Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Құмық тілі неше диалектіден тұрады?
2. Құмық тілінде жазылған қандай ескерткіштерді білесің?
3. Құмық тілінің әдебиет үлгілерін талдап, зерделе.
4. Құмық тілінің ғылыми тұрғыда зерттелуі.
5. Құмық тілінің бүгінгі саяси-әлеуметтік жағдайы
Татар әдеби тілі
Татарлар – түркі тілді халықтар тобына жатады. Татарлардың тереңге тартқан тарихы, мәдениеті мен өнерінің мың жылдық дәстүрі бар. Ресейдің барлық облысы мен өлкесіне тарай қоныстанған татарлар сан жағынан республикада орыстардан кейінгі 2-орында тұр. ТМД-ның басқа елдерінде де татар диаспоры баршылық. Зерттеушілер «татар» атауын тат-дат-йат (бөтен) және эр-ар-ир (ер адам), демек бөгде адам, бөтен жұрт дегеннен шыққан дейді. Ертеректе Еділ бойы татарлары өздерін бөлгәр, қазан кешесе, қазанлы деп әрқалай атаған. Марилер қазан татарын сюас деп, удмурттар бигер деп, қазақтар ноғай деп те атаған.
Татар – түркология әлемінде түрік сөзінен кейінгі ең жиі айтылып келген атау. Еуропада туыс халықтарды ертеректе түрік деп атау дәстүрі болса, орыс деректемелерінде түрік-татар сөздері қатар аталады. Бір қызығы татар этнонимі көне дәуірде түркі тайпасының атауы болмаған. «Татар» деген атын ғана иемденгені болмаса, оларды татар-моңғолдар ұрпағы деуге келмейді. Бертін уақытқа дейін татар сөзі көптеген туыс халықтардың ортақ атауы боп келді. Атап айтқанда XVI-XVIII ғасырлардағы орыс жазбаларында Еділ жағалауы мен Орал өңіріндегі түркі халықтарымен қоса Ресей империясының шет аймағындағы әзірбайжандар да, Солтүстік Кавказ бен Орта Азияның, Сібірдегі біраз түркі тілдес ұлыстар да жалпылама татар аталған. Каспий мен Қара теңіз аралығындағы кең далада көшіп-қонған ноғайлар тіпті Кеңес дәуіріне дейін татар аталып жүрді.
Татар халқынын шығу, қалыптасу тарихына қатысты ғылыми зерттеу мынадай түрде тарқатылады: III-IV ғасырда, ғұндар мен өзге де көпшелі тайпалардың Шығыс Еуропаға жасаған шапқыншылығы кезінде, одан кейін IV-VII ғасырларда Түрік қағанаты дәуірінде түркітілдес тайпалар легі Орал өңірі мен Еділ бойына ағылып келе бастаған. VII-VIII ғасырларда Азов теңізі жағалауынан түркітілдес бұлғар тайпасы ауып келіп, олар X ғасырда Еділ-Кама Бұлғариясы аталған мемлекет құрыпты. Зерттеушілер Қазан татарлары өзінің антропологиялық, этнографиялық белгілерін ертедегі Еділ бұлғарларынан еншілеген дейді. Еділ-Кама Бұлғариясының бір кездегі дәуірлеп өркендеген мәдениеті, егіншілік кәсібі мен қолөнері Еділ бойы, Орал өңірі татарларының тұрмыс салтында, мәдениетінде сақталған. Мұндағы түркі ұлыстары басқа тайпаларымен бірге 1223 - 40 жылдары моңғол-татарларға қарсы ерлікпен шайқасқан. Татар халқының көне дәуірдегі ата-бабалары ұлан-байтақ өлкеге ие боп, Кара теңіз жағалауында Бұлғария, Хазар қағанаты, Еділ Бұлғариясы, кейінірек Алтын Орда, Қазан, Қырым, Астрахан, Қасым, Сібір хандығы аталған дербес мемлекеттер құрған.
Ал татар этнонимі қазіргідей бір ғана халықтың ұлттық атауы ретінде XIX ғасырдың екінші жартысында ғана тиянақталды. Бүгіндері бір халықтың құрамына кірген ұлыстар таяу ғасырға дейін татар атауын қабылдай қоймай, көп уакыт өздерін әрқалай атап келген. Айталық, еуропалық бөліктегілер қазанлы, болғар, мишәр, типтәр, керәшән, нағайбәк, кәчим, балка липка (демек, литва татары) делінсе, Астрахан мағындағылар қорағаш, юрт, кундров деп сан түрлі аталып келген. Негізінен, кыпшақ немесе ноғай-қыпшақ аталатын этникалық тобынан тұратын Батыс Сібір татары Еділ бойындағы түркілерден өзгешелеу еді. Сібір татарлары да өздерін әрқалай атап келген. Тюмень, Тобыл татарлары Тюмень облысының аудандарына тарай қоныстанған. Тар татары Омбы облысының Тар ауданын мекендейді. Барабин татары Новосибирь облысының аудандарында тұрады. Бұл аталған татарлар өздерін тұрған мекеніне қарай тоболик, тарлик, бараба деп атайды. Бұхара өңірінен қоныс аударып келгендер де Батыс Сібір татарының құрамына кіреді. Әуелде оларды бөлектеп, бұхарлық, кейбірін сарт деп, енді бір бөлігін өзбек деп атаған. Бертін келе бұхарлықтар да татар аталып, бір этникалық топқа біріккен. Тобыл мен барабин татарының тілі қазақ тіліне өте-мөте жақын. Сондықтан да 1926 жылғы халық санағында Батыс Сібір татарлары әр түрлі ұлысқа жатқызылған.
1582 жылы Көшім хандығы құлатылғаннан кейін, Ермак бастаған орыс шапқыншылығына төтеп бере алмай, аяусыз жазалауға, қуғын-сүргінге ұшырап, көптеген татар Чулым бассейнімен, Тобылға, Енисей өзеніне дейін ығысты. Сібір татарлары патша әкімдеріне қарсы әлденеше рет ашық көтеріліске шықты. Қазан төңкерісі қарсаңында Батыс Сібірдің жергілікті халқының саны күрт азайып, қалың орыс арасында шашырай қоныстанып, мүлдем азшылыққа айналып кетті. Қазан хандығы жойылғаннан кейін экономикалық езгінің күшеюі, ұлттық-рухани қанау, діни негіздегі қатаң қудалау, христиан дінін зорлықпен тануға тырысу Еділ бойы мен Орал өңірі татарын жаппай көшіп-қонуға мәжбүр етті. Орталық ауданнан татарлардың шеткері өңірге ығысып, ондағы жергілікті түркілермен мәдени-тұрмыстық жақындасуы, сауда-экономикалық тығыз байланысы біртұтас татар ұлтының қалыптасуын тездетіп, оған өз ықпалын тигізді.
Этникалық құрамы айтарлықтай күрделі, әрі ұлан-байтақ өлкеге тарай қоныстанған бүгінгі татар халқының жеке топтарына тән ерекшелік пен айырым белгілері де әжептәуір. 1) Қазан татары – сан жағынан татар халқының ең ірі бөлігі. Олар өздерін бұрындары қазанлық деп те атаған. Қазан татарының арғы тегі – бұлғарлар, алтын ордалық түріктер, оның ішінде қыпшақтар. 2) Мишәрлар – сан жағынан екінші орында. Мишәрлардың тегін «бұртас» деп аталатын тайпамен байланыстырады. Кейін бұртастар мекендеген аймаққа ноғай-қьпшақтар көптеп келіп, жергілікті халық қыпшақтілді ұлысқа айналған. 3) Тептерлер – ежелгі башқұрт жеріңдегі сан жағынан үшінші орындағы этникалық топ. Тептер аталатын татарлардың негізін башқұрттар құраған. Кейін бұл араға қаптап ауып келген Қазан татарлары араласып, татар тілі олардың ортақ тіліне айналған. Қазіргі тептерлер өздерін татар ұлтының өкіліне жатқызады. 4) Орал өңірін мекендейтін Пермь татарының этникалық түзілісін ноғай-қыпшақтармен қоса угор тайпалары құрайды деген пікір айтылады. 5) Нукрат татарының да этникалық компонентін қыпшақ-ноғайлар мен бесермендер құрайды. 6) Ал бесермендер болса, удмурттар құрамыңдағы татардың шағын этникалық тобы. 7) Қасым татарлары Орталық Ресейде Рязань облысының Қасымов ауданында, Санкт-Петербург, Мәскеу секілді ірі калаларда қалың орыс арасында азшылық боп тұрып жатқанына қарамастан, ислам дінін, тілін сақтап қалған. Зорлықпен шоқындырылған Қасым татарының шағын тобы тілінен де айрылып, орыс боп кеткен. Антропологиялық жағынан татарлар еуропеидтік нәсілге жатады. Халықтың жартысына жуығы қара торылау келген еуропеидтік нәсілдің понтий типіне келінкіресе, үштен бірі жирен я сары шашты еуропеидтік типке жатады. Монголоидтік пен еуропеидтік компоненті аралас оңтүстік Сібір типі татарлардың 14 пайызын ғана құрайды. Соның өзінде оларда да еуропейдтік компонент басымдау.
Тоталитарлық жүйе тұсында бүкіл түркі жұртының, соның ішінде татар халқының тарихы да толық айтылмай, бұрмаланып келгені белгілі. Атап айтқанда, ерте кездегі орыс халқымен терезесі тең іргелі ел болған татар ағайындар – тарихтан тиесілі үлесін ала алмай келді. Дәлірек айтсақ, орыстар 150 миллиондай болса, татар ұлтының бүгінгі жиынтық саны одан жиырма есе кем. Оның басты себебі татар халқы бес ғасыр бойы бостандық үшін ауыр күрес жүргізуі. Олар 1469, 1487, 1506, 1524, 1530, 1545, 1550 жылдары басқыншы орыс әскерінің шапқыншылығынан өз жерін ерлікпен қорғады. Татар халқының тарихындағы ең ауыр қаралы күн – 1552 жылдың 30 тамызы. Орыс әскері Қазан қаласын басып алып, халықты қынадай қырды. Қазан хандығы осылайша Ресей басқыншыларының отарына айналды.
1920 жылы қазан татарлары автономиялық республика деген мемлекеттік мәртебе алды. Астанасы – Қазан қаласы болып бекітілді. Небір қиын-қыстауды басынан өткерген, көп ғасыр бойы бодандықтан зардап шеккен татар халқы асқан еңбекқорлығымен өз ұрпағын құрып кетуден сақтап қалды. 1926-1939 жылдар аралығында ғана татарлар саны жарты еседей өскен. Алайда бұл тек табиғи өсім ғана емес еді. Өйткені 1939 жылы тептерлер мен татар тілді қауымға айналған Мензелин башкирлері, сондай-ақ қазақ тіліне жақын диалектіде сөйлейтін Астрахан ноғайлары, ноғайбахтар, Оңтүстік Сібір түркілері де ұлтын татар деп көрсетіп үлгірген еді. Сөйтіп, бұл дәуірде әр алуан туыс ұлыстардың татар ұлты төңірегіне топтасуы аяқталған. Одан кейінгі халық санағы көрсеткендей, 1959 жылға дейін татарлар саны небәрі 15,2, 1970 жылы 19,3, 1979 жылы 8,3, 1989 жылы 7 пайызға ғана өскен. Ертедегі татар жанұялары көп балалы болатын. Алайда жыл өткен сайын татар әйелдерінің бала көтеруі азайып, халықтың табиғи өсіміне кері әсерін тигізе бастады. Татарстандағы жергілікті халық бүкіл республика халқының төрттен біріндейі ғана. Демек, татардың 75 пайызға жуығы республикадан тыс өлкелерде тұрып жатыр.
Татар халқының бүкіл әлемдік жиынтық саны – 7,2 млн. адам (1995). Ал 1989 жылғы соңғы санақ дерегі бойынша ТМД еліндегі саны 6.648,760 адам болып, олардың 83 проценті татар тілін ана тілім деп таныған. Өзбек, қазақ, тәжік тағы баска толып жаткан тілдерді 48740 татар ғана ана тілім деп таныса, бір миллион 70 мың татар орыс тілін ана тілім деп таныған. Мұншама көп татардың орыс тілді қауымға айналуының өзіндік себебі бар. Татарлар – бұрынғы кең байтақ Кеңес Одағының түкпір-түкпіріне түгелдей тарап үлгірген ең шашыраңқы түркі халқы. Олардың басым көпшілігі еуропалық бөлікте. Әсіресе, Еділ жағалауы мен Орал өңірінде біршама жинақы қоныстанған. Алыс шет елде небәрі 56 мындай ғана татар тұрады екен. Бұл татар халқының бір пайызына да жетпейді.
Кеңес үкіметі тұсында да татар халқының сан жағынан өсуі Орта Азия, Закавказье, Солтүстік Кавказ халықтарымен, тіпті славян тектес халықтармен салыстырғанда да төмендеу болды. 1926 жылғы халық санағында түркі ұлыстарының арасында қазақтардан кейінгі ең көп санды халық боп, орыс, украин, қазақтардан кейінгі төртінші орынды иемденсе, 1959 жылғы халық санағы көрсетімімен бесінші орынға, 1979 жылғы халық санағында алтыншы орынға ығысты. Ал 1989 жылы халық санағында әзербайжандардан кейінгі жетінші орынды иемденгені анықталды. Репрессияға ұшырап, қуғын-сүргін көрген халықтармен, сондай-ақ, өз тарихында бірнеше рет жойқын қасіретке ұшыраған халықтардың этнодемографиялық жағдайымен салыстырғанда да татарлардың сан жағынан өз мәнінде өспей қалуының басты бір себебі – халықтың ассимиляцияға ұшырауы. Мәселен, 1989 жылғы халық санағы көрсеткендей, ұлтаралық неке, демек, аралас неке саны өзбекте 6%, түрікменде 6,4%, қырғызда 6,5%, қазақта 7,4% болса, татардың 41 %-ын аралас некеге тұрғандар құраған. Сөйтіп, патшалық Ресей шоқындыру арқылы орыстандыру саясатын жүргізсе, Кеңес үкіметі тұсында ассимиляцияның кері әсеріне ұрындырып барып, орыстандыру әрекеті белең алды. Көп облыстарда татарлардың басым көпшілігі – аралас некелілер. Көп санды халық өкілімен некеге тұру аз санды халық үшін тиімсіз екені Еділ жағалауы халықтарының тіршілігінен айқын байкалады. Мұндағы татар, мордва, чуваш, мари, удмурт секілді халық өкілдері бір-бірімен сүйек-шатыс болса, олар қай республиканың жерін мекендеп отырса, сол республика ұлтын калап, оны өз құжаттарында көрсетеді екен. Ал орыс ұлты өкілімен некеге тұрса, кай республикада тұрғанына қарамастан, орыс ұлтының өкілі болуды тиімді санап, балаларының ұлтын орыс деп көрсетеді екен. Сондықтан аралас некеден орыс ұлтының саны өсе түссе, басқаларының санына кері әсерін тигізген. Екінші себеп – діни фактор. Татар халкының ерте кезден-ақ ислам дінінің сунниттік ережелерін қабылдағанын білеміз. Ал Иван Грозный кезінен бері патша отаршыларының қысымымен, зорлықпен шоқындырылған татардың азғана бөлігі христиан дінінің православие тармағын тұтынады. Шоқынған татарлар өздерін кряшен деп атайды. Кряшендер көне кряшен, жаңа кряшен, ноғайбах, бакалин кряшен, молькеев кряшені деп бөлінеді. XVIII ғасырдан кейінгі уақытта татарлар арасында топтасу үдерісінің күшеюіне қарай шоқынғандардың мұсылмандықка кайта оралуы басталды. Бұл үдеріс XX ғасырдың бас кезінде күшейе түсті. Ең алдымен, жаңадан шоқынған татарлар, сондай-ақ, бұрын шоқынғандардың да бір бөлігі мұсылмандыққа өтті. Сөйтіп, шоқынғандардың 40%-ы қайтадан исламды қабылдады.
Төрт ғасыр бойы орыс миссионерлерінің тынымсыз әрекетіне қарамастан, шоқынған татарлар сан жағынан кемімесе, өскен емес. 1926 жылғы санақта олардың саны 120,7 мың болған. Салыстырып айтқанда, Иван Грозныйдың тұсында да зорлап шоқындырғандар саны сол шамалас болған еді. Патшалық Ресей тұсында шоқынған татарға жер иеленуде көп жеңілдіктер берілген, артық жағдай жасалған. Соған қарамастан, көптеген татар қорыққанынан патша әкімдеріне, миссионерлерге көз ғып қана уақытша шоқынып, реті келгенде еш ойланбастан өз дініне қайта оралып отырған. Ал мүлдем шоқынып кеткендердің этникалық сана-сезімі төмен болып, көпшілігінің қалың орыс ортасында жұтылып кеткеніне ешкім де таңдана қоймаса керек.
Татар тілі – Алтын Орда дәуірінен бастау алатын көне жазбалы тіл. Көп жанрлы татар фольклорында шетелдік басқыншыдан елін қорғаған батырлар туралы тарихи жырлар елеулі орын алады. Татардың көне жазба әдебиеті бар. Оларға ХШ-XIV ғасырларда өмір сұрген Ғалидың ізгі махаббатты жырлаған "Жүсіп пен Зылиха" поэмасы, Құтыптың "Хұсрау мен Шырын" поэмасы, Хорезмидің "Махаббат-намесі", беріректегі Махмут Бұлғаридың "Жұмаққа жолы", Мұхамедиярдың әр алуан поэмалары, авторы белгісіз '"Кесікбас" діни-эпикалық жыры, ''Сопыларға өсиет" атты дидактикалық шығарма жатады. Содан бері көптеген ақын-жазушылардың діни-дидактикалық, ағартушы-демократиялык, бағыттағы шығармалары қалың бұқара арасына кеңінен тарады. Озық идеяның көшін бастаған атақты ақын әрі публицист Ғабдолла Мұхамоғарифұлы Тоқайдың, ғалым-демократ, ағартушы, татар әдеби тілінің негізін қалаушы Каюм Насыйридің білім мен танымдык мәні бар шығармалары туған халқының рухани байлығын биік дәрежеге көтеріп, демократиялық мәдениетін дамытуға зор ықпал етті. Талантты ақын, Кеңес Одағының Батыры Мұса Жалил Мұстафаұлының 1957 жылы Лениндік сыйлық алған "Маобит дәптері" атты өлеңдер жинағы ақын есімін өшпес даңққа бөледі.
Татар тілі (tatar tele, tatarça, татар теле, татарча) – татар халқының ұлттық тілі. Патшалы Ресей отары боп келген түркі халыктары тілінің ішіндегі ең көбірек, әрі ертеректен бері толассыз зерттеліп келе жатқаны да осы татар тілі. Қазіргі татар тілі башқұрт тілімен бірге түркі тілдері қыпшақ тобының қыпшақ-бұлғар бұтағын құрайды. Татарстан Республикасының мемлекеттік тілі және Ресей Федерациясында таралуы және сөйлейтіндер саны бойынша екінші тіл болып табылады. Татар тілі Ресей, Орталық Азия, Украина, Польша, Қытай, Финляндия және Түркия сияқты елдерде де тараған. Жазуына келетін болсақ, 922 жылыдан бастап Бұлғар мемлекетінде, содан кейін Қазан хандығында және Ресей мемлекетінің құрамында татарлар мен олардың ата-бабалары араб жазуын қолданған. Татарлар 1927-38 жылдары латын графикасын, 1939 жылдан бастап орыс (кирилл) алфавитін пайдаланды. Қосымша әріптеріне ә, ө, ү, ж, һ, ң жатады.
Татарларға кирилл жазуын ұсыну ХІХ ғасырда басталған еді. 1862 жылы Николай Ильминский орыс жазуына негізделген бірінші татар «Әліппе» кітабын жазып, баспадан шығарды. 1864 жылы Қазан қаласында христиан-татар мектептері ашыла бастады. Н.Ильминский былай деп жазды: «Русская азбука сразу отделила крещеных татар от их мусульманских собратьев. Если бы христианские книги были написаны на арабской графике, татары снова перешли бы в ислам». Бұл тұжырымнан Ресей патшалығы тұсында да, Кеңес үкіметі тұсында да кирилл жазуы бодандық саясаттың басты құралы болғандығын аңғарамыз.
Татар тілінің қайтадан латын афавитіне өту мәселесі 1990 жылдары көтеріле бастады. 2001-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны Татарстан Парламенті қабылдап, сол тұстағы президент Минтимер Шаймиев бекіткен болатын. Бірақ Ресей Мемлекеттік Думасы бұл бастаманы қолдамады. Бағдарлама аяқсыз қалды. Татарстан ғылым Академиясының ғалым хатшысы Дания Захдуллина 2011 жылдың 29 маусымында латын алфавиті жөніндегі заңның жобасын парламантке ұсынған еді. Ол «Азаттық» радиосының тілшісіне «татарлар латын алфавитін ғылым саласында қолдана отырып, шетелдік ғалымдармен пікір алмасу үшін пайдаланбақшы» деді. Латын алфавиті жалпы қолдану үшін емес, тек ғылым саласы үшін енгізу керек. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл тағдыры Ресеймен тығыз байланысты Татарстан үшін татар тілін сақтаудың бірден бір жолы.
Татар әдеби тілінің дамуында үш белгілі тарихи кезеңді атап көрсетуге болады. Бірінші-Еділ бойы бұлғарлары мен қыпшақ тілдерінің даму кезеңі. Ол XVI ғасырдың ортасы - Қазан хандығының Орыс мемлекетімен қосылу кезеңіне дейін жалғасады. Бұл татар (орталық диалект) және башқұрт ата тектерінің негізгі тілдік ерекшеліктері кезеңі болып қалыптасты. Тарихшы мамандардың пікірінше, X ғасырдан бастап Еділ бұлғарлары мен қыпшақтардың тығыз аралас-құраластығы байқалады. Бұл сабақтастық бастапқыда Бұлғар хандығы құрамында және Алтын Орда хандығы кезінде, содан кейін Қазан хандығы құрамында болды. Қыпшақ тілі бұлғар-қазан тілінің ассимиляциялық ықпалына ұшырады.
Екінші кезең XVI ғасырдан XX ғасырдың ортасына дейін жалғасқан Қазан хандығы мен Орыс мемлекетінің қосылуы нәтижесінде кең байтақ жерлердегі қазандықтар (орталық диалектіге кіретін арғы тектер) және қыпшақтардың (мишарлар) араласуымен сипатталады. Бұл кезеңде татар тілінің жалпы халықтық ауызша әдеби тілі қалыптаса бастады.
Үшінші кезең - XX ғасырдың ортасынан бастау алған бұл кезеңде татар халықтық әдеби тілі татар-орыс екі тілділік пен әдеби норманың күшті ықпалын басынан өткерді.
Татар әдеби тілінің қалыптасу тарихы өзінің тамырын қазіргі түркі әдеби тілдері сияқты Орхон-Енисей жазбаларының заманынан алады. Сондықтан көне және ескі түркі жазба ескерткіштерінің тілін, стилін зерттеу әдеби нормалардың даму бағытын айқындау үшін қажетті шарт болып табылады. Татар әдеби тілінің тарихын мынадай дәуірлерге бөліп қарастыруға болады: 1) бұлғар дәуірі (Х-ХІІІ ғасыр ортасы); 2) Алтын Орда дәуірі (ХІІІ ғасырдың екінші жартысы- ХV ғасырдың бірінші жартысы); 3) Қазан хандығы дәуірі(ХV ғасырдың екінші жартысы - ХVІ ғасырдың ортасы); 4) татар ұлттық әдеби тілінің дамуы үшін дайындық дәуірі (ХVІ ғасырдың екінші жартысы – ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар); 5) татар ұлттық әдеби тілінің дамуы мен қалыптасу дәуірі (ХVІІІ ғасыр - ХХ ғасырдың басы); 6) әдеби тілдің даму дәуірі (ХХ ғасыр). Осы дәуірлердегі шығармалардың тілін салыстырмалы тарихи әдіспен, тарихи-лингвистикалық тұрғыдан талдап зерттегенде ғана уақыт үндестігі мен тіл сабақтастығы айқындалады.
XVI ғасырдан бастап татар жазба тілі түркі тілінің орнын басып, Ресейдің көптеген түркі халықтары үшін орыс тілімен қатар ресми тіл қызметін атқарған.
ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда гимназияларда, медресе, семинарияларда «Татар тілі» пәні енгізіліп, татар тілі оқытыла бастады. Татар тілі білімінің ғылым ретінде қалыптасуында С.Халфиннің, И.И.Гиганованың, А.А.Троянскийдің еңбектері зор. Татар тілі мен оның диалектілерін зерттеген шіркеу қызметкері Александр Троянскийдің «Краткая татарская грамматика» (СПб., 1814) атты кітабы өте маңызды. Қазан университетінің Шығыс бөлімінің (Восточного рязряда) А.Казем-Бектің, М.Махмудовтың, И.Березиннің зерттеулерінде татар тілінің өзекті мәселелері қарастырылды. Қазан университетінің «Түрік-татар кафедрасы» Ресей түркітану мектебінің негізін қалады. Қазан түркілік лингвистикалық мектебі (ҚТЛМ) Еуропадағы ең белгілі орталықтардың бірі болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында К.Насыри, Х.Фаизханов, А.Вагабов, Н.Остроумов, А.Архангельский, Н.Катанов және басқалардың лингивистикалық еңбектері жарыққа шыға бастады.
ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы татар әдеби тілінің мәдени-тарихи және тілдік жағдаяты татар халқының ұлттық дүниетанымның дамуында ғана емес, қоғамдық-эстетикалық ойының, тарихы мен әдебиетінің, оның ішінде әдеби тілінің дамуындағы ерекше күрделі кезең болып табылады. Бұл «ескі татар түркі тілінен жаңа татар ұлттық әдеби тіліне бет бұрған өтпелі кезең» болатын. Осы кезеңде ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан классикалық ескі татар тілінің дәстүрлі жазба нормалары мен татар халқының жалпы ауызекі тіл формалары тығыз араласа бастаған еді. Дегенмен, ауызекі татар тілінің және түркі жазба тілінің ескі татар тілінің екі формасы ретіндегі аралас-құраластығы ХІІІ-ХІV ғасырлардан белгілі еді. Сонымен қатар классикалық ескі татар тілінің осы кезеңінің басқа кезеңдерден ерекшелігі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында оның аталған түрлері даралана бастады. Ағартушылардың бір тобы өз шығармаларын арнайы татар оқырмандары үшін жазып, татар-жалпы ауызекі тілінің нормаларын қолданды (классик ақындар және татар халқының прозаиктері- К.Насыйри, Г.Фаизхан, Г.Ильяси, Я.Емельянов, Ф.Халиди, Г.Камал ). Келесі бір ағартушылар тек татар жалпы ауызекі формасымен ғана емес, башқұрт, қазақ тілдерінің ауызекі элементтерін қолданды (А.Уразаев-Кормаши, М.Ақмолла және т.б.). Ал үшінші бір топ жекелеген өз шығармаларын татар оқырмандарына арнай отырып, халықтық-ауызекі тұлғаларды пайдаланды (Г.Чокры көсем сөздері, З.Бигиевтің романдары, Р.Фахрутдиновтың дидактикалық жазбалары, Ф.Каримидің повестері, С.Мақсудидің әңгімелері ждәне т.б.). Осы авторлар кейбір шығармаларын жалпытүркі оқырмандары үшін жазып, негізінен дәстүрлі жазба нормаларды қолданды (М.Акьегет-заде (Акджигита), З.Бигиев көсем сөздері, Ф.Каримидің көсем сөздері мен ғылыми еңбектері, Р.Фахрутдиноватың повестері мен көсем сөздері және т.б.). Дейтұрғанмен, осы сабақтастық негізінде татар әдеби тілінің өзіндік құрылымдық-қызметтік түрлілігі қалыптасты.
Ұлттық әдеби тілдің қалыптасу кезеңі әдеби тілдің дамуындағы жаңа кезең болып табылады. Бұл үдеріс ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басын қамтитын татар ұлттық буржуазиясының қалыптасуымен тығыз байланысты. Осы уақыттарда орыс тілімен салыстырмалы зерттеле отырып (С.Хальфин және т.б), ХІХ ғасырдың ортасында түркі тілдерінің ішінде бірінші рет татар тілінің қолданылу аспектісі зерттеле бастайды (М.Иванов,С.Куляшев, К.Насыри, Н.Катанов және т.б.). Көптеген жанрлар мен стилдерде жазудың қалыптасқан дәстүрі практикалық түрде сақталды деп айтуға болады. Тілдің барлық саласында (фонетика, морфология, лексика) варианттылық байқалды.
Академик М.И.Махмудовтың пікірінше, барлық әдеби тілдердің даму тарихы шет тілінен енген лексикамен тығыз байланысты. Бұндай құбылыстың татар әдеби тілінің дамуына тікелей қатысы бар. Татар тілінің кірме сөздерден тұратын қабатында араб және парсы тілдерінен енген сөздер мен тіркестер маңызды орын алады. Бұл кірме сөздердің көп ғасырлық тарихы бар. Олар тек әдеби тілде ғана емес, сонымен қатар татар халқының ауызекі тілінде де кездеседі. Татар тілінің өзіндік лексикалық бірліктері ретінде қабылданып кеткен. Кейбір зерттеушілер «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Орта Азиядан және Түркиядан енген араб-парсы элементтерін бойына сіңірген сопылық поэзия мен көркем әдебиет татар тілінің сөздік қорына араб сөздерінің дендеп еніп, бекуіне ықпал етті» деп санайды.
ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында көптеген түркі халықтары үшін жалпы түркі тілі өзекті мәселе болды. Осы кезеңде түркі-татар жазба дәстүрінің қолдаушысы – «Тарджиман» газеті (1883-1918) болды. «Тарджиман» газеті күллі түркі халқына қызмет етті. Осы газет арқылы оның бас редакторы, қоғам қайраткері И.Гаспринский жалпы түркілік әдеби тіл концепциясын ұсынды және оны «урта лисан» (орта тіл) деп атауды ұсынды. Жалпы түркілік әдеби тіл ұғымы – барлық түркі халқына ортақ, түсінікті тіл деген сөз. И.Гаспринский күллі түркі халқын «Пікірде, тілде және істе бір болу» идеясының аясында біріктіруге тырысты. Оның ойынша, біртұтас тіл түркі халықтарын шет қақапайлаудан, қуғын-сүргінге салудан, құқығын таптаудан сақтайды. Бір тұтас тіл идеясы жекелеген ұлт тілдерін жоққа шығармайды. Ол баланың өз ана тілінде тәрбие және білім алуын қолдайды. Ал ортақ тіл жалпы мүдде үшін қызмет етуге, өз халқының мақсаты мен міндеттерін шешуге қажет деп санайды. Сонымен қатар «Тарджиман» газетінің басты идеясы оқырмандарды ағартушылық идеялардың өзекті мәселелерімен және орыстар мен татарлардың сыйластықтағы қарым-қатынасын таныстыруға арналған. Газета идеялық күрес арнасына айналып, алдыңғы қатарлы педагогтардың, өнер және ғылым адамдарының көзқарастарын жариялап тұрды. Кейінгі уақытта әр түрлі түркі тілдеріндегі баспа өнімдерінің шыға бастауы аталмыш газетке деген сұранысты азайтты.
Күллі түркі әлемін жалпы түркі әдеби тілімен біріктіруге ұмтылған И.Гаспринскийдің идеясы Ресей түркі мұсылман зиялы қауымының арасында жаңа серпін туғызды. Бұл қозғалыс ескі татар әдеби тілінде өзіндік ізін қалдырды. Өз шығармаларын барлық түркі әлемі оқығанын қалаған татар ағартушылары мен жазушылары жаңаосман (түрік) тіліне негізделген «Тарджиман» газетіне жақын тілде жазды. Сондықтан ХІХ ғасырдың аяғында ескі татар әдеби тілінде бұрын сирек кездесетін оғыз элементтері белсенді қолданыла бастайды да, жаңа осман-түріктік сипат алады. Бұл ерекшеліктерді фонетикада, лексикада, морфология мен синтаксисте кездестіруге болады. Нәтижесінде екі ғасыр тоғысында оғыз компоненті молырақ орын алған ескі татар әдеби тілінің жаңа варианты қалыптасады.
Сайып келгенде, ескі татар әдеби тілінің дамуы кезеңдерінде оғыз элементтерінің өзіндік орны болды. ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда осман-түрік ықпалының нәтижесінде ескітатар әдеби тіліне оғыздық компоненттер белсенді ене бастаған еді. Бұл әсер Еділбойының Түркиямен, Иранмен (Азербайжан) дипломатиялық, мәдени-экономикалық қарым-қатынастарының жандануымен туындаған әлеуметтік-тарихи алғышарттармен жалғасын тауып жатты. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында оғыз компонентті ескі татар әдеби тілінің вариантын татар-түрік тілі, «Тарджиман» тілі, түрік-осман тілі деп әр түрлі атау орын алды.
1905-1907 жылдардағы төңкерістен кейін ескі татар тіліне осман-түрік ықпалы әлсірей бастайды. Өйткені 1905 жылдан бастап ауызекі татар тілінде баспа өнімдері шыға бастады. Газет және журнал басып шығару мүмкіндігі көбейген сайын қай тілде жазу керектігін айқындау қажет болды («Нур».1905.-№4). «Тіл» термині аясында классикалық ескі татар әдеби тілінің варианттары айтылады: а) төрки әдәби тел - түркі әдеби тілі; б) жадиди госманлы – «Тарджиман» газеті тіліне жақын жадид-османдық варианты; в) гавами тел – жалпы халықтық ауызекі формалармен байытылған жазба тілдің варианты. «Нур» газетіне басталған пікірталас «Йолдыз», «Ахбар» газеттерінде және «Шура» журналында жалғасып жатты. Көптеген татар интелегенциясы (Ғ.Тоқай, Дардманд, Г.Ибрагимов, Ф.Амирхан, Х.Максуди, Г.Исхаки, Ш.Камал, М.Гафури және т.б.) «Тарджиман» газетінің тіліне қарсы болды. Шығармаларын ескі татар әдеби тілінің оғыздық вариантымен жазып жүрген жазушылардың көбі жалпыхалықтық ауызекі вариантқа өте бастады.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында түрік тілінің татар әдеби тіліне әсері жазба әдебиеттің барлық жанрында байқалады. Сол уақыттарда жазушы-демократтар «Тарджиман» газетінің тілін және оның редакторы И.Гаспринкийді сынап отырды. Татар ақыны Ғ.Тоқай «Менің ойымша «Тарджиман» газетінің бізге, татарларға еш қатысы жоқ, оның тілі қырымдық, бізге жат тіл»,-деп жазды. Дейтұрғанмен, бұған қарамастан, татар әдеби тілінің оғыздық варианты ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында татар халқының тарихында үлкен рөл атқарды.
«Қоғамдық-экономикалық қайта құру дәуірінде көрнекті жазушылар мен ағартушылардың осы тілде жазылған шығармалары ағартушылық идеяны таратуға, татар халқының рухани және мәдени өмірін байытуға қызмет етті. Сонымен қатар татарлардың басқа түркі халықтарымен мәдени жақындасуына көмегі тиді».
Күнделікті шығып тұратын баспасөздегі пікірталастарда татар тілінің дыбысталуын жазуда қалай белгілейміз, газеттік мақаланы, ғылыми еңбекті, ресми құжаттарды, көркем әдеби шығармаларды қай тілде (қай вариантпен) жазамыз деген мәселе туындады. Сондықтан татар ұлттық әдеби тілінің негізгі теориялық және практикалық сұрақтарына жауап беру қажеттілігі туды. Осы уақыттарда татар тілін салыстырмалы түрде зерттеу жалғасын тауып жатты. Баспа ісі кеңіді, әдеби тілдің үш вариантында, сонымен қатар жапы халықтық ауызекі тілге жақын тілде барлық жанрлар мен стилдердегі әдебиет көптеп басыла бастады. «Урта лисан» (орта тіл) термині айналысқа шықты.
Бізге белгілі болғандай, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда татар қоғамында ағартушылық идея қалыптасты. Татар ағартушылық ой-санасының ең бір дамыған кезеңі ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы дінтанушы ғалым, философ және тархшы Ш.Марджанидің (1818-1889) шығармашылығымен тығыз байланысты. Сонымен қатар осы қатарға мынадай көрнекті ғалымдар мен жазушы, ағартушыларды қосуға болады: К.Насыйри (1825-1902), Х.Фаизханов (1828-1866), Г.Фаизханов (1850-1910), Р.Фахретдинов (1859-1936), А.Максуди (1868-1941), С.Максуди (1878-1957), Ф.Карими (1870-1937), М.Акьегетзаде (1864-1923), З.Бигиев (1870-1902), М.Д.Бигиев (1875-1949) және т.б. Татар қоғамы ХІХ ғасырдың екінші жартысында осы ағартушы ғалымдардың үнін естіді және бүгінгі күнге дейін олардың қаламынан туындаған ағартушылық идея өз маңызын жойған жоқ.
Ағартушылықты ұстанушылар гуманизм идеясы мен жеке бастың бостандығын барынша қорғады, сол заманда орын алған қоғамық қатынастардың түбегейлі қайта құрылуын талап етті, ұлттық өмірдегі үндей отырып, орта ғасырлық артта қалушылық тұтқынынан қоғамды құтқаруға күш салды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында татар ағартушылары К. Насыйри, Х.Фаизханов, Г.Ильяси, З.Бигиев, Ф.Халиди және тағы басқалары татар әдеби тілінің дамуына көп үлес қосты.
ХХ ғасыр басында Қазан түркілік лингвистикалық мектебінің игі дәстүрлері жалғасын тапты. Татар тілі бойынша оқулық жазу қажеттілігі туындап, татар тілінің грамматика, фонетика, орфография сияқты негізгі салалары дами бастайды. ХХ ғасыр басында татар тілі бойынша он шақты оқулық жарыққа шықты. Г.Ибрагимов, Н.Хакимов, М.Фазлуллин еңбектерінің тарихи тұрғыда ғана емес, ғылыми маңызы зор болды. Араб жазуынан латын жазуына өтерде татар тілінің дауысты және дауыссыз дыбыстары Г.Шараф және В.Богородицкий тарапынан зерттелді
Тіл білімі және фольклор салсындағы К.Насыйридың зерттеулерін атап өтуге болады. Ол математика, биология, география, тарих және т.б. көптеген пәндер бойынша оқулықтар, ерекше еңбектер жазып, аудармалар жасады. Ағартушы ғалым, тарихшы, дін танушы, қоғам қайраткері Р.Фахретдинов (1859-1936 шариат ережелері мен хадистерді түсіндірген «Джавамигуль калим шархе» атты еңбегінде сол кезде кең тараған жалпы түркі сөздерімен қатар араб-парсы элементтерін бойына сақтаған татар әдеби тілінің вариантын қолданды. Осы қатарда дінтанушы ғалым М.Д.Бигиевті айтуға болады. Араб тілін жетік білген ол өзінің шығармаларында араб-парсы элементтерін бойына сақтаған татар әдеби тілін қолданды. Муса Джаруллах Бигиев шығармаларының мәтінін саралау - жазба дәстүрдің үш вариантына, атап айтсақ 1) түркі-татар, 2) джадид-осман (түрік), 3) араб-парсы нұсқаларына негізделген синкреттелген тілді зерттеудің алғашқы бастамасы болары хақ. Өз шығармаларында М.Д. Бигиев барлық түркі халқына ортақ, түсінікті деп саналған «урта лисан» (орта тіл) тілін қолданды.
Дегенмен көрнекті ағартшы, дінтанушы М.Д.Бигиев шығармаларының тілін графо-фонетикалық тұрғыдан зерттегенде араб графикасына негізделген дәстүрлі орфографиялық мектепке, яғни «иске имле» жазба дәстүріне сүйенгенін байқаймыз. Татар тіліне ғана тән дыбыстарды арнайы белгілеген графика ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы татар әдеби тілінің дыбыс жүйесін толық көрсете білген. Мәселен, дауыстылар төрт әріппен берілді: ۱( сөз басындағы а, ә ), ہ (сөз соңындағы а, ә), و (әр түрлі позициядағы о, ө, у, ү), ى (сөз ортасы мен соңындағы и, ы ).
Татар әдеби тілінің әр кезеңдегі деңгейлерінде ғасырдан ғасырға ұласқан сабақтастық, байланыстылық болғаны анық көрінеді. 1930-1940 жылдары татар әдеби тілінің мәселесі мектеп оқуылығы деңгейінде ғана қалды. 1950 жылдардағы КСРО-дағы тіл білімі туралы дискуссиядан кейін ғана ғылыми зерттеулер жандана бастады. Орыс грамматика ғылымына негізделген грамматикалық оқулықтар, әдістемелік құралдар ғалымдар тарапынан жазыла бастады. Бұл тұрғыда В.Хангилдин, М.Закиев, Ф.Ганиевтердің еңбектерін атауға болады. 1960 жылдары Жоғары оқу орындарында «Қазіргі татар әдеби тілі» (В.Хангилдин, Х.Курбатов, К.Сабиров, Р.Шакиров) пәні оқытыла бастады. Бұл пәнде татар тілінің лексика, фонетика, орфоэпия, орфография, морфологиясы қарастырылды. Л.Залялетиновтың жетекшілігімен татар диалектологиясы жеке ғылыми бағыт болып қалыптасты. Бұл салада Н.Бурганов, Л.Махмудов, Д.Рамазанов, Ф.Юсупов, Ф.Баязитов, Л.Арсланов, Т.Хайрутдиновтардың еңбегі зор. «Татар халықтық говорларының Атласы» құрастырылып, жарыққа шықты. Бұл еңбекте Сібір, Астрахан татарларының мәліметі болмағанмен, татар тілінің шығыс (сібір) диалектісі тыңғылықты зерттелген. Эксперименталды фонетика бойынша У. Баучурдың еңбектері белгілі болды. Г.Ахунзянов фразеология бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Татар тілінің тарихы мен стилистикасы бойынша В.Хаков, И.Низамов, Э.Тенишев, Ф.Фасеев, С.Повирисов, Х.Курбатов, Ф.Хисамова, Ф.Нуриева, Г.Нуриев, А.Тимерхановтар өнімді еңбек етті. Түркі тілдерінің ішінде ең ғылыми әлеуеті жоғары татар тілі, татар тілі білімі екені сөзсіз. Дегенмен, Кеңес Одағының тілдік саясаты татар тілінің қоғамдық, әлеуметтік қызметінің өрістеуіне мүдделі болмады.
ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап, біртұтас кеңес халқын қалыптастыру идеясы келмеске кетіп, саяси қайта құрулар басталды. Ұлттық ояну, ұлттық тілдерді сақтау, дамыту қолға алынды. Осы кезеңнен татар тілі білімі жаңа серпінмен дами бастады. Осы кезеңдегі үлкен жетістік үш томдық «Татар грамматикасын» жазу аяқталып, жарыққа шығуы еді. М.Закиев, Ф.Ганиев, Х.Салимов, Д.Салимова, Н.Бурганова, З.Валиуллина, Х.Курбатов, К.Зиннатуллина, С.Ибрагимов, М.Сагитов, Д.Тумашева, Ф.Хисамова сияқты ғалымдардың жетекшілігімен жарияланған бұл еңбек Татарстан Республикасының мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.
В.Сафиуллина мен М.Закиевтің «Қазіргі татар тілінің жоғары оқу орнына арналған курсы» 2006 жылы баспадан шықты. 2003 жылы Х.Курбатовтың басшылығымен «Татар әдеби тілінің тарихы» құрастырылып, жарияланды. Осы мәселемен И.Баширов белсенді шұғылданды. 2009 жылы «Татар халықтық говорларының үлкен Атласы» (Д.Рамазанов, Ф.Баязитов, Т.Хайрутдинов, З.Садыкова, Р.Барсукова) жазылды.
Қазіргі татар тілі – Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан Республикасының мемлекеттік тілі болғандықтан, ондағы қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылады. Миллиондаған данамен мерзімді баспасөз, әр алуан әдебиет шығады. Республика тұрғындарына түгелдей оқып, үйрену міндеттеледі.
«2004-2013 жылдарға арналған Татарстан Республикасындағы мемлекеттік тілдерді және Татарстан Республикасындағы басқа да тілдерді сақтау, (изучение) оқу және дамыту» мемелекеттік бағдарламасының (2004 жылдың 11 қазанында Татарстан Республикасының №52-ЗРТ заңымен бекітілген) жүзеге асыруда біршама жетістіктерге қол жеткізілді. Бағдарламаны жүзеге асыру жылдарында тілдік мәселе Татарстан Республикасының мемлекеттік ұлттық саясатының ең негізгі бағыты болды.
Бағдарламаны жүзеге асыруды қадағалау үшін 2008 жылы 27 маусымда Татарстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қарарымен Татарстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанынан Татарстан Республикасының тілдері туралы заңнамаларын іске асыру жөнінде Кеңес құрылды. Кеңес жанында оқу-білім беру үдерісіне тілдерді қолдану және оқыту мәселесі бойынша, тілдерді практикалық қолдану қолдану мәселесі бойынша, татар тілінің терминологиясы мен ономастикасы, орфографиясы, тілдерді дамытудың ғылыми және құқықтық негіздері бойынша Комиссия жұмыс жасайды. Кеңес мәжілістерінде Татарстан Республикасының тілдік саясаты бойынша өзекті мәселелердің қарастырылуы – Татарстан Республикасының тілдері туралы заңнамаларын жүзеге асыру бойынша муниципалдық білім беру құрылымдарының, министрліктер мен ведомствалардың жауапкершілігін арттырып және қызметтерін кеңейтіп, жандандыруға ықпал етті.
Ресей Федерациясының Аймақтық даму Министрлігі мен Татарстан Республикасы арасында мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыру саласында ынтымақтастық жөнінде Келісім қабылданды (13.03.2013). Осы шараның аясында Татарстан Республикасы териториясында тұрып жатқан, Ресей Федерациясы халықтарының ана тілдерін дамытуға және жағдайына мониторинг жүргізуге аталған министрліктер тарапынан ықпал етіп, әрекетке көшу Келісіміне қол жеткізілді.
Татар тіліндегі нормативті құқықтық құжаттарды белсенді қолдану және тұрғындарды барынша тиімді ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында маңызды федеральдық заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерді татар тілне аудару жұмысы қолға алынды. Татарстан Республикасы Әділет Министрлігі жанынан Татарстан Республикасы мен Ресей Федерациясының негізгі нормативтік құқықтық актілерінің татар тіліндегі электрондық базасы (библиотека) құрылды.
2004-2013 жылдарға арналған Бағдарламаның басты бағыты екі тілді және толерантты жеке тұлғаны қалыптастыру, мәдениаралық интеграция (поликультурной среды) жағдайында тіл мен мәдениетті сақтау, дамыту үшін біртұтас білім беру және тәрбие кеңістігін құру болды. Жалпы білім беретін және мектепке дейінгі ұйымдарды қоса отырып, ана тілінде білім берудің тұтас жүйесін қалыптастыруды дамыту жалғасын тапты. Тұрғындардың этномәдени қажеттілігін іске асыру мүмкіндігін кеңейту үшін қосымша білім беру жүйесінің орны бөлек. Республиканың қосымша білім беретін 30 орталығында (жексенбілік мектеп) республикада тұрып жатқан халық өкілдерінің 28 тілі оқытылады.
2004-2013 жалдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыру жылдарында республиканың оқу орындары татар тілі мен әдебиетін оқытуды ұйымдастыру мақсатында оқу-әдістемелік құралдармен және кәсіби кадрлармен қамтамасыз етілді. Ұлттық білім беруді дамыту мақсатында біршама жұмыстар істелді. Татарстан Республикасының мемлекеттік тілдерін оқыту, үйрету үшін әдістемелік кабинеттердің оқу-материалдық базасы жасақталды. Кабинеттер тиімді технологиялармен, заманауи құрал-жабдықтармен, сурет материалдармен және көрнекті құралдармен жабдықталды. Тіл үйретуде интерактивті білім беру өнімдерінің жүйесі қалыптаса бастады. Республиканың жоғары кәсіби білім беру мекемелеріндегі білікті ғылыми-оқытушылық корпустың арқасында татар тілінде оқытылатын топтар қалыптасты, оқу-әдістемелік база белсенді дами бастады. Барлық жоғары білім беру ұйымдары мен орта кәсіби білім беру ұйымдары татар тілін оқытатын әдістемелік және оқу кабинеттері құрылды. Дегенмен, Татарстан Республикасының екі мемлекеттік тілін білетін мамандардың қажеттілігіне қарамастан, жоғары білім беру ұйымдары мен орта кәсіби білім беру ұйымдарында татар тілінде оқытылатын пәндердің үлесі 2,5 пайыз көлемінде ғана қалып отыр.
Татарстан Республикасының мемлекеттік өкімет ұйымдарының жұмысында республиканың мемлекеттік тілі ретінде татар тілінің тең құқылы және оңтайлы қызметін іске асыруға көп көңіл бөлінді. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарында, мекемелерде, кәсіпорындарда, республикалық ұйымдарда татар тілінің қызметін жандандыру қолға алынды. Кәсіптік біліктілікті арттыру және тілді оқытуда тұтас жүйемен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік және муниципалдық қызметкерлер, әр саланың жұмысшылары мен тұрғын халық үшін татар тілі курстары ұйымдастырылды. Әлеуметтік зерттеулер бойынша татар ұлты өкілдерінің 93,6 пайызы және орыс ұлты өкілдерінің 69,1 пайызы мемлекеттік және муниципалдық өкімет органдарында жұмыс жасаушылар үшін екі мемлекеттік тілді игеру қажеттілік деп санайды, ал татарлардың 91,4 пайызы мен орыстардың 63,2 пайызы қызмет көрсету саласында жұмыс жасаушылар үшін екі тілді білу керек деп пікір білдірді. Бұл көрсеткіш бірінші жағынан, республикадағы тілдік жағдаяттың жақсы үрдісін (тенденциясын) білдіреді, екінші жағынан әлеуметтік маңызды салалар үшін екі мемлекеттік тілді білетін маман дайындауда мемлекет тарапынан жүйелі шара ұйымдастырылу қажеттілігін көрсетеді.
2004-2013 жылға арналған Бағдарлама аясында елдің жетекші лингвистері, әлеуметтанушылары, психологтары, этнологтары, педагогтар мен мәдениеттанушылары тарапынан Татарстан Республикасындағы тілдік жағдаятты (ситуация) талдау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Тіл туралы заңнамаларды іске қосуда тәжірибе жинақталды, тілдік саясат мәселелері бойынша федералдық заңнамалар мен халықаралық нормативтік құқықтық актілерге талдаулар жасалды. Татар тілін электрондық ақпараттық кеңістікке интеграциялауды жүзеге асыру үшін жүйелі шаралар қабылданды. Халықты ана тілдегі әдебиеттермен қамтамасыз ету мақсатында қалалық және ауылдық кітапханалар қорлары толықтырылды. Осы он жылдықта татар тілді мектептердің азаюы тоқтатылды.
Барлық үкіметаралық келісімдерде Татарстан Республикасынан тысқары тұратын татарлардың тілдік және мәдени қажеттілігін қанағаттандыру туралы арнайы тараушалар бар.
Тілдік саясат жүргізудің аталған кезеңінде Татарстан Республикасының көпұлтты халқының ұлттық-тілдік мүддесі тұрақтанды, тілдердің бейбіт қатар өмір сүру салты қалыптасты. 2004-2013 жылғы Бағдарламаның нәтижесі көрсеткендей Татарстан Республикасындағы тілдерді сақтау және дамыту үшін мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылған шараларға қарамастан, алға қойылған мақсаттар түгел орындалған жоқ. Кейбіреулерін атап өтуге болады:
а) Ресей Федерациясы халықтарының тілдерін сақтау жөнінде тұтас федералдық бағдарламаның жоқтығынан Ресей Федерациясының территориясында татарлар жиі қоныстаған жерлерде татар тілінің қолданылуында қиындықтар туындады;
ә) 2004-2013 Бағдарламасы жеткілікті қаржыландырылмады;
б) тілдік саясатты құқықтық үйлестірудегі ақтаңдақтардың болды: 2004-2013 жылға арналған Бағдарламада Татарстан Республикасының тілдері туралы заңнамаларды орындамағаны үшін санкциялар мен тілдік қолданыс саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жоқтығы, «Татарстан Республикасы мемлекеттік тілдері және Татарстан Республикасындағы басқа да тілдер туралы» (8.07.1992.№1560-ХІІ) заңды жүзеге асыру ережесі механизімінің жеткіліксіздігі;
в) білім беру туралы федералдық заңнамалардың, оның ішінде қорытынды атестацияда тіл таңдаудың өзгеруі, Ресей Федерациясы білім беру жүйесіндегі білім беру құзыреттілігінің құрамынан ана тілі құзыреттілігінің алынып тасталуы;
г) татар тілін білуге деген ұмтылыстың әлсіздігі;
д) «мектепке дейінгі, бастауыш, орта (жалпы және кәсіби) және жоғары білім беру» схемасы бойынша ана тілінде үздіксіз білім беру жүйесінің толық аяқтамауы;
е) татар тілі бойынша тілдік сертификаттау жүйесінің жоқтығы;
ж) стандарттар мен технологиялар, сәйкесті нормалар негізінде ақпараттық-коммуникациялық кеңістікте татар тілінің қызметін қолдауда кешенділік пен жүйеліліктің жетіспеушілігі.
«2014-2020 жылдарға арналған Татарстан Республикасындағы мемлекеттік тілдерді және Татарстан Республикасындағы басқа да тілдерді сақтау, (изучение) оқу және дамыту» жөнінде мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Аталмыш бағдарлама Ресей Федерациясының Конституциясына, 1991 жылы 25 қазанда қабылданған (№1807-1) «Ресей Федерациясы халықтарының тілі туралы», 2005 жылдың 1 маусымында қабылданған (№53-ФЗ) «Ресей Федерациясының мемлекеттік тілі» федералдық заңдарына, 2012 жылдың 19 желтоқсанында (№1666) Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен бекітілген «2025 жылға дейінгі кезеңге арналған Ресей Федерациясының мемлекеттік ұлттық саясат Стратегиясына», Татарстан Республикасы Конституциясына, 1992 жылы 8 шілдедегі (№1560-ХІІ) «Татарстан Республикасының мемлекеттік тілдері туралы және Татарстан Республикасының басқа да тілдері туралы» және 2013 жылғы 12 қаңтарда қабылданған (№1-ЗРТ) «Татар тілін Татарстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде қолдану туралы» заңдарына және 2008 жылы 3 шілдеде (№УП-312) Татарстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Татарстын Республикасының мемлекетік ұлттық саясатының Концепциясына негізделе отырып, жасалынды. Бұл бағдарлама Татарстан Республикасындағы мемлекеттік тілдерді және Татарстан Республикасындағы басқа да тілдерді сақтау, оқу (изучение) және дамытуға ыңғайлы жағдай туғызуға бағытталған.
Татарстан Республикасында 173 ұлттың өкілдері тұрып жатыр. Саны 10 мың адамнан асатын 8 ұлт бар: тататрлар (53,5 пайыз), орыстар (39,7 пайыз), чуваштар (3,1 пайыз), удмурттар (0,6 пайыз), мордва (0,5 пайыз), марийлер (0,5 пайыз), украиндықтар (0,5 пайыз), башқұрттар (0,4 пайыз) және т.б. 2010 жылғы Бүкілресейлік халық санағы көрсеткендей, Республикада қалыптасқан көпмәдениеттік жағдай ұлттық екі тілділік пен көптілділіктің кең тарағанын көрсетеді. Оның ішінде:
Татарстан Республикасында тұратын, өз ана тілін білемін деп көрсеткен халықтың үлес салмағы: татарлар – 92,4 пайыз, орыстар – 99,9 пайыз, чуваштар – 82,1 пайыз, удмурттар – 83 пайыз, мордвалар – 66 пайыз, марилер – 72,5 пайыз, украндықтар – 47,5 пайыз, башқұрттар – 46,3 пайыз.
Көп ұлтты Татарстан Республикасы тұрғындарының орыс тілін білу көрсеткіші: татарлар – 95,5 пайыз, орыстар – 99,9 пайыз, чуваштар – 97,3 пайыз, удмурттар – 96,1 пайыз, мордвалар – 99,4 пайыз, марилер – 97,3 пайыз, украндықтар – 99,7 пайыз, башқұрттар – 99 пайыз.
Көп ұлтты Татарстан Республикасы тұрғындарының татар тілін білу көрсеткіші: татарлар – 92,4 пайыз; орыстар – 3,6 пайыз, чуваштар – 14,1 пайыз, удмурттар – 35 пайыз, мордвалар – 4,4 пайыз, марилер – 29,8 пайыз, украндықтар – 3,6 пайыз, башқұрттар – 65,7 пайыз.
Татар тілін игеру дәрежесінің артуының басты себебі республиканың білім беру жүйесіне татар тілін оқытуды енгізу екенін атап өткен жөн. Білім беру мекемелеріндегі жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша орыс тілді оқушылырдың 12 пайызы татар тілінде еркін сөйлейді, оқиды, жаза алады, респонденттердің 20 пайызы қиындықпен сөйлейді, 23 пайызы түсінеді, бірақ сөйлемейді, ал 34 пайызы татар тілін білмейді.
Республика тұрғындарының мәдени-тілдік құқығын жүзеге асыру үшін заңнамалық база қалыптасқан. Сонымен қатар тілдік салада федеральдық, аймақтық және муниципалдық деңгейде нормативті құқықтық үйлестірулер бар.
Тілдердің дамуына ақпараттық кеңістік зор әсер етеді. Соңғы кездерде тілдердің лексикалық көлемінің қысқаруы, орфографиялық, пунктуациялық және стилистикалық қателердің көбеюі, оның ішінде ақпарат құралдарында байқалады. Жастардың тілі шетелдік сөздермен, жаргондармен, вулгаризмдермен және компьютерлік лексиканың қалдықтарымен (издрежки) толы. Мемлекеттік, ведомостылық және муниципалдық өкіметтің барлық деңгейінде тілдерді қорғау механизмін дайындаудың қажеттілігі айтылып отыр. Бұл бағытта білім мекемелері жетекші орын алады. Татарстан Республикасында мемлекеттік тілдерді оқу және ана тілде білім алуды дамыту қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, жалпы білім беретін мектептерде 8 ана тілі оқытылады: орыс, татар, чуваш, марий, удмурт, мордва, башқұрт, иврит.
Соңғы екі онжылдықтағы гуманитарлық саладағы ғылыми-іргелі зерттеулердің жағдайын талқылау теориялық сипаттағы іргелі еңбектердің жетіспеушілігін көрсетеді. Отандық, әлемдік лингвистика мен татар тіл білімінің жетістіктері әлі де толық іс жүзінде қолданылмай келеді. Қазан ғылыми лингвистикалық мектебінің дәстүрін дамыту және сақтау жаһандану тұсында да өте маңызды. Елдегі жазба мәдениет ескерткіштерін сақтау ісі өзекті болып тұр. Көне жазбалардың тілін танып-түсіну, Татарстан Республикасының мұражай қорларындағы және кітапханаларындағы ескі баспа кітаптарын зерттеу қажеттілігі туындап отыр. Шетелдік мұрағаттардағы, кітапханалардағы, мұражайлардағы татар ұлтына тікелей қатысты жазба ескерткіштерді тауып, кейін қайтару және осы деректерді ғалымдар мен жалпы қоғамның кең көлемде зерттеуіне мүмкіндік туғызу қажет.
Татар халықының даму тарихы күрделі. Жаһандану дәуірінде тұсында Ресей татарлары мен әлемдегі татар ұлтының өкілдерінің мәдени ассимиляциясы күшеюде. Татар тілінің қоғамдық қызметінің әлісіреуі ұлттық өзіндік ерекшеліктің және ғасырлық дәстүрлердің жоғалуына басты себеп. Ана тілін жақсы білетін татарлардың азаюы дәстүрлі сипат алып отыр. Бұл үдеріс татар тілді мектептер санының азайуымен, татарлар жиі қоныстанған аймақтарда жоғары білім беретін оқу орындарында татар бөлімдерінің қысқартылуымен, оқу жүйесінде татар тілінде толық қызмет көрсетудің институциональдық саяси-құқықтық және мүмкіндіктерінің әлсіреуімен жалғасын тапты. Татар халқының ана тілін және этникалық мәдениетін жолғалту қауіпі әдебиет пен мәдениетті,татар тілін дамыту мен тарату, сақтау мәселесінің өзектілігін арттырады.
2014-2020 жылдарға арналған Татарстан Республикасындағы мемлекеттік тілдерді және Татарстан Республикасындағы басқа да тілдерді сақтау, оқу (изучение) және дамыту» жөнінде мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты бар.
Басты мақсат – Татарстан Республикасы татар, орыс тілдерін және басқа да тілдерді, соныен қатар республикадан тыс жерлердегі татар тілін сақтау, оқу (изучения) және дамыту үшін жағдай қалыптастыру.
Алға қойылған мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер белгіленді:
Татарстан Республикасы тілдік саясатының нормативтік құқықтық қамтамасыз етілуін жетілдіру;
Татарстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде татар тілінің жан-жақты қызметіне қолдау көрсету;
Татарстан Республикасында татар және орыс тілін оқу, татар және орыс тілінде білім берудің тұтас жүйесін дамыту, Татарстан Республикасынан тыс жерлерде татар тілін оқуға, үйренуге қолдау көрсету;
Татарстан Республикасында татар және орыс тілін сақтау, дамыту үдерісін ғылыми және ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамту:
Татарстан Республикасында тұрып жатқан халықтардың тілдерін сақтау және дамыту;
Тарастан Республикасындағы мемлекеттік тілдердің және басқа да тілдердің әлеуметтік статусын көтеру;
Татарстан Республикасының этнотілдік жағдаятына мониторинг жүргізу.
Аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін зиялы қауым талмай еңбектенуі қажет. Мәңгүрттер мен көзқамандардың ұлттық санасын сілкіндіріп ояту, өз ұлты өкілдері мен басқалар тарапынан татар тілін құрметтеуге, сыйлауға үйрету игілікті де ауыр жұмыс. Татардың тамаша ұлттық мінезіне ұлтаралық татулық мәдениетін қастер тұту жатса керек. Мұның өзі адамның білімі мен мәдениетіне қоса, басқа ұлт өкілімен ортақ тіл таба білуі екені анық. Татарстандағы жүз жетпіске жуық халық өкілі арасында ұлттық төзбеушілік, алауыздық байқалған емес. Ересек татарлар түгелдей орыс тілінде еркін сөйлейді. Бұрынғы Кеңес Одағындағы ең көп санды халықтың бірі болғанына қарамастан, татар халқының тәуелсіз мемлекет статусының болмауы өкінішпен айтылып келеді, әділетсіздік деп танылуда. Кең-байтақ өлкеде жинақы қоныстана алмай, бөгде тілді ортада азшылық боп өмір сүру салдарынан татар ұлтының көп бөлігінің тілден де, діннен де, әдет-ғұрыптан да алшақтап қалуы көп ғасыр бойы тағдыр тәлкегіне ұшырап, қыруар зардап шегіп, құғын-сүргінге ұшыраған халықтың ұлттық қасіреті іспеттес. Қазір жағдай түзеле бастаған секілді. Ресей Федерациясы құрамындағы Татар республикасына айрықша статус беріліп, егемендігіне, еркін ішкі-сыртқы саясатына дұрыс жағдай тудыра бастағандай. Татар зиялылары Отаншылдық, қоғамдық үздік сана – туған халқының рухани қайнар көзі, елдік пен ерліктің қайнар көзі деуден танған емес.
2011 жылы 9 маусымда Қазан қаласында орыс тілін қолдау мақсатында пикет болды. Осы пикетке шығушылармен ТНВ (Татарстан Новый Век) каналының «Татар хабары» бағдарламасының жүргізушісі Эльмира Исрафилова сөзге келіп қалды. Батыр қыз Эльмира «татар тілі үшін кез келгеннің кеңірдегін қиямын» депті. «Регнум» ақпараттық агенттігінің айтуынша, бұл сөз Татарстанды ғасырлар бойы өз отаны санап жүрген орыс қауымының ренішін туғызды. Татарстан ғылым Академиясының бір жас ғалымы Азаттық радиосына берген сұхбатында, аты-жөнін айтудан бас тарта отырып, кейінгі кезде Татарстанда орыс ұлтшылдығы белең алғандығын, олардың мақсаты халықты екі топқа бөлу екендігін айтқан. Бұл тіларалық майданының бір сәті ғана.
Қорыта айтқанда, татар тілін сақтау, әдемі, бай тілді кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатындағы ұлы күрес жүріп жатыр. Татар тілі Ресей халқының байлығы. Оның мүддесі орыс тілінің мүддесінен бірде-бір кем емес.Татар тілі түркі тілдерінің арасында басты орталық, алтын тамыр. Татар тілінің құқығы мен мәртебесінің әлеуметтік-саяси жағынан қорғалуы, даңғыл даму жолына түсуі - Ресейдің түркі әлемімен жақындасуының, интеграциялануының бірден-бір кепілі.
Достарыңызбен бөлісу: |