Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет99/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   95   96   97   98   99   100   101   102   ...   107
Байланысты:
mir-mektebi-sabit-mukanov 2

БЕТСІЗДЕР
Таң біліне алдымнан таныс ауыл кездесті. Осы ауылдың бандыдан
қашып жүрген он шақты жігіті бұдан бір айдай бұрын біздің қызылдар
отрядының қолына түсіп қап, күдікті оларды атуға ұйғарғанда, мен көз
келіп, анығына жеткеннен кейін, босаттырып жіберген едім. Со жігіттер
мені қошеметпен қарсы алды да:
— Енді не істейсің? Бурабайға барып отряд алып шығасын, ба? Болмаса,
Көкшетау барасың ба?—- деп сұрады.
Мен ойланып қалдым. Отряд алып шығудың арты қанды бірдемеге
ұшырауы мүмкін. Одан да, Көкшетау қаласына барып, не істеуді ақылдасу
керек. Жігіттерге осы ойымды айтып ем:
— Жақсы,— десті олар,— ас ішкеннен кейін, пар атпен алып жүреміз де,
бүгін Көкшетауға жеткіземіз.
Семізден жараған жүрдек екі ат, елу шақырымдай Көкшетау қаласына
үш-төрт сағаттай уақытта түсірді. Тоқтайтын үйіміз, əрине, ояздық Ревком.
Ревкомның председателі Орынборда шақырылған Қазақстандық Бірінші
Партия конференциясына кетіп, уақытша председатель боп, бір шала қазақ
қалыпты. Кейін халық жауы боп кеткен бұл адамды, мен бұрын да бірер рет
көргенмін, сопая біткен бетіне жарыса өскен ұзын мұрнының сорасы
арылмай жүретіндіктен, қалжың қылатын жұрт оны «су мұрын Сүкең»
десетін.
Су мұрын Сүкең мені өте салқын түспен қарсы алды. Амандықтан кейін,
мен оған мəн-жайымды айта бастап ем:
— Қазір уақытым жоқ,— деді ол,— кейінірек келерсің.
— Сүке - ау, кейін айтатын кеңес емес, тығыз кеңес. Мен ерекше бір
халмен келіп отырмын,— деп ем:
— Уақытым жоқ дедім ғой, мен саған,— жоқ деген соң, жоқ! — деп ол
маған мысықтай шегір көзін түйілте қарады.
— Жоғыңыз қалай? Мен өлім аузынан кеп отырмын...
— Вам говорят же! — деп су мұрын Сүкең, айқайлап түрегеп кетті,— бұ
не бассыздық, сөз тыңдамайтын?..
— Ақырмаңыз,— дедім мен,— мен сіздің пəтеріңізге барып тұрған
жоқпын, ояздық Ревкомға кеп тұрмын жəне көшеден келген кісі емеспін,
болыстық Ревкомның председателімін. Өлтіруге қуған бандиттердің


оғынын, астынан қашып кеп тұрған бетім. Сіз мені тыңдауға тиістісіз!..
— Сенін, анархист екеніңді білем,— деді су мұрын Сүкең, ашудан
терісіне сыймай, кабинетте ерсілі-қарсылы жүріп кетіп.— Сені ату керек.
— Не үшін?
— Творишь безобразия...— деді ол айғайлап кетіп.
— Қандай?
— Қандай екенін мен саған көрсетермін,— деп су мұрын Сүкең, мені
қойып жібергісі келген кісідей едірейіп қасыма келді.
— Қандай безобразия?—дедім мен, со кезде ашуым басымды дуылдата
қап, егер, ол жұдырық жұмсаса, есесін қайтаруға əзірленіп.
Мені ұрып қалуға ыңғайсызданды ма, немесе, түсімнен қаймықты ма,
ашудан бет-аузы жыбырлап кеткен су мұрын Сүкең, шегір көзін тағы да бір
едірейте қарап қойып, тістенген қалпымен кейін бұрылып кетті. Мен сол
орында тұрмын. Аздан кейін су мұрын Сүкең, столының үстінде тұрған
графинадан стаканға толтыра су құйып, шөліркеп келген адамдай, құныға
қатты жұтты да, қалтасынан алған орамалымен, аузын жəне кездерін қатты
уқалай сүртіп, үйді басына көшіре, орамалына қатты бір сіңбірді.
— Ертең кел, бүгін сөйлесе алмаймын,— деді ол содан кейін.
Одан əрі тілдесудің қажеттігі жоғын көрдім де, кабинетінен шығып
кеттім.
Менің енді барар кісім Сефең ғана. Ояздық политбюрода қызмет
атқаратын о кісінің телефоны маған мəлім. Ревкомның жалпы бөліміндегі
телефонмен звонить етсем, Сефең қызметінде отыр екен. Менің
дауысымды тани кеткен ол:
— Ой, Сəбит, қарағым, сен, нетілуден саумысың?— дейді, қобалжыған
дауыспен.
— Сефе,— дедім мен, даусым қалтырап,— көрген қорлығымды итке
берсін, барып айтпасам, телефонмен жеткізе алмаймын...
Жүгіріп политбюроның алдына барсам, жүгіре басып Сефең келе жатыр,
қасында Бүкір!.. Сефең аңқылдаған қалпымен мені құшақтай алды да:
— Алда, қарағым - ай, əйтеуір аман-есен кеткен екенсің, мен сені
бандиттер біржола нетіп тастаған екен деп қорқып ем,— деп, бауырына
қатты қысты. Сефең құшағын жазғаннан кейін Бүкірге қарасам, ол жылаған
сияқтанып көзін кірлеу орамалымен сүртіп тұр екен.


— Ия, Бүке, сен қалай келдің? — дедім мен.
— Сенен айрылған соң,— деді ол,— мен де бетіммен қаштым. Мені де
екеу - үшеуі қуып еді, ұшқыр бием шалдырмай кетті. Сенің атыңның да
бандыларға жеткізбейтініне сендім. Құтылған соң Көкшетау келер дедім
де, мен де осылай қарай тарттым...
— Ендігі сөзді біздің үйде кетейік,— деді Сефең.
— Болсын.
Жолшыбай кеңесінен Сефеңнің жуырда үйленгені мəлім болды. Ол өз
жаргонымен, əйелінің кім екенін де айтып берді: Көкшетауда бұрын
Балдыхан атты өзбек тұрады екен. Оның Тəшкеңде, Самарқанда,
Марғұланда... деген сияқты Өзбекстанның əрбір шаһарларында жұрты
жəне сауда дүкені бар екен, əр жұрттарында бір əйелі болады екен. Бертінде
Балдыхан саудамен осы жаққа кеп жүріп, Көкшетауға екі қабат үлкен
қарағай үй салдырады да, Сейфолла үйленіп отырған Бəдіғұл атты əйелді
қыздай айттырып алады. Бəдіғұл Балдыханнан отыз жастай кіші болады.
Революцияның алдында Балдыхан өледі, Бəдіғұлдың қолында одан он үш
— он төрттегі Мүкəтай атты қыз қалады... Революция жылдары
Балдыханның дүкені де, қос қабат үйі де экспроприацияға жатады. Кішкене
қызы мен Бəдіғұл басқа бір үйге шығады... Сефең оған осы үйде үйленеді...
Жасы со кездерде отыздарға жақындаған, бойшаңдау, сымбатты, бір
сыдырғылау бидай өңді — Бəдіғұл жеңгей ақ жарқын, ойнақы мінезді əйел
екен. Ол бізді аса көңілді кескінмен қарсы алды. Өзбек кескінділеу
Мүкəтай, бойы аласалау, тығыршықтай семізше қыз бала екен. Жобасы
еркелеу сияқты... Ыстық жақтың қанынан пайда болған қызды, ертерек
балиғы болады деген қауесет бар, сондықтан ба, немене,— қыз белгісі жаңа
ғана байқала бастаған ол, еркелік жүгірістің арасында, жас жігітке ептеп
көзін де тоқтататын сияқты...
Сефеңнің пəтері кішірек екі бөлмеден құралған, қасындағы қаңқайған
зор қарағай үйдің, флигелі екен, соған кіріп, шай - пұй ішіп жайланғаннан
кейін, мен өз мəселемді сөз ғып ем, «нетіптерін» шығарып тастағанда:
— Асықпа,— деді Сефең,—Орынборға конференцияға кеткендер
оралады. Оған дейін су мұрын Сүкең, саған ырық бермейді. Бастықтар
келген соң бұл мəселе тексеріледі де, қылмыстылар тиісті жазасын
тартады.
— Мен білсем,— деді Бүкір,— сол бандиттер су мұрын Сүкеңнің
көмекейін толтырып, өзіне қаратып алған. Сөз ыңғайы соған келеді.
— Рас, соған ұқсайды,— дедім мен де.
— Мен білсем,— деді Бүкір,— со бандиттерің, осы қалада жасырынып


жатыр, оған дəлелім,— мен барып жолыққанда Сүкең бандиттер мен біздің
арамызда болған уақиғаны біліп отырды. Бандиттер хабарламаса, қайдан
біледі ол?
— Бақылату керек екен,— деді Сефең.
— Бір-ақ жерден бақылаймыз,— деді Бүкір.— Неғметжан мен
Мұқылайдың мұнда түсетін пəтері — сары сақал Көшімбай дегеннің үйі.
Соны тору керек.
— Ендеше сен торы оны,— деді Сефең.— Бандиттер келсе қаматып
тастаймыз.
— Ымырт жабыла ториын.
Кешкі астан кейін Бүкір Көшімбайдың, үйін торуға кеткенде, Сефең
екеуміз төргі бөлмеге төсек салдырдық та жаттық.
Ұйықтағанға дейін біздің бір жүйелі кеңесіміз су мұрын Сүкең, туралы
болды. Ол туралы пікірін айта кеп:
— Идейный коммунист болуы мүмкін емес,— дейді Сефең, — ол қазақ
байларының қолында бірнеше жыл писарь боп қызмет атқарған кісі. Əрбір
писарь патша өкіметінің охранкасында қызмет атқарған ғой. Əлі анығына
жетпегенмен, мұның да сондай адам екенінде сенім берік.
Ұзақ кеңеске кірген Сефең екеуміз қалғыңқырауға айналған кезде қақпа
қағыла қалды.
— Бүкір болар,— дедім мен.
Расында Бүкір екен.
— Айтқаным келді,— деді ол.:— Көшімбайдың үйі қаланың тау жақ
шетінде болатын. Жасырынып барып абайласам, үйі толған қонақ, қорасы
толған ат!.. «Кімдер бар екен?» деп терезесінен сығаласам, шошып кеттім!..
— Неге?!
— Кеше түнде бізді жолдан тосатын Мұхаммедияр сол үйде отыр!.. Бет-
аузы көк ала қойдай жара!.. Басын да таңып алыпты...
— Оған не болған?!.
— Қайдам!.. Менімше, сол Мұхаммедиярды бандылар сілейтіп сабап
əкелді ғой деймін...
— Неге?!


— Бізге пəле жабу үшін!..
— Не деп.
— Бізді ұрды деп.
— Қой, оны істемес!..
— «Жаманның айтқаны келмейді, сандырақтағаны келеді» депті,
көрерсің, осы айтқаным келеді де қояды!..
— Ия, тағы кім бар екен?..
— Неғметжан!..
— Кəдімгі, бандит Неғметжан ба?!.
— Дəл өзі. Оны азсынсаң, Мұқылай да отыр!.. Оны азсынсаң, Бескөздің
Сағиты да отыр...
— Банды атаулы сонда жиналыпты десейші...
— Оны азсынсаң, су мұрын Сүкең, де сонда отыр!..
Бүкірдің мына сөздерін естігенде Сефең шошып кетті де:
— «Апыр-ай, иттің ғана баллары - ай, қарай гөр, қасқырдай ұлып
табысқандарын!..— деп аз уақыт теңселе ыңылдай отырды. Содан кейін,—
ал, Сəбит, киін! — деді ол маған. Мен де киінейін!
— Қайда барамыз?
— Политбюроға.
— Түн ортасы ауған кезде ме?
— Киін төз!
Политбюроға келген бізді начальниктің орынбасары Федотов тыңдап
алды да:
— Сонымен, ұсынысың не?— деді Сефеңе.
— Ұсынысым,— бандиттерді қазір арестовать ету керек!..
— Ол қалай болар екен,— деді Федотов, аз ойланып.— Өзі кеп көрінген
бандиттерге өкімет жариялаған амнистия бар ғой.
— Қайда кеп көрінді олар?— деді Сефең.


— Егер, араларында Ревкомның уақытша председателі отырса, Ревкомға
кеп еркімен көрінген болады да.
— Ничего подобного,— деді Сефең, ашулы үнмен.— Ревкомға олар
тіркелген жоқ. Тіпті, тіркелсе де, мұндай бандиттерді тұтқындадыңдар деп
ешкім бізді жауапқа тартпайды. Тартса жауапкершілігін мен - ақ алайын.
Бандыларды тұтқынға алуға жіберілген қарулы бес кісінің ішінде мен де
болдым. Бастаушымыз — Матросов дейтін мосқал чекист.
Көшімбайдың үйіне барсақ, су мұрын Сүкең кетіп, жайланған өзгелері
алдарына жуан тегене қымызды қойып, төрдегілері жастықтарға
шынтақтай жатысып, қымызды анда-санда сораптай тартып қойып, көңілді
бір қызу кеңесте отыр екен. Мылтық ұсынған бес адам кіріп барғанда,
олардың кездері шарасынан шығып кетті...
— Қолдарыңды көтеріңдер! —деп ақырып қалды Матросов, өзінін,
арыстандай күрілдеген жуан даусымен. Зəресі ұшқан үйдегілер, қолдарын
ербейте қойысты.
— Бекмағамбетов Неғметжан кім? — деді Матросов.
— Мен,— деді қара сақал жуан адам.
— Мұқылай Тəшенов кім?—деді Матросов.
— Мен,— деді бұғағы салбыраған қыли кездеу, сирек мұртты, семізше
ақ сары жігіт.
— Бескөз Сағит?—деді Матросов.
— Мен,— деді қалын, қара мұртты, шоқша қара сақалды, үлкен көзді,
сұлу адам.
— Мұхаммедияров Бекмағамбет?— деді Матросов.
— Ол,— анау отырған! — дедім мен, қамшы осқан бет - аузы білеуленіп
тілініп кеткен Мұхаммедиярды көрсетіп.— Ит - ау, шын бетсіз болмасаң,
өзіңді-өзің осынша сабататын не əкеңнің құны бар еді?
Қанша бетсіз болғанмен, былай да қара кескіні одан жаман өртеніп,
Мұхаммедияр төмен қарады.
— Сенікі не?—дедім Неғметжанға,— мені аямасаң да, анау өз туысың
Мұхаммедиярды аясаң неттің? Бет-аузын осынша көкала қойдай ғып
əкелгенде, маған пəле салу үшін істедің ғой, «осындай ғып сабаған мынау!»
дегің кеп?
Кəні Мұхаммедияр, жалғыз жанын, бар, айтшы осы арада, мен сені


сабадым ба?
Мұхаммедияр жұмған аузын ашпады. Өзгелері де үндемеді.
— Несіне сөзіңді шығын қыласын, оларға?— деді Сефең, — патша
өкіметінің заманында, біреуге пəле салғысы келсе, өз кісілерін өздері
өлтіре салатын сұмырайлар емес пе еді, бұл байлар?.. Осындай пəле салам
деп, біздің елдің бір байы, тоқалынан туған кішкентай баласын, қайнап
тұрған құрттың ішіне тастап жіберген...
— Сондай жауыздықтың бірін, осы отырған қара сақалыңның өзі
істеген,— деді Бүкір Неғметжанды саусағымен нұсқап,— кəне, өтірік деші,
Неғметжан,— бір сайлауда, өзіңе қарсы Бəйтік балаларына пəле салам деп,
қойшыңның кəрі шешесін ұрып өлтірген жоқ па ен,? Содан кейін
Бурабайдан прыстоп əкеп, «Бəйтік балалары ауылымды шапқанда өлтіріп
кетті» деп акт жасатып, құн даулап алған жоқ па ен,? Кəне, өтірік деші!..
Неғметжан жауап бермей, тұнжырап төмен қарай берді.
— Əй, бетсіздер, бетсіздер! — дедім мен.— Өздеріңді - өздерің осынша
сабағанда, егер қолдарыңнан келсе, өзге дүниені өртеп жіберер едіңдер -
ау! Не деген бетсіздер едіңдер!
— Əрине, бетсіздер! — деді Сефең — егер, беттері болса, бұлар бандит
болар ма еді!..




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   95   96   97   98   99   100   101   102   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет