Оқу пәнінің мазмұны Шешендік өнер туралы түсінік



бет11/20
Дата29.05.2022
өлшемі0,77 Mb.
#35869
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   20
Бақылау сұрақтары:
Орхон жазбаларының жанрлық синкреттілігі, фольклоры дегеніміз не?
«Қорқыт ата кітабы» не жайлы?
«Кодекс Куманикустың» екінші бөлімінде не баяндалған?
Әдебиеттер:

  1. Г.Қосымова. Қазақ шешендік өнерінің негіздері. Білім баспасы, 2003ж.

  2. Тіл мәдениеті. Шешендік өнер: Оқулық / Б.Қ.Қапасова.-Алматы, 2014-224б.

6 практика тақырыбы: Көне түркі және Алтын орда дәуіріндегі шешендік өнер.
Мақсаты: «Қорқыт ата кітабы» жайлы ғылыми мәліметтерді талдау.
Қарастырылатын мәселелер:

  1. Орхон жазбаларының жанрлық синкреттілігі, фольклормен байланысы мәселесі.

  2. Түркі қағандығы дәуірінде шығарылған ерлік эпосының бірі — «Қорқыт ата кітабы» жайлы.

  3. «Кодекс Куманикустың» фольклорлық материалдары жайлы.



Әдістемелік нұсқау Фольклор мен көне әдебиет үлгілері әдетте синкретті сипатта болады. Ежелгі дәуірлерде туған көркем туындылар синкреттілігімен ерекшеленетініндей, синкретизмнің екі түрі де белгілі дәрежеде Орхон ескерткіштерінде де көрініс тапқан. Орхон ескерткіштеріндегі жанрлық синкретизм олардың өнердің басқа түрлерімен, жоқтау, арнау, шешендік сөздер, мақал-мәтел сияқты фольклорлық шағын жанрлармен байланыстылығынан байқалады.
7 Тақырып:Майқыби, Асан Қайғы, Жиренше шешендер
Мақсаты: Майқыби, Асан қайғы, Жиренше шешендердің өмірлері мен шығармашылығынан мәлімет беру.
Жоспар:
Майқы би – аңызға айналған тарихи тұлға, атақты би, шешен.
Асан Қайғы - заманының ойшыл, шешен биі
Жиренше шешен (қазақтың ақыл-парасатымен, тапқырлығымен аңызға айналған ділмәр шешені.
Кілт сөздер: тарихи тұлға, атақты би, шешен, халық аңыздары, халықтың әдет-ғұрпы, шешендік сөздер, әлеуметтік теңсіздік, толғау-жырлар.
Майқы би (12—13 ғғ.) — атақты би, суырып салма ақын. Энциклопедиялық өдебиеттерде оны «Майқы би», «Байқы», «Байқу» деп те атайды. Әкесі — Ман. Майқы жастайынан ақсақ болды. Сондықтан да болар Майқы атанғаны және оның 18-атасының да есімі Майқы болған. Шыңғыс ханның замандасы әрі кеңесшісі. Ел оны ең беделді адам, әулие деп те атаған, себебі, ол ел тағдыры мен оқиғаларды болжай білген. Шыңғысханның ұлы Батысқа жорыққа аттанған кезде әскерінің оң қанатын сеніп тапсыратын болған. Абай Майқы биді 12 бидің санатына қосқан, сонымен бірге ол 1206 жылы Шыңғыс хан моңғолдардың ханы болып сайланған кезде құттықтауға барған 12 ханның бірі көрінеді.
Аңыздар бойынша, ноғайлықтар көшіп, Орманбет би қайтыс болған соң, Майқы би қазақтарды үш жүзге бөлген екен. «Жүз» деген сөз араб тілінен аударғанда «бөлім» деген мағынаны білдіреді. Үйсіндерді «Ұлы жүз», Қабанүлы Болатқажы бастаған бөлікті «Орта жүз», Алшын бастаған бөлікті «Кіші жүз» деп атады. Ноғай хандарының бірі — Ахметті (Алаша хан) үш жүздің ханы етіп сайлады. Бұл бірлестікке барлық 40 рудың өкілдері енген және әр бөлімге айырма белгісі берілді. Сірө, «Кіші жүзді найза беріп жауға қой, Орта жүзді калам беріп дауға қой, Ұлы жүзді таяқ беріп малға қой» деген мәтел сол кезде шықса керек. Сондай-ақ, барлық 40 рудың өкілдеріне де өзіндік айырма белгілері берілген. Үйсіндерге — «жалау», арғындарға — «көз»… Олар (таңбалар) тасқа қашалып салынды. Бұл тастар тарихта «Майқы таңбасы» (Майқы белгілері) немесе «Нұра таңбасы» (Нүра белгілері) деген атпен қалды. Мүның соңғысы жердің атауына байланысты қойылған. Оның көп баласы болған. Ұзын және Қортық атты ұлдарына көңілі толмайтын. Сонда таңданған Майқы би: «Жаманнан жақсы туады дегенге сену қиын, бірақ жақсыдан да колынан іс келмейтін жамандар туатын жағдайлар кездеседі», — деген екен. Халық арасында Майқының бірқатар нақыл сөздері мен ой-толғамдары қалды. «Майқы би айтыпты» дейтін мақал, нақылға айналып кеткен сондай аталы сөздің кейбіреулері мыналар:
“ Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
Ханның биі ақылды болса,
Қара жерден кеме жүргізеді.
Би екеу болса, дау төртеу болады.
Дауыл болмай жауын болмас,
Даулы болған қауым болмас.
Егіз ешкі сауын болмас,
Екі жалқау ауыл болмас.
Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең.
Есерге айтқан тура сөз,
Құмға сіңген сумен тең.
Ақиық қыран қартайса,
Жас жағалтайдан тепкі жейді.
Парақор биге ісің түспесін,
Сараң үйге кісің түспесін.
«Кімнен кім туады?» ”
деген сұраққа Майқы би былай деп жауап берген екен:
“ Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұнқар туады,
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады,
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақбас туады,
Таздан жарғақбас туады,
Сараңнан бермес туады,
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады. ”
Майқы би жүздер арасында болып жататын қызу айтыс-тартыстар мен дау-дамайларға да қатысып жүрген. Ол әрқашан халықтың шешендік сөздері мен мақал-мәтелдеріне сүйене сөйлеген. Ол халық бірлігін бәрінен де жоғары қойған. «Бірліксіз — тірлік жоқ» деген аталы сөз де Майқы бидің аузынан шыққан. Майқы бидің пікірінше, мемлекеттік бірлестіктер халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бойынша басқарылуы тиіс. Ұмыт болған дәстүрлердің де өзіндік мән-мағынасы бар. Оны қазақтар ғана емес, татарлар, башқұрттар, қарақалпақтар, өзбектер де өз биіміз деп есептеген. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы — Майқы би» деген нақыл бар. Майқы би ұзақ ғұмыр сүріп, 120 жасында қайтыс болған.
Майқы би (Байқы, Байки, Байку) (ХІІ - ХІІ) – аңызға айналған тарихи тұлға, атақты би, шешен. Ол әділ билігімен, тапқыр шешендігімен бүкіл қазақ қауымының арасында атағы шыққан адам. Халық арасында: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген ескі сөз бар. Шежірелерде Майқы би деген атпен өмір сүрген бірнеше тұлға кездеседі. Кейбір зерттеушілер оны біздің заманымыздан бұрынғы үйсін мемлекеті билеушілерінің бірі деп есептейді. Ол Майқы би Мәнұлы деген атпен біздің заманымыздан бұрынғы 178-89 жылдары өмір сүрген және аңыз бойынша би атанған тұңғыш адам. Шежірелерде кездесетін екінші Майқы би Төбейұлы (1105-1225) Шыңғыс ханның замандасы әрі оны хан көтерген 12 бидің бірі болған. Парсы тарихшысы Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты шығармасында (қошындық Байку деген атпен) Майқы бидің Шыңғыс ханның оң қолы, ел басқару ісіндегі ақылшысы, бас биі болғаны, Жошы хан әскерінің оң қанатын басқарғаны айтылады. Осы дерек моңғол жылнамасы «Алтын тобчида» да бар. Шежіре деректері бойынша Ұлы жүздің түп атасы Ақарыстан Ұзынсақал Ыбырайым, одан Кейкі, одан Төбе би, одан Қойылдыр, Қоғам, Майқы, Мекре тарайды. Кейбір шежірешілер оны барша үйсіннің бабасы етіп, Ұлы жүздің шежіресін содан таратады. Майқы есімі қазақтардың шығу тегіне қатысты көптеген аңыз-әңгімелерде кездеседі және Дешті Қыпшақта түркі қауымдарының негізін құрушы ретінде ұдайы айтылады. Қазақ аңыздары оны қазақтың үш жүзге бөліну кезеңінде үлкен рөл атқарды дегенді айтады. Мұнда Майқы би Орманбет би өліп, он сан Ноғай елі бүлінгенде, қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер есебінде көрсетіледі. Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, таңбаны әр рудың ерекшелігіне қарай белгілейді. Ұлыс туын ұстаған Үйсінге «жалау», ортада жүрген Арғынға «көз», жауға алдымен шабатын Алшынға «найза» таңбасын берген. Аталмыш 40 рудың таңбасын жартасқа қашатқан. Кезінде «Майқының таңбасы» деп аталған бұл таңбалы тас кейін жер атымен «Нұра таңбасы» аталып кеткен. Майқы би қазақ ұлысын құра отырып, кейінгі ұрпақтарына: «Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты, батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді... Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ел болуды ойлаңдар» деп өсиет қалдырған. Ел аңыздарының деректеріне қарағанда, Майқы бидің өз заманында ел қамын ойлаған үлкен ойшыл адам болғаны аңғарылады, халықтың әдет-ғұрып, салтын, жол-жоралғысын заңға айналдыруда Майқы бидің орнының ерекше болғаны көрінеді. Майқы биді өзбек, татар, башқұрт халықтары да өз биіміз деп есептейді. Бұған шежіреде көрсетілгендей, Төбе биден тараған Қойылдыр, Мекре есімді балаларының осы халықтардың арасына барып, сіңісіп кетуі себеп болса керек.
Асан - заманының ойшыл, шешен биі, Жәнібек тұсында өмір сүріп, сарай маңындағы ақылшы-ақсақал жыраулардың бірі болған. Ерте заманның Жиренше шешен сияқты ақыл иесі биі. Шамасы, ол 1330 жылы туып, 1450 жылы өлген. Бұлардың тағдырлары мен халық арасындағы беделдері де біріне-бірі ұқсас. Сондықтан Асан, Жиренше туралы халық аңыздары да сарындас келеді.
Асанның „Жәнібекке айтқаны" деп аталып жүрген толғауларында негізінен мемлекеттік, елдік мәселелер, қоғамдық ойлар қозғалып, халық пен хан арасындағы қарым-қатынас сөз болады. Бұған қарағанда Асан жай ақыннан гөрі әлеуметтік сыры терең, ойлы толғаулар тудырған жырауға ұқсайды.
Қоғамдық сын тұрғысында жыр толғап, өзінің жіті көзін қиырға, алысты болжауға тіккен, күнделікті қоғам өмірі жайында сезіп-түйгендерінен өзінше тұжырым жасаған ойшыл. Қазақ тарихын жақсы білген Ш. Уәлихановтың пікірлері де Асанның осындай ақыл иесі, өз кезінің қоғам қайраткері болғанын дәлелдейді. Асан атымен айтылып, халық арасына тараған нақыл сөздер (афоризмдер) мен толғау-жырлар қазақ халқының орта ғасырдағы тарихи-қоғамдық, рухани тілегімен байланысты.
Мінезі жаман адамға,
Енді қайтып жуыспа.
Тәуір көрер кісіңмен,
Жалған айтып суыспа.
Ашу-дұшпан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің,
Түбі терең, қуысқа...
Асан - халқына жақсы қоныс іздеуші қамқор және елінің сол күнгі халі мен келешегін толғаған ақылгөй жырау. Сондықтан да Асан атынан айтылатын сөздер мен нақылдар біреуден біреуге тарап, жатталып, ел аузында берік сақталып, бізге жеткен.
Асан Қайғы Сәбитұлы (14 ғасырдың ақыры - 15 ғасырдың басы) – мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ. Ол Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Қызылорда облысы Шиелі ауданында «Жеті әулие» қорымындағы Асан ата кесенесі Асан Қайғы мазары делінеді. Асан Қайғы заманында Алтын Орда ыдырап, оның орнына Қырым, Қазан, Өзбек хандықтары пайда болды. Ноғай ордасы тарап, Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуы хандықтар арасындағы қым-қиғаш талас-тартысты аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді. Кейінгі ұрпақ әулие танып, аты аңызға айналған «көшпелілер философы» (Ш.Уәлиханов) атанған Асан Қайғы «өзінен қалған қысқа сын болжаулары, өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс, білік-дерек береді» (М.Әуезов). Асан Қайғы қазақ халқы ұсақ хандарының басын біріктіріп, іргелі ел етпек болған Керей, Жәнібек сұлтандарды жақтайды.
Шу мен Арал аралығында Қазақ ордасы құрылған кезде Асан Қайғы жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады. Ішкі саясатта жер-су, жайылым, қоныс үшін қақтығыстар мен қайшылықтарды реттеу, ел-жұртының хал-ахуалын жақсарту мақсатында Асан Қайғы хан алдына өзінің «ымыраға келу теориясын» ұсынған. Хан мен қара бұқара арасындағы қарым-қатынасты ушықтырмай, әділет тұрғысынан шеше білген. Сыртқы саясатта халқының өсіп-өркендеуіне ұйтқы болып, қазақ қоғамының үлгісін жасаған. Ол іздеген «Жерұйық» шұрайлы қоныс қана емес, елін, жұртын сыртқы жаулардан қорғайтын жол, жаңа қоғамның үлгісі, қазақ халқын тарих