Он үшінші тақырып



бет11/21
Дата04.03.2023
өлшемі0,97 Mb.
#71537
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21
2.6. Ар-ұят

Ұлы Кантта мынадай тамаша ой кездеседі. «Адамды екі нәрсе жанын тебірентіп, шексіз тандандырады: жұлдызды аспан мен ішкі моральдық заңдылық шексіздігі» [19, 17 б.]. Бірінші шексіздікті адам жаңа кеңістіктерді бірте-бірте игере отырып меңгерсе, ал екіншісін ар-ұят дауысына бағыну арқылы игереді. Ар-ұят деген не? Ар-ұят өмірдің әр түрлі көріністерінде шатасқан түрінде көрінетін феномен. Ар-ұят түрлері мазмұныныңайырмашылықтары бар ма? Тарихтың бүкіл өн бойында қарама-қайшы қондырғыларды ұстанатын адамдар өз «ар-ұятымыз бойынша» әрекет еттік деп есептеді: Конфуций мен Сократ, Заратуштра мен Платон, Иса мен Мұхамед адамдарды руханилыққа, ар-ұят пен ар-ождан үніне құлақ түруге шақырса, инквизиторлар мен ксенофобтар, басқыншылар мен тирандар, фашизм мен болыневизм фанатиктері де өз ар-ұяттары бойынша әрекет еттік деп санады.


Этикалық әдебиет бұл сұрақтарға әр түрлі жауап береді. Сенеканың пікірінше, өз этикалық қасиеттерімізге орай біздің қылықтарымызды сынайтын немесе қорғайтын ішкі дауыс ар- ұятты білдіреді. Стоиктік философия оны өзіндік сақтанумен (адамның өз-өзіне қамқорлығымен) байланыстырады. Діни философияда ар-ұят құдайдың адамға жіберген ақыл-ойының заңдылығы. Фихтенің айтуынша, ар-ұят адамдардың қоғамдық жағдайынша байланысты емес, ол ішкі «Меннің» дауысы және моральдың нағыз беделі болып табылады. К. Маркс бойынша ол ішке қарай бағытталған ашуыза. Ж.П. Сартр ар-ұятты адамға қоғам тарапынан қойылатын сыртқы талаптар мен тыйымдарға қарсы тұратын ішкі тұлғалық әрекеттің жалғыз аралы деп жариялайды.
Ар-ұят адамгершілік сананың моральдық-психологиялық тетігі ретінде қоғамдағы моральдың императивті (бұйрықты), байланыстырушы күшіне ұқсас. Ол қоғамдық қатынастарда, мәдениетте, әлеуметтік субъектілер әрекеті мен өмір сүру тәртібінде объективті бекітілген адамгершілік құндылықтардың белгілі бір жүйесін тұлғаның рухани ішкі әлемінде қорғайды. Ар-ұяттың адамгершілік- психологиялық ерекшілігі, адамның психикалық өмірінің ең алуан түрлі элементтерін органикалық тұрғыда өз құрамына біріктіретін бүтіндей механизм ретінде көрінуімен сипатталады. Ол барлық психика қабаттарының, өзара әрекеті нәтижесінде қалыптасады: рационалдылықтың, интуитивтіліктің, ойлаудың салқын есебі ғана емес, өмірлік тәжірибе бейнеленетін субъективизмдер даналығына, моральдық интуицияға сүйенеді.
Ар-ұяттың өзгешелігі қатарына оның тылсымдылығы, бүркемеленуі және таңдамалылығы жатады. Ар-ұят –– бұл ішкі монолог, кейде онда диалог, тіпті көп дауысты дискуссия да жүзеге асып жатады. Ар-ұят дегенің мыңдаған куәгерлер. Адам бойында мәңгі оппонент пен мәңгі қорғаушы рухқа ұйқы бермей пікірталасып жатады. Адамдағы мәңгі төреші қоғамдық пікірден жасырын жатқан нәрселерді көріп, ойлап және сезіп отырады.
Күнделікті өмірде ар-ұят сезімі адам қылығы әдеттегі және «автоматтандырылған» үлгідегі шеңберінен шығып кеткен кезде қосылатын өзіндік адамгершілік компас рөлін атқарады. Әрине, ар-ұят барлығын қамтитындай құдіретті емес. Адамгершілік компромисс жағдайында немесе адамгершілікке жатпайтын сарындар басым болған жағдайында еркін таңдау мүмкіндігі бар кезде ар-ұят өз бойына өзге текті сіңіріп, өзін-өзі мүжуі, әдетте, бастапқыда адамгершілікке жатпайтын қылықты сезінумен сипатталады, уақыт өте келе тұлғаның өзі жасықтанып, адамгершілік атрофия жолымен жүреді және өз қылығын моральдық реттеу щеңберінен сырт қалады.
Ар-ұят адамның ішкі дауысы, «қайырымдылықты іштей анықтау үдерісі» (Гегель) болғанымен, ол жан-жағын аңғаруы тиіс. Мынадай қайшылық болуы мүмкін: моральға жатпайтын қылық білместікпен сипатталатын адамгершілік максимализм күшімен таңдалуы мүмкін. Ақиқат пен жоғары адамгершілік талаптар үйлесімдігінің өзі де «ар-ұятқа сай қылықты» еркін талдауға кепіл бола алмайды. Еркіндік пен демократия жойылып, сыбайлас және бюрократтық күштер үстемдігі жағдайында индивид міндетті түрде қуыршақ рөлінде көрінеді. Мәдени аномалия, қоғамның маргиналдануы мен люмпеңденуі жағдайында оның мүшелерінің ар-ұяты ұйқыға кеткен тәрізді болады... Ар-ұятсыз билік – бұл өзін-өзі жоятын билік. Ал оның деструктивті табиғаты адамдарға шексіз зиянын тигізеді. Тирандар мен баскесерлердің ең тиімді ақталуы – «заманның қаталдығына» сілтеме жасау. Қандай да бір «эталондық топтық» үлгілері деңгейіне дейін моральды төмендету ар-ұяты бар адамдарды қудалаумен тікелей байланысты. Жалған жүйеде адал адам аномалия тәрізді көрінеді. Тоталитарлық және сыбайлас қоғамдардағы нақты практика мұның мысалдарына толы. Жалпы «қолдаймыз» жағдайы ар-ұятқа аномалиялық құбылыс ретінде төзбейді. Айуандық, садизм, демагогия, егер осылардың көмегімен қара бас мүдделеріне септігі тиіп жатса, қайсыбіреулерді қуантады. Сонымен қатар өзгелердің адал және бақытты өмірі қызғаныш пен көре алмаушылық туғызуы мүмкін. Көптеген «тарихи қайраткерлкр» мен «халықтар өкілдері» қоғамдық пікірді бағындыру арқылы өздеріне қолайлы моральды қалыптастыруға ұмтылады. Көбіне бұл мораль «көсемдік» үлгілер мен утилитарлы мақсаттарға қызмет ететін есепке құрылған мораль. Олар үшін ең бастысы – имансыздықтың жалпы фонында оңай қол жеткізуге болатын жақсы көріну және мақтау есту.
Посттоталитарлық қоғамдағы адамгершілік ахуалды таңдау үшін Э. Фроммның авторитарлы және гуманистік ар-ұят туралы ілімі өзекті болып табылады. Оның анықтауынша, авторитарлық ар-ұят – бұл сыртқы беделдің, ата-ана, мемлекет беделінің немесе қандайда бір мәдениеттегі бедел болатынның дауысы. Бұл жерде ар-ұят туралы айтудың өзі қиын; мұндай қылық сәт талабына жай ғана сәйкес келеді, жазалану қорқынышымен және марапатталу үмітімен көрінеді. Әрқашан белгілі бір авторитеттер тегеурініне, олардың жазалауға, марапаттауға деген нақты немесе жалған мүмкіншілігіне тәуелді болады. Көбінде жұрт бойында ар-ұяттан туындайтын, өздері кінәлілік сезімі ретінде қабылдайтын көңіл күлер авторитет алдындағы қорқыныштан өзге ештеңе де емес. Ең маңыздысы, авторитарлық ар-ұят қағидалары адамның өз құндылықтық пікірлерімен анықталмайды, авторитеттер бұйрықтары мен тиымдары арқылы анықталады.
Авторитарлы ар-ұяттың екі түрі бар. Таза ар-ұят - бұл авторитет саған ырза деген сана; кінәлі ар-ұят – «Ол» саған ырза емес деген сана. Таза (авторитарлық) ар-ұят игілікті жағдай мен қауіпсіздік сезімін тудырады, өйткені ол авторитет қолдауын және оған жақындығын білдіреді. Кінәлі ар-ұят қорқыныш пен үміт үзушілікті тудырады, өйткені ол авторитет еркіне қарсы әрекет жазалану қауіпіне әкеледі.
Бағынбау басты күнә, ал тіл алғыштық басты ізгілікке айналады. Бас шұлғушылық авторитеттің жоғары билігі мен данышпандығын, оны өз еркі бойынша бүйыру, марапаттау және жазалау құқығын мойындауды білдіреді. Авторитет өз бұйрықтары мен тыйымдарын, марапаттаулары мен жазалауларын түсіндіруге дейін төмен түрсе алады, бірақ индивидтің авторитетке еш сын айтуға құқығы жоқ. Индивидтің сын айтуға батылы жеткендігінің өзі айғақ ретінде оның кінәлілігінің дәлелі болып табылады.
Авторитеттің прерогативі қандай болмасын, мейлі ол Ғаламның билеушісі немесе тағдыр жіберген халықтың әкесі болсын, олардың және адамдардың кез келгені арасындағы түбірлі теңсіздік – міне, авторитарлы ар-ұяттың негізгі догматы осы.
Авторитарлы ар-ұятпен салыстырғанда гуманистік ар-ұят – бұл сыртқы санкциялар мен қолдауларға бағынбайтын және әрбір адамға берілген біздің өзіміздің жеке дауысымыз. Ол ар-ұяттың дұрыс қызмет етуі немесе оның бұзылуына біздің бүкіл тұлға-тұрқымыздың жауабы. Ар-ұят адам мақсатының орындалуын бағалайды, ол өмір өнеріндегі табыстарымыз бен шалыстарымыз туралы хабар беріп отыратын біздің бойымыздағы ақпарат.
Сонымен, ар-ұят - бұл біздің өзімізге беретін жауабымыз. Бұл бізден жемісті өмір сүруден, толық және үйлесімді дамуды талап ететін біздің нағыз «Меніміздің» дауысы. Бұл біздің адалдығымыздың қорғаны, өзімізге тұра алу қабілеті, тіпті өзімізге «Ия!» деп тәкапарлықпен айтуға мүмкіндік беретін қабілет. Жеке ар-ұятымыздың дауысын есту үшін, біз өзімізді тыңдауымыз керек, ал бұл біздегі мәдениет адамдарының көпшілігі үшін қиынға соғуда. Біз өз дауысымыздан гөрі, өзге дауыстардың қандайына болмасын құлақ түреміз. Үнемі кино, газет, радио, бос мылжың сөздермен толтырылған пікірлер мен идеялар қоршауындамыз. Көбіне біз өз-өзімізбен жеке қалуға қорқамыз. Біз ең жағымсыз көпшілікпен, мәнсіз-мағнасыз уақыт өткізуді қалаймыз. Біз өз-өзімізбен бетпе-бет келу келешегінен қорқатын сияқтымыз. Өзіңмен жеке қалудан қорқу – бұл жалығу сезімі болар шамасы, бір мезгілде өзіңе сондай таныс әрі сондай бөтен адамды көруден туындайған қобалжу күйіне ұқсас, біз шатасамыз да аулаққа қашамыз.
Ар-ұят ұғымы, егер берік өмірлік сенімі болмаған жағдайда, бай және игілікті адамдарда өте тайғанақ болуы мүмкін. Дәулеті енді құрала бастаған адам мен байлыққа тойынған адамның ар-ұят туралы ұғымы әр түрлі болуы ықтимал. Адамның ар-ұяттылығының маңызды элементі бала кезден басталған тәрбие болары хақ. Оған оны қоршаған орта, сол ортаның психологиясы мен құндылықтық бағдары зор ықпал етеді. Сондықтан да, іскер адамдар маман таңдағанда бұл адамның ар-ұятына өсер ететін факторларды ескеруі қажет.
Ар-ұят ұғымына тарихи кезең, ұлттық, территориялық, климаттық ерекшеліктер де орасан ықпалын тигізеді. Ар-ұят ұғымының қазіргі кезең мен өндірі үдерісіне машиналар, механизмдер енді ене бастаған XVIII-XIX ғасырлар арасында айырмашылығы бар екендігін де ескерген жөн. Француздар мен қазақтардың неке қатынастарында да ар-ұят ұғымы бір-бірінен айырықшаланады. Алғашқылары үшін бөлелер (кузендер) арасындағы неке қалыпты болып саналса, қазақтар үшін мұндай неке қан алмасушылыққа жол берген ұятсыздардың ісі. Шығыс халықтарына тән ар-ұяттылық батыс елдері халықтары пікірімен үнемі сай келе бермейді. Сондықтан да, адамгершілік қатынастарда әрқашан бұл факторларды ескеріп, әдеп-ғұрыпқа құрметпен қараған жөн.
Адамның рухани өмірінің практикалық көрінісі болып табылатын адамгершілік санада ғана адам тиістілік сезімін сезініп, өз өмірінің абсолютті мұратын саналы түсініп, өзінің эмпирикалық табиғатынан жоғары көтеріліп самғай алады; бұл самғау – адамның нағыз мәні. Бұл мән қоғамдық болмыстың адамгершілік немесе адамгершілік-құқықтылық сипатында (жалпы кең мағынада) көрініс табады. Жоғары да біз моральды қоғамдық бірлікті ұйымдастырушы ретінде қарастырдық. Енді біз моральдық бастаудың тамыры мен мағынасын анағұрлым тереңірек қарастыруға жақын келдік. Неліктен адамзат қоғамын адами қатынастардағы тиістілікті анықтайтын және оларды бұзуға болмайды деп танитын моральсыз, нормаларсыз елестетуге болмайды? Себебі билікті бұйыру (биліктің өзі сияқты), адамдар арасындағы келісім, факт ретінде ғана немесе таза эмпирикалық күш ретінде қабылданғандықтан емес, керісінше адам бағынуға тиісті құқылы әлдене ретінде, инстанция ретінде қабылданғандықтан ғана құқыққа негіз бола алады.
Ұят туралы ұлы ақын өзінің отыз алтыншы сөзінде адамдарда екі түрлі ұяттың болатынын келтірді. Біріншісі – надандық та-ұят. Оған жастардың ұялмас нәрседен ұялуын жатқызады. Екіншісі – адамдық қасиеттен туындайтын ұят. Бұл ұятты ақын былай танытады: Ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұндай ұят қылық жасағаныңды жұрт білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады [9, 76 б.].
Абай мұндай ұятты өте жоғары бағалады. Бұл-адамның өзіне-өзінің қатаң жазасы екенін, осыны түсінген адамның, басқа біреудің жасаған ұятты қылығын, қайталамайтындығына көз жеткізеді. Бұл ретте бірінші қоятын талабы-мораль жағынан ұстамды таза болу. Адам басқаға үлгі болу үшін, басқаға тәрбие беру үшін, ең алдымен моральдық жағынан өнеге көрсетерліктей болу керек. Бұл тұрғыдан ақын алдымен, сыпайы мінезді, жақсы құлықты, әділетшіл, шыншыл болуды ұсынады. Жаман мінездер мен әдеттерден, «әдепсіз, арсыз, байлаусыз, сұраншақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып» өзін одан жоғары санап, ондай қылықтарды басына лайықсыз көрсе ғана адам парасатты болады,– дейді. Мұндай мінездер, «ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі». Бұл мінезді бойына тұтқан жақсылар мақтанғаннан аулақ, өзімді жаман дегізбесем деп азаптанады, соңынан сөз ерітпейді. Ал мақтан сүйгіштер: Демесін демейді, десін дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да десін деп, азаптанып жүріп, демесінді ұмытып кетеді [9, 44 б.].
Жақсы мінез, жақсы қылық қандай болу керек дегенде Абайдың қоятын екінші талабы-тұрақтылық.
«Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық, мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын» [9, 44 б.].
Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесіндегі келесі бір маңызды түсінік – ар. Жоғарыда аталып өткендей, ұят – арға апаратын төте жол. Қазақ халқының ар туралы түсінігінің түйіні «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген мақалында берілген. Шәкәрім жалпы этиканы «ар ілімі» деп атаған.
Халық – ұяла біл, бірақ ынжық болма деп үйретеді. Ал ұятсыздық ел ұғымында адамгершілік қалыпты бұзудың ең дөрекі түрі, имансыздықтың бір көрінісі. Ол арсыздықпен астарласып жатады. Арсыз адам-халыққа қасірет әкелетін, ұлттық намысқа дақ салатын кісілігі жоқ, адамдық қасиеттен жұрдай, қуыс кеуде. Ғылыми әдебиетте ар негізінен адамның өзіне қойған талабы, өзіне адамгершілік тұрғысынан баға беру деп анықталады. Халықтық түсінікте ар адамдық абыройды жоғары деңгейде ұстап тұруға бағытталған тетік. «Жарлы болсаң да, арсыз болма!» – дейді қазақ мақалы. «Заңгер этикасы» кітабында авторитарлық және гуманистік ар жөнінде сөз болады. Авторитарлық ар иегері біреудің беделінің тасасында жүргенді қалайды. Гуманистік ар тұлғасы жауаптылықты өзіне алады, яғни өзі-өзін таңдайды. Кейбір зерттеушілер қазақтың дәстүрлі қоғамында «Мендік» сезім болған жоқ, онда тек рулық адам болды дейді. Қ. Оразбекова мен Ғ. Есім Абай шығармашылығына сүйене отырып, қазақта «мендік» сезім жеткілікті деңгейде болды дейді.
«Өзін білу, өзін-өзі дөп басып тану жанның тереңдігін тілейді. Мен мен менікінің мағынасы екі деп Абай айтқандай, мен дегеннің мағынасы әртүрлі. Адамда меншіктік мен бар, мендік мен бар, әлеуметтік мен бар. Біздің менікі деп меншіктеп жүрген денеміз (тәніміз) меншік мен, менікі жалғыз денемен тәмам болмайды. Менің үй-ішім, әке-шешем, олардың қызығы, қуанышы, қайғысы, менің де қуанышым, менің де қызығым. Ендеше олар да «меншік мен», киетін киім, тұратын үй, кітабым, сайманым, тағы маған меншікті мүліктің бәрі – меншік менге жатады. Жалпы көпшілік өмірде меншік менді артық көреді, соны бағалы санайды.
Айналамыздағы дүниені мен не деп ұғамын? Не деп танимын? Өзіммен өлшесем, олар сыртқы зат. Бұл – әлеуметтік мен болады. Бәрінен жоғары санайтынын мендік мен бұл менің ішкі өмірім, менің жан дүнием, рухым.
2.7. Мұрат және өмір мағынасы

Әлеуметтік мұрат өзінің нақтылығында, қоғамдық өмірдің мәңгілік принциптерімен ғана емес, өзі таңылатын эмпирикалық материалдың сипатымен де анықталуы керек: ана немесе басқа шаралардың мақсатқа сайлығы сол қоғамның өмірінің материалдық жағдайларына, қоғамның және ондағы әртүрлі қабаттардың (таптардың, ұлттардың және т.б. рухани күйіне (адамгершілік, діни, ақыли), соңында қоғамның алдына қойып отырған тарихи міндеттетріне тәуелді болады. Дәрігердің емдік шараларды тек физиология мен патологияның жалпы заңдылықтарының негізінде ғана емес, пациент организмінің сол кездегі күйіне қарап анықтайтыны, ұстаздың оқу бағдарламасы мен тәрбиелік пәнді шәкірттің немесе сыныптың ақыли және адамгершілік жағдайына байланысты анықтайтыны сияқты, саясаткер де өзінің іс-шаралары мен ұмтылыстарында қоғамның қазіргі жағдайы мен мұқтаждықтарына сай келетін қоғамдық өмірдің жетекшілік бастауларын жетік қолдануды басшылыққа алады. Саясат қоғамды емдеу (гигиеналық, терапиялық, қажет болған жағдайда – хирургиялық) немесе тәрбиелеу, оның ішкі творчестволық күштерінің дамуына неғұрлым қолайлы жағдайлар туғызу. Оның соңғы жалпы міндеттерінің абсолюттілігінде оның нақты шаралары да медициналық немесе педогогикалық сияқты әрқашанда дәл сол сияқты салыстырмалы. Нақты қоғамдық мұраттардың абсолютті мағынасына және әмбебапты құтқарушылығы мен қолданулығына сену салыстырмалыны абсолюттіге айналдыру, теориялық жарамсыз және моральдық-діни тұрғыда жол беруге болмайтын пұтқа табынушылық. Нақты халық үшін оның қазіргі қалпы мен қазіргі тұрмысы жағдайында бір жағынан, оның болмысының органикалық-өмірлік негізіне, жанды наным-сенімдеріне, оның өмірінің мәндік-адамгершілік құрылымына неғұрлым сәйкес келетін, екінші жағынан, қоғамдық күштердің одан әрі творчестволық дамуына бәрінен қуатты ықпал ететін қоғамдық тәртіп жақсы. Дәл осы жағдайларда ең жақсы басқаруды (мысалы, бойында қуаты бар, білімді, пара алмайтын әкімшілерді беретін) қамтамасыз ететін билік формасы (мысалы, монархия немесе республика, аристократия немесе демократия және с.с.) мен қоғамның осы жағдайында іске асырыла алатын мемлекеттік бақылау мен қоғамдық өзіндік әрекет арасындағы тепе-теңдік жақсы; еңбек өнімділігін анағұрлым арттыруға ықпал ететін экономикалық саясат жақсы; дәл осы жағдайлар мен формаларда қоғамның адамгершілік санасына сай келетін, неғұрлым мүмкін әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін әлеуметтік қатынастар және т.б. жақсы. Одан басқа, қоғамдық өмірге тән органикалық бірлік сипатын ескергенде, барлық сфералар мен жақтардың өзара тәуелділігін ескергенде, тек қоғамдық өмірдің жекеленген сфераларында бір-біріне икемделген және бірігіп қоғамның тұтастық ретінде аман-сау және творчестволық дамуын қамтамасыз ететін іс-шаралар мен мұраттар ғана жақсы.


Бірақ барлық қоғамдық мұраттар тек эмпириялық жағдайларға, уақыт пен жер жағдайлары тәуелділігі мағынасында ғана салыстырмалы емес, олардың бірде-біреуі абсолютті шындықтың абсолютті емес, оның тек салыстырмалы, жартылай іске асырылуы ретінде салыстырмалы. Ең жақсы деген құрылыс абсолютті жақсы емес, тек салыстырмалы түрде ғана жақсы. Құдайылық патшалықты жерде орнатуға сай келетін жердегі жұмақ утопиясы мүлдем жарамсыз, өйткені күнәһарлықтың негізгі онтологиялық фактісімен, адам табиғатының жетілмегенімен санаса бермейді. Сондықтан мұндай утопиялар, оларды актуальды жүзеге асыруға талпынғанда, олардың онтологиялық негіздемесінің жалғандығынан - жердегі үміт күткен жұмақтың орнына Жерде тозақтың орнауына алып келеді. Олардың бізге классикалық жақын тарихи мысалдары – абсолютті халық билігін орнатудың якобиндік талпынысы және абсолютті әлеуметтік әділеттілікті орнатудың большевиктік талпынысы.
Әлеуметтік реформаторшылық адам қоғамында абсолюті жақсылыққа емес, қазіргі жағдайларда максимальды нақты жақсылыққа ғана қол жеткізуге болатынын және оның қазіргі жағдайларда жойылмайтын ең аз деген зұлымдықтың шарасыз болатындығын да ескеретінін әрқашан естен шығрмауы керек. Абсолютті жақсылық пен абсолютті зұлымдықтың арасында таңдау жасауға емес, әрқашан көп немесе аз жақсылықтың немесе сол сияқты көп немесе аз зұлымдықтың арасында таңдау жасауға тура келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет