Он үшінші тақырып


Тоталитаризм мен жаһандандану дәуірлеріндегі қазақ әдеп мәдениетіндегі түбегейлі өзгерістер



бет19/21
Дата04.03.2023
өлшемі0,97 Mb.
#71537
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
4.2 Тоталитаризм мен жаһандандану дәуірлеріндегі қазақ әдеп мәдениетіндегі түбегейлі өзгерістер
Индустриалдық және бұрмаланған тоталитарлық қоғамдардың дағдарысыстанған және тұлғасыздандырылған әдептік құрылымдарды шекті. Оның негізінде өркениеттік дағдарыс жатыр. «Өркениет» термині бұл жерде адам мен қоғамның барлық деңгейлерін біріктіре алатын құрылымды білдіріп тұр. Үшінші толқын көпшілікке арналмаған жоғары сапалы индивидуалдық құндылықтарды көздейді. Ұлтшылдық ескі индустриалдық қоғамның туындысы. Ақпараттық өркениетте индивидуалдық құқық нормалары қоғамдық мүдделерден жоғары қойылады. Ғаламдану ұлттық «шекараларды» бұзып отырады. Бұл жерде екі бағыттың күресі қазіргі әлемдік өркениеттердің қарым-қатынастарының мазмұнына айналды. Осы екі бағытқа ғаламдану мен ұлттық-мемлекеттік төлтумалықты сақтау жатады.
Бұл, әрине, тым «қоюланған» сценарий. Ғаламдану мен постиндустриалдық өркениеттің теріс жақтары жөнінде жеткілікті жазылған. Біздің назар аударатын мәселеміз: осы постиндустриалдық қоғам ондағы тұлға әдебін қалай өзгертті? Басты жауап: Үшінші толқын мәдениет, құндылықтар мен моральды индивидуалдандырды» [65, 148 б.]. Орталық өзінің көптеген функцияларын шет аймақтарға бере бастады. Өйткені өзгермелі қоршаған ортада ақпарат орталыққа жеткенше ескіріп кетуі мүмкін. Тотальдық иерархиялық құрылымдар тиімді нәтижелерге жете алатын мобильдік топтармен ауыстырыла бастады. Индивидуалистік мәдениет өндірістік-әлеуметтік қатынастармен бірге білім беру саласын да қамти бастады. Бұрынғы мектептегі типтік бағдарламалар бойынша стандартты оқыту мен күнделікті қарадүрсің тексеру постиндустриалдық өркениет талаптарына сәйкес болмай шықты. Елдерді сандық өлшемдер бойынша салыстырудың орнына келген адамдық даму индексінің (білім деңгейі, өмір ұзақтығы, тіршілік сапасы) тиімділігі қанша болса, жалпыға бірдей білім берудің орнына мақсаттық, дара, арнаулы білім беру де сонша тиімді.
Бұқаралық емес мәдениетте азшылықтың рөлі ерекше артады. Үндемейтін көпшілік индустриалдық немесе тоталитарлық қоғамдарға тән. Бір мақсатты көздеген миллиондар шектеусіз қиратушы күшке, массаға айналып кетуі мүмкін. Егер осы миллиондар өздерінің индувидуалистік мақсаттарын жеке түсініп және осының негізінде үйлесімді әрекетке барса, онда біз орнықты дамитын өркениет үлгісін көреміз. Кейін тарихшылар жалпыға бірдей дауыс беруді және көпшілік мүддесін ескеруді архаикалық рудимент деп қарастыруы мүмкін [65, 155 б.].
Бір жағынан, маркстік философияда шынайы ұтымды нақтылы жалпылық деген ұғым бар. Оны тұтастықтың жеке ерекшеліктері айқындалған, көптүрліліктің бірлігі деп анықтауға болды. Саяси жағынан индивидуалдандырылған қоғамдағы демократия өкілеттік емес, тікелей қатысушы демократиямен ауысады. Егер сайлаған өкілдер біздің көзқарасымызды дәйекті жүргізе алмаса, онда өз көзқарасымызды өзіміз жүргізуіміз керек. Мысалы, «электрондық парламент» арқылы; Интернет жүйесін де естен шығармаған жөн. Мәселе қашанда орталықсыздандыру арқылы шешіле бермейді. Мәселені шешудің жолы – жауапкершілікті арттыруда. Экзистенциализмнің терминімен айтқанда, кез келген адам барлығы үшін жауапты. Керісінше емес. Онда анонимді әдепсіз қоғам пайда болады.
Жоғарыда келтірілген қағидалар қазіргі өркениеттілік тенденцияларын сараптаудан алынған. Енді осы тенденциялар мен қазіргі Қазақстан шындығын салыстыра қарастырайық.
Осыдан бұрын аталып өткендей, Қазақстандағы тоталитарлық жүйені қазіргі өркениеттілік үлгілерімен (нарық, азаматтық қоғам, демократия, т.т.) ауыстыру жергілікті элитаның белсенділігімен және қол жеткен тәуелсіздікті нығайту ұрандарымен жүргізілді.
Еркіндік пен теңдік арасындағы дисгармонияны болдырмау тұлғалық және әлеуметтік мәдени құндылықтардың арасындағы амбиваленттік қатынастарды уақытында айқындап, нақтылы тарихи жағдайларды ескере отырып, үйлестіру шаралармен байланысты. Бұл жерде жалпы үлгі, схема жоқ. Сонда да әлемдік тәжірибелерден тағылым алған артықшылық болмайды. Мысалы, Латын Америкасында өткен рестратификация мен жекешелендіру элита мен халық бұқарасының арасында терең шатқалдың пайда болуына әкелді және көпшіліктегі сауатсыздық пен саяси мәдениеттің төмен деңгейі экстремизм мен терроризмнің пайда болуына себептер болды. Осы сияқты құбылыстарды Ауғанстан сияқты мұсылман елдерінен де байқауға болады.
Егер Қазақстанда өтіп жатқан рестратификация мен десоциализация үдерістеріне назар аударсақ, онда сол «латынамерикандық дамудың» жаңа түрлерін аңғаруға болады. Мысалы, соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында (әсіресе, теледидарда) «зомби» туралы жиі айтылып жүр. Аталған ұғымның көркемдік, көпшілік мәдениетінде – табыстық-кассалық мағынасынан басқа рәміздік (символдық) мазмұны бар. «Тірі өлік» немесе зомби деп көптеген жағдайда рухани мәдениеттен тыс адамды айтады. Зомби тарихи-мәдени жадыдан тыс адам. Зомбиге жақын типтік ұғымға мәңгүрт жатады. Бұл Ш. Айтматовтың көрген бейнесі кейін әлеуметтік-мәдени рәмізге айналған. Осы ұғым жөнінде арнаулы талдау біршама жеткілікті болғандықтан, оның кейбір жақтарына ғана назар аударайық. Тәуелсіздік жылдарында рестратификация мен бірегейлену біздің елімізде этникалық доминанттар ықпалымен (тәуелсіздікті, егемендікті, жер мен ел тұтастығын сақтау, т.т.) жүргізілгендіктен, кейбір зерттеушілер қазақ мәдениетіндегі екі субэтнос (қазіқ тілді және орыс тілді қазақтар) туралы жазып жүр. Біздің ойымызша, осындай бөліністің кейібір негіздері болғанымен қазіргі өркениеттілік үдерістері мен индивидуалданған қоғамда оның жасандылығы да айқын көрініс табады. Басқаша айтқанда, этносты тілдік негіз бойынша жіктеу мәдениеттанулық у-хрония мен у-топияға жатады. Архаикалық және патриархалдық-кландық сананың белгілі бір өкілдері орыс тілді қазақ мәдениетінде мәңгүрттік белгілер бар дегенді де шығарады. Өйткені олар үшін рухани мәдениет қоршаған орта мен заман талаптарына оқшауландырылған мұражай сипаттас болып келеді [82, 7 б.]. Бұл сана ежелгі туысқандық қатынастарды адамдық пен кісіліктің жоғары үлгісі деп жариялады. Қазақстанда бұрын «ауыл – ұлт тірегі» деген тіркес «ұлтжанды» интелегенция өкілдері тарабынан жиі айтылады. Ауыл шаруашылығына жүргізілген деколлективизациядан соң оның да мәнділігі азайып, ауылды жаңғырту бағдарламасының жағымды мүмкіндіктері де бар екенін мойындау қажет. Қазіргі постмодерндік қоғамдастықта тұлғаның төмендегідей қасиеттері жоғары бағаланады: автономдық, атомарлық, жасампаздық, еркіндік, шығармашылық. Осындай дара тұлға үшін ең басты әдептік ұстын – «құлдық ділден» аралу. Ол «коллектившілдік нарциссизмнің» де мәнісін түсінеді. Орталықсыздандырылған дискурс постмодеріндік әлеуметтік мәдениеттің басты белгісіне жатады. Адам – негізгі капиталға айналды және бұл жай айтыла салған сөз емес.
Қазіргі азаматтық қоғамды талдау оның қажетті әлеуметтік-мәдени және бір уақытта нарықтық модустары рационализм, теңдік, прагматизм, дербестілік, жауаптылық, ашықтық және т.б. болып табылатындығын көрсете алады. Өркениеттік сипаттағы бірқатар себептер бойынша аталған модустар қазақстандық қоғам шындығында ұлттық ділді, дәстүрлі этиканы қайсыбір трансформациялаусыз бұтақтана алмайды. Терең әлеуметтік-мәдени түп-негіздерде ұялаңған, көрінбейтін кедергілерді әлеуметтік-орталықтық үлгілер кездестіре бастайды. Солай, рационализм тұрғындардың мұсылмандық бөлігіне жат емес. Бірақ ол батыстық рационализмнен мәнді ерекшеленеді, себебі рационализмнің бұл типі өзінде көбірек тұйықталған, өз мақсаты ретінде рас білім мен ақиқатқа жетуді қоймайды, ал, керісінше, интуициялық-мистикалық танымға қызығушылық байқатады, интуицияға, субъективтік сезімталдыққа артықшылық танытады. Осыдан міндетті түрде болып жатқанның ақиқаттығы субъективті түрде көрінеді. Тек құдайылық белгімен таңбаланған, білім ғана абсолютті ақиқат ретінде мойындалады. Сондықтан еуропалықтардың көзге анықты ұстануы мұсылмандармен күйбең тіршілік, болып жатқанда құдайылықты көре алмау ретінде бағаланды. Және «рационалды еңбек» ұғымы мұсылман мәдениетіне жат еді.
Ұлттық ділдегі рулық бастамалардың басымдылығы еркін индивидуалдық әрекет жолында тежеуіш болып шықты. Дегенмен көшпелі өмір салты өз жеткіліктігін дамытуға себебін тигізгенімен, бірақ әрбір көшпелі өз өмірінің мағынасын қасиеттіге қызмет етуден көрді, осымен оның өз еркімен руға қызмет етуі түсіндіріледі. Рудан қуылу ғарыштан, Құдайдан аластатылумен бірдей деп бағаланды, масқара болып есептелді. Көшпелі-малшының еңбегі белгілі бір кәсіппен шектелген еңбек емес еді, өйткені бұл өмір салты кәсіби іс ретінде қабылданбады. Құрметте еңбектің өзі емес, ал олар оның иесіне беретін, мал және сол артықшылықтар болды. Байлыққа ие болу дұрыс қылығы үшін берілетін Аруақтардың қамқорлығы ретінде бағаланды.
Бүгін «жаңа қазақтар» да, рационалды еңбек пен еңбек этикасына қарағанда, байлық рәміздерін жоғары бағалайды. Арғы тектердің жебеуші қамқорлығына сенеді, «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген дәстүрлі нақыл сөздерді ұстанады.
Жалпы мейрамшыл көңіл-күй қазақ ділінің ерекшелігі болып табылады. Соңғы еңбек ету, әскери күндерден және мейрамдардан жинақталады. Тойлар бар әлем тәртібін қасиеттендірді, өмір сүріп тұрған құрылысты бекітті, иерархиялық қатынастардан (ақсүйек – қарасүйек) және тәуелділіктерден, тыйымдар мен нормалардан уақытша еркіндік енгізді. Бұл тойлар ахуалынсыз тіршілік толымсыз болды және жалпылықтың, азаттықтық, теңдіктің және молшылықтың утопиялық патшалығы халықтық мейрамдау күндері салтанат құрмас еді.
Кеңес Одағы кезеңінде бірдейлендіру мен абстрактылы субъектілердің жалған субъектившілдігі орын алды. Тең құқылы субъектілердің ынтымақтасуы ретіндегі шынайы коллектившілдік іскерлік әріптестікке, жауапты әрі мүдделі өзара қарым-қатынасқа жол ашады. Демократияшылдық, әділдік, теңдік сияқты басқа әлеуметтік-мәдени модустарға келсек, онда олар этикалық категориялардың мазмұнын қиып өтеді, бірақ тағы да еркіндіктің батыстық түсінігінен өз айырмашылықтарына ие болады.
Дәстүршіл түсінікте еркіндік ережесіз ойын, стихия, ретсіздік, жігер іспеттес болып келеді. Онда бір-біріне және әлеуметтік ұжымдарға, әлеуметтік тәртіптің ұстап тұрушы негізі ретінде, қалыпты қылық туралы түсінік жоқ. Батыстық түсінікте еркіндік әлеуметтік ұжымдардың сапасымен, әлеуметтік тәртіпті ұйымдастырудың ұстынымен, әлеуметке қатысты құқықпен, жауаптылық және міндеттілікпен т.т. теңестіріледі.
Қоғамның артушы үзіктілігі және субъектілердің автономдығы кейбіреулерде нарық экономикасы мен азаматтық қоғам этикасының арасындағы сәйкестілікке, өзара сенімділікті сақтауға деген күмән туындайды. Бірақ нарық экономикасы мен этиканы бір-біріне қарама-қарсы қою бізді тек тіршілік ету шектеріне жақындатады. Бүгін ортақ мақсаттарды, индивидуалды мен қоғамдықтың үйлесуін, коллективтік ақыл мен жігерді қалыптастыру және дамыту мәселелерін ойластыру маңызды. Бұл қалыптасып келе жатқан азаматтық қоғам, негізінен, әлеуметтік-орталықтық құндылықтарға (әлеуметтік-мәдени және нарықтық модустар) емес, ал әмбебаптыларға бағдарлану керек дегенді білдіреді. Демократиялық қоғам ұстындарына өзіміздің бағытталатындығымызды жариялай отырып, біз индивидуализмге, рационализмге, ынтымақтастыққа және т.б. бағдарлануға тиісті емеспіз, ал бұл модустарда адамдық индивидтердің, қашан, мысалы, жеке индивидтердің рационализмі адамгершілік заңына қайшы келіп, басқалардың еркіндігін шектейтін жағдайдан арылып, әмбебап субъектілер бола бастауының, дамуының әмбебап-тарихи мүмкіндіктерін қарастыруымыз керек. Сонда жоғары құндылық табыс емес, карьера емес, ал адам Тұлғасы мен Абыройлығы бола бастайды.
Аталған модустар, конфессиональдық нормалар мен міндеттер, салықтар, этикалық талаптар сияқты, сынақтан өткен әлеуметтік-мәдени тетіктермен жетуге болатын, индивидуальдық пен қоғамдық мүдделердің үйлесуінде құрылған.
Қазіргі Қазақстанда екі түрлі моральдық бағыттағы өркениетті құру бағдарламасы бар, біріншісінің жасампаздық мүмкіндіктері төмен және архаистік санадан нәр алады. Оның басты сипаттарына жататындары:
- ру-тайпалық және тоталитарлық инерция;
- мәдениетті пайдасы шамалы сала деп санау;
- «толымсыздық комплексі немесе ұлттық мания»;
- әлемдік өрекениеттік үлгілерімен салытырмалы зерттеулерден үрейлену;
- шындықты жасыру, жаңа мифтерді, репрессиялық сананы қалау [88, 70 б.].
Келесі бағдарлама әдептік мәдениетті заман талаптарына сай қалыптастыруға бағытталған:
- субъекторталық ұстаным;
- мәдениетті әмбебапты реттеуші тетік және сұхбат деп қарастыру;
- жеке адам санасына манапуляция жасауды тоқтату;
- ХХ ғасырдың бейбіт мәдениеті құндылықтарын (демократия, адам құқықтары, азаматтық қоғам, орнықты даму, толеранттылық, күш көрсетпеу т.т.) қабылдау [66, 100 б.].
Адамзатты дін тәрбиелейді, оның ішінде дүниежүзілік діндер. Осы уақытқа дейін одан асқан тәрбие құралы ойлап табылған жоқ. Дін мен білімді бойына сіңіріп тәрбие алмаған қоғамдағы кемшіліктер ұлы бабаларымызға маза бермесе керек. Қай уақытта да ұлы ойшылдарды ұлтының жағдайы ойландырған. Мысалы, И.В. Гетенің неміс халқының, П.Я. Чаадаевтың орыстың тағдыры туралы жазғандары сияқты, біздің ұлы бабаларымыз да халқының кемшілігін аяусыз сынаған.
Ш.Уәлиханов, «біз әлі халық болып қалыптасып үлгермедік» десе, Абай «ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деп өкінішпен жырлады. Абайдың «Қара сөздері» мен өлеңдерін XIX ғасырдағы қазақ идеясы деп қарауымыз керек. Оның дала дәстүрінде жазылған, «нүктеге дейін» қысқартылған астарлы ойларында қазақ халқының моральдық келбетіне, өнегелілік, адамгершілік қасиеттеріне жан-жақты талдау жасайды.
Өткен ғасырдың басындағы алаштың жетекшілері – М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Шоқай т.б. зиялылар «біз мұндай жағдайға бүгін келген жоқпыз» деп, сол кездегі халқымыздың жай-күйін тарихи дәрежеге көтеріп, оқу-ағарту саласын уағыздап, ұлттық сана-сезімді оятуда және саяси мәселелерді оң шешуде білек сыбана атсалысты. «Алаш» қозғалысының арман-ойлары белгілі себептермен іске аспай қалғанымен, ол ұлттық сананы оятуда қазақ тарихындағы рухани ренессанстық құбылыс болды. Олар Қазақ елінің азаттығы мен өркениетті ел қатарына қосылуы үшін күресті. «Алаш» зиялыларының қазақ және жалпы түркі халықтарының болашағы туралы, оның ішінде ұлттық сананың қалыптасуы, ұлттық өнеркәсіпті ұйымдастыру мен басқару, жер мәселесі сияқты ұлтымыздың көкейкесті мәселелерін қозғады. Сондай–ақ, олар түркі халықтарының болашағы бірлікте екенін дәлелдеді. «Алашордалықтармен» бірге осы мәселені татар, башқұрт және т.б. ұлттардың зиялылары және Кемал Ататүрік те көтерген болатын. Түркі халықтарының содан бергі тағдыры мен Еуразиядағы қалыптасқан геосаяси жағдайлар, оның ішінде Ресей мен Қытай мемлекеттерінің түркі халықтарының тілі мен мәдениетінің дамуына тиісті жағдай жасамай отырғаны, осы екі елдің түркілерді ұлттық болмысынан айыруға бағытталған саясаттары біз үшін де алдағы ғасырда өмірлік маңызды проблемаға айналатынының айғағы. Себебі, ресейдегі сахалар, чуваштар, хакастар ана тілдерін ұмытып жатса, гагауз, топалар сияқты аз халықтар, сонымен қатар осы елдің солтүстігіндегі угро-фин тілді аз халықтар мен қиыр шығыстағы орал-алтай тілді халықтардың көпшілігі жойылудың аз ақ алдында тұр. Қытайдағы манчжурлар мен ұйғырлардың және қазақ, қырғыз диаспораларының да жағдайлары осындай. Осы екі елдің ішіндегі аз халықтарға жүргізіп отырған саясаттары өркениеттен гөрі, орта ғасырдағы жабайылардың тірлігіне жақын. Еуразия саясатында әжептәуір салмағы бар осы елдер халықаралық саясаттарын өркениет жолымен жүргізіп, дамыған елдердің қатарына қосылғылары келсе, алдымен іштеріндегі аз халықтарға жүргізіп отырған саясаттарын түзеуі керек. БҰҰ-на мүше болып отырған түркінің жеті мемлекеті халықаралық қауымдастықтағы барлық мүмкіндіктер мен өздерінің көмектері арқылы тілдері мен дәстүрлерінен айырылып бара жатқан бауырлас халықтарға қолұшын беруге міндетті және ол осы елдердің сыртқы саясаттарының маңызды саласы болуы керек. Осылай біріккенде ғана Ұлы дала Еуразия құрлығындағы Тәңір жіберген тарихи миссиясын орындайды.
Алман философтары Кант пен Фихтелердің анықтауы бойынша, халық өзін-өзі басқара алмайтын басқалардың басқаруында ғана болатын тобыр. Ұлт – басқаларға тәуелді болмаған, өзінің мекемелеріне ие және өзінің бірыңғай мүддесі бар халықтар жиынтығы. Рухы биік, намысы мықты ұлт қана тілін, мәдениетін, дәстүрін дамыта алады. Ал, рухы төмен халық тілінен айырылып, тобырға айналады да, өзінен күшті басқа халықтың құрамына сіңіп кетеді. Оның мысалы славян, кавказ және шығыс еуропа халықтарының ішіне сіңіп кеткен кешегі қыпшақтардың бір бөлігі.
Өзінің тілі үшін күресіп, оны сақтай алған халық ұлт болып қалыптасады. Оған ХIХ ғасырдағы чех ұлтының ана тілін сақтап қалу үшін болған күресі дәлел. Сол кезде австро-герман империясының қол астында болған чехтарды ана тілінен айырып, оларға неміс тілін күшпен енгізіп жатады. Чех тілі XV ғасырда қалыптасқан. Күрестің басқа амалы таусылған соң чех ғалымы монастырдан табылған осы тілдің тарихы туралы кітаптағы чех тілінің шығу тарихындағы алдыңғы Х деген сыфырды өшіріп тастайды да, «чех тілі V ғасырда, неміс тілінен бірнеше ғасыр бұрын пайда болған көне тіл» деген аңыз таратады. Оған сенген халықтың рухы көтеріліп, басқыншыларды өз жерінен қуып шығып тәуелсіздігін алды.
Ұлттың қалыптасуы үшін оның тілі, тарихы, дәстүрі, мәдениеті т.б. болу керек. Осылардың ішіндегі ұлттың бірден-бір негізі - оның тілі. Оның қадірі сын сағаттарда білінеді. Кешегі «Алашордалықтар» мен бүгінгі қазақ тілі үшін шырылдап жүрген ұлт жанашырларының жанайқайына бүкіл қазақ бір ауыздан қосылуы керек.
Тілі жоқ ұлт – тобырға айналады. Төрт құбыламыздың тең бола алмай келе жатқаны, ана тіліміз бен ұлттық дәстүріміздің қадірін кетіріп алғанымыздан болар. Қазір біздің жағдайымыз Асан қайғы бабамыздың «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер, Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер?!» дегенінмен бірдей. Соны жан жүрегімізбен түсіне білейік. Көңілге медеу болатыны, Қазақ мемлекетінің тәуелсіздік алуы мен соңғы жылдардағы экономиканың дами бастауы. Ал, қамықтыратыны, тәуелсіз ел болсақ та, ана тіліміз бен ата дәстүрімізді үйрене алмай жатқанымыз. Ол «ұрпақтар сабақтастығының үзілгені» деген сөз. Үлкенді сыйлау, аруаққа сыйыну сияқты ұлы қасиеттер, бабаларымыз – көне түркілерден дүниенің төрт бұрышына тарап, соңынан әлемдік діндер жүйесінің негізгі элементерінің бірі болып енген еді. Төл тарихымыз бен ата дәстүрді ұмыттық. Кезек ана тіліне келді. Қазір тек жастар ғана емес, ересек қазақтың көпшілігі, оның ішінде зиялы атанып жүрген «шала қазақтар» ана тіліміздің болашағына күмән келтіріп, кейде, тіпті, қазақ тіліне қарсы шығуды өздеріне абырой санайды. Бұл Абайдың сөзімен айтқанда, «бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі мінезін біржолата жоғалтып алдық». Ол қандай екі мінез? Оның бірі – ел билеу, екіншісі – ұлттық намыс. Абайдың кезінде, қалың жұрт қазақтың қаймағы бұзылмай тұрған уақытында жоғалтқан ұлттық намысты енді орнына келтіре аламыз ба? Бұл қазақ ұлты алдындағы шешілуі ең қиын мәселе. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың тарихында осындай тар жол, тайғақ кешулер бірнеше рет болған. «Ақтабан шұбырындының» кезінде қазақ жойылып кетудің аз-ақ алдында қалды. Патшалы Ресей отарлау кезінде халықты ел билеген ханынан айырып, ойына келгенін істеді. Одан кейін өткен ғасырдың отызыншы жылдары қолдан қырғын ұйымдастырып, ұлтымыздың жартысына жуығын жоқ қылды. Мұстафа Шоқайдың 1927 жылы, «алдымен аралас мектептер ашып, соңынан ондағы қазақша сыныптарды жабады. Одан кейін жер аттарын, сосын қазақтың ата-тегін өзгертіп жазады. Ең соңында қасиетті Түркістан деген сөз қалады. Егер осы сөз жойылса, онда Орта Азиядағы түркі халықтары жойылып кетеді. Егер ол қалса, онда түркі халықтары сақталуы мүмкін» дегені айқын келді. Бізге екі ғасырдан астам уақыт армандаған тәуелсіздік Кеңес Одағының ыдырауымен келді. Бұл тәуелсіздікті біз де, басқа одақтас республикалар да күреспен жеңіп алған жоқпыз. Ол Асанқайғының сөзімен айтқанда, «тағдыр бірде алдын, бірде артын береді» [67, 87 б.] дегені болды. Азаттық әкелер тәуелсіздіктің қажеттігін халық түсінсе ғана, ол үшін күресіп, жеңіп алғанда ғана қадірі болмақ. Сонда ғана одан айырылып қалмау үшін жан аямай күреспек. Біз құдайдың арнайы жіберген сыйындай болып келген тәуелсіздік пен экономикамыздың жерасты байлығы арқасында көтеріліп жатқанына мәзбіз, ал негізгі байлығымыз – ұлт болып қалуымыздың кепілі ана тілден айырылып жатқанымызды ескермейміз. Білсек те білмеген болып жүрміз. Ол ұлтқа тән қасиет емес. Ол намысынан айырылған болашағы жоқ тобырдың тірлігі. Соны сезсек екен. Ана тіліміз бен елдік, ұлттық намыс деген қастерлі ұғымға келгенде біздің тайқақтай беруіміздің төркіні осында жатыр. Өйткені «Адам әуелі пенделік тіршілік – пәни дүние кіріптарлығы мен мұқтаждығынан құлан таза құтылмай абсолютті рухқа қол жеткізе алмайды» дейді Ф.Аттар. Кезінде Бұқар жыраудың, «Құм жиналып тас болмас, құл жиналып ел болмас» дегені де осындайдан қалған болар. Құлдық психологияға ұшыраған жалғыз қазақ ғана емес, ол тоталитарлық жүйе шеңберінде болған барлық халықтарға, соның ішінде орыстарға да сол жүйеден мұра болып қалған «бойтұмар». Бұл мәселенің саналылық (нравственный) және моральдық жағы болса, экономиканың қарқындап дамып келе жатқан жағдайында мемлекеттік тілдің мүшкіл жағдайда қалуы қоғамның біржақты дамуынан. Себебі, тағы да Абайға жүгінсек «өнер алды қызыл тіл». Ал өнердің дамуы мен қоғамның дамуы бірдей заңдылықтарға бағынбайды. Көптеген жағдайда қоғам дамыған кезде өнердің құлдырап, керісінше қоғам дағдарыста болғанда өнер мен әдебиеттің дамығаны тарихта жиі кездеседі. Мысалы, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында ресейдегі қоғам дамуының барлық саласындағы дағдарыс, әдебиеттің алтын уақыты және музыка, көркемсурет және т.б. өнер салаларының шарықтау шыңына жетіп дамыған кезеңі болды. Себебі, қоғамның барлық саласы – мәдениетті құрайтын өнер, құқық, тіл, дін, философия, ғылым, мораль, экономика т.б. бірқалыпты дамымады. Жан-жақты дамыған қоғамда мәдениеттің барлық салалары бір-бірімен тығыз байланыста дами алмады. Ал, біржақты дамыған қоғамда мәдениеттің бір саласы дамыса, екінші бір саласы кері кетіп жатады.
Қоғам дамуындағы бұл күрделі заңдылықты зиялылар мен билік басындағылар уақытында түсініп, дер кезінде түзете алса қоғам дағдарыстан шығып, тұрақты даму жолына түседі.
Қазақстандағы көптеген ұлт өкілдерінің үйлесімді өмір сүруінің негізі:
- Мыңдаған жылдар жартылай көшпенді өмір сүрген түркілер және олардың ішінде қазақтар Шығыс пен Батыс мәдениеттерін байланыстыратын көпір қызметін атқарғандықтан, өзіне Шығыстың этатикалық идеясы мен Батыстың либерализмін сіңіріп, ерекше дала демократиясын қалыптастыруында.
- Қазақ мұсылман дінінде, оның ішінде сунит. Мұсылман дінінің басқалардан ерекшелігі – ол адамдарды ұлты мен нәсіліне бөлмей барлығын ағайын деп қарайды. Оның ішінде суниттер тарихта шетке шыққан саяси ағымдарға, оның ішінде экстремизм мен лаңкестікке қатысы жоқ, бейбіт бөлімі екендігінде.
- Қазақтардың этномәдени архетипіне мынадай рухани құндылықтар тән: адамгершілік, ұят, шындық, қанағат, қонақжайлылық, төзімділік, түсінік, даналық, үлкенді сыйлау, балажандылық, елі мен жерін сүю, еркіндік, табиғатты сыйлау, имандылық, кісілік, тектілік және кішіпейілділік.
- Соңғы ондаған жылда басқа ұлт мәдениеттерінің әсерінен қазақтар да рухани жағынан байып, оның этнотипі танымастай болып өзгеруінде. (Сонымен қатар, ішімдік, жезөкшелік, нашақорлық сияқты келеңсіз әдептер де қоғамда тамырын жаюда).
- Осы белгілер өзге ұлт өкілдерінің негізгі бөлігіне қазақ жері тарихи отанға айналып, олардың ел тағдырына тікелей араласуына себеп болуында жатыр.
Олай дейтініміз «Жеке тұлғалар сияқты, ұлттарға да ешқандай саясат өзгертпейтін тенденция тән» деген А. Гумбольдт [68, 54 б.]. Қазақстанда тұратын халықтардың мұндай достығы, уақыт пен тағдыр сынынан өткен, қандай да бір саясаттан жоғары, «мәңгі өмірдің» өзі сияқты төзімділік пен өзара бейімділікке негізделген, адамдардан гөрі Құдайға жақын тұрған құдіретті қасиет. Себебі, «халықтың шешімі құдайдың ойындағысы» деген ертеден келе жатқан қағида осы болар.
Қазақтар Қазақстандағы мемлекеттік сана-сезімді қалыптастыратын, мультиұлттық мемлекетте жетекшілік етіп, басқа ұлыстардың басын біріктіретін негізгі күш болғандықтан ол мемлекеттік ұлт немесе ұлттық көптүрлілікті қалыптастыратын субұлт болып саналады. Сондықтан да қазақтар барлық отандастарының алдында өз мойнына стратегиялық жауапты міндетті алып, оны абыроймен атқаруы тиіс. Өйткені, елдің болашақтағы жетістіктері осыған байланысты. Сонымен қатар, осындай ауыр міндетті мойнына алған қазақтар, қазіргі уақыт талабына сай халықаралық бәсекелестікке қабілетті болатын деңгейге жету үшін өздері де түбегейлі өзгеруі керек. Олай болмаған жағдайда алдымен олардың өздері жаһанданудың құрбаны болады. Жылына ондаған халықтарды құрдымға жіберіп жатқан қатаң тағдыр қазақтардың да «көкесі» емес екенін түсіну керек. Уақытында ацтек, майя және инк цивилизацияларын жасаған, алайда өздері заман талабына сай өзгере алмаған америка құрлығындағы үнділердің бүгінгі тағдыры Ұлы көштен қалудың бір мысалы ғана.
Бұл идея саясатқа қатысы жоқ «ала қойды бөле қырықпай», барлық қазақстандықты өркениетке апаратын жол екеніне тұрғын атаулы түгел сенімді болғанда ғана қоғамдағы рөлін атқара алады.
Осы идея іске асуы үшін мынадай шарттар орындалуы тиіс. Бірінші, елдегі барлық ұлттар мен ұлыстар, олардың мәдени орталықтары өз болашағы қазақ тілі мен мәдениетінің дамуына тәуелді екенін, қазақ тілі мен мәдениетінің дамуы өзге ұлыстардың да дамуына тікелей әсер ететінін, сонда ғана қоғам өркениетті болатынын түсініп, қолдауы тиіс. Ол үшін біздің санамыз тоталитарлық жүйеден қалған «көршіме жаман болған сайын, маған жақсы» деген психологиядан арылу керек. Екінші, осы идеяны іске асыруда Қазақстан үкіметі, халықтар Ассамблеясы және т.б. қоғамдық институттар белсенді атсалысуы қажет. Халық «Көп түкірсе, көл болады» дегендей бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып іске кіріссе, алынбайтын қамал болмайды.
Рух пен тілден тұратын ұлттың ішкі заңы, оның ұлттық мінезін көрсетеді. Кез-келген ұлттың тәжірибесі қолдан немесе күшпен дамытылмайды. Ұлттың мәңгі болуының себебі, оның уақытқа бағынбайтын мінезінде әрі ол мемлекет деген ұғымның шеңберінен тысқары тұрады. Ұлт мәңгі болуы үшін оны сүйетін адамдар өз өмірін қиып, сол үшін күресті және ол өмірді қиюға тұратын жоғарғы ұғым [69, 386 б.]. Сондықтан, мемлекет сол ұлттың негізінде құрылғаны дұрыс. Мемлекет дегеніміз мақсат емес, бірақ ол соны іске асыратын тәсіл, сондықтан мемлекеттік құрылым конституцияға деген сүйіспеншіліктен болмайды. Мемлекеттік құрылым – ақыл-ес пен парасаттылықтан жаратылған, сондықтан ол ұлттың арқасында өміршең болады [69, 146 б.]. Ұлтты түсіну үшін, оны белгілі ұғым түрінде емес, уақыт өткен сайын өзгеріп тұратын динамикалық қозғалыстағы құбылыс ретінде немесе идея деп қараған дұрыс. Тек идея ғана өзіне ұзақтық және өзгерту диалектикасын, қазіргі уақыттың бірдей болып қалатын диалектикасын, тұтастық (бірлік) және көптүрліліктің диалектикасын сиғыза алса, ұғым осылай өзара байланысқанды бұзып, тек өзіне қажетті белгілі уақыттағы тұтастық пен бірлікті бөлек алған жеріне ғана анықтама береді.
Мемлекет және ұлттың тарих толқыны мен жанды динамикасында идея ретінде түсінілетіні құқыққа да байланысты. Тиімді құқық қана ұлттық құқық идеясы бола алады [70, 219 б.]. Ұлттың тілі мен рухы адамдар арасындағы қоғамдық айналыстың формасы ретінде оның жалпы мәнінің негізі. Байланыстыратын және ажырататын құрал ретінде олар белгілі бір жердегі халықтың мінезіне сай көрінеді. Ұлттың капиталы – оның тілі мен тұрған жері: тәжірибесінің капиталы – идеясы және өмірлік даналығы. Ол тіл арқылы сақталады және басқарылады; өнім мен тауардың капиталы ақша арқылы сақталады және қозғалысқа келеді. Барлық сауда айналымының көзі болып саналатын физикалық зат түбінде оның медиумының мәні – тіл, рух және білім арқылы өзінің құнына ие болады. Сондықтан, ұлт даналығының капиталы ұлттың күшін анықтайтын физикалық капиталдан маңызды. Яғни, қоғамдағы білім, кітапханалар, университеттер, академиялар құру, журналдар шығарып, базарлар ашып, көрмелер ұйымдастыру экономикада шешуші рөл атқарады.
Егер экономика өзіндік терең тамырын ұлттық капитал ретінде қажет болатын тіл, рух және білімнен табатын болса, онда экономиканы ұлттық ерекшеліктегі құқық сияқты сипаттауға болады.
Барлық өркениетті қоғамның әйтеуір бір кемшіліктері болады. Жалпы, кемшіліксіз қоғам сирек кездеседі. Жаңа ғасырды жақсы қарқынмен бастап келе жатқан тәуелсіз еліміздің қазіргі дерті – ол мемлекеттік тілдің ақсауы. Өркениетті елдердің барлығы ана тілдерін бірінші байлық және өз тағдырының негізі деп қарайды. Себебі, олар халықты ұлт, не ұлы халық қылатын немесе тобырға айналдыратын да оның тілі екенін басқалардан ертерек түсінген. Мысалы, әлемді мойындатып отырған ағылшындар жер шарының қай түкпірінде жүрсе де, халқының саны өздерінен жүздеген есе көп Үндістанда, Солтүстік Америка материгінде, Австралияда және басқа халықтарға өз тілін мойындатып, оны өздері жаулап алған елдерінде мемлекеттік тілге айналдыра білді. Қазір АҚШ пен Британиядан басқа Австралия, Канада, Тынық мұхит аймағындағы елдерде, миллиардтан астам халқы бар Үндістан немесе дүниежүзі халықтарының жартысынан астамы осы тілде сөйлейді. Бүгінгі ағылшын тілі дүниежүзіндегі ғылым мен техниканың, халықаралық ақпараттың, Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ресми халықаралық қатынас тілі. Бұл, ағылшындардың жарты әлемді жаулағанда жинаған байлығы алтын мен алмас емес, жігерлілік пен қайсарлық және рух биіктігіне шығаратын тіліміз бен дініміз деп түсінуі және оған беріктігі.
Тәуелсіздік алған ТМД республикаларындағы билікке тән ортақ кемшіліктер – олардағы саясат пен бизнестің араласуынан туындайтын көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлықтың кеңінен тарауынан.
Әбубәкір Кердері:
Ұры-қары жиналып,
Ұлағатты ел болмас,
дегендей, ұлағатты ел болудың алғышарты – ұры-қарыдан арылу. Кезінде хан Абылайдың мыңғыратып мал айдайтын жағдайы болды. Бірақ, оның бар байлығы үш түйе, он екі қой және бес сиыр ғана. Сүйтіп, пендешіліктен жоғары тұрған хан Абылай халқының тарихында өшпес із қалдырып, өзіне де мәңгі ескерткіш жасап кетті [71]. Ел басқару және ұлағатты ісімен тарихта қалу, мыңнан біреудің ғана қолынан келетін іс. «Биік тауға алыстан қара» деп ата-бабаларымыз айтып кеткендей, ел басқарғандардың бағасын халық пен уақыт береді. Елдің қамын ойлайтын саясаткерлер үшін одан басқаның бәрі жалған.
Бауырлас түркі елдері біріне бірі көмектесіп өздеріне тиімді жол табудан гөрі, біріне-бірі қырбай, бақталас болуы басымырақ. Осы бақталастық аймақта көшбасшы \лидер\ болуға таласудан туындайды. Ондай «көшбасшылық» саяси тұрғыдан көрші отырған туыстас халықтардың арасына іріткі салып, аймақтағы тұрақтылықты бұзатын болса, экономикалық қатынастарға да кедергі келтіретін зиянды құбылыс. Ондай жетекшіні негізінен осы аймақта ықпалы мықты АҚШ пен Ресей анықтаса, енді оларға Қытай қосылуда. Олардың бүйрегі қайсысына бұрса, сол республика жетекші болмақ. Осындай «лауазымға» ие болу үшін, осы үлкен елдердің көңілін табу керек. Ондай кездерде көбіне елдің мүддесінен гөрі осы алпауыттардың мүдделері жоғары тұрады. Өзін қорғауға қабілетсіз, экономикасын дамытуға қаржысы не өресі жетпейтін, халқының саны көршілерінен ондаған-жүздеген есе аз, жартылай доминант елдердің сыртқы саясаттары осындай. Ондай елдердің саяси жетекшілері де өздеріне сенімсіз, саясаттары ел мүддесінен гөрі «үлкен көршілерінің көңілін аулағандықтан» олардың ағайындармен бірігуге батылдары жетпейді, ал жеткендерінің өзі ағайындас көршілерін аймақтағы қарсыласым деп қарайды. Ондай құлдық психологиядан құтылмағандарды Абай атамыз:
Заман ақыр жастары,
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне бірі қастыққа –
Қойнына тыққан тастары,
деп «ақырзаманның жастарына» теңестірген. Олар елдің экономикалық мүдделерін қорғап, шегара мәселелерін тиімді шешу және қорғаныс қабілетін күшейтудегі іс-қимылдары батыл болмағандықтан, істері де тиімсіз.
Осы республикалар бірігіп толық тәуелсіздік алып кетпес үшін алпауыт елдер оларды өздеріне тәуелді етіп ұстау мақсатында мынадай амалдарды қолданады:
- біреулерін өздеріне жақындатып, екіншілерін алыстату арқылы араларына жік салып, реті келсе оларды бір-біріне айдап салу;
- әртүрлі діндерді енгізіп, тілі мен діндері бірдей елдер арасында немесе бір елдің ішіндегі халықты бөліп, дінаралық наразылық туғызу;
- ірі кен орындары мен экономиканың тиімді салаларын өздерінің трансұлттық компанияларына алып беру арқылы сол республикалардың экономикасын басқару;
- өздері құрылтайшы болып отырған халықаралық қаржы институттары арқылы несиелер беріп, белгілі дәрежеде тәуелді етіп ұстау, ал ол елдер жақсы қарқынмен дамыса немесе тәуелсіз саясат ұстанатын болса, оларды «Азия жолбарыстары» сияқты дағдарысқа ұшырату;
- сол елдердің жеріндегі сынақ полигондарын, аэродромдарды пайдалануды немесе шегарасын күзетуді себеп етіп, онда өз әскерлерін ұстау;
- мұнай-газ құбырларын және т.б. болашақта қажетті стратегиялық объектілер салуға тікелей қаржы бөлу және сол елдерге көптеп өз азаматтарын ендіру арқылы реципиент елдерді алдымен экономикалық, содан кейін саяси тәуелді қылу немесе отарына айналдыру.
Бұл тәуелсіздігі толық орнықпаған елдердің басынан кешетін тағдырлары.
Өзара бірлігі жоқ түркі тайпалары мен халықтарын ғасырлар бойы бір-біріне айдап салу арқылы «бөліп алып билеуде» және ағаштың діңін жеген құрт сияқты іштен шіріту әпербақан елдердің ондаған ғасыр бойы ұстанып келген мемлекеттік саясаттары [72]. Бәйтеректің діңіне құрт түссе, түптің түбінде құлайтыны белгілі. Уақыттың өз пайдаларына қызмет ететінін түсінген көршілері түркі халықтарының есебінен көбейіп, алып мемлекетке айналғанда, түркілер уақыт өткен сайын бір-бірінен алыстап, жерлері тарылып, біртіндеп тілдерінен айырылуда. Ол жыланның арбауынан шыға алмай қанаты талған торғайдың өздігінен жем болатыны сияқты, түркілердің осал жерлерін түсінген көршілері оларды әртүрлі әдіс-айламен арбап араларын ашу арқылы көп шығынсыз өздеріне қосып алуда. Түркілердің бастары бірікпейтін болса, күші көп көршілері болашақта да еш шығынсыз және еш соғыссыз өз дегендерін істетеді. Сондықтан, бұл жердегі өмірлік мәселе – іштегі алауыздыққа жол бермей, береке-бірлікті сақтап «ағайын азғанмен безбейтінін» түсінуіміз керек.
Кезінде Кемаль Ататүрік: «Кеңестер одағындағы түркі халықтары түбінде тәуелсіздігін алады. Сол кезде Түрік мемлекеті оларға қолұшын беруге дайын болуы керек» деген өсиет қалдырған болатын. Осы республикалардың тәуелсіздігін алғашқы болып Түркия мойындады және осы елдің сол кездегі президенті Тұрғыт Озал түркі халықтарын бірлікке шақырып, олардың басын қосып, одақ құруға әрекет еткен болатын. Одан кейін Қазақстан және Орта Азия республикаларының президенттері түркі елдері одағының әртүрлі варианттарын ұсынып, өз жоспарларын іске асыруға ұмтылуда. Осындай, құптайтын игілікті шараның түбінде орындалатынына сенім бар.
Тағдырына немқұрайды қарамайтын ағайындармен біріккенде ғана түркілер әртүрлі бұғаудан құтылып толық тәуелсіздікке жетеді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төрдегі келеді» деген аталы сөз осындайда айтылса керек. Сондықтан, алты алаштың баласы ала болмауы тиіс.
Бұрын қазақта түрме болмаған. Жастар алдымен отбасында, есейгесін қоғамның тәрбиесінде болғандықтан, адамның қылмыс жасауы өте сирек кездескен. Қылмыс жасаған адамды түрме емес, ақсақалдар мен билер және қоғам тәрбиелеген. Қазақ даласында қыз бала мен әйелдің қылмыс жасауы деген атымен болмаған. Еркектері үйде өлуді ар санап, шайқаста көз жұмуды арман еткен, келіндері үлкендердің атын атауға ұялып, әкені асқар таудай көрген. Қоғамның бүгінгі моральдық, өнегелілік жағдайы өркениетті қоғамдағы азғындықтың формаларын бойына сіңірген немесе арам қанды сорып алған сүлік сияқты. Соның салдарынан бүгін Қазақстан түрмеге отырғандардың үлесінен әрбір он мың адамға есептегенде дүниежүзінде алдыңғы қатарлы 3-4 орындардың бірін алады. Оның негізгі себептері – заңдар мен халық менталитеттерінің арасындағы қарама-қайшылықтан туындайды. Көптеген ұлттардың өкілдері біртуған ағайындай болып, тату тұруға парасаттары жетіп, барлық қиындықтарға шыдап төзімділік танытқанда, қылмыс жасамауға ақылдары жетпейді дегенге сену мүмкін емес. Бұл жерде мәселе халықта емес, бір қайнауы ішінде кетіп, шала дайындалған заңдарда, ұлттық тәрбие саласында насихаттың болмауында жатса керек.
Заңдар мемлекеттің негізгі ұстанымдарын айқындайтын қоғамның тірегі. Сондықтан қоғамдағы мораль мен өнегелік, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика, нашақорлық және т.б. деңгейі заңдардың сапасына тікелей байланысты. Елдегі соңғы кезде салынған балабақшалар мен мектептер, мешіттер мен кітапханалардан гөрі түнгі клубтар мен ойынханалардың және «күмәнді» қонақүйлердің саны басым болып барады. Ойынханаларға Шығыстың өркениетті елдерінде тиым салынған. Ойынханалар мен түнгі клубтар жастарды моральдан айыратын, нашақорлық пен жезөкшелік сияқты өркениеттегі азғындықтардың ұясы. Оның жалғасы дін мен дәстүрден айырылып демографиялық дағдарысқа әкелетін жыныстық бағытты өзгерту... одан кейін белгілі принципі жоқ қоғамның өзі бағытынан айырылмай ма?
Әлемдегі барлық отарларын сақтап қалған Британия Гонконгты Қытайға беріп жіберуге мәжбүр болғанда осындай жағдай ондаған жылдардан кейінгі бізде де қайталанбай ма? Тегін ірімшіктің (сыр) қайда болатынын біліп тұрып, «пәлелі жерге неге бармақ тыға беретіні» түсініксіз.
Кезінде исламды монғол шапқыншылығы мен крест жорығынан құтқарған мамлүктік Египеттің негізін қалаған Сұлтан Бейбарыс бабамыз мемлекет құруды алдымен елдегі нашақорлық пен ішімдікке тиым салу және Еуропадан келген жезөкшелерден тазартудан бастады. Ал, Алтын Орданың ханы Жәнібек Генуя саудагерлерінің Кафу порты (қазіргі Феодосия) арқылы түркілердің балаларын сатып алып, оларды құлдыққа сатуын басқа жолмен тоқтату мүмкін болмағасын, оларға соғыс жариялап портты қоршайды да, қамалдың ішіне обадан өлген адамың мәйітін тастайды. Содан кейін Еуропаны даладан барған құлдар емес, бубон чумасы жайлап осы құрлық тарихындағы ең қайғылы кезеңнің бірі басталды. Жарты ғасырда Еуропа халқының қырық пайызға жуығын жалмаған осы індеттің себебі неде? Оған кінәлі ұрпақтарының қамын ойлаған Алтын Орданың ханы ма, әлде құл сатушы саудагерлер ме?... Қазақ балаларын шетке сатқызып отырған бүгінгі биліктегілер ұлтының тегін сақтай білген Жәнібек сияқты біртуар хан өткенін біледі ме екен?
Мөде қаған, Сұлтан Бейбарыс, хан Жәнібектер сияқты Ұлы бабаларымыздың ел мүддесін қорғау жолындағы істерін бүгінгі биліктегілер солардай қылып шеше ала ма? Мемлекеттің болашағы, міне соған байланысты.
Қоғамның өркениетті болуының алғы шарттарының бірі жас ұрпаққа жақсы тәрбие мен сапалы білім бере алумен тікелей байланысты. Білім жүйесі қай бағытта даму керек деген сұрақ бүгінгі күннің негізгі мәселесі болып тұр.
Тәрбие отбасынан басталады және оның қайнар көзі ұлттың тілі мен өнерінде, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінде және тарихында. Бала тәрбиесі туралы М. Әуезов: «Бала жасында ананың тәрбиесінде болады. Ол 10-12 жасқа келгесін әкесіне еріп содан тәрбие алады. Егер бала жас кезінде дұрыс тәрбие алмаса, есейгенде ол ұлы адам болып шыққанның өзінде, сол кемшілік оның бойында өмір бойы қалады» деген. Яғни, адам тәрбиесінің іргетасы жас кезде отбасында қаланады. Сондықтан, салауатты қоғам қалыптастыруда отбасының маңызы зор. Кейбір отбасыларда балаға өне бойы ұрысып, оны кемсіту, кейде тіпті қарғау жиі кездеседі. Есі кіргеннен естіп-көргені осындай теріс тәрбие баланың миында өмір бойына «программаланып» қалады. Ондай «тәрбие» алған бала өз мүмкіндігіне сенбейтін, жігерсіз, басқаларға да жақсылық жасай алмайтын бақытсыз адам болып шығады. Адам өмірде бақытты болуға жаралған. Сондықтан, теріс тәрбиенің болашақ ұрпақты бақытынан айыратынын ата-ана мен тәрбиеші-ұстаздары түсінуі керек.
Адам зерделігі (интеллект) балалық кезде қалыптасады. Зерденің тоқсан пайызына дейіні сегіз-тоғыз жасқа дейін қалыптасып, қалғаны он бес жаста қалыптасып болады. Адам одан кейінгі ғұмырында өмірден тәжірибе жинайды. Сондықтан, білім мен тәрбиенің негізігісін осы сегіз-тоғыз жасқа дейін беріп үлгеру тиіс. Есейгеннен кейінгі тәрбие – кешігіп, зая кеткен еңбек болады.
Қазіргі ұлты қазақ отбасының негізгі мәселесі – үлкендер, ата-ананың өздері. Әсіресе, қалалық ата-аналар ана тілдерін білмейді. Ондай ата-аналар тәрбиелеген балалар да ана тілінен мақұрым қалмақ. Ол кемшілікті түзеудің бірден-бір жолы қазақ бала-бақшаларын көбейту және тәрбиешілердің жалақысын өсіру. Бұл жердегі екінші мәселе, қалалық жерде тұратын жас аналарды мемлекеттік және әлеуметтік (оқу орындары, медицина және т.б.) мекемелерде жұмысқа орналастыру арқылы ана тілін үйренуді қамтамасыз ету. Мектепке дейінгі және бастауыш мектептердегі тәрбиенің тағы бір мәселесі – «әжелер университетін» дамыту, яғни әжелердің мол өмірлік тәжірибелері мен «даналығын» тәрбиеде кеңінен пайдалану. Себебі, моральдық, өнегелік пен даналыққа негізделген тәрбие мен ол арқылы берілген білім тиянақты болады. «Әрбір әже – бір университет» дейді ақын Қадыр Мырзалиев. Әжелер жоғары білімді болмағанымен, олар балаларды біздегі білім жүйесі бере алмайтын ана тілі мен өмір даналығына үйретеді.
Қоғамдағы демократия мен бостандық ондағы білім мен тәрбиенің сапасына тікелей әсер етеді. Жабық немесе тоталитарлық қоғамда білім де, ғылым да дамымайды.
Кеңестер Одағы кезінен қалыптасқан білім жүйесінің өркениетті елдердегіден айырмашылығы, біздің оқушылар мен студенттер көп біледі, бірақ түсініктері аз. Мысалы, біздің оқушылар тарих пәнінен белгілі бір оқиғаның қай жылы қандай жерде болғаны туралы жатқа айтады. Бірақ оның себеп-салдарына келгенде жауап бере алмайды. Басқа пәндер, оның ішінде жаратылыстану пәндеріндегі білімнің жағдайы да осындай. Бұл кезінде тоталитарлық жүйе идеологиясының тұтқынында қалып әлі күнге сара жолға түсе алмай келе жатқан білімнің жағдайы. Білімнің негізгі үш міндеті:
1) Білу.
2) Білу арқылы құбылыстың себебін түсіну.
3) Құбылыстың себебін түсіну арқылы даналыққа жету.
Осындай үш сатыны қамтамасыз ете алған білім жүйесі өзінің дамушы қоғамдағы міндетін атқарып, оны өркениет жолына шығара алады. Өркениетті елдердегі білім осы бағытта жұмыс істегеннің арқасында олардағы білім мен ғылым қоғам дамуына тікелей әсер етеді. Мысалы, өткен ғасырдың сексенінші жылдары Кеңес Одағындағы 1,5 миллион ғалым ғылыми жаңалықтың бір пайызға жуығын ашса, АҚШ-тың 1,1 миллиондай ғалымының ашқан ғылыми жаңалығы одан қырық есе артық болды. Осы екі ел арасындағы экономика, медицина және т.б. қоғамның барлық салаларындағы жағдайлар да осындай еді. Екі түрлі қоғам мен олардағы білім жүйелерінің прогресске қосқан үлестерін осыдан-ақ шамалай беруге болады. Негізінен тек білім беруге ғана бағытталған біздегі орта білім жүйесінің реформасы жастардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін болғанда ғана қоғам алға жүреді. Ағарту көп капиталды қажет етеді және ол дұрыс бағытта жұмсалғанда ғана қоғамға ең пайдалы саланың біріне айналады. Мысалы, жапондықтар отбасы бюджетінің 40-42 пайызын балаларын оқытуға жұмсайды (бізде осы көрсеткіш 10 пайыз шамасында). Қазіргі кезде осы халық жалпы жоғарғы білім алуға көшуде. Малайзияның бұрынғы Бас министрі Махатмир Мұхаммедтің реформасының негізі жергілікті халықтың ана тілін дамыту және оны қажетті қаржымен қамтамасыз ету болды. Ұрпақ тәрбиесі туралы Абайдың:
Басында әке айтпаса ақыл-жарлық,
Ағайын табылмаса ой саларлық,
Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен,
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық? –
дегеніндей, бұл үлкен-кіші бірдей ойланатын мәселе.
Он ұрпақтан кейінгілердің не көретінін болжай аласыз ба деген сұраққа Конфуций: «Ұрпақтан – ұрпаққа, әкеден – балаға не қалып жатқанын дәл білсек, оныншы емес, жүзінші ұрпаққа да не қалатынын болжап білу қиын емес» деген. Тәрбие мен білімнің мақсаты жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбиенің ұлттық болмысы мен мағынасында және қазіргі ұрпақ артында қандай ізгілікті іс қалдыратынында.
Қазақстан жер көлемі жағынан дүниежүзі бойынша, тоғызыншы орында болғанымен, халқының саны жөнінен сексен-тоқсаныншы орындарда. Еуразия төсінде орналасқан біздің геосаяси жағдайымыз бен ондағы тұрғындардың көп ұлттылығын ескерсек, оның қорғаныс қабілетін күшейтіп, тұрақты дамуы үшін, халық саны жақын уақытта кем дегенде 20-23 миллионға, 2050-ші жылдары 35-40 млн-ға, келесі ғасыр басында 60-70 млн-ға жету керек. Соңғы он бес жылда екі миллионға жуық қазақ жастары ана тілін білмей өсті. Ондаған мың қандасымыз жат дінді қабылдап кетті. Оның негізгі себебі, өтпелі кезеңде ұлт тұрақтылығын қамтамасыз ете алмай отырған қазақ санының өте аздығы болса, тағы бір себеп - туыстас түркі халықтарымен арадағы жан-жақты байланыстың жоқтығы. Ұлттың санын жүйелі түрде көбейту үшін жүргізетін демографиялық саясатта келесі мынадай кезек күттірмес шаралар іске асуы керек:
- дүниеге келген әр балаға қазынадан 5,0-7,0 мың АҚШ долл. көлемінде бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы беру;
- бала кәмелет жасқа толғанша орташа айлық табыстың деңгейінде ай сайынғы жәрдемақы беру;
- үш және одан да көп бала тәрбиелеген анаға балалары кәмелетке толғанға дейін орташа бір айлық, бес балаға 1,5 айлық, жеті балаға екі айлық табыстың көлемінде көмек төлеу;
- төрт және одан да көп бала тәрбиелеген аналарды мемлекеттік орден, медальдармен марапаттау және олардың дәрежесіне байланысты аналарға көрсететін дәрігерлік көмекте, пәтер алуда жеңілдіктер жасауды заңдастыру;
- көп балалы отбасынан шыққан балаларға жоғарғы оқу орындарына түсу, жұмысқа орналасу, жас мамандарға пәтер алуда жеңілдіктер жасау;
- ұлттың гендік қорына зиян тигізіп отырған абортты азайту және тиым салу үшін қажетті шараларды қолдану;
- әйелдер мен қыздардың ауыр және денсаулыққа зиянды жұмыстардан босатып, олардың жеңіл жұмыс істеуіне жағдай жасау;
- ұлттық қордың белгілі бөлігі оның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін демографиялық саясатты іске асыратын «Демографиялық қорға» бөлуді заңдастыру;
Мемлекетіміздің тілі мен мәдениетін дамыту үшін жұмсалуы тиіс қаржының қайнар көзі ең әуелі республикалық және облыстық қазына болса, екіншісі сырттан келетін тауарларға салынатын қосымша салық, акциз және т.б. болмақ. Алдыңғысы түсінікті болса, соңғысына нақтырақ тоқталайық. Қазақстанда сатылатын кітаптың 80-85 пайызы Ресейде шығады, аудио және видеокасеталардың барлығы шеттен келеді, шетелдің киноөнімдері, жарнамалар, келіп жатқан әртістер, арақ, шарап, қаптаған қытай тауарлары және т.б. Осылардың барлығы қазақ тілі мен мәдениетінің және экономикасының дамуына айтарлықтай кедергі жасайтын шеттен келген экспансия. Шеттен келетін осы тауарлар еліміздің тауар айналымының сексен пайызынан астамын құрайды. Оларды біз сатып алу арқылы өзіміздің емес, өзге елдердің экономикасын дамытып жатырмыз. Оған бірден тосқауыл қою мүмкін емес, бірақ олардың көмегімен тіліміз бен мәдениетімізді дамытуға, экономикамызды көтеруге болады. Ол үшін ішке келетін тауарларға, жарнамаларға, әртістердің билеттеріне және т.б. қосымша салық салып, оны қазақ тілі мен басқа ұлыстардың тілдері, мәдениеттерін дамытуға, ауыл-селодағы балабақша, мектептердің базасын күшейтіп, кітапханалар ашуға және шағын бизнесті дамытуға арналған есепшотқа түсіріп қажетіне пайдалануымыз керек. Бұл өркениетті елдерде кеңінен қолданылатын тәжірибе. Қосымша салық салу арқылы шеттен келген тауарларға тосқауыл қойсақ, сондай өнімдерді өзімізде шығарсақ, онда ел экономикасын көтеруге және мемлекеттік тіл мен мәдениеттің дамуына жағдай жасалғаны. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары американ мәдениетінің еуропадағы экспансиясы кезінде осы әдісті тиімді пайдаланған француз үкіметі ана тілдерін таза күйінде сақтап қана қоймай, тілі мен мәдениетін дамытуда тарихта болмаған жетістікке жетті. Қазір дүниежүзіне әйгілі француздың Тіл Академиясы, Лувр мұражайы және т.б. осы дәрежеге сол кезде жеткен. Бұл бір ғана мысал. Біздің елшілеріміз алпыстан астам елде қызмет істеп жатқанына он-он бес жыл болды. Франция мен Алманиядан бастап сол елдердің көпшілігі АҚШ-тың жаhантану саясатына қарсы күресуде. Тілімізді жоғалтпай, экономикамызды тұрақты дамыту үшін, сол мемлекеттердің қатарына, Қазақстан да қосылуы керек. Яғни, біз осы елдердің тиімді тәжірибелерін енгізу арқылы тіліміз бен мәдениетімізді дамыта алсақ – ол қазақ идеясының іске асқаны. Ақын Уитмен «Таңертең таудың шыңына қарап тұрып «Егер мен сол шыңның басына шықсам тоқтар ма едім?» деп көңілімнен сұрадым. Сонда ол, «Жоқ тоқтамаймыз, біз одан да биікке шығамыз» депті. Барстың мекені биік таудың қар басқан шыңында. Вергилийдің «Талпынғанға тағдыр көмектеседі» деген қағидасын ұстанып, адамзат өркениетіндегі өз орнын биіктен іздеген бүгінгі түркі халықтары мен оның ішінде Қазақстанның болашақтағы орыны да сол шыңдардың басында. Ақын Қасым Аманжоловтың,
Қандай сен бақыттысың келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап.
Сілкінтіп жер сарайын сен келгенде,
Жатармын мен көрпемді қырда қымтап, –
дегеніндей, қазақтың болашағын аңсап кеткен бабаларымыздың аруақтарына сыйынған рухы асқақ жас ұрпақтың заманы сексен алтының желтоқсанындағы империяның бұғауын бұзған қазақ пен саха жастарынан басталады.
Қазақтың әдептік-құқықтық мәдениеті Қазан төңкерісінен кейін жаңа жағдайға душар болды. Енді 70 жыл қазақ мәдениеті өз басынан өткізген социалистік идеяның әдептік-құқықтық қағидаларына назар аударайық. Бірден тосын жағдай назарды аударады. Социалистік құқық дегеніміз жалпы құқықты жоюдың сатысы ретінде қарастырылады. Өйткені, коммунистік идеология бойынша, пролетариат мемлекеттік билікті қолға алғаннан кейін өндіріс құрал-жабдықтарын мемлекеттік меншікке айналдырады, бірақ ол осылай жасау арқылы пролетариат ретінде өзінің өмір сүру мүмкіндігінен айрылады. Тап айырмашылығы мен антагонизм жойылады. Сонымен бірге мемлекет те жойылады. Мемлекет қанаушы тап ұйымы ретінде өндірістік әдіс арқылы айқындалған деспоттық жағдай кезінде процесіндегі ортақ нұсқаулар арқылы үкіметті ауыстыру жолымен жояды.
Мемлекет сияқты, өндіріс иелерінің өз қол астындағыларға бақылау орнатуды тоқтатқанынан басқа, заңның бұл жобаға қосар үлесі шамалы. Заң да мемлекеттің жоққа шығарғанын жоққа шығарады [67, 163 б.] .
Әрине, бұл теориялық марксистік ұстанымға жатады. Кеңес Одағының практикасы, керісінше, бүкіл құқық пен әдепті мемлекеттік нығайтуға бағыттады. Тоталитарлық идеология, ең алдымен халықтың ғасырлар бойы сұрыпталған реттеуші тетіктерін жоюға ұмтылды. Социалистік құрылыстың теріс әсерлері, әсіресе, қазақы әдеп пен мінез-құлық жүйесіне тиді. Ұлан-ғайыр, кең-байтақ жерді иеленіп келген қазақ табиғатынан батыр мінезді, бостандық пен еркіндікті қастерлеген қайсар халық еді. Бірақ 270 жылға созылған тәуелділік жылқы мінезді халықты момын, қой мінездіге айналдырды. «Жаман үйді қонағы билейдінің», «Есіктен кіріп, төр менікінің» күйіне түсе бастады. Озбырлық саясат нәтижесінде халқымыз құнарлы, сулы, нулы жерлерінен шөл, шөлейт жерлерге ығыстырылды, тек мал бағумен күн кешкен елге күн көрудің өзі қиын болды. Бұрын «у ішсең – руыңмен», «ағайынның аты озғанша – ауылдастың тайы озсын», деп, елдік пен бірлікті мұрат еткен қазақтардың арасында өзімшілдік, дарашылдық өріс алды. Кейбіреу ақты – қара, қараны – ақ деп бірінің үстінен бірі арыз жазса, басқалары бастықтың алдында майлы қасықтай құрша жорғалап, жылпылдаған жағымсыз қылықты бойына дарытты. Шолақ белсенділер «пысықтар», «шаш ал десе, бас алуға» дайын тұратындар пайда болды. «Адам адамға дос, бауыр», «Барлық адам тең құқықты» деп ұрандатқанмен, қолында билігі барлардың арасында екіжүзділік, озбырлық, тамыр-таныстық, жүгенсіздік, парақорлық өріс алды. «Ортақ мүдде жеке адам мүддесінен жоғары» деген ұран адам бостандығына нұқсан келтірді, «қуыршақ-адамдарды» көбейтті. Әкімшіл-әміршіл жүйе «ескінің қалдықтарымен күресуді» желеу етіп, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын жойып жіберуге барынша тырысты. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп келген халықтың ішінен сан мыңдаған мәңгүрттер шықты» [73, 96 б.].
Кеңес Одағы ұлттық аймақтарда дәстүрлі әдептік-құқықтық мәдениетте шектеу бағытында мынадай іс-шаралар жүргізді.
1. Халықтың мәдени мұрасы екі бөлікке бөлінді: «үстем тап өкілдері жинақтаған кертартпа әдет-ғұрыптар мен заңдар» және «қанаушы таптардың моральдық принциптері». Алғашқылары «революциялық құқық» дегеннің атымен заңсыз деп жарияланды.
2. Атеистік идеология тұрғысынан канондық-құқық пен мораль мүлдем теріске шығарылды.
3. Адам құқықтары идеясы (табиғи құқық) «буржуазиялық наным» болып жарияланды.
4. Сталинизм нығайғаннан кейін «тап күресі шиеленісе береді» дегенді желеу етіп тоталитарлық жүйе қызметінде әдет-ғұрып нормаларымен күресу сарыны және бағыты күшейе түсті, сөйтіп ол әдет-ғұрып құқының нормаларын пайдалану ісін жоққа шығарып қана қоймай, ұлттық сана мен психологияның ерекшелігін көрсететін көпшілік құқықтық сана мен психологияны есепке алуды да жоққа шығара бастады.
5. Қазақтардың көпшілігі ауылда тұрғаны белгілі және көшпелілік жағдайда өмір сүрген. Отырықшылық мәдениетке ауысу Кеңес Одағында дәстүрлі ұлттық мәдениеттердің тамырына балта шапқанмен бірдей болды. Біз, әрине, көшпелілікте қала беру керек еді деп отырғанымыз жоқ.
Қазақстан жағдайындағы бұл кезеңдегі күшін жойған әдет-ғұрып құқының нормаларына қарсы күрес қазақ даласындағы жұмысшы-малшылар мен ірі мал иеленушілер арасындағы таптық күрестің бір бөлігі немесе көрінісі болып, «ауылға бет бұру» ұранымен, ауылдарды кеңестендіру саясатына ұласты. Жаңа ауылда ғана «зиянды» әдет-ғұрыппен күрес мәселелерін қанағаттанарлықтай етіп шешуге болады деген ұран белең алды [72, 180 б.].
Сонымен, тоталитарлық жүйеде қазақтың дәстүрлі мәдениеті мүлдем тоқырап, тұрмыстық деңгеймен ғана шектелетін болды. Әрине, Кеңес Одағында жүргізілген барлық шараларға теріс баға ғана беруде дұрыс емес.
Кеңес Одағында АҚШ-пен тайталаста тым артта, қалмас үшін жалпы өркениеттілік негіздерін дамытуға да ұмтылыс болды. Кеңес Одағы тұтас ел болғандықтан оның шет аймақтары да даму процесінен тыс қалмады. Бұл туралы шетел зерттеушілерінің пікірлері көп нәрсенің бетін ашып көрсетеді. Мысалы, И. Блоншар былай деп жазды: «Азиядағы Францияны бес рет орап алатын кеңес республикасы Қазақстан, өзінің үлкен жартылай шөліне және көшпелі мұрасына қарамастан дамыған ел болып қалған. Оның экономикасы негізінен, қысқа уақыттың ішінде өзгерісті басынан өткізді және өзінің болашақтағы дамуы үшін аграрлыққа қарағанда индустриялығы көп үлкен резервтер жасырып жатыр» [73, 82 б.].
Оның пікірін А.Шамбр жалғастырды: «Даму мен экономикалық өсу Қазақстанмен тығыз байланысты. 1917 жылғы революцияның зардаптары әлеуметтік құрылысы мен дәстүрлі ойлауын сілкілеп, естен тандырды. Бұл, әсіресе, Қазақстанда басым болды. Еріксіз түрде күштеп жаңа қоғам орнатты, жаңа институттар, заттарға жаңа көзқарас қалыптастырды, бұлардың бәрі біріге келе мықты экономикалық дамуды қамтамасыз етті» [73, 87 б.].
Сталин қайтыс болғаннан кейін басқа жердегідей Қазақстанға да әлемдік құқық пен этиканың озық үлгілері ене бастады. Қазақ ғалымдары өз зерттеулерінде дүниежүзілік мәдениетпен терең танысты.
Алайда, социалистік пен коммунистік мораль түбегейлі қайшылықтарға толы еді. Біз зерттеу мақсатына сай олардың кейбіреулерін атап өтелік.
Социалистік әдебтің басты кемшілігіне жүйелік орталықтық ұстанымды, қолдау жатады. Яғни, қоғам мүддесі жеке адам мүддесінен жоғары қойылады. Бұл жүйеде жеке адам құқықтары кейін шегіндіріледі. В.И.Ленин айтқандай, моральдық өлшем коммунизм үшін күрес болып табылады. Бұл исзуитивизмнің жаңа түріне әкеледі. Мақсат барлық құралдарды ақтауға себеп бола алады. Социалистік құқықтың мәдени негізінде ақиқаттан тыс сенім мен наным жатыр. Бұл жүйеде жазылған заң (партия құптаған) құдай сөзі іспеттес болып келеді. Дүние күйіп кетсе де нұсқау-инструкция орындалуы қажет. Сөз жүзінде құдайды терістегенімен, социалистік жүйеде діннің барлық белгілері болды (пайғамбарлар, рухани көсемдер, идеологияны жүзеге асырушылар т.т.). Социализмде мемлекет өзін жалғыз реттеуші деп жариялайды; бұл құқықты тағы да бекерге шығарады.
Социалистік құқықтық-әдептік жүйенің тағы бір әлсіз жағы-таптық ұстаным. Бұл теория бойынша, тап күресі қоғамдық прогрестің негізгі әдісі. Сондықтан кез келген адам, егер қоғамдық прогрестің болғанын қаласаңыз, таптық тартысты шиеленістіруіңіз керек деген қорытындыға келеді. Алайда, бұл қақтығыстарды прогреске зиянды деп топшылауға да болады. Себебі, олар прогресті жасайтын негіздерді жоюға күш салады.
Теориялық жағынан алғанда маркстік құқық пен әдеп жүйесінде антигумандық сарындарды анық аңғаруға болады. Неге, Абай айтқандай, бүкіл адамзатты сүймей, тек бір пролетариатты ғана жақсы көру керек? Тікелей жауап жоқ. Себебі пролетариаттық әдеп пен құқық жасанды түрде әмбебапты моральға қарсы қойылып отыр.
Социалистік құқықтық-әдептік теория мен практикаға фатализм тән. Өйткені бүкіл осыған дейінгі тарих коммунизм, сатысы болса, барлығы тап күресімен айқындалса, онда жеке адамның ерік бостандығы туралы пайымдау артық болып табылады.
Маркс теориясының детерминистік көзқарасы бұл процесті негізгі элементтен бөліп алып қарайды. Бұл тарих кезеңіне деген фаталистік сенім туғызады. Бұл тек қате пікір ғана емес, сонымен бірге қауіпті де. Оның қателігі тарих, оның көрсеткеніндей, қайталанбайды. Ал қауіптілігі адам жағдайын жақсартуға үлес қосатын мәдени элементтерге еш мүмкіндік туғызбайды. Тағы бір назар аударатын жәйт: (соның ішінде құқықтық және әдептік сананы да) жалған сана немесе қиял-иллюзия деп жариялайды. Алайда, бұл көзқарас тарихи тұрғыдан алып қарасақ та, әрекет принципі ретінде алып қарасақ та қате. Тарихи тұрғыдан, идеология адамдарды белгілі бір мақсатқа жұмылдыру үшін өз ролін атқарады. Бұл қиял емес. Ал әрекет принципіне келер болсақ, олар адамдардың сенетін затына қол жеткізуі үшін олардың әрекет жасау мүмкіндігін туғызады да.
Сонымен, Кеңес Одағы кезінде жарияланған құқықтық-әдептік принциптер қазақтың дәстүрлі мәдениетін өркениеттілік сатысына үйлесімді көтере алмады. Сөз бен істің арасында үлкен алшақтық туды. Мысалы, «интернационализм» ұстанымын алайық. Бұл идея түбінде дұрыс болғанымен, Кеңес Одағында орыстандыру саясаты бағытында жүргізілді. Мәселен, қазақ балаларының ата-анасын, туыстарын, ұстаздарын орысша «ов», «овна» деп атауы ұлттық әдеп жүйесіне мүлдем жат еді. Демограф ғалым Мақаш Тәтімовтың деректері бойынша 366 мың қазақ отбасылары өз шаңырағында (бұл еліміздегі қазақтардың төрттен бірі) өз ана тілінде сөйлеуден қалған. Сөйтіп, қазақ еліндегі өмірдің барлық жақтары шайқалып, мәдениеті мен әдебі тозып кеткен халқымыз елдігінен айрылып қала жаздады. Өктемдік жүйенің ХХ ғасырдың аяғында тарқап кетуі тарихи заңдылық, адамгершілік ұғымдары жағынан әбден қажетті құбылыс еді.
Қазақтың дәстүрлі әдептік-құқықтық мәдениеті заман талаптарына сай инновацияларға икемді еді ме? – деген сұрақ төңірегінде айналып көрейік. Себебі, бұл ұлттың болашағына байланысты мәселеге жатады. ХІХ ғасырдың ортасында Шоқан Уәлиханов қазақтардың ұлттық дәстүрге деген тұрақтылығына назар аударса: «Қазақ өздерінің көне аңыздары мен наным-сенімдерін қайран қаларлық тазалықты сақтай білген. Одан да өткен ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы әсіресе өлең-жырлар еш өзгеріссіз, бір қолдан шыққандай қайталанатынын қайтерсіз. Көшпелі сауатсыз ордадағы ауызша тараған осынау үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге болмайтын шындық» [73, 381 б.]. ХХ ғасырда батыстық ғалым Г. Имар қазақтың әдептік-құқықтық мәдениетіне үлкен үміт артады: «Олардың сезімдері идеология мен абстрактілі утопияға деген жек көрушілікке толы. Себебі, адамдарды мал сияқты қайдағы бір теориялық бағытқа немесе орасан бір күрделі тарихи жобаға айдауды мақсат тұтады және бұның бәрі жалаңаш күшке негізделген. Олардың мемлекеті-ұсақ автономия ретінде өзін-өзі реттейтін бірлестік, бір-бірімен өз еркімен байланған, екі жаққа да тең қатынастағы мемлекет. Қырғыздар мен қазақтардың либеральды ұлтшыл мемлекет туралы түсінігі Батыспен бірге екенін білу әбден қажет» [73, 84 б.].
Қазақ халқының архетипінде жатқан оған тән, етене жақын әдеп, құқықтық мәдениет болашаққа ұмтылған, ешуақытта өзінің мәнін жоғалтпайтын, керісінше, күн өткен сайын жарқырай түсетін, сары алтындай тамаша құндылықтарды дүниеге келтірді. Мұның өзі, оның әруақытта жаңа талаптарыға, жаңа үрдістерге тез арада бейімделіп, үлкен икемділік танытуына мүмкіндігі жоғары екендігін дәлелдейді.
Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткен кезден бастап өз тарихының жаңа кезеңіне енді. Отаршылдық пен тоталитаризм салдарынан әлемдік өркениеттіліктен белгілі бір деңгейде оқшауланған қазақтың этномәдениетінде жаңа леп пайда болды.
Қазақстан Республикасы өзін дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі деп жариялады. Бұл бұрын тап тартысына негізделген қоғамның орнына адам құқығы мен бостандығын мемлекеттік не топтық мүддеден жоғары қоятын әлеуметтік құрылысқа бет бұру деген сөз. Адам құқықтары туралы сөз еткенде мына бір жәйді ескерген жөн. Осыдан жарты ғасыр бұрын, 1945 жылы БҰҰ қабылдаған «Адам құқықтарының жалпы Декларациясынан» Кеңес Одағының халқы бейхабар болып келді. Турасын айтқанда қатыгез өктемдік жүйе оны жұрттан әдейі жасырды. Оның баптарын әрбір өзін өркениетті санайтын мемлекет бұлжытпай орындауға тиісті еді. Бұл әдеп пен адамгершілік принциптерді уағыздайтын құжат болатын. Оның басты әдептік нормалары (талаптары) төмендегідей еді:

  • барлық адамдар тең құқықты, ерікті және қадірлі;

– азаматтар нәсіліне, ұлтына,жынысына, тіліне, шыққан тегіне, дініне, сеніміне, мүліктік және лауазымдық жағдайына қарамай заң алдында бірдей;
– өмір сүру құқығы, адамның бас бостандығы мен жеке өмір сүру еркі-қасиетті болып табылады [74].
Әрине, біздің еліміздің алдына қойған мақсаттары мен мұраттарының асқақ екендігіне күмәнданатындар да табылып қалар. Бірақ та елді демократияландыру бағытында талай нақтылық істер де жасалып жатыр. Соның бірі-нарықтық қатынастарға негізделген жаңа әдеп жүйесі. Әдептік қасиеттердің бірден қалыптаса қоймайтындығы, бұл жолда әлі талай асулар мен қиыншылықтар бар екендігі белгілі.
Біз ескі жүйені қиратқанмен, оның орнын басатын жаңа әлеуметтік қатынастарды, әсіресе адамгершіліктің жоғары талаптарына сай қасиеттерді әзірше қалыптастыра алмай жатырмыз. Өйткені, қоғамдық байлықты бөлу мен өндірудің және оны тұтынудың нарықтан басқа әділетті механизмін адамзат әлі ойлап тапқан жоқ. Алайда, бізде әлі күнге дейін нарық базардан, нарықтық өркениетті қатынастар «жабайы капитализмнің» ескі нұсқаларынан ұзап кете алмай жүр. Әдепсіз нарық-халықтың соры. Ал егер елдің адамгершілік негіздері мен әдеп түйіндері саудаға салынса, онда осы елдің болашағы қара”, соры сопақ самардай.
Қазір бізде және бүкіл ТМД елдерінде рухани дағдарыс белең алып отыр. Бұл күнде кез-келген жазықсыз адамды жәбірлеу, оның арына тию, оны тонау, көзбе-көз қорлау түкке тұрмайтын болды. Құлап жатқан адамға көз қиығын да салмай жанап өтіп кету дағдыға айналды. Жас қыздардың абыройын төгу, адам өлтіру, өлгендердің қабірлерін тонау, қорлау, қиратып кетуден міз бақпайтын болды. Теріс жолмен байлық жинау үшін қылмысты топтарға кіру, әлсіздерді жәбірлеп, қарттарды сыйламау, көзге де ілмеу әдеттегі іске айналды. Жас қыздар мен келіншектер баюдың жеңіл жолына түсіп, жезөкшелікпен айналыса бастады. Мұны олар ар да көрмейтін болды. Мұның бәрі жеке фактілер емес, тұтас құбылысқа ұласа бастады. Мұндай қоғамды қалай қалыпты жағдайда деп айта аламыз. Бұл қоғам, анығын айтқанда, әлеуметтік, рухани жұтаңдыққа ұшыраған қоғам, бұл дағдарыстан асып шығу басты мақсат.
Жұрт көп шоғырланған ірі қалаларда, мегаполистерде табиғаттың тазалығын сақтаудың проблемаларын сөз ете келіп, академик Н.Моисеев адамдарды осындай қалаларда тіршілік етуге дағдыландырудың қиындығын атап көрсетеді. «Қалалардағы ең сорақысы,– деп жазады ол, – көшелердегі адамдардың көптігінен болатын кір-қоқыс емес. Оны ретке келтіру қиын емес, жинап тазалауға болады. Ең сорақысы – бұл қала тұрғындарының жанының ластығы олардың табиғатқа түсінбестікпен қарауы ғана емес, ең сұмдығы олардың өз маңайындағыларға мейірімсіздігі мен қатыгездігі болып табылады» [75].
Мәселен, елімізде қалыптасқан әдептік-құқықтық санаға талдау беріп, оның дұрыс-бұрыс тенденцияларын айқындап, мәдени өрлеу бағдарларын табуда болып отыр. Бұл бір жылда істелетін іс емес. Н.Назарбаев атап өткендей:
«Біз бұл ретте жаңа құндылықтар жүйесіне тезірек бейімделіп кеткен, болашаққа жаңаша көзқарасы бар жас ұрпаққа сүйене отырып, бұқаралық сананы төзімділікпен жаңғыртуға тиіспіз.
Елбасы атап өткен жаңа құндылықтар жүйесіне не жатады? Бұл жерде жаңадан “велосипед ойлап табудың” қажеті жоқ. ХХ ғасырда тәуелсіздік алған мемлекеттер тәжірибесін сараптасақ, оны дәстүрлі мәдениетті жоғалтпай, өркениеттілік құндылықтарын қабылдау деп тұжырымдауға болады. Академик Ә.Нысанбаев жаңа құндылықтарды қалыптастырудағы үш маңызды міндетті ерекше атап өтеді: «Батыстағы да, Шығыстағы да өзге жұртты ұшпаққа жеткізген жол біреу ғана еді. Әлемдік қаржы көздері мен озат технологиялардың еркін ағылып келуіне, жеке адамдар еркі мен жекеменшік кәсіпорындар мүддесінің жүзеге асуына мүмкіндік беретін ашық қоғам орнату; өнімнің (қызметтің) бағасы мен сапасын, мөлшері мен бағытын өзінен-өзі реттеп отыратын, барша өндірісті (қызмет көрсету желісін), басқаша айтқанда, елдің бүкіл экономикасын үнемі жетілуге, ілгері жылжуға мәжбүр ететін нарық заңдарына көшу; барлық адамдарға бірдей құқық беретін, олардың күш-қабілеттері мен ақыл-ойларының қоқан лоққысыз, әділ бәсекелесе алуына жағдай туғызатын, саяси-әлеуметтік елестердің бейбіт жолмен шешілуіне мүмкіндік беретін демократия принциптерін қабылдау» [75, 52 б.].
Жоғарыда келтірілген құндылықтар бүкіл өркениеттілікке тән нышандар болып табылады. Алайда, әрбір елдің өзіндік ерекшелігі бар. Қазақстан жағдайында құқықтық-әдептік санадағы негізгі басым құндылыққа ел тәуелсіздігін нығайту жататындығы анық. Өйткені, егемендікке республика негізінен сыртқы факторлардың әсерінен жеткенімен (Кеңестер Одағының ыдырауы), бұл тәуелсіздік қазақ халқының ғасырлар бойы күресінің нәтижесі де болып табылады.
Мынандай бір аңыз бар: бір жігіт ойда-жоқта басқа бір жерді көреді де өз мекенін, ағайын-жұртын ұмытып, сол жерден қайтпай қалады. Туысқандары жіберген кісілер келіп, оған өз жерінен артық жердің жоқ екенін қанша айтқанмен, ол сөз тыңдар болмайды. Қырсығып жаңа мекеннен кеткісі келмейді. Тіпіті туған жерінен торсыққа құйып әкелген қымыз да оның жүрегін жібітпей қойса керек. Келген кісілер сөздері өтпей амалдары таусылған соң еріксіз қайтпақ болады. Сол кездегі олардың ішіндегі біреуі қоржыннан жігіттің туған жерінің бір жіліншік жусанын алып келеді ғой. Бағанадан айтқан қанша сөз, арнайы алып келген қымыз еш әсер етпей қойған, жігіт туған даласының жусан иісін иіскеуі мұң екен, бүкіл ел-жұрты, өткен өмірі есіне түсіп, қолқа-жүрегі аунап түскендей болады. Сол сәтте өз туған жерінен артық жерұйықтың жоқтығына көзі жеткен ол жаңа мекеніндегі барлық тәтті тіршілігін тәрк етіп, алды артына қарамай аулына беттеген екен дейді [76, 199 б.]. Бодандықтан есі танған қазақ халқы үшін егемендік сол жусан исі тәрізді шығар.
Аталған мәселеге философ-мәдениеттанушылар да үлкен көңіл бөлді. Философия және саясаттану институтының ғалымдары еліміздегі басым құндылықтар жөнінде аумақты сауалнама жүргізді. Оның нәтижесінде анықталған құндылықтардың арасында отбасылық құндылықтар бірінші орынға шығып отыр. Бұл түсінікті де. Өйткені тоталитарлық жүйеде жалпы әрі абстрактылы құндылықтар уағыздалса, өркениетті елдерде тұлғалық құқық бірінші орынға шығады. Ал басқа әдептік-құқықтық бағдарларға келсек, онда олардың арасында ел тәуелсіздігі маңызды рөл атқарады.
Батыстық таза либерализм ұстанымдарының өрісінің тарлығын және оларды батыстық емес қоғамдарда қолданудың қисынсыздығын қазіргі көптеген зерттеушілер мойындайды. Либерализмнің кейбір өкілдері адам еркіндігінен жаңа фетиш жасап алады. Олар бостандық дегеніміз адамның нені қаласа, соны істеуі деп ойласа, кейбіреулері адамның істеуге тиісті жұмысын істеуі деп ойлайды. Немесе, кейбіреулері бостандық жеке адамның бірден-бір меншікті дүниесі, оны мемлекеттің басып алуынан қорғау керек десе, кейбіреулері оны қоғамға тиесілі және мемлекет оның ауқымын кеңейтіп, жақсартып отыруы керек дейді.
Либералистік плюрализм азаматтардың бостандығы мен олардың ассоциацияларының негізгі құндылығы бар деп сенеді, сондықтан дейді олар, қоғамдық билік ереже арқылы өзін басқару керек және бостандық заң арқылы реттелген жағдайда мүдделер қайшылықтары нәтижесінде пайда болады. Олардың пікірінше, құқықтық тәртіп мемлекеттің өмір сүруіне байланысты. Ол плюралистік азаматтық қоғамның өз заңы бар және әр түрлі саяси күштер қоғамдық билікке ықпал ету үшін бәсекелеседі, бұл бәсеке кең аумақты ассоциациялық плюрализмге негізделген, азаматтардың ешқайсысы осы бәсекеден тыс қалмайтын және бір адам екінші бір адамға бағынышты болмайтын саяси жүйеден тұрады деп ойлайды. Бұл бейресми әділдікке қарсы. Ол құқықты тек мәжбүр ету ғана емес, әрекет жасауға бағыт ретінде де қабылдайды.Ол қоғамдық билікке агенттер мен ассоциациялардың қайшылығын ретке келтіру үшін шектеулі қызметтер жүйесін ұсынады. Бұл этикалық плюрализмді қабылдау деген сөз [77, 41 б.].
Алайда, Қазақстан жағдайында мемлекетті тек “түнгі күзетші” деп қабылдау жалпы халық мүддесімен сәйкес келмейді. Өйткені өтпелі қоғамда мемлекет билігін шектеу онсыз да етек жайған аномияның (заңсыздық) тым көп тарауына әкеледі. Сосын елдегі құқықтық-әдептік сананың әлі төмен деңгейде екендігін де ескеру қажет.
Қазақ халқының әдептік-құқықтық санасында да патриоттық тәрбиеге үлкен көңіл бөлінеді.
Адамзат қоғамына демократия шектейтін, теңдік пен әділдікті бұзатын, қанаудың, тәуелділіктің барлық түрлерінен азат етілу үшін мыңдаған жылдар бойы күресуге, реформалар, революциялар, өзгерістер дүрбелеңіне килігіп, «мың өліп, мың тірілуге» тура келді. Теңдікке, әділеттілікке, еркіндікке, демократияға, олардың принциптеріне сәйкес өмір сүруге үйрету және үйрену керек. Құқық пен заң адамды құлдық көңіл алуынан, қорқыныштан, заңсыздықтан құтқаруға міндетті.. Сайып келгенде, осының бәрі еркіндік, бостандыққа байланысты. Сосын әр елдің өзіндік ерекшеліктерін ескеру қажет. Сондықтан біздің еліміз де саяси, әлеуметтік, экономикалық мақсаттарды, демократиялық теориялардың даму жолдарын, оның іс жүзінде іске асқан елдердегі тәжірибелерін, туған жеріміздің бай тарихын, тамаша тағылымын, сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық әдет-ғұрпымызды, салт-санамызды, еліміздің ерекшеліктерін ескере отырып, демократияның өзімізге лайықтты жүйесін қалыптастырғанымыз ләзім. Мәселе демократия тәрізді әмбебапты құндылықтарды ұлттық дәстүр жүйесімен үйлесімді қосу туралы болып отыр. Зерттеліп отырған мәселеміз бойынша осы тұрғыдан мынадай бір қорытынды шығаруға болады: Қазақстан жағдайында мәдени өрлеу үшін батыстық құқық құндылықтары ұлттық әдеп жүйесімен тоғысуы қажет. Бұл, әрине, тек Қазақстанға тән құбылыс емес. Мысалы, Жапонияны алып қарайық. Жапон мәдениеті коллектившілдік те, дарашылдықты да бекерге шығарады. Адам өзін бұл қоғамда белгілі бір топтың, қауымның жеке мүшесі ретінде әрекет етеді және туыстық қатынастар бірінші орынға шығады. Зерттеушілер бұл мәдениетте қылмыс коэффициенті басқа Батыс елдерінен төмен екендігін атап өтеді: Ұлыбританиядан 5 есе, ГФР-дан 4 есе, АҚШ-тан 5 есе.
Девианттық әрекеттің барлығына бірдей теріс баға беруге де болмайды. Мысалы, догматикалық көзқарастарды бекерге шығаратын жаңашыл теория да ауытқуға жатады. Экономикалық іскерлік, саяси белсенділік, көркем шығармашылықта да девианттық белгілер бар. Сол себепті осы мәселені терең зерттеген Э. Дюркгейм девиацияны конформизм тәрізді табиғи қылықтың бір формасы деп қарастырады.
Алайда өзінің тікелей мағынасында девианттық әрекет, әдетте теріс қылықтарды сипаттайды. Ғылыми әдебиетке сүйене отырып девианттық әрекеттің төмендегідей үлгі-кестесін келтіруге болады: [77, 19 б.].
К е с т е - 1

Практикалық іс

– іс-әрекет

Қылық

– жағымды қылық

Аморальдық қылық

– теріс қылық

Антиәлеуметтік әрекет

– қылмыс

Деструктивтік әрекет

– маскүнемдік, нашақорлық

– садизм

– мазохизм

– суицид

– проституция және т.б.

Фанатизм

– ригоризм

– қатыгездік

– рахымсыздық

Бірнеше түсінік беріп өтелік. Біріншіден, адамдық әрекетті практикалық мақсатқа бағытталған іс-операция және құндылық таңдауы мен байланысты моральдық әрекетті (қылыққа) бөлуге болады. Соңғысы қашан да жақсылық пен жамандықтың арасын таңдауға қатысты. Екіншіден, теріс қылық ұғымын біз бұл жерде девиация мағынасында алып отырмыз. Девиация деңгейі құқықтық-әдептік мәдениеттің пәрменділігімен тікелей қатысты. Яғни, мәселе ауытқушыл әрекеттің жай болмысында ғана емес, алдымен осы девиацияның мәдени себептерін айқындауда болып отыр. Бұл мәселе бойынша әдебиетте алуан түрлі ұстанымдар бар.


Э. Дюркгеймнің пікірі бойынша, девианттық қылықтың өрістеуіне нормалардың реттеушілік функцияcындағы дағдарыс (аномий) жатады. Осындай жағдай мысалы, Қазақстан сияқты өтпелі қоғамдарға тән болып табылады. Айталық, өтпелі қоғамда бұрынғы мұраттардың жоғалуы және өмірлік тіректердің шайқалуы тұлғалық дағдарысқа, тіпті, өзін-өзі өлтіруге әкелуі мүмкін.
Әрине, девианттық қылықтың өрістеуі, тек аномиямен ғана шектелмейді, ғылыми әдебиетте оның басқа да себептері аталып өтеді. Мысалы, П. Сорокин олардың қатарында қақтығыстар мен революцияларды, аштық пен кедейлікті атап өтеді. Кейбір зерттеушілердің пікірі бойынша, девиациян адамның тәндік ерекшеліктерінде ұяланған. Мысалы, К.Лоренцтің пікірінше, адамға тән қатыгездік, қиратушылық, соғысұмарлық пен күш көрсету оның филогенетикалық табиғатында тұқымқуалаушылық жолымен беріліп отырылады. Ч.Ломброзо адамның тәндік құрылысы кейде оны қылмысқа да итереді дейді. Бұл көзқарастарда мәдени құбылысты биологиялық заңдылықтармен түсіндіру сарыны анық байқалып тұр. Біздің ойымызша, әдептік-құқықтық ауытқушылықтың негізінде әлеуметтік-мәдени факторлар жатыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет