Баурайдағы қойларға қарай жүріп келеді. Дала едәуір қараңғы. Біраз жүргеннен кейін пырылдап жайылып жатқан қойлардың шетіне ілінді.
Кішкене байырқатып тұрғаннан кейін қойларды жайымен орнынан қозғалтып, күндегі әдетінше Темірқазыққа бағыттап өргізді. Қойлар асықпай қаптап жайылып келеді. Ауа бұрынғыдан да шыңылтыр. Жер дегдіп, қата бастаған. Жұлдыздардың бәрі самсап тұр. Бірақ Отамалыға тұрыстары ұнамайды. Шеттерінен қалшылдап, дірілдеп, бір аяғымен секеңдеп тұрған сияқты.
«Жұлдыздарға да қиын-ау, жап-жалаңаш, — деп ойлады Отамалы бір мезет... — бірақ олар көп қой».
Отамалы қойдың соңынан ере берді. Үстінде шекпені, аяғында байпағы жоқ, тозған етігі бар. Баста жеңіл тымақ, Белінде шақпақ тасты, білтелі, бір кішкене пышақты ескі қайыс белбеу. Артында иті еріп келеді. Ол әлі бір дыбыс шығарған жоқ. Жайшылықта дыбыс шығармай, қожайынының соңынан жалқау еріп отыратын әдеті бар-ды оның.