Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет62/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

СЕРІКТЕРІМНІҢ СЫРЫ
Əлтидің үйінен біз таң бозара аттандық. Түндегі түнерген бұлттан сол
кезде сіркіреп жауын жауа бастады.
«Тайгөттің Сүлейменіне соғамыз» деген сөзбен, мен Əлтидің үйінде жол
жайын білетін біреуден қалай жүруді кеше сұрағам.
— Осы ауылдан шыға, үлкен қара жол екіге айрылады,— деген ол,—
оңға қарай кететіні - Толыбай аталатын кішірек орыс поселкесін басып,
жолда Дəулетімбет аталатын рудың ауылдарын өтіп, ар жағында Тайгөтке
барады: солға қарай кететін жол, Бақырілген арқылы Кпитанға

тартады.
Əлти аулынан шыға, екі айыр жолдың тарар жеріне келгенде, мен оң
жағыңа атты бұра беріп едім:
— Солға! — деді Бəкең.
— Неге?
— Тіл қайыратының - ай сен баланың! — деді Боржабай кейіп,—
«бұрыл» деген соң неге бұрыла салмайсың?
— Тайгөттің үйіне соқпаймыз ба?
— Жоқ, Кпитандатып жүреміз, — деді Бəкең.
— Неге?
— Не ақың бар, неге екенінде! — деді Боржабай, — бұр деген жаққа бұр
да, айда аттарды!
Сол жаққа бұрылған жолмен жөнеле бердік. Сіркіреген жауыннан
бұйығыңқырап отырған серіктерім, аздан кейін өзара əңгімелесіп кетті де,
маған айтпаған сырлары өзінен өзі ашылды.
— Осы Тайгөттің түбі шеркеш деген сөз рас па?—деп сұрады Боржабай
Бəкеңнен.
— Солай деседі.
— Шеркеш деген алыста дейтін еді ғой, бұ жаққа қайдан келіп жүр?
— Кавказ деген жерде тұратын көрінеді ғой ол халық, Тайгөт одан жер
ауып келсе керек.
— Не қылмыспен?


— Оншасын білмедім.
— Əй, дəу де болса, ұрлықпен ауып келген болар,— деді Боржабай,—
балалары да баукеспе ұры деседі ғой. Əкесіне тартпады деймісің олар?
— Қайдам,— деді Бəкең, ұры деген сөзді қостағысы келмеген дауыспен.
— Өжет адам еді деседі оны білетіндер.
— Өз қызын өзі шауып өлтіретін қайсысы, осы Тайгөттің?
— Оны естіген екенсің ғой,— деді Бəкең.
— Е, естімей!.. Ел аузында баяғыдан бар сөз ол. Тайгөттің өзі ме сол?
— Баласы Садақпай, Сүлейменнің əкесі.
— Қалай болған оқиға. соның өзі?
— Тайгөтті білмеймін, оның баласы Садақпайдың қанды балақ қарақшы
болғаны рас дейді. Бір кезде соны ұстауға, Малдығұл дейтін болысқа
жоғарыдан бұйрық келеді. Малдығұл шабармандарын жіберсе, Садақпай
оларды ұстап байлап тастайды да, пəле салу үшін, өзінің бойжеткен қызын
шашынан сүйреп əкеп, балтамен шауып өлтіреді.
— Астапыралда! — деді Боржабай шошып кетіп,— не деген қаныпезер
ит еді...
— Со пəледен,— деді Бəкең,— Малдығұл көп мал шашып əрең
құтылыпты ғой!..
— Мына Сүлеймен де содан кем емес дейді ғой, батылдығы?—деп
сұрады Боржабай.
— Бұ да ежет адам,— деді Бəкең,— өжеттігі емес пе, Колчактың бес
бірдей милиционерін өлтіргені?..
— Əрине,— деді Боржабай.— Қалай-қалай болған десе - ді соны?
— Ұстауға бес милиционер келеді. Сүлеймен олардан қашпай,
құрметпен қарсы алады да, ет асып беріп, араққа мейлінше суарады.
Аналар мас болған кезде, қаруларын сыпырып алады да, жігіттеріне
қамшымен дүрелетеді кеп. Үлкен қазанға суды шым-шым ғып қайнатып
қояды да, ішіне көп тұз сап, соққы жегендердің еттері көгергенде, сол суға
малып алады. Сонда, соққы тиген жер білінбей кетеді екен дейді...
— О, жауыздар - ай!..— дейді Боржабай үрейленіп.
— Сөйтіп сабап - сабап, өлермен халге жеткенде, қаруларын үстеріне
асады да, келген пар аттық арбасына салып, Арханскийдің жолымен қоя


береді. Миллиционерлер қалаға жеткенше өліп қалады...
— Енді содан, Тайгөт тұқымы түгел қашып жүрген көрінеді ғой?..
— Е, қашпағанда қайтсін? Ұстаса оңдыра ма?.. Бірақ, бейшаралардың
қатын-балаларына қиын болған. Колчак соларды тегіс ұстап əкеткен дейді.
Енді қырып тастамаса не қылсын!..
— Еркектері оған жібермес. Қатын-балаларын қырғызбай, өздері барып
қолға түсер.
— Түспейді,— деді Бəкең,— қасқыр сияқты тұқым ол. Бірінің өлгеніне
бірі қарамайды.
— Ит десейші, онда барып тұрған!.. Сондайлармен сендер қайдан үйір
болғансыңдар осы?
— Шери ғой, əуелде танысып жүрген. Біздің үйдің дəулеті аздап
шайқалған соң, Шери ептеп ұры да ұстады ғой.
— Білеміз ғой,— деді Боржабай,— егіздерді, аттарды топтап айдап əкеп
жүрді ғой, бір кездерде. О бір жылы қырық шақты қара кек ат айдап əкеп,
Жалмаңқұлақтың жағасына бір жаз бақтырды ғой, сол аттарды осы
Сүлейменнен алды деген сөз рас па?
— Солай дейді ғой,— деді Бəкең күмілжіп.
— Сонда да жақпады ғой, сол ұрлық сіздің үйге. Дəулеттерің
төмендемесе, ілгері баспады ғой, одан!
— Рас, кеңеуі кеткен дүние оңатын ба еді!
— Арамнан жимаған дұрыс қой, сонда да.
— Адалдан жиған мал қайда бар? — деді Бəкең.— Қай бай кісі ақысын
жемейді? Өзгені былай қойғанда, біздің осы келе жатқан жолымыздың өзі
арам емес пе?
— Неге? — деді Боржабай Бəкемге үрейлене қарап.
— Біз ғой, елге кооперация ашқан боп келе жатырмыз. Бұл əкеп, қант-
шай əкеп жарытамыз деп, елдегі момын шаруаның қалтада бар ақшасын
түгел қақтық...
— Тартып алған жоқпыз ғой, өз ықтиярымен берді ғой бəрі де.
— Бермегенде қайтсін. Соғыс басталғалы, міне, төрт жыл. Содан бері,
жұрт дүкеннен еркімен сатып аларлық бір көз мата шыққан жоқ, бір
қайнатым шай шыққан жоқ. Сəудегердің қолынан ұрланып сатылатын


мүлік — күйіп тұрған қымбат. Бір əшмөшке шайдың құны, елде бір қой
болды. Бір көйлекті бір қойға ала алмайсың. Төсек - орны, киім-кешегі
тозды жұрттың, əсіресе кедейлердің. Кей кедейдің түріне қарауға да ұят...
— Соған жəрдемдесеміз бе деп шығып келе жатқан жоқпыз ба, бұл
сапарға?— деді Боржабай, зұлымдана жымиып кескінмен.
— Жəрдемдесесің, атаңның басын,— деді Бəкең, үлкен, көзін
бажырайтып,— жазғытұрғы əкелген матаның бір көйлектігін бір
тайыншадан сатқанын, есіңде ме? Бес инеге бір қадақ майдан алғаныңды
ұмыттың ба?
— Ұмытқан жоқ, — деді Боржабай, енді шындаған дауыспен,— бірақ,
бұл пəлені бастаған кім, білемісің? Өзіңнің інің Қази емес пе? Сол емес пе,
«кооперация ашқан боп піргеуір

жасап əкелсеңдер, үкіметтен бұйым
аласыңдар» деп үйреткең? Соның үйретуімен, осы арам кəсіпке былтырдан
бері кіріп жүрген жоқпыз ба, екеуміз? Алаштың ақ жүрек азаматымын деп
жүрген ол халықты жеудің əдісін үйреткенде, бізге не жорық?..
— Жə, болды! — деп Бəкең бұл сөздерді ұнатпай қалды.
Одан əрі екеуі кикілжіңдесіп, өзара есеп айыруға кетті.
Сөздеріне құлақ түріп отырсам, жарналық үлестен түскеннен басқа
ақшаның көпшілігі Боржабайдан, азшылығы Бəкеңнен шығады екен. Бəкең
бірге жүретіндігін бұлдап, пайда -ортақ болайын десе, Боржабай саудаға
əрқайсысынан шығатын ақшаның мөлшеріне қарай бөлгісі келеді екен,
осыдан барып араларында қырғи-қабақтық туады екен.
Ел жайына келгенде, олардың айтуынша, саудадан түскен пайдадан,
ауылдың атқамінерлері үлес алады жəне олар сатып алатын бұйымдарына,
қазыналық бағасын ғана береді, сонда арзанды қымбатқа алып
сорлайтындар — момындар.
Бұл сапарға олар балды да, балсыз да болмай келе жатыр екен. Балды
болатыны,— бұдан бұрын Қызылжар мен Омбыға осылай бірер рет
барғанда, кооперация атына алған бұйымдарынан, елге қымбат өткізу
арқылы шаш-етектен пайда көрген; балсыз болатыны — соңғы хабар
бойынша, Колчак үкіметінің халі нашар, сондықтан, оның қолында бұйым
да өте аз.
Бұл хабардың анық-танығын олар Кпитаиға барып білмек. Бəкеңнің
айтуынша, онда Опанас

Баярский дейтін, əрі саудагер - бай, əрі дəрігер боп
тұратын қазақ-орыс бар. Ол Торсан үйінің ежелден бергі тамыры.
Дөңестеу жердегі Кпитан, біз келе жатқан жолдан, алысырақ жерден
көрінеді екен. Бұрын бір рет керген бұл станица, менің ұғымымда дүние
жүзіндегі ең сұлу қала сияқтанатын. Бірақ, мен оны қыстыгүні көргем.


Онда, станица жағасын орай орнаған кең, шалқар кел қатып жатқан,
төңірегі түгіл көшелерін де қар көміп, күртіктер теңкие үйіліп жатқан.
Міне, енді, мезгіл суық күз болғанмен, қара жерде келе жатырмын жəне
оның қардан таза бойын түгел көруге құмартып келе жатырмын.
Станицаның ол кезде екі биігі бар: бірі — шіркеу, бірі — каланча Солар
көрінген соң-ақ:
— Аттарды ақырын айда,— деді Боржабай маған,— қалаға
тыныстаңқырап кірсін, босаңсып келе жатқан аттар, көшеде малтығып
жүргеніміз ұят болар.
Аттарды мен аяң-жортаққа түсірген кезде:
— Бəкең, сенің орысшадан хабарың бар ғой,— деді Боржабай,— бұл
«Кпитан» деген не сөз?
— «Капитан» деген сөз,— деді Бəкең.
— О не деген сөз?
— «Əпесер» дегенді білесің бе?— деді Бəкең күліп.
— Əскерді басқаратындар емес пе?
— Білдің,— деді Бəкең,— мұнда сондай капитан - əпесер тұрған.
— Қашан тұрған?
— Баяғыда. Бұдан жүз елу жыл бұрын.
— Неге тұрған?
— Қазақтың Россияға жаңа бағынған көзі болса керек ол. Сонда, мына
шеті — Тұрайский, мына шеті — Қызылжар,— осы екі араға, бекініс
ретінде қазақ-орыс қалалары орнаған. Кпитан солардың бірі екен жəне ең
үлкенінің бірі екен. Кпитан тұруы да сондықтан. Сол кезде бекініс
болғанына белгі боп, бер жақ шетінде қазылған орлар тұр.
— Иə, бар, ондай орлар жəне түлкінің іні сияқты, айқыш - ұйқыш, қым-
қиғаш боп қазылған терең орлар.
«Г» əрпі сияқты боп, шалқар көлдің шығыс күнгейін орай салған бұл
станица əлі күнге дейін ол маңайдағы поселкелердің керіктісі, сол кезде де
көріктісі екен. Қазақ-орыс станицаларының крестьяндық селолардан бір
өзгешелігi, - ағаштың бұл өлкеде мол көзінде орнағандықтан, үйлері, қора-
қопсылары түгелімен ағаштан қиылады, үйлерінің қасында огород
болмайды, оны көлдің жағасына жасайды, үйлерінің арасы тығыз,
көшелерінің арасы тар болады.


Кпитан да сондай екен. Бірақ, мұнда, өзге ұсақ станцияларда
ұшыраспайтын, бірнеше екі этажды үйлер бар жəне бірер қызыл кірпіштен
салған үйлер бар, солардың біреуі Опанас Баярскийдікі екен.
Опанастың өзі ме, басқа бір туысы ма, — онысы есімде жоқ,— қақпа
алдына кеп атымызды тіреген бізді, қырған қалың буырыл сақалы
қабындай шыққан, қалың жəне ұзын ақ буырыл мұртты орыс қарсы алды.
Сібірлік қазақ - орыстардың бір өзгешілігі — кебі қазақ тіліне жүйрік
болады. Аздап акцентпен сөйлегенмен, мына шал да қазақшаға ағып тұр.
Бəкеңді тани кеткен ол:
— Ə-ə, Торсандікі бала, атай, бəйбіше, Шақан аман? Өзге бала аман? —
деп қолдасып амандасты да:
— Сенікі ат кім қойған? — деді.
— Бəкең,— деп жауап берді Бəкең.
— Ə-ə... Торсандікі бала бесеу. Мен бəрін көрген олардың. Оныкі қатын
корком, одан болған бараншук бəрі корком. Торсанға құдай жақсы балалар
берген.
Боржабай да арбадан түсе қап, шалға жалбақтай амандасқанмен, оған
шал менсінбеген түрде қарады, онша шүйіркелесіп сөйлеспеді.
Бізді шал бос тұрған ағаш сарайына орналастырды.
— Бұрын бидай мен сұлы үйіліп тұратын еді ғой, мұнда. Бұл неге бос
тұрады?— деген Бəкеңнің сұрауына:
— Бог знайт, биыл не болады! — деп жауап берді шал,— заман жаман.
Большевиктер қатты төбелеседі. Колчак, Деникин жана коп актар оған
жабылған. Мықты моклаш берген. Соңда да болмаған ол. Сол алып қояды
деп қорқады біз. Егін екпеген содан. Неге егеді оны? Большевикке нан
бермеу керек...
Одан əрі шал майдан жайын айтып кетті. Географиядан аздап хабарым
болғандықтан, шал қазақшылап айтқан майдан жайын, Бəкең мен
Боржабайдан мен тəуірірек түсінем. Егер шалдың сөзі рас болса, барлық
майданда да большевиктер ілгерілеп барады.
— Бірақ,— дейді шал, қауыпты біраз төндіріп aп,— бəрі бір, біздікі ақ
жеңеді большевикті. Бізге Антанта болысқан, Америка болысқан, Япония
болысқан, оларда мылтық көп, пушка көп, оқ-дəрі көп...
Солай серпе отыра, шал менің серіктерімнің Қызылжар баруын
мақұлдамайды.


— Колчак қазір оқ жасаған, мылтық жасаған, мата жасамаған, оған күш
жоқ, шай, қант тожы жоқ сен босқа барады Кызылжарға Омбыға босқа
барады, онда ештеңе таптайды, ат напрасна қиналады...— дейді.
Боржабай бұл сөздерге солқылдайын десе, Бəкең:
— Нар тəуекел. Үйден шықпағай ек, шыққан соң кейін қайтқанымыз ұят.
Шығын біздікі емес, халықтікі. Аттың басын бұру ырымға жаман, барып
қайтайық Қызылжарға,— деп болмайды.
Ол күні күн кешкіріп кетіп, біз Кпитанға, Баярскийдің сарайына қондық.
Күндіз сіркіреген жаңбыр, кешке қарай басылып, жұлдызды ашық əдемі
түн басталды.
Күн жексенбі еді. Орыс поселкелері мен станицаларының жастары
жексенбінің кешіне сырнайлатып, əндетіп көшеге шығу, ата дағдысы. Олар
бүгін де сонысын істеді. Біз сарайда ұйқыға жата, көше - кешенің бойы
сырнайға қосылған қыз, бозбалалардың əндеріне толып кетті. Бұл менің
салқын қанмен қарайтын сауығым емес. Əн-күйге құмар жастың бірі
болудың үстіне, мен орыс поселкелерінде жасымнан тұрып, орыс музыкасы
мен орыс əндерін шексіз сүйіп өскем. Ендеше, мына жастардың сауығына
қосылмай қалай жата алам?..
Əрине, жата алмаймын!.. Ендеше баруым керек. Бірақ, қалай?.. Рұқсат
сұрасам, Бəкең бергенмен, Боржабай бермейді. Қысқа жолдық серік
болғаныммен, менің байқауымша, ол мені жалшысы көріп алған сияқты,—
ат күтуден табанымды аудармайды, көнбейін десем, тастап кетуден ұялатын
ол жоқ, іштей ренжігенмен қарсы тұрар қауқарым жоқ.
Бүгін де солай жұмсаса, мен қуана-қуана кететінмін, ондағы ойым,—
Боржабайдан қулығымды асырып, қырға кетпекпін де, аттарды отты жерге
тұсап тастап, өзім ойынға келмекпін, аттарға əкелер кезде ғана
бармақпын!..
«Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, менің «арам» ниетім іске аспай
қалды. Аттар тыныққаннан кейін:
— Оттатуға барайын,— деп жинала бастап ем:
— Бармай-ақ қой,— деді Боржабай.— Опанастың жалшысы аттарға шөп
беретін болды, бүгін аттар қорада - ақ оттасын...
Бұл үмітім кесілген соң, ойынға баратын құлқымды сездіріп ем:
— Тəйт əрі, оттамай!—деп Боржабай ақырып тастады. «Тышқан інге
кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байлайды» дегендей, не керек саған,
өле алмай жүріп ойын - сауық? Жат əрі, қыңқылдамай! Таңертең ерте
жүреміз. Ұйқыңды қандыр, əйтпесе жолда қалғи бересің!


Еріксіз жаттым да, көшелерде шырқалған əндер мен сайраған
сырнайлардың əдемі сазына ұзақ уақыт бөленіп, .қатар даусы бəсеңдеген
кезде ғана ұйқыға кеттім...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет