Ал Қалиев Жас грамматистер салыстырмалы-тарихи әдісті сынап, "оның мақсаты - ататілді (праязык) іздеу емес, мақсаты – тілдердің үздіксіз даму заңдылығын ашу", - дегенді айтты. Олар: "Тіл тарихын зерттеу - тіл туралы ғылымның ең негізгі, бірден-бір міндеті", - деп жариялады. Олардың сынға алған екінші мәселесі - өздеріне дейінгілердің сөйлеу тілі мәнбілеріне жете мән бермей, өз зерттеулеріне көне заманнан сақталған жазба тілді нысан етулері еді. Жас грамматистер: "Зерттеу ісінде жазба тілден гөрі қазіргі заман тілдері мәнбілеріне баса көңіл бөлу керек. Өйткені қазіргі заман тілі тілдік құбылыстарды дұрыс түсінуге сенімді, мол материалдар бере алады", - деп қарады.
Жас грамматистік көзкарасты қалыптастырушылар Бругман, Остгоф, Дельбрюк, Пауль, т.б. Лейпциг университетінің тіл ғалымдары болғандықтан, кейін ол Лейпциг лингвистикалық мектебі деп те аталды.
Жас грамматистер мектебі өз зерттеулеріне екі түрлі принципті негіз етті. Оның бірі - тарихи принцип те, екіншісі - психологизм принципі. Осы себептен де жас грамматикалық бағытты кейде психологиялық салыстырмалы-тарихи тіл білімі деп те атайды.
Бұлардың бағыт-принциптерін баяндайтын еңбектер көп. Олардың ішіндегі ең негізгілері деп Г. Остгоф пен К. Бругманның "Үнді-Еуропа тілдерінің морфологиялық зерттеулері" /1878/ дейтін кітапқа жазған алғы сөзін, Г. Паульдің "Тіл тарихының принциптері" /1880/және К. Бругман мен Б. Дельбрюктің "Үнді-Еуропа тілдері салыстырма грамматикасының негізі" /1886-1900/ атты кітаптарын атауға болады.
Жас грамматикалық бағыттың тууына тіл білімі дамуының ішкі факторлары себепші болды. XIX ғасырдың 60 жылдарынан бастап компаративистік тіл білімінің жайы қанағаттанғысыз, бағыты бұлдыр, тоқырауға ұшырады деген пікірлер туып, сол тоқыраушылықтан құтқаратын жаңа бағыт іздеу басталды. Жас грамматикалық бағыт осылайша туып, көп ұзамай-ақ әлемдік тіл ғылымындағы ғылыми ағым болып қалыптасты.
Өрісінің кендігі, тілдік зерттеу еңбектерінің молдығы, ғылым дамуына тигізген әсері жағынан ХIX ғасыр мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы лингвистикалық ағымдардың ешқайсысы да жас грамматикалық мектепке тең келе алмайды. Бұл мектеп белсенді, беделді ғылыми ағым ретінде елу жылдан астам уақыт өмір сүрді.
Әдетте, жас грамматистер дәуірін салыстырмалы-тарихи тіл білімі дамуының екінші кезеңі деп есептейді. Өйткені бұлар өздеріне дейін қолданылып келген салыстырмалы-тарихи әдісті түбірмен өзгертуді көздеген жоқ, оның кейбір ескірген, пайдасыз деген амал-тәсілдерінің орнына зерттеудің жаңа әдістерін енгізуді мақсат етті.
Жас грамматистер тіл ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Олар салыстырмалы-тарихи тіл білімінің өздеріне дейін орын алып келген көптеген кемшіліктерін дұрыс ашып, компаративистиканы жаңа, жоғары сатыға көтерді. Туыстас тілдер семьялары жөнінде көптеген құнды салыстырмалы-тарихи зерттеулер берді. Натуралистік ағымның тілді табиғи организм дейтін, тіл білімін жаратылыстану ғылымдары тобына қосатын және тіл тарихын екі кезеңге бөлетін көзкарастарының терістігін жете әшкереледі. Туыстас тілдердің дыбыстық ұқсастықтарын айқындаудың жолдарын, амал-тәсілдерін нақтылап, жетілдірді. Үнді-Еуропа тілдеріндегі фонетикалық заңдылықтарды тілдік фактілер арқылы талдап көрсетті. Үнді-Еуропа тілдерінен орасан көп нақтылы тілдік материалдар жинады. Бұл материалдар тіл білімінің практикалық саласының дамуына мұрындық болуымен қатар кейінгі дәуірлерде тіл білімін теориялық жағынан жетілдіре түсуге, тіл білімінде бұрын болмаған немесе тым елеусіз болып келген диалектология, лингвистикалық география, эксперименталды фонетика сиякты жана салалардың туып, қалыптасуына да көп септігін тигізді.
Үнді-Еуропа тілдерінің материалдары негізінде түрлі салыстырма сөздіктер, салыстырма грамматикалар жазылды. Туыстас тілдер фактілерін бір-біріне диахрондық жолмен салыстыру әдісі өзінің ең жоғары сатысына көтерілді. Осылардың бәрі жас грамматикалық кезең - салыстырмалы-тарихи тіл білімі дамуының ең гүлденген заманы болды деуге мүмкіндік берді.
Жас грамматикалық бағытта жетістіктермен қатар көптеген кемшіліктер де болды. Оларды топтап жинақтасақ төмендегідей болмак:
1. Жас грамматистердің тілдің табиғаты жөніндегі философиялық концепциялары дұрыс болмады. Олар тілді туғызатын да, дамытатын да жеке адамдар дегенге сүйеніп, тіл білімінің теориялық негізі индивидумдар психологиясы, лингвистиканың міндеті - индивидумдар тілін зерттеу деді.
2. Фактіге сүйену дегенді желеу етіп, ғылыми абстракцияның мәнін ескермеді, нақтылы фактілермен дәлелдеуге болмайтын дыбыс тілінің шығуы, оның алғашқы дәуірдегі сипаты сияқты мәселелерді тіл білімінің объектісі емес деп жариялады.
3. Тілдің құрамдық бөлшектерін бір-біріне байланыссыз жеке жеке талдаушылыққа бой ұрды. Бұл - тілді элементтері бір-бірімен тығыз байланыста тұратын біртұтас жүйе деп тануға кедергі болды.
4. Лингвистикалық талдау - сөйлеу тілі фактілеріне сүйену керек деген қағиданы берік ұстап, жазба тіл дәстүріне жеткілікті мән берілмеді.
5. Барлық назар туыстас тілдер фактілерін өзара салыстыра зерттеуге аударылды да, туыстас емес тілдердің бір-біріне тигізетін әсеріне, тілдік контакт мәселесіне жеткілікті көңіл аударылмады.
6. Тілдің өзіндік ішкі даму заңына, фонетикалық заң мен аналогияға шешуші мән беріп, тілдік құбылыстарға экстралингвистикалық жайттардың тигізетін әсерлерін ескерусіз қалдырады.
7. Зерттеу істерінде бір ғана диахрондық, индуктивтік әдістерге сүйенді де, синхрондық, дедуктивтік әдістерге жөнді мән бермеді, ондай зерттеулерді ғылыми емес деп санады.
Жас грамматикалық бағыттың осындай олқылықтары XIX ғасырдың соңғы он жылынан бастап айқын байқалды.
Олардың концепциясына наразы пікірлер, жаңаша бағыт-бағдар іздеушілер әр жерде, әр елде бой көрсете бастады. Тіл білімі жас грамматикалық концепцияларға қарсы күресу, зерттеудің жаңа жолын іздеу үстіне ХХ ғасырдың есігін ашты.
Қалиевта тек жоғарыдағы 3 ағым ғана.