмір қылып.
Бетіне қарсы ешкім сөз айта алмай,
Жүреді жұмыскердің бəрі ығып.
Тықсырып, қатын-қалаш балаларын,
Бір уыс ашуланса етер бəрің
Тамықтың кескініндей ызғары бар,
Мінезі қысып кетсе сондай тарын.
Үйіне оның өзге келсе кісі,
Өзіне байланысты болмаса ісі.
Үйінде көп отырмай шықса екен деп,


Ажары келіспейді қашып түсі.
Омекең осылай біраз уақыт,
Айбынмен жұрттың бəрін таңырқатып,
Саудаға тұс-тұс жақтан кісі айдап,
Байлықты молайтады үйде жатып!»...
«Міне, қайда, өлең!» — дедім мен ішімнен, Баймағамбет оқып боп маған
қарағанда.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет