— Уа, Тәңірі. Сен жоқсың! — деп ызаға булыға еңіреп жіберді.
Жел одан сайын құтырынып кетті. Аязын аралас алып соқты-ай келіп!
Ендігі сәтте денесінің бірте-бірте қызғындап бара жатқанын еміскі сезіп қалды. Қандары да жүрісін күшейткендей, тамырларын кере тасып ағатын сияқты. Отамалыға маңай жылынып кеткендей болды. Ол икемсіз қолдарымен бешпетін әрең шешті де, ақ дүлейге бере салды. Қуана қағып ала жөнелген жел ілезде-ақ бешпетін көзден ғайып қылды. Отамалы тырбаңдап алға қарай жүгіріп келеді. Шаршағаны да ұмыт болған. Жел басындағы тымағын ұшырып түсірді. Қысқа шаштардың арасына қар тығылып, әп сәтте-ақ толтырып тастады. Бірақ оны да елейтін емес. Айқайлап, алға, желге қарсы қанатын жайып жүгіріп келеді.
— Тоқтаңдар, иттер! Тоқтаңдар!
Ол ұшып түсті. Оң аяғымен бірдемеге сүрінген сияқты. Жандәрменде құлап жатып бұрылып қараса, бір ақ тас тұр екен. Боран арасынан бір жақ бетіндегі шимайы көрінеді. Қардың үстімен Отамалы соған қарай жорғалады. Келіп қараса, құлыптас екен. Қабірдің өзін қар басып қалған болу керек, құлпытастың соқайған бас жағынан бөтен ештеңе көрінбейді. Отамалы екі қолын таянып отырып қалды. Ештеңе ойлауға мұршасы жоқ. Құлпытас бетінде ирек-ирек құрттар сияқты жазу көрінеді. Бірақ Отамалы оқи білмейді ғой. Оның бетіндегі жазу мына боранның тіліндей түсініксіз. Неге екені белгісіз, осы құлпытастың жанында отырып Отамалының ұйқысы келді. Сосын қозғалғыштай бастады. Етігін сыпырам деп біраз әуреленді. Себебі, бұл кезде маңай әлемет ысып кетіп еді. Ақырында, екі етігін де шешіп, лақтырып тастады. Сосын бір қолын қарға бойлата, бір қолымен құлпытасқа сүйеніп түрегелді. Бетін желге қайта бағыттап, жүгірген болды. Аяғындағы бос шұлғауы екі-үш адым аттағаннан кейін сыпырылып, ыққа қарай домалап кетті. Жалаңаш тәнді жел аяусыз ұрып, аяз сорып барады.
Ол жалаң аяқ қар кешіп келеді. Бірақ өзінше ыссы құммен жүріп келе жатырмын деп ойлайды. Қолда жан да, әл де жоқ. Тіпті қолдың өзі жоқ сияқты. Бар ма екен деп, ақырғы рет екі жанына кезекпен көз жүгіртіп еді, екі қолы да салбырап келе жатыр екен. Осы кезде, бірақ, есі кірген болу керек, қолының түрін көріп зәресі ұшып кетті. Олары қап-қара және жап-жалаңаш екен. Жел зуылдап құлағының түбінде ойнап жүр. Ақ түтек алдап ештеңе көрсетпейді. Кенет оның көзіне осы аппақ түтектің ішінен бірдеме елес бергендей болды. Дұрыстап қараса, жер бетінен сәл көтеріңкі ғана деңгейде өзінің ошағы мен қазаны ұшып келе жатыр екен. Отамалы қуанып кетті. Ошақ пен қазан, бірақ мұның қасына тоқтамай, жанынан ұшып өтіп кетті. Тіпті астында жанып бара жатқан оты да ап-айқын.