Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет64/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   107
АҚПЕЙІЛ ҚАРТ
Бəкеңнің пəтері «Хадиша қатын» дейтін адамның үйі екен. Жасы сол
кезде жетпістерді алқымдаған, жуан денелі, орта бойлы, заманында
кескінді болған татар əйелі. Қолында Маһитап дейтін қызы бар, жасы
отыздарды алқымдап, денесі толығып қалған қыз екен, күйеуге əлі
шықпапты. Одан басқа: ортасы ойық қайқы мұрынды, дүрдиген қалың
ерінді, шүңірек қара көзді, қара бұжыр кескінді, кішірек бойлы Ғариф
дейтін жиені бар. Бұл үй Торсанның жас шағынан бергі пəтері екен. Ері бар
кезде шағындау дүкен ұстап, өзіне өзі тоқ тұратын үйдің шаруасы қазір
төмендеп, күн көрісі Ғариф ылауға айдайтын жалғыз атта қалыпты. Біз
барған кезде халдері тіпті нашар екен. Соны көрген Бəкең:
— Қой алып сойдырсақ қайтеді, Боржеке? Өзімізге де, бұл үйге де
сорпа-суан болсын,— деп еді:
—Айдаладағы татардың жетім-жесіріне қой сойып беpiп бізді жын ұрып
па? Ауылдан əкелген құрт, майымыз өзімізге жетеді. Əлдекімге жем бола
алмаймын,— деп көнбеді.
Маған бұл қаладан Омбыға поезбен кету қажет. Барған күні жүріп
кетсем де, «тоқтай тұр» дейтін ешкім жоқ. Соны біле тұра үш-төрт күн
тоқтауға тура келді, оған бір себеп, қаламен танысқым келуі болса, екінші
себеп, Қызылжардағы бағаға қарағанда, дүние қымбатшылықтан күйіп тұр,
айтушылар Омбы одан да қымбат дейді, олай болса, менің қалтамдағы
ақша түкке тұрмайды, ендеше мүмкіндігім жеткенше қаражат жинап алуым
керек. Со жөнде Бəкеңмен ақылдасқанда:
— Осында Қасқұлақ, деген туысың барын білуші ме ең? —деп сұрады
менен.
— Естігем. Бірақ көрген жоқпын. Əкесі Жұмабайды көрдім.
— Қасқұлақ ағаң қазір күпсіп байып тұр дейді. Інісі Көкери де
ауқаттанып тұр деседі. Солардан жəрдем сұрасаң, құр алақан қоймас. Одан
кейін осы қаладағы Алашорда комитетіне бар, онда да оқу іздегендерге
қаражат береді деген.
Қариялардан естуімше, Қасқұлақтың қысқаша өмір тарихы былай: маған
ол алтыншы атадан барып қосылады. Шын аты Айтжан, құлақтары
қасықтай қалқиған үлкен болғандықтан, бала көзінде жеңгелері мазақтап
қасық құлақ» қойған да, содан «Қасқұлақ» атанып кетті. Оның əкесі
Жұмабай ерте кезде Торсан үйінде жалпылықта тұрыпты. Қасқұлақ сол
үйдің қойы.н бағыпты. Бір күні қойға ұялы қасқыр шабады да, көбін қырып
кетеді. Сол үшін Торсан Қасқұлақты сілейте сабайды да, «сені ұры деп жер
аудартам» деп қорқытады. Зəресі кеткен Қасқұлақ біреудің ақылымен,


Қызылжарда тұратын туысы Ералыға қашып кетеді. Ералы оны панасына
алып өсіреді, үйлендіреді. Кейін Қасқұлақтың қолына əкесі Жұмабай да,
інісі Көкери де көшіп барады.
Көкериді мен жақсы білем. Оның шын аты Аманжол, бала көзінде
жылауық болғандықтан, жеңгелері оны тауықтың дамылсыз шақыратын
əтешіне ұқсатып «Көкери -көк» қойған да, содан «Көкери» атанып кеткен.
Менің он үш, он төрт жасқа келген шағымда Көкериді біздің ауылдағы
Шəйкең деген кісі бала ғып қолына алып, Хатира атты татар қызына
үйлендірген. 
Кейін, 
татар 
қызы 
ауылды 
жерсінбей, 
Көкериді
Қызылжардағы ағасы Қасқұлақтың қасына көшіріп əкеткен.
Менің ол кездегі ұғымымда «түбі бірге түтпейді», «жоқ болса амал жоқ,
егер бар болса, ағайындас, қандас адамдар, бір-біріне қайырылмай,
қараспай қоймайды...» «Ендеше, Қызылжарда байып тұрған туыстарым —
Қасқұлақпен Көкериге мен неге бармаймын? Неге жəрдем сұрамаймын?»
Ойымды осыған бекіттім де, адресін Хадиша мен Маһитаптан біліп
алып бардым, «Хлебниковская» аталатын көшеде, төбесі жасылмен
боялған, еңсесі биік, жаңа қарағай үй екен. Мен қақпаны ашып кіре
бергенде, қора жақтан қолына құман көтерген: шықшыттары шығыңқы,
ұрты үңірейген, көзі де шүңірек, кішірек мұрынды, ұзынша арық бойлы
татар əйелі кездесе кетті. Айтжанның əйелі татар, аты Мауғиза екенін
Маһитаптан естігем. «Сол кісі осы болар» деген оймен, амандасуға
жақындағанымда:
— Ей, алла, хайыршыдан тойдым əлі!.. Бұнысы да келіп жеткен екен!..
Кирі қайт, əлі, кирі! — деді əйел.
— Маған Мауғиза жеңгей мен Айтжан ағай керек еді,— дедім мен.
— Ей, алла, сіз кім боласыз? —деді əйел.
— Айтжан ағайдың інісімін.
— Қайдағы інісі?
— Жаманшұбардағы.
— Қазақтың бəрі іні. Нұртаза ағайдан башқа біркімні де білмим, барып
тұр! —деді əйел жекіп.
Со кезде, үйден сұйық мұртының, екі ұшын жоғары қарай ширата
қайырған, қырма сақалды, басында татарша қара барқыт тақиясы бар,
үстінде татарша шапаны бар, бұжырлау орта жасты еркек шыға келді де,
менің берген сəлемімді алмастан:
— Кім баласысың?—деді, салқын дауыспен.


— Мұқанның баласымын.
— Қайдағы Мұқанның?
— Айтжан ағай сіз боласыз ба?
— Иə, мен болам.
— Ендеше, мен сіздің туысқаныңызбын.
— Қайдағы туысқан?
— Жаманшұбардағы. Мен Нұртазаның ағайынымын.
— Кім дедің əкеңнің атын?
— Мұқан.
— Мұқан?.. Мұқан!.. Мұқан... Қайдағы Мұқан ол?! — деп жаңағы кісі аз
ойланып тұрды да,— ие, əлгі бір қара шал болмаса игі еді, — деді.
— Нұртаза мен менің əкем немере,— дедім мен, Нұртазаны Мауғиза
жақын көріп тұрған соң.
— Қайдан жүрген баласың? — деді Айтжан.
Мен жол жайымды айтып ем:
— Ей, алла, бұның да оқығысы бар екен! — деп таңдана тамсанған əйел
үйге қарай жүріп кетті.
— Жеңгей осы кісі бола ма?— деп сұрадым мен Айтжаннан.
Айтжан басын изеді. Ол екеуміз сөйлесіп тұрғанда қақпадан өзім
танитын Жұмабай қарт кіріп келді. Сəлем беріп қолдасқаннан кейін,
Жұмабай менің хал-жайымды қысқаша сұрап алды да:
— Үйге кір деп неге айтпайсың?— деді Айтжанға.
Айтжан үндей қоймаған соң, Жұмабай кескініне алая бір қарап алды да:
— Шырағым, мына үйге жүр! — деп қора ішіне салынған екі бөлмелі
ағаш үйді көрсетті. Жұмабайға еріп ол үйге кіргенде, баяғы өзім керген
Көкериді тани кеттім. Одан бергі өзгерісі: бұрынғы сұйық мұрты қалыңдап,
ашаң денесі толыққан, өзі татарша киінген. Қазір оның аты Көкери емес,
Аманжол екен. Жұмабай қанша түсіндірмек болғанмен менің кім екенімді
Аманжол ұқпай-ақ қойды. Онысы — туысқан болғысы келмеудің айласы
екені көрініп-ақ тұр. Ауылдан кеше ғана кеткен Көкеридің аз күнде мұнша
көтергеніне мен қайран қалдым да қойдым.


Оқу іздеп келе жатқан жайымды айтқанда, мақұлдаудың орнына, татар
жəне орыс сөздерін араластырған тілмен, Көкери маған ұрсып алды да,
өзінің аздаған сауда - саттық ісіне жəрдемші болуды ұсынды.
— Күн бұрын кешіріп айтим,— деді ол, — саған мин һишбір жалование
бирмим, тузған киімлəр бирам, харчаң минда була и все... Ну, жатарға
уголок бирам... и баста!..
Көкеримен келісе алмадым.
— Файдаңны білми тұрған малай икəнсің, саташып улəсін син, бу үйгə
килмə инді! —деп Көкери мені үйінен қуып шықты.
Жұмабай маған ере шықты. Айтжан үйіне кірмек боп ем:
— Бармай-ақ қой оған да, — деді Жұмабай.—Одан да көңілің қалады.
— Неге?
— Қала жəйі осылай болады, шырағым. Мұнда ең аяғы ішер суыңа
шейін сатулы. Менің екі балам, сенің əкеңді де, өзіңді де білмей отырған
жоқ, біле тұра, əдейі білмегенсіп отыр.
— Неге?!
— Қалада дүниенің бəрі сатулы болғандықтан. Саған шай да татыра
алмады ғой екеуі. Елде олай емес қой, шырағым...
Мен Жұмабай қартқа «дүниесі сатусыз» деген елдің де жəйін қысқаша
баяндап, бай ағайын — Нұртаза бір қараның құнын беруге жарамағанын
айтып ем:
— Рас,— деді Жұмабай күрсініп,— «ағайын бар болсаң көре алмайды,
жоқ болсаң бере алмайды» деген осы. Мен де көргем, шырағым,
«ағайынның» қайырымы қанша екенін!.. Осы Қызылжарға ит - арбамды
сүйретіп жаяу келгенімде, елу үйлі Андабай — Отарбайдың біреуі əкеп
салуға жарамаған. Енді үй боп, кісі болғанда, ағайын да, бауыр да көп.
Қисая кетші қазір, басыңды тағы да көтере алмайды сол ағайын. Өзіңе өзің
жалынғаннан, өз еңбегіңе жалынғаннан қызығы жоқ...
— Өзім де соны көріп жүрмін, Жұмеке!
— Елдегі ағайынды да көріп келдің, мұндағы ағайынды да көріп
отырсың.- Өзіңнен басқа сенерің жоқ. Оқимын дейсің, қалай оқисың, мына
түріңмен?— деді Жұмабай.
— Сонда, не істеу керек?—дедім мен.
— Ұнатсаң, бір ақыл айтқым кеп тұр саған.


— Айтыңыз!
— Қызылжарда қазір не кеп, жесір əйел кеп. Əсіресе — татарда.
Солдатқа алынады ғой татар. Соғыс басталғалы төрт-бес жыл. Соғысқа
кеткен татардан кеп жігіт шығын болды. Кей үй иесіз қалды. Сондай
үйлердің біріне кірем десең, сені құшақтай алады.
— Бала боп па?
— Ойбай, балалығын - ай, мынаның!..—деді Жұмабай.— Татардың
нелер əдемі келіншектері мен қыздары күйеусіз отыр. Байдың да сондай
қыз, келіншектері бар. Қайсысы болса да құшақтай алады сендей
уылжыған жас жігітті. Біздің Айтжанның осы əйелі үй-күйі бар жесір
келіншек болатын. Ералы марқұмның жəрдемімен, Айтжан «салулы төсек,
салқын үйге» кірді де, құдайға шүкір, «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» бола
кетті. Сен де сөйтесің, Жақсы үй тауып берейін, ретін өзім - ақ келтірейін,
сен оқуды қой да үй-күйі, дəулеті бар бір татардың қолына күшік күйеу боп
кір!..
Бұл ақылды алу, алмау менің ойымда күресе қалды: «Алдың» айтатыны
—«туғаннан көргенің жоқшылық... жетпей ме, бұған дейін керген
бейнетің?.. Даяр үй, даяр əйел, даяр мал-мүлік табылса, қашатын сайтанын,
бар ма?.. Аяққа құйып əкеп алдыңа тосқан асты төгетін жындымысың?..
Есің дұрыс болса, ал, мына шалдың ақылын?..» «Алманың» айтары,
Абайдың:
«Еңбек қылмай тапқан мал дəулет болмас,
Қардың суы секілді төз суалар».
Немесе:
«Білім таппай мақтанба!»
деген өлеңдері.
Екi ойды салмақтай келе, мен Абай жағына шықтым. Онымды ақпейіл
шалдан жасырмай:
— Ақылыңызға көп рахмет, ата! — дедім мен— Оқығым келеді менің.
Бақыты болса да, соры болса да шыдағым келеді...
Қарт аз ойланып тұрды да:
— «Ілгері басқан жасты, кейін кеткен кəрі тоқтатады» деп еді, шырағым,
«талапты ерге нұр жауар» деген де сөз бар, бетіңнен жарылқасын,— деді.
— Ал, қош, ата!—деп қолдасып жүре беріп едім, аздан кейін Жұмекен:


— Əй, бала! — деп дыбыс берді. Жалт қарасам, Жұмекен бері қарай келе
жатыр екен.— Сонымен, шырағым, қалтаңда қанша бұлың бар?— деп
сұрады ол.
— Бас-аяғы отыз-қырық сомдай болар.
— Байғұс бала - ау, не нəрсеге жетеді ол? Омбыға шейінгі поездың,
билетіне жетсе сол!.. Ар жағында күн көру керек емес пе?
— Бір жөні болады да, ата, уайымдағанмен маған ақша беретін кім бар?
—дедім мен.
Жұмекен басын шайқап аз тұрды да:
— Шырағым,— деді күрсініп ап,— анау бақша ішіндегі мешітке
барайық екеуміз!
— Неге, ата?
— Бесін намазы боп қалды. Бүгін жұма. Намазға көп .і;үрт жиналады.
Намаз алдында мен имамға хал-жайыңды айтып, хұтпа соңынан, халықтан
жылу жинауын өтінейін.
— Рахмет, ата, мен онда бармаймын,— дедім мен.
— Неге?!
— Садақаны кемтар кісі алады. Мен денім сау жігітпін.
Жұмекен, «əй, балам, балам!» деп басын шайқап аз тұрды да:
— Ал, жолың болсын, ендеше! — деп қолын ұсынды.
Шын жүректен қамқорлық жасағысы келген қартқа алғыс айттым да,
тағы да қоштасып жүріп кеттім.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет