Өмірзақ айтбайұлы



Pdf көрінісі
бет26/27
Дата20.01.2017
өлшемі1,46 Mb.
#2304
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27

Ой ӘлеміНДеГі ӘбДеш
О,  жалған,  дүние-ай!  Әбдеш  өмірден  өткелі  де  жылға 
таяпты.  Көңіл  жетсе  де,  көз  жетпес  зулаған  өмір!  Қатар 
жүрген  қаншама  азамат  ортаңды  ойсыратып,  табиғат  тыл-
сымына  біржолата  сіңіп,  көзден  ғайып,  көңілден  тысқары 

372
күйге  айналғаны  ма?!  Жүрек  сыздайды,  көңіл  құлазиды. 
Мұндайда Алланың әмірі дегеннен басқа қолдан келер амал 
бар  ма,  адам  пендеге.  Тек  өзек  өртеп  өмірден  өткендерді 
ұмыта  алмай  бірауық  сағыныш  әлеміне  бойлайтының  бар. 
Өйткені  өмірден  өткендер  арасында  ой  арқалатып  кететін-
дер көп. Олардың қоғамдағы орны, іс-әрекеті, жора-жолдас 
арасындағы қарым-қатынасы сені ойландырмай қоймайды.
Өзінің өмірдегі орнықты ісімен, ойшылдығымен кейін-
гілерге ой тастап кеткен жанның бірі – Әбдеш Қалмырзаев 
еді. Адам пенде тірі кезінде бірімен-бірі сыйлас, тіпті сыр-
лас болып жүрсе де, күндердің күні болғанда мына жарық 
дүниені тастап, қоштаса да алмай жүре беретінін ойлап, бас 
ауырта  бермейді.  Бәлкім,  сол  да  дұрыс  шығар.  Дегенмен, 
саған  уақытша  берілген  мына  өмірде  қадамыңды  абайлап 
басып,  өзіңе,  ортаңа,  қоғамға  тигізер  пайдаң  мен  қызме- 
тіңді дұрыстап жасау үшін де алды-артыңды тиянақтап, бір-
біріңе  қарайласа,  бейіл  білдіре  жүргенге  не  жетеді.  Міне, 
кезінде  осылай  ойлай  білмегендіктен  де  Әбдеш  дүниеден 
өткен соң, ол туралы нені, қалай жазарымды білмей, тосы-
лыңқырап отырғандаймын. Әйтпесе, ол туралы айтарым бар 
сияқты еді. Миға салмақ салуға тура келді.
Біз ең алғаш рет Алматыда қазақ білімінің бас ордасы –  
әл-Фараби  атындағы  университетте  (бұрынғы  С.М.  Киров 
атындағы) түйіскен едік. Республиканың түкпір-түкпірінен 
оқу іздеп келіп жатқан жас өскіннің басы көбінесе осы жал- 
ғыз университетте көбірек тоқайласатын. Әбдеш универси-
теттің  филология  факультеті  журналистика  бөліміне  келіп, 
оқуға  түсті.  Менің  бұл  факультетте  оқып  жүргеніме  екі 
жылдан асқан. Бір заманның түлектері болған соң, ол кезде  
студенттер арасында бес-он жас айырма ескеріле бермейтін. 
Жоғары-төменгі  курстың  балалары  бірімен-бірі  араласып, 
милығып  жататын.  Студенттік  өмір  бізді  өз  заңдылығына 
мойынсұндырып алған қызық дәурен кезі.
Ол  әуелі  бізбен  бірге  оқитын  Ілия  Жақановқа  келді, 
жерлес екен. Екеуі де Жамбыл облысы, Сарысу ауданынан. 
Шашы  толқын  атқан,  орта  бойлыға  талаптанған,  ақ  сары 

373
әдемі  жігіт.  Аңғарымпаз,  жан-жағына  байыппен  байқастап 
қарайтын  елгезек  жан.  Содан  былай  қарай  біздің  қарым-
қатынасымыз жиілей бастады. Ол кезде қазақ жастарының 
оқу-білімге ұмтыла жүріп, халықтың байырғы өнеріне (ән, 
күй,  домбыра,  қобыз,  жыр,  терме,  т.т.)  деген  құштарлығы 
ерен  кез.  Басымыз  қосыла  қалса,  қазақтың  әні  мен  күйі, 
композиторлардың  жаңа  туындылары,  ақындардың  өлең-
дері жайлы пікір қозғап, дуылдасып жататынбыз. 
Біздің  ортамызға  Шәмші  жиірек  келетін  болды.  Жас 
атаулының бәрі оның әніне ғашық. Ілия да одан қалыспай,  
өз әндерін шығара бастаған. Екеуінің бір-біріне деген ықы- 
ласы бөлек. Әйтеуір бұл ортада ешқайсымыз бей-жай оты-
ра  алмайтынбыз.  Бұл  тұстағы  Әбдештің  қылығы  қызық. 
Әңгімеге  көп  араласа  қоймайды.  Бірақ  көкейіне  көп  дү-
ние түйіп, болған әңгімелерді ықыласпен тыңдайды. Оның  
ешнәрсені  елеусіз  қалдырмайтынына,  естігенін  ұмытпай-
тынына  таңғалатынмын.  Мәселен,  сол  студент  кезінің 
өзінде  ол  Жамбыл  облысының  көзге  көрініп  жүрген  ауыл, 
аудан,  облыс  көлеміндегі  барлық  қызметкерлерінің  аты-
жөнін,  кімнің  қандай  жұмыс  атқаратынын  жатқа  білетін. 
Бұл  оның  таңдаған  мамандығына  деген  адалдығының  бір 
жоралғысындай  болып  көрінетін  маған.  Ол  осылайша  жа-
дын жаттықтырып жүргендей еді. Және қатар жүрген жол- 
дастарының болар-болмас табысының өзін елеусіз, ескеру-
сіз  қалдырмай,  өзінің  жақсы  ниетін  білдіріп  отыратын. 
Мәселен,  өз  басыма  байланысты  бір  оқиғаны  еске  алғым 
келіп отыр. Жастықтың алауымен жалындап жүріп, көзіміз 
түскен қыздарға сағынышты хаттар жазып, өлең арнап жү-
ретін  кезіміз.  Менің  де  сондай  бір  сезім  әлдиінде  бір  ән 
шығарып,  шалқып  жүрген  шағым  еді.  Болашақ  жарыма 
деген  алабұртқан  осы  көңіл-күйімді  Жұмағали  Саинның  
«Жар  сәлемі»  деген  өлеңі  дөп  жеткізгендей  екен.  Сол 
өлеңді  өз  әуеніммен  айтып  жүретінмін.  Міне,  соны  естіп 
алған  Әбдеш  1959  жылы  «Лениншіл  жас»  газетіне  жария-
лап жіберді. Бұл кезде ол осы газетте тәжірибеден (практи-
кадан) өтіп жүрген студент еді. Бір-бірімізге деген ықылас 
сыйластық осылай жалғаса берді.

374
Мен  1959  жылы  оқуды  бітіріп,  «Социалистік  Қазақ-
стан» газетіне әдеби қызметкер болып орналастым. Әбдеш 
бұл жерге де келгіштеп жүретін. Азулы қаламгерлер Б. Қы- 
дырбекұлы, Ж. Жұмаханов, Қ. Ұябаев, О. Бағаев, Ә. Жұма-
баев, Б. Абдуллин, Н. Шәкеев, Б. Дәуренбеков, М. Машақов 
тәрізді  ағалармен  емен-жарқын  сәлемдесіп,  олардың  жаз-
ғандарын оқып жүретіндігін білдіріп кететін. Сөйтіп жүріп 
ол  бұл  газетте  де  тәжірибеден  өтті.  Әр  нәрседен  хабары 
мол,  қаламының  қарымы  байқала  бастаған  жас  жорнал-
шы  Әбдеш  ақыры  осы  республикалық  аға  газетке  келіп 
жайғасты.  Ол  ардақты  аға  Ұзақ  Бағаев  басқарып  отырған 
ауылшаруашылық бөлімінің дүрдей қызметкері болып шы- 
ға  келді.  Осы  бөлімде  жүріп,  қаламын  шыңдады.  Өз  ісіне 
өте  ұқыпты  Әбдеш  сақа  журналистерге  ұнады.  Көрші 
бөлімдерде  қатар  отырып,  газеттің  ауыр  да  қызықты  шар-
уаларынан  қалт  етіп  қол  босаған  кездерде  бір-біріміздің 
қалдерімізді  біліп,  әзіл-қалжыңымызды  айтып,  сергіп  те  
алатынбыз.  Сөйтіп  жүріп  ол  қаламгерліктің  сиқырлы  әле- 
міне  тереңдеп  ене  бастады.  Ағаларына  еліктеп,  кезеңіне 
лайықты  келелі  мәселелерді  көре  білетін,  көргенін  қазақ 
тілінде  көсілтіп  жаза  білетін  қабілетін  қаламдастары  да, 
Қазақстан  Компартиясы  Орталық  комитетінде  отырған 
байыпты  азаматтар  да  байқаған  болу  керек.  1969  жылы 
Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің үгіт және на-
сихат  бөліміне  нұсқаушылық  қызметке  шақырылды.  Бұл 
жерде шетелдермен байланыс секторын, баспасөз бөліміне 
жетекшілік  жасап,  бөлім  меңгерушісінің  орынбасарына  
дейін  көтерілді.  Кейінірек  Көкшетау  облыстық  партия  ко-
митетінің хатшысы қызметін де атқарды.
«Азаматты орта өсіреді» деген сөздің жөні бар. «Егемен 
Қазақстан»  газетінде  қаламгерлігі  мен  азаматтығы  шың-
далған  Әбдеш  Сәрсенұлы  Қалмырзаев  Қазақстан  Компар- 
тиясы  Орталық  комитетінде  біртіндеп  ел,  халық  мүддесі 
үшін еңбек етіп, күресе алатын саяси қайраткер дәрежесіне 
көтеріле  бастады.  Осы  бағытта  тынбай  еңбектенді.  Алай-
да  ол  өзінің  журналистік  шеберлігі  жетіле  бастағанмен, 

375
жазу-сызуының ғылыми теориялық негіздемелерінің әлі де  
олқылау  түсіп  жататынын  байқайтын.  «Құланның  қасуы-
на...»  дегендей,  оның  көкейінде  жүрген  бұл  игі  мақсатын 
орындаудың сәті түсті. Ол 1976 жылы КОКП Орталық Ко-
митеті  жанындағы  Қоғамдық  ғылымдар  академиясының 
аспирантурасына  оқуға  жіберілді.  Онда  ол  оқушы  ретінде 
барлық  оқу  бағдарламасын  қанағат  етіп  қана  қоймай,  ғы-
лыми  ізденіспен,  әсіресе  пәлсапалық  қисындармен  түбе-
гейлі  айналыса  бастайды.  Нәтижесінде  сол  оқуды  бітірген 
1981  жылы  философия  ғылымының  кандидаты  дәрежесін 
қорғап шығады. Табиғат, қоғам құбылыстарына, жалпы өзі 
өсіп  жетілген  айналасына  ойлы  көзбен  қызыға  қарау,  ша-
масы оның бала күнінен бойына сіңген қасиет болса керек. 
Өсіп  жетіле  келе  ұлы  ойшылдар  әлеміне  тереңдеу  арманы 
осылайша  орындала  бастаған  еді.  1992  жылы  сол  Мәскеу 
қаласындағы аталған оқу орнында философия ғылымының 
докторы  дәрежесін  қорғады.  Сол  жылы  профессор  атағын 
да  алды.  Міне,  бұл  толассыз  еңбек  пен  талапшылдықтың  
үлкен нәтижесі болатын.
Енді оған ойшыл ғалым ретінде өзін толғандырып келе 
жатқан  келелі  мәселелерді  қалың  жұртшылыққа  ұсынатын 
кезеңі келген еді. Міне, сол мақсаттың үдесінен шыға бас- 
тады.  Ол  ең  алдымен  қазақ  ойшылдарымен  тілдесе  баста-
ғандай мінез танытады. Әсіресе, ұлы Абайдың эстетикалық 
көзқарастарына  ой  жүгіртіп,  өзін  толғандырған  сауалдарға 
жауап  алады.  Сондай  ізденістер  нәтижесі  жинақтала  келе 
«Эстетическое в творчестве Абая» (1974) деген кітапқа ай-
налады. Әбдеш ұлт және қоғамдық сана туралы толғанады. 
Оны  сол  ұлттың  негізін  қалайтын  адамның  болмыс-бітімі 
де  неше  алуан  ойға  жетелейді.  1984  жылы  жарық  көрген 
«Нация и общественное сознание» кітабы осы мәселелерді 
қозғайды.  Әбдештің  тағы  бір  ерекшелігі  оның  қазақ,  орыс 
тілінде бірдей сөйлеп, бірдей жазатыны.
Әбдеш  Қалмырзаевтың  философ  ретінде  кемеліне  келе 
бастаған  кезі  еліміздің  тәуелсіздік  алуымен  тікелей  байла- 
нысты. Ол әрі журналист, әрі философ ғалым ретінде Қазақ-

376
стан  баспасөзіне  мемлекетіміздің  қалыптасу  дәуіріне  ауа-
дай қажет ойларын жаза бастайды. Сөйтіп ойшыл қаламгер 
тәуелсіздіктің  патриот  жыршысына  айналады.  Газет,  
жорнал  беттерінде  жарияланып  жатқан  мақала  толғаула-
рымен  қатар  «Абай  шығармаларының  эстетикасы»,  «Ұлт 
және адам», «Ұлт және қоғамдық сана», «Біз, қазақ, ежелден 
еркіндік  аңсаған»,  «Қазақстан  патриоттығы»,  «Заман  және 
біз»,  «Уақытпен  сырласу»,  «Ұлттық  идея»,  «Уақыт  және 
адамдар»,  «Сан  қырлы  демократия»  атты  кітаптары  бірі- 
нен  соң  бірі  жұртшылық  қолына  тиіп  жаты,  көпшілік  сұ-
ранысын қамтамасыз етті.
Қаламгердің бұл туындыларын саралай келе оның өзегі 
тәуелсіздік  тағдыры  мен  ұлттық  идея,  идеология  мәселе-
лері  құрайтынын  байқайсыз.  Ол  жалаң  ой  қуалап,  ескі  са-
рынмен отырмайды. Айтар ойын нақты дерек, дәйектермен 
тұздықтап,  ғылыми  түйсігінің  мығымдығын  айғақтайды. 
Сонымен  бірге  философ  ғалым  сан  алуан  ұлт  өкілдерінің 
тағдырын  сөз  ете  отырып,  олардың  бір  кезде  Қазақстанды 
еріксіз  баянды  мекеніне  айналдырып  отырған  бүгінгі  жағ-
дайында, олардың тәуелсіз мемлекетке атын беріп отырған 
халықты  құрмет  тұтуы,  соның  маңына  топтасуы  табиғи 
құбылыс деп табады. Солай екенін дәлелдейді. 
Мойнына  осындай  ұлы  міндет  жүктеліп  отырған  қа-
зақтың  қай-қайсысы  да  рухани  мәдени  дамудың  биік 
шыңына  көтерілуі,  сөйтіп  өзгелерді  өз  төңірегіне  тартып, 
топтастыра  алатын  дәрежеге  жетуі  керектігін  меңзейді. 
Сондай-ақ  қазақ  халқы  әлі  ұлт  тұтастығына  жеткен  жоқ 
дейтін  жаңсақ  пікірлерді  жоққа  шығаруға  тырысқан  мына 
бір түйіндеуін еске ала кетсек дейміз. Ол «өз территориясы, 
өз Конституциясы, өзінің ішкі тұтастығы бар халықты неге 
ұлт болып қалыптаспады дейміз. Бұл жаңсақ пікір!» деп өз 
ойын  бұлталақтатпай  кесіп  айтады.  Осыдан  келіп  ұлттық 
идея мен идеология деген ұғымдар табиғатын талдап, оның 
әрқайсысына  анықтама  беруге  тырысады.  Бұл,  біздіңше, 
пәлсапалық түйіндеулердегі жаңаша бастама дерлік қисын.
Дегенмен  оның  кітаптарында  өріс  тапқан  философия-
лық  ой-түйіндері  мен  қисын-толғамдарын  талдау  арнайы  

377
мамандар талғамына тән дүние болғандықтан, біз бұл тура-
лы ойымызды осымен тежей тұрғанды жөн көрдік.
Осы  аталған  ойлармен  және  болашақта  талай  жүгінуге 
тура  келетін  Әбдеш  еңбектерінің  жас  ұрпаққа  берері  мол  
деп  ойлаймын.  Ол  осыншама  дүниелерін  жауапты  мем-
лекеттік  және  қоғамдық  қызметтер  атқара  жүріп  жазды. 
Алматы  Жоғары  партия  мектебінің,  Алматы  Саясаттану 
институтының  ректоры,  қоғамдық  саяси  «Мысль»  және 
«Жаңа  ғасыр»  жорналының  бас  редактор  қызметтерін  де 
атқара жүріп, ел жағдайы, ұлт тағдыры туралы тынбай ең-
бектеніп, көсемсөздің өзіндік үлгісін де жасады. 
Әбдеш үздіксіз ізденіс жолында жүрді. Соның арқасын- 
да  өте  білімдар  азаматтар  қатарына  қосылды.  Үлкен  қыз- 
меттер  атқарып  жүрген  тұсында  біздің  аралас-құралас-
тығымыз сирей бастады. Бұған уақыт тапшы болатын, соған 
қарамастан  мен  оның  қазақ  қамын  терең  ойлайтын  биік  
парасат иесі болып қалыптасқанын көріп, сырттай сүйсініп 
жүрдім. Ол өмірінің соңғы жылдарында сүйген жары Үрзада 
екеуі  азамат  болған  ұлдарынан  айырылып,  қайғы  шекті. 
Бұл олар үшін оңай болған жоқ. Қайғыны көтеруге тырыс- 
ты, алайда Әбдештің денсаулығы сыр бере бастады. Осын-
дай сәттерде Алматыдағы орталық ауруханада қатар жатып 
емделіп,  егде  тартқан  кезімізде  Алла  бұйыртқан  өмірдің  
ауыр  жүгін  арқалап  жүрген  халімізді  айтысып,  сырласа- 
тынбыз. Ол емделіп жатқан тұсының өзінде, үлгеріп қала-
йын  дегендей,  толғандырған  ойларын  бұрқыратып  қағазға 
түсіріп  жататын.  Соңғы  жылдары  ол  өте  өнімді  жұмыс  іс- 
теді.  Оның  елді  толғандырған  мақалалары  газеттерде  бірі-
нен соң бірі жарияланып жатты. Кездесіп қалғанда не теле-
фонмен «Қалай үлгересің?» деп сүйсінгенімді айтып жату-
шы  едім.  Өмірдің  қайсыбір  тұстары  жайында  ықыластана 
сыр  шертісіп  отырушы  едік.  Осындай  мүмкіндіктерден  де 
біртіндеп адаланып келеміз. О, жаратқан, бірімізді бірімізге 
жоқтатып қойған тағдыр-ай!..
Мен таныған Әбдеш, міне, осындай еді!

378
СеН қалДырғаН ізДер...
(Мыңкең туралы сыр)
Қымбатты,  досым  Мыңбай,  біз  үшін  де  тауқыметі  мен 
тамашасы  аз  болмаған  мына  ғажайып  өмірдің  бір  сәтінде 
Сен туралы естелік жазармын деген ой үш ұйықтасам түсі-
ме кірмеген еді. Сонда да тағдыр бұйрығымен Сен дүние-
ден өткелі біраз болса да не жазарымды, не деп жазарым-
ды  білмей  тұйыққа  тірелгендей  болып  отырғаным,  мынау.  
Ойлап отырсам, жер ортасынан асып, базардан қайтып келе 
жатқан түріміз бар екен. Сені ойлап отырып, сені алға сала 
отырып, басымыздан өткен небір сәттерді, қилы-қысаң ке-
зеңдерді көз алдымнан қайта бір өткізіп, Өзіңнің рухыңмен 
тілдесе  келе  әңгімелесем  деген  ойға  қалдым.  Өзіңді  тірі 
адамдай сезінемін, сондықтан тым болмаса рухыңмен қол-
дап,  қуаттап  отырғайсың.  Қанша  дегенмен  әулиелі,  киелі 
өлкенің  ұландары  едік  қой.  Сен  туралы  толғанудың  осын- 
дай бір тәсілін тапқандай болып, әуелі жаратқан иемізден, 
сосын  сенің  рухыңнан  демеу  тіледім.  Сен  еш  жаққа  кет-
пегендейсің. Сен көз алдымда тұрғандайсың, Мыңкем!
Ал  ендеше  өткен  өмір  жолдарын  екеулей  отырып  еске  
түсірелік.  Бәлкім  сенен,  біздерден  тараған  ұрпақ  сен  қал-
дырған,  біз  қалдырар  жазбалармен  танысып,  тым  болма-
ғанда бұл екеуінің достығы, сыйластығының елді ойланды- 
рар  сыры  бар  екен  ғой  деп  жүрер.  Тым  болмаса  қарша-
дайымыздан  көрген  тауқыметтерге  шыдап,  сөйтіп  жүріп 
адам  болуға,  өнер,  білімге  деген  талмай  ұмтылысымызды 
есіне  алып  толғанар.  Қалай  адам  болғанымызды,  сөйтіп 
жүріп қазақтың намысын жыртар адамдар қатарына қосыл-
ғанымызды оқып, біліп, ойлана жүрер.
Біз әйгілі Отырардың маңында дүниеге келіп, көне ша-
һар Отырартөбенің түбінде түлеп өскен, Шәуілдірдің сары 
балалары  едік.  Сен  Отырарға  жақындау  Байылдыр  колхо-
зынан,  мен  одан  бір-екі  шақырым  шығыс  жағында  жатқан 
Қарғалы колхозынан едім. Сен осы туған өлкеңді өмір бойы 
мақтан  тұттың.  Сол  өлкеге  мен  де  қарыздармын.  Кейде  

379
сенің  ойлы  қоңыр  көзіңе  қарап  отырып,  осы  бір  ойлылық 
пен  парасат  өзің  туылған  жердің  шарапатынан  ба  деуші 
едім.  Мұның  үстіне  сен  ә  дегеннен-ақ  оқуға,  әр  нәрсені 
білуге  ұмтылдың.  Мектепте  оқып  жүргенде  көңілді  алаң 
етер  қосалқы  дүниелер  көп  болады  ғой.  Сен  солардың  
бірде-біріне  алаңдамадың.  Оның  есесіне  әрбір  пәнді  мұға-
лімнен  қалыспай  қазып  оқитын  қасиетіңді  жолдастары- 
мыз әлі күнге дейін жыр ғып айтады.
Сен, Әтен, Төлен, Сұлтан, Тұрсынхан, Тастемір, Әлеш, 
Ерахан  тәрізді  жетімдік  пен  жоқшылықтан  жетілген  ке- 
ремет  жігіттермен  бірге  оқыдың.  Мен  бір  саты  төменгі 
сыныпта  едім.  Алайда  Байылдыр,  Қарғалыда  табысқан 
таныстық аудан орталығы Шәуілдірдегі Жамбыл атындағы 
онжылдық  қазақ  орта  мектебінде  жалғасты.  Мектептегі 
мұғалімдердің  бізге  әсері  мол  болды.  Көбіміз  тырысып 
оқып, өзімізді де оларды да ұятқа қалдырмауға ұмтылдық.
Сенің  қолыңа  қалам  ұстап,  жазуға  ұмтылуың  сол  мек-
тепте  басталған  еді.  Мектептің  қабырға  газетінің  алдында 
шүпірлеп  тұрып,  өз  өмірімізде  орын  алған  келеңді-келең-
сіз  жайларды  содан  оқып,  қызара  бөртісіп  әңгіме  шертісіп 
жататынбыз.  Сол  газеттің  негізгі  шаруасы  сенің  мой- 
ныңда болатын. Сондықтан оқытушылар алдында, оқушы-
лар  ортасында  сенің  беделің  зор  болды.  Тіпті  мұртымыз 
тебіндеп,  мектептегі  қыздарға  қырындай  бастаған  кезіміз. 
Кейбір  жігіттер  өзі  ұнатқан  қыздарына  жеткізер  ынтызар-
лық сезімін қағазға жөндеп түсіре алмай, өзіңе қолқа салып 
жататын.  Сенің  көкейіңнен  шыққан  небір  жүрек  тебірен- 
тер  сөздер  осылайша  талай  қыздың  көңілін  жібітіп,  кө-
кейінде  кетті.  Бұның  бәрін  уақытындағы  жігіттіктің  бір 
түрі  деп  әзіл-қалжыңға  айналдырып  жүрсек,  Сен  сол  кез- 
дің  өзінде-ақ  қазақтың  асыл  сөздерін  көңіліңе  түйіп,  қа-
ламгерлік  өнерге  қарай  бет  түзеген  екенсің.  Мұны  кейін 
ұқтық. Сен онжылдықты жақсы бітіріп, көздеген мақсатыңа 
жеттің.  Он  жыл  бойы  жинақтаған  білімің  діттеген  жеріңе 
алып келді. Жоғары оқуға түсуде өзге жұрт сияқты қиналған 
жоқсың.  Конкурстан  өте  алмай  топырлап  құлап  жатқан 

380
талай  баланың  ортасында  жүзің  жарқын,  мерейің  үстем 
болып  жайнап  жүрдің.  Жалпы  бір  ғажабы,  Сенің  түр-
түсіңде, болмыс-бітіміңде кейін де анау айтқан өзгеріс бола 
қоймағандай.  Әйтсе  де  уақыт  өткен  сайын  парасат  биігіне 
көтеріле  түскеніңді,  біртіндеп  қаламыңа  қуат  бітіп,  жазу 
мақамыңды түзей бастағаныңды сездік.
С.М.  Киров  атындағы  Қазақ  университеті  ол  кездегі  
нағыз білімнің алтын ордасы болатын. Онда ұлы Мұхаңнан 
бастап  қазақ  тілі  мен  әдебиетінің  небір  білгірмендері  –  
І.  Кеңесбаев,  М.  Балақаев,  Б.  Кенжебаев,  Е.  Ысмайылов, 
Т.  Нұртазин,  Ы.  Маманов,  Т.  Амандосов,  Қ.  Бекхожин,  
Х.  Сүйіншіәлиев,  Б.  Шалабаев,  С.  Сәйкиев,  Қ.  Махмудов,  
Т. Ыдырысов тәрізді ұстаздар сабақ беретін. Бұлардың әр-
қайсысы бөлек әңгімеге азық болар тұлғалар. Олар таратқан 
тағылым-тәрбие  әлі  күнге  біздер  арқылы  да  кейінгіге  ұла-
сып жатыр.
Сен  журналистикадан  табан  аудармай,  оның  сыры  мен 
сипатын  сан  алуан  қырын  түгелімен  игеруге  тырыстың. 
Жақсы оқыған маманға қашан да орын дайын. Сен универ-
ситет бітірісімен «Лениншіл жас» газетіне орналасып, өзің 
сүйіп таңдаған мамандығыңның ыстығы мен суығына бел-
шеден  батып,  іске  кірісіп  кеттің.  Республиканың  мәдени 
шаруашылық өміріндегі елеулі оқиғалар Сенің назарыңнан 
тыс  қалған  жоқ.  Оның  көбін  өзіңше  суреттеп,  қаламыңа  
тірек  еттің.  Жастық  жалынмен  жігерлі  жазылған  еңбекте-
ріңді ел сүйсіне оқи бастады.
Университетті бітірер-бітірместе Сенің өміріңде айтулы 
оқиға  болды.  Өзіңмен  бірге  оқитын,  қазақ  әндерін  өзгеше 
мақаммен  сүйіп  орындайтын  қара  торы  қыз  Кларамен  бас 
қостың.  Бұл  біздің  жігіт  кездегі  көрген  алғашқы  тойымыз 
болатын. Ас та төк емес, кезеңіне лайықты есте қалар той 
болды. Небір тамаша тілектер айтылды, ұстаздар да қуанды, 
қатар-құрбылар  да  шатттанды.  Міне,  содан  былай  қарай 
өмірлік жарың Кларамен екеуіңнің ертегідей өмірлерің өріс 
алды.  Дүниеге  ғажайып  перзенттер  келе  бастады.  Сенің 
өміріңдегі қуанышты сәттердің бәрін достарыңмен бөлістің.

381
Жорналшының  өмірі  ел  өмірімен  тікелей  байланысты 
ғой. Бұл кәсіп Сені түрлі-түрлі тезге салып, шыңдай баста-
ды.  Жастар  газетінде  еркін  көсіліп,  еркін  жазып  жүрген 
жеріңнен  Сен  біртіндеп  есейіп,  партиялық  органға  қарай 
ойыстың.  Оңтүстік  Қазақстан  өлкесінің  өлкелік  партия 
комитеті номенклатурасына еніп, сол өлке газетіне қызмет 
ауыстырдың.  Бұл  Өзің  туып-өскен  өлкенің  жұртшылыққа 
жария болар, насихаттауға татитын неше алуан мәселелері 
толып  жатыр  еді.  Міне,  сол  іске  басы  бүтін  ендің  де  кет- 
тің.  О  бастан  қалыптасқан  тұрақты  мінез,  қызметті  жа-
уапкершілікпен  адал  атқару  Сенің  бойыңдағы  негізгі 
қасиеттер  болатын.  Мұндай  адамның  қай  ортада  да  орны 
бөлек. Сен сол өз еңбегіңмен, өзіңе біткен адал азаматтық 
мінезіңмен өзіңе тиесілі орныңды орнықты алып жүрдің.
Сенің әкең Ілес қария бетінен нұры тамған нағыз еңбек 
адамы  еді.  Ол  кісі  менің  әкем  Айтбай  молламен  сыйлас, 
сырлас жолдас болды. Үнемі үйге келіп екеуі әңгіме-дүкен 
құрып  отыратын.  Екеуінің  де  арманы  екеумізді  оқыту  бо-
латын.  Оқытқанда  Ілекеңнің  ойы  басқашалау  еді.  Екеу- 
мізді  дін  жолына  салу  еді.  Бірде  ол  кісілердің  мынандай 
әңгімесін құлағым шалған еді. Ілекең:
–  Айтеке,  сіз  мұсылманша  сауатыңыз  жоғары  адамсыз 
ғой.  Мына  Мыңбай  мен  Өмірзақты  өзіңіз  оқыған  Бұхара 
шаһарына  жіберсек  деп  едім.  Соның  жолы  қалай  болар  
екен? – дегеніне Айтекең:
– Е, Ілеке, бұлардың заманы басқа. Заманына лайықты 
амалын  іздесін.  Таңдауы  өздерінде.  Несіне  кедергі  бола- 
мыз, – дейтін.
Кейін осы әңгімені екеуміз де қызыға еске алатын бол-
дық.  Несі  бар,  «Тазалыққа,  пәктікке,  имандылыққа  баули-
тын бұл ілімнің де жөні бөлек қой. Ең болмағанда екеуміз 
екі  мешітте  уағыз  айтып  отыруға  жарар  едік-ау»,  –  деп 
күлетінбіз.  Имандылық  символындай  болып,  өмірден  таза 
өткен  осынау  қариялардың  кескіні  көз  алдымнан  еш  кет- 
пейді.  Екеуміздің  де  ел  көзіндегі  елеулі  азамат  болып  ер- 
жеткеніміз  әуелі  Құдай,  сосын  осы  әкелер  тәрбиесі,  үшін-

382
шіден,  ардақты  ұстаздардан  алған  тағылымның  арқасы  ма 
деп ойлаймын...
Сенің  өміріңде  талай  қуаныштар  болды.  Соның  ең 
алғашқысы – үй болуың да, екіншісі – тұңғыш рет перзент 
сүюің. Бір күні дүниеге шырылдап сәби келді. Бұл тағы да 
біздің ортамыздың алғашқы қуанышының бірі болатын. Үні 
қандай  әсем  еді,  жас  нәрестенің!  Екеуіңнің  қуанышыңда  
шек  болған  жоқ.  Біз  де  сендерден  кем  түспедік.  Дос-
тарымыздың  қуанышын  өз  қуанышымыздай  тойладық. 
Ол  сәби жарық дүниеге  Нұржайна  деген  атпен  келді. Ата- 
анасы  мен  дос-жаранның  шын  көңілден  айтылған  ықы-
ластарынан ба, сол сәби біртіндеп шынында да өзінің атына 
сай қыз бала болып өсті. Бір ғажабы, қалада туылып, қала 
тәрбиесінде  көбірек  болған  Нұржайна  Сенің  бойыңдағы 
адамдық  қасиеттердің  денін  өзіне  дарытқандай  боп  кө-
рінеді.  Мұның  үстіне  бұл  сәби  Ілес  атасының  да  мейірін 
қандырғандай  нағыз  қазақы  қылықты  қыз  бала  болып  же-
тілді. Осы орайда Сені қуанышқа бөлеген тағы бір оқиғаны 
еске алғым келеді. Ол да әлі күнге көз алдымда. Нұржайна  
оқу  бітіріп,  бой  жетіп  өзіне  лайықты  жар  тапты.  Тойды 
өткіздік. Бірге шаттандық. Сенің сондағы онсыз да нұр тө-
гіліп тұратын ажарыңның құлпыра түскеніне сүйсініп едік. 
Неге десең, қазақта жақсы келінді енесінің етегінен жарал-
ған  деген  сөз  бар  ғой,  сол  ретпен  жақсы  күйеу  атасының 
ниетінен  жарала  ма  деген  ойға  қалдық.  Өйткені  Сенің 
Қалдыбайың  өзіңнің  мерейіңді  тасытқан  Нұржайнаңның 
бақытын  ашқан  азамат  болып  шықты.  Дүниеден  өткен 
өзіңді  де  жоқтатпай  отырған  солар.  Әманда,  жолы  болғай 
жастардың!
Сен  Шымкент  қаласында  айтулы  қаламгерлер  орта-
сында  еңбек  етіп  жатқанда  біз  Үміт  екеуміз  жыл  сайынғы 
демалысымызды  елде  –  Отырар,  Түркістанда  өткізуге  ты-
рысатынбыз.  Осы  сапардың  бірде-бірінде  сендерді  аттап  
өткен  емеспіз.  Сен  бастаған  «Жеті  сері»  атанып  кеткен 
достардың  ортасында  болып,  әңгіме-дүкен  құратын  едік. 
Әндер  шырқалатын,  неше  алуан  күйлер шертілетін. Шым-

383
кент драма театрының қасында тұратын үйлеріңе жиналып 
алып, естен кетпес қызықты кештерімізді өткізуші едік. Сен 
онда газетте әуелі жауапты хатшы болып қызмет атқардың. 
Осы  жауапты  деген  сөз  Сенің  бүкіл  болмыс-бітіміңе  тән  
сөз болып кетті. Кейін Алматыдағы үлкен газеттің көп жыл-
дар  бойғы  жауапты  хатшысы  да  өзің  болдың.  Қайда,  қай 
газетте  жүрсең  де,  газет  бетінен  Сенің  қолтаңбаң  сезіліп 
тұратын.  Ортамыздан  өзіңдей  қаламгердің  шыққанына  ма- 
саттанып  жүретін  едік.  Масаттанатындай  да  жөніміз  бар  
еді. Сен қызмет еткен ортада Сенің биязы мінез бен ме-йір-
шапағатыңды  көрмеген  адамның  кемде-кем  екенін  біле-
тінбіз.  Қазақ  тілінің  майын  тамызып  сөйлеп,  жазғандағы 
сауатыңның  өзінен  өздеріңдегі  жас  жорналшылар  түгілі 
сыртта  жүрген  біздер  де  тәнті  болып  тағылым  алып  жата-
тынбыз.
Қазақтың қамын жейтін, елдің мүддесін ойлайтын, жа-
зуынан  бал  таматын,  талай  қаламгерлерді  тәрбиелеп  келе 
жатқан «Социалистік Қазақстан» кейін «Егемен Қазақстан» 
аталды. Еліміздің егемендігін талмай насихаттап келе жат-
қан осы бас газеттің бас редакторының орынбасары болып, 
өміріңнің  соңына  дейін  еңбек  еттің.  Сенің  қаламгерлік, 
азаматтық,  қайраткерлік,  қабілет-қарымың,  болмыс-бітімің  
осы  газетте  шыңдалып  қалыптасты.  Сен  неше  алуан  та-
қырыпты  қозғай  жүріп,  қазақ  сөзінің  байлығына  тереңде-
дің.  Оның  ішкі  қуаты  мен  сиқырлы  сырына  үңіле  білетін 
қаламгерлер  қатарына  қосылдың.  Сенің  тіліңнің  тынысы  
кең еді. Егер сен ғылыммен айналысқаныңда қазақтың тағы 
бір нағыз қайраткер ғұлама ғалымына айналуың сөзсіз еді.
Сен  газеттегі  қауырт  шаруалармен  айналыса  жүріп, 
аударма  мәселесімен  де  шұғылданғаныңа  сүйсінетінмін.  
Осынау  азабы  мол  шаруамен  айналысуға  қай  кезде  уақыт  
тауып  жүргеніңе  таңмын.  Менің  ойымша,  Сенің  қазақ 
тіліне, қазақ сөзіне деген өзгеше құмарлығыңды, мауқыңды 
басар  ынтызарлығыңды  аударма  арқылы  басқың  келген 
түрің бар. Өз тіліңнің мүмкіндігін басқа тілдің байлығымен 
салыстырғысы  келген  адам  шынында  аудармамен  айналы-

384
сып  көруі  керек.  Сен  солай  еттің.  Алғашқыда  бұл  уақыт- 
ша  ермек  сияқты  болып  көрінгенмен,  бұл  іске  басы  бүтін 
беріліп  кеткеніңді  өзің  де  байқамай  қалдың-ау  деймін. 
Әңгіме,  повесть,  романдар  аударуға  ұласқан  бұл  тірлігің  
Сені  кәсіби  аудармашылар  дәрежесіне  көтергендей  бол-
ды.  Сенің  осы  қабілетіңді  байқаған  ғалым  тарихшылар 
халқымыздың тарихына қатысты дүниелерді аударуға тарт-
ты. Сен бұл істі де абыроймен атқарып шықтың.
Аударма ісіне қызыққаның сонша, болашаққа керек не-
бір  асыл  маржандар  әлемін  шарлап,  соларды  өз  халқыңа 
жеткізсем,  соларды  аудару  арқылы  ана  тілімнің  шексіз 
мүмкіндігін  тағы  бір  байқап  өтсем  деп  армандаушы  едің. 
Әлі есімде, Өзіңмен болған бір әңгіменің бір тұсында әйгілі 
шығыс ғұламасы Әбу Әли ибн Синаның көп томдық еңбегін 
көріп, сатып алып, соған қатты қызыққаныңды айтып едің. 
Ол мұраға мен де қызығып, оны сонау Ташкент қаласынан 
алып келіп едім. Біздің халқымызға қажеті аса зор осы бір 
мұраны Сен батылың барып, аударып та байқадың. Өзіңнің 
де,  тіліңнің  де  мүмкіндігін  барлап  көрдің.  Бірақ  өкінішке 
қарай,  Сенің  бұл  игі  әрекетің  ешкімнен  қолдау  таппады. 
Ұрпақ қамын ойлайтын өресі биік бизнес қайраткерлерінің 
әлі  ұлттық  санасының  ояна  алмай  жатқанын  да  байқадық. 
Өзіңмен бірге кеткен армандардың бірі осы еді.
Алайда  Сенің  ісің,  тірлігің  ізсіз  жоғалмайды.  Сен  өз 
тарихыңды өзің жазып кеткен адамсың. Сенің бейнең көз-
ден  кетсе  де,  көңілден  кетпек  емес.  Өмірдің  ащысы  мен 
тұщысын  бірге  татысып,  қаншама  жылдар  бойы  сыр  мен  
жыр бұлағын ақтарысқан қатар-құрбылар да біртіндеп осы- 
лайша  ақтық  сапарға  аттанып  кетіп  жатыр.  О,  дариға, 
төңірегіңнің түгел жүргенінің өзі ерен бақыт екен ғой!..
Сен  бір  кезде  қасиетті  Отырар  өлкесінің  топырағына 
оранып дүниеге келіп едің, енді сол Отырарыңның торқалы 
топырағын  жамылып  алып,  бұйығы  жатырсың.  Осының 
өзінде  туған  топырағыңды  басып  жүрген  кейінгі  ұрпақ 
тағдырын  ойлап,  біртүрлі  томсырайып  жатқандайсың.  Құ- 
дайға  шүкір,  туған  Отырарың  тәуелсіз  елмен  бірге  гүлде-

385
ніп,  өсіп-өркендеп  келеді.  Сені  жоқтайтын,  Сенің  жазып 
қалдырған  дүниелеріңнің  қадіріне  жетіп  іздейтін,  әздек 
тұтатын  ұрпақ  өсіп  жатыр.  Мұның  үстіне  өзіңнен  тараған 
өрен-жарандарың  да  жетілді.  Шаңырағыңды  шайқалтпай 
сүйген жарың Клара отыр, ендеше Сен қалдырған үлгі-өне-
ге жалғасын тауып жатыр. Тәуелсіз еліміздің Өзің аңсаған 
талай  іргелі  шаруасы  біртіндеп  іске  аса  бастады.  Ендеше, 
Сен өмірге босқа келіп, өмірден босқа өтпеген жансың!..

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет