БЕТПЕ-БЕТ
Балықбайдың үш ауылы Жамбатыр деген көлді жайлайды екен. Бұл көл
— бес болыс Керей еркін сиятын радиусы жүз шақырымнан асатын кең
жайлаудың көп көлінің біреуі ғана. Əр көлдің маңайы сыңысқан ел...
Биылғы жайлауда ауылдың қабағы қатыңқы, өйткені соғыстың
салдарынан дүниенің, əсіресе астықтың қымбаттығы кедейлерді аса
күйзеушілікке ұшыратты. Олардың көбі ашыға бастады. Оның үстіне салық
та көз ашырмайды. Соғыс зардабынан көбейген шығынды, болыс пен
ауылнайлар кедейлерле тарттырады: берсе қолынан алады, бермесе тартып
алады, егер аларлық ештеңесі болмаса, қазналық жұмысты тегін атқаруға
айдайды. Ондай жұмыстан біразы қашқан болады, бірақ барар жері қайда
олардың!.. Көнгісі келмегендермен, ауылнайлар мен болыстар қамшы үйіре
сөйлеседі, талайлар қан-жоса боп таяқ жейді... Ауқаттылау адамдар
қазналық жұмыстан парамен құтылады... Естуімізше, ауылнай, болыстар
пара алудан байлық үстіне байлық жамап жатыр...
Осындай ауыр күндердің біреуінде, Балықбай ауылы у-шу бола қалды...
— Не болды?
— Қазақтан да солдат алатын бопты...
— Оны кім айтыпты?
— Омбыға барған Торсан айтып кепті... Он тоғыз бен отыз бір жастың
арасын түгел алады дейді.
— Ойбай-ау, онда, елде жігіт қала ма? Қате сөз емес пе екен?
— Торсанға жолығып келген кісі айтты.
— Сонда да анығын білу керек...
— Кімнен?
— Əрине, Құрымбайдан. Болыс білмесе кім біледі оның анығын.
— Ендеше шапқын жіберіп анығын білдіру керек.
— Кім барады?..
Шапқынға, əрине, Байжан мен Рамазан бару керек. Балықбайда болысқа
тілдесе алатын солар ғана. Жəне шапқынға лайықты аттар да соларда...
Оның үстіне: Байжанның екі баласының, Рамазанның бір баласы мен
інісінің жасы солдатқа алынатын жастың ішінде...
Салт атпен Құрымбай ауылына шауып кеткен олар тез оралды. «Солдат»
хабары естілгелі құмырсқаның илеуіндей қайнап сапырылысқан көпшілікке
олардың алып келген хабары:
— Рас екен!!..
— Енді қайттік?! — деп үрейлене шулаған жұртқа:
— Нұрекең де
60
қайтсін — деді Байжан, — жұрт кісісі емес пе,
жарықтық. Біз барсақ: «қайран жұрт-ай, енді күнің не болады?» деп еңіреп
жылап отыр екен...
— Өтірік жылауы емесін қайдан білеміз? — деп күңкілдескен біреулерге
Байжан:
— Тəйт əрі, оттамай! — деп Байжан ақырып тастады.— Өкпеге қиса да
өлімге қияды деймісің ағайынды?... Торсанға кісі шаптырыпты, «бас қосып
ақылдасайық, қайда жиналуын мақұл көреді екен» деп. Соны істеген кісі
өтірік жылаушы ма еді...
— Өтірік жылар еді, — деді Рамазан, — егер өз басы аман қалатын
болса. Санап көрсек, Құрымбайдың өз ұрпағынан жиырмаға жақын жігіт
ілігеді екен. Өзгенің жасына жаны ашымай-ақ қойсын дейік өз
туысқандарына жаны ашымай ма?..
— Қайдан білейік — десті əкімдер, — кеше елден жұмысқа жігіт
алғанда Құрымбай тұқымынан жалғыз да жігіт іліккен жоқ. Сол сияқты,
бұл жолы да солдатқа ылғи сорлыларды айдап, өз жігіттерін алып
қалмаса!..
— Олай болса жалғыз Құрымбай ғана емес, əр ауылдың да бəйшігешінің
баласы қалып қояды да, — десті біреулер.
— Жоқ, олай болмас! — деп ду етті көпшілік — егер өйтетін болса, əуелі
соларды бауыздап алып, солдатқа содан кейін кетерміз...
Кешікпей Нұрғожа мен Торсан Омбыға, губернаторға жолығуға жүріп
кетіпті деген хабар келді... Бұл хабардан балды болғандар да, балсыз
болғандар, да аз болған жоқ.
— Нұрғожаңды білмейміз ,— десті балды болғандар, — ауылдағы бізге
қожаңдағанмен, жоғарғы ұлықтардың арасына өтімсіз дейтін оны.
Жандаралға батып кіріп сөз айтпақ түгіл, урядниктің үйіне батып кіре
алмайды дейтін. Жəне өзі орысша тілден «но» дегенді білмейді.
Жандаралға ол сөйлесіп жарытпас. Оған сөйлессе Торсан-ақ сөйлеседі.
Жандаралмен көңілдес те дейтін оны. Оның бетін бұрса сол-ақ бұрады,
Нұрғожаңды қоя тұр.
Омбыға кеткендер оралғанша ел іші шабыншылық болып жатты.
Солдатқа барады-ау деген жігіттердің аты барлары ел қыдырып сөз
тыңдауға жүрді. «Алатын бопты», «алмайтын бопты» дегендер алма-кезек
ауысып сапырылды да жатты.
— Мəнəпес
61
бопты, — деген сөз шығып қалды бір кезде.
— Не сөз ол?
«Есіркеу» деген сөз көрінеді. Патша қазақты есіркеп солдат алмайтын
бопты.
— Неге?
— Жалғыз баласы осы кезде туған екен дейді. Жыл сайын баласы туған
кезде той жасайды екен дейді. Той жасап жатқанда, патшаның қолына
домалақ қағаз түсіпті, ашып оқып көрсе, біреу патшаға: «Тақсыр мұның,
қалай? Қазақты бағындырғанда, атаң солдат алмаймын деп, ит терісіне мөр
басып бергені қайда? Атаңның антынан ауғаның ба? Өйтпе сен халықты
жылатпа!.. Жалғыз бала ұстап отырсың, көптің көз жасынан қорық!..» деп
жазыпты...
— Алда садағаң кетейін-ай, кім жазды екен мұны? — деп жылап
жіберісті əркімдер.
— Мұны жазса Торсаң не Абылай ғана жаза алады. Өзгенің қолынан
келмейді, — десті əркімдер.
— Тоқтаңдаршы! — десті біреулер, — мəнəпестің, жайын естиік!..
— Сонымен, — деді хабар əкелуші, — жаңағы домалақ хатты патша
оқып, — атасының антын бұзғанға ұялыпты да, қазақтан солдат алынбасын
деп мəнəпес таратыпты...
«Мəнəпеске» сенгендей, аз күн шабыншылық бəсеңдеді де, тағы да
көтеріліп жүре берді. Оған себеп, қазналық жұмыста жүрген қазақ
жігіттерінің, ауылға қашып келе бастауы. Олардың айтуынша: «іште»
жүрген қазақ жігіттерін ұстап ап, алдын соғысқа жөнелтіп жатыр...»
— Егер солдат алатыны рас болса, — деп гуілдесті жігіттер, — тірі
кетпейміз бұл арадан... соғыста өлгенше осында өлеміз...
Аты барлар аттарын жарата бастады, аты жоқтардың айтатыны:
— Арпалыс күн тумасын де. Егер туа қалса, жаяу отырып өлеміз бе?..
Байлардың жылқыларын ұстаймыз да мінеміз...
Омбыға кеткендердің өзгесінен елге Нұрғожа бұрын қайтты деп естідік.
Оның айтып келген сөзі: «Бұл жұмыстың тетігі губернаторда емес, патшада
екен. Біздің Бекбайды тілмаштыққа алып, патшаға Торсан жүретін болды.
Ол Омбыда қалды. Мен оған қаражат жинап жіберуге келдім...»
Əркімнен барынша қаражат жиналып жатқан кезде, ел ішіне тағы жаман
хабар тарай қалды:
— Нұрғожа алдаған екен — деген күңкіл шыға қалды бір кезде, — өзі
Омбыдан қашып келген екен. Жандаралға Торсан ғана көрінген екен оны
ұстап жауып қойыпты...
— Ендеше, елден ақша неге жинайды, бұл?
— Құрымбай тұқымының жемсауы қашан тойып еді. Тағы да жей
түсейін дегені ғой.
— Өзге жеуі бір сəрі, егер мынадай кезде жесе, оның да өңешіне
түйілер!.. Өтірік болар бұл хабар, егер рас болса, алдымен Нұрғожаның
өзін бауыздармыз...
Енді жұрт Нұрғожа мен Ыбырды аңдуға кірісті. Бұны сезген олар
жайлаудан жоғалды...
— Қайда олар?
— Стапта!..
— Онда неге жатады?
— Олардың бұл жатыстары — жандарын қорғау. Елдің қаны қарайғанын
біліп отыр да, бекінісі берік жерге тығылып отыр.
— Ол ғана емес, — десті, елді көп аралап келген біреу, — менің естуім:
Стапта олар жай жатпай, пəле жасап жатқан көрінеді.
— Қандай?
— Қазақтан солдат алынуы анық көрінеді. Ендігі əңгіме, — кімді беріп,
кімді бермеу. Осыған тізім жасалып жатыр дейді. Тізімге ылғи кедейдің
балаларын ғана кіргізіп, байлардың балаларын алып қалмақ ойлары бар
сияқты. Байлар болысқа параны өкіртіп беріп те жатқанға ұқсайды...
— Рас болды бұл! — десті көпшілік дуылдасып, біздің Байжан, Рамазан,
Ыбырай үшеуі біраздан бері бəсеңдей қалып еді, өз балаларын тізімнен
өшірткен екен ғой.
Бұл хабар іс жүзінде расқа айнала бастады. Жігіт алу хабары шыққан
кезде, Байжанның Жəркені қарагер атың Ерміші торы атын жаратып мініп,
Балықбайдың ереуілдеген жігіттеріне көтермеші боп жүрді де, Нұрғожа
мен Ыбыр Стапқа тығылғаннан аз күн кейін аттарынан түсіп үйлерінде
отыруға айналды.
— Бұларың не? — деп сұрағандарға:
— Тəңірінің салғанын үйде отырып тосып алғаннан артығы жоқ, —
десті олар. — Тырбанғанмен қайда барасың?.. Қолыңда қамшы мен
сойылдан басқа не қаруың бар? Мылтықты он солдат шықса, жайлаудағы
жігітіңнің бəрін қырып кетеді. Неңмен қарсы тұрасың, оған...
Осы сөзді əр ауылдың да мырзалары айта бастады... Бірақ олар
азшылық. Көпшіліктің аузындағы ендігі сөз:
— Мырзалар олай отыра алмас үйінде. Біз отырғызбаспыз олай. Егер
отырамыз десе, ендігі ісіміз солармен түсер!..
Ызалы көпшілік сөзден іске көше бастады. «Пəленше байдың
жылқыларын елінің жігіттері талап мініп жатыр дейді» деген хабарлар əр
жақтан келді...
«Пəлен жерде пəлен болысты, пəлен ауылнайды жігіттері сабапты...
Пəлен жерде өлтіріп те тастапты... Урядникті өлтіріп кетіпті... Пəлен жерде
өкімет қарулы əскер шығарып жігіттермен соғысып қапты...» деген сияқты
хабарлар да дүңк-дүңк етті.
«Ақмола жағында... Торғай жағында... Жетісу жағында жігіттер мыңдап
жиналып, өкімет əскерімен соғысып жатыр дейді...» деп дуылдасты
топталған жігіттер...
«Торғай жақтағы көтерілген елді Аманкелді деген батыр басқарады екен.
Оған атса оқ, шапса қылыш батпайды екен... Ол жүз мыңдай қол жинап
соғысып жатыр дейді» деген хабар келді...
— Соған кетер ме еді! — деп арман етті бұл араның жігіттері.
— Қайда кетсек те, — десті жігіттердің көпшілігі, — əуелі Құрымбай
тұқымынан кегімізді алып кетеміз. Нұрғожа мен Ыбырды өлтірмей
ешқайда кетпейміз...
Нəстəсіп болысының ереуілдеген жігіттері енді Нұрғожа мен Ыбырдың
жолын аңдыды. Шілденің əуе айналып жерге түскен ыстық күнінің бірінде,
бір топ жігіт Тайжан үйіне жиналып қымыз ішіп отыр еді:
— Уа, шығыңдар үйден! — деген үрейлі айғай естілді сырттан.
Жігіттер дүркірей шықса, көйлек-дамбалынан басқа киімі жоқ Байжан,
ентіге жүгіріп келеді екен.
— Не болды? — десті жігіттер оған...
— Əне!.. Əне!.. — деді Байжан демін əрең ап, Жамбатырдың сыртын
қолымен нұсқап.
Ол жаққа қарасақ, көлді жағалай бір пар атты қашып келеді... Артынан
көп салттылар қуып келеді... Арбалы мен салттылардың арасы шақырымға
жақын...
— Кім болды екен?—деген сұрауға:
— Не Нұрекең... Не Ыбыр, — деді Байжан, ентіге əрең сөйлеп. — Қуып
келе жатқандар дəу де болса Шақабай мен Құттының жігіттері... Өлтіреді
олар... Арашалау керек.
Байжанның балалары:
— Аттанайық! — деп жөнеле беріп еді:
— Əуелі білейік — деді көпшілік — Нұрғожа да, Ыбыр да болмай басқа
біреу болса — ұялып қалармыз.
— Егер олар болса ше? — деген сұрауға:
— Онда бірге бауыздасамыз, — десті көпшілік үн қосып.
— Астапыралла не, дейді? — деп, Байжанның тершіген күрең, кескіні
қуқылданып кетті...
Қашқан пар атты жақындап қалды... Беті Таудың Ыбырайының үйі...
Салттылар да ұтып келеді... Айқайлап шауып келеді олар... Бұл ауылдың да
атты, жаяулары Ыбырайдың үйіне ұмтылды... Шапқан қалпымен
Ыбырайдың үйіне тақала берген пар атты арбадан екі адам қарғып түсе
қап, біреуі үйге жүгірді. Шабысқа желігіп келген бос аттар ілгері қарай
шаба жөнелісті,оларды ешкім ұстаған да, тоқтатқан да жоқ...
— Ыбыр! — десті үйге қашып кіргенді көпшілік.
Ол үйге кіргенде қуғыншылар да жетті. Байжан, оның екі баласы,
Рамазан, оның інісі Əбу, Ыбырай, оның інісі Ахмет тағы бірнеше адамдар
есікті басып тұра қалысты...
— Жібер! — десті аттарынан саулап түсе қалған қуғыншылар, есікті
басып тұрғандарға.
— Сөзге келіңдер, сөзге! — деді Байжан бар дауысымен.
— Дос па едің, қас па едің, өзің? — десті ентелеген жігіттер, — дос
болсаң жібер! Қас болсаң оныңды айт!..
Байжан тағы бірдемені айтқалы келе жатқанда, кеспелтек бір қара жігіт
оны жағасынан қапсыра ұстады да, сілкіп кеп жіберді... Байжан ұшып
кетті...
— Мынау қайтеді?! — деп Байжанның Жəркені кеспелтек қараға ұмтыла
бергенде:
— Ол бүйтеді! — деп бірнеше жігіт қамшыны үстіне жаудырып
жіберді...
Есікті басып тұрғандар жауған қамшыға шыдай алмай бет-бетімен
қашты... Жігіттер лап беріп үйге кірді... Оларға қыстырыла мен де кірдім...
Үйде Ыбыр жоқ!..
— Ол қайда?!..
Жасаулы үйдің жүгін жігіттер қопарып шашып жатыр, біреулер төсек-
ағаштың маңын тінтіп жатыр...
— Жоқ!..
Іргеден қашты дейін десе, айнала қоршаған кісі...
— Бұ қайда?!..
Қызы Беренді Нұрғожа інісі Оспанға зорлап алып беретін баяғы Шəйке
де жүр екен үйге кірген топтың ішінде. Оның ашуланғанда бет-аузы
қимылдап кететін еді. Сондай кескінді ол, — «Бұ қайдалап?!» ақыра
бастаған жігіттерге:
— Ол мұнда болу керек! — деді, оң босағадағы ескі кебежені нұсқап,
бет-аузы толқынданып кетіп, — май жеген Құрымбай тұқымы, майлы
кебежеге кірген ғой жегісі кеп!
Ар жағында ашуға булығып қалған Шəйке кебежені теуіп кеп қалды,
кебеже оған қозғала қоймады... Долданып кеткен Шəйкенің шарасынан
шыққан көзі, босағада жатқан балтаға түсті. Балтаны ала сала кебежені ол
періп-періп жібергенде, тақтайлары бөлініп ұшып кетті... Ыбыр кебеженің,
ішіндегі қарынға салған майлардың арасына кіре, шөке түсіп жатыр екен...
Кебеже бұзылғанда ол қалшылдап тұра беріп еді, шауып жіберуге
ыңғайлағандай, Шəйке балтасын көтеріп алды. Əлдекім оның балтасын
ұстай алғанда:
— Жібер, өлтірем!.. — деп жылап жіберді Шəйке...
Анталап тұрған жігіттер, Ыбырды көріп алды да кетті...
Біреулер қамшы... біреулер жұдырық жаудырып, біреулер текпілеп
жатыр... Əркімнің де кегі бардай, жұрт таласып ұрып жатыр...
Ыбырдың табылғанын естіген тыстағы көпшілік кигіз үйге сыймасын
көріп, үйді көтеріп əкетіп, алысқа төңкеріп тастады... Ыбырға жабылған
жұрттың арасына адам кіріп болар емес... Мен шетке шығып қалдым...
Өршелене ұрған жұрттың, аузындағы сөз — Құрымбай тұқымына ата-
бабаларынан бері ұласқан кек!..
Аздан кейін арашашы көбейе қалды. Бастап жүрген-ер: Байжан,
Рамазан, Салмойын, Бəйтемір, Күркебай, Мықан, Оспан тағы-тағы солар
сияқты байлар, атқамінерлер... Сонда олардың айтатын сөздері: «Ыбырда
не жазық бар?.. Момын бейшара емес пе еді, бұл, қой аузынан шоп
алмайтын?..»
Таяқтан əрең деп айырғанда, шала-жансар Ыбырдың кірпігі ғана
қимылдады...
— Кегіміздің алды қайтты! — деп дуылдасты көпшілік — бірақ бұл
бастамасы ғана... Түптемей қоймаймыз бұл кекті!..
«Торғайға кетеміз», «Еременге кетеміз» деген сияқты сөздерді
айтқанмен, біздің араның көтерілген жігіттерінің өкімет тырп етуге
шамасын келтірмеді. Кешікпей қарулы отрядтар шығып еді, көтерілісшілер
оларға қарсы келе алмады... Ақыры приемға баруға жігіттер көнді...
Олардың ендігі айтарлары:
— Бізді соғыс маңындағы қара жұмысқа алады дейді, одан да өкімет
бізді солдаттың, өзіне алсын. Ажал біреу. Жай өлгенше, соғысып өлейік.
Жігіттердің ол арызы тыңдалған жоқ. Олар майданның қара жұмысына
жүздеп, мыңдап жөнелтіле бастады... Əрине, жөнелтілгендер — кедейлер.
Байлардың балалары өкіметтің осы маңайдағы правиантын
62
тасуға қалып
қойды да, оны да өзі тартпай, орындарына кісі жалдады...
Біздің жаманшұбарлықтардан майдан жұмысына аттанғандардың
ішінде, менің туысым — Рақымбайдың Таспай деген баласы кеткен. Өмір
бойы орыс поселкесінің малын бағып күнін көретін Рақымбай сол жылы
«бауырсырап» Жаманшұбарға барса, аңсап барған ағайыны, — Нұртаза өз
баласын майдан жұмысынан алып қап, орнына Таспайды жібереді. Сонда
мен Таспайға мынадай өлең шығарып, елден алған адресімен майданға
жіберіп ем...
«Мойныңа Таспай аға түсті құрық,
Құтылу қиын болды мойын бұрып,
Інілік туысқандық көңілменен
Жылаймын жолыңа мен қарап тұрып.
Қадірлес аға едің қайран Таспай,
Бақытың бір ілгері жүрді баспай,
Құрулы мылтық алдың, құрсаулы жау,
Қауіпке душар болдың сондай жастай.
Шығарды садақаға Жаманшұбар,
Жоқ жігіт жанашыры жаман шығар,
Айрылып ағайыннан жалғыз кеттің,
Қиянат емес мынау адам шығар.
Қайтейін, құтқаратын бар ма дəрмен,
Құтқарар едім сені келсе əлден.
Ылайымда сау барып, аман қайтып
Келіп тат өз жеріңде қалған дəмнен!»
Майданға кеткен жігіттер туған жеріне 1917 жылы февраль
революциясы жасалғаннан кейін қайтты. Олардың көпшілігі жаңа сана-
сезімде келді, ол — таптық мақсатын түсініп қайту.
— Патша түскенмен өкімет байлардың қолында қалып отыр, — деп
қайтты олар, — ендігі мақсат — байларды жойып, еңбекшілердің өкіметі
— Советті құру!..
Совет өкіметін Қазақстанда құруға олардың бір жүйесі белсене
қатынасты да, мысалы, азамат соғысының бір батыры Жақып Қыстаубаев.
Ол туралы осы шығарманың екінші кітабында толық айтамыз.
Жақыптар əр жерден шықты. Олардың əрқайсысы бір-бір шығарманың
геройы.
Тап тартысы майданда ғана қызған жоқ, тылда да қызды. 1916 жылы
Қазақстанда болған халық көтерілісінің бір қызу ошағы Торғайда
ұйымдасты, оны бастаушы — Қазақтың Чапаевы — Аманкелді Иманов.
Жасынан байларға қарсы боп өскен ол, 1916 жылы, екі жақты қанауға
қарсы қазақ еңбекшілері көтерілгенде, бұл зор оқиғаға жетекші болды да,
большевиктермен байланысу арқылы, стихиялы қозғалысты саналы тап
тартысына айналдырды. Оның арғы Қазақстанда Совет өкіметі орнауға
Аманкелді бастаған қазақ еңбекшілері белсенді қатынасуға соқты.
Совет өкіметі Торғайда құрылғанда, Аманкелді қазақта соғыстың
бірінші қызыл комиссары боп тағайындалды. Ерлік күзетте ол
дұшпандардың қолынан қазаға ұшырады. Бірақ дұшпан ол тіккен қызыл
туды жыға алған жоқ. Қызыл ту көтерген қазақ еңбекшілері Коммунист
партиясының бастауымен, туысқан елдердің, əсіресе ұлы орыс халқының
жəрдемімен, бүкіл совет халқының қатарында, бақыт шыңы —
коммунизмге жылдан-жыл биік өрлеп келеді...
|