Он үшінші тақырып


Дәстүрлі қазақ әдеп мәдениеті құндылықтары



бет16/21
Дата04.03.2023
өлшемі0,97 Mb.
#71537
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
3.3 Дәстүрлі қазақ әдеп мәдениеті құндылықтары
Ахмет Байтұрсынов «Елде жоқ рух жырау сөзінде болмайды» деген екен. Демек, ақын сөзі өз күнінің өзекті мәселесін көтеріп қана қоймай, өткенді бүгінмен жалғастырар жанды байланыс түзіп, құнын жоймайтын әр таңда жаңа қырынан көрінгенмен, түбегейлі мәні арта түсетін ер және ел тағдырымен тамырлас мұрат, мүдделерді, құндылықтарды паш етеді. Елдің мемлекеттік тәуелсіздігі егемендіктің негізгі мағынасы болса, оның мәні қоғамның негізгі тұлғасы адамның – ердің ішкі еркіндікті иеленіп кемелдікке жетуімен толығады. Яғни мемлекеттік құрылымның өзі дәстүрлі мәдениеттің сыртқы қорғаушысы, дәстүрлі мәдениеттің тұлғасы – адамның – ердің рухани толысатын ортасы. Адам баласы бүкіл жаратылыс дүниесінен өзіне берілген өскелең рухымен, нұрлы ақылымен, жақсы-жаманды ажыратар жүрек таразысымен, таңдау, қалау еркімен ерекшеленетіндіктен, ол – бүкіл ғаламның екі дүниесінің жауһары. Ал осы адам жанының мәнді мәйегі – оның иманы. Елдің егемендігі тәуелсіздік үшін күресінің өзекті мәні – сан ғасырлық даму тарихы бар атадан мирас дәстүрлі мәдениетті қадірлеп сақтау. Ердің негізгі намысы – иманы, от басы, Отаны болғандықтан, дәстүрлі мәдениеттің тылсымынан терең тамыр алып, тығыз астасып, күрес дәуіріндегі әрбір шешуші кезеңде бой көрсетер құндылықтар жүйесі, ер намысы мен ел мүддесінің тұтастығымен айқындалады.
«Ақиқатына келсек, діл мысалы, су қойма һәуізге ұқсар, оның қалауы бес сезім сияқты бес арыққа ұқсар. Бұл арықтармен һәуіз сияқты көңілге де су кірер. Егер көңіл қалап һәуіз түбінен таза су шықсын десең, оның жолы һәуізге кіретұғын арықтарды бекем байлағын. Оның ішіндегі суды шығарып тастағанда, түбін терең кеулесең, таза су шығар, дәл осыған ұқсас көзге көрінер діл айнасының талабы бойынша бес сезім жолымен пайда болар. Мұнымен шұғылданбаса, діл тереңінен ілім бұлағының шығуы мүмкін емес. Сондықтан діл айнасының қалауы деректерден хабардар болып, һәуіз ділдің түбін қиыншылық кетпенімен қазған жағдайда, әлбетте, таза білім бұлағының көзі ашылып, айнасы жақыннан болар» [41, 50 б.], – дейді ислам діни философиясының ірі өкілі имам әл-Ғазали. Бұл жерде рухани жетілу жолындағы адамның өзін-өзі тануының бір қыры ашылады. Ақиқат асыл ілім адамның жүрек тереңінде жасырынғаны сөз болады. Бес сезім мүшесі арқылы жиған білімнің сол асыл ақиқатқа жетудегі белгілі бір саты ғана деп біледі. Жүрек ділді құдыққа теңеп, бес арық бес сезім мүшесі арқылы оған жиылған судың да білім екендігін тұспалдайды, бірақ нағыз кәусарға, тұнық судың көзіне жету – ағын судың жолын бекітіп мүмкін боларын айтады. Ақиқат ілім діл тереңінде, ол – өзін-өзі таныған діл – жүрек тереңіне бойлаған ердің несібесі екені сөз болады. Гносеологиялық тұрғыда хақиқаттың танылу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бірақ ақылдың және хауастың (бес сезім) таным мүмкіндігінің шектеулігін белгілей отыра, адамның өз ділінің тереңіне бойлап, рухтың мүмкіндігімен ғана абсолют ақиқатқа жетерін айтады. Бұл «Мен (Құдай) жерге де көкке де сыймаймын, иман келтірген құлымның жүрегіне сиямын» деген хадиспен байланысты.
Адамның өзін-өзі тануындағы басты мақсаты рухани кемелдену болса, ол үшін өз бойындағы рух пен нәпсіні танып, ажыратуы қажет, рухты өсіру үшін оның мұқтажын біліп, іздеп табу керек. Нәпсінің қажеттігін тежеп, алдауына ермеуге тырысқан жөн. Нәпсі адамның топырақтан жаратылуымен байланысты, оның бұл дүниелік өмірге байланатын табиғаты, оның асыл қасиеті рухқа қарама-қарсы күш. Сондықтан адамның нәпсісін оны жерге тартып, бұ дүниеге байлайтын хайуандық табиғатымен, ал адамның рухын жоғары ақиқатты тануға ұмтылатын періштелік сипатымен ұштастыра түсіндіреді. Адам нәпсі қалауымен кетсе хайуаннан да төмен болып, азғындауы мүмкін. Оның зұлымдығы мен жыртқыштығы шектен шығып, маңайындағыларға зәбір-жападан басқа түк бере алмасы анық. Ал рухтың қалауымен жоғары ақиқатқа ұмтылса, онда періштеден де жоғары дәрежені иеленіп, инсанияттың кәмелеттігіне, адам жаратылысының түп мақсаты «халифалыққа» жетеді немесе Алланың сүйген құлы бола алады. Осындай Алланың досы – әулиелік дәрежені иеленген адамдар нағыз ақиқат ілімнің иесі ретінде адамзат баласына тура жол нұсқап, көптеген адамдарды бақытқа жеткізген. Асан Қайғы «Нәпсі – алдаушы дұшпаның, насихатын алмағыл» деп нәпсінің жаулығын ашық айтса, нәпсінің өсіруші қасиеттері ретінде жалғаншылдықты, дүниеқұмарлықты, кешірімсіздікті, ашуды сөз қылады.
Иман – адамның рухани өсуінің бастауы, жүрек – ділдің қазынасы, жоғары хақиқатты тануының басты шарты. Иман мен рухтың өсуі өзара тығыз байланысты қажетті шарттар. Иман рухтың негізі. Рухтың өсуімен иман бекіп ұлғаяды. Иманды – бәйтеректің тамырына, рухты дараққа балауға болады. Нәпсінің рухтың өсуіне бөгет болып қана қоймай, иманды ұрлауды көздейтін қорқаулығын айту арқылы Шал ақын оның аса қауіпті дұшпандығын айқындай түседі.
Жарлығы екі болмас хақ Құдайым,
Жанында серігі жоқ дақ Құдайым.
Жанымды алсаң, Құдай, иманмен ал,
Шайтанның қазасынан қақ Құдайым, –
деп мінажатпен жырын аяқтаған ақын иман қазынасы мен рух байлығын сақтаушы бір Алла ғана деп біледі.
Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,
Бір күні ажал келіп жаныңды алар,
Жан шығып дүниеден көшкеннен соң,
Мал-мүлкің, қатын-балаң бәрі қалар.
Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,
Намаз оқы Алланы ойыңа алсаң,
Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген,
Түбінде сөз сенікі өлмей қалсаң.
Кәрі өлсе соққан дауыл тынғандай-ақ,
Жас өлсе бәйтерегің сынғандай-ақ.
Жігіттер, жас кезіңде тәубаға кел,
Ажал деген көзді ашып-жұмғандай-ақ, –
деп жыр-шумақтарында тағат ғибадатқа шақырады. Осы жолдардан аңғаратынымыз, иманды нәпсінің дұшпандығынан қорғайтын да, иман арқылы хақтан нәр алып, өсетін рухтың азығын жеткеретін де тағат-ғибадат деп біледі.
Діннің тірегі иман, сондықтан халықты иман жолынан ауытқымауға шақырады. Себебі «иман өзгерсе – дінің өзгереді. Дінің өзгерсе – дүниетанымың өзгереді. Таныммен қоса сенім де, сенімге орай дәстүр де, дәстүрге сай тәрбие де өзгереді. Ғылым мен өнер де басқаша мұрат-мақсатты нысана етіп, жат арнаға түседі. Солардың ықпалымен адамдардың арасындағы қарым-қатынас, бауырмалдық сезім, тектік қасиет, сыйласым мен сыйластық та өзгеріске ұшырайды» [42, 183 б.]. Дін адамның ұятында, арында яғни оның иманын­да. Ұят жоқ жерде иман жоқ. Сол сияқты арсыз адам­да да иман болмақ емес. Ұят пен ар иманның не­гіз­дері. Ұяты, ары бар жан Жаратушысын танып, иман келтірмек.
Абыл жырау толғауларында адамның жас күнінде иман жинап, Құдайдың бірлігін тануға бар күш-жігерін салуы қажеттігі айтылады:
«Лә иләһә иллалла» – иманымыз,
Бір имандай болмады жиғанымыз.
«Кун» деген бір әмірге жолыққасын,
«Фаякун» енді міне, болғанымыз! [43, 243 б.]
Қазақ халқының дәстүрлі қара өлең үлгілерінде де «Оралыңның барында иман ізде, Шамаң келмес базарың тарқаған соң» деген сияқты діни дүниетанымның түйінді, тұжырымды тұстары барынша орын алған, ол халық аузында айтыла-айтыла бүгінгі күнге дейін жеткен. Жоғарыдағы Абыл жырау сөзіндегі «Кун фаякун» ﻓﮑﻭﻥ- Құдай тағаланың «Бол!» деген әмірімен барлық ғалам пайда болғандығын көрсетеді. Исламдағы он сегіз мың ғаламның жаратылыс себебі осыдан басталады.
Иманы берік халықтың рухы да мықты болатынын, имансыздық, ұятсыздық дінсіздікке апаратынын Ғұмар баса айтады. Сондықтан қай қоғамда болмасын дінге мықтылық, иманға беріктік керек. Ғұмар жан мәселесіне де көңіл аударған. Ислам діні бойынша адам жаны о дүниеге барғанда жауапқа тартылады. Оның жер бетінде жасаған жақсы, жаман істері таразыға салынады. Себебі жердегі тіршіліктің иесі адам болғандықтан, оның жаны, рухы өзге тіршілік иелерінен жоғары тұр. Ал иманның жолдасы – ұят. Ғұмар ол ойын былай білдіреді:
Тұрады ұят тұрған жерде иман,
Әдебі пайғамбардың бұған илаң.
Әртүрлі бұзықтықтан адамзатты
Тек жалғыз бұ дүниеде ұят тиған [42, 87 б.].
Ғұмар екі дүниеде де адамға иманы жолдас деп түсінген. Иманды адам жан азығы арқылы жетілдіріп, шыңдап отыруы абзал. «Алла тағала рух арқылы адамның тәніне жан салғаннан кейін ғана адам өзінің өмірлік мақсаттарына келе алады немесе адам мақсатты – тіршіліктік жаратылыс қалпына ене алады. Адам материалдық өмірді жандандырады, іске қосады, оған рухани жылулық беріп, махаббат сәулесін шаша алады және өзі жасаған заттар мен құбылыстарға әдемілік бере алады. Олай болса, жан адамға берілген басқа қасиеттерге қарағанда маңыздырақ құбылыс болып тұр. Өйткені адам тек жанның қуаты арқылы ғана тіршілік етеді, өмір сүре алады. Жан арқылы ғана адам тәні шынайы тіршілікке ие болады. Ал жан тән арқылы ғана өзін көрсете алады, дами алады. Тән жанның даму құралы. Тән тозғанда жан өз тіршілігін тоқтатады. Жан адамның жердегі тіршілігі үшін жаратылған» [42, 41 б.].
Шәкәрім «ұждан» мәселесін жанның азығы ретінде қарастырған. Бұл көзқарас Ғұмар дүниетанымынан да орын алған. Сол сияқты кешегі ХХ ғасырдың ортасына дейін өмір сүрген, атеистік заманда да имандылық қасиеттен әсте ауытқымаған Сәттіғұл жырау Жанғабылұлы:
Дүние-фәни бұл жалған,
Түбіне соның жетем деп
Кызықтап кімдер қумаған?
Тірлікте жиған абырой
Ақырда иман болмаса
Туғаннан жақсы тумаған [43, 222 б.], – деген.
«Имандылық қасиеттің сырына тереңірек үңілетін болсақ, қазақ халқы имандылықтың үш негізін өздеріне тірек еткен. Ол, біріншіден, дін, яғни, ерте ғасырлардың өзінде ұлан – ғайыр қазақ сахарасына кең тарап, жергілікті ұлттардың (оның ішінде түркі тектес тайпалардың) арасына сіңіп, олардың өмір – тіршілігімен қабысып кеткен ақиқат дін – Ислам діні. Пайғамбарымыз Мұхаммед жайған діннің ең тазасын қаймағын бұзбай, сол қалпында елдің санасына жеткізген әулие аталарымыз. Халқымыз имандылық нұрының бастауларын сондай жүрек көзі ашылған перзенттерінен алды деп толық сеніммен айта аламыз. Екінші тірегі – салт-дәстүр. Қазақ тұрмысында «тал бесіктен жер бесікке» дейін қайталанып жататын далалық өркениеттің жарқын көрінісі. Салтынан, әдет-ғұрпынан қол үзбеген жұрттың кезінде талай өзге елдің өкілдерін, ғалым – зерттеушілерді тамсандырғанын білеміз. Имандылықтың үшінші тірегі – ана тілі. Ананың бал әлдиімен бойға дарып, жүрекке сіңген ана тілдің құдіреті байтақ даламызға береке дарытты, ұлттың ұлан – ғайыр жерде бытырап жоғалмай, бір шаңырақ астына бірігуіне күшті құрал болды» [44, 42 б.].
Осындай басты-басты үш қасиетті берік ұстаған ата – бабалар біздерге, кейінгі ұрпақтарына «адастырмас айқын жолды» көрсетіп кетті. Данышпан Абай бір қара сөзінде: «ата – бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі, ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен… Екіншісі намысқор келеді екен» – деп қапаланып жазады. Біз де Абай дана өкінішінің артын құшып жүрмейік. Иманымызды ту етіп, соған жету үшін бар күш-жігерімізді салып, аянбай еңбек етейік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет