ЕКІНШІ ТАРАУ
ИНЕМЕН ҚАЗҒАН ҚҰДЫҚ
ТАМҰҚҚА СҮЙРЕУ
Шешем өлген жылдың жазы басталды. Ауыл Достың деңіндегі көкорай
шалғын бəйшешекке қонып жатыр...
Шалғында неше түсті гүл болса, ол гүлдерге қонып ұшқан, сонша түсті
көбелек. Оларды қуу қандай қызық!..
Шалғын арасы толған ұсақтылы-ірілі, қанатты-қанатсыз шегірткелер.
Оларды қуып ұстау, үлкен шегірткелерді таластырып, бірінің басын біріне
жұлғызу, бірінің қарнын біріне жарғызу қандай қызық!..
Əне, қос қанатты инеліктер ұшып жүр. Солардың бірін алдастырып
ұстап ап, құйрығына қатқыл шөп шаншып қоя берсең, жаны ауырған
жануар шырқап аспанға тартады да, қанатын қаға алатын биікке шейін
ұшып, одан əрі көзден ғайып болады. Ол қандай қызық!..
Əне бір жерлерде терең қағылған қазықтың басындай қылтитып
бірдемелер қыбырлайды. Олар өзімізге таныс — індердің аузында отырған
тараққұйрықтар. Шөптен басқаға залалы жоқ ол жануарларға, ауыл Достың
басына көктемде қонғаннан, күздігүні Жаманшұбарға көшкенше дамыл
жоқ. Балалар оларды інінің аузына тұзақ құрып та ұстайды, ініне су құйып
та ұстайды. Ұстай сала өлтіре қойса бір сəрі ғой. Өйтпейді, қыл-тұзақты
құйрығына байлап, күн - ұзын қуып əуре қылады... Балаға о қандай
қызық!..
Əне, Білипан томары... Жайшылықта да шулағыш оның құстары ауыл
көшіп келгелі тым тиышсыз, тым азан-қазан... Өйтпегенде қайтсін
байғұстар!.. «Ұшқан құс, жүгірген аң бала үшін» демей ме қазақ... Құстар
шуламас еді, егер көшіп келген ауылдың балалары оларға жұмыртқаларын
еркін шайқатып, балапандарын еркін өргізсе... Өйте алмайды олар.
Көпшілігі жыл сайынғы жұмыртқаларынан жылда айрылады. Соны білетін
олар қалай шуламас!.. Бірақ, балаға олардың шуы не керек. Қайта сол
шудың өзі қызық емес пе оларға!..
Жұмыртқаларын я балапандарын құс атаулының бəрі де қимай, қауіп
төнсе байбалам салғанмен, көлдегі құстың екі түрі-ақ ұясын жағалай ұшып
жанталасады: бірі — шағала, бірі — қызғыш. Шағаланың жай шаңқылы
болмаса, қайраты жоқ, ал қызғыш төбеңе іліп əкететін бүркіттей-ақ төнеді.
Аппақ бауыры жарқылдап, қысқа қауырсынды жалпақ қара ала қанаты
далпылдап, айдарлы басы қылқыңдап, төбеңе төніп кеп қалған қызғышқа,
бөркіңді лақтыру қандай қызық!..
Айнадай жарқырап, əне, Дос жатыр!.. «Сағынғаным келдіңдер ме?»
дегендей, оның күн сəулесіне шағылысқан беті күлім қағады. «Келіңдер,
балалар!.. Шомылыңдар, мөлдір суыма!.. Тартыңдар, тəтті сүйрігімді!..
Ойнаңдар, жағадағы ақ тақырыма асықтарыңды!..» дегендей болады Дос.
Оның сол өтініштерін орындау қандай қызық!..
Мұстафа мен əйелі Сілеусін — Ұлтуған екеумізді үйіне кіргізіп ап
мүмкіндігі жеткенше күткенмен, жетім қалу дегеннің не екенін шешем
өлгеннен кейін ғана сезгендей боп, жылаңқырап жүрген менің көңілімді
елдің Досқа жайлауға шығуы жадыратып жіберді.
«Жетім қозы тас бауыр,
Маңырар да отығар»,
—деп Абай айтқандай, ауыл Дос басына қона, Жаманшұбардың өзге
балаларымен бірге, көп қызықтың ішіне мен де сүңгіп кеттім... Бірақ ол
қызық ұзаққа созылмай, су сепкен оттай сөне қалды. Оған себеп, бір күні
таңертеңгі астан кейін ойынға қобалжыған маған Мұстафаның:
— Отыр, ешқайда барма! — деп, қарашығы үлкен ала көзімен қадай
қарап, зілді дауыспен айтқан сөзі еді.
Өмірінің бəрін жоқшылықпен өткізген, елуден асқан жасының тең
жарасын төсек тартқан сырқатпен өткізген, оның кескін-кейпінде де,
мінезінде де сол бейнеттердің ызғары тұрады. Оның үнемі түюлі жүретін
қалың қабағы зілдің бұлтындай бір ашылмайды. Ашуланса, ол қалың
қабағын түсіріп жіберіп, үлкен кезін кішірейте түйілдіріп қадала қараса,
көздерінің ұшқыны өңменімнен өтіп кете жаздайтын. Сол кезде оның
шешек дағы бар қарасұр ашаң бетінің еті қыртыстана қап, жақ еттері түйіле
қап,
сидиған
арық
мойнының
тамырлары
білеуленіп
кетеді...
Кейбіреулердің оны сыртынан: «Тарғыл Мұстафа» деуі де, осындай халін
көргеннен кейін болу керек. Сондай халге келген шағында ол балаларын да,
əйелін де отқа қақтаған майдай шыжғырып, аямай сабап салады.
Өз балаларына сонша қатал ол, мені кісі баласы көре ме, əлде əке,
шешесі жоқ жетім деп аяй ма, немесе туысқаным деп жылы ұшырай ма,
ұрмайды да, ұрыспайды да. Сөйтіп жүрген адамның бүгін маған: «Отыр,
ешқайда барма!» деп бірінші рет жекуі жəне бойындағы бар қаһарын төге
қарауы менің сəби сезіміме инедей қадалды да, қозғала берген орныма
қайтадан тас боп қата қалдым.
Əке-шешем мені: «Шəкіжан» дейтін. Олар өлген соң, осы атты маған
Мұстафа да қолданған. Мен оны «Кішкене аға» дейтінмін.
Маған көрсеткен ерекше құрмет есебінде ол мені кешке көзі ұйқыға
кеткенше қасына алып жататын да, ұйықтарда ғана: «Шəкіжан орныңа бара
ғой» дейтін. Досқа көшіп келген күннің кешінде де соны істеген Мұстафа.
— Шəкіжан!—деген маған жұмсақ дауыспен қасына алып жатып.
— Əу! — дегем мен.
— Құдай жазса, ертең сені сабаққа апарам. Оқисың. Молда боласың.
Əке-шешеңе құран шығарасың. Бұ дүниеден рахат көрмеген бейшаралар,
алла қабыл алса, о дүниеден рахат көреді...
Мен үндемей қалғам. Несіне үндейін. Кішкене ағам мені бақытқа емес,
сорға жетектегелі жатыр.
«Сор» дейтінім, сабақ оқытатын молданы мен жақсы білем. Оның аты —
Хабибулла, фамилиясы — Ғазизуллин ұлты — татар. Біздің ауылға оны
Мұстафаның өзі Троицк қаласынан əкелген.
Троицкіде
Зейнулла
Расулов
деген
ишан
тұрған.
Діншіл
мұсылмандардың ұғымында, Зейнулла ишан — ғайыпты болжайтын,
дұғасы теріске кетпейтін, аурулардың шипасын табатын «əулие» адам.
Ишанның осындай «қасиетіне» сенетін діншілдер оған сəлем беріп, қол
тапсырғысы, мүрит
10
болғысы кеп, Троицкіге жан-жақтан жиналады екен
ишанның батасын алғандар — «пірəдəр» аталады екен.
Кейін білсек Зейнулла ишан мал саудасын жасатқан, Троицкийде дүкен
ұстаған зор саудагер болған. Ол табыстың үстіне, мүриттері ақшалай,
малдай, заттай сый апарып берген. Йшанның қорасында мешіт, қасында
«расулия» аталатын медресе, онда ақша төлеп, жүздеген бала оқиды...
Діншілдігі қысты ма, əлде сырқатына жəрдем күтті ме, біздің ауылдан
үш жүз шақырымдай жердегі Троицкіге, жалғыз көлігін қинап, ишанға қол
тапсыру мақсатымен Мұстафа да барады.
Хабибулла Газизуллин ишанның қорасын тазалайтын жалшысы екен.
Өзі жас жігіт, құран оқи біледі, даусы сыңғырап тұр. Танысқан Мұстафа,
оған: «Ауылға əкетейін, балаларды оқыт», — дейді. Газизуллин: «Менің
қара танығаным болмаса, хат жаза білмеймін» десе, Мұстафа: «Жазуыңның
керегі жоқ, балалардың тілін сындырып, намаздығын үйретсең жетеді», —
дейді. Сонымен, қысқасы, Ғазизуллинді ел арбасына мінгізіп, аулына алып
қайтады... Бұл, 1903 жылы болған оқиға.
Жалғыз Жаманшұбарда емес, ол кезде ешбір қазақ аулында ұлттық
мектеп жоқ. Кейбір ауылда ғана кездесетін бірен-саран молдалар (олардың
көбі Газизуллин сияқты) қазақ балаларын араб, фарсы тілінде оқытады,
сондықтан олар оқудың қарасын танығанмен, сөзіне түсінбейді... Бірақ
надан ауылға сол да «қанағат», Мұстафа айтқандай, «намаздықтан басқа
оқудың балаға керегі жоқ.
Троицкіден Мұстафа əкелген Хабибулланы Жаманшұбар қабылдап,
молдалыққа алады да, алдына біраз бала жинап береді. Мұстафа мені оқуға
апарар кезде, төрт-бес жыл оқыған ересек балалар намаздығын біліп
қалады. «Намаздық» дегеннің не екеніне кейін толығырақ тоқтаймыз.
Ғазизуллинді мен танимын. Ол сапары ұзын қара мұртының қияғын ғана
қалдырып, өзгесін ернінен асыра, таңқита қырған қошша қара сақалының
тұтамнан артығын қырыққан, басы желкесі мен маңдайына қарай сопая
біткен, қабақ сүйегі томпиған шығыңқы, кішкене қара көзі шүңірек
дөңестеу келген қырлы мұрнының ұшы имиіп, ерніне қарай төнген,
қушықтау келген беті ұзынша, иегі сүйір, мойны бықырайған қысқа,
жауырыны қушық, имиген нəзік денесі аласа, ішкені бойына жұқпайтын
арық, денесі де, беті де қан-селсіз құп-қу, қол-аяғы кішкене, саусақтары
қылдырықтай адам.
Мінезі де денесіне ұқсас: орнығып отыра да алмайтын, ұқыптап іс те
істей алмайтын сабырсыз, қайғыға да, қуанышқа да шыдай алмайтын
күйгелек жоққа шытырлай қалатын тығыз, өзінен өзгенің ісін ұнатпайтын
кінəмшіл, басқаға жақсылық қылмайтын қызғаншақ, айнала сөйлейтін
мылжың, жуас адамды басынғыш, тентек адамнан қорыққыш, пыш-пышқа
үйір, өсекші кісі болатын.
Неге екенін кім білсін, молданың «үйлену» дегеннен жаны түршігеді,
əйелмен қалжыңдасуды білмейді, қалжыңдасқысы келген əйелден ат-тонын
ала қашады, кəрі кемпір отырған жер болмаса, жас əйел оңаша отырған
жерге сүйрессең жоламайды... Мұсылман шариғатында, еркектің аз күндік
болса да, əйелмен некесін қидырмауы күнə, содан ғана қорыққандықтан
молда «Бағлан»
11
аталатын станицадан татар қызына үйленді де, оны еркек
атаулының бəрінен қорғаймын деп «құдайға жазып», бірер айда төркініне
қайтарды. Содан кейін 1932 жылы қартайыңқырап барып өлгенше үйленген
жоқ.
Молданың бір қызығы — дүние жинауға салақ, есебін білмейтін
алданғыш адам. Алатын ақысы бар, хайыр-садақасы бар, табысы көп
болады да, тапқанын ұқсата алмай, əркім алдап жей береді.
Осы жайларына қарап ауыл оған: «Ноғай молда» деп, шақша бас» деп
«кішкене молда» деп, «шайтан молда» деп, «шайхыфани» («дүниенің
еркесі») деп, əртүрлі ат қойып алған. Бірақ сол аттардың біреуін де өзіне
естіртпейді. Естіртсе пəлеге қалады.
Əлі жеткенге молданың мейірімсіздігі, оқытқан балаларын қалай
ұстаудан көрінеді. Ауыл Досқа көшкенде ол Жаманшұбардың солқылдақ
жас шілігінен бір бумасын ала келеді. Бұтағы аршылған бұл шіліктер молда
баланы арқаға тартып жібергенде, жездей иіліп сынбайды, тиген жерін
тіліп түседі. Балалар сабаққа жиналғаннан тарағанға шейін бу шыбық
молданың қолынан түспей, жыландай ысылдайды да тұрады. Молдаға
қылығы жақпаған баланың арқасына шыбық шып ете қалады. Шыбықтың
жазасы аздай-ақ, молда қылығы жақпаған баланың құлағын бұрап та, тілін
бұрап та азаптайды.
Ең, ауыр азап — жұма күндері балаларды дүреге жығу Бұл жазадан
айыпты бала да, айыпсыз бала да құтылмайды. Жұма күні балалар сабақтан
шығарда молда аздап оқитын əйел балаларды «ей, намахтарм!» деп,
көйлектерінің, етегін ғана шыбықпен үш рет салып қап босатады да, еркек
балалардың бəрін етпетінен жатқызады, киімдерін түреді, содан кейін
қолының күші жеткенше жалаңаш етке көк шыбықпен үш реттен
шықпыртады. Шыбық арқасын қылыштай тілгенмен, баланың дыбыс
шығаруға хақысы жоқ. Егер дыбыс шығарса, жаза үстеледі, қашан дыбысы
сөнгенше, молда баланың арқасынан шыбықты айырмайды... Əке-шеше де,
басқалар да, баланы арашалауға тиісті емес, өйткені олардың ұғымында.
молданың шыбығы тиген жер, о дүниеде тамұққа күймейді.
— Сонысы рас та болар, — дейді үлкен адамдар, — осы молданың
азабы балаларға тамұқ азабынан кем емес. Тəңірі адамды тамұққа екі рет
салмайды дейтін.
Молда — балаға сабақ оқытқанда ғана емес, сабақтан тысқары уақытта
да қожа. Күн ұзын сабақтан бас алмайтын бала, түнде бой жазып ойнайын
десе, қайдан кеп қалғаны белгісіз, «шайтан молда» сап ете түседі... Балалар
тұра қашады. Молда тұра қуады... Мінезінде «шайтан» молда — қуғанда да
шайтан сияқты. — Ол зымыраған жүйрік қуғанына жетпей қоймайды.
Ұстаса, сабайды.
Осындай күндіз де, түнде де азаптағыш молдадан сабақ оқуға, бала
қалай ықласымен барар!.. Мен қалай барармын!.. Бірақ алдында қаһары
молдадан да басым Мұстафа «тырп етпе!» деп отырса, бармасқа амалың,
нешік!..
Мені отырғызып қойғаннан аз кейін Мұстафа орнынан тұрып,
босағадағы кебісін киді де:
— Кəне, жүр!—деді маған.
Ермегенде қайтесің, қайда барасың,!..
Тегі, Мұстафа мені «қашып кетер», — деді ғой деймін, үйден шыға оң
қолымнан қапсыра ұстап алды. «Тіл қатсам емексір» дегендей, жолшыбай
ол да үндемейді, дыбыс шығарсам, жылап жіберетінімді аңғарып, мен де
үндемеймін.
Мені Мұстафа Болат аулына əкеле жатыр. Молда сол ауылда.
Мұстафаның жетектеуімен келе жатқан менің ол ауылға қарағым келмейді,
қарайын десем, бетімді тамұқ отының жалыны шарпыған сияқтанады...
Болат аулына жетпей-ақ, балалардың қай үйде оқып жатқанын біліп
келем. Олар шуласып оқиды. Жəне əр баланың сабағы өзіне басқа. Бала
атаулының бəрі өз сабағын айтып шуласқанда, оқитын үйдің маңайы, қой,
ешкі, сиыр, жылқы — бəрі аралас шулағандай азан-қазан болады да кетеді.
Осындай шу Болат аулында, Ырымбайдың үйінен естіліп тұр.
Ырымбайдың Исахмет атты баласы бар, менен үш-төрт жас үлкен. Алты-
жеті жасында екі көзі шешектен бірдей кеткен соқыр. Оқуды көзі көрмейтін
ол, айтқан сабақты тыңдайды да жаттайды.
Мені жетектеген Мұстафа сол үйге кірсе, оң жақ босағаны айнала өзіме
таныс балалар, аяқтарын астына баса жүгінісіп, тақыр жерде отыр екен
қолдарында
үлкенді-кішілі
кітаптар...
Кейбірінің
қолында,
қысқа
шыбықтың жарған басына қыстырған бір-бір жапырақ қағаз. Барлық
баланың да белдері бүкірейіп, бастары төмен салбырап отыр. Олардың у-
шуынан кімнің не айтып жатқанын адам ұғар емес.
Дөңгелене қоршай отырған балалардың ортасында, шарта жүгініп
молда, шағындап жайылған дастарқанның үстіне төніп, аяққа құйған
қаймаққа бауырсақ батырып жеп отыр...
Оң жақ босағада, Исахметтің шешесі — Данышпан ұршықпен жүн иіріп
отыр... Үйдегі бар адам осылар.
Молданың жасы кіші болғанмен, жолы өзінен үлкен деп түсінетін
Мұстафа есіктен аттай бере, оң алақанын кеудесіне баса «ассала-
мағалайкө-ө-м!» деп даусын соза сəлем берді.
— Уғалайкү-мүс-сəлем! — деп молда орнынан атып тұрды да,
Мұстафаға қарсы жүріп кеп қолын алды.
Өзінше тəкаппарлығы да бар молданың Мұстафаға бұлай кішірейе
қойған себебін бала болсам да білем. Ол Жаманшұбарда үш-ақ кісіден
өлердей қорқады:
Бірі — Мұстафа. Ол — ашуланшақ жəне ашуланса бетің-жүзің демей
қатты қауып тастайтын адам, молда оның осы мінезінен де қаймығуы керек
жəне «келіншектің бетін кім бұрын ашса, сол ыстық» дегендей,
Жаманшұбар атаулыдан алғаш көрген жəне Жаманшұбарға алғаш ертіп
əкелген адам болғандықтан ерекше сыйлауы керек. Қаймықсын я сыйласын
Жаманшұбардағы еркек атаулыдан кішкене молданың бет келмейтіні
Мұстафа ғана.
Екінші қорқатыны — Күлшəй. Ол — Молдахмет дейтін ауқатты
адамның тоқалы. Бəйбішесі Күмістен бала болмаған соң, өзінен екі есе кіші
Күлшəйді Молдахмет бала үшін алған. Шалдау адамға келгеніне ызалы ма,
əлде мінезі солай ма, Күлшəй да тілі тисе шағып алатын, бейпіл сөз,
ұрыншақ адам. Тұңғыш баласы Смағұлды молда бір рет сабаса керек. Соны
естіген Күлшəй молдаға кеп: «Қылқиған мойныңды үзіп алайын ба!» деп
ұмтылғанда, үйдегі адамдар əрең айырып алса керек. Содан кейін:
«Күлшəйі құрғырына тияргə ярами» — деп молда одан зыр қағады деседі.
Үшінші қорқатыны — Зор-енең. Аты — Күміс. Жұрттың оны «Зор-
енең» дейтін себебі — денесі əйел атаулының зоры. Əсіресе, бет-аузы
үлкен. Жалпақтығы кішігірім табақтай дөңгелек кескініне, ортасы бата,
тұмсығы қайқая біткен қолағаштай мұрнының үңірейген екі танауы
тышқанның індері сияқты... ала көздерінің үлкендігі алақандай... Ері
ертерек өліп, бір үйдің иесі боп қалған Зор-енең өзін еркек орнына ұстайды
да, жақпаған адамды еркекше сыбап тұрып боқтайды... Сөзінің мəтелі
—«бармақ»
12
. Қылығы жақпаған біреуді Зор-енең «ей, əкеңнің... бармақ!»
деп боқтап қоя береді.; Əрі кəрі кісі деп, əрі сөзбен жеңе алмайтынын біліп,
Зор-енеңе ешкім қарсы келмейді. Кішкене молдадан Зор-енеңнің немересі
— Əшім оқиды. Əшімді бір рет ұрғанын естіп Зор-енең біраз «бармақтаса»
керек... Содан кейін молда одан да қашып жүреді...
Ырымбайдың үйіне Мұстафа мені алып кіргеннен кейін қарсы алып
сəлем берген молда, тайдың терісінен илеп жасатқан жұмсақ бөстегіне
Мұстафаны қатар отырғызды да «Іштеріңнен оқыңдар!» деп балалардың
шуын тоқтатып қойды.
— Молдеке! — деді Мұстафа, қасында бейшарасыған кескінмен қарап
отырған молдаға, босағада тұрып қалған мені қолымен нұсқап, — анау
баланы танисың ғой?
Рас танымады ма, не Мұстафадан сескенген бойын жиып болмады ма,
əлде таныса да, танығысы келмеді ме:
— Білмəдім,— деді молда.
— Мұқанның баласы ғой, менің былтыр өлген ағамның.
— Шулаймы-ни?—дей салды молда, маған тыжырына бір қарап қойып.
Өзі таршылықта өскенмен, біздің елге кеп тойынғалы, жақсы ас ішкелі,
жақсы орынға отырғалы, жақсы киім кигелі, молда қырымпозданып, жаман
киімдіні көрсе, кірлі ыдыс я төсек-орын көрсе жеркене қалатыны бүкіл
ауылға мəлім де. Бала да болсам, ол əдетін мен де білем.
— Сабаққа əкелдім со баланы, — деді Мұстафа, тағыда мені қолымен
нұсқап, — əне, көзі тұр, қатты ұста. Аяма, сабаққа салақ қараса, жанын
шығар. Жонынан таспа тіліп ал!
Мұстафа молдаға қарап, жауап күткендей кідіріп еді, жауап бермеген
молда: «Сол айтылғанның бəрін істеймін сағаң біліп қой!» дегендей маған
қадала бір қарап қойды.
— Кəне, қайда отырады бала? — деді Мұстафа молдаға.
Тігі урынға! — деп молда маған денесі де сүліктей жіп-жіңішке, кескіні
де сүліктей қап-қара баланың қасын нұсқады. Ол баланың аты — Оразалы.
Əкесінің аты — Рақымбай.
— Молда маған орын нұсқаған соқ, Оразалы мен оның қасындағы бала
араларын аша берді. Ашылған орынға мен бара қоймадым. Ол орын маған
оқу орны сияқты көрініп тұрған жоқ, аңға құрылған қақпан сияқты көрініп
тұр.
Оқудағы балалардың арасында Мұстафаның менен бір жас үлкен
баласы, Ғаббас та отыр, оқығанына екі жыл. Ол — «зирек» аталып жүрген
бала. Со кезде ол «құранға» түсті деп естігем.
— Біздің Ғаббастың қасына отырса қайтеді, молдеке! — деді Мұстафа
тұрған орнымнан тырп ете қоймаған маған қарап.
Ғаббас «құр-əнга» түшкəн бала иш, бірəдəр,— деді молда, — бу балаға
алиф-бидəн башларға кирəк. Рахимбайдың баласы алиф-бидə. Біргə
оқысынлар, алар!..
Молданың «алиф-би» деп отырғаны — қазіргі біздің алфавиттің «а» мен
«б» сы. Ол екі əріптің неге «алиф, би» аталуын баяндауды кейінге
қалдырып, Оразалымызға оралайық. Оның оқуға түскеніне екі жыл болған.
Содан бері алиф-би» де жүргеніне таңғалғандай, Мұстафа молданың
кескініне қарап еді:
— Бик зиһінсіз бала, — деді молда, — оқу бір дə кірмі башына.
Сабағына қарами, уйынны баға, қаһары суққыры!..
Мұстафа да, молда да үндеспей аз отырысты. Молданың үндемеу себебі
кейін мəлім болды. Оның қолында дəл сол сəтте ішінде «алиф-биі» бар
«иманшарт» жоқ екен «алиф-биді» өзі жазып берейін десе, хат білмейді,
жанында жазып беретін басқа адам жоқ, оқытып отырған балалары да жаза
алмайды.
Мұстафаның үндемеуіне себеп мынау болды ғой деймін: ағасының
жетім баласын оқытпауға болмайды. Қалай оқытса да, молданың еркі, онда
жұмысы жоқ; жұмысы болар еді, егер өзі «оқу» дегеннен бірдеме білсе.
Одан түк білмейді. Өмірінде молда алдын да көрмеген, «əліпті таяқ» деп те
білмеген кісі. Діншіл боп намаздан бас алмағанда, дұға оқудан ауыз
жаппағанға, Мұстафа сол намаздың көбі араб тіліндегі шарттарың араб
тіліндегі дұғалықтарын өз көзімен оқып үйренген кісі емес, білетіндердің
айтуынан ауызша жаттаған кісі. Сондықтан егер оқу білетін біреу
Мұстафаның «білем» дегенін айтқызып тыңдаса, он екіден бір нұсқасын
таба алмас еді, араб сөздерін шатастырғанда күлкіден езу жинай алмас еді.
Сондықтан Мұстафаның ұғымында, молда қалай оқытса да мейлі, бала
қалай оқыса да мейлі, тек бала намаздығын біліп, аят оқуға жараса
болғаны, одан басқа оқудың керегі жоқ. «Оқу» дегеннен ұғымы осындай
Мұстафа, үнсіз аз отырғаннан кейін:
— Отыр, əне жерге! — деді маған қатаң дауыспен, Оразалының қасын
нұсқап.
Амал нешік келдім. Отырдым.
Мұстафа орнынан қозғалды да, жылжып барып молданың қарсы алдына
отырды. Содан кейін қалтасынан күмəжнегін суырып, ішінен Николай
патшаның суреті бар бір сомның күмісін алды. Беті маған бір қырындау
келген Мұстафа, күмісті молдаға берді де, «илаһи-əмин» деп қолын жайды.
Күмісті қалтасына салған молда да қолын жайып, əденеменені ішінен
күбірлеп, бетін сипады. Мұстафа да бетін сипады. Бірақ көлденең қараған
кісіге, екеуінің сипауы екі түрлі еді: молданікі — салқын сипау, ал
Мұстафанікі?..
Əлгінде байқағам, Мұстафаның, қолдары жайыла беріп дірілдеп кеткен.
Бетін сипап бері қарай бұрылғанда, кескініне көзім түссе, онсыз да кейіпсіз
кескіні талаурап, жас шайған беті ісінгендей, жылтырай қалған екен. Ол
жасты бетін сүртпестен орнынан тұрып жөнеле беріп еді:
— Қайнаға! — деді жүн иіріп отырған Данышпан ұршығы мен шүйкесін
жерге қойып, орнынан қозғалып. Мұстафа кідірді. — Ас ауыз ти!
Мұстафа төрге барып қайта отырды.
Ырымбайдың үйі Жаманшұбарда орта ауқаттыға саналатын да, бірақ
өзге малды емес, сиырды көбірек жинап, қымызы болмайтын, айраны мол
болатын. Данышпан Мұстафаға шүпілдеген табан аяқ айран ұсынды.
Жайдары мінезді, сыпайы сөзді Данышпан аяқты Мұстафаға беріп
жатып, оның өзі босап отырған жүйесін одан жаман босатып алды.
— Көріп отырмын, қайнаға, — деді ол, аяқты Мұстафаға ұстатқан соң,
кейін шегініп отырып, — түсініп отырмын Ұлтуғанның ағасына
13
бата
оқуға жарар ма екен деп əкеп отырсыз ғой бұ баланы, байғұс!..
Ұрттай берген айранға, Мұстафаның екі көзінен сорғалай жөнелген жас
құйылып кетті...
|