Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет8/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

АЛҒАШҚЫ ДҮРЕ
Кішкене ағам үйден шыға:
— Кил əлі мұнда! — деді молда, Оразалының қасында отырған маған
көтерген сол жақ қолының үсік саусағын шошайта қимылдатып.
Мен орнымнан тұрып молдаға қарай жылжи бергенімде:
— Қара іт, син дə кил əлі! — деді молда Оразалыға, даусын қаһарлана
қалыңдатып, маған көтерген сол жақ қолының саусақтарын түгел жазып,
ербеңдете бұлғап.
Оразалы мен екеуміз молданың қарсы алдына, жүгіне қатар отырдық.
Мен əлі құрық көрмеген құлындай денемді еркін ұстап, төңірегіме
жалтақтай қарап отырмын, Оразалы бөтен итке кездескен күшіктей
жымып, мүлəйімсіп отыр.
Алдына келген баланы құлы көріп алған молда, еркінсіп отырған маған:
— Кузіңə қара, ахмақ! — деп ақырып қалды.
Мен селк еттім де, төмен қарадым. Бірақ екі көзім де кірпік астынан
молдада.
Молда тыжырынған кескінмен менің үсті-басымды көзімен шолып етті.
Онысы — киім-кешегіме жеркене қарағандығы екені көрініп тұр.
«Киім» дегенде, үстімде бары — қызыл-шұбар ситсадан тіккен сөйлек-
дамбал, басымда қоңырлау матамен тысталған бұйрасы ескірген бөрік.
Жаңа ситсадан тіккен көйлек -дамбалды кигеніме аз уақыт болғанмен,
ойындағы алыс-жұлыстың салдарынан пəрə-пəресі шығып, жамаудан
қырық-құрау боп кеткен. Өткен кеште балалармен тығылымбақ ойнаймын
деп жүріп, сиырдың жас жапасына тайып жығылып, былғап алғам да, көлге
апарып жуып, үй ұйықтаған кезде үн-түнсіз кеп жата қойғам. Келгенімді
білген Кішкене ағам «мұнда кел!» деп қасына шақырғанда:
— Үстің неге дымқос? — деп сұраған.
— Жай, терлегендікі ғой,— дегем.
— Исі немене үстіңнің?— деген ол.
Бұл сұрауына жауап бермегем. Одан əрі Мұстафа қаужамаған. Таңертең:
— Үстіңді былғағансың ба?— деп, апам Ұлтуған сұрағанда:


— Кəне, қайда?—деп танғам мен.
Міне, мынауың не? Жапаға жығылыпсың ғой?.. Жуыпсың ғой!..— деп,
Ұлтуған жұлмалауға кіріскенде, менің ұяттан жанжалмен құтылғым кеп:
— Шымшыма, деймін Ұлтуған! — деп байбалам салғам.
Əрдайым мені жақтайтын «Апам»
14
— Қой енді, Ұлтуған, ештеңе етпес! Былғанса жуылар, — деп
тигізбеген.
— Үстін бүгін жуып, ертең апарса қайтеді? — деген Сілеусінге:
— Болмайды ол! — деген Мұстафа, пышақ кескендей, — бүгін сəрсенбі
— сəт күн. Ертең бейсенбі, бүрсігүні жұма,— екеуі де ауыр күн. Жексенбі
— сəтсіз күн. Дүйсенбіге қалса кешігеді.
Кішкене ағам мені оқуға со қалпыммен апарды. Көбірек былғанған
дамбалымды молдаға көрсетпеу үшін ұзын, кең балақтарын түріп алдым.
Көйлектің салтағын жасырар мүмкіндік жоқ.
Молда осыдан жеркенді ме, əлде мені менсінбеді ме, — əйтеуір, маған
тыжырына біраз қарап отырды да, тістене сөйлеп:
— Хайуан, найсап! — деп қойды.
Оның «хайуаны» да, «найсабы» да мен түсінбейтін жат сөздер
болғанмен, зілді сөздер екенін молданың кескінінен байқап отырмын.
Аздан кейін молданың маған қадалған көзі, Оразалыға қарай ауды.
Оразалының, онсыз да салпы ерні одан жаман салпиып, сорасы
арылмайтын 
мұрнын 
жиілете 
тартып, 
кішкене 
қара 
көздерін
қыпылықтатып, имектеу бойы одан жаман иіле түсті.
— Бир, əлі, «алиф-биіңні»! — деді молда, Оразалыға тікіленіп, қолын
созып.
Ұзындығы бір қарыстай ғана шырпының басын жарып қыстырған,
көлемі алақандай ғана, бұрыштары жымырылып ішіне қарай ширатылған
төңірегі түтеленген, беті қара қожалақ қағазды молданың ұсынған қолына,
Оразалы дірілдеген саусақтарымен ұстата берді.
— Нəрсə булған бу «алиф-би» гə? — деді молда; шыбық басындағы
қағазды айнала қарап ап, Оразалыға тіктене түсіп, — нəрсəгə киміргəнсің
аның шитлəрін? Ашасың килгəнмі ни аны? Ник бұлай кірлəгəн?..
Молданың бөліп-бөліп айтқан сұрауларының біріне де Оразалы жауап
бермей, қолының қалтырауы біртіндеп денесіне жайылып, аздан кейін бар


денесімен қалтырап кетті.
— Ник жауап бирмисің қаһары суққыры?— деді молда, зілдене түсіп, оң
жақ жамбасында жатқан шыбықты суырып қолына алып.
Қабығы аршылмаған жас шіліктің көгілдір түсті шыбығы молданың
қолында көтеріле бергенде, Оразалы:
— Молдеке-ай, молдеке-ай! —деп еңіреп қоя берді:
— Мə-саған «мулла-һəкə!» — деп молда Оразалыны арқадан тартып кеп
қалам дегенде, шыбық үш-төрт бөлініп, ұшып кетті. Ашуының уыты
қолында қалған молда «не болды» дегендей шыбықтың тұқылына қараса,
əлдекім пышақпен бунап қойған екен. Ыза қысқан молда, ашу уытын кімге
төгуге білмегендей, ол үй ішінде жылдамдата басып біраз ерсілі-қарсылы
жүрді де, бүкшиіп отырған Оразалыны, жүгіре басқан қалпымен кеп тепті...
Тепкен екпінмен ұшып түскен Оразалы тұра берем дегенде, молда тағы да
тепті.
— Молдеке-ай, мен емес, молдеке-ай! — деді Оразалы, үшінші рет
тебуге ыңғайланған молдаға зəресі кеткен кескінмен қарап, қорғанғандай
екі қолын көтеріп.
— Кім инді? — деді молда, тебуге көтерген аяғын со қалпында ұстап
тұрып.
— Мен емес, мен емес! — деді Оразалы, жамбасынан жылжыңқырап.
— Мə, сина, «мин имəс!»—деп молда үшінші тепкенде, Оразалы
жылжып кетіп, молданың аяғы жерге тиді.
— Ім-м-м қаһары суққыры! — деп, молда Оразалыны құлақтан ұстады
да, күші жеткенше бұрады.
— Ойбай-ай, ойбай-ай! — деді Оразалы шыңғырып жылап.
— Əйтəсің, мі? — деді молда құлақты бұрай түсіп.
— Айтайын, айтайын! — деді Оразалы.
— Кім?
— Əне, анау!... — деді Оразалы, Жетпісбай дейтін баланы нұсқап.
Жетпісбай — Жаманшұбардан он бес шақырым жердегі, Өтей-Дəуіш
дейтін ауылдан кеп оқитын ересек бала. Жоламан дейтін бай адамның
баласы. Өзі сотқар. Өткен қыс ұрмақ болған молданың шыбығын осы
Жетпісбай қолынан жұлып ап, кеудеге түйіп қапты деп естігеміз. Содан
бері молда одан қорқады дейтін. Сондықтан болу керек Оразалы «əне,


анау» деп қылмыстыны нұсқағанмен, адырая қарағаны болмаса, молда оған
қол да, тіл де қата алған жоқ. Қылмысына мойындағандығың манадан бері
жымиған кескінмен аңғартып отырған Жетпісбай молда қарады екен деп
қымсына да қойған жоқ. Жетпісбайға бата алмаған молда ызадан не істерге
білмегендей, орнынан тұрып кетіп, үй ішінде ерсілі-қарсылы, аяқтарын
жылдамдатып жүре бастады. Оның қаһарлы кескінінен үрейленген балалар
у-шу сабақтарын оқып жатыр. Оразалы екеуміз үн-түнсіз отырмыз.
Оразалының қалшылдауы үдеп барады.
Қасымдағы баланың сонша қалшылдауы маған қызық көрініп кетті де,
мырс етіп күліп жібердім. Мұнымды молданың құлағы қалай шалып
қалғанын білмеймін, ол маған жалт қарап, кілт бұрылды да, қасыма ентелей
басып жетіп кеп:
— Ник күлдің хайуан?— деді түйіле қарап.
Сор қысты ма, немене, тағы да мырс еткенімде, молданың шапалағы
жағыма қалай шарт ете түскенін білмей қалдым. Ду ете қалған жағымды
сипалай, «неге ұрасың» дегендей молдаға жаутаңдап қарай бергенімде, əлгі
соққанда алақаны ауырды ма, немесе шапалақпен тартқанға қолының
құшыры қанбады ма, молда мені тұмсықтан жұдырығымен салып кеп
жіберді... Көзімнің оты жарқ ете қап, дуылдай жөнелген мұрнымды
алақаныммен баса қойып ем, жып-жылы бірдеме сорғалай жөнелді,
байқасам, шұбырған қан!.. Зəрем кетіп, еңіреп қоя бердім...
Жұдырықпен ұрғанына да қанағаттанбағандай, молда мені иықтан
аяғымен тепті кеп! Қырымнан жалп ете құладым... Ыза қысып алған молда
тағы да тебуге аяғын көтере бергенде:
— Апыр-ай молдеке-ай, өлтіремісің бейшараны! — деп, Данышпан
ұстай алды.
Молданы ол əрі қарай тартып əкетті де, əлі де ұрмақ боп тырмысқанда:
— Молдеке-ай, тым болмаса сабағын бастаған соң ұрсайшы. Қолына
қағаз да ұстаған жоқ əлі. Обал ғой мұның! — деді Данышпан.
Тырмысуын доғарған молданы Данышпан еркіне жіберіп еді, ол:
— Сиңа ма, сиңа! — деп маған қаһарлана қарап саусағын безеді...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет