Қолүзік салты. Күзде жоғалған түйесін іздеп шыққан адай шалы Тілеу
үйіне түсіп, қонақасын ішкен соң, шебердің жасаған домбырасын алып күй
тартады. Еңгезердей қонақтың тартқан күйінен шыққан қоңыр әуез сытырсытыр жауған күзгі жаңбырдай тыңдаған жанның сүйек-сүйегін үңгіп, бәрі сөзден де, қимылдан да тыйылып, елтіп қалады. Одан майда сазды басқа
әуенге ауыстырып, қара жер тітірейтіндей алапат үн шығарады. Өжектеген
өткір күй безек қағып, үйдегі тыңдаушылар арбалған торғайдай күйшіден
көздерін айыра алмай қалады. Тыңдаушылардың күйді соншалықты ұйып
тыңдауы тартушының шеберлігімен қатар, аспаптың да артықшылығынан
екенін келген қонақ жақсы түсінеді. Даусы анық шығып, кепкен ағаштан
жасалғанын білгендіктен «домбыраңды маған қи» деп сұрағанда Әлімнің
аулынан алып қайтқан «қолүзігім» болсын деп қазақ салтын көлденең тартады.
Оның орнына жоғалған түйесін беретінін айтады. Өйткені түйе малы ешқашан
басқа жерге жерсінбейтін ерекше қырын қазақтар жақсы біледі. «Қолүзік» салтын айтқан соң Тілеу қарт қарсы келе алмайды. Оның үстіне қонағын құдайындай қадірлейтін қазақ оны тек аспен сыйлаумен шектелмейді. Ел арасында «Асыңа тойғызбасаң да ниетіңе тойғыз. Берген ас түске жетпейді, ниет естен кетпейді» деген нақыл сөздің кең таралуы осы орайдан. Қонақты
ризашылықпен шығарып салуды әр қазақ өз міндеті санаған. Күдері қария газ
құбырына қарауыл болып тағайындалып, Тілеу қарттың жанына көшіп
келгенде ол бір тоқтысын сойып, оған ерулік береді[4].
Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы ұлттық психологизм белгілерін анықтауда осы күнге дейінгі тұжырымдарға сүйенбестен, бар белгілерді жалпы адамзаттық руханиат құндылықтарына қосқан үлесі тұрғысынан талдау мүмкін болмас. Әбіш Кекілбаев шығармаларының әлемдік әдебиет қорына ене отырып қазақ қоғамын, қазақ тұрмысын жалпы адамзаттық құндылықтар қорына қосатындығын айтуға болады.
Ұлтымыздың дәстүрлі мәдениетін, халқымыздың қасиетті әдебиетін, киелі өнерін ерекше қадірлеген қаламгерлердің бірі – Т.Әлімқұлов. Осы ұлттық өнерге бар ғұмырын арнап, көзі жұмылғанша осы өнерге ғашық болған жанның бірі. Халықтың дәстүрлі өнерін жанына балап, жүрек сырындай аялап, ардақтап өмір кешкен, өзінің тұтас қаламгерлік тағдырын, ана сүтімен бойына дарыған күллі талант- дарынын, күш қуатын осы өнер жолына арнаған адам. Сондықтан да жазушының шығармашылық мұрасының ең бір айшықты, айтақаларлықтай сазды, сұлу, салмақты үлесі өнер тақырыбының
еншісінде.
Дәстүрлі өнердің ішінен Тәкен, қаламгер ретінде, әсіресе күй, күйшілік тақырыбына жиі-жиі ат басын тіреп, осы арнада терең, туындыларын дүниеге әкелді. Жалпы, Т.Әлімқұловтың жазушылық өмірбаяны, қаламгерлік тағдыры туралы әңгіме тиегін ағытқанда, міндетті түрде қазақ өнерінің тарихы, сол өнерді ықылым заманнан бері қарай жасап келе жатқан тарихи тұлғалар -
өнер адамдарының тағдыры алдыңнан шығады. Мысалы, «Телқоңыр» әңгімесінде сөз зергері Тәкен Әлімқұлов атақты күйші Сүгір өміріне соғып, Сүгір жайын сөз етеді. Өте шағын, бірақ шымыр әңгіме бір күйдің тарихынан сыр шертеді. Көзі қарақты оқырманға бірден байқалатын бір шындық - Сүгірдің тума талант, құдіретті күйші екендігі.
Жазушының "Сейтек сарыны" повесінде Сөруар шал болып тіл қататын Сүгірдің кейбір мінез қырларына қанық едік. Онда ол көбінесе Сейтек тағдырымен, Сейтек күйлерімен сабақтас бейнеленетін. Ал мына әңгімеде енді әке мен бала арасындағы, яғни Сүгір мен әкесі арасындағы қарым-қатынас, қам-қарекет ойпарасат арнасында өріледі.
Сүгірдің сұрапыл күйшілігі, әкенің алғырлығы, көрегендігі, ой-түйсігінің ұшқырлығы, ұтымдылығы алдыңғы қатарға шығады. Түптеп келгенде барлық оқиға Сүгір домбырасынан атақты "Телқоңыр" күйінің дүниеге келуі төңірегінде топтастырылған [6].
М.Мағауиннің де повестері кеңестік жүйеде жазылғандықтан да, сол дәуірдің шектеулеріне қарамастан ұлттық идеясын символдық образдардың астарына сыйғызып отырған. Мысалы, «Тазының өліміндегі» тазы ит Лашын, «Көкбалақтағы» домбыра, «Жүйріктегі» Нарқызыл– ұлттық идеяның жүгін арқалап тұрған символ бейнелер.
Суреткер қоғам мен адамның арасындағы қайшылықты, кеңестік жүйедегі ұлттық саясаттың бұрмалануын, қазақ халқының рухани құндылықтарына жасалған шабуылды – бәрін де көркем оймен жеткізе алған.
Ол көркемдік шарттылыққа негізделген терең ойлы, реалистік-символикалық образдар арқылы өмір, қоғам, ұлт туралы толғаныс-ойларын батыл айта білген. Бұл образдардың жасалу дәрежесі жазушының интеллектуалдық ізденіс ой-өрісін, философиялық дүниетанымын да танытады.
Повестегі Қазы қарт та - өзгеше мінезді жан. Оны алғаш танысқан шақта-ақ еріксіз ұнатасың. Өлімі де өкінішті. Қазы жанының түкпірінде қордаланған қыжылды ойларын айта алмай кеткен сияқты. Оның ішінде түйінделген көп сыр бар еді. Мүмкін тегеуріні мықты тоталитарлық жүйе де айтқызбаған шығар.
Иесі Қазының өлімі – шындығында Лашын тазының өлімі еді. Қазы қадірлеп өткен Тазы бабалардың ата кәсібі болған серіліктің, тірісінде басынан сөз асырмаған Қазы рухының өшуі деп білеміз.
Аталмыш повесте ұлттық идея тазы ит Лашынға қатысты көрінеді. Автордың иттің ішінен Тазыны таңдап алуында да үлкен мән бар секілді. Өйткені тазы қазақ ұғымында киелі деп есептеледі және оны баптауға қазақ үлкен мән берген. Жүйрік ат, алғыр тазы, қыран құстың қазақтың тұрмыс-тіршілігінде, рухани өмірінде еркше орны болды. Итті жеті қазынаның бірі деп есептеген халқымыз оған қатысты барлық ырым-сенімдерді қатал сақтап отырған. Сондықтан да оларға ұлттық құндылық деңгейінде қараған. Ендеше өзінің ұлттық құндылықтарын аяққа таптаған халық ешқашан да алысқа бармайды.
Автор Қазы образының бойына ұлттық қасиеттерді дарыта алған. Оның лашын итке қарым-қатынасы арқылы ұлттық болмысына үңіледі. Сол ауылдағы ұлттық салт-дәстүрдің соңғы сарқыты Лашын іспеттес. Автор солай деп жазады да. Қаламгер сол қоғамдық кезеңде өшіп бара жатқан, орыстанып бара жатқан ұлттық сананы, тонала бастаған ұлттық рухты, бүліне бастаған ұлттық мінезді осы бір символдық бейне – тазы Лашынның образы арқылы айта алған.
Автор «Көкбалақ» повесінде қазақтың қара домбырасына үлкен көркемдік жүк артқан. Домбыра – ұлттық рухымыздың тірегі. Өнер, өнер адамын сөз ете отырып, ұлттық өнерге деген қарым-қатынастан оның ұлттық болмысы танылатынын айта алған. Ұлттық рух бастау алатын негіз ретінде ата-баба салтына, үлкен мен кішінің қарым-қатынасындағы этикаға, тіпті ырым-жоралғысына дейін мән берген жазушы түрлі көркемдік тәсілдер арқылы қазақ қарты Тоқсабаның ұлттық мінезін даралай алған. Бір қарағанда онша әсері жоқ секілді көрінетін қарапайым диалогтардың астарында ұлттық таным бой көрсетеді. Тоқсаба мен Айтан салдың арасындағы әңгіме осының айқын айғағы.
Жастардың бойындағы өше бастаған ұлттық болмысты автор қара домбыра арқылы ашып отыр. Қара домбыраның қадірін білетін көнекөз қариялардың рухы сонысымен де биік. Олардың жастар үшін, олардың болашағы үшін алаңдаулары да заңды. Жастар мен қартардың арасын алшақтатып тұрған құбылыс олардың сол ата салттарына деген қарым-қатынасынан туындап жатыр. Тоқсабаның жанын ауыртатын – жас буынның өзінің ұлттық құндылықтарына деген немқұрайдылығы. Тоқсаба қара домбыраға өнері тасып жатқандықтан ғана бас иіп отырған жоқ. Ол домбыраны өмірінің мәні, ата-бабасынан қалған асыл мұра, рухани құндылық деп қарайды. Ол домбыраны өткен тарихтың куәгері, шежірешісі деп есептейді. Сондықтан да жастардың немқұрайдылығы оның жанын ауыртады [1].
Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар жазуышлардың бірі – Оралхан Бөкей. Оның шығармалары қазақ халқының тарихында ғалымдық, қоғамдық-саяси және ұйымдастырушылық сияқты үш бірдей саланы ұштастырады. Сан қилы болмыс-бітімімен қоршаған тілсіз дүниенің сырын ашып, адами кейпімізге асқақ рух беретін «Өз отынды өшірме», «Қар қызы», «Атау кере», «Сайтан көпір», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Қамшыгер», «Апамның астауы» шығармаларының өзі-ақ жазушының қарымын танытады. Қазақ ойының көңілашарындай болып, бірін- ірі толықтырып, бірінен-бірі асып түсетін осы бір туындыларда автор қазақтану ілімінің негізін қалады десе де болады. Қазақ руханиятының биіктеп, кез келген адамның бойында атадан, тектен берілетін, қанына сіңген қасиеттерді дәріптей отыра, қазақы танымның ішкі рухани дүниесінің тұтас жүйесін жасады. Жазушы прозасындағы ұлттық құндылықтардың төрт түрлі ерекшелігін атасақ болады:
1. Қазақ халқының қарапайым тұрмыс-тіршілігін, дәстүрлі өмір салтын, әдет-ғұрпын көркем тілмен сипаттауы;
2. Ұлы Далада көрініс тапқан жаңа дәуірдің жағымды жақтарын оқырманның санасына сіңіруге жасаған талпыныстары мен сана жаһандануының маңызды тұстарын атап көрсетуі;
3. Жаһанданудың тек сана-сезімнің жаңғыруымен жүзеге аспйтынын ескеріп, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарын жас ұрпақтың кәдесіне жарату, аман сақтап қалу мәселелерін көтеруі;
4. Қазақ болмысындағы танымдық деректерді нактылы әрі дәл бере білуі еді.
«Қазақ әдебиетінің кербұғысына» айналған қаламгер Оралхан Бөкей шығармаларын - ұлттық құндылықтарға негізделген. Жазушының
әр шығармасы ерекше әлемге жетелей отырып, өзіндік даралығы мен даналығын көрсетеді.
Қазақтың белгілі жазушысы Дулат Исабеков шығармаларының ішіндегі әңгіме жанрынан да ұлттық болмысты танытатын салт-дәстүр атаулары ерекше орын алады. «Бонапарттың үйленуі» әңгімесінде: « Балаға ат қоюға келгенде қазақтан өткен «нахал» ешкім жоқ. Олар дүниежүзілік есімдердің қожасындай оның төбесіне шығып отырып алады да, «мынау ананыкі екен, мынау мынаныкі екен» деп бас қатырып жатпай, қайсысы аузына түссе, сонысын алып баласына жапсыра салады. Ол есім жақсы ма, жаман ба, қазақ топырана үйлесе ме, үйлеспей ме, үйлесе қалған күнде де дәл соның баласына келісе ме, келіспей ме – онымен ісі де болмайды. Тіпті, сол өзі құрметтеп отырған адам кім болған, не істеген, ұлты қайсы, қазаққа оның қатысы болып па еді, болмап па еді, оны да ойлап қатырып жатпайды»
«Мұртты қазақтың бүгінгі ұрпағы логикалық жағынан жұртты жеңіп кетті де, Әбдешімнің баласы Бонапарт деп аталды. Той тойланды, азан шақырылды, ат қойылып, ресми бекіп кетті».
Жазушы әңгімесінде қазақтардың дәл сол кездегі ат қою теориясы жөнінде айта келіп, той жасау, азан шақыру, келін түсіру, құдаласу, сүндеттеу сияқты сал-дәстүрлері туралы сөз қозғайды. Мұндағы, Бонапарт - франзуз есімі, күшті әскердің командирі. «Бонапарттың үйленуі» деп аталатын әңгіме соңын автор «Қазақ боп өмір сүру қызық сияқты» деп аяқтағаннан-ақ, ұлтқа деген ыстық ықыласын, шын пейілін анық аңғарамыз [2].
Ал «Бейтаныстар» əңгімесінде ауыл адамдарының күнделікті күйбең тірлігімен қоса, олардың адамгершілік, азаматтық болмысын суреттеуге ден қояды. Шағын əңгімеде жастардың отбасы, отбасылық құндылықтар, үлкенге ізет, ата-ана алдындағы парыз сынды түсініктері де сөз болады. Бастығын алып қайту үшін жаңбырлы күні қалаға аттанған Қиясбектің алдынан
қолына кішкентай немересін көтерген қарт ана жолығады. Мынадай елсіз далада, қас қарайған сəтте жалғыз жаяу жолға шыққан қарияның
жайы жас жігітті үлкен ойға салады. «Қиясбек мына көрініске таң қалды. Япырау, елсіз-құзсыз ай далада жүрген қандай жан бұл?Ауа райы болса мынау, күн кешкіріп бара жатыр. Оның үстіне күн батқанша ол жете қоятын жуық арада ауыл да жоқ қой. Тіпті, беймезгіл шақта оның жалғыз өзі жүргені несі?». Шұғыл шаруаны орындауға онсыз да кешігіп бара жатқан жігітті əлгі қарияның жалғыз жүрісі көп ойландырады. Адамгершілік таразысы алдында екі ұшты ой жетегінің қамауында қалған кейіпкердің бар бітім-болмысы, азаматтық бейнесі осы тұста айқын көрініс табады. Қартты барар жеріне апарып саларын не күн ұзаққа мұны қалада күтіп отырған бастығына уақытында жетерін білмей дал болған жас жігіт ақыры арына жүгініп, қарияны жеткізіп салу үшін ізіне қайтып бұрылады [3].
Бұл əңгімеде жазушы бір отбасы өмірінен өткен шағын оқиғаны шығарма өзегі ете отырып, бүгінгі жастардың отбасы құндылықтарына, ерлі-зайыпты ретіндегі бір-бірінің алдындағы жауапкершіліктеріне, ата-ана алдындағы перзент парызы сынды дүниелерге деген көзқарастарын көрсетеді. Кемпір мен шалдың аялап, алақанға салып өсірген жалғыз ұлдары перзенттік борышын өтемек былай тұрсын, келіншегінің қасқабағына қарап, өзге ауылға бөлек көшіп кетеді. «Бірақ бір жыл өткен соң, не жетпейтінін қайдам,
екеуі жиі-жиі түс шайысып қала беретінді шығарды. Жамандап қайтейін, келінімнің іші онша кең адам емес. Сонан соң оларға енші бердік. Қайтеміз, қайда жүрсе де аман болсын». Шығармада қарияның ұлы Тəліптің болмысына Қиясбектің образы қарсы қойылады. Сол арқылы автор оқырманға жастардың бəрі Тəліп тəрізді емес екендігін қарапайым ауыл
жігітінің іс-əрекеті арқылы көрсетеді. Қиясбек кемпірді қажет жеріне жеткізіп қана қоймай, бір отбасының бүтіндігін сақтап қалуға да тікелей
мұрындық болады. Бұл əңгімеде қаламгер «бақыт» түсінігіне де əр кейіпкерінің көзқарасы, іс-əрекеті тұрғысынан баға беруге тырысады. Əр жан үшін «бақыт» түсінігі əрқалай. Ал бас кейіпкер Қиясбек үшін
бақыт – өз мүддесін өзгелердің мұқтаждықтары алдында құрбан етіп, басқалардан көмек қолын аямау. Сол арқылы кейіпкер өзін шынайы бақытты сезінеді. Осы шағын əңгімеден автордың өмірлік позициясын да айқын аңғаруға болады.
Қорытындылай келе, ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан ғасырға жеткен халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы. Сол ұлттық құндылықтарымыздың арқасында біз өзіміздің ұлттық қалпымызды сақтап, әлемге танылып отырмыз. Сондықтан да кешеден бүгінге сол құндылықтарымыз қалай жетті, ертеңгі күнге жеткізе аламыз ба? – деп алаңдауымыз керек.
XX ғасырдың екінші жартысында жазылған прозалық шығармаларында осы халқымыздың құндылықтарының ізін көре аламыз. Бірінен салт – дәстүрдің әрқайсысын терең түсінсек, бірінен отбасы құндылықтары туралы білеміз. Енді біреуінен қазақтың өзіне ғана тән өнері мен дәстүрі, ғұрыпы туралы мағлұмат аламыз. Бұл айтылған шығармалар үлкен қазынаның кішігірім ғана бөлшегі.
Жазушылар қазақ дәстүрі мен мәдениеті үлгілерін көркем шығарманың мазмұн тұтастығы мен пішініне, композициясы мен сюжетіне жымдастыра кіріктіру арқылы прозасының тәрбиелік, тағылымдық қуатын арттырды. Халық тұрмысындағы этнографиялық үрдістерді өз туындыларында шеберлікпен пайдалана білді. Жалған идея, құрғақ уәде, жалаң ұранмен өмір сүріп жатқан қазақ қоғамына сан ғасырдан бері қалыптасып, қанына сіңген ұлттық құндылықтарын там-тұмдап болса да бойына сіңіруге тырысты.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Рахимбекова Г.Д. М.Мағауиннің повестерінің көркемдік ерекшеліктері.
Жұпар Шаймерденова. Дулат Исабеков әңгімелеріндегі ұлттық салт-дәстүр атауларының қолданылуы.
А.Т. Нұрпейісова. Дулат Исабеков əңгімелеріндегі отбасылық құндылықтар мен кейіпкерлер болмысы.
Нұрлыбаева А., Асылбекұлы С., Хамимульдинова Л. Әбіш Кекілбаевтың «Бір шоқ жиде» повесіндегі ұлттық мұрат.
Баязитов Б.Б. Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы ұлттық психологизм белгілері.
Әбдезұлы Қ. Тәкен Әлімқұлов шығармашылығы және 60-80 жылдардағы қазақ прозасы. – Алматы, 2002. – 66 б.
Құрманова Ж.С. Қазақ прозасындағы ұлттық идея және кейіпкер болмыс (1960-1980 жылдар аралығы). – Алматы,2008. – 32 б.
Достарыңызбен бөлісу: |