ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ
ҮҢГІРЛЕРІНДЕ
Жұмабай қартпен ажырасқаннан кейін, есіме Жəмпейістің үйі түсті.
Оның кім екенін оқушылар «Өмір мектебінің» бірінші кітабынан біледі.
Сұрастырып көрсем Жəмпейістің үйі, — қаланың батыс жағында, биік
жардың етегіндегі «Кірпіш сарай» деген жерде екен.
Білемін деген біреу маған Жəмпейістің абақтыда жатқанын айтты,
сондықтан, оның үйін іздемесем де болатын еді, бірақ, мен екі себеппен
іздемек болдым, бірі — абақтыға түскен себебін сұрау, екіншісі — ол
«ғашық боп қосылдым» деген Жаңыл жеңгейді көру.
Жəмпейіс үйіне барардан бұрын, мен жүгіре басқан аяңмен қаланың
көшелерін ерсілі-қарсылы аралап шықтым. Сонда байқағаным, орталық
көшелер болмаса, шеткері көшелердің көпшілігі Кпитан көшелерінен
артық емес екен, кейбіреулері одан да жаман.
«Қала» аталатын тұрғылықты, орынды бірінші рет көргендіктен,
Қызылжардың орталық көшелері маған өте ұнады, оларды аралап жүріп
мен «мұндай да тамаша болады екен-ау?!» деп таңдандым, сондағы қайран
қалғаным екі ғана нəрсе, бірі қазіргі: «Ленин» жəне «Торговая» аталатын
екі көшеге тұрпайы түрде төселген тас, екіншісі — орталық бірнеше
көшенің екі жақтауына тақтайдан төселген тротуар.
Қазақстанның сібірлік қалаларындағы ең жақсы бақша, Қызылжарда.
Ерте кезде де солай болатын. Қазір де солай. Мен бұл бақшаға да кірдім.
Оның ерсілі-қарсылы жасалған тұп-тура аллеяларының екі жағына биік
өскен жуан теректер мен қайыңдардан күн көзі көрінбейді екен.
Бірақ, осы аллеялар да жəне бақша ішіндегі кейбір əп - əдемі салынған
үйлер де мен аралаған шақта қаңғырап бос тұр екен, анда-санда қараңдаған
аз ғана адамнан, бақша ішін сыпырған бірер күтушіден басқа ешкім
көрінбейді.
Сөйтіп жүріп мен, алдына кенеп алжапқыш байлаған, жұпыны киінген,
қолында сыпырғышы бар, аллеялардағы көп орындықтардың бірінде
салбыраңқы түспен отырған, тебендеген қырма сақалды, ширатқан
сұйықтау қара мұртты, кішірек арық денелі, көзіне алтын жақтаулы
көзілдірік киген адамға көзіктім. Жасы үлкен кісі болған соң, ауыл
ғұрпымен сəлем бердім оған. Ол менің кескініме, үсті-басыма көзін
төменділі - жоғарылы төңкере аз қарап алды да:
— Қай баласың?— деді.
Мен жөнімді айттым да, өз жөнін сұрадым.
— Бейсекей дегенді естіп пе едің?— деді ол.
— Жоқ,— дедім мен.
— Бейсекейді бүкіл Қызылжар біледі,— деді ол маңызданып,— оны
сенің Торсаның да біледі.
— Сонда, кім ол?—дедім мен.
— Мен! — деді ол, оң қолының үсік саусағымен кеудесін шұқып.
— Сіз?!—дедім мен, таңданған кескінмен, ішімнен өзін-өзі мақтап, есі
дұрыс па, өзінің?!» деп ойлап.
— Иə, мен, Бейсекей...
— Сіз қайда істеген едіңіз?
— Мен Окружной сотта, жиырма бес жыл разносщик болғам!..
— Ол не қызмет?—дедім мен түсінбей.
— Соттың барлық қағаздарын тасу! — деді Бейсекей салмақтана түсіп,
мұрттарын екшей қозғап қойып,— ондай істі барлық адамға сеніп тапсыра
бермейді. Ол сенімге жету үлкен жұмыс!
«Сот», «судья» дегендерді мен бұған дейін естігенім болмаса, көрген
емен, сондықтан, Бейсекейді шынында үлкен қызметте болған адам екен
деп түсініп, бірақ, мына отырған түріне түсінбей:
— Қазір не қызметтесіз?— дедім мен.
— Бақша сыпырам! — деді Бейсекей күрсініп.
— Неге?
— Қызмет жоқ. То - есть,— деді ол жұлып алғандай,— қызмет бар, бірақ
əділеттік жоқ.
— Неге?
— Заң жоқ. Колчак заңды білмейді, өзіне қарсы сөйлеген кісіні қамай
береді, ата береді!..
— Сізді қызметке алмай ма ол?
— Алар еді, мен кірмеймін.
— Неге?
— Мен заңға үйренген кісімін. Заңсыздыққа шыдай алмаймын. Ной
Колчак! — деді Бейсекей басын шайқап, ызаланған кескінмен,— нойқан -
ішер!.. Кісі өлтіргіш!..
— Бұл сөзді айтуға қорықпайсың ба, сен?—дедім мен.
Сенен қорықпаймын,— деді ол күліп,— өзгеден қорқам.
— Менен неге қорықпайсыз?
— Түріңнен көріп тұрмын. Сен əлі қаланың қулық-сұмдығын білмейсің.
— Сонымен қазіргі қызметіңіз не?
— Осы бақшаны сыпыру.
— Оқыған адамсыз ба?
— Оқыған жоқпын. Бірақ, сот жұмысында практикам кегі!.. Жиырма бес
жыл!.. Ойла, оның қанша жыл екенін.
— Семьяңыз бар ма?
— Жоқ, үйленген жоқпын,— деді Бейсекей тағы да салмақтана қап.
— Неге?
— Ол — құпия.
— Туыстарыңыз бар ма?
— Жоқ. Жалғызбын. Əкеден жетім қап, қалаға бала шағымда келдім.
Содан əлі осындамын.
— Мына қызметіңіз күн көріске жете ме?
— Маңайын да көрмейді.
— Онда қалай тамақ асырайсыз?
— Қызылжарды білмейді екенсің,— деді Бейсекей мұртын ширатып,—
білсең мұны айтпас едің. Татарлардың «Ғафифə» деген биін білесің бе? —
деп сұрады ол менен.
—Жоқ.
— О, надан екенсің ғой. Тамаша би бар сондай. Өлеңі (Бейсекей түрегеп,
билеп көрсетті):
Бас, қызым, Ғафифə,
Син басмасаң, мин басам!..
— Осы бидің өлеңін татарлар қазақшалағанда,— деді Бейсекей тағы да
билей, күле сөйлеп:
Хаптыр-хаптыр Бисəксй,
Хаптыр-хаптыр Бисəкей,
Сиыр сауып ұтырғанда,
Сиыр сауып ұтырғанда
Нығырақ ұтыр, Бисəкей.
— О не дегені?—дедім мен күліп.
— Оған сен түсінбейсің,— деді Бейсекей, билегеннен аздап алқынған
демін алып.
— Сонымен, қалай күн көресіз?— дедім мен.
— Петропаул бар жерде мен аштан өлмеймін,— деді ол.
Со кезде, аллеяның алысырақ тұсынан бір адам қылтың етіп жоқ болды.
— Милиционер!—деді Бейсекей сұстана қап,— Колчактың!.. Жоғал,
төз!..
— Неге?
— Ну, кет! — деді Бейсекей сыздана жекіп,— мына жақпен кет! — деп
ол жөн сілтеді.
"Бip пəлесі бар екен ғой» деген оймен, мен бақшаның қалың ағашына
сүңгіп кеттім.
Кейін білсем, осы Бейсекей 1917 жылы Қызылжарда ұрылған Совдепке
де қағаз тасушы боп, соның ісіне шын берілген екен де, Колчак көзінде
қорғалап жүріп күн көріп, большевиктерге қиянат жасаған адамдардың
кімдер екенін көңіліне тізе берген екен, кейін, совет үкіметі орнағанда, кеп
шындықты ашып берген екен.
Бақшадан шыға, мен дүкендерді араладым. Бəрі де қаңырап бос тұр.
Көбі жабық... Менің мақсатым, егер реті кеп қалтамдағы ақшам жетсе,
үстіме тым болмаса көйлек - дамбал алу еді. Дүкендерден олар табылмай
сандалған кезде:
Киім іздесең барахолкаға бар, — деді жөн сұраған біреу.
— Ол не?
- Ескі-құсқы киімді қолдан сататын жер.
Оны да таптым.
Қызылжардың Ойқаласы мен Дөңқаласының аралығындағы кең, алқапқа
жиналған бұл барахолкада адам деген құмырсқаның илеуіндей қайнайды
екен. Мұндай мол жиын, көп адамды, бұған дейін мен көрген емен.
Қымбатшылық деген онда өрт боп күйіп тұр екен. Менің қалтамдағы бар
ақшам, көнетоз бір көйлекке де жетер емес, ондай көйлек жүз сомнан бері
табылар емес!.. Жаңа киімнің барахолкада иісі де жоқ, бəрі ескі, кейбірін
киім дерлік те емес, сонда да шіреніп қымбат сұрайды...
Киімге тісім батпаған соң «азық-түлік сатылады» деген барахолкаға
бардым. Нан атаулыдан онда ештеңе жоқ, Етті біреулер қадақтап қолға
ұстап жүр. Бірен-саран тауық кездеседі. Менің қалтамдағы бар ақшам бір
тауыққа жетер емес. Мынадай жағдайда тамақ асырап көр!..
Күн көріс жағынан қаладан көңілім суыған мен, Жəмпейістің үйін іздеп
«Кірпіш сарай» жаққа кеттім. Қаланың ол бөлімі, Есілдің биік жарының
етегін ала, ығы-жығы боп орнаған екен. Мұндағы үйлердің түрі, Кпитан
түгіл Жаманшұбардан да жаман сияқты. Көше тəртібімен салынбағанмен,
Жаманшұбардың шым үйлерінде үйге ұқсастық белгілер болушы еді,
«Кірпіш сарайдың» ығы-жығы орнатып үйлерінің көбі үй емес, биік
жарқабақтың етегінен үңгірлеп жасай салған апан. Сондай «үйлердің»
арасында жоталанып кеткен кейбір биік төбелердің неліктен бұлай
жасалғанын жөн білетін біреулерден сұрасам:
— Бұл тұстың «Кірпіш сарай» аталатын себебі, — дейді маған,— осы
етекте үнемі кірпіш соғылары да, күйдіретін заводтарға тасылады. Кірпішті
жеке адамдар немесе ұйымдасқан артельдер соғып, заводтарға қазына
бағасымен сатады. Бүкіл Қызылжардағы кірпіш үйлердің бəрі осы арада
соғылған кірпіштен жасалды десем қателеспеспін.
Жарқабақтың астындағы ойлы-қырлы өлкеге жиналған «Кірпіш
сарайдың» ұшы-қиырына көз жетпестей кең. Жөн сұраған адамым,
«Кірпіш сарайда» қанша үй барын мөлшерлей алмай:
— Қызылжар аталатын қаланын, тəртіппен салынған жоғарғы жағынан,
тəртіпсіз салынған бұл жағынын, халқы əлдеқайда көп,— дейді.
— Немен тіршілік етеді, бұлар?
— Көзі келген жұмыспен. Жұмыс таба алмағаны,— ұрлық-қарлықпен.
— Бала, сен сақтан,— дейді ақылшым,— бетін,мен жүрме, жəне
мезгілсіз жүрме, біреу-міреу өлтіріп тастар.
— Мені ме?!. Неме қызығып?..
— Өй, ақылы жоқ!.. Бір үзім нан таба алмай жүрген аштарға, үстіңдегі
киімін, жаман болғанмен, бір күндік тамағын өтемейді деп білесің бе?..
Ақылшым Жəмпейісті білетін адам екен. Оның айтуынша, большевик
болғандықтан, оны Колчак үкіметі абақтыға салып қойған». Бұл хабарды
естіген соң жəне ақылшымның ұрылар туралы айтқан сөздері жүрегімді
сескендірген соң, кейін қайтып кетуге бір оңтайландым да, Жəмпейіс
үйінің нақ қасына кеп бармай кетуді ыңғайсыз көрдім.
Көшелері жоқ, көше сияқтанған кей жерде белгілі аты жоқ, ат қойылған
көшесымақ үйлердің номері жоқ, ойлы - қырлы жарқабақтың астына, қиқы-
шойқы, үйме-жүйме боп салынған «қаланың» ішінен Жəмпейіс үйін табу
маған оңай болған жоқ. Біраздан кейін, іздегеніме қуанған да жоқпын,
өйткені, үйлердің арасына үйден, қорадан шығарылатын Қоқыстың бəрін
ыбырсытып тастай беретіндіктен, көп жерде жүруге мүмкін емес. Кей
жерге өлген ит, мысық сияқты хайуандарды тастап, олардың сасыған исі
аңқаңды атады.
Бұған дейін Қызылжар аталатын қала, менің ұғымымда «жердегі жұмақ»
еді, орталық көшелерін көргенде «жұмақтығы рас та екен-ау!» деп қалып
ем, шетірек көшелерін көргенде, ол бағама күдіктене бастап ем, енді, мына
«Кірпіш сарайға» қарасам, көзім көрмегенмен, құлағым естіген тамық осы
сияқты!.. Бұл менің бұрын көрмеген сұмдығым!.. « О, шаһар, ауыл сияқты,
сен де ақ үйлі, қара үйлі екенсің - aу!.. Сенің де байын, мен сорлың бар
екен-ау!..» деймін ішімнен...
«Сұрай-сұрай меке барадының» кебімен, Жəмпейістің үңгірін де
таптым: бір биік төбенің етегін жырып жасаған кішкене ғана бөлме екен.
1950 жылы жетпістер шамасында қайтыс болған Жаңыл жеңгей, ол кезде
қоңыр түсті, үлкендеу қой көзді, қыр мұрынды, толықша орта денелі,
көркем əйел екен. Абақтыға түскен ерін сағынды ма екен, немесе,
Жəмпейіспен еріп кеткелі кермеген туған елі есіне түсті ме екен — аты-
жөнімді сұрап алғаннан кейін, Жаңыл мені құшақтады да, дауысын көтеріп
қазақша көрісті. Мұң – мұқтажым айтқан оның зарлы үні, менің де
көзімнен жас шығарды...
Жаңылдың айтуынша, Жəмпейіс май айынан бері абақтыда жатыр,
айыбы — «үш жүз» болуы. «Үш жүз» дегендей менің аздап хабарым
болатын. «Алашорда газеттері: « Сарыарқа» мен «Жас азаматтың»
баяндауынша «Үш жүз» партиясы — Алашорданың жауы.
1918 жылдың мартынан бастап май айына дейін Петропавлда шыққан
«Үш жүз» газетінің бірнеше номері Торсан үйіне де келген еді. Со газеттің
сегізінші номерінде «Алаш» партиясында жүрген қу табандардың
мұрындары қанап, жарға құлады» деген бас мақала шықты. Мақаланың
авторы Көлбай Төгөсов «Алашорданың» басты адамдарын сыбай
жамандап, былай Деген: Қалақтан шыққан қара албасты Ғалихан
(Бөкейханов С. М.) 31 декабрьде. 1917 жылда I ) Омбы қаласына келіп,
маңдайша, табалдырығы жоқ, шірік ағаштан кереге, уық жасап, қиқайтып,
шаңырақсыз, қатты бір соққан желден жығылатын Алаш партиясы атты
отay жасап кетті... Семейдің списогін алып қарасақ, өңшең арам құзғындар,
қастарына күздігүні адасып қалған соқыр тырнадай қылып, кемиек Халел
Ғаббасов қуды алып, алаш партиясының керегесін жайған...»
Мақаланың
авторы
одан
əрі,
1918
жылдың
12
февралында
Петропавлдағы
Алашорда
комитетін
жергілікті
Совдеп
құлатып,
бастықтарын абақтыға жапқанын хабарлайды. Мақала «Алаш партиясында
жүрген қу табандардың үндері өшті, тістері сынды, мұрындары қанады,
адам қатарынан жарға құлады» деген сөздермен бітеді.
Кейін, тарихи деректерден қарағанда, «Үш жүз» партиясы 1917 жылы
Петропавл қаласында ғана құрылып, Қазақстанның өзге өлкесіне
тарамаған. Екі жарым айда азғантай ғана сандары шыққан «Үш жүз»
газетін оқысақ, бұл «партияның» да ұлтшылдық бағытта ұйымдасқанын
көреміз. Программалық жағы əсер партиясына келеді. «Үш жүз»
Петропавлдағы Совдеппен бірігіп қызмет істеген де, 1918 жылы
чехословактардың Сібірде революцияға қарсы жасаған перевороты
болғанда, Совдеп адамдарымен бірге, «Үш жүздің» адамдары да абақтыға
алынып, бастығы Төгөсов қып, Колчак олардың көбін атқан.
Жəмпейістің «Үш жүзге» мүше болуы рас екен, (кейін, дұрыс адамдар
қатарына қосылып, көп жыл советтік мекемелерде қызмет атқарған,
ақырында бандиттер қапысын тауып азаптап өлтірген Жəмпейістің өмірі
қызық роман). Оған да бірде оралуымыз мүмкін.
Қызметпен ғана қалтақтап күн көретін Жəмпейістің үйі, ол абақтыға
түскен соң жүдеу екен. Со жəйін айта кеп:
— «Қуыс үйден құр шықпа» деген сөз бар, шырағым,— деді Жаңыл,—
ағаң болса бұндай қонақасы ішпес ең, шай да болса дəм тат.
Кішірек ақ самауырға қойылған сүтсіз шайды қара нанмен ғана сораптай
тартып отырғанымызда, үйге арық денелі, сақал-мұртын қырған, беті
əжімді, орта жастағы біреу кеп кірді.
— Жоғары шық, Адамқұл! — деді оған Жаңыл.
— Осы ара да жетеді, — деп, ол босағадағы сандықтың үстіне отыра
кетті де, — бұл қай жігіт? — деп сұрады мені.
Жаңыл білгенінше менің аты-жөнімді айтты.
— Өзі бір сөзге үйір бала екен,— деді Жаңыл Адамқұлға, мені иегімен
нұсқап,— Жəмпейістің абақтыға жабылғанын бұл сұрап, мен дұрыстап
айта алмай, əуре-сарсаң боп отыр ек, сен білесің ғой оны, қысқаша болса да
дұрыстап айтып берші — деді.
Мен де өтіндім.
— Сен өзің газет-журнал оқитын жігітпісің? — деп сұрады Адамқұл
менен.
— Аздап.
— Мысалы, қандай?
— «Жас азамат», «Сарыарқа»...
— Олардан басқа?
— Жоқ.
— Онда білетінің аз екен,— деді Адамқұл.— Сен өзің «ақ», «қызыл»
дегенді, «большевик», «меньшевик» дегенді білетін жігітпісің?
— Жөнді білмеймін.
Онда, түсіндіру де қиын болды ғой саған.
- Есім кіріп қалған баламын ғой, ағай,— дедім мен, оның кемсіне
сөйлеуіне намыстанғандай,— айтсаңыз түсіремін.
- Ширақтау бала екенсің, айтсам айтайын: большевиктердің өзің сияқты
жоқ-жітіктерге пана болғысы келейін білесің ғой.
— Естідім.
- Революция жасаған, патшаны құлатқан солар.
- Одан хабарым бар.
Большевиктердің ұйымы біздің Қызылжарда да ерте орнаған. Сен
Валерий Куйбышевті білемісің?
Естіген жоқпын.
Қарт большевиктердің біреуі жəне басшыларымен, біреуі. Туған жері —
Көкшетау үйезіндегі Шортанда (Шучье). Омбыда оқыған. Сол кісі
большевиктердің ісіне жас көзінен араласып, 1905 жылдар көзінде осы
Петропавлға
келген
де,
жұмысшылардан
большевиктер
тобын
ұйымдастырған. Сол ұйым кешегі патша тақтан құлайтын февраль
революциясына
дейін
келді
де,
революция
күндері,
жергілікті
большевиктер Совдеп құрды. Білесің бе, оның не екенін?
— Естігенім бар,— деп мен түсінігімді қысқаша айтып бердім.
- Жобаң дұрыс,— деді Адамқұл.— Совдеп құрылғанмен үкіметті ұзақ
ұстап тұра алмады.
— Неге?
— Орталықтан, яғни Москва мен Петроградтан алыс болды. Жергілікті
күш аз болды. Сөйтіп жүргенде чехословиактардың перевороты басталып
кетті.
- Со не өзі? — дедім мен, бұрын естігенмен, бұл оқиғаның не екенін
түсінбей жүргендіктен.
Империалистік соғыс тоқталғаннан кейін, жеріне Америка арқылы
қайтуға шыққан чехословактардың корпусы бастығы генерал Гайде.
Ақтардың үкіметі оларға қару берді де, чехтар Самар мен Новосибирь
арасындағы Совдепті құлатып, Колчак үкіметін қолынан тұрғызып кетті.
Түсінікті ме?
Шамалы түрде...
Одан артық түсіндіруге өз білімім де жете бермейді, - деді Адамқұл.
— Сіз өзіңіз кім боласыз? — дедім мен.
— Оның саған қажеті не?
— Қажет болмаса сұрамаймын ғой.
— Мен бір жұмысшы адаммын...
— Көзіңіз ашық сияқты ғой...
— Қалада туып, қалада өскесін, ол-пұлды білсек білетін шығармыз,
оқығаным жоқ кісімін...
— Тоқығаны көп,— деді Жаңыл,— сен,— деді ол Адамқұлға,— түсінуі
қиын ауыр сөздерге бармай-ақ, қызылдардың осы қалада қалайша
құлағанын айтып берші осы балаға!..
— Ол кеп сөз емес,—деді Адамқұл, — Февраль революциясынан кейін,
Қызылжарда ақтың да, қызылдың да үкіметі қатар жасап тұрды. Аққа
Алашорда қосылды. Жəмпейіс ішінде болатын Үш жүз қызылдарды
жақтады. Сонымен, биылғы жылдық майы туды. Майдың он сегізі күні,
Қызылжар вокзалына чехтардың эшелоны келіп тоқтады деп естідік.
Совдеп бұл хабарға көңіл бөле қалды.
— Сөзіңізге қарағанда, сіз сол Совдеппен байланысты сияқтысыз ғой,
ағай,— дедім мен,— менен несін жасырасыз, кімі боп қызмет істеген едіңіз
оның.
— Ешкімі болып та емес...
— Сонда да?
— Оны қоя тұр, бала,— деді Адамқұл,— бастаған кеңесімізді аяқтайық.
Совдеп жинала бастады. Бірақ, қолында қанша күш бар. Бар мүшесін
жинаса, жүзден аз - ақ асады. Жұмысшылар көпшілігінің симпатиясы
соның жағында болғанмен, ұйымдасып жетпеген, қаруланбаған көз...
— Ал, ақтар,— деді Адамқұл дауысын көтеріп,— чехтардың эшелоны
келгенін естіген соң қала мен вокзал арасында дамылсыз шапқылап
құтырып кетті... Сол күні түнде переворот жасалды...
— Қалай?
— Түн ортасында қарулы чехтар мен ақтар бірігіп қалаға шабуыл
жасады да, Совдептің үйін қамап ап, күзеттегі адамдарын тұтқынға алды...
— Өзгелерін ше?..
— Үйді-үйлерінен ұстады...
— Қайдан біледі үйлерін?..
— Ақтардың жергілікті үкіметі аңдып отырған адам емес пе олар?
— Не істеді сонан кейін?
Көбін табан аузында атқан, одан қалғанын абақтыға жапқан...
- Екі адамның өлімі аса аянышты болды,— деді Адамқұл ,— бірі Кəрім
Сутюшев, бірі Хафиз Базарбаев.
— Кімдер еді олар?
Сутюшев мұғалім еді. Ақтар оның мойнына арқан байлап, салт атпен
желе жортып жетектеп жүрді, артынан екі салт сабап айдап отырды. Халі
біткен Сутюшев құлағанда, ақтар оның денесін сүйретіп шауып кетті. Сол
қалпында өлсе де тастамай, көшелерді кезіп көп уақыт шауып жүрді...
Обал - ай!
- Базарбаевтың өлімі одан да аянышты...
- Ол кім еді?
- Тері заводындағы жұмысшының баласы еді. Он сегіз жасында
большевик болған. Совдепте жастар жұмысын атқаратын ақтар оны
Мұратов дейтін татар байының от диірменінің алдындағы темір бағанаға
сыммен шырмап байладым да, үстіне кəрəсін құйып, тірідей өртеді...
«Көріңдер!» деп халықты қарулы əскерлер маңына иіріп тұрды...
— О, хайуандар!..
- Сонда жас большевик жауға қарсы тұрып, «жасасын пролетариат
революциясы!» деп айқай салды...
Мынау ерлік, менің жан-тəнімді түгел аралады да кетті.
- Ол шеккен ауыр азапқа жаным қатты ауыра отыра, ерлігіне қатты
сүйіндім мен...
«Міне, қайда, бет бұрған ісіне берік адам!» деп ойладым мен...
— Міне, большевик дегендер осындай болады! — деп бітірді Адамқұл
сөзін.
Ол қалта сағатына қарады да:— «көбірек отырып қаппын ғой, кетейін»
деп түрегелді...
— Ал, бала, қош! —деді ол маған басын изеп,— менің берер батам —
большевик бол! Адамқұл шығып кетті.
— Не қылған адам бұл?—дедім Жаңылға.
- Дəулеткелдиев дейтін бір бай ноғайдың атшысы болушы еді,— деді
Жаңыл,— қазір жұмыссыз білем. Соқа қара басы. Тегі бұны да қызылдарға
тілектессін, деп қужай ма деп, қайтеді екен, осы кезде зады, сырғып жүр
ғой деймін, мекені көбінесе Кірпіш сарай. Біздің үйге де келіп-кетіп
жүреді...
— Фамилиясы?
— Алданазаров. Мұндайлар осы қалада толып жатыр...
Жəмпейіс үйінде отырып, тағы бір туысымды тауып алдым. Ондай
туысым барын қыдырып келген бір шал айтты. Шал менің əке-шешемді
білетін кісі боп шықты.
— Андағұл дейтін елде, Шопан аулының адамымын,— деді ол.— Əкең
Мұқан біздің ауылға жиен болатын. Бала күнінен жігіт шағына дейін бірге
өскеміз. Содан кейін ол өз еліне көшіп кеткен. Əкеңнің шешесі — Қағаз
деген кісі. Оның інісінен туған немере сіңлісінің үйі осы арада. Аты Айша,
күйеуінің аты Төребай. Барып амандас. Жөніңді айтсаң біледі.
Жаңылға еріп барып таныссам, Айша апай тұйық мінезді, үсті-басын
салақ ұстайтын, нашар киінген, орта жасты, толықтау орта денелі адам
екен. Бір төбенің, етегінен жырып жасаған бұл үңгірде «сілкіп салар
сырмақ жоқ» дегендей, көзге ілігетін тəуір түк те жоқ, азын аулақ бар
«мүлкі», бұған дейін мен сирек керген ескі - құсқылар...
Айшаның айтуынша,— күйеуі Төребай қырманда мал сояды екен. Ері
сорпа-суандық бірдеме əкелгенше, бұл үйде татар дəм жоғын айтып, дəм
татпай кетуіме ренжитінін білдіріп, Айша апай мені Төребай жұмыстан
қайтқанша бөгеді.
Аздан кейін үй əбігерге айналады: Айша апай құдықтан су əкеп, пешке
орнатқан үлкен қазанға құйды да, астына сиырдың тезегін тұтатты; он, он
екідегі тетелес балалары — Шұғайып пен Мұхаметжан пышақтарын
қайрауға кірісті. Сондай əбігердің үстіне, аласа бойлы, жуантық денелі,
көсе сақалды, сирек мұртты, жалпақ бетті, жуан басты кісі кеп кірді.
Кісінің басындағы орысша кепкесі, үстіндегі шалбарланып алған
фуфайкесі, жүнін сыртына айналдырып киген тері шалбары сойылған
малдың қан-жынымен мейлінше былғаныпты. «Төребай осы болар» деген
оймен сəлем беріп, қолын алғанымда, оның саусақтары быртықтау жалпақ
алақанының қасында менің алақаным, түйенің табанына салыстырған
ешкінің бақайы сияқтанып қалды. Сəлемнен басқа сөзге келмей, Төребай
пештің қуысына қарай жөнеле берді де:
— Қатын, леген даяр ма? — деді.
Айша сопақтау қаңылтыр астау мен ескі үлкен жез құманды босағадан
пештің қуысына апарып қойды да, Төребайдың бер жағын ескі кенеп
шекпенмен қалқалай берді... Көрмегенмен естіп тұрмын: Төребайдың тұла
бойынан қаңылтыр астауға əлденелер шылпылдап түсіп жатыр... «Бұл несі
екен?!» деп таңданып тұрмын мен.
— Ал, əкетіңдер, мына астауды, төгіңдер, таза шептің үстіне! — деді
Төребай.
Мұхаметжан мен Шұғайып шешесінің шекпенмен қалқалап тұрған ар
жағынан қаңылтыр астауды бері қарай суырып алып шықты, ішінде сойған
сиырдың өкпе-бауыры, шек -қарыны сияқты «көр-жерлер». Қалқалаған
шекпеннің ішінде, Төребай жуына бастады...
Астаудағы «кер - жерлер» семіз екен. Төребай оларды қойны -
қонышына тығып ұрлап əкепті.
— Неге ұрлайсыз? — десем.
— Ұрламағанда қайтейін, шырағым,— дейді Төребай,— еңбек ақы түкке
жетпейді. Ақша құнсыз. Бойнаның ақшасы емес, осындай олжасына
қызығып жүрмін.
— Ұстап алса қайтесіз?
— Амал қанша оған!.. Былай да, былай да өлу!.. Ұсталып та, сотталып
та жатыр жұрт... Сонда да ұрлайды... Ұрламағанда қайтсын, Өлсін бе?..
Басқаша күн көрер кəсібі жоқ!..
Аз отырып жайланғаннан кейін, Төребай арғы тарихын сөйлеп кетті.
— Менің жасым биыл елу алтыда,— деді ол,— əкем Сарыбай осы арада
өмір бойы кірпіш соғумен өтті. Мен тоғыз жасымда жетім қалдым. Содан
бастап, кеше патша түскенге шейін кірпіш соғудан жазы-қысы босаған
емен... Мен артық сөздің кісісі емеспін, шырағым, қата айтты десең
көршілерден сұра, осы бір тұстағы кең ойықтың балшығын мен қазып
түгестім... Осы жуан табаныммен,— дейді Төребай, жалпақтығы
пілдікіндей табанын көрсетіп,— нелер мыңдаған кірпішті жаяу иледім...
Жылына қырық мың, елу мың кірпішті подрядчикке өткізіп тұрған
кездерім болды...
— Онда неғып байып кетпегенсіз? — дедім мен.
— Ойбай, балам - ай, білмегенсін айтасың ғой! Қайдан байисың,
кірпіштің біреуін жарты тиыннан əрең өткізетін күніміз болды!... Сонымен
байи ала ма кісі?.. Подрядчик бізден жарты тиынға алса, заводқа бір
тиыннан сатады...
— Заводқа тура неге сатпайсыздар?..
— Ойбой, шырағым - ай, оған күш қайда, көлік қайда!..
— Ол жұмыстан неге шықтыңыз?
— Шығайын деп шықтым ба, балам - ау!.. Аударыспақ заман басталғалы
кірпіш күйдіретін заводтар тоқтады. Басқа кəсіп табылмады. Содан, мына
ши - аяқ балаларды асыраймын деп, былтырдан бері бойнаға кірдім... Бұған
кіргенше біреудің ала жібін аттаған жан емес едім, қандай ауыр азапта
жүрсем де, біреудің мүлкінен тал шайнап, қыл жұтқан күнім жоқ еді...
ашты-тоқты отырсам да, адал еңбегіме жалынатын ем. Баяғыда біреу
айтқан екен «байлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді»— деп. Жоқтық
жеңеді екен, шырағым!.. Аштан өліп баратқан соң арамды да ауызға салады
екенсің!.. Арам емей немене, мынау қуырылып жатқан шек - қарын?..
Ұрлап əкеп отырған жоқпын ба, мен оны!.. Ұрлаған соң арам емей
немене?.. Ұрламайын десең аштан өліп барасың, өзің ештеңе етпес ең,
қатын-балаң аштан өледі!.. Ақыретке барғанда не деп жауап берерімізді
қайдам, əзірге ұрлықтың қуырдағына тойып жатырмыз!..
Біздің алдымызға əкелген үйеме қара табақ, майы шылқылдаған
қуырдақ, тамаша тəтті екен... Қолыма тиген кетіктеу ағаш қасықпен
қуырдақты майына батыра көси соға бастадым...
— Же, шырағым,— деп қояды, маңдайынан тері сорғалай, қуырдақты
мол асап отырған Төрекең маған анда-санда қарап қойып,— «адам айдаса
барман, дəм айдаса қалман» депті ғой бұрынғылар. Дəм айдап келе қалған
шығарсың, бар мəзір, жоқ жайымыз осы, же, тойып!..
Қанша қомағайланып жегенімізбен мол қуырдақтың мұрты сынар түрі
жоқ... Қуырдақ артынан қою қара шай келді. Соны сораптай тартып кеңесіп
отырғанда түн ортасы ауып кетіпті...
— Қазақта «кел демек бар, кет демек жоқ» деген мақал бар,— деді
Төребай, мен уақыт жайын сол үйдің қабырғасында тықылдай соғып
тұрған қаңылтыр арзан сағаттың тілдерінен көріп, пəтеріме қайтпақ
ойымды білдіргенде,— бар мəзір, жоқ жайымыз осы. Бұдан басқа берер
тамағымыз жоқ. Бірақ сен осы үйге ұйықта да, таң біліне менімен бірге
тұрып кет пəтеріңе.
— Неге, Төреке?
— Ұры көп. Ең алдымен, осы Кірпіш сарайда, екінің бірі ұры. Біреу-
міреу өлтіріп кетер...
Амалсыз қонуға тура келді.
Күні бойы қаланы аралап шаршаған да болуым керек жəне асқа
тыңқиып тойып алған кісімін, өліп ұйықтап қаппын...
Күбірлеген дыбысқа ояна кетсем, Төребай мен Айша тұрып, сығырая
жанған білте шамның қара-көлеңке сəулесімен жабдықтарын жасап жатыр
екен: Төребай жұмыс киімдерін киіп жатыр, Айша оның ішіп кетер асын
қамдап жүр...
Ас — түндегі қуырдақтың қалдығы мен шəй. Оған мен ортақтаса кеттім.
Ac үстінде:
- «Ал»— тілі деп ойлама, шырағым,— деді Төребай,— асықпасаң бүгін
де жат! Тіпті жұмалап жатсаң да мейлің. Осы қуырдақтан артық береріміз
де, кем береріміз де жоқ.
Рахмет, Төреке,— дедім мен.— Қуырдағыңызға да, ниетіңізге де
тойдым. Пəтер жағыма барайын, мені іздеп жатқан болар.
Өзің біл.
Тысқа Төребай екеуміз бірге шықтық. Маған бүкіл Қызылжарда ең
жақсы адам осы кісі сияқтанды. Екеуміз қолымызды ұзақ уақыт қатты
қысып қоштастық: Төребай ойға қарай шұбатылған жолмен төмен кетті,
мен жарға асылған жолмен биікке ерледім... Биік жарға ерлеп келе жатқан
менің ұзақ уақытқа дейін есімнен Төрекең шықпады. Не деген жақсы кісі
ол!..
|