Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет63/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

ҚЫЗЫЛЖАР
Кпитаннан шыға біз, «линия» аталатын қазақ-орыс станицалары:
Болатнай (Новорыбинск), Кілəбін (Кладбинка), Біржан (Сенжарка),
Добраунай (Дубровный) арқылы жүрдік. Менің серіктерім бір жерден таң
еркін ата шығады да, күн бата жеткең жеріне қонады. Түнде жүруге олар
«төтенше өлтіріп кетеді» деп ұрыдан қорқады. Жолшыбай, ондай жаманат
хабар көп естіледі.
Торсан Қызылжар, Омбыға көп баратын адам болған. Ол да «жолы
арбаға тиышты» деп, көбіне осы «линиямен» жүреді екен, сондықтан əр
станицада тамыр-танысы болады екен жəне олар, көбінесе, станицаның
байы, атаманы сияқты, ылғи шонжарлары болады екен. Менің қайран
қалғаным, солардың бəрі қазақша жақсы біледі, кейбірі акцентсіз таза
сөйлейді.
Азамат соғысының тынысы жолшыбай сезіліп отырды. Біз түскен
үйлердің бəрі большевиктерге қарсы, сөздері қырамыз да жоямыз». Сөйте
тұра қорқынышын да жасырмайды. Бəрі уəделесіп қойғандай: «Егер
қызылдар жеңсе Қытайға кетеміз» дейді, біреулері буынып-түйініп
отырғаның да айтады. Торсанға аса жақынмын дейтін біреулері:
— Сəлем айт шалға,— дейді Бəкеңге,— ол да жиналған. Қызыл келсе
оған да жаман болады. Ол да бізбен Қытайға кетсін.
Біреулер Əлтиге де сондай сəлем айтады.
Соғыс тынысы бұл сөздерден ғана емес, дүниенің тарыншылығынан да
байқалады. Мысалы, Кпитаннан шыққалы бір ғана жерден бірер пұт қана
сұлы табылып, өзге жерден табылмай, аттарымыз шөппен ғана күн көріп
келеді. Жер дымқос боп жолдың ауырлауынан, жемнің жоқтығынан
Бəкеңнің солқылдақ қара көгі алдақашан босаңсып, көп жерде арба тарту
түгіл, өз денесін зорға сүйреп келеді, кейде соны шалдырып, тыныстатып
алу үшін əдейі тоқтаймыз.
Болдырмайтын Боржабайдың торысы. Ұрғаныңмен ол қатты да
жүрмейді, ұрмағаныңмен аяңдап та қалмайды, жерді ұтып отыратын бүлкек
бір жортағынан танбайды, ол жүріске, ертеден қара - кешке қажымайды.
— Міне, жылқы! — деп мақтайды Боржабай атын,— шаруа қолы
осындай ат қой. Мынау қара кектер немене? Сұлулығын қайтейін оның,
бойында түк қайраты болмаған соқ? Бұдан, аяңдаса да алысқа баратын
өгізім жақсы!..
Бұл кекеу сөзді атының ғана емес, өзінің де адресіне қабылдағандай,
Бəкең:


— Айтарсың!.. Бетің жүріп тұр ғой!..— дейді де қояды...
Жолшыбай сұлы ғана емес, сатып аларлық ешбір азық жоқ. Егер
Бəкеңнің тамыр-танысы болмаса, ашығатын түріміз бар. Соған қарап:
— Бұ дүние деген қаран - суалуға қалған екен! — деседі менің
серіктерім.— Мұның арты неге соғар екен?!
Олар да, оларға таныс адамдар да, қыспақта тұрған заманның қайда
соғарын болжай алмай дал болады. «Большевиктер кедейді жақтайды» деп
естігендіктен, оның төз орнауын, мен іштей тілеймін, бірақ ол ойымды
ешкімге білдірмеймін, білдіруге қорқам.
Дубровныйда менің əке-шешемді жақсы көретін Жама дейтін кісі
кездесті, кескіні əкеме ұқсайды, кейін естісем, ол əкемнің əкесі —
Шүкейдің заңсыз баласы екен. «Жама қарақшы» деген атты мен бұрын да
естігем. Ол шығарған:
«Таққаны Жама ағаңның алтын түйме,
Құдайым салды мені осынау күйге.
Ұлық кеп Жама ағаңды ұстап алып,
Апарып қамап қойды қараңғы үйге»,—
деп басталып, ар жағы Сібірге жер ауып барып қайтқанға дейін
айтылатын өлеңді, мен əнімен жатқа да білетінмін.
Жама менің əкем сияқты алып денелі, бірақ ондай момын емес, пысық,
ойыншы, күлдіргі, домбырашы, өлеңді термелеп екпіндете айтатын
термеші адам екен. Ол менің əке-шешемді ғана емес, ата-бабамды да жақсы
біліп шықты. Үлкендерден естуімше менің ата-бабам əуелі Мəулітте
(қазіргі 
Мамлютка 
темір 
жол 
станциясы), 
одан 
қазіргі 
Мүсін
(Явленка).тұсындағы Есіл өзенінің бойында тұрған, ол тұс біздің соңғы
мекеніміз — Жаманшұбардан жүз елу километрдей. Аталарымыз бұл
арадан кешкенде, ұзатқан қыз, нағашы, жиен деген сияқты туыстар қалып
қойған. Оларды көру — маған арман болатын.
Жаманың айтуынша, менің ол туыстарым əсіресе бірге туған ең үлкен
апам Дəмеш осы тұста қырық-елу шақырым жерде ғана.
— Сен бала, мына күйіңмен оқу іздеп қайтесің,— деді маған Жама,—
заман болса тарыншылық. Бір жерде аштан өліп қаларсың. Одан да,
туыстарыңа бар. Мен алып барайын. Заман тишыққанша тұр солардың
қолында. Білетін адамдардың айтуынша, заман осы бірер жылдың ішінде
бірыңғайлы болатын. Бағыңа қызылдың үкіметі орнаса, жетіліп кете
барасың! . Серіктерім де осыны мақұлдап еді, оқуға талпынған көңіл ерік
бермей, мең қалмайтынымды айттым.


— Ынтаң жақсы екен, бала, бетіңнен жарылқасын! — деді Жама.
Біз ілгері жүріп кеттік. Темір жолдан біз Кондратьев разъезінің,
қасындағы көпірден өттік. Бұрын естігенмен «от арба жүреді» дейтін темір
жолды бұл менің бірінші көруім. Бұған дейін мен арба доңғалағы мен ат
тұяғынан түскен талан жолдарды көргем, олардың қалай жасалуы
көңілімде сайрап тұр, ал, «темірден жол жасалады» дегенді құлағым
естігенмен, көзім көрмегендіктен, көңілім «соңдай жол болады» дегенге
сенбейтін. Енді көрсем — рас!..
Мен білетін жолдардың ізі ішіне қарай батыңқы болушы еді, мынау жол
— үстіне қарай шығыңқы!.. Арба қалай жүреді бұған?!.. Тайып кетпей
ме?!.. Əлде, көтеріңкі жолда қаба жүретін, от - арбаның доңғалағының,
табаны ойық бола ма екен?!.
Соның бəрін кергім кеп, көпірден өте тоқтайын деп ем.
— Құмартсаң көзің қанар, əлі!.. Келе жатырсың ғой, қалың темір
жолдың ішіне! — деп, Боржабай ілгері жүріп əкетті.
Кондратьевканың ар жағы қайқаңдау келген тоғайлы кең өлке екен.
Даланың өн бойында мыңдап өрген малдай қаптаған бірдеме.
- Бұ не, мынау қаптап жатқан?! —дейді, алысқа көзі буалдырланатын
Боржабай.
- Есіл алқабынан шабылған шеп қой,— дейді Бəкең,— маялар мен
шошақтар ғой үйіп қойған.
— Апырау, не деген көп мая мен шошақ?!. Сан жетпес, мынаған!..
— Биыл Есіл қатты тасыды деген. Суы асыл ғой, жарықтықтың
жайылған жерін құлпыртып жібереді ғой!.. Шалғыны өсіп тұрған кезде,
белуардан келген болар!..
— Əрине,— дейді Боржабай.— Мұншама жыпырлаған жиі мая соңдай
қалың шөптен ғана тұрады ғой. Қызылжар Есілдің осындай құнарлы
алқабының жағасына салынған екен-ау!..
— Со Қызылжар қашан көрінеді?— деймін мен.
— Өй, сен соқыр ма ең?— дейді Боржабай.— Көзім желге қарығып
бұлдырап келе жатқаң кəрі мен де көріп келе жатқан, көзге баттиып тұрған
қаланы көрмей көзің шықты ма?
Менімен қалжыңдаспайтын да, кекетпейтін де Бəкең:
— Сонау, тау сияқты теңкиген күрең-қызғылт биікті көріп келемісің,
бала?—дейді маған.


— Көріп келем,— деймін мен,— сол не өзі?
— Есілдің биік жары. Соның төбесінде, əне бір сорайғандарды жəне
ағараңдағандарды көремісің?
— Ия! — деймін мен, жардың биігінде жыпырлай ағараңдаған, олардың
арасында аспанға шаншыла сорайған бірдемелерге тіккен көзімді қадай
түсіп.
— Қызылжар сол! Қызғылт биік жарқабаққа салынған қала
болғандықтан жергілікті ел Қызылжар атаған.
— Петропавл дейтін себебі не?
— Ерте кезде қазақ жері екен дейді мұны. Осы жарқабақта Дəулеткелді
дейтін бай қыстайды екен дейді, руы атығай. О заманда, біздің елдің ханы
Абылай болған. Бурабайда отырған Абылайға Петр жəне Павел деген
ағайынды екі жігіт барып, Дəулеткелді отырған қабақтан, бір өгіздің
терісіндей жер сұраған. Абылай бұл сөзді қызық көрген де, ал деген. Əлгі
екі жігіт егіз терісін шарық жіптей жіп-жіңішке қып тіліп əкелген екен
дейді, соны жазып жібергенде, осы қаланың орнын түгел алып кеткен.
Абылай уəдесін жұта алмай, сұраған жерін берген, соған екі жігіт қала
салып, солардың, атымен «Петропавл» боп кеткен.
— Керемет жігіттер екен! — деп қояды Боржабай.
— Қызғылт жарқабаққа төніп тұрған сонау бір ұзынша ақ үйді
көремісің?— дейді Бəкең маған.
— Иə, көрем.
— «Абылайдың ақ үйі» дейді соны. «Еркіңмен бағындың» деп орыс
патшасы Абылай ханға сол үйді сыйға сап көрген.
- Хан мен патша біріне бірі сыйлайды екен-ау! — дейді Боржабай.
- Бұл арадан кішкене көрінгенмен, ол үш қабатты, бір орамды тұтас
алған үлкен үй, іші толған бытықы-шытықы бөлме. Əртінірек кезде Бұқар,
Хиуа жақтан осы Қызылжарға саудамен келген купестер (купец) түсетін
қонақжай екен, бертінде патша оны абақтыға айналдырған. Колчактың да
абақтысы сонда деп естимін.
Көп адам сия ма екен? — деп сұрайды Боржабай.
- Пəлен жүз кісі сиятын үй деседі. Ал, Колчак өзіне қарсы болғандардың
бəрін, тоғытқан қойдай қып қамап жатыр ғой. Білетіндер ол абақтыда
əлденеше мың адам бар деседі...
- Астапыралда, ар жағын айтпа! — деп Боржабай шошады...


— Сонау сорайғандар не екенін біліп келесің бе, бала —дейді Бəкең
маған.
— Жоқ.
- Біразы мешіт, біразы шіркеу...
Қанша екен солар?—дейді Боржабай.
— Татарлардың өлеңінде бар ғой:
«Питрапуыл қаласында, Алты масжит, биш ширкəу», — екен, расында
одан көп қой деймін.
— Алты мешіттің нешеуі қазақтікі?—дейді Боржабай.
— Қазақ қалада аз тұрады ғой. Көбін татар байлары салдырған. Қазақ
байларының салдырғаны біреу ғана, о да « бұл арадан көрінбейтін, кішірек
ағаш үй.
- Қазекем дінге салақ - ау! — дейді Боржабай.
— Өзің мұсылман бола тұра, өмірінде намаз оқымайтын, ораза
ұстамайтын сен сияқты!—дейді Бəкең күліп.
- Сонау ерекше сорайған биіктер,— дейді Бəкең маған, — завод пен
фабрикалар пешінің тұрбалары. Патша заманында олардың бəрінен
будақтап шыққан түтіндер, қаланың үстінде бұлттай үйіріліп, тұтасып
жататын еді,енді бəрі де сөнген...
— Неге? — дейді Боржабай.
— Колчакта күш бар ма, оларды жүргізетін? Соғыстан басы қатып
жатқан жоқ па оның?
— Зауыт - пəбірігі жұмыс істемесе, дүниені қайдан алады бұл?! —дейді
Боржабай.
— Қайдан алсын. Шет елдің байларына телміреді.
— Өйткен күні құрысын!..
Бəкең одан əрі маған Қызылжар қаласының ішкі құрылысын сипаттай
бастады:
— Бұл қала екіге бөлінеді,— деді ол,— бірі —«Ойқала», бірі
—«Дөңқала». Біз əуелі Ойқалаға кіреміз де, Дөңқалаға содан кейін
көтерілеміз...
— Əй, Бəкең-ай, қызықсың-ау, сен,— деді Боржабай мырс етіп,— жоқты


кеңес қыласың-ау, кейде! Неменесің, соншама түгел түсіндіріп отырсың
бұған?!
— Сағам, əрине, солай, Боржеке, — деді Бəкең.— Сен ауылда тұратын
адамсың, қалаға бүгін барсаң, ертең қайтасың. Товар алған дүкен мен пəтер
үй ғана керек саған, өңгесін біліп керегі жоқ, ал, балаға білу керек...
— Неменеге? — дейді Боржабай кейіп.
— Боржеке-ау, қала емес пе, бұл баланың іздеп келе жатқаны?
— Ə, қойшы!—деп Боржабай теріс қарады да,— жə, ендеше айта бер! —
деді.
— Білетін адамдардың айтуынша,— дейді Бəкең, — ең алдымен
«Ойқала» түскен екен. Жардың биік қабағында əскерлік казармалар мен
«Меневой двор» аталатын сауда -саттық орны ғана болады екен. «Дөңқала
біздің əкелеріміздің жігіт көзінен бастап орнаса керек...
Одан əрі Бəкең өзі білетін əлдене бір байдың байлығы туралы серпе
сөйлеп кетеді...
Темір жолмен тура тартса, Кондратьевкадан Қызылжар жиырма бес
шақырым, ат жолы көлденеңдеп Арханский аталатын селоға соғады да, əрі
қарай Есілдің шабындығы қалың сазды өлкесін орағыта отырып.
Ойқаланың түбіндегі көпірден кіреді. Бұлай жүргенде, Кондратьевкадан
Қызылжар қырық шақырымдай.
Сол жолмен жүріп келе жатқанда, менің көзімді тұндырған — манағы
айтқан маялардың жиілігі!.. Сонша шөп ескен не деген құнарлы жер!..
Маялардың арасында, кейде опатқа, кейде дөңеске қалың тал өседі екен.
Кейбір тұста, дөңгелене, сопақтала, имие біткен, төңірегіне қалың қожағай
шыққан сулар.
— Есіл тасығанда толтырып кететін бұл көлсымақтарды,— дейді Бəкең
маған,— «Қарасу» деседі.
«Есік алдың қарасу балдырғандай,
Мен не жаздым көңілімді қалдырғандай»
деген өлең содан шыққан екен ғой,— деймін мен.
Бір қарасудың жағасына өскен қалың талдың ішінде, қараңдап əлденеше
үй жəне сорайған биік труба көрінеді.
— Бұл не? — десем.


— Былғары заводы,—дейді Бəкең.— Шіркін, бір кездегі бұ да күпсіп
тұрған завод еді. Хромның талай тамашасын шығарушы еді. Ұлтаны
қандай тамаша болушы еді, əмірқанға беріспейтін!.. Бұл заводтың
былғарысын, жұрт барда таласып алушы еді!.. Енді бұ да тұр, есіз үйдей
тым-тырыс боп!..
— Солдатына етікті қайдан тауып беріп жатыр, бұл Қалшақ?!— дейді
Боржабай.
— Сатып алады да,— дейді Бəкең.
— Ақшаны қайдан табады, соның бəріне.
— Əкесінің, малын сатады деймісің? — дейді Бəкең,— мойны жуан
сорлы халық емес пе, соның бəрін көтеріп жатқан? Елден жинайтын
шығынның көбейіп жатуы да содан емес пе?
— Иə, шығын көбеюлі! — дейді Боржабай— Титығына да жетіп болды
жұрттың. Қашанға дейін шыдарын кім білсін!..
Менің ендігі арманым өзгеде емес, Бəкеңнің сипаттауынан да, бұрын
естуден де көруге ынтыққан Қызылжардың көшелеріне төз кіріп,
«кереметтерін» өз көзіммен тамашалау...
Құмартқан Қызылжардың Ойқала жағынан біз күн батар кезде кеп
кірдік. Оған менің көңілім тоя қойған жоқ. Асты қызыл кірпіш, үсті
қарағай,— екі қатарлы үйлерінің көбіректігі болмаса, мұның сəн-салтанаты
Кпитаннан арық емес сияқты. Бұнда көзге оғашырақ көрінетін, көшелерді
бойлай орнаған жиі бағандар мен олардың жоғарғы жағына жиі қып
тартқан сымдар екен. Кпитан көшесіндегі бағандар мен сымдар, бұдан
əлдеқайда сирек...
Біздің босаңсып келе жатқан аттарымыз ойдан деңге көтерілгенде
үшеуімізді алып шыға алмайтын болған соң, Боржабай екеуміз божыны
Бəкеңге бердік те жаяу жүрдік. Бұндайда Бəкеңнен жасы үлкен болғанымен
Боржабай оған коңсылығын істеп, сыбағалы жердің бəрінде үнемі құрмет
көрсетеді.
Дөңқалаға көтерілетін жар бірсыпыра биік екен, соның қырына шығып
алғаннан кейін:
— Енді мініңдер арбаға,— деп Бəкең атты тоқтатып еді:
— Аяңдата берсейші,— деді Боржабай, — бала екеуміз жаяу жүре
берейік.
— О қой, Боржеке! — деді Бəкең кейіп,— со да сөз бе екен?
Қызылжардың көшесінде жаяулап жүру ұят емес пе?


— Несі ұят? Кім танып жатыр бізді?
— Күн кешкіріп барады, Боржеке. Тезірек пəтерге жетейік, мін, тез!
Боржабай екеуміз арбаға міндік. Аз уақыт жүргеннен кейін:
— Аттарды тоқтатшы, бала,— деді Бəкең. Мен тоқтай қалдым.
— Неге?..— деді Боржабай.
— Мына бір үй,— деді Бəкең, бұған дейін мен көрмеген, үш қабат əдемі
бір үйді қолымен нұсқап.— 1913 жылы Романовтардың патша болғанына
үш жүз жыл толу мерекесіне арналып салынған. Мұны «Дом романовых»
дейді. Бұрын гимназия болған. Біздің Қази осында оқыған. Енді солдаттың
казармасы деп есітем.
— Айтпаған сөзін, қалмасын да, Бəкең мырза,— дейді Боржабай
кекетінді дауыспен,— Қызылжардың бүгесі мен шігесін, алшысы мен
тəйкесін, омпысы мен шомпысын түгел айт. Кім біледі, бұл қаланы түбінде
осы басқарып жүрер, көзі көрігі, құлағы қана берсін!..
«Дом романовыхтың» ар жағында кең алаң бар екен, ортасында бұрын
мен көрмеген биік ақ шіркеу тұр. Алаңның арғы жақ жиегінде опырыла
құлаған, қабырғалары үңірейген бір биік үй тұр.
— Бұ не? —деген сұрауға:
— Ганшин дейтін байдың магазині еді,— дейді Бəкең;— ол бір жауыз
бай болса керек, патша түскен күндері қала халқы мүлкін талап апты да
үйін өртеп жіберіпті...
Аздан кейін:
— Ал, бала,— деді маған Бəкең,— енді Қызылжардың ең үлкен
көшесіне кіреміз. Ондағы үйлердің биіктігі сондай, іргесінде тұрып
төбесіне қарасаң бөркін, түседі, төбесіне шығып іргесіне қарасаң басың
айналады.
Боржабай да бұдан үлкен қаланы көрмеген болу керек.
— Рас, — деді даусын созып,— несін айтасың, мұның үйлерінің!
Осының бір тас үйіне, өзге байдың былай тұрғын, Əлтиіңнің малы жетер
ме екен!.. Шіркін, шын бай қалада ғой!..
Қазір 
«Ленин», 
бұрын 
«Вознесенский 
проспект» 
аталатын
Қызылжардың ең зор көшесіне түстік. Екі-үш этажды болып біркелкі
салынған бұл көшедегі қарағай жəне тас үйлердің төбесі маған көкті тіреп
тұрған сияқты. Солардың бəрін тамаша көріп аттың божысына ие
болмайтын халімді байқаған соң:


— Былай да көрінгеннен көз ақы алатын неме едің, енді сенде не ес
қалады дейсің! Біреуді қағып кетіп масқара қыларсың, бері əкел, божыны!
— деп менің қолымнан Боржабай жұлып алды. Бəкең сықылықтап күлді де
қойды.
Көшені орталап келген кезде, сол жақ қолымызда төңірегін темір тормен
қоршаған, қалың ағаш кездесті. Ортасында, манадан бері керіп келе жатқан
үйлерімнің бəрінен əлдеқайда биік салынған қызыл кірпіш үй тұр.
Өзгелерден бойы озық болғанмен көлемі ықшам.
— Апыр-ау, мынау неғылған үй? —деппін қайран қалып.
— Есілден тартып осы қалаға түгелімен су беретін, - деді Бəкең,—
орыстар мұны водокачка дейді. Қызылжардың ең биік үйі үш қабат қана,
бұл водокачка төмен қабат!.. Қызылжардың қай жақ шетінен қарасаң да ең
алдымен көзің осы үйге түседі. Бұл қалада бірер күн боласың ғой. Егер
адасып кетсең, ең алдымен осы үйді тап. Содан біздің сонау пəтерді
табасың,— деп, Бəкең биік кеп үйдің арасына, көп түйенің ішіндегі ботадай
ғана боп шоқиған, жасыл шатырлы кішкене ағаш үйді нұсқады.
Кейін білсем, со кезде қалаға біздің елден ең көп қатысатын Бəкеңнің
өзі, көшелердің аты болатынын, үйлерінің номері болатынын білмейді екен,
іздеген үйін көше атымен емес, үй номерімен емес, тек белгілеп қоюмен
ғана табады екен...
Кешкірген күн ол кезде буалдырланып баратыр еді. Ол кезде көшедегі
бағаналардың басынан, сіреңке тұтанғандай, əлде не жарықтар жылтырай
қалды.
Бұ не? — дедім мен таңданып.
— Электрдің шамы.
— Не шам ол? — дедім мен «электр» деген сөзге түсінбей.
— Майсыз жанатын шам.
Қызылжарда ондай шам барын, ауылда мен Нұртазадан естіген ем.
Бірақ, ол, «сəулесінің жарықтығы сондай — күндізден бір кем емес» деген
еді. Мынау оншалық шаңқиған сəуле емес, бозамық қана.
Терезелерден, 
немесе, 
бағана 
бастарынан 
жылтыраған 
электр
лампаларының əлсіз сəулелері, іңірдің қоюлана түскен буалдырын жеңудің
орнына көмескілендіре түсті. Төбесін түн орай бастаған Қызылжардың
үйлері бұрынғыдан да биіктеп кеткен сияқтанды.
«Міне, қайда зор шаһар!.. Міне, қайда биік үйлер!.. Осы екен-ау,
Қызылжар!..» деп таңдандым мен ішімнен.


Қызылжар менің ұғымымда биіктей түсті...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет