Отамалының тізесі тоңа бастады. Денесіне де суық жеткендей, бөз көйлектің іші салқындай берді. Жел оның үлкен сақалына оратылып, төмен қарай, көйлектің ішіне лап етеді
Жоқ, тек қана жел емес, Отамалының шекпеніне бірдемелер тысырлап тие бастады. Сипап қарап еді, жалаңаш қолына түскен түйіршіктер еріп барады.
«Қар!»
Қар жауып берді. Бірақ суық қар емес, тигені тиген жерінде еріп, тез дымқылға айналып жатыр. Көп ұзамай-ақ Отамалының шекпенінің сыртынан еріп қатқан мұздың бір қабаты пайда болып, сырт киімі ауырлап кетті. Қойлардың да жүніне сабалақ қар қонып, мұз тонға оранып барады. Осы кезде ит ырсалақтап жүгіріп Отамалының қасына келіп еді, оның қимылынан ешқандай өзгерісті байқамаған соң, қойдың ық жағына қайта шапты. Еріген қар Отамалының сақалына қата бастады. Мұртын да сондай мұз қабыршақ бүркеп, аузына жетіп қалды.
Жел күшейіп, қар түсімін көбейтті. Бір мезет Отамалыға қой тобыры бағыттан тайған секілденіп кетті. Жер үсті бұл кезде алай-түлей болып бара жатыр еді. Осы шамада бағыттан таймау, әрине, өте қиын.