Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет51/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   107
ОНЫНШЫ ТАРАУ
«ҚҰРИЯТ» КҮНДЕРІ
ПАТША ТҮСКЕНДЕ
Ескі ауылда, əр ауылдың шаруа күйіне лайықты «өзіндік бишігеші»
болатын-ды, ауыл сыртындағы кеңестерге сол ғана қатынасып, ат үстінде
сол ғана жүретін-ді, сондықтан оны ауылдың өзге момын шаруасы
«атқамінер» дейтін-ді.
Асып кеткен бай шаруалы адамы жоқ, ең ауқатты дегенінде жеңіл айғыр
үйірлік қана жылқы бар Жуанағаш ауылының атқамінері Досмағамбет. Ол
үнемі ат. үстінен түспей ел қыдырып жүреді де, үйіне анда-санда бір-ақ
соғады.
Ол, əрине, жайдан-жай қыдырмайды. Ел ішінде біреуге біреудің, өкпе-
сапқасы, кемпір-назы, болмаса дау-шары болмай қоймайды. Ол кездің
болысы, ауылнайы, билері, атқамінерлері, пысықшалары осындай
жұмыстарды «жайғастырмақ» боп елді аралайды да жүреді. Бұл жүрістің
бір жағы, Абайдың, тілімен айтқанда, «арам болыс, аш билердің» пара
іздеуіне, екінші жағы тамақ асырауына байланысты болып жатады. Елдің
жылы-жұмсағы ауылдарды топтала, қона, түстене аралаған осылардың
аузында. Кім мен кімнің араздығың кімде қандай жақсы ас барың кімнің
соғымы семізін біліп, бұл «құзғындарды» бастап жүретіндер —
Досмағамбет сияқты пысықшалар.
Досмағамбет, солайша, ел қыдырып жүрді, Жуанағашта дағдылы
өмірімен тұрып жатты...
Біздің Солтүстік Қазақстанның қысы əр жағдайда боп өтеді: кейбір қысы
— аязы, бораны араласқан тиышсыз: кейбір қысы — жайма-шуақ... Неге
екенін кім білсін — қысы сайлы болатын жылдың жазы да жайлы келеді.
Өткен жаз, патша өкіметінің қазақ жігіттерін майдан жұмысына алуымен
байланысты, ел ішінде дүрбелең болғанмен, жаз: аңызақ желсіз, шыжыған
ыстықсыз, жаңбыры араласқан əдемі қоңыр-жаймен өткен жер от, мал
күйлі болған күз де қоңырсып ұзағырақ тұрып, қар да бұрқан-тарқансыз
бəсеңдей жауып, елдің қоралық малдары кешірек қамалған, қыз-құйрықты
жылқы атаулы тай-тұяғы қалмастан тебінге шығып, қолда міңгі аттар ғана
қалған... Біздің Керей ахаулы ел сəуегей көріп, сөздеріне құлақ түріп
отыратын Шағырай жəне Қалық дейтін есепшілердің айтуынша, биылғы
қыс та, жаздың мысалымен өте жайлы боп өтуге тиіс...
Расында да солай болды. Бастапқы жартысы он алтыншыға, соңғы
жартысы он жетінші жылға жататын сол бір қыс өте шуақ боп өткен
жаздың жайлылығынан болу керек — февраль, март айларында ішті


малдардың алды төлдей бастады. Бұл айлардан бастап, ауылға — «жуан
созылады, жіңішке үзіледі» дегендей, шаруа адамдардың жаз жəне күз
жинаған азықтары сарқылып «қараөзек шақ» басталды. Сондай кезде мал
төлдеп, қараөзек адамдардың ауыздары аққа тиді, қандай қаныбет!..
Шаруасы дөңгелек болғанмен, Жуанағашта тоқ үйдің жəне дастарқаны
берекелі үйдің, біреуі Шəймердендікі екендігі жоғарыда айтылды. Қыс
ортасы ауыл, менен балалары оқитын кей кедей үйлердің азықтары
шағындалған кезде, Шəймерден үйінің бірер сиыры бұзаулап, аққа
молықты. Содан кейін менің қамқоршым — Ұлберген шешей:
— Балам сен басқа үйлердің малдары төлдегенше, жақ-жұтты боп өзге
үйлерге жуымай-ақ қой, осында тұра бер, — деп, басқа үйге көшуге
ұлықсат етпеді.
Бай үйлер болмаса, шаруа үйлер ол кезде соғымды аз соятын да, етті
турамшылап, сорпа-суанымен шылап қана жейтін, қонақжай үйлер біреу-
міреу кеп ұят боп қалар деп, соғымның жылы-жұмсағын келетін қонағына
сақтайтын. Шəймердендікі де сондай үйдің, біреуі болатын. Сондықтан
қыс ортасы ауа Ұлберген шешейдің шөміші шағындалып, сорпаны сирек
татыра бастаған.
Екі сиыр осындай кезде бұзаулағаннан кейін Ұлберген шешей күн сайын
кішірек қазанды толтыра қатық ұйытатын да, түс кезінде ыстық астың
орнына аяқпен үлестіріп, біз ішіне нан турап, ыңқытып соғып алатынбыз
Ол да өзінше аса бір жарасымды тəтті тамақ болатын...
Шаруа баққан момын Шəймерденнің үй ішіне жəйлі жігіт екендігі
жоғарыда айтылды. Соған қоса оның бір мінезі,— əйелімен, шешесімен,
балаларымен, əсіресе Кекеш, Бекес, аталатын үйелмелі сүйелмелі
қыздарымен, менімен үйіне қыдырып келген басқа адамдармен
қалжыңдасып ойнап отырады. Сондай əдемі ететін күндердің біреуінде:
— Уа, Шəймерденші, Шəймерден! — деген айғай естілді терезе
сыртынан. — Шығып кет!
Ол кездегі ауылдың салтында бұндай айғай не той, не жаназа сияқты
ерекше бір оқиғаға байланысты ғана шығады. Соның қайсысы екенін
білмей сасқалақтаған Шəймерден «апырай, бұ кім еді?!» деп, терезеден
қарады да:
— Досым! — деді, «кім?» деп үрейленген .шешесіне.
— Қай Досым?
— Өзіміздің! Досмағамбет.
— Е, ол жындынікі не, мұнша айғайлап. Не боп қапты? Білші, тысқа


шығып!..
Шəймерденге мен ере шықтым. Астындағы аты бусанған салт
Досмағамбет:
— Уə, Шəке, шүйінші! — деді Шəймерденге, өзінің белгілі қуланған
кескінімен.
— Ия, не бопты?
— Құрият!..
— Не дейсің? — деді Шəймерден Досмағамбеттің сөзіне түсінбеген
кескінмен.
— Құрият бопты, құрият!..
— Жын соққан-ау, — деді Шəймерден жасы кіші Досмағамбетке ұрса
сөйлеп, — айтсаң дұрыстап айтсайшы, айтатыныңды. Жұмбақтап немене
оттап тұрғаның?..
— Неге ұрсасың, Шəке-ау, жақсылық хабар əкеп тұрған кісіге? — деді
Досмағамбет.
— Түгіңе түсінсем бұйырмасын, не деп тұрсың өзің?
— «Құрият бопты» деп тұрмын ғой.
— Сандалмай түс үйге!.. Осындай да ойын бола ма екен — деп, жеңіл
шыққан киімінен тоңазыған Шəймерден бұрылып жүре берді.
— Рас, Шəке!—деді Досмағамбет,— тоқташы, айтайын.
Шəймерден жауап қатпай үйіне кіріп кетті. Мен тосыңқырап тұрғанда,
Досмағамбет те атынан түсті.
— Ə, Сəпке, аман? — деп ол маған қулана амандасты да, үйге кіріп
кетті.
Үйге мен кідіріңкіреп кірсем, — Досың айранын ішіп болған аяқты
Ұлбергенге қайтарып, мұртындағы жұғынын ерінімен сорып жатыр екен.
Жұғынын жалаған мұртын ол алақанымен бірер сипады да:
— Шəке, келмей қалма! — деді орнынан тұра беріп Шəймерденге.
— Көрерміз, — деді Шəймерден.
— Көргенді қой, кел!
— О не? — деп сұрадым мен Досмағамбет шығып кеткеннен кейін


Шəймерденнен.
— Өзім де түсінген жоқпын сол жынның сөзіне.
— Не дейді?
— «Патша тақтан құлапты» деп сандалады.
— Қайдағы патша?
— Мекалай патшаның барын білмейтін бе едің? — деді Шəймерден.
Ия, ия...
— Соны тақтан құлатыпты деп оттайды əлгі, Досым. Түгіне түсінсем
бұйырмасын.
— Осы баланы кешке ала баршы, бəрібір шана жегіп барасың ғой, —
деді Шəймерденге шешесі.
— Егер барсам, — деді Шəймерден.
— Əдейілеп шақырған соң бар, — деді шешесі.
— Қайда? — деп сұрадым мен.
— Қаратерекке, — деді Шəймерден.
— Онда не болады екен?
— «Сонда кешке Ғалауетден келеді, болыс келеді, ауылнай келеді,
жиналыс болады» деп кетті əлгі жын. Расы ма, ойыны ма, — кім біледі со
жынның не айтып жүргенін. Қулықпен де айтып, осылай дүрліктіретіні
болатын жұртты.
Мұнысы қулық болмас, — деді Ұлберген — өзгемен ойнаса да,
патшамен ойнай ма ол. «Естімеген елде көп» деген екен. Патша тақтан
құлапты деген не сұмдық екен бұл?!.
«Қаратерек» дегеніміз — Самай руының бір ауылы, Жуанағаштан бес-
алты шақырым жерде, онда бұл арадағы Жəңгісі Самайдың ең байы —
Аяпбергеннің Қайралабы тұрады. Сол ауылға баруға Шəймерден кешке
қарай жиналып, тойыршытау қара көк атың жадағайлау шанаға жекті де,
барғым келген мені қасына отырғызып жүріп кетті.
— Қайрекең үйінде сыйлы қонақтар болар, — деді ол «Қаратерекке»
жақындай,— біз Жамантай прəдəрдің үйіне түсейік.
Кедей шаруалы Жамантай прəдəрдің үйінен шай ішіп жылынғаннан
кейін ымырт жабыла Шəймерден екеуміз Қайралап үйіне тарттық. Бұрын


келіп көрген ол үйдің алдындағы қоқтықпен қоршаған кең алапқа ат. пен
шаналар симай, көрші үйлердің қасындағы ат, шаналарға ұтасып кеткен
екен.
Қайралаптың қысқы үйі, екі бөлек екенін білем: бірінде кіші баласы
Қазы мен өзі тұрады, бірінде, үлкен баласы Имақ тұрады. Үйдің екеуі де,
шымнан салынған, Қайралаптың өз үйі екі бөлмелі, кең, Имақтікі,
отаусымақтау шағын. Екі үй, кең қораның екі қабырғасына қарама-қарсы
салынған.
Ішіне екі жерден панар ілінген кең қораның күңгірт сəулесінен, ішінде
сапырылысқан көп адам көрінді. Шəймерденге еріп, солардың ортасын
жарып келе жатқан маған Қайралап үйінің есігінің алдында жолыққан сол
ауылдың жылпос жігіті Байғұтты:
— Сен қайда барасың? Əрі кет! — деп иығымнан ұстай алды.
— Менімен барады, — деді Шəймерден оған.
— Сыйлы адамдар отыр онда, Имақтікіне барсын бұл бала, өзің кір! —
деді Байғұтты.
— Жоқ, менімен барады! — деген сөзді Шəймерден шегелей айтты да,
— ал, қалма, бала! — деп бір қолымнан ұстай үйге кірді. Үй іші өте тығыз
екен. Ауыз бөлмеден əрі асып болар емес. Сондықтан:
— Бала, сен осы бөлмеде қала тұр, — деді Шəймерден маған, — мен
төргі бөлмедегі жақсыларға сəлем беріп шығайын.
Шəймерденнен мен қалып қойдым. Бұл үй — біздің елдің сол кездегі
стандарттық үйлерінің біреуі: қабырғаларын шымнан қалап, төбесін
жадағай жалпақтау қып жабатын бұндай үйлердің, егер байдың үйі болса,
— ұзындығы шамасы он бес, жиырма метрдей, көлденеңі бес, он метрдей
болады; қабырғасы осылай тұтас салынған үйдің ортасын «шұбалма»
аталатын пешпен бөліп, ауыз бөлме, төр бөлме жасайды. Ас-су ауыз
бөлмеде даярланады. Кəрəсін шамның жарығы екі бөлмеге бірдей түсу
үшің шұбалма пештің орта тұсынан шам қоятын тесік қалдырады. Əдетте
ауыз бөлмедегі қазандықта асылатын ет бүгін жоқ екен. Себебін
жорамалдап тұрмын: өте сыйлы қонақ келгенде, отауы бар үйдің асы сонда
даярланатын əдеті.
Шəймерден төргі бөлмеге озғанда, мен де қысылып-қымтырылып шам
қоятын тесікке жеттім де, тор жаққа сығаладым. Ең алдымен, менің көзіме,
жылы бөлмеде сыртқы киімдерін шешіп, қамзолшаң отырған зор, жуан
денелі, өзімізге мəлім Нұрғожа түсті. Ол қоңқиған зор мұрнын анда-санда
бір пысқырып қойып, өте жайдары кескінмен отыр. Оның оң жақ тізесін
ала, басында татарша дөңгелек қара тақиясы, үстінде қалаша тігілген
костюмі, галстукты ақ көйлегі, аяғында ақ чесавкасы бар, дөңгелек, көркем


жүзділеу, кішірек көзділеу, шапаты шағын денелілеу, оң бетінде ай таңбасы
бар жас жігіт отыр... Сəні ме, əлде өте жылыны жақсы көре ме, мынадай
ып-ыстық бөлмеде арқасына жасыл шұғамен тыстаған жеңілдеу түлкі
ішігін жамылып апты. «Ғалауетден осы болуы керек» деген ой келді маған.
Ол əлденені сөйлеп отыр, өзгелері ұйи тыңдап отыр.
Нұрғожаның екі қанатын қоршай отырған одан басқалардың көбін
таныдым. Олар — Əнəстəсіп аталатын болыстағы: Қапсыт, Самай,
Нұрымбет руларының шонжарлары.
«Игі жақсыларға» сəлем берген Шəймерден кешікпей ауыз бөлмеге
шықты.
Екі бөлмеде де гу-гу сөз. Сөздің көбі «патшаның тақтан құлауы» туралы.
Қанша құлақ тіккенмен, мен ұғатын сөздер емес бұлар. Қайдан ұғам, менен
өзгелер де «апырай бұ қалай?» деп бірінен, бірі сұрап, «ол солай» деген
тиянақты жауапты ешқайсысы да айта алмай, əртүрлі жорамалмен айнала
шатасады.
— Кəне, ас келеді, қонақтарға, жайланып ішсін астарың тараңдар енді,
ауыз бөлмедегілер! — деген дыбыс естілді бір кезде, ауыз бөлмедегілер
сөгіле бастағанда:
— Шəймерден, сен қонақтарға табақ тартыс. — Қасыңдағы бала
Имақтың үйіне барып сорпа-суын ішер.
Қайралаптың үйі, сол күні жылқының семіз етін мол-ақ асқан екен.
Сондықтан сыбағалы тамақ жемегенмен, маған да қанағаттанарлық ас тиді.
Менің қанағатсыздығым ол жағында емес, əңгімеде... «Патша тақтан
құлапты!..» Не сөз бұл?! Қалай құлаған?! Кім құлатқан?!. Рас па, өтірік
пе?!.» Бұл сұрауларыма, Қаратеректен аттанғаннан кейін жауапты
Шəймерденнен алған сияқтандым.
— Менімше, патшаның тақтан құлауы өтірік — деді ол.
— Неге, Шəке?
— Патша құласа, оған сүйенгеннің бəрі құлауы керек қой. Мысалы, —
Құрымбай тұқымы... Нұрғожа... Осы араның патшасы сол емес пе? Патша
құласа, ол неге құламайды? Құлаудың орнына, гүл-гүл жайнайды!.. Сөзіне
қарасам, бұрынғысынан да күшейіп алған сияқты.
— Қалай?
— Бұған, дейін ол бір інісі Ыбырды болыс қойып, елді сыртынан
бағушы еді ғой! Енді мына құрият болғанда, екінші інісі Қазиды болыс
қояйын деп отыр.
— Кім айтты?


— Құрияттың болысын сайлауға Есілбайдың Ғалауетдені шыққанын
көрдің ғой?
— Көрдім.
— Көрсең, біз келгенше, жаңа болысты сайлауға Қайралап үйінде
отырған шонжарлар пəтуа қып қойыпты.
— Кімді?
— Байғожаның Қазиын. Білесің бе, оны?
— Білем. Байғожа Нұрғожаның інісі емес пе?
— Үстінен түстің. Қази əрі жас, Ыбырдан əлдеқайда қу. Көрерсің, елдің
жұлынын желкесінен соратынның өзі сол болады. Сайланып алған соң,
құрияттың болысы қандай болатынын елге көрсетеді ол.
— Шəке, — дедім мен, — «құрият, құрият!..» деседі жұрт, сол не сөз өзі?
— Оның мағынасын Ғалауетден айырып берді, — деді Шəймерден, —
арабша «хұррият» деген сөз екен қазақша мағынасы: «еркіндік бостандық»
дегенге келеді екен «жауыз патша түсіп, халық еркіндік алды, бостандық
алды» дегені ғой. Бірақ Құрымбай тұқымынан болыстық кетпей, елге
бостандық бола қояр ма екен. Соған қарағанда, осылардың «хұррияты»
«құр ұят» бола ма деп қорқам.
— Не дедіңіз? — дедім мен соңғы «хұррият» деген сөзді Шəймерден
«құр ұят» сияқты қып айтқан соң.
— «Құр ұят» деген қазақ сезін білесің бе? — деді Шəймерден, «құр» мен
«ұяттың» арасын əдейі бөліп айтып.
— Білем ғой, — дедім мен, — ұятқа қалдыратын істі айтады ғой, «құр
ұят» деп.
— Ендеше «патша тақтан құлады», хұррият болды дегенмен, «құрият,
құрият!» деп шапқылаудың арты «құр ұятқа» соға ма деп қорқам.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет