Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Қырым-татар тілін өркендетудегі Исмаил Гаспралының рөлі.
2. Қырым-татар тілінде оғыздық белгі басым ба, әлде қыпшақтық па?
3. Қырым-татар тілінің әдебиет үлгілерін талдап, зерделе.
4. Қырым-татар тілінің ғылыми тұрғыда зерттелуі.
5. Қырым-татар және қырымшақ тілдерінің бүгінгі саяси-әлеуметтік жағдайы
6. Қырым түбегі Ресей Федерациясы құрамына кірді ме?
Құмық тілі
Құмық тілі – Дағыстан Республикасына, Шешенстанның солтүстігіне және Солтүстік Осетияның Моздок ауданына және Түркияға, Таяу Шығыстың бірқатар елдеріне тараған тіл. Қарачай-балқар, ноғай тілдерімен қатар, түрік тілінің қыпшақ тобына жатады. Құмық тілінде сөйлеушілердің саны, 2010 жылғы санақ бойынша, 426212 адамды құраған. Орта ғасырларда құмықтар Солтүстік Кавказдағы саны өте көп халық болған. Олар мекендеген кең аймақ оңтүстігінде Дербенттен, солтүстігінде Кума өзенінен және Теректің ағып шыққан бастауынан батысында жазыққа дейін созылып жатты. Құмықтар жататын тілдік топқа этногенезі, тілі, мәдениеті, діні және көп жағдайда тарихи тағдырлары ұқсас балқар, қарашай, қырым татарлары, сондай-ақ бірқатар белгілері бойынша ноғайлар мен терекемейлер – дағыстандық әзірбайжандар да енеді.
Құмық тілі моңғолдық дәуірге дейін, ХІІІ ғасырда қалыптасқан деп есептеледі. Құмық тілі Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейін де ұлысаралық қызмет атқарған. XVII ғасырдан Солтүстік-Шығыс Кавказда құмық тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде және орыс әкімшілігімен ресми тіл болып қалыптасты.
Көп ұлыстардан құралған Дағыстан мен Солтүстік Кавказды көптеген ұлттар мен ұлыстар мекен еткендіктен, олар қарым-қатынас құралы ретінде құмық тілін қолданған. Осы аймаққа келген ресейліктер де құмық тілін үйренуге мәжбүр болған. Қазіргі уақытта сан жағынан аз халық – құмықтардың тілі бір кездерде халықаралық тіл деңгейінде болғандығы, шын мәнінде, таңғаларлық.
1928 жылға дейін құмықтар араб жазуын қолданған. 1928-38 жылдары латын графикасына негізделген әліпби, 1938 жылдан кириллица қолданылады. Құмық әліпбиінде 38 әріп және 6 қосымша әріп: гъ (ғ), къ (қ), нъ (ң), оъ (ө), уь (ү), ж (дж) бар. Құмық тілінде 8 дауысты дыбыс бар: а, е, ы, и, о, оь, у, уь, кейбір, негізінен, кірме сөздерде дауысты ә дыбысы кездеседі.
Қазіргі құмық алфавиті:
А а, Б б, В в, Г г, Гъ гъ, Гь гь, Д д, Е е, Ё ё, Ж ж, З з, И и, Й й, К к, Къ къ, Л л, М м, Н н, Нг нг, О о, Оь оь, П п, Р р, С с, Т т, У у, Уь уь, Ф ф, Х х, Ц ц, Ч ч, Ш ш, Щ щ, Ъ ъ, Ы ы, Ь ь, Э э, Ю ю, Я я.
10 сөз табы бар: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, жалғаулық, демеулік, одағай, көмекші сөздер.
Грамматикалық текке бөлінбейді. Көптік жалғау -лар (-лер) жалғауы арқылы жасалады. Септеу жүйесі алты септіктен тұрады. Сөзжасамның негізгі тәсілдері: қосымша арқылы, күрделі сөздер арқылы.
Құмық тілі мынадай бес диалектіден тұрады: хасавюрт, бойнақ, қайтақ, таулы және тер.
Қазіргі құмық әдеби тілі хасавюрт және бойнақ диалектілерінің негізінде қалыптасқан. Құмық диалектологиясының ғылым ретінде негізін қалаған көрнекті түрколог-ғалым Н.К. Дмитриев.
Құмық тілін білу шетелдерде, бірқатар Шығыс елдерінде тұратын әзірбайжан, ұйғыр, өзбек, қазақ, түрікмен халықтарының өкілдерімен де қарым-қатынас жасауға септігін тигізеді.
Құмық тілін білген адам Шығыс тарихы мен мәдениетімен терең танысып, түпнұсқаларды оқи алады. Құмық тілінде жазылған жазба ескерткіштер ХVІ ғасырдан белгілі болған.
Құмықтар – Дағыстан Республикасының байырғы халықтарының бірі, Солтүстік Кавказдағы түркі халықтары ішіндегі біршама ірі ұлтқа жатады. Дағыстан халықтары арасында саны бойынша 3-орында, Ресей Федерациясында – 503,1 мың адам, оның 431,7 мыңы (14,9%) – Дағыстан Республикасында. Дағыстандағы құмықтардың жартысы (51%) ауылдық аймақтардағы Қарабудахкент, Бойнақ, Кумторқалы, Бабаюрт, Қыякент, Хасавюрт, Қызылюрт және Қайтас сияқты сегіз ауданға таралған. Барлық құмықтардың жартысына жуығы Махачкала, Бойнақ, Хасавюрт т.б. қалаларда және қала типтес елді мекендерде, қалалық елді мекенге айналған бұрынғы құмық ауылдарына топтастырылған. Құмықтар ежелден осы өлкенің құнарлы жазығын мекендеген. Дағыстаннан тыс Ресейдің басқа аймақтарында 71 мыңға жуық адам, яғни Ресей Федерациясындағы құмықтардың 14%-дан астамы тұрады.
Біріншіден, тарихи ежелгі этникалық территориялары Шешен Республикасының Гудермес және Грозный аудандарында (9 мың адамға жуық) және Солтүстік Осетия – Алания Республикасының Моздок ауданында (13 мыңға жуық адам) үлкен-үлкен топтармен өмір сүруде. Екіншіден, құмықтардың елеулі бөлігі соңғы онжылдықта Ресей Федерациясының Ставрополь өлкесіне (6 мың адамға жуық), сондай-ақ Тюмень облысына (12 мың адамнан астам), Югра – Ханты-Мансий автономиялық аймағына (10 мың адамға жуық), Ямала-Ненец автономиялық аймағына (3 мың адамға жуық) қоныстанды.
Бұған құмықтардың таулы аймақта тұратын құмықтардың бір бөлігінің жазыққа ұйымдасқан түрде жаппай қоныс аударуы, жұмысқа орналасу мәселесінің ушығуы себеп болды.
Құмықтардың ірі қауымы Мәскеу қаласында және Мәскеу облысында (2,4 мың адам), Астрахан және Ростов облыстарында (1,4), Волгоград облысында, Кабардино-Балкария, Қалмыкия және Краснодар өлкесінде (0,9-0,6) және Санкт-Петербург қаласында (0,5 мың адам) тұрады.
Алыс шетелдерде құмық диаспорасы ортағасырларда қалыптаса бастады, құмықтардың жаппай көшіп-қонуының басталуы әсіресе Солтүстік Кавказдың басқа да халықтары сияқты, XIX ғасырдың 60-70-жылдары Кавказ соғысы аяқталған кезеңге сәйкес келеді. Сол уақыттан бастап солтүстіккавказдықтардың, оның ішінде құмықтардың да үлкен бөлігі Түркия, Иордания, Сирия және әлемнің басқа да елдеріне қоныстанды. Қазіргі уақытта Қазақстан, Украина, Өзбекстан, Түрікменстан және Әзірбайжан сияқты жақын шетелдерде де құмықтар мекен етеді.
Өздерінің аты – къумукъ (құмық), осы эндоэтнонимнен орысша, ноғайша – кумык, шешенше – гIумкхи сөзі шығады, Дағыстанның таулы халықтарында құмық сөзі «өзен аңғары тұрғындары» деген мағынаны білдіреді. Ғалымдар құмық этнонимінің этимологиясын түрліше түсіндіреді: оның ішінде «гунн» (тайпа аты), «къон» + «укъ» (салт атты тайпа), «кум» (құм), «кув» (аққу, шамамен, бұрынғы тайпалар тотемі). Ғылымда «құмық» этнонимінің шығу тегі айқын емес. Кейбір зерттеушілер оны қимақ-қыпшақпен – түркі тайпалары бірлестігінің атауымен (ІХ ғасырдың 2-жартысы) байланыстырса, енді бірі «құм», «құмлық» дегеннен шығады деп есептейді.
Құмықтар Солтүстік Кавказдағы үлкен еуропоидтік нәсілдің кейбір топтарда кавказдық түрімен араласқан ежелгі каспийлік антропологиялық түріне жатады. Дағыстанның көне жазулы әдеби тілінің бірі – құмық тілінде сөйлейді. Ол түркі тілдерінің қыпшақ тобына жатады, әйтсе де құмық тілінде ғұндар тілінің (б.з. IV ғ.), бұлғар, хазар (V – Х ғғ.) және оғыздар (XI – XII ғғ.), тілдерінің көне элементтері кездеседі. X-XI ғасырларда оғыздардың (оғыз-түріктер) Солтүстік Дағыстанға қыпшақтар қысымына шыдамай, көптеп көшіп келуі де құмық тіліне елеулі әсер етті. Осы тайпа тілінің әсерін құмықтардың оғыз тілді көршілермен мәдени-экономикалық байланыста өмір сүруі одан ары күшейте түсті.
Бұл – құмық халқының осы ұлыстардың тарихи ұрпақтарының бірі екендігінің дәлелі. Кавказ халықтары тілдерінің әсері де грамматикалық құрылымында айқын байқалады. Лексикасында орыс тілінен енген кірме сөздер де көп.
Құмықтардың 99%-ы өздерінің ұлттық ана тілі деп құмық тілін санайды. РФ-дағы барлық құмықтардың 96,8%-ы, яғни 409 мың адам өз ана тілдерін біледі. Сондай-ақ 91% құмық орыс тілінде сөйлейді.
Тілді ғылыми-зерттеу орталықтары Ресей ҒА Дағыстан ғылыми орталығының Тіл, әдебиет және өнер институты, Дағыстан мемлекеттік университетінің Дағыстан филологиясы факультеті, Дағыстан мемлекеттік педагогикалық университетінің жалпы және Дағыстан тіл білімі кафедрасы, Ресей ҒА Тіл білімі институтының Кавказ және түркі тілдері зертханасы болып табылады.
Құмық тілінің ұлтаралық байланыс құралы ретіндегі және басқа да қасиеттерін орыс зерттеушілері Кавказ соғысына дейінгі кезеңде-ақ өте жоғары деңгейде сипаттап берген. ХІХ ғасырдың аяғында М.Г.Афанасьевтың «Орысша-құмықша сөздігі» (1893) жарық көрді. Осы тілдің алғашқы грамматикасының – «Татар грамматикасының кавказ тармағы» деген еңбектің авторы Тимофей Макаров 1848 жылдың өзінде-ақ «Татар (түрік) тілінде сөйлейтін тайпалардың ішінде, құмық тілі айқындығы мен дәлдігі, еуропа өркениетіне жақындығы бойынша маған өте ұнайды, сонымен бірге Кавказ тауларының солтүстік шегінде орналасқан барлық ру, тайпалар өз тілдерінен басқа, құмық тілінде де сөйлейтіндігімен ерекшеленеді», – деп мәлімдеген болатын.
Екінші осындай еңбек – «Түрік тілі кавказ грамматикасы» (1857) кітабының авторы Иосиф Адамов та осыған ұқсас пікір білдіріп, «Түрік тілі тармағына жататын құмық тілі солтүстік кавказ тайпалары тілдерінің ішіндегі жергілікті халыққа еуропалық таным, түсініктерді жеткізе отырып, Батыс пен Кавказды байланыстыру қызметін атқарып отыр», – деп атап көрсетті.
XVIII ғасырдағы көрнекті зерттеуші – граф Ян Потоцкий, Солтүстік-Шығыс Кавказдағы құмық тілінің таралу аймағы туралы «Астрахан және Кавказ жерлерінде саяхаттаған 1797-1798 жылдарда Терек пен Дербентке дейінгі халықтар түрік немесе құмық тілінде сөйлейді», – деген қорытынды жасаған.
Сонымен тарихи, этнографиялық және лингвистикалық мәліметтер негізінде келесідей қорытынды жасауға болады: құмық тілі және ұлты Каспий маңындағы өзара туысқан байырғы түрік тайпаларының көптеген ғасырлық байланысы негізінде қалыптасқан. Сондықтан да құмықтар Дағыстанның байырғы халқы болып табылады. Құмық тіліне түрік тілдері мен диалектілерінің ерекшеліктері тән.
Н.А. Баскаков құмық тілінің негізінде болгар, хазар, ең бастысы, далалық тайпаларға тән, тарихи қалыптасқан айшықтардың бар екендігін анықтаған (1952).
Құмық тілі Дағыстан Республикасына Конституциясына сәйкес, 1994 жылы орыс және Дағыстандағы басқа тілдермен қатар, мемлекеттік тіл болып танылды. Ол бастауыш мектепте оқыту тілі ретінде қолданылады, орта мектепте, арнайы орта оқу орындары мен ЖОО-да пән ретінде оқытылады. Құмық тілінде оқулықтар, көркем және публицистикалық әдебиеттер жарық көруде, газет-журналдар шығарылады, радио және телехабарлар таратылады, театр жұмыс істейді.
Құмық тілі – түрік тілді көптеген тайпалардың ұзаққа созылған тарихи кезеңдегі этногенезі негізінде қалыптасқан күрделі де байырғы тіл. Құмық тілінің болашағы зор.
Достарыңызбен бөлісу: |