Орындаған: Елемес Гүлфайруз Ергешбайқызы


Ахмет Жұбановтың еңбектері – ұлттың ұлттық болмысын танытатын қайталанбас шығармалар



бет6/8
Дата12.05.2023
өлшемі186,39 Kb.
#92737
1   2   3   4   5   6   7   8
1.3.Ахмет Жұбановтың еңбектері – ұлттың ұлттық болмысын танытатын қайталанбас шығармалар
«Музыка – алдамзаттың әмбебап тілі» - деп әйгілі Г.Лонгофелло айтпақшы қазақ музыкасының өркендеуіне зор үлес қосқан тұлғалардың бірі - Ахмет Жұбанов. Бар саналы ғұмырын қазақ музыкасының дамуына арнаған Ахмет толық зерттелмеген қазақ музыкасын толық зерттеді. Ахмет өмір сүрген дәуір жоғымызды түгендеп, барымызды бағалайтын кез еді. Отбасында әке мен анадан үлгілі тәрбие алған Жұбановтар ғылымның сан саласында еңбек етті. Бірі - тіл, әдебиет , философия, халық тарихы, мәдениеті, педагоикасын зерттесе, енді бірі - қазақ музыкасының алтын дәуірі болған ХХ ғасырдың музыка өнерінде өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырды. Өткен 2021 жылы Ахмет Жұбановтың 115 жылдық мерейтойы аталып өтті. Музыка саласының майталмандары, ғалымдар, музыканттар Ахмет Жұбановтың еңбектерін зерттеп, ғылыми мақалалар жазды, елімізде түрлі музыкалық іс шаралар өтті. Осы тұста оның тұлға, азамат, ғалым ретіндегі сан қыры айшықтала түсті.Ахмет шығармаларының ұлттың ұлт ретіндегі қалыптасуына қосқан үлесі жаңаша бағаланды.
Ахмет – музыканың ұлтқа тән сырын ашып, қазақ музыка өнерінің ұлт болмысы, ұлт дамуының қайнар көзі екенін дәлелдеп кеткен музыкант -ғалым. Өзінің үлкен музыкаға бет бұруын 1930 жылдары бастаған Ахмет сол кездегі Кеңестер одағындағы беделді оқу орнында оқиды. Осы жылдары оның музыканы зерттеуіне кең жол ашылады. Ол қаншалықты талантты болса, соншалықты қарапайым болған екен. Ол туралы замандасы, педагог , пианист, қоғам қайраткері КСРО халық әртісі , профессор Н.А.Римский –Корсаков атындағы Ленинград консерваториясының ректоры болған Павел Серебряков: «Көңілімнің терең шыңырауларынан Қазақстан музыка мәдениетінің көрнекті қайраткері Ахмет Қуанұлы Жұбановтың бейнесін қайта іздеген кезде, ең әуелі оның осыдан қырық жыл бұрын Н.А. Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясына қалай пайда болғаны есіме орала береді. Жадымда біздің жастық дәуреніміз қайтадан жаңғырады. Бұл 1929-1930 жылдар болатын. Біз екеуміз де Ленинград консерваториясында, ол тарих-теория бөлімінде, ал мен фортепиано факультеті аспирантурасында оқып жүрдік. Консерваториядағы біздің бастауыш комсомол ұямыз еске түседі, өйткені сонда академиялық секция желісіндегі істеріміз бойынша кездесетінбіз. Әрине, біздің комсомол ұйымымыз кішігірім ғана еді, сол себепті бір-бірімізді жақын танитынбыз. Ахмет әркез белсенді болды. Ахмет орта бойлы, арықша келген қоңырқай жүзді жігіт еді, қарапайым киінетін. Біз әңгімелескенде Ахмет Қуанұлы музыканы бала кезінен жақсы көретінін, Ленинград консерваториясын аяқтаған соң бар күшін қазақ халқының музыка мәдениетіне жұмсағысы келетінін айтатын. Ахмет Жұбанов сол кездің өзінде-ақ классикалық музыканың табынушысы болыпты және өзін қазақ даласының сырбаз да ойшыл музыканты ретінде көрсете біліпті»,[12] -деп еске алған екен. Осы естеліктен байқағаным, сол студент шақтан -ақ оның арманы халықтың алтын қазынасы саналатын музыка өнерінін дамыту болған екен. Ол арманы орындалды да. Консерваторияда оқып жүріп, 1932 жылы туған өлкесі Ақтөбе аймағына барған экспедицияға қатысады.Сол сапарынла белгілі музыка зерттеушісі Александр Затаевичпен танысады. Осы кезде жазып алған «Сараның әні» 1932 жылы жарық көрген «Сібір энциклопедиясында» жарияланады. 30 жылдары А.Жұбановтың ғылыми жұмыспен айналысуына кең жол ашылады. Ол халақтың музыка мұраларын жинап, нотаға түсіреді. Сонау ерте замандардан келе жатқан асыл қазаналарымыздың сырын ашып, әнші – күйші шығармаларын жалықпай зерттейді.
1933 жылы Қазақ СССР халық ағарту комиссары Ахмет Жұбановты әдейі шақырып, республикадағы алғашқы музыка-драма техникумының жұмысын басқаруға шақырады[13]. 1934 жылы бір топ домбырашы өнерпаздардың басын қосып, қазақ ұлт аспаптар оркестірінің негізін қалайды. Оркестрге Құрманғазы атын береді, оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері болады. Бұл оқиға тек қазақ елі үшін ғана әйгілі болмайды, КСРО бойынша туыстас өзге ұлттардан қазақ ұлтының музыкасы көшбасында тұрғанын көрсетеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде үлкен абыройға ие болады. 1936 жылы әйгілі күйші, сазгер Құрманғазы Сағырбаевтың күйлерін зерттейді. Бұл музыка зерттеушісінің алғашқы зерттеу еңбегі болады. Ол жайында өнертану ғылымының кандидаты З.Қосақов : «Зерттеушінің осы саладағы тырнақалды еңбегі 1936 жылы жарық көрген «Қазақтың халық композиторы Құрманғазы» атты очеркі болды. Мұнда айтулы күйші шығармаларының мазмұны мен әлеуметтік астарлары , көркемдік қасиеттері суреттеліп, домбырашы мәдениетті дамытудағы көрнекті орны мен рөлі анықталады. Кейін ол үлкен монографияға ұласты» [14.316], - деген пікір айтады. Әйгілі күйші композитордың еңбегін зерттей отырып, оның қазақ музыкасындағы орны мен күйшілік шеберлігін халық тарихымен байланыстыра қарайды. Ол дәуірде «ұлт» деген сөзден гөрі «қазақ халқы» деген сөздің қолданылуы дұрыс деген идеялогия бар еді. Осы идеялогия құрбандары болған ғалымдар, зерттеушілер, қоғам қайраткерлері қазақ халқы деген сөздің арғы жағында ұлт сөзінің жатқанын біледі.
Сол тұста музыка зерттеушісі А.Жұбанов қазақ музыкасындағы біртуар өнер иесі Құрманғазының күйлерін халық бостандығы үшін күресімен байланыстыра қарастырады. Оның күйлерінің халықтық, бұқаралық жағына көп көңіл бөледі. Бодандағы қазақ ұлтының бостандық жолындағы күресін Құрманғазы күйлерімен байланыстыра зерттейді. Құрманғазының қуғын-сүргіндегі өмірін, күйлерін зерттей жүріп, оны әрі шебер орындаушы ретінде де танылады. Бұл жайында мына мәлімет осы оймыздың дәлелі іспетті. «Қазақ радиосының «Алтын қорында» композитор Бейбіт Оралұлының композитор Ахмет Жұбановтың туғанына 100 жыл толуына орай арнайы «Халық композиторы Құрманғазы» деген атпен шыққан сұхбат-концертінің үнтаспасы бар. Онда Ахаң Құрманғазының әр күйінің тарихын айта отырып, күйлерін ойнайды. Сонымен қатар екінші ұнтаспада композитордың әңгімесі орыс тіліне аударылып, В.Манихин деген диктор орысша оқиды. Бұл таспа негізінен күйтабақтан көшіріп алынған. Бұл сұхбат-концертті тыңдап отырғанда Ахмет Қуанұлының өзі әңгімелеген біз білмейтін бірталай мағлұматтармен таныс боламыз. Нағыз өнер иесінің өз дауысын тыңдап «шіркін, өнертанушылардың бәрі осы кісідей болсайшы! Не деген өнерсүйгіш, жанашыр жан» деп таңғаласың»[15],-деп жазады Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Алтын Иманбаева.
Ұлт санасын оятуда еңбек етіп, жазықсыз жаланың құрбаны болған ағасы Құдайбергеннің «халық жауы» деп тұтқындалуы Ахмет өмірі мен шығармашылығына көлеңкесін түсіреді. Музыка зерттеуші болып үлкен өмірге қадам басқан ғалымның бұл оқиға аяғына тұсау болады. Ғалымның зерттеушілік еңбегінің дамуында көп кедергі болады. Дегенмен, елім деп өткен қайраткер - өнертанушы өз ісін онан әрі жалғастыра береді.
1938 жылдан бастап Ахмет Жұбанов композиторлық жұмыспен айналыса бастайды, жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу» драмасына, Мұхтар Әуезовтің «Абай» спектакліне, «Амангелді» кинофильміне музыка жазды. Камералық шығармалардың ішінде «Қазақтың жеті биі», «Тәжіктің он биі» сияқты фортепианоға арналған, «Ария», «Көктем», «Жезкиік», «Романс» сияқты қобызға арналған шығармаларының қазақ өнерінде алатын орны ерекше. Ахмет Жұбанов этнограф ретінде де көп еңбек сіңіреді. Оған дәлел 1936 жылы «Халық композиторлары. Құрманғазы», 1942 жылы «Қазақтың халық композиторларының өмірі мен творчествосы» атты кітаптарын жазды [16].
1945 жылы Латиф Хамидимен бірігіп, «Абай» операсында Абайдың өшпес бейнесін сомдады. Латиф Хамидимен бірігіп екінші туындысы «Төлеген Тоқтаров» операсын жазды. Аяқталмай қалған «Құрманғазы» операсын аяулы қызы, Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор Ғазиза Жұбанова аяқтаған екен. Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш», «Ақ көгершін», «Ұмытпа», «Бесік жыры» әндері өз кезінде тыңдаушысының әділ бағасын алған шығармалар[17]. Ахметтің «Ақ көгершін» әні – қазақ музыкасының ән өнерінде бейбітшілік гимніне айналған туынды. Бұл ән – әлі күнге жас ұрпақтың сүйікті әндерінің бірі.
1945-1951 жылдары Қазақстандағы жоғарғы музыка оқу орны Алматы мемлекеттік консерваториясын ашып, оқу орнының ұйымдастыру ісін бір жүйеге келтірген, алғаш халық аспаптары факультетінің меңгерушісі, кейін директоры болып қызмет атқарған Ахмет Қуанұлы туған халқының өнерін дамытып, жанашырлықпен қараған өнер қайраткері. Ахмет Қуанұлы Ғылым академиясының өнер секторы, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімінде еңбек ете жүріп, өнер иелері жайлы көптеген тың зерттеулерін қорғап, академик дәрежесіне жетті. Әсіресе дала күйшілері, халық композиторлары Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Тәттімбет, Қазанғап туралы ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ музыкасының тарихына қосқан өлшеусіз бағалы шығармалар. Қазіргі музыка зерттеушілері Ахмет Жұбанов зерттеулеріне сүйене отырып еңбектерін жазуда. 1968 жылы «Замана бұлбұлы» атты кітабы үшін Ахмет Жұбанов Қазақ ССР Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды. Академик Ахмет Жұбановтың «Музыкадағы алғашқы адым» атты кітапшасы 1962 жылы мың дана болып шықса, сол кітап мерейтой қарсаңында қайта жарық көрді. Сонымен қатар «Тәжік билері» фортепианоға арналған шығармасы және «Ғасырлар пернесінің жыршысы» деген ғылыми-зерттеу жинақтары жарық көрді. Ахмет Жұбанов музыка тақырыбына үш жүзге жуық мақала, зерттеулер мен очерктер жазып, кәсіби музыкатанушы ретінде халық композиторларының өмірі мен шығармашылығын, жалпы қазақ музыкасының тарихын жүйеге келтірді. Қазақ өнеріне өзіндік үлес қосып, өнеріміз бен мәдениетіміздің өркендеуіне күш-жігер жұмсаған халқымыздың біртуар дарынды ұлы - Ахмет Қуанұлы Жұбановтың өнегелі де өміршең еңбегі ғасырлар қойнауында үлкен қазына болып сақталатын баға жетпес құнды дүние. Татар халқының композиторы Назиб Жиганов кезінде былай деген екен: «Егер әр композитор Ахмет Жұбанов тәрізді өз халқын сүйсе, онда ол әр ұлттың мәдениетінің дамуына қосқан үлесі болар еді»[18]. Қазақ деген өнерлі ұлттың жарық жұлдызына айналған Ахмет Жұбанов еңбегі – сол ұлттың музыка өнерінің қайнар бұлағынан нәр алған дүниелер. 100 жылда бір туатын Ахметтің Ақтөбедей киелі өңірде туып, осы киелі топырақтан Димаш Құдайбергенов сынды жас талант дүниеге келіп, қазақ деген ұлтты әлемге танытып жүргені заңды құбылыс сияқты. Ахмет Жұбанов қазақ музыка аспабының киелі домбырасын қайта өңдеп, үнін кеңейтуді қолға алған. Сол күмбірлеген қара домбыраны қолға алып, еуропа халқының музыкасымен ұштастыра білген Димаштың концертін көргенде, осындай Ұлы халықтың ұрпағы болғаныңа қуанасың. Кеудеңде қуаныш оты жанып, «Мен –қазақпын!» деп Жұбанша әлемге жар салғың келеді. Ахмет Жұбановтың ұлттың ұлттық болмысын танытатын еңбектері жас ұрпаққа қашан да үлгі, мақтаныш болары анық.
Ахмет Жұбановтың еңбектерін саралауға арналған осы бөлімді өнертанушы Амангелді Мұқанның «Саз әлемінің сардары» деген баяндамасындағы мына пікірлерімен аяқтауды жөн санадым. «Ахмет Жұбановтың суреткерлік арманы –қуғын сүргінді көп көріп, бас бостандығы үшін күрескен, зор қажыр қайрат иесі , сахаранаң «ең үлкен жұлдызы Құрманғазы бейнесін музыкалық театр сахнасына шығару болатын» дейді қызы Ғ.Жұбанова (Мир мой — Музыка, 34 б.)Бұған дейін 1944 жылы Л.Хамидимен бірге ұлы «Абайды» опера сахнасынан сәтті сөйлеткен ... келесі жолы «Құрманғазыға» тоқталуы заңдылық болатын»[19.1],- дейді. Қазақ ұлттық операсының жарық жұлдызы әрі алғашқы қарлығашы саналатын «Абай» операсы үлкен бір зерттеу жұмысының тақырыбы деп ойлаймын. Бұл операның сахнада қойлып жүргеніне 70 жылға жуық уақыт болған. Жоғарыда аталған баяндамада өнертанушы: «Біріншіден, бұл ұзақ жылдық зерт­теудің қорытындысы. Автор Құрманғазы өмірі мен шығармашылық жолын бүге-шігесіне дейін айқындап, жазылатын опера кейіпкерінің өмір сүрген ортасы мен тарихи кезеңін толық меңгерді. Екіншіден, опера либреттосын “...бір жазса, М.Әуезов жазады” [бұл да сонда, 47 б.] деген тұжырымға келуі болды. Себебі, өзінің алғашқы сахнаға қойылған “Абай” операсының сәтті шығып, бірнеше онжыл­дықты кейінге тастап, зор табыспен сахнада орындалып келе жатуына білгірлікпен жазылған М.Әуезов либреттосының маңызы зор болғанын композитор дұрыс бағалаған еді...Заңғар жазушымен бірлесіп жазыла бастаған “Құрман­ғазы” операсының либреттосы көп ұзамай драматургтің денсаулығына байланысты іркіліп, кейін ол дүниеден қайтқанда мүлдем тоқтап қалды. Осындай себептермен аяқталмай қалған операны бітіруді перзенттік парызым деп білген Ғазиза Жұбанова белгілі ақын Х.Ерғалиевпен бірге оны қазақтың тұңғыш радиооперасы етіп жазып (1971ж.), кейін оған қосымша сахналар кірістіріп, 1986 жылы үш актілі “Құрманғазы” операсының толық сахналық нұсқасын аяқтады»[19.2],- деп жалғастырады.
Қорыта айтқанда, Ғазиза Жұбанова әке арманын орындап, ол бастаған істі аяқтайды. Сонымен бірге Кеңес үкіметінің боданына қарсы шыққан 1986 жылығы қазақ жастарының ісін осы операда ұлт үні ретінде бере біледі. «Әке көрген оқ жонар» демекші, өзі де қазақтың танымал музыканты, ғалым, опера авторы Ғазизаның бұл еңбегі нағыз қазақ қызына тән қайсарлық мінез деп айтуға болар еді. Елдің елдігін танытатын, Махамбет, Құрманғазы сынды ұлт бостандығы үшін күрескен тұлғалар бейнесі осы шығармалар арқылы асқақтай түскен. Әлемге бұрын соңды операсы болмаған ұлттың да опера жазып, басқа дамыған елдермен иық тірестіре алатынын дәлелдеп кеткен Ахметтің, оның ізбасары Ғазизаның ерен еңбектері ел жадында мәңгі сақталады. Музыка тарихында аттары мәңгілік алтын әріптермен жазылып қалды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет