Он үшінші тақырып


Қазақ әдеп мәдениетінің тарихи формалары



бет14/21
Дата04.03.2023
өлшемі0,97 Mb.
#71537
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   21
3 Қазақ әдеп мәдениетінің тарихи формалары


3.1. Қазақ әдеп мәдениетінің тарихи қалыптасуы

Егер біз адамды әлде құдай, әлде табиғат, әлде еңбек жаратты деген пікірталастардан сәл көтерілсек, адам мәдениетті, ал мәдениет адамды қалыптастырғанына көзіміз жетеді. Жеке адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамның туындысы, төл перзенті. Жануарлар арасында кездейсоқ өскен адам мәдениеттік қасиеттерден жұрдай болады. Адамға ең қиыны - адам болу. Ал оның негізгі шарттарының бірі ретінде ізгілік пен зұлымдық, ақиқат пен жалғандық, әділеттілік пен өктемдік, бодандық пен азаттық, сұлулық пен ұсқынсыздық арасындағы адамның таңдауын аламыз. Соның нәтижесінде жеке тұлғада өзіндік сана тұрақталады, ол озық мәдениет үлгілерін өз бойына сіңіреді. Жалпы алғанда, мәдениеттің алға басуы дегеніміз дүниежүзілік тарихтың адам үшін, оның мүдделері мен өзіндік мақсаттары бағытында толыққанды ашылуы болып табылады.


Біз бұл жұмыста «әдептік реттеу» түсінігін адамдық ынтымақтастық пен бірегейленудің, адамдардың бірлесе өмір сүруінің ерекше формасы ретінде қолданамыз. Кезінде Э. Дюркгейм адамдық қауымдасудың органикалық түрі туралы арнаулы пікір айтқан. Ол мұндай тұтастықты биологиялық организммен салыстырады: онда барлық мүшелер бір-біріне ұқсамайды, бірақ барлығы бірігіп организмннің өмір сүруін қамтамасыз етеді. Органикалық ынтамастықтың әлеуметтік-мәдени негізінде әдеп, тұлғалық еркіндік, мүдделер келісімі және заң жатады. Осындай тұлға жалпы келісімге негізделген императивтер аймағында еркін әрекет ете алады. Бұл қоғамның жетекші принципі – дарашылдық. Ф. Хайек те қазіргі кезде «капитализм» мен «социализм» деген атаулардың ескіргенін және бүгінгі адамдар бірлігін «адамдық қауымдасу мен ынтымақтастықтың кеңейтілген тәртібі» деп атау керек деген .
Архаикалық тобыр мен адамдық қауымның арақатынасы жөнінде әдебиетте сан алуан көзқарас бар. Адамдық және әлеуметтік құрылымдарды еңбек теориясымен түсіндіретін марксистік ілімдерде шаруашылық коллективтері мен туысқандық қауым біртектес болып келеді деген қағида басшылыққа алынады. Алайда этнографиялық деректер бұл көзқарасқа күмән келтіреді. Қазіргі этнологиялық зерттеулер антропоидтардағы топтар мен гоминиттердің ілкі топтарының арасында ұқсастық барлығын дәлелдейді (экзогамия, иерархиялық құрылым, реттеу, т.т.). Жыныстық қатынастарды реттеу алғашқы қауымдық бірлестіктердің (отбасы, ру, тайпа, т.т.) пайда болуының маңызды факторына жатады. Басқаша айтқанда, тобырдан жеке индивид емес, қауымдық құрылымдар бөлініп шықты.
Алғашқы қауымдық мәдениеттер (аңшылық-көшпелік және екінші көшпелік – номадизм) пайда мен табыс табу принципінде емес, керісінше, «сый экономикасына» негізделген. Қонақжайлық осының бір көрінісі болып табылады. Табиғи ресурстар қауымының меншігі болып табылғандықтан эгоистік мүдде қалыптаса алмайды. Егер патриархалдық бастауларға сүйенетін отбасында индивидуализм үстем болса, Бахофен ашқан «Аналық құқықта» қауымшылдық пен жалпылық алдыңғы қатарға шығады. Алғашқы адамдық бірлестіктер элитарлық емес, қайта эгалитарлық негізде пайда болады. Туысқандық қауымда руластар арасындағы кикілжіңдер ақсақалдарының араласуымен шешіліп отырған. Қазіргі кең тараған айтыс бір замандарда адамдар немесе олардың топтары арасындағы қайшылықтарды шешуге бағытталған.
Өз тарихымыздан, минорат салтының көшпелі қауымда адамгершілік принциптерінің жоғары деңгейінің дәлелі екендігі туралы еске салғымыз келеді. Әр түрлі себептермен әкесінен айырылған кіші ұл осы «алтын мұра» арқылы аяғына тұра алады және қара шаңырақты бекім ұстай алады. Әрине адамның материалдық болмысынан туатын әлеуметтік-мәдени факторлар тұлғалық дербестіліктің қалыптасуына үлкен әсер еткенін бекерге шығара алмаймыз. Шынында да еңбектің бөлінісі, меншіктік қатынастардың дамуы, әлеуметтік байланыстардың күрделенуі өзіне-өзі жауапты дербес адамды тарих сахынасына шығара алады. Алайда, қоғамдағы бірінші әлеуметтік бөлініс - жыныстық бөлініс екендігін естен шығармау қажет. Гендерлік қатынастардың дамуы тұлғалық мәдениеттің қалыптасуында әлеуметтік-экономикалық факторлардан кем рөл атқарған жоқ. Сол себепті қазақтың және оның арғы тектерінің әдеп мәдениетін сипаттағанда тек «патриномиялық ру» төңірегінде айнала беру жеткіліксіз. Қазақ мәдениеті тарихын зерттеушілер еуразиялық далада матриархат ұзақ ғасырлар бойы қоғамдасудың басты түрі болды дейді. Археологиялық деректер балалардың аналарының қасында жерленгенін дәлелдеуде.
Көшпелі қауымдастықта жеке-дара моральдық қасиет жоғары бағаланған. Мәдени қаһарман көлеңкеде емес, тіршілік майданында толыққанды өмір сүріп, бұл дүниеден өкінбей өткен. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы тұлғаны «Шығыста тек енжар, еріктілігі шектелген, жасампаздыққа бара алмайтын, мүлгіген адамдарды кездестіреміз» деушілер ақиқаттан алыс. Тұлға топ бастаған, жауды қайтарған, ару сүйген, өзін елі мен мұраты жолында құрбандыққа шалуға да дайын. Осындай даралану эгоцентризмге емес, керісінше интерсубъектілікке сүйенеді. Батырлық рухпен қуатталған жырау үшін тек көпшіліктің мүддесін білу және қорғау маңызды емес. Ол коллективтік ұмтылыстың бір мүшесі де емес. Оған сана мен ерік дербестілігі тән. Сондықтан жауаптылықты да өзіне ала алады.
Исламды қабылдағанға дейінгі түрік көшпелілерінде «басқарушы» топтың әлеуметтік орны арнаулы дәстүр мен салттық сананың бақылауында болды. Бұл дәстүр көптеген жағдайда хандар мен бектердің билігін қауым мүдделері тұрғысынан шектеуге бағытталған. Сол себепті осы әдептік тұтастыққа қатысты автаркия мен деспотия туралы айту орынсыз. Мысалы, қытай тарихшылары көшпелі түрік иеліктерінде хан мен бектердің қатардағы тайпаластарынан артықшылығы аз екенін және соғыс жағдайында ғана олардың билігінің артатындығын атап өтеді. Бумын, Естемі, Білге, Күлтегін, Тоқыкөк қағандар «елдік» принципін басшылыққа алып, мәдени тұтастықта түрік халқы үшін басты қауіп табғаштан (Қытайдан) келеді дейді. Табғаштар жібек маталарымен қоса өздерінің өмір салтын, діні мен ділін арамызда таратып, түбінде түріктерді бодандандыруды көксейді. Сол себепті ішкі бірлікті нығайту қажет. Біз, әрине, мәдени қаһармандар ретіндегі елбасылардың орны мен қызмет әсірлеуден аулақпыз. Бірорталыққа бағындырылған биліктің жеткіліксіздігі ру-тайпалық сепаратизмді өршілендіріп жіберуі мүмкін. Бұл жағдайда, Л. Гумилев айтқан, түрік тайпаларының тарихи қарғысы – рулар қақтығысы орын алды.
Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде үш түрлі биліктің болғаны мәлім: хан-сұлтандар (атқарушы) билігі, билер соты және құрылтай. Хандық билік туралы қазір әртүрлі пікір айтылып жүр. Бұл жерде ескеретін жәйіт: ру тұсындағы көшпелі қоғамда хан билігі шығыстың деспотизмінен мүлдем бөлек нәрсе. Көшпелі қоғамда Шыңғысханнан бергі жерде шексіз билікке қол жеткізген хандар жоққа тән. Қазақ және ноғай хандары елді ру басшылары мен билер арқылы басқарған. Хандардың билігі ешқашанда деспоттық сипат алмаған. Хандықтың көшпелі рулардан құралуы, әрі ол рулардың өз ортасынан шыққан көсемдері болуы (батыр, сұлтан, би) хан билігіне шектеу қойған. Хан қалаған өз адамын (әрине, ол басқа рудан) белді рулардың басқарушысы етіп (отырықшы мемлекеттердегі наместник сияқты) тағайындай алмағандықтан, рудың ішкі еркіндігі көп жағдайда сақталады.
Сол кездегі шаруашылық типіне қарай бұл жағдайдың демократиялық роль атқарғаны рас. Хан үлкен мемлекеттік мәселелерден бастап елдің ішкі жағдайына дейін түгелдей дерлік ру көсемдерімен кеңесіп қана шеше алған. Ал елдің ішкі жағдайы негізінен ру көсемдерінің қолында еді. Осыдан болар хан мен ру көсемдерінің арасында аракүдік алауыздық орын алғандықтан мемлекеттің ынтымағы әрдайым оңға қадам баспағанға ұқсайды.
Аталған жағдай туралы қазақ даласында болған немесе сол заманды тікелей зерттеген саяхатшылар мен ғалымдар да өз пікірлерін келтіреді. Н. Рычков ру басыларының билігі туралы былай дейді: “ешқандай қазақ тіпті ел басы, хандарының өзі қалауымен ең ауыр қылмыс жасаған қылмыскерді жазалай алмайды. Әркімнің беделі мен абыройы руына байланысты, қажет болған жағдайда әркім де әділ заңды іздемей өз руының күшін қорғанысқа пайдалана алады. Қазақтарды бір іске бастау үшін ең алдымен ру басы көсемдердің қолдауына ие болу керек, тіпті ханның билігінің де олармен салыстырғанда салмағы жоқ» [28, 40 б.].
Г. Фальк та рубасыларыны билігіне ерекше назар аударады. «Дегенмен олардың беделі тек хан мойындағанда, қолдағанда ғана үстем болмақ. Топ басылардың елдің үстінен салық жинайтын немесе басқа артықшылығы жоқ, көбінесе билік әкеден балаға мұра болып қалады. Көсем дегеніміз сол аймақтың ең бай, ең сыйлы, шешен адамы. Жергілікті жерлерде топ басылардың ықпалы өте зор, сырттан қарағанда формалды, түкке тұрмайтын сияқты көрінгенмен жеме-жемге келгенде хан тек соларға сүйеніп қана көп шаруа атқара алады, хан қолындағы биліктің тізгіні көсемдерде» [28, 166 б.].
Қазақ халқының өзіндік санасы - фольклорда руаралық немесе тұлғааралық алауыздықтан жоғары тұру мотиві ел бірлігін сақтау үшін қажетті делінеді. Тарихта орын алған рулар арасындағы, қала берді ноғайлы батырлары мен хандарының арасындағы талас-тартыстан жыр жоғары тұр. Жырлар ағат кеткен батырларды әділеттік, шындық алдында (шындық пен әділеттік көбіне-ел бірлігі) басын идіріп, қиянат жасаған батырдан кешірім сұратып, оларды татуластырумен аяқталып отырады.
Халқымыз кез-келгенді кісі деп атай бермеген. Кісілік имандылық пен адамгершіліктің басты белгісі. Ол ес жиып, ержету нәтижесінде біртіндеп қалыптасатын адамның азаматтық ар-ұжданы, кісілік кескін-келбеті, адамшылықтың өлшемі. Кісіліктің түрліше деңгейі болады. Оның жаман, жақсысы, өнегелі-өнегесіз т.б. түрлері толып жатыр. Халқымыз имандылықты бойына дарыта білген пенделерді ғана пір тұтқан, адамгершілігі төмен, не одан жұрдайларды «имансыз», «көргенсіз» деп иттің етінен де жек көрген. Ондайлар кінәлі, әрі күнәлі деп саналып, ерте ме, кеш пе, әйтеуір жазасын тартатын болған. Кісіліктің басты белгілерінің бірі ар-ұятқа кір келтірмеу, намысты аяққа бастырмау. Қазақта «жарлы болса» да, арлы бол» деген сөз осыған орай айтылған. Ар-ұяты бар кісі ғана биязы, ақжарқын иман жүзді, ақыл-парасатты келеді. Халық түсінігінде мінез-құлықтың әртүрлі жағымды жақтары кісілік ұғымының төңірегіне топтасады. Кісіліктің басты белгілері: ар-ұятты қастерлеп, сақтау, намыстылық, мейірімділік пен қайырымдылық, ізеттілік, адамдық пен шыншылдық, ілтипаттылық пен кішіпейілділік. Қазақ дәстүр бойынша үлкенді сыйлау, оның алдынан кесіп өтпеу, оған міндетті түрде сәлем беру, үйге кіргенде оған төрден беріп, көңіл-күйіне қарап сөз саптау да кісілікке жарасымды сипаттар.
