ҚАБЫР БАСЫНДА
Адам деген бір керемет емес пе! Егер тырысса, оның ұқпайтын дүниесі
бар ма! Ұмтылса, алмайтын қамалы бар ма!..
Дүние жүзіндегі оқудың ең қиыны — қытайдікі деседі. Қытайдың
жазуын «иероглиф» дейді ғой. Қытайдың тілінде сөз басы бір «иероглиф»
бар деседі. «Дыбыс таңбалары» деген болмайды деседі. Сөз таңбалары
сонша көп болғанмен осы тілде де сауатты болмай ма адам!..
Кішкене молданың оқыту əдісі қаншалық ұғымсыз, шалағай болғанмен,
оның оқытқан балалары көп азап көре тұра, күн сайын кейін емес, ілгері
басады; күн сайын ұғымсыз оқуды ұға түседі, нысанаға қарай адымдай
түседі.
Нысана — араб тіліңде жазылған сөздердің қарасын да оқу, мағынасын
да түсінуге тырысу. Осы нысанаға біртіндеп мен де жақындадым.
Оқуға барған жылдың күзінде мен алғашқы сатылардың, бəрін өтіп,
«құранға» түстім де, кешікпей сөзіне түсінбегенмен қарасын оқығанда
судай ағыздым. Молда бізге кей кезде өліктерге арнап «құран»
шығарттырады. Сонда 570 беттік құранды бір бала төрт-бес күнде оқып
шығып береді. Мен де сөйтем.
Қыстай оқып, «құранды» жаттап алуға айналған кезде, молда бізді
«түрікше» аталатын кітаптарға əкеп салды. Бұл кітаптар «шағатай»
аталатын Орта Азиялық тілде жазылған. Бірнешеуін мысалға келтірейік:
1. «Көрің Қадір» дейтін кітаптың сөзі былай келеді:
«Көрің Қадір құдіретің
Білсін даю сұнғатың
Мұстафаның үммəтін
Андағ тəшраф қылдия.
Иоқ едік бізні бар қылди,
Тəн жаратты, жан берди,
Қатыра-и судан бізлəрии
Андағ тəшраф қылдия».
2. «Тақи ғажап» дейтін кітаптың сөзі былай келеді:
«Замана ахыри олса, нəлір болғай,
Дүнияға түрлу-түрлу фəлə толғай,
Ғалимлəр шағыр ішіп, зина қылғай
Андин артық тахи ғажап даңлари уар».
3. «Бақырған» дейтін кітаптың сөзі былай келеді:
«Бақырғанден сафар қылсам,
Тауаф қылғали Кəғбаии.
Барып кəне йəзім сүрсəм,
Көріп хəннəни мəннəни.
Хажыр есуəткə ал-сұнсам,
Хатим диуəрни көрсəм,
Хəмді уə сіəнə айтсам,
Сахар уахтида сұбханн»
4. «Сүббəтəл ғажизин» — мұның алғашқы өлеңдері:
«Сəне лил халық гебра-и, уə афлəқ
Яратти катранден гəуһəри фəк»,—
деп араб сөздерінен құралып келгенімен аяқ жағы:
Аяғымден сүдрəп атың, лəхіткə,
Не үшін құлдық қылмадық деп Əхəдкə» —
деген сияқты түрікше боп кетеді.
Бұл кітаптардың да сөздеріне қазақ балалары түгел түсініп жатқан жоқ.
Дегенмен, сөздері атымен түсініксіз тілдегі арабша жазылған кітаптардан
көрі, түсініп оқуға əлдеқайда жеңіл.
Түрікше кітаптарды оқыту Ғазизуллиннің өзіне де арабша кітаптарды
оқытудан жеңіл екені көрініп тұрады. Оның дауысы жақсы. Бала кезде
құлаққа сіңгендіктен бе, əлде расы солай ма, ол құран оқығанда да,
өлеңмен жазылған түрікше кітаптарды оқығанда да əндете жөнелсе, өте
сəнді, ырғақты дауысы тыңдаушысын ұйытып əкетеді. Əр кітапқа, əсіресе
түрікшеге молда арнаулы əн қолданады. Кейін байқасам, солардың көбі,
татардың халық əндері екен. Мысалы «Көрің Қадирді» ол «Тəфтилəу»
əнімен айтады екен.
Түрікше кітаптарды əндетіп оқуға шебер болғанмен, Хабибулла
олардың, тіліне түсінуге шебер емес. Татар тілінде жоқ сөздердің
мағынасына ол түсінбейді, «түрікше» аталатын кітаптарда араб, фарсы,
өзбек, түрікпен сөздері көп кездеседі. Ондай сөздерді түсінуге Газизуллин
ынталанбайды да. Кейде ол мағынасы ап-ашық тұрған сөздердің өзін
шəкірттеріне талқылап, айтып бере алмайды.
Мысалы, оның «сəн» димə, «сəн-сəн» димə «сəңа» димə, «мəң» димə,
«мəн-мəн» димə мəңе» димə: «сіз» диңіз «сіз-сіз» диңіз, «сізгə» диңіз, «біз»
диңіз, «біз-біз» диңіз, «бізгə» диңіз,— деп үйрететін бір сабағы бар.
Егер молдадан «осы айтып отырғандарыңыз не» деп сұрасаңыз, ашуы
тығыз ол «нəрсəгə кирəк сəңə, китап сузін іүшіндірүргə кирəкміни ахмақ?»
деп ұрсып тастайды.
Ойластырып көрсек молданың мұнысы «сен» деме, «сенсің»деме,
саған»деме, «мен»деме, «менмін» деме, «маған» деме, «сіз деңіз, «сізсіз»
деңіз, «сізге» деңіз, «біз деңіз, бізбіз» деңіз, «бізге» деңіз, — деп балаларды
«сен» деп тұрпайы сөйлеуге емес, «сіз» деп сыпайы сөйлеуге үйрету екен.
Бірақ ол осылай ұғындырмайды да жəне ұғындыра да алмайды.
Қанша қатал дегенмен, Хабибулла да адам баласы ғой. Оның да көңілді-
көңілсіз уақыттары болады. Көңілсіз уақыттарында балаларды қысып
кеткенмен, көңілді уақытында ол балаларға өзі білетін мақамдарды үйретіп,
үйреніп алған балаларға жекеше де, қосып та айтқызуды ол жақсы көреді.
Оның аса сүйіп, əндетіп оқитын кітабы — Мұхаммедия». Өлеңмен түркіше
жазылған бұл қалың кітап Мухаммед пайғамбарды мақтауға құрылған.
Оның өлеңдеріне тəуелді əні бар, сол əнді шырқай жөнелгенде, молданың
даусы бүкіл Достың басын күңірентерліктей боп кетеді. Аятты молда
«Мысыр мақамы» дегенмен оқиды, ондағы əні де зарлы, ырғақты келеді.
Осы əндеріне салып айта алатын шəкірттерді, ол кейде аса ықыласпен
тыңдап, əсерленіп қалады. діншілдігінің салдарынан ба, əлде жасында
көрген жетімдігі, жоқшылығы, немесе, қазіргі жалғыздығы есіне түсе ме,
— əнді тыңдап отырып, кейде жылап та алады... Ораза айларында ғана
оқылатын «тарауық» намазының «тасбиғы» аталатын дұғаны ол бірнеше
балаға хормен айтқызады... Күн сайын балаларды оқудан таратарда:
«Сəббаха, сəббаха,
Зікри айттым ол хаққа,
Мұсылмандар жұмаққа,
Кəфірларың тамұққа,
Ғайрауат-ау, ғайрауат,
Бір алладан ғинаят,
Атамызға дəулет бат,
Анамызға шафқат бат,
Молдамызға ғылым бат,
Азат уақыт болып тұр,
Нұрмұхаммад салауат».
«Аассалаумағайлайкем молда,
Сізден бізге ұлықсат!»
— деген жырды хормен айтқызады. «Ғайрауат» аталатын бұл жырға
кейде өзі де қосылып кетеді. Бірақ өзі үйреткен əндерді біреу өзінен
ұлықсатсыз айтса, «Хайуан, найсап» деп оған өшігіп алады...
Түркіше кітаптарға біраз жаттығып алғаннан кейін молда балаларды
араб тілінде жазылған дін кітаптарын оқуға салды.
Араб тілінің де грамматикасы (сарф), синтаксисі (наху), логикасы
(мантық) бар. Бірақ бұлар бізді оқытқан молда білетін сабақтар емес. Біздің
молданың білетіні — «тəржима». Ол — араб сөздерінің қасына түрікше
сөзбе сөз мағынасын беру. Мысалы, бабөн — үшбу баб, шрутсассалат —
намаз шартларындағы бап, уаһиа — ол намаздың шартлары, ситтəтəн —
алты дұр, əл-əууəлі — ол шартларның əуəлгісі, əл-уызуы — таһарат алмақ,
бел-ма-е-ат-таһи-ро — пəк су бірлəн, ау-ет-таяммуми — я исə таямим
соқмақ, биша-шундай нəрсə білəң якуны — болор ол нəрсе, миналь арзи,—
жер жыыысындан: кəттұрабө — топырақ, шикіллі, уорүмлі — құм шикіллі,
уəлкүкли — сүрмə таш шикіллі, уоззараниха — звест шикіллі, уал хажары
— қара таш шикіллі...
Қасында мұндай түркіше мағынасы жазылмаған араб, фарсы сөздерінің
не екенін молданың өзі де білмейді.
Міне, осындай қазақ балалары жартысын түсініп, жартысын түсінбейтін
тəржимəлерден біз сол қыстың аяқ кезінде: Шруто-ассалат», «Тағыллимө
ассалат», Тхфəтүəлмүлік», «фиқһиқайдани» сияқты бірнеше кітаптарды
оқыдық. Бұл кітаптарда да діншілдікті үйретуден басқа, баланың тіршілік
жасауына керекті ешбір білім жоқ.
Миды жейтін қиыншылықтарын былай қойғанда, со кездегі ауылдың
ұғымында мен «көп білім біліп» қалдым. Менің оқуымның бұндай
«қарқынмен» кетуіне, əсіресе, менің ағам Мұстафа қуанды.
— Құдайдың бергеніне шүкірлік, — дейтін болды ол, — Мұқан бейшара
тіршілікте еш рахат көрген жоқ еді, бейшараның көп жыл аққан көз жасы
қабыл болған екен. Miнe, енді баласы оған құран оқуға да жарады. Бұдан
артық құдай не берсін оған.
Менің құран оқуға жарауыма көңілі тасыған Мұстафа, онымды
Мұқанның ахиреттегі рахаты деп ойлайды да, жақын жерде тұрғанда күн
сайын, алыстағанда жұма сайын əке-шешемнің басына апарып аят
оқытады.
Сонша көп оқылатын аяттардың ішінен кейбірі менің көз алдымда күні
бүгінге шейін тұрады. Ауыл Достағы жайлауға отырады... Жұма күндері
балалар оқымайды... Со күні ала-көбеден Мұстафа тұрады да, арқандап
алып қалған биесін əкеліп жадағай тарантасқа жегеді... Мені қасына
отырғызады... Екеуміз қыстауға қарай жөнелеміз... Қыстаудың бер жақ
жиегінде қалың, зират... Ағашы жоқ жердегі бұл зираттың бірнеше қабыры
ғана (əрине, ауқатты .адамдардың) ағашпен қоршалған... Қатар көмілген
Мұқан мен Балсарының қабірлері ешнəрсемен қоршалмаған, жалаңаш
төмпелер... Зират түгелімен айнала орланған. Оның адам ашып-жауып қана
кіретін қақпасы бар....
Осы қақпаның алдына Мұстафа екеуміз күн шыға жетеміз. Шалғыны
қалыңдап алған қыстаудың маңына бұл кезді сары маса симайды, тоқтасаң-
ақ төңірегіңде бұлттай үйіріліп, ызың қағып қаптайды да тұрады. Үстіңе
кеміне əлденеше мыңы жабылады.
Аяқ-ылау қып жүрген жалғыз биесін аяған Мұстафа зиратқа жеткен соң
арбадан ағытады да, алдыңғы екі аяғын тұсап, жел жағына түтін сап қояды.
Түтінге масалар жолай алмайды. Түтінді ықтаған бие оттауға кіріседі...
Мұстафа екеуміз қақпасын ашып, зираттың ішіне кіреміз. Кісісі өлген
өзге үйлерден зиратқа біз көп келеміз бе, немене шөбі қалыңдаған зираттың
ішінде қақпадан менің, əке-шешемнің қабырларына шейін созылған соқпақ
жатады... Сол соқпақпен жөнеле берген бізге, бұлттай түйілген қалың
масаның мың-миллионы жабыла кетеді... Мұстафаның айтуынша зират
ішіне от жағып, түтін салуға болмайды, өйткені, «от» тамұқтан шыққан,
қабыр арасында тамұқ исін көңірсіту күнə...
— Кішкене аға-ау,— деймін мен масалар денемнің ашық жерін талап
өлтіріп бара жатқанда, түтінсіз қалай шыдаймыз бұған... Аят оқып болуға
болмайды ғой...
— Күнəлі болма, шырағым, — дейді Мұстафа, — Аюп пайғамбардың
денесін құрт жеп тауысқанда да, тəңірге тəупіғын келтіріп шыдапты дейді
молдалар. Маса сол құрттардан артық болып па... Оны да жіберіп отырған
тəңірі...
Шыда!..
Қысқа аят болса қиналғанмен де, шыдап бағар едің. Олай емес. Құранда
«ясин» атты сүре бар. Бұл ең кеміне жарты сағат оқылады. Одан қысқа
аяттың өлікке «сауабы» жоқтай-ақ, қабыр басына барғанда Мұстафаның
маған оқытатыны осы «ясин» ғана...
Қақпадан кіре жабылған масалар біз қабырдың бас жағына кеп шоқия
отырып, «ясинге» кіріскенде үстімізге үймелеп қонып алады. Бұл кезде
олардан құтылудың ешбір мүмкіншілігі жоқ. Қонғандарын алақаныңмен
сипай қырып жатсаң, тірілері қолыңның сыртына кеп үймелейді...
Қолыңның сыртына қонғандарын сыпырғанша, бет-аузыңа кеп тары
үймелейді... Дененің ашық жерлерінен орын таба алмағандары, қаптап кеп
киіміңе қонады... Жылқының қалың терісін біздей тесіп етіп, қанын
соратын олардың тұмсықтары, сенің жаздық киіміңді шопақ құрлы көрсін
бе?..
Cap масаның, шаққаны қандай ащы. Оның əрқайсысының тұмсығы
тиген жер, ара тістегендей тыз ете қалады... Осындай тұмсықтар бір емес,
əлденеше мың... Денеңе тұтаса қаптай қонған масалардың ащы шаққанына,
ер болсаң шыдап көр!..
Мен шыдай алмаймын. «Ясинді» заулатып оқып отырып, денеммен
арпалысудан тынбаймын...
Мұстафаның шыдамдылығы Аюп пайғамбардан артық болмаса, кем
емес. Шыдамсызданған маған ол ала көзімен анда-санда бір адырая қарап
қояды да, өзі үн-түнсіз, қимылсыз сазарып отыра береді. Денесіне қонған
масаның бірде бірін сипап өлтірмейді...
Біраздан кейін шыдамы таусыла ма, немесе діншіл адам, оқылған аяттың
əніне түсінбегенмен, бар ықласымен соған беріле ме, əйтеуір «ясин»
орталанып келген кезде, ол жерге бетін төсей етпетінен жата қалады...
Менің құлағыма Мұстафа жақтан əлсіз күңіренген бір зарлы үн естіледі...
Ол кезде аруаққа сенетін менің бойыма: «Мына үн қабырдан шығып
жатқан жоқ па» деген қауіп түсіп, тұла бойым тітіркене бастайды...
Соза оқығанда жарты сағатқа жететін «ясинды», масалардан
қысылғандықтан мен шамасы он бес-жиырма миниутте оқып шығам ғой
деймін... Аяттың аяқталғанын естіген Мұстафа басын көтеріп, үнсіз дұғаны
оқығанда, қолын жаяды да, мен бетімді тезірек сипағанда, ол қолын сол
жайған қалпымен ұзақ отырып қалады... Со кезде оның қара бұжыр
кескініне көзім түссе, қырлана біткен мұрнының екі сайын ала төмен қарай
аққан жас саулап бара жатады...
Бетін сипағаннан кейін де, сол орнында отырып қалған Мұстафа, əлгі
оқылған аяттың сауабы жеткіліксіз болды ма дегендей, ағасының əлі шөп
шығып үлгермеген қара топырақ қабырын құшақтай жатады да, еңіреп
тұрып жылайды...
Мең əрине, ол арадан кетіп қалам, себебі, біріншіден, Мұстафаның өлі
ағасына бауырмалдық сөздер айтып зарлануы тұла бойымды түршіктіреді,
екіншіден, қаптауы жəне жабылуы көбейе түскен масалар бір орында
тұруға шыдатпайды...
|