«Қайдасың, тас жүрек! Сұм боран! Буындырайын! Мойның қайда?» — Бірақ саусақтары қысылмай, ақ дүлейдің ішінде кепкен сексеуілдің бұтағындай арбиып-арбиып қала берді.
Ол орнынан тұрмақ болып талпынды. Бірақ қайта құлады. Сосын ол алға қарай құлауға тырысты. Алға құлағаннан кейін ғана аяқ-қолдарымен қарманып, әрең түрегелді. Тымағының екі құлағы желкілдеп, тәлтіректеп желге қарсы жүрген болды.
— О, Тәңірі! Не істегенің? Не қылғаның? Көкек айы, сенің айдарың жұлынсын! Қарғыс атсын сені, Жапан бай!
Ол тәлтіректеп жүріп келеді.
— Уа, қаныпезер жел! Уа, тас жүрек боран! Басылыңдар! Қараңдар мына жануарларға! Қасықтай қандары жібермесін!
Жел Отамалының кеудесінен итеріп, құлата жаздайды. Оның құлағының түбі әлемет зуылдайды. Жүздеген темір қанатты құстар ауаны тілгілеп ұшып жатқандай. Ауа өзгеріп кеткен. Бетті отша қариды. Ауаның шетіне біреу от тигізіп жіберіп, енді қалған бөлігі адам айтқысыз жылдамдықпен пышырлап жанып жатқан сияқты.
Отамалы ессіз айқайлайды. Бірақ тоқтар жел жоқ. Қайта оның даусына ерегісіп өршеленгендей.
— Уа, Тәңірі! Бармысың, жоқпысың! Тоқтат мына қарғыс атқандарды!
Ол кеудесін жыртып жылап, топ ортасына келді: жан-жағының бәрі — жас өлім. Дәл осы мезетте жел ышқына түсті де, Отамалының көзіне қар кесектерін боратып, қайтадан өршеленіп қоя берді.
Достарыңызбен бөлісу: |