Дәстүрлі қазақ әдеп жүйесінің ерекшеліктеріне назар аударайық. Біріншіден, назарға ілінетіні қазақ діліндегі әдептік бастаулардың басымдылығы. «Адам әдебімен көрікті» дейді қазақ. Зерттеушілер де этиканың қазақ болмасындағы шешуші рөліне назар аударады. Мысалы, «Мәдениеттану» (Алматы: Раритет, 2007) оқулығының авторлары, егер Батыста рационалды ғылым, Шығыста – жантану өрістесе, онда қазақ сахарасында «адам болу» ұстанымы алдағы қатарға шықты дейді.
Екіншіден, қазақы бірегейленуде синкретизм анық байқалады. Бұл әдеп пен құқыққа да қатысты. Екеуі де күнделікті әдеттің реттеу тетіктері деп түсіндіріледі. Мәселен, имандылық пен имансыздық, ар мен ұят, обал мен сауап, жақсылық пен жамандық, кие мен кесір, құт пен бақыт т.б. олардың төл тіліміздегі іргелі атаулары. Имандылық қасиет, әділетті істер адамдардың күнделікті өмір тіршілігінде тұрақтап, олар қалыпты іс-әрекетке айналғанда, әдет деп аталады. Әдет – адамның қажеттілігіне айналып қалыптасып кеткен тұрақты қасиеті. «Халықта ауру қалса да, әдет қалмайды» деген мәтел осы жәйттің мәнін айқындай түседі. Жағымды әдет адамның бар күш-жігерін пайдалы істерді тындыруға көмектеседі. Ал жағымсыз әдет, керісінше, адамның іс-әрекетіне, мінез-құлқына нұқсан келтіреді. Әдет адамның іс-әрекет түрлеріне орай, жан қуаттарының ерекшеліктеріне қарай бірнеше салаға бөлінеді. Мысалы, тазалық сақтау, ұқыптылық, орнымен сөйлеу, адамгершілік, кішіпейілділік сияқты қасиеттер адам бойындағы жағымды әдеттерді қалыптастыруға жәрдемдеседі.
Мәдениеттің өзегін салт-дәстүр, әдет-ғұрып құрастырады. Егер соқыр сезім (инстинкт) жануар-тіршілігіне қалай әсер етсе, салт-дәстүр де алғашқы адамдардың іс-әрекеті мен мінез-құлқына, ақыл-ойына сондай әсер етті. Алғашқы рулық қоғамдағы әдеп көріністері: «қанға қан, жанға жан», кек алу, яғни, түйсіктердің ақылдан жоғары тұруы, жеке бас бостандығының рулық мүдделермен тежелуі, құн төлеу, т.б. осындай жәйттерден байқалады.
Рулық қоғамдығы әдептің қарапайым түрін кейін жүйелі моральдық қағидалар алмастырды. Алайда бұдан көне әдеп жүйесі жоғалып кетті деген ой тумайды. Себебі, көне мәдениет қазіргі ұлттық мәдениеттердің архетипі (ескі негізі) қызметін атқарады. Халқымыздың ұлттық әдеп-ғұрып жүйесі сонау көшпелілер мәдениетінен үзілмей сақталып келгендігі осының айғағы. Атақты саяхатшы А.Вамберидің «Сенің халқың неге көшпенді өмір сүреді?» деген сұрағына қарапайым қазақ әйелі «Біз сендер сияқты жалқау емеспіз. Сондықтан күн ұзаққа бір жерде отыра алмаймыз. Адам қарекет ету керек, ойлап қараңызшы күн, ай, жұлдыздар, су, жануарлар, құстар, балықтар – барлығы қозғалыста, тек ғана жер мен өлгендер бір орында болады» деп жауап берген екен. Қысқа да мәнді жауап. Бұдан көшпенділер өмірінің мәні барлық тіршілік сияқты қозғалыста екенін және табиғатпен етене байланысып жатқанын көреміз. Рухы биік, қайсар мінезді және шыдамды халық қана шөлді аймақтың қатаң табиғатына төтеп береді. Сондықтан да адамзат өркениетінің рухы – дүниежүзілік діндер немесе олардың пайғампарлары шөлді аймақты мекендеген халықтардың ішінен шыққан. Көне түркілердің Тәңір діні соның бірегейі және дүниежүзілік діндердің ізашары.
Қазақтың дәстүрлі әдеп мәдениеті дүниенің екі бөлігі табиғат пен адамның етене тығыз байланысты болғандығы мен олардың еншісі бөлінбеген күйде өмір сүргендігін куәлайды. Мұның басты негізіне көшпелілік өмір салты жатады. Көшпелілер өздерін табиғаттың тікелей жалғасы, соның төл баласы ретінде сезінді. Өздеріне дейін қолданысқа енбеген, қуаң дала мен шөлейтті тек көшпелі ғана меңгере алды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет