1.2. Ұлттық жаңғыру ұғымының Қ.Жұбанов еңбетерімен байланысы Қашан да саналы тұлғаның өзіндік көзкарасы, өзіндік түсінік түйсігі болатыны белгілі.Уикипедияда санаға мынадай анықтама берліген. «Сана (ағылш. mind) – өзіне қатысты кез келген нәрсеге бағытталып, оны қайта бейнелей алатын, өз-өзіне айқын менталды феномендерді (mental phenomena) әйгілейтін түрлі қабілеттер кешені.[1][2][3] Бұл қабілеттерге ойлау, қиял, жады, ерік және сезім қатарлылар жатады. Олар түйсіну, ауырсыну тәжірибесі, сенім, аңсар, ниет және эмоция секілді түрлі рухани феномендерді әйгілейді»[3]. Ендеше, сана түрлі қабілеттер кешені болса және түрлі рухани феномендерді белгілесе, саналы адам өзінің келешегін өзі айқындайды. Ненің жақсы, ненің жаман екенін ұғына отырып, өмірлік көзқарасын қалыптастырады. Кейбір саналы азамат тек өзінің бас пайдасы мен өз отбасының күйбең тірлігінен аса алмайды. Ал санасы өте күшті дамыған, өз өмірінен ел, ұлт мүддесін жоғары қоятындар да болады. Олар үшін ең алдымен, материалдық құндылық емес, рухани құндылық бірінші орында тұрады.
Өз мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қойған азаматтарымыз өтпелі кезең ХІХ ғасырдан ХХ ғасырға аяқ басқан тұста көп болды. Олардың арасында Әлихан, Ахмет, Мұстафа, Жүсіпбек, Мұхамеджан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар, т.б. бар еді. Бұл өлара кезең Ресей отарына айналған қазақ ұлтының ұйқыдағы шарасыз кезі еді. Ресей боданы кезінде ұйқыда жатқан қалың елді ояту, оқу- білім алуға үндеу қазақ зиялы қауымының басты міндетіне айналды. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін жаңа реформалар кезеңінде тағы да тарих сахнасына шыққан ел зиялылары басын тағы да, тауға да, тасқа да ұрды. Олар ғылымның түрлі саласын реформалау қажет екенін ұқты. Енді елге оқудың маңызын түсіндірді. Өнер мен музыканың сан саласында да жаңару, жаңғыру жүріп жатты. ХІХ ғасырда елде мектеп ашу ісін бастаған Ыбырай ісі онан әрі дамыды, Абай салған поэзиядағы жаңа дәстүр жалғасын тапты.
Міне, осы өтпелі кезеңде басқалармен иық тірестіре, тарих сахынасына Ақтөбе өңірінің саңлағы Жұбанов Құдайберген Қуанұлы да шықты. Ол ұлттық мүддені алдыңғы орынға қойды. Саналы ғұмырын ғылымның сан саласын дамытуға жұмсаған ғалым еңбегінің тіл білімін зерттеудегі маңызы ерекше еді. Тіл ғасырлар бойы сол халықпен бірге дамып, бірге жасайды. Ұлттың ұлт ретінде қалыптасуындағы тілдің маңызы - сан ғасырлар дәлелденіп келе жатқан ұғым. Ұлттық жаңғыру тілде де көрініс табады. «Ұлттық жаңғыру дегеніміз - ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты - ұлттық бірегейлікті сақтап, ел ішінде бейбітшілік пен келісім үйлесе отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу» [4] Осы қағида тұрғысынан қарастырғанда ХХ ғасырдағы зилы қауым да басқа елмен иық тіресіп, қатар тұратын ел болуды аңсады. Сол дәуірде халықтың басым бөлігі мұсылманша ғана сауатты еді. Ал жаңа заман талабына сай оқытудың маңызын аз ғана оқыған азаматтар түсінді. Халықты сауаттандыру кезінде халық қабылдай алатындай емле қажет болды.
Осыған орай ХХ ғасырдың алғашқы жартысында латын емлесіне көшу басты мәселелердің бірі болды. Бұл мәселе төңірегінде пікір, қызу тартыс –талас туды. Сол кездегі оқымысты, білімпаздар емле төңірегінде жарыса жазып, өз ойларын ортаға салды. Мәселенің қаншалықты күрделі екенін ұққан Құдайберген де қолына қалам алып, өз ойын 1925 жылы 6 ақпанда «Тілші» газетінің 156 - нөмерінде «Қазақ емлесі жөнінде» деген мақаласы арқылы білдірді. Кейіннен 1928 жылы Қызылорда қаласында өткен «Ғылыми орфографиялық конференцияға» Ақтөбе округі мұғалімдерінің атынан делегат болып қатысады. Конференцияда сөз сөйлейді. Латын әліпбиін шұғыл өмірге енгізу тұралы өз ойын айтады. «Рас, біз жаңа әліпби жөнінде кенже қалдық. Бірақ осы аз уақыт ішінде көп олжа да таптық, соның бірі, жаңа әліпби жағына көпшілік бұқара ауып отыр; екінші, үкімет те осы күні жаңа әліпбиге ден қойып отыр. Істі енді жеделдету керек. Жаңа әліпбиді үкімет қарауына тартып бекіттіруге әбден уақыт жетті. Солай дегеннен кейін, міне, осыны істеу керек. Онан соң, жаңа әліпбиге ақтық көшуді екі жарым жылға созудың да керегі жоқ. Бұл мерзімді қысқарту керек. Біздің қазіргі дәуіріміз немістегі әліпбиді қабылдау дәуіріндей. Қимылды, міне, сол немістердегідей қылып жүргізу керек. Комитет біткен елге ұранын жүргізе алған жоқ. Қазірде де сол қалыпта отыр, елде әліпбиді қуаттау қозғалысы — тыңнан, өз-өзінен тесіп шыққан қозғалыс. Жаз күні ел аралағанда жаңа Әліпбиді оқымаған мектеп ұшырата алмадық; соның бәрі де, ешкімнің нұсқауынсыз-ақ, өз тұстарынан кіріскен көрінеді, ел біткен, елдің қазақтары «теріс жазуыңды көрсетсең екен» деп отырғаны… Рас, көпшілік жаңа әліпби жағына ауды. Мұны жоғарыда да айттық. Алайда, енді елде жаңа әліпбиге қарсылық бітті деуге болмайды, қарсылық біткен жоқ. Бірер жылда біте де қоймайды. Әліпбиге, әсіресе, молда біткен қарсы. Бұлар осы күні тәсілқой болып алған. Қарсылығын білдірмей, астыртын отырып жүргізеді. Міне, бұларға қарсы күресті мықтап ашу керек. Онан соң, алдын ала болса да, бір айта кететінім — әліпбиді бірлестіруде әзірбайжан ықпалы зор көрінеді. Бұл аса қолайлы көрініс емес. Мәселені пәнге сүйеніп шешу керек. Оның үстіне «дыбыс-дібіс» деп, дыбыс басы бір таңба ала берем деу де қате. Кавказ дыбыс жүйесіне қарай жасалған 72 әріпті әліпбиді білетін шығарсыңдар, соның артын құшақтап қалуымыз кәдік емес?!»[5].
«Келесі 1929 жылы осы конференцияның екінші мәжілісінде ол Ленинградтағы Шығыстың тірі тілдер институты тарапынан өкіл болып қатысады. Қызылордаға К.К.Юдахинмен бірге келеді. Жыл бойы конференцияда не жайында сөйлейтіндіктері туралы келіседі. Жарыссөз кезінде ол К.К.Юдахиннің орысша даярлаған сөзін қазақша стенограммаға аударып береді. Аталған бас қосудағы сөзінде профессор Қ.Жұбанов: «Емле негізіне қожа сол тілдің жаратылыс заңы болуы керек; тіліміздің жаратылысына қарасақ, емлеміз дыбыс негізді болу керек», — деп тұжырым жасаған. Сол кездегі тіл білімінің кейбір ғалымдары жазған еңбектерге қарсы пікір айтқан. Құдайберген Жұбановтың сөзі сол дәуір, қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін айтып жатудың өзі артық сияқты. Араб әліпбиіне негізделген «Төте жазу» тарих сахнасынан ығысып бара жатқан дәуірде латын әрпін қолдану қаншалықты маңызыды болғанын айтпаса да түсінікті. Ғалым латын әліпбиін қолданғанда, ол «бұқарашыл жазу емлесін жасау» керек деп, халыққа емлені үйретутің жеңіл жолын ұсынады. Ғалым-тілші әр тілдің ішкі жүйелерін реттестіру, яғни нормаландыру керек екендігін айтады. Ғалымның сол кездегі пікірлерінде жазу сауаттылығын реттеуде біріншіден, қазақ орфографиясының принциптерінің қызметінің ерекше екендігі аталып өтіледі.
Ғалым жазу сауаттылығын арттыруда фонетикалық принципті ұсынады. «Емле негізінде қожа сол тілдің жаратылыс заңы болуға керек. Тіліміздің жаратылысына қарасақ, емле дыбыс негізде болуға керек». Ал шындығында морфологиялық принцип бойынша көп нұсқалы қосымшалардың бір ғана нұсқасы таңбалануы керек те, қалғандары еленбеуі тиіс. Бұл бағыт әрине, жазба тілдегі шарттылықты көрсетеді. Сауаттандыру жұмысы тезірек жүру үшін оған жазу да жақын болуы керек.
Қазіргі жазу нормасында жалпы фонетикалық алмасуларға қатысты дыбыстық өзгерістер жазуда арнайы таңбаланбайды да, бұдан керісінше, морфологиялық алмасулар жазуда жүйелі түрде бейнеленіп отыратындығын мектеп мұғалімдері оқыту процесінде дұрыс түсініп, шәкірттеріне үйретіп отыруы тиіс»[6.336]. Мұғалімдерге емлені дұрыс оқытудың жолын да көрсетеді. Қайткенде халықтың тез арада сауаттануын көксеген Қ.Жұбанов емле жасау жөнідегі ойларын одан әрі былай тұжырымдайды: «Қазақтың әдеби тілінде ұстап-тұтынылатын сөздердің бәрі де дұрыс жазылып, әрқайсының өзіне меншікті тұрақты таңбасы болуы керек те, сол тұрақты түрден айнып, басқаша жазылған жазудың бәрі де қате делінетін болуы керек. Бірақ ол үшін мына сөз «таза қазақша», мынаның «тегі жат» деп, - сөз-сөздің тегін қосып жатудың қажеті жоқ: тегі қайдан шықса да бәрі бір, қазақ тіліне кірген сөздің бәрі де қазақтың өз сөзі делінуі керек», - дейді [7.337]. Ереже жасауда , «емле жеңіл болу үшін ереженің санын да, ережеге көнбейтін одағай қалыптардың санын да құр тек «аз ету» шарт емес, қайта тілде бар, емлеге керекті қалыптардың бәрінің түгел тексеріліп, ереже болып қорытылып шығуы шарт», - дейді [7. 340]. Осылайша, басқа тілден енген сөздердің дыбысталуы қалпын бұзбау керектігіне де баса назар аударады. Ол халқаралық мәні бар сөздерді дұрыс таңбалау үшін қазақ әліпбиіне ф,х,Һ әріптерін енгізу туралы да ұсыныс жасаған[7.510].
Қ.Жұбанов қазақ әліпбиіне и, у әріптерін ұсына отырып, «ұу, үу,ый,ій-лердің әрқайсысында екі-екіден дыбыс бар деушілердің екінші әрі бар күшті дәлел – бұл қосар әріптер ерте кезде бір дауысты, бір дауыссыздан құралған дыбыс болған деседі. Мұнысы дұрыс: «су » сөзі бірде» «сұу» , бірде «сұғ» түрінде болуы рас деп», [7. 345] бірақ солай болды екен деп, «қос әріппен жазу дұрыс емес» деген тұжырым жасайды.
Қ.Жұбанов жазу мәселесіндегі теориялық зерттеулерінде орфография мен орфоэпия мәселесінің ара жігін ашып, жазу емлесін жасау барысында, әсіресе, түбір мен қосымша арасындағы дыбыстардың айтылуы мен жазылуына сингармонизм заңдылығы тұрғысынан жете көңіл бөлген [8.208-213]. Әр тілдің өзіндік табиғаты, дыбыстар тіркесімі болуы заңды жағдай болып табылады. Соған орай әр тілдің өзіндік орфографиялық ережелері болуы шарт. Бұл заңдылық сақталмаған жағдайда тілге қиянат болады. Осы орайда, тіл заңдылығын терең түсіне білген Қ.Жұбанов: “Білек, тыраш, ыстаған (мес) сияқты қазақ сөздері, осылай, басқы ашық буында келте дауысты ы, і-лермен жазыла тұрып, пленум, трактор, стахановшы сияқты сөздер ы, і-лерсіз жазылатын болса, жеңіл соғар ма еді?”,-деп дыбыстарының тіркесу заңдылығы тіліміздің табиғатына сай емес орыс тіліндегі сөздерді көрсетіп, оларды жазудың тиімді жолын іздестіреді[8.137].
Қазақ жазуы алғашқыда араб графикасын негізделсе, 1929 жылдан бастап латын графикасын көшірілді, ал 1940 жылы кирилл жазуына ауыстарылғанын тіл білімі тарихынан жақсы білеміз. Осы ауыстырулардың бәрінде қазақтың қарапайым халқы үшін оңай болмады. Бас аяғы 30 жылдың ішінде бірнеше рет ауысқан жазудың қазақ емлесіне де, сөйлеу мен жазудың яғни, орфография мен орфоэпиядағы кейбір айырмашылықтар тілге өз кесірін тигізбей қоймады. «Жазу, орфография мәселесіне байланысты жұмыстарда А.Байтұрсынов пен Қ.Жұбановтың еңбегін ерекше атаған жөн. Араб графикасына негізделген жазу А.Байтұрсынов есімін еріксіз ойға алдырса, латын графикасын қазақ жазуына икемдеу істерінде Қ.Жұбановтың орны ерекше. Сондықтан да, қазақ жазуы мен орфографиясында, жалпы, қазақ жазу мәдениетін арттыруда осы қос ғалымның қосқан үлесі зор. Қорыта айтқанда, Қ.Жұбанов қазақ әліпбиі мәселелерін талдау барысында жалпы тіл білімі деңгейіндегі ғылыми ізденістерге, белгілі ғалымдар еңбектеріне, басқа тілдің кейбір экспериментальды зерттеу деректеріне арқа сүйей отырып, грек, ағылшын, француз, неміс,орыс, армян, грузин, араб және туыс түркі тілдерінің ерекшеліктерін жетік біліп, оларды қазақ тілімен байланыстыра, салыстыра баяндағанын көреміз»[10]. Осы пікірді айтқан жерлес ғалым Садуақас Нұрбол Абдуллаұлымен толықтай келісе отырып, латын графикасына көшудегі ғалым еңбектерінің қаншалықты құнды екенін байқаймыз. Бұдан шығатын қорытынды, латын графикасына көшу барысында ұлттың ұлттық тілін сақтап қалуда Құдайберген Жұбановтың ой пікрлерінің қаншалықты құнды болғанына көз жеткіздім.
Ұлттық жаңғыру - бәсекеге қабілетті ел болу кепілі. Осы тұрғыдан қараған да, Құдайберген Жұбановтың латын графикасына өту барысындағы еңбектері ұллтың – ұлт болып дамуына қосылған өлшеусіз үлесі. Өйткені латын графикасына көшу – алдымен, ұлтты сауаттандыру кепілі. Ал сауатты ұлт басқа ұлттармен терезесі тең болып, иық тірестіре өмір сүреді. Басқа сауатты ұлттардың жеткен биігіне жетіп, ұлттың болашағы жарқын болады. Сондықтан Қ.Жұбановтың латын әліпбиі туралы еңбегі елі үшін еткен қыруар еңбегінің бір парасы ғана болса да, ұлттық жаңғыру идеясымен астасып, күні бүгінге дейін өз мәнін жоймады. Төмендегі кестеде Қ.Жұбанов ұсынған жазбада 25 әріп, бір дәйекші болғанын көреміз.
Сонымен бірге ғалымның тіл дыбыстарын танудағы ойлары өте құнды. Ол тіл ғылымының осы саласында жаңа реформа жасап, қазақ тіліндегі дыбыстардың дұрыс айтылу заңдылықтарын сақтап қалуға барынша күш салды. Н.Уәлиевтің айтуынша: «Профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов қазақ жазуы мен орфографиясы бойынша аса ірі фонетист ғалым ретінде де, халық ағарту саласындағы қоғам қайраткері ретінде де іргелі зерттеулер жазып, практикалық маңызды жұмыстар атқарған ғалым еді»[11].
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, осы ғылыми жобада Қ.Жұбанов еңбектеріндегі латын графикасына қатысты емле жайындағы ізденістері мен тұжырымдарын ғана қарастырдым. Өйткені ұшан теңіз мол мұраны саралау ғалымдардың еншісінде деп ойлаймын. 1990 жылдардан бастап, ғалым еңбектері жан-жақты бұрын болмаған қарқынмен зерттелген. Қ.Жұановтың азамат ретіндегі халықты сауаттандыру жолындағы алғашқы еңбектерінің бірі – фонетика туралы зерттеу еңбегіндегі емлеге қатысты ойларын ғана саралауға тырыстым. Сондағы қорытқан ойым, ол қазақ фонетикасының негізін қалаған ғалым екенін ұқтым. Оның барлығы ұлтының келешегі, ұлттың оқу-білімін дұрыс жолға салытудың мақсаты екенін түсіндім. Осы бөлімнің басында айтып кеткенімдей, бар саналы ғұмырын ұлт дамуы, ұлт жаңғыруы үшін жұмсаған ғалым еңбектері келер ұрпақтың санасына жетсе деген ойдамын.