Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет61/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   107
Бірінші бөлімнің соңы.
1930—1954 жылдар
Алматы.


ЕКІНШІ КІТАП
РОМАН
АЗАТТЫ ЖОЛДА
Бұл еңбегімді — азамат соғысының
құрбандары, қанды көйлек жолдастарым:
Владимир Иосифович Гозакқа,
Баймағамбет Қанапияұлы Ізтөлинге,
Жақып Қыстаубаевқа арнаймын.
Автор


БІРІНШІ ТАРАУ
ОҚУ ЖОЛЫНДА
МИЛЛИОНЕРДІҢ ҮЙІ
Сонымен біз ауылдан Қызылжарға

аттануға ат жектік. Серіктерім
Боржабай мен Бəкең. Бəкең біздің елдің атақты байы Торсанның баласы. Ол
— ортадан жоғары бойлы, имектеу ашаң денелі, сопақтау бетті, əдемі қыр
мұрынды, үлкен қара көзді, қою қара мұртты, сақалын қырып жүретін
аққұба сұлу жігіт. Ол шаһар ғұрпымен сəнді киінеді: басында қаракөлден
тіктірген ноғайша дөңгелек бөрік, сырында Австрия офицерінің
жалбағайлы дождевигі, оның ішінде фабрикадан шыққан трико костюм,
оның, ішінде жаға - жеңі кестеленген украинша көйлек, аяғында қисық
табан шегірен етік, оның сыртында біз тұмсық резинка калош. Солайша
киінген Бəкеңнің түр-тұрпатын қалалық бай - батшадан айыруға болмайды.
Боржабай орта ғана бойлы, жуантық денелі, дөңгелек бетті, қалың
ерінді, жасаураған кішірек қоңыр көзді, ұйысқан қысқа қара - жирен
сақалды, таңқита басқан сирек мұртты, домалақтау май мұрынды, қоңыр
енді кісі. Сол кезде Боржабайдың үйінде жүз елудей қой, жиырмадан астам
жылқы, қырық - елуге жақын сиыр бар. Оның үстіне жұрт Боржабайды
ақшалы да деседі. Дəулеті сондай бола тұра, Боржабай аса жұпыны киінеді.
Мына сапарға шыққанда ол үстіне қайдағы ескі - құсқыларын артып,
ауылда жоқшылық көріп жүрген кедейлердің біріне ұқсап кетті.
— Бұның не, Боржабай - ау, осынша сорлы боп киініп?!
Таныған жерге бой сыйлы, танымаған жерге тон сыйлы» демей ме, атаң
қазақ? Жолшыбай жат ел. Ар жағы — Қызылжар. Ауыл арасы болса бір
сəрі. Шаһар халқының ең сорлысы ауылдың тəуірінен артық киінеді.
Сонда, осы киіммен қалай жүресің? Киімің жоқ болса бір сəрі. Тəп - тəуір
киімдерің бола тұра мұнша жұтайтын не болды саған? Таста, тəуіріңді ки!
— деп əркімдер ақыл айтып еді, Боржабай əуелі:
— Қайтем, сыланып? Менің əкем — Орынбор, Сібір тегіс білетін Торсан
емес, ат шаптырым жерден арғы ел білмейтін Тəпіш. Сыланса Бəкең мырза
сылансын, маған осы шоқпыт та жараса береді,— деп қалжыңды жауап
берді де, жұрт өз сөзін айтып баспалатып кеткен соң:
— Таста, ақылдарымен өздерің бай болыңдар! Баяғыдан бері сендердің
ақылдарыңмен күн көріп жүрген жоқпын! —деп тік қайырып тастады.
Жұрт менің киімдеріме де көңіл бөлді. Менің үстімде: басыма кигенім
ситсамен тыстаған елтірі берік, ішімде қапқа арнап тоқыған кенептен
көйлек-дамбал, сыртымда қолдан тоқылған шекпенмен тыстаған жабағысы


ескі күпі, аяғымда ала жылқының малмаға сап илеген, жүні қырылмаған
қайысынан тіккен етік, ұлтаны қалың сірі.
— Мына киіммен бұл қайда барады? — десті əркімдер.
— Бұдан басқа киімің бар ма? — деп сұрады біреу.
Мен басымды шайқадым.
— Апаларына не болған?! — десті бірнеше адам.—Осы қаршадай
баланы бүтіндеп жіберуге, екі бірдей апасының күші келмегені ме?
Ауқатты жездесі Сүлейменге не болған. Өзге малына тимей-ақ, қырық-елу
қойының бірін сатса ғой, осы баланы бүлдіршіндей ғып аттандыруға
болады. Осынша жұрдай ғып жібергені несі?!.
— Малы бар кісі, жоққа жəй қарасқанын қашан көріп еңдер, — деді
біреулер,— өзіңде жоқ болды — өлдің!..
— Ақшасы бар ма, осы баланың? — деді біреу.
— Аздап бар, — деді Бəкең.
— Қанша, сонда?
— Қырық-елу сомдай сумақ бар ғой деймін, бала? — деп сұрады Бəкең.
Мен үндемедім. Бəкең мана санаған, одаң артығым жоқ.
— Бары сол,— деді Бəкең, мен үндемеген соң.
— Ойбай-ау, онымен не күң көреді? — деп шу ете қалды көпшілік.— Бір
айына да жетпейді ғой ол. Ар жағында не істейді?
Əркімдер «өлмегенге өлі балық жолығады» деген, «ер азығы мен бөрі
азығы жолда» деген, «талапты ерге нұр жауады» деген... сияқты жігер
беретін сөздер айтып жатқанда:
Ал, мін, бала тарантастың алдына,— деді Боржабай, Бəкең екеуі
арбаның артына мініп, мен де міндім.— Айда, атты!...
Біз жүріп кеттік.
Біздің мінгеніміз — үстіне тоқыма кең қорап салған тарантас, жеккеніміз
екі ат: ортада Боржабайдың балуан денелі, қырсаулау жүрісті, алып күшті
торы аты, шетте жіңішкелеу денелі, асығыс қимылды Бəкеңнің қара көк
аты. Бəкең мен Боржабай қорабтың ішінде қатар отыр, мен қорабтың
алдында божы ұстап отырдым.
Аттанар алдында Боржабай мені оңаша шығарып ап мынадай тапсырма


айтқан еді:
— Сен бала, салмақты шеткі атқа сала айда! Бұл сапарда біздің
сенетініміз ортадағы ат. Ол болдырса жаяу і.аламыз. Шеткі ат болдырса
оқасы жоқ, жетектеп алуға да оюлады.
Аттанғаннан кейін көріп келем, шеткі атты айдамасам да, барынша
қимылдап, ауыздығымен алысып отырады. Бұл жүрісімен болдырып қалар
деп ойлаймын да, шеткі аттың божысың тежей берем. Онымды ұнатқандай,
Бəкең Божабайдан жасырып маған көзін қысып қояды, ал, Боржабай
Бəкеңнің көзін жасырып: «Шеткі атты айдап отыр!» деген бұйрық белгісін
көрсетеді.
Кешке қарай Бəкеңнің аты босаңсуға айналды. Оған біз қаңғыра да
қойған жоқпыз, өйткені, бұл атты Бəкең жолда Тайгөттің Сүлеймені деген
кісінің үйіне тастап кетіп, одан ат сұрап мінгелі келе жатыр.
Аттар тың болғанда, олар Тайгөт аулына жетіп қонбақ еді... Бəкеңнің аты
жарамайтынын көрген соң, Боржабайдың жолда қонғысы келді. Қайда қону
туралы екеуі таласыңқырады. Бəкеңнің еркіне салса Тəштиттің Қамзасы
дегендікіне қонбақ.
— Қай Тəштит? — деп сұраймын мен.
— Неше Тəштитті білуші ең? — деп, Боржабай сөзге араласқанымды
ұнатпағанмен, мінезі елпілдек Бəкең:
— Табайдың Тəштиті,— деп жауап береді.
Мен де жайдан-жай сұрап отырған жоқпын. «Табайдың Тəштиті деген
бай болған, патшадан шен алып, шекпен киген. Есенейдің аға - сұлтан
көзінде, соған заседатель болған, қалдық құрып, өмірін сауықпен
еткізген...» деген сөздерді үлкендерден еститінмін.
Ол туралы:
«Баласы Табай байдың Тəштит сылқым,
Болыпты жүрген жері думан - күлкі.
Бір перзент өз белінен болмаған соң
Қалыпты ағайынға жиған мүлкі».
деген өлеңді талайдан естігем. Баласы жоқ дейтін сол Тəштитке Қамза
атты бала қайдан сая болғанын таң көрін сұрап отырмын.
— Өз баласы емес, асырап алған жиені,— деп жауап берді Бəкең, менің
сол сұрауыма.


— Сіздерге жақындығы бар ма еді, ол Тəштиттің?
— Есенейдің жиені. Соның апасы Матақтан туған. Өле-өлгенше біздің
үйге жиен боп келіп жүрді. Өзі өлгеннен кейін, асыранды баласы біздең
суынды.
— Суынбағанда қайтсін,— деді Боржабай қуланған боп,— ол — кедей,
сен — бай. Бай мен кедей қашан ілік болушы еді.
Бəкең үндемей қалды.
— Неге кедей болған ол? —дедім мең.
— Мал баға білгенге бітеді,— деді Боржабай,— өзі асыранды, өзі ақылы
жоқ бала, ауыр дəулетті ұстаудың орнына ит жүгіртіп, құс салып кетті де,
қолдағысынан айрылып қалды.
Бұл сөз Бəкеңнің қытығына тиген сияқтанды, өйткені, Торсан балалары
да серілікті көбірек құрып, малға аз қарайтын, соңдықтан Бəкең
Боржабайды да қырнап өткісі келген адамша:
— Қайтқысы келген дəулет, сенің пысықсығаныңды не қылсын. «Бай бір
жұттық» демей ме қазақ. Мал есірген талай бай, бір жұтта тақыр кедей боп
қалмайтын ба еді, малы қырылып? — деді.
— Ақылы жоқ бай ол,— деді Боржабай,— Ақылы бар Əлти, Сəпінің
малы неге қырылмайды? Доңыздың

жұтында да олардың түгі құрыған
жоқ. Неге құрысын: күн бұрын қам жеп жыл сайын жаздыгүні мая-мая шөп
шаптырып үйгізеді. Салақ бай оны істемейді де, қыс қатты болса жұтайды.
Боржабай Бəкеңді осы Əлтидің үйіне сүйремек ниетін көрсетті.
— Баяғыда бір ілігім еді деп несіне іздейсің, біреудің асыранды баласың
— деді ол Бəкеңге,— қонақ күтер жайы жоқ деген оның. Жолаушы
шыққанда тамақ тоятын жер керек. Əлти үйінің күтпегені, Қамзаның
күткенінен артық. Бүйіріміз шыға ас ішетін Əлтиге барып түсейік.
Əлти деген сөзге менің құлағым тағы елең ете қалды. Ол баяғыда, менің
əкемде «елу шөмеле шөбім бар еді» деп, жалғыз сиырдың торпағын алатын
Əлти. Оның байлығы туралы мен қайраң қаларлық неше түрлі аңыздар
естігем, үйін көруге құмартатынмын. Оған қосымша, қажетті жұмысым да
бар: Омбыға оқуға бару үшін. болыстан менің куəлік - қағаз алуым керек.
Болысымыз Əлтидің Сейтақ деген баласы. Оның жол үстінде болғаны
маған қуаныш боп келеді, əйтпесе, қиғаш жаққа серіктерім мені апара ма,
апармаса, мен Омбыға бара алам ба?!
Бəкең Əлти үйіне қонуға ризаласты, содан кейін Боржабай екеуінің сөзі,
Əлтидің байлығы туралы Бəкең:


— Жылқысы екі мыңды алқымдап жүр дейді-ау, осы үйдің!.. Сиырды да
мол ұстай бастапты ғой... жəне, немістің қызыл - қасқа швиці болса керек.
Əрқайсысы күніне үш шелектен сүт береді дейді... Бір-бірінің ауырлығы
қазақы сиырдың үшеуіне татиды білем!.. Қойды да мыңнан асырып
ұстайды деседі! Сауда малы қанша!..— деп мал жағын айта бастаса:
— Тəйірі - ай, малды байлық дегенің не қылғаның!.. Ақшада емес пе
байлық?.. Ақшасын айтсаңшы оның! —дейді Боржабай.
— Сонда қанша екен? — деген сұрау береді Бəкең.
— Оның ең сенімді приказчигі — Қопабайдың Ысыманы менімен дос
еді ғой, — деп жауап береді Боржабай,—екеуміздің айтыспайтын сырымыз
болмайды. Соның сөзіне қарағанда, бұл Əлти Қорған қаласындағы бəңке
ұстаған төрт миллионердің біреуі екен ғой. Былтыр патша түскеннен кейін,
Əлти қағаз ақша қалады деген сөзді естиді де, бəңкедегі бар ақшасын
алтынға айырбастап алмақ болады. Соған Əлти өзінің үлкен баласы
Садуақас пен Ысыманды жұмсайды. Бəңке бастығы пара алады да, алтын
беруге ризаласады.
— Иə, оны естіп ек,— дейді Бəкең,— сонда қанша алтын алған екен?
— Ысыман өтірік айтпайтын кісі. Оның сөзіне қарағанда, суммасы бір
миллион сомдай болса керек!.. Темір сандыққа салған алтынды құрым
кигізге орап, ауылға елеусіз түрде əкетіпті. Одаң кейінгісін Ысыман
білмейді. Қауесет сөзге қарағанда елеусіз жерді қазып тықса керек. Қайда
екенін Əлти мен Садуақастан басқа жан білмесе керек.
— Шіркін, соның үстінен түсер ме еді! —деп арман етеді Бəкең.
— Миллион сомның алтыны, көп дүние - ау! — дейді Боржабай,—
саудаға салса қандай тамаша болар еді!.. Біз Қалшақтың құнсыз он мың сом
қағаз ақшасымен де сауда жасаймыз деп келеміз, Бəкең, ə?!..
— Ол рас,— деп Бəкең қоштап қояды да, — осы Əлти жыл сайын
Атбасар, Тайша, Қоянды сияқты жəрмеңкелерден мыңдаған өгіз жинап,
Қорғанның ет заводына құлатып тұрушы еді. Биыл сол саудасын істемей,
үнсіз отырып қалды-ау!.. Сонысы несі екен?! —деп сұрады Боржабайдан.
— Жұрттың бəрі соны айтады,— дейді Боржабай,— заман аумалы-
төкпелі боп тұр ғой, қызыл жеңері, ақ жеңері белгісіз боп. Біреуі жеңіп,
ақшасы тұрақты болғанша, сауда істеп не ақысы бар. Жəне іш майы қалың
адам, бір миллион сомның алтыны жамбасында басулы, оған өзге сауданың
керегі не?..
— Ендеше, сауда істеп, біз несіне азаптанып жүрміз? — дейді Бəкең
жымиып.


— Тəйірі, біздікін қойшы! Біздікі — көктемде жауған көбік қар сияқты
бірдеме емес пе, бүгін жауып, ертең еріп кететін? Біздің бес-он тиын
тапқан пайдамыз күнделік құлқынымыздан артады деймісің... Əлтидей
алтыным болса, ат қинамай мен де үйімде шалқайып жатар ем,— дейді
Боржабай.
Қалың қара ағаштық ығына орналасқан Əлтидің қыстауына біз
ымырттатып жеттік. Бұл қыстау, қазақтың мең керген өзге қыстауларының
біреуіне де ұқсамайды. Мұндағы қыстау қала тəртібімен көше боп
салынған, қаңылтыр

шатырлы, биік қарағай үйлер. Олардың, араларына
шұбала салынған қоян - жон ағаш сарайлар.
— Шіркін, байлық - ай,— деп таңданады Боржабай, — үйлерді, қора
қопсыларды салуын - ай!..
— Жаңа көріп пе ең, мұндай қора-қопсыны? — деп Бəкең Боржабайдың
сөзін ұнатпайды. Олай демегенде қайтсін: бір кезде өзінің де үйлері мен
қора-қопсылары осындай болған. Олар кейінгі — дəулеті шағындалған
жылдарда орыс поселкелерінің байларына сатылып, биік қарағай үйлердің
орнына аласа шым үйлер орнаған. Тек Торсанның өзі ғана болмаса, қазір
оның балалары түгелімен шым үйлерде тұрады. Ендеше, Əлтидің мынадай
биік қарағай үйлерін көргенде, ол күрсінбей кім күрсінеді...
Біз көшесіне кіргенде ауыл əбігер екен: біреулер табын - табын
малдарды қоралап жүр, біреулер бричкаларға тиелген шөптерді албарға
үйіп жатыр, біреулер отын үю жабдығында... Көше сапырылысқан малдар
мен адамдардың дауысынан ың-жың.
Менің серіктерім Əлтидің Садуақасының үйіне түсті. Оның əйелі Ыбыш
Бəкеңнің немере апасы екен.
Біз кірсек, бұл үйде қартаңдау қызметкер əйелден басқа жан жоқ екен.
Оның айтуынша, Садуақас шөп үйісіп, Ықыш мал қораласып жүр. Бəкең
бұл қылықтарын ұнатпай:
— Қаншама жалшы ұстап отырып, өздері жұмысқа араласып, не
жетпейді екен бұларға?!.. Жалшыларын жұмсап неге жатпайды екен?! —
десе:
— Осынша байлыққа ие боп отыруы да сондықтан ғой иулардың?! —
дейді Боржабай,— піркəшіктері мен жалшыларына сеніп отыра берсе, жай
ғана байдың бірі боп, мұншама мал-мүлікті жинамас еді. Басы Əлтидің өзі
боп, осы үйде қара жұмысқа араласпайтын бір жан жоқ. Жəне
жалшыларынан ерте тұрады, кеш жатады...
— Ə, қойшы, соны да мақтамай! — дейді Бəкең, кейіп — Рақатын
көрмеген байлықтың несі қызық!..


Садуақастың ағаш үйінде кең бес бөлме бар екен, менің серіктерім бəрін
де аралап көрді. Бөлмелердің бəрі де мен бұрын кермеген жақсы
мебельдермен жиналыпты. Қазақы жасауларға ғана көзі үйренген
Боржабай, мына мүліктерге кеңілі толмаған дауыспен:
— Кілем, көрпелері қайда мұның? — десе:
— Ондай жасауларын бұл үй теңге буып сарайға қояды деген,— дейді
Бəкең.
— Көгі пе екен, сонша?
— Өткен жазда алашорда азаматтары келіп, елден солдат сұрады ғой,—
деді Бəкең,— сен онда болған жоқсың ғой, Боржеке. Мен болдым. Əлти
хажы былайғы жұртқа Ауылдан келген жабайы қонақтарды сендер
күтіңдер, оқыған азаматтарды өзім күтейін» депті. Азамат саны жүзге тарта
кісі екен. Соларды Əлти хажы өзінің жазғы үш үйіне бөліп түсіреді де,
шаһар ғұрпын істеп, асты əркімге жеке ыдыспен бергізеді. Сонда осы үйдің
сандықтарынан бұрын ешкім көрмеген, неше түрлі кəрлен шəшкелер мен
фарфорлық қымбат тəрелкелер дюжиналап шығыпты. Қызылжардан,
Омбыдан келген азаматтар «апыр-ай, қазақта да мұндай мүлік болады
екен!» деп, аузын ашып, көзін жұмды. Кешке қонақтар жатарда, теңдеп
буған кілемдерден, ине - жіптен жаңа шыққан нелер асыл көрпе-жастықтар
алынып, жүзден аса қонаққа мол жетті...
— Сонша байлықпен осы Əлти үйінің тасымайтынын айтсайшы! —
дейді Боржабай,— жарқырап киім де кимейді, саймандап ат та мінбейді,
жабайы шаруаның, қатарыңда жүре береді...
— Дүниеқоңыздық та,— дейді Бəкең тағы да ұнатпай.—Қарымбайдан
бай деймісің, бұл?.. Сараңдығынан жер жұтқаннан кейін, оның да бар малы
жер жүзінің аңы боп тарап кетті деген... Бұл да ұзап қайда барар дейсің!..
— Ертең кімнің не боларын кім біліпті,— дейді Боржабай, — «жемесе
де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деп неге айтты дейсің бұрынғылар.
— Бермеген байдың несі жақсы дейсің,— дейді Бəкең,— жақсы болса,
«қайырсыз болса байдан бөз, панасыз болса сайдан без» — деп неге айтқан
бұрынғылар? Бұдан қайырсыз бай болады деймісің. Нанбасаң,— дейді
Бəкең мені иегімен нұсқап,— мына балаға ақша алып берші, бір қыс оқып
шығатын!.. Жетім десең осы, ақшасыз - пұлсыз десең осы!.. Көрерсің,
бұған бір тиын да бермейді...
— Неге берсін,— дейді Боржабай,— айдалаға қаңғырып кетіп бара
жатқан біреуге ақша беріп құтырып кетіп пе?..
Үй иесі — Садуақас, қонақтар шай ішіп жайланғаннан кейін ғана келді.
Менің оны көз тоқтатып көруім осы жолы ғана: ұзын бойлы, қоңқақ қыр


мұрынды, иегін түгел жапқан қалың сақалды, қара мұртты, қоңыр өңді
адам екен,— үстінде жамаулы жұмыскер киімі, беті-қолы шаң.
Қонақтарымен сəлемдескеннен кейін, ол тез жуынды да, іле шаруа
жабдығын кеңес қып кетті:
— Биыл біраз малды осы маңға алып қаламыз деп, қысқы азығың
қамдау қиын боп жатыр. Жалшыларға көмектеспесек болатын емес. Шөп
үйісіп кешігіңкіреп қалдым, ренжи көрмеңдер!..
— Қанша мал салмақ едің? — деп сұрады Боржабай.
— Бес жүздей сауда өгізі бар еді, соның тең жарасы участокте, тең
жарасы осында болмақ. Сауын сиырдан мұнда жүз шамалысы қалар дейміз.
Өзгесі қой-ешкі, бұзау -торпақ дегендей ұсақ мал.
- Дүнияның шөбі керек екен-ау оған! — деді Боржабай өзі асырап
шығатындай-ақ, көзін бажырайтып қойып.— Сауда өгізін неге сатып
жібермейсің, осындай семіз көзінде? Азапқа батып қайтесің оны асырап?
Сатсаң алатының ақша. Оның керегі қанша қазір? Ақ жеңері, қызыл
жеңері мəлімсіз боп тұрған жоқ па, қазір. Қайсысы жеңсе, сонысының
ақшасы жүрмей ме? Өгіздерді Колчакқа сатып, ертең ақшасы іске аспай
қалса қайтем? Одан да өгіздерді сақтап, кім тұрақталса соған сатайын. Шөп
жетеді. Келер жылға дейін заман бір жəйлі болар...
Біраздан кейін Садуақастың інісі Сейтақ келді. Қораштау денелі,
кескінсіздеу қара бұжыр, бұл жігітті бұрыннан білем. Ол қаладағы байдың
балаларынша сəнді киініп келді. Қылық -мінез жағынан ағасымен екеуі бір-
біріне ұқсамайды екен: ағасы шаруашылыққа байланыссыз сөзді айтпайды,
соның өзінде сараң сөйлейді: ал інісі — сөзуарлау, сықақ қойлау жігіт.
Менің оқуға бара жатқан жайымды білгеннен кейін:
— Бұл өзі кім дегеннің баласы дедің? — деп сұрады ол Бəкеңнен.
— Мұқан дегеннің баласы, дедім ғой.
— Сонда, қай Мұқан? Баяғыда «Мұқан правитель» деген бопты деуші
еді, соның нəсілі ме?
— Жаманшұбардағы Мұқан,— деді Бəкең Сейтақтың сықағанын
ұнатпаған кескіңмен.
— Ə-ə, сол Мұқан ба? Ондай Мұқан барын да естіп едік. Қарай гөр
бұның талаптысын!.. Осы немең оқып кеп, түбінде елді билеп жүрмесе не
қылсын!
Былай да қитығып отырған Бəкең, Сейтақты осы арада бір шалып
қалғысы келгендей:


— Е, несі бар, билесе билейді де!..— деді салмақты дауыспен,— ертең
қызылдар келсе, осыларға билетпегенде, сені мен маған билетер деп
отырмысың?
Бəкеңнің ілгіш сөзіне ілгіш жауап беріп:
— Маған не істер дейсің, қызыл? Тұқымымда Советке қарсы шығып
алашорда боп жатқан ешкім жоқ,— деді Сейтақ.
Бəкең бұл сөзге сұрланып, ашуланған белгі көрсетті, өйткені, оның інісі
Қази, Омбыдағы алашорда бастықтарының бірі, сондықтан, Сейтақтың
ілгіш сөзіне қиқая жауап беріп:
— Қызылдар келе қалса, үйіне ұялы алашорданы түсірген кісілерді де
елеусіз тастамайтын шығар,— деді.
Сейтақ та бұл жауапқа қызып қап, тігіндеу бірдеме айтатын кескін
көрсетіп еді.
— Қойсайшы!—деп Садуақас тоқтатып тастады.
Сейтақ пен Бəкеңнің ілініскен кесірі маған тие жаздады.
— Соғыс көзі,— деді ол, менің куəлік қағазым сөз болғанда,— үкіметтен
«солдат жасындағы жігітке, шетке шығатын қағаз берме» деген бұйрық бар,
оны орындамауға хақым жоқ,— деп қасарып біраз отырды да, Боржабай:
— Жетім бала ғой, шығарым Сейтақжан. Бəрі бір күн көрістің қамы да.
Қайтесің мұнымен есептесіп? Сауабы тиер, бер, керек қағазың! —деп
жалынды.
Оған да көнгісі келмей отырғанда:
— Берсең бер,— деді Садуақас,— бірақ қолды өзің қоймай, хатшыға
ғана қойдыр да, мөріңді бас.
Тегі, Садуақастың сөзін Сейтақ тыңдайтын болу керек, орыс хатшысын
шақырып алды да:
— Мынаған оқуға Омбыға барады деген удостоверение жазып бер де,
өзің ғана қол қой! — деді.
— Мөр ше? — деді хатшы.
— Басып берем.
— Үш сом! — деді хатшы.
— Берем! — дедім мен.


Колчактың үш сомдық тілдей қағазын бердім де, қол қойылып, мөр
басылған алақандай қағаз алдым.
Біраздан кейін шəй, одан біраз кейін ет келді. Ас мол болғанмен, Торсан
баласына лайықты мүшелер көрінбеген соң, əрі арнаулы мал сойылмай, өлі
ет асылған соң, Бəкең кіртиген қабақпен асты көңілсіз ішті, Боржабай
екеуміз қарын тойғанша төпеп соғып алдық.
— Бала,— деді Бəкең маған, Əлти балалары ас ішіп тарағаннан кейін,—
аттар сарығын басқан болар, отқа қою керек, тақ біліне жүреміз.
Мен аттарды қорада үйілген маяға апара жатыр ем:
— Əй, қайда барасың? — деді біреу. Қараңдап қасыма келген кісіні тани
кеттім, Сейтақ екен.
— Аттарды шөпке қоям,— дедім мен.
— Қайдағы шөпке?
— Қорадағы.
- Осындай, далада от тұнып тұрған кезде ме? Тəй, оттама! Əкет, далаға!
Аттарды орнына апарып байлап, серіктеріме Сейтақтың бұл қылығын
айтып ем, олар:
— Мына ниетінде бір пəле бар да, бұл иттің!.. Далаға барсаң бар, бірақ
таң қараңғысында қайтып кел, ертерек жүріп кетейік,— деді.
Дала аса көңілсіз екен. Аспанды қалың қара сұр бұлт қоршап
алғандықтан, төңірек көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Теріскейден соққан
өкпек желдің екпіні əрі күшті, əрі суық. Дымқос иісті далаға қалыңдай
түскен бозқырау, сипап көрсең қолыңа түрпідей тиеді. Осындай жағдайда
адам түгіл мал да елегізіп, ашыққан тұсаулы аттарым, дымқос жұмсақ
бетегені құшырлана жұлып, тістерін қышырлата шайнағанмен, бастарын
жерден əлсін-əлі көтеріп алады да, құлақтарын қайшыландыра төңірегіне
қарап, үйірсіреген дауыспен анда-санда кісінеп қояды...
Түн ортасы ауа жел бəсеңдеп, бұлт ыдырай бастады. Сиреген бұлт
арасынан зымырай жүзіп бара жатқандай көрініс берген жартылау айдың
жарығынан қараңғы дала күңгірттенуге айналды. Со кезде. оты қанып
қалғандай, аттар да жусағысы келген белгісін көрсетті, өзім де маужырай
бастадым. «Далада отырып не алам? —деген ой келді маған,— ауылға
қайтайын да, аттарды байлап қойып ұйықтайын».
Ойлағам, «ауыл шырт ұйқыда болар» деп. Келсем олай емес. Əр жерде
əлденеменелермен шұғылданып ербеңдеген кісі. Солардан ұрланғандай,
араларынан қымсына өттім де, ұзыншалау бір балшық үйдің ығында тұрған


арбама аттарымды байладым.
Балшық үй туралы: оның жалшыларға арналған үй екенін, осы ауылға
келген сағаттан - ақ білгенмін. Жамау - жасқаулы киімі бар жалшылар іңір
бастала - ақ сол үйге сапырылысып кіріп-шығып жатқан. Мана мен атты
отқа əкетерде, бұл үй маңының сыртқы қимылы бəсеңдеген, бірақ,
жыпырлаған терезелеріне қарасаң, əлсіз жанған кəрəсін шамдардың
жарығында сапырылған адам көлеңкелері жынның ойнағы сияқты қайнап
жатқан, үйі іші азан-қазан, у-шу да.
Енді, аттарды оттатып келсем, сапырылған көлеңке де, ызың-шу да
басылыпты, шамдар сөнген жоқ, терезелерден гиганттық мөлшерде бірер
адамның ғана қимылдаған көлеңкесі байқалады, көтеріңкі шу орнына,
тұтаса күмбірлеген баяу дыбыс естіледі.
Аттарымды жайғастырғаннан кейін, менің осы үйге кіріп-шығып, реті
келсе сонда жатып мызғып алғым келді. Неге екенін кім білсін, мені елеген
де, жатырқаған да адам болған жоқ.
Орта арқалықтарын ашалармен тіреген ұзын балшық үйдің іші
бөлшексіз тұтас екен. Əр жерде терезеге қойылған кəрəсін шамдардың бəрі
бұқтырылып, қызғылт оттарының қылтиған сүйрік ұштары ғана
жылтырайды, одам үйдің іші күңгірт. Кəрəсіннің жəне кір-қоңның иісінен,
сыртқы еркін ауадан келген менің тынысым тарылып жүре берді.
Жұрт төрге басым бере қаз-қатар жатыпты. Кейбір ыңырсыған, жылаған
балалардың дауысына қарағанда, семьялы адамдар, немесе балалы əйелдер
екі жақ түкпірде - ау деп шамаларлық. Көпшілік қалың ұйқыда, сондықтан
қор-қор, пыс-пыс дыбыстар, құлаққа аса мазасыз естіледі. Əлдекімдер
ұйқысырайды... Əлдекімдер күбірлесіп кеңесіп жатыр...
Босаңдау бір орынға мен де сынадай сығылыса кеттім. Со бір тұста
күбірлескең екі адамның, мен жақтағысы:
— Бұ қайсысың? —деді маған.
— Жолаушымын,— дедім мен.
— Қайдағы жолаушы?—деп анау басын көтерді: ақ буырыл сақалды, зор
денелі кісі екен. Ол жастығының басынан шақшасын ап, насыбайын атты
да, босағаға қарай шыртылдата бір түкіріп ап, ақ буырыл ұзын қасы
желкілдеген қалың қабағын маған шүйілдіре бір қарап қойып,— қайдағы
жолаушысың, бала? — деді.
— Торсан ауылынан.
— Онда кімнің баласысың?
— Мұқанның.


— Ол ауылда Мұқан деген кісі жоқ еді ғой?
— Сəрсеке, қайтесің оны? — деді ар жағынан қаба сары сақалды біреу
басын көтеріп,— қай Мұқан болса да нең бар онда?
— Сұрайық та,— деді ақсақал,— неміз кетеді білгеннен.
— Жаманшұбардағы Мұқанның баласымын,— дедім мен.
— Шүкейдің бе? Иə!..
Алда қарағым - ай, сен бе едің, Мұқаннан қалды деген жалғыз жетім?
Бері келші, бетіңнен иіскейін! — деді де, «əкемнің жақыны болды ғой бұл
шал» деген оймен, мен басымды көтеріп қол бергенде, ол мені бауырына
басып, екі бетімнен кезек иіскеді.
— Көп жыл жолдас боп ем əкеңмен,— деді ол құшағын жайып,—
Сəпінің жылқышылығында бірге болдық. Одан кейін осы Əлтиге
жалдандық. Бейнеттен ол өліп құтылды. Мен осы есікте əлі жалшы боп
жүріп келем.
— Өзіңіз қай елсіз? — дедім мен.
— Мен Тоқпамбет Сибанда, Сəрсекей деген кісімін. Баласың ғой, қайдан
білейін деп ең мені? Жəне мен білгілікті кісі де емеспін, өз əкең сияқты, ес
білгелі кісі есігінде келе жатқан, еңбегі жанбаған бір бейбақпын.
— Ұйқы бер, Сəрсеке,—деді ар жағынан біреу.— Қайтейін мұңыңды ол
балаға шағып? Не бар дейсің оның қолында? Қызылдар келеді деп жүр ғой,
кешікпей?.. Жарлыны байға теңестіреді деседі ғой, сонда теңесерсің.
— Жоқты айтатындарың - ай! — деп, мына жағынан аунап түскен біреу
кейіп қалды.— Қызыл дегенді қайдан шығардың тағы?
— Атаса несі бар?
— Естімей жүрмісің, қызыл деген сөз аузынан шыққан кісіні бұл
үкіметтің оңдырмай жүргенін?
— Не істепті, оңдырмай? — деген біреудің сұрауына:
— Сол сөзді айттың деп, мына қасымыздағы Бақырілгеннен

он шақты
орысты ұстап əкеткен жоқ па, əнеугүні? Солардың кейбірін атып тастады
деп естіген жоқпыз ба?
— Естідік. Бірақ, кімнің аузына қақпақ бола алады үкімет? Орыс,
қазақтың кедейі боп, қызылдың келуін түгел тілеп отырған жоқ па?..
— Жағың қарыссын! — деді де, анау жамылған киімімен басын


тұмшалап алды.
— Қорықсаң сен қорық! — деді манағы сары сақал оған.— Біз қорқа
алмаймыз Əлтиден.
— Неге қорқамыз? Отыз үйлі Кешек боп, тайлы - таяғымыз қалмай, өмір
бойы жалшылығында келеміз. Сонда, азғантай алатын ақымызды да
дұрыстап бермейді...
— Сен оны айтасың, — деді, арғы жақтан біреу басын көтере түрегеп,—
манағы берген асын айтсайшы!.. Көке - жасық ет, ит болмаса адам жерлік
емес. Сорпасы қатықсыз қара көже, өзі сұп - сұйық. Тым болмаса нанды
тойғызып берсейші!..
— «Татырсайшы» деп неге айтпайсың? — деді басын бүркеп жатқан
біреу,— иттің қиы сияқтанған құрт - ірімшікпен іштік қой, сол сорпаны...
— Саған не жоқ? — деді ар жағындағы біреу оған,— анау Нұралы мен
Сибан сөйлесін, Көшебе, сенікі не?
— Бұ қайсысың, руға бөліп жатқан? — деп бет-аузын ұйысқан сақал
жапқан, далба көйлекті біреу түрегелді.
Сибан мен Нұралы ғана ма, Əлтиден тепкі көріп келе жатқан? —деді ол,
күрілдеген дауыспен,— ата жағынан қуғанда, мен Əлтидің туысымын.
Сонда, аяп жүр ме, туысым деп? Осы арада Отыншы, Салқай, Мамаңай,
Айдабол, Таңат — бес ауыл Көшебе бармыз. Көшебе ішінде Мəмбетпіз.
Əлти де Мəмбет. Туысым деп аяп отыр ма, бізді ол. Бұғалығын жақыннан
сап, ең алдымен бізді қылғындырып отырған жоқ па?.. Жаңағы бес ауылда,
Əлтиде ақысы кетпеген кісі бар ма екен, сұраңдаршы!.. Көрерсіңдер, ертең
қызылдар кеп, байдан кедейге теңдік əпергенде, Əлтиге жабылатын, ең
алдымен өзінің Мəмбеті болады...
— Апыр-ау, қоймадыңдар - ау! —деді манағы қорқақ,— айта бердіңдер -
ау, қызылды?.. Əлти естісе ғой, сілелеріңді қатырады!..
— Не істейді қатырғанда? —деді бірнешеуі,— қыра ма жұртты?.. Бірлі-
жарым болса қырар еді, көпті қалай қырады?..
Дау үдей түсті... Біраздан кейін, есіктен кірген əлдекім:
— Таң қараңғысы болды, тұрып жиналыңдар! — деді...
Сəрсекей далаға менімен ере шықты.
— Жай-жапсарыңды да сұратпады - ау, əлгілер у-шу боп! —деді ол
былай шыға,— иə, жол болсын?
Мен жол жайымды айтып ем:


— Бəрекелді,— деді ол,— жалшылықта тұрғаннан, Мұқан мен маған
мүйіз шыққан жоқ. Жақсылық болады, кедейдің күні туады деп те жүр ғой
жұрт, кім біледі, оқысаң, бағың ашылса, ілікке ілігіп кетерсің!..
— Əлтиге өш қой, Сəрсеке, əлгілерің! — дедім мен.
— Өш болмай қайтсін. Бір жыл емес, екі жыл емес, өмір бойы жалшы
боп келе жатқандар көп. Ақыларын дұрыстап бермейді, жарытып киім -
тамақ бермейді...
— Көп пе өздері?
— Жүзден аса жалшы жүр қазір. «Ал, теңдік тиді!» десе, Əлтиді тарпа
бассалғалы отыр.
Сəрсекеймен қоштасып серіктеріме келсем, олар да оянып, киініп жатыр
екен. Аттар жегілгеннен кейін:
— Ықыш қайда екен, бала,— деді Бəкең,— білші, амандасып кетейік.
Мен іздеп шықсам, Ықыш кең, ағаш сарайдың ішінде үлкен сепараторға
кəрəсін фонарьдың жарығымен сүт тарттырып жатыр екен. Мұндай
сепараторды мен қазақ-орыс старшиналарының сүт заводында ғана кергем.
Құлағын екі қарулы жігіт кезектесіп, мықшия əрең айналдырып тұр.
Қырынан қойылған кең қарағай бөшкеден екі əйелі сүтті шелектен кезек
көсіп ап, сепаратордың көмекейін əрең дегенде толтырып тұр. Сүттің
қаймағынан айрылған абыратын екі-үш əйел үлкен науаларға қотарып жүр.
— Бұл абыратты қайтеді? — деп сыбырласам, мені ертіп барған бала:
— Көп бұзау бар бұл үйде, соларды суарады,— дейді.
— Қанша?
— Жүзден астам.
— Сонша сиыр саудыра ма, бұл үй?
— Одан да артық. Бұзауларының көбін сатып жіберді.
— Қанша май алады сонша сиырдан?
— Кім білсін. Əнеугүні Қорғанға апарып, сексен пұт май сатты деп
естідік.
— Қой да сауа ма?
— Əрине!.. Май береді десе, қой түгіл итті де сауады бұл үй!..
— Қанша қой сауады сонда?


— Төрт-бес жүздей. Ондағы бас сауыншы — Əлти хажының бəйбішесі,
Ділдабайдың өзі. Қазір ол кісіні іздесең көгенделген қойлардың арасынан
табасың.
— Осындай күн суытқан кезде де ме?
— Бұл үйге қыс болса да мейілі, тек, малдың сүмесінен сүт шықса
болды. Сиырды қыстыгүні де саудырады...
Сепаратормен 
арпалысқан 
Ықышқа 
мен 
Бəкеңнің 
қоштасуға
шақырғанын айтып ем:
— Қап, қол тимей жатқанда! — деп ол қабақ шытып қалды да,—
тездетіңдер жұмысты!.. Мен қазір келем! — деген команда беріп, маған
ерді...
Ықыш кеп амандасқаннан кейін біз жүріп кеттік.
— «Дүние ұстай білген кісінің қолында тұрады» деген рас-ау!—деді
былай шыға Боржабай.— Көрдің бе, Бəкең, əлгі үйдің адамдарының
шаруаны қалай бағуын? Миллионер болуы да сондықтан ғой бұл үйдің.
Өзгеміз миллионер болсақ, көзіміз кермей жүр ме!..




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет