Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет46/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
АҚЫНДЫҚҚА ƏУЕСТІК
АЛҒАШҚЫ АЙТЫС
Жайлаудан қайтқан Балықбай ауылы Ақбалық көліне қонды.
Қыстауынан алты-жеті шақырым жердегі бұл көлді ол ауыл көктемде жəне
күздігүні жайлайды екен. Балықбайдың үш ауылынан басқа бұл көлді
жағалай қонатын: Қараша, Анда, Телі, Салдат дейтін ауылдар бар екен.
Салдат ауылы Тайжан ауылымен Жамбатырда да іргелес отырған еді,
Ақбалықта да іргелес қонды. Бес-алты үйлі ғана бұл ауылдың дəулеттісі —
Салдаттың Оспаны, өзі — со жылы Қапсыт руының ауылнайы. Бұл ауылда
Гүлзейнеп, Рабиға, Ұлпан атты үш қыз болды, үшеуі де он бес, он алтының
маңайындағы жаңа өспірім жас қыздар жəне сол кездегі менің ұғымымда,
дүние жүзіндегі ең сұлу қыздар... Бұл қыздарды еске алып отырған себебім:
менің алғашқы махаббатымды оятқан солар сияқты...
Өткен жаздың жайлауы елде қаншама көңілсіз болды дегенмен, жастың
аты — жас!.. Қандай қиындықты болса да көтеріп кететін жастықтың
жалынды қуаты, 1916 жылдың дүрбелеңіне ұшыраған жігіттерді суын
қайтарарлықтай жасыта алған жоқ. Олар бір жағынан ереуілдей, қиянат
көргендермен күресе жүре, ара-тұра сауық-сайрандарын да ұмытпайды.
Мысалы: ел іші шабыншылық болып жатқан мезгілдің өзінде, Қапсыттың,
жігіттері «өлсек те ойнап-күліп өлейік» деп, көрші қонған біздің ойдағы
Сибанның қыз-бозбаласын қонаққа шақырып, бір күні сауық құрды.
Кешікпей Сибан жігіттерді де Қапсыттың қыз-бозбаласын шақырып, қонақ
қып, ойнатып-күлдіріп қайтарды...
Жеке қыз-бозбалалардың өзара махаббаттық қарым-қатынастары, əрине,
өз алдына... Оны тоқтатар бөгет қайда бар!..
Қапсыт жастарының ойын-сауығына араласқанда, менің көзім, өзге
қыздардан көрі Салдат ауылының үш қызына көбірек түсті. Махаббаттық
өмірден тəжрибесіздігім бе, немене, үлбіреп қатар өсіп келе жатқан бұл үш
қыздың бəрі де маған өзім қиссалардан білетін хордың қыздары яки
«перизаттар» сияқтанады да тұрады. Жеке жолықтырған біреуі өзге
екеуінен сұлуырақ сияқтанса, анау екеуінің біреуін тағы оңаша
жолықтырсаң, ең сұлуы сол бола қалады... үшеуі бірге отырғанда қарасаң:
бірінен бірін артық көре алмайсың. Кейде біреуінің өзге екеуінен көзі
сұлулау көрінсе, енді біреуінің қасы сұлулау сияқты... үшіншісінің кірпігі
өзге екеуінен сұлулау сияқты... Түр-тұлғаларын жалпы алғанда, бұл үшеуі,
Ақан серінің:
«Мен бүгін ұйықтап жатып көрдім бір түс,


Көргенім Гүл-баһрамда үш тоты құс»,
— деп сипаттайтын үш сұлуы сияқтанады да тұрады... Қазақтың ауызша
өлеңінің біреуінде:
«Көшкенде көш айдаймын дөненменен,
Жаз жайлап, күз жіберген көбеңменен,
Көргенде тілім батпас сөздерімді,
Жолдаймын саған қалқам өлеңменен»,
— дейді ғой. Осы өлеңдегі «көргенде тілім батпас» деген сөз бекерге
айтылмаған. Жастық жайлауын шарлап дағдыланған біреу болмаса, қылауы
түспеген кездің жаңа өспірім жігіті, ғашық ауызына жүрек сырын туралап
нені айта алсын!.. Егер айта алмаса, олардың арасына дəнекер болуға
өлеңнен артық не құрал бар!.. Ендеше, өлеңмен басталмайтын махаббат
болады дейсіз бе!..
Салдат ауылының «үш тотысын» көргенде тілім батып айта алмаған
жүрек сырын мен бір күні оларға былайша жазылған өлеңмен жолдадым:
«Гүлзейнеп, Рабиға, Ұлпан сұлу,
Бұл алаңда үшеуіңе кім пар сұлу?
Таранған дария көлде үш аққудың
Көркіне кім болмайды іңкəр, сұлу!..
Үшеуің қаңқылдаған қоңыр қазсың,
Үшеу-ақ боп жаралған тіпті азсын!
Қалықтап қаршығадай жүрген жігіт,
Көздерін үшеуіңнен неге жазсын!..
Үшеуің көлде жүзген шүрегейсің,
Біреуің бір қыз емес бірегейсің!..
Қаймақсың десем сүтте қалың болар,
Қаймақ емес қаймыжық кілегейсің.
Шіркін-ай, қаршығадай түссем бүріп,
Саусақпен кілегейден жесем іліп,


Қалмас ед жүрегімде ешбір арман,
Біріңмен жүрсем егер ойнап-күліп...»
Бұл өлеңді мен Досымбектің Бірімжаны деген менімен жасты жігіттен
беріп жібердім. Бірімжан ол өлеңді Байжанның Ермішіне көрсетеді.
— Құдай берді, — деп қуанады Ерміш, — мен де сол қыздарға өлең,
шығаруға ойлап жүр ем. Бұл өлеңді көшірейін де, өз атымнан жіберейін.
— Ұят қой ол, — деп Бірімжан қипаңдайды да, Ерміш өз сөзін қайталай
берген соң көнеді.
Көнбеске амалы жоқ. Бірімжанның үйі бұл ауылға кірме, — руы Керей
емес, Бағаналы. Ескі ауылда кірменің еркі іргелікті атаның баласында,
əсіресе ауыл ағасында. Бұл ауылдың «ағасы» — Байжан. Ерміш —
Байжанның мырзасы. Жасы жиырмадан асқан жігіт бола тұра, ол майдан
маңының жұмысынан да, правиант тартудан да қалып қойған. Ел
жайлаудан қайтып Ақбалыққа қонғанда, Тайжан ауылында одан басқа бір
де жас жігіт жоқ. Өзгелері қазына жұмысында.
Ерміш меншіктенген менің жоғарғы өлеңім, жастар арасына тез тарай
қалды. Бұл маған намыс болды да, Ермішке былайша деп өлең жолдадым:
«Сəлем деп хат жазамын Ерміш саған,
Адамның біреуі ем мен сенгіш саған.
Ие боп кісі өлеңін қызға жазып,
Таптық сен бір мылқауды көнгіш саған.
Мен емес сені өлеңге қылған жарлы,
Жұмсайды арлы адам қолда барды.
Сөз таппас — сөйлегенді «менікі» дер.
Белбеуге түйіп алып ұят, арды.
Сен неге мені мұнша басынасың?
Баймын деп əлде өзіңше тасынасың!
Мен жазған өлеңменен қорек қылма,
Өз малыңмен өзіңді асыра сен!»
Осы өлеңді алғаннан кейін Ерміш маған былайша жауап қайырды:


«Базардан алып келген күміс балдақ,
Жасыңнан жетім қалдың құдай қарғап,
Жаз қойын бағады деп Тайжан сені,
Молдалыққа емес, жалшылыққа алған жалдап.
Базардан алып келген қарамайды,
Ғаламды жарық қылған күн мен айды.
Құтыртып мұны үйіне қойғанынша
Апарып сиырмен бірге неге қамамайды».
Ерміш бұл өлеңді маған менен оқитын Додақ дейтін баладан беріп
жіберіпті. Додақтың шешесі — біздің Сибанның қызы, сондықтан оны
жиен деп мен жақын тартатынмын, ол да мені жақсы көреді. Додақтың
əкесі Сымайыл — ол кезде зор денелі, буырыл сақалды кісі. Ауыл
адамдары оны «Май-ағаң» дейді. Жасында салдау болған Май-ағаң, со
кезде де құндыз бөрік киіп, төбесіне үкі тағып жүреді, ойын-тойдан
қалмайды, қыз келіншекпен əзілдесе кетеді. Мен ол кісіні жезде деймін. Ол
да мені балдыз дейді. Ерміштің, өлеңін осы Май-ағаңа көрсетіп ақылдасып
ем:
Өзі де аямаған екен балдызым, — деді маған, — сен де аянба. Егер
зорлық қылам десе, мында біз бармыз ғой, оған жем қып қарап
отырмаспыз.
Май-ағаңның, сөзіне арқаланғандай болдым да, Ермішке былайша жауап
қайырдым:
«Шығар-ау, Ерміш сенен нелер лебіз!
Екенсің сөзің жасық, өзің семіз.
Сиырмен бірге апарып қамайтұғын,
Дедің бе мені бұқа, немесе өгіз?
Оларға ойлап тұрсам өзің парсың,
Себебі ар-ұяттан безген жансың,
Аузымды бұдан əрі қышытпа, сен,
Бұл айтыс осыменен тына қалсын».
Ерміш бұл өлеңге жауап қайырған жоқ. Тек, одан кейін жолыққанда


маған айтқаны:
— Бəлем, қолыма оңаша бір түсерсің, мен саған көрсетермін өлең
шығарғанды!..
Ерміш екеуміз дүрдеараз боп жүрген күндердің, бір кешінде, бір шеті
мен бір шетіне көз жетпейтін ұбақ-шұбақ керуен кеп қалды. Ақбалық
басындағы ауылдың адамдары керуеннің алдынан салт кісі шығарып
білдірсе, Атбасар жақтан правиант тартып келе жатқандар екен көпшілігі
жат ауылдан. Араларында Ақбалық басындағы ауылдардың жəне біздің
Жаманшұбардың правиантшылары да бар...
Правиант тартудың өзін соғысқа барудан кем көрмей, жолаушыларын
сағына күтіп отырған Ақбалық басындағы ауылдар алдарынан ұбақ-шұбақ
шығып, жылап-сықтап қарсы алды. Мен өзіміздің жаманшұбарлықтарды
қарсы алдым. Жаманшұбардан отыздан аса арбалы бар екен. Жігіттердің
бəрі өзіме таныс туысқандар, бастаушысы — Тоғанастың Нəзірі.
Нəзірдің қылжақбастау жігіт екендігі, осы шығарманың ілгерірек бір
тарауында айтылған. Қазір ол байсалданып, сөзді салмақпен сөйлейтін
бопты, айтқан сөзін Жаманшұбардың өзге жігіттері ақыл көріп тыңдайтын,
тілін алатын бопты. Оның денесі де, кескін-кейпі де байсалданып, бұрынғы
таразылау денесінің сүйектері сомданып толығыпты, жоғарғы ерініндегі
бұрынғы қырбық қара сары мұрт қазір қалыңдап, былай да əдемі кескінін
сұлуландыра, салмақтандыра түсіпті. Мұрты түсті қалыңдап алған сақалын
ол қырып жүретін бопты.
Бұл топта менің немере ағам Мұстафаның Қамзасы да бар. Көрмегелі
төрт жыл болған Қамзаның бойы маған бұрынғысынан екі есе биіктенген
сияқтанды. Ол қазір: иығына екі кісі мінгендей, кең жауырынды, шалқақ
кеуделі, сом денелі, түбіттеніп қалған қара мұртты жігіт бопты. Бірнеше
жылға ұласқан сағыну, көңілде бұрын жүретін өкпе-наздың бəрін жуып
жіберген екен. Екеуміз жылап көрістік.
Нəзір мен Қамза ғана емес, жаманшұбарлық жігіттердің бəрі де маған
түр-тұлға жағынан түгел өзгерген сияқтанды: жастауы дыңдай жігіт
болған, жігіттері сақайған!.. Мен оларға таңдансам, олар маған таңданып:
— Шырағым-ау, сен де сорайып, үп-үлкен жігіт боп қапсың ғой! —
деседі.
Адам өз бойының ескенің расында да, байқай ма. Қазір көрсем, бұрын
менен екі есе ұзын сияқтанатын жігіттердің біразымен бойым теңесіп
қапты: мысалы, денемнің əлі талдырмаштығы болмаса, бойымның
ұзындығы Нəзірге жақындап қапты.
Жігіттер жолшыбай Жаманшұбарға соққан екен сондықтан олар арқылы
мен елдің де амандығына түгел қандым.


Ақбалық ауылдарының, өз жігіттері болмаса, өзге ауылдардың жігіттері
көліктерін ауылдан аулақтағы далаға ағытты.
Правиантшылар өте жүдеп келеді екен: олардың көпшілігінің жеккен
көліктері «кедейдің кершолағы» аталатын, күнқақты бір-бір керігі,
сондықтан жолшыбай болдырып, ілбіген аяңға əрең жарап келеді екен;
тарантас бірен-саран ғана адамда бар, көпшілігінің жеккені — екі аяқты
қазақ арба жəне алыс жол мен ауыр жүкке жарамайтын ескі арбалар,
сондықтан олар да жолшыбай қирап азап көрсетіпті, біразы жолда қап,
басқа арба таппағандар, жүгін аттың, арқасына теңдеп апты; шалағай
саймандар 
да 
жолшыбай 
үзіліп-созылып 
əуре-шікіре 
қыпты.
Правиантшыларға өкімет азық бермейді екен. Үйден алып шыққан азық
көбінде таусылған... Бірталайында азық сатып алатын ақша жоқ...
Ашыққаннан ұрлық қылам деп, кей жігіт жолшыбай қолға түсіп, абақтыда
қалып қойыпты...
Осы жүдеушілік жаманшұбарлықтардың бойында да бар екен бірақ олар
жолда ауылға соққандықтан, əркім шама-шарқынша киім-кешегің арба-
сайманын, көлігін өзгертіп, жолда ауылы жоқтардан гөрі дұрысталып
алыпты.
Жігіттер көліктерін ағытқаннан кейін бір жерге жиналды да асқа
отырды. Жаманшұбардан алып шыққан қымызды маған олар:
— Елдің дəмі, сағынған боларсың, іш, шырағым! — деген бауырмалдық
жылы сөздермен берді.
— Бай кісі малға тойған ба? — деп қойды Нəзір, мен туралы айтып
отырған туысқандық сөздерінің арасында, — əйтпесе, біздің Нұртаза
ақсақалдың осы баланы осылай қаңғыртып жіберетін не жөні бар. Дəулеті
жетпей отырған кісі емес. Қаптап жатқан балалары да жоқ. Бұ бала немере
інісі. Осыны қолына-ақ ұстап, бір шүйкебас əперіп, бір күрке тігіп қойса
ғой, санаттағы үйдің бірі боп, түтін түтетіп отыра береді. Амалың нешік.
Соны істемейді.
— Неге істесін — деді Шақшау, кектінді дауыспен, — «Кедей байға
жетем дейді, бай құдайға жетем дейді» деп неге айтты дейсің бұрынғылар?
Байда қанағат жоғын көріп айтып отыр. Өзің байысаң да осыны істер ең.
— Мен істемес ем, — деді Дүйсеннің Кəсені дейтін момындау жігіт. —
Көріне кім əкетіп жатыр малын. Тіршілікте ішіп-жеп, кемтарға қарасып
өткеннен басқа не бар!
— Сиырың көбейіп келе жатыр ғой, бірер қыздың қалыңмалын орап
алғандай боп, соның тең жарасын құдайы қып шығарсаң, осы баланың
қалыңына жетіп жатыр, — деп Кəсенді біреулер əжуа қылды.
— Көлденең сөзді қоя тұрсақ қайтеді, — деді Нəзір, əжуа сөздер, көбейіп


бара жатқан соң,— өлең тыңдап алсақ қайтеді.
— Мақұл, — десті өзгелері. — Бірақ айтатын кім?
— Мынау Сəбит ше? — деді Нəзір, өлеңші емес пе еді осы, ауылда
жүргенде?
— Ие, ие... Айтсың айтсын! — десті көпшілік.
— Сен қиссаға тəуір ең ғой, жақсылау біреуін басташы! — деді Нəзір.
— Қисса емес, басқаны айтқызу керек бұған, — деді Тышқамбайдың
Ақметі.
— Нені? — деді Нəзір.
— Осы бала өлең, шығаратын бопты деп естідім.
— Қойшы?!.
— Рас. Кеше біздің үйде Қалба
63 
қонып жатыр еді ғой, сол айтты.
Балықбай ауылындағы Байжанның баласымен өлең шығарысып қапты бұл
бала.
— Не дейді-ау, жаным! Рас па, шырағым? — деді Нəзір маған.
— Рас, — дедім мен.
— Ие қалай? — десті Нəзір де, басқалар да.
Мен айтыстың шыққан себебін баяндап ем, олар менен менің де,
Ерміштің, де шығарған өлеңдерімізді айтып беруді өтінді. Мен айтып
бергеннен кейін:
— Қап, қысқарақ боп қалды-ау! — деп өкіністі біреулері, — ұзақтау
айтыспаған екенсіңдер.
— Бірақ айтыстың тоқталған түрі көрінбейді ғой, — деді біреулері, —
жаңа басталған сияқты ғой. Ендігі жауап Байжанның баласында қалып
отыр ғой...
— Жауап қайтарса, айтысамысың тағы да? — деп сұрады Тасбектің
Дайыры.
Неге айтыспасын, — деп шу ете қалғандарға, мен Ерміштің,
қоқанлоқы сөзін айтып ем, Нəзір:
— Қарай көр, нар түйенің арық тайлағындай сорайған ана неменің
ерімсуін! — деп кейіп қалды да, аз кідіріп: «қаңғырып жүрген жетім бала,


болысатын адамы жоқ деп басынғаны ғой бұл», — деді.
— Жоламау керек кəпірге, — деді Дүйсеннің Кəсені маған, — сен
жалғызсың ол — рулы ел. Жəне бұл Қапсыт деген сорпаға мас боп атағы
шыққан қаугерек жұрт. Кім біледі, араларыңды шайтан кеулеп кетіп,
жазымға ұшырап жүрерсің.
— Сен тоқтай тұршы! — деп Нəзір Кəсенді тоқтатып қойды да, — өйтіп
дəсітбеу керек оны, — деді көтеріңкі дауыспен. — Бұның, елі-жұрты барын
білдіру керек оған.
— Қалай? — десті əркімдер.
— Не «қалайы» бар. Мына тұрған жоқ па, ауылы. Ертең аттанар алдында
барамыз да айтамыз.
— Не деп?
— «Қатынына ие бола алмай жүрген пысылдақ мұрын жаман
Байжанның баласы емес пе едің» деп, «ала бұл, жаман шірік неме, кісі
сабайтын к... саған қайдан келді?» деп; «Бес байтал бітті деп дəсиін деген
екенсің... Қазына жұмысына ауылыңның жарлы-жақыбайын жіберіп, өзің
үйіңде қап көкиін деген екенсің» деп; «Жаманшұбар деген елді білемісің
сен? Əкеңді танытатынын білемісің? Мықты болсаң, қол қатып көр кəне!»
деп...
Ерміш қасында отырғандай Нəзір ашуланып кетті де:
— Ең қызығы, — деді ызалы үнмен, — өзін сабап алу керек.
— Қашан? — деді біреулер.
— Борышқа қаратып кісі сабай ма екен. Осы жолы сабаймыз да.
— Рулы ел сабата ма саған?
— Қайдағы «ру» ол? — деді Нəзір кекетінді дауыспен, ауылының
жігіттері соған болысады деп отырсың ба?
— Неге болыспайды?
— Естімей келемісіңдер, неге болыспайтынын? Кешегі дүрбелең
64 
бетін
ашып берген жоқ па жұрттың. Бізді осындай азапты жолға айдап, өздері
үйінде мықынын таянып отырып қалған мырзаларды қайсымыз жақсы
көріп келеміз. Жұрттың, бəрі де сондай. Балықбай ауылының правиантшы
жігіттерімен сөйлестім. Байжанның баласын атарға оғы жоқ.
— Өкпеге қиса да, өлімге қияды деймісің, — деген Итаяқтың
Құсайынына:


— Неге қимайды деп, — жекіріп тастады Нəзір, — қисаң, кеше дүрбелең
қызған кезде, өз туысың Нұртазаны өлтіреміз деп қуған жігіттерге неге
қосылдың?
Құсайын күмілжіп қалды.
— Күмілжимісің! — деді Нəзір, — жұрттың бəрін де өзіңдей көр. Өзіңе
жаны ашымаған туысқанның керегі не саған. Естімей келемісің: осы
правиантта Байжанның не көлігі, не баласы жоқ. Өзі — Балықбайдың
байының бірі. Соны қай Балықбай жақсы көріп отыр дейсің. Жақсы көргені
сол, көбі «əй бəлем!» деп қолдарына түкіріп келеді.
Кеңестің осы бір тұсында ауыл жақтан аттың дүбірі естіле қалды.
— О кім? — деп алаңдасты жігіттер.
Далаға жаққан оттың сəулесімен қараңғылана түскен түң алаңдаған
жігіттерге аттыны тез көрсете қоймады.
Қараңдаған атты адам жақындап келді де:
— Орта толсын! — деді жігіттерге.
— Айтсын. Кемтігі сенімен толсын! — деді əркімдер.
Атты — Балықбай ауылындағы Сүлейменнің Асаны екен. Жігіттер оны
қошеметтеп аттан түсіріп алды. Жасы сол кезде елуді алқымдаған, момын
мінезді 
Асан 
амандық-саулық 
сұрасып 
аз 
отырғаннан 
кейін
жаманшұбарлық жігіттерді қонаққа шақыра келгенін айтты. Оның
айтуынша: көл басындағы бес ауыл жиналып кеңескенде, правиант тартып
келе жатқан жат ауылдың жігіттерін үйді-үйге бөліп қонақ қып
аттандырмақ болған. Жаманшұбар жігіттерін Асан мен Май-ағаң үйі алған.
Қонаққа барған жігіттер таң ата тарады. Тарар алдында Нəзір Асанға
айтып Байжанның Ермішін шақыртып алды да, оны мен мені ертіп оңаша
шығып:
— Мырза, қысқа ғана айтатын сөзім бар, — деді оған.
— Айт, — деді Ерміш.
— Айтсам: құдандалы ауылсың. Біздің мына бір баламен араларында
аздаған əзіл-оспақтарың бар екен. Соның артын сен кекке айналдырып,
бұған жұдырық көрсете бастапсың...
— Оның мəні... — деп келе жатқан Ермішке:
— Сен тоқтай тұр, — деді Нəзір еркінсіген дауыспен, — мықтылығыңды
сен ауылыңда қоңсың боп отырған Домалақтың Райысына, пұшық


Теміркеге, болмаса анау Қалтақбас Өсіптің Мұқашына айт, маған айтпа!..
Ерегіспе сен менімен!.. Егер ерегіссең, үйіңнен суырып алып тепкілеймін.
Саған болысқан Балықбайды көріп алайын. Кəне, ер болсаң шыдашы
осыған!.. Əкелші қолыңды!..
Ерміш қолын ұсынған Нəзірге қолын да бермеді, жауап та қайтармады.
— Е, тəйірі! — деді Нəзір дауысын көтере түсіп, — «жаман атқа жал
бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы
қондырмас» дегендей бес байтал бітті деп көпірген екенсің. Мен білмейтін
нең бар еді, сенің? Əкең жақсы болса, шешең Қожбан оң жақта отырғанда
неге балалап келді? Оның Байжанға емес, Байжанның ағасы Бұйрабайға
тоқтағанын білмейміз бе біз? Əкеңнің кегін қайтарып, Біркенің
65 
үйіндегі
жеңгеңмен жақын болғаның біздің, құлаққа шалынбады деп білемісің?..
«Əй» дер əже, «қой» дер қожа жоқ боп тасығансың сен. Мұрыныңды
көтергенсің. Бірақ есіңде болсың — деді Нəзір тістене сөйлеп, Ермішке
жұдырығын көрсетіп, — мына жұдырық тисе, кеңсірігің жапырылып ішіне
кіріп кетер!..
— Шақырғанда айтайын дегенім осы еді, — деді Нəзір аз кідіріп, —
дауысын бəсеңдетіп, — есіңде болсын. «Иттің иесі болса, түлкінің тəңірісі
бар» деген. Иесі жоқ деп ойлама сен Сəбитті. Мен саған «тие көрме» деп
жалынбаймын, мықты болсаң тиіп көр!..
— Кəне, кеттік.Сəбит! — деді Нəзір жөнеле беріп.
Мен оның соңына ердім. Ерміш сол орнында қалшиып тұрып қалды.
— Қалай, дұрыс айттым ба, бала? — деді Нəзір былай шыға.
— Əрине, дұрыс! — дедім мен.
— Тыңдаса тыңдады, тыңдамаса қаймықпай айтыс! — деді Нəзір, —
əуселесін көріп алайын оның.
Бұған дейін туысым, жақтаушым жоқ, сияқтанып жалғызсырап жүретін
маған Нəзірдің əлгі сөздерін естігеннен кейін «Менде де туыс, жақтаушы
бар екен-ау!» деп шалқыған сезім пайда болды...
Ерміш екеуміз қырғи-қабақ қарасқан қалыппен əлі де жүріп жаттық.
Ауыл қыстауға көшіп қонған кезде «Ерміш берді» деп, Додақ маған
мынадай өлең əкелді:
«Қарай гөр бұл Сəбиттің тойынғаның
Тойынып жігіттікке бой ұрғанын.
Шамадан аса құрық тартамын деп,


Сынбасын, бірақ, сенің мойның, жаным.
Сөзге де жетім адам болмақ мешкей,
Бірақ сен аңдап сөйле, желдей еспей,
Жел кеулеп өз шамаңды байқамайсың,
Тарс етіп жарыларсың үрген местей.
Жігіт боп мырзасыма бөтен елде,
Желқабыз боп ерікті берме желге,
Менімен теңдесуге бойың тапал,
Болсаң да кем болмайсың маған пенде».
Мына сияқты пікірі жинақ, сөзі таза өлең келгеннен кейін тамырын қаза
бастасам, өлеңді шығарған — Ерміштің, өзі емес, қайнағасы Баймағамбет
екен.
— Сен бала, одан сақтан, — деді маған бұл мəліметті берушілер, — бұл
маңайда Есілбайдың Ғалауеттенінен соңғы оқымысты жігіт сол.
Турайскейде оқып, оқудың түбіне жеткен жігіт. Онымен теңдесу оңай емес.
— Қай жастағы жігіт? — ден сұрадым мен.
— Жасы осы Ерміштер шамалы болу керек. Бірақ əкесі қаршадайынан
оқытып тастаған. Дүниеде білмейтіні жоқ.
— Бұл өлеңді қашан шығарып беріп жүр, ол?
— Байжанның үйіне жуырда қонып кетті. Сонда шығарса керек.
— Енді орала ма екен?
— Жақын арада тағы да келеді дейді. Турайскейде ноғайша оқыған екен
оны бітіріп, енді Стапқа
66 
барып орысша оқимын депті.
Бұрын атын естімеген жəне хабаршым жоғарғыдай қып сипаттаған
жігітті көргім, реті келсе соның өзімен шайқасқым келеді. Бірақ ол
келгенше Ермішке жауап қайтармай отырам ба?..
Оған соңғы қайтарған жауабымда «ар-ұяттан безген жансын» деген
сөзді, немесе «аузымды қышытпа!» деген сөзді бекерге айтқан жоқпын да.
Ерміштің туған жеңгесі Дəметкенмен өсегі барын жұрт рас қып айтады.
Дəметкен — сол кезде отызды орталаған əйел. Ол Көшебе руында Қазыбай
дейтін атақты кісінің қызы. Дəметкен — үсті-басың үй-ішін таза ұстайтың


іске шебер, көрікті, сымбатты, сөзге шешен əйел. Күйеуі Біркені ол қыз
күнінде менсінбей, келмеймін деп бұлғақтаған да, ел талқысына шыдай
алмай амалсыз келген. Күнəлі ауыздардың айтуынша, күйеуін менсінбеген
Дəметкен «жігітшілікті əкесінің оң жағында сапырған», келіншек
болғаннан кейін де «күйек астысын» тоқтатпаған...
«Аузымды қышытпа» дегенде, Ермішке менің, көздеткенім —
Дəметкенмен арасындағы байланыс еді. Оған Ерміш түсінбеді ме, əлде
түсінсе де қымсынбады ма, — ашуыма тиерліктей маған тағы да өлең
шығарды. Нəзір айтқандай, менің ендігі міндегім — оған ұпайымды
жібермеу. Осы мақсатпен тағы да жауап қайырғанда, «аузымды қышытқан»
сөзімді жазбай тұра алмадым. Өлең былай боп шықты:
«Қоймады мына Ерміш ерегісің
Жеңем деп, қара оның дəмелісін,
Қырсығып түлен түртті деген осы,
Өлердей бір таяқты жемек үшін.
Сыпайы айтысып ем басында мен
Амалсыз шабам енді насырға мен.
Бір сөзді бүйірімен сақтап келген,
Болмайтын болды енді жасырғанмен.
Сен менің ер жігітім едің қай бір,
Десе де өзі мырза, малы бай бұл
Шын қаза сыр ақтарсам сен емес пе,
Тап берген енесіне жаман айғыр?
Жігітсің кешіп жүрген əр өткелді,
Ұмытқан ұяттарды, əдептерді.
Ұятты ұмытпасаң қалыңдықтай
Қармалап жүрмес едің Дəметкенді!
Білеміз сенің жаман өнегеңді,
Аяғың бəлем енді өреленді.
Өлтірмей өзгелерді жүрсің қайта,


Өзіңнің аямаған немереңді!..
Жаратса қайтер едің сені қыз ғып?
Əркімге болар едің тіске сыздық...
Келесі жол удай сөз табам саған,
Тағы да тұщы болса осы тұздық».
Ермішке бұл өлең жіберілген кезде, мен Өсіп дегеннің үйінде тұратын
едім. Нəзір айтқандай, ол — қалтақбастау, сары шал болатын. Шаруасы —
осы ауылдың ең кедейі. Үлкен баласы Мұқаш жалғыз атымен правиантта
жүр, ондар шамасындағы екінші баласы (атын ұмыттым) менен оқиды.
«Өсіп пірəдəр» атанған ол шалдың мінезі мейлінше момын, ешкіммен өмір
бойы «ей-шай» деспеген, ашты-тоқты бола жүре, кісіге телмірмейтін, қолда
барына риза болатын, қанағатшыл, бар асын мейманына беретін мырза,
тəубашыл, ңамазшыл — сопы кісі болатын. Мен де Өсіп үйінде күтімді
болатынмын да. Бір үлкен, бір қашар сиырдың сүмесінен шыққан ақтың
тəттісін ол маған бергізетін, қаймақсыз, майсыз шай ішпейтінбіз, өзге
тамақты күтпейтінбіз...
Бір күні Өсіп əлдеқайда кетіп, оның бой жетіп келе жатқан қызы Əлима
түс мезгілінде қаймаққа былғаған ақ ірімшікпен маған шай беріп отыр еді,
қолына жас шыбық ұстаған Дəметкен сұрланған кескінмен үйге кіріп келді
де, маған таяла кеп жүресінен отырып:
— Əй, қаңғырған ит! — деді дікеңдеп. — Сал жігіт пен
67 
мені қашан
ұстап ап ең, сен?
— Қайдағы Сал жігіт? — дедім мен түсінбеген бон.
— Мынаны сен жазбай мен жаздым ба? — деді Дəметкен, менің
Ермішке өлең жазып жіберген қағазымды қалтасынан суырып.
Мен бірдемелерді айтқалы келе жатқанымда, Дəметкен қолындағы
шыбықпен тартып кеп қалды... Екінші тартам дегенде, оның шыбықты
қолын ұстай алдым.
— Жібер! — деді долданған Дəметкен шыбығын жұлқылап, мен
жібермедім. Сол кезде ашық тұрған есіктен, қораға кіре берген Ермішке
көзім түсіп кетті. Оның қолында да шыбық... Үйге жүгіре басып келе
жатыр... Халдің неге айналып бара жатқанын шамаладым да, əйнегі
салынбаған терезеден аттым...
Дəметкен, Ерміш мені Тайжан үйіне шейін қуды да, жете алмай қала
берді. Менің артымнан Тайжанның үйіне кіруге олар бата алмады, өйткені
ол үйде аюдай ақырған, тентек мінезді Сəлима бар...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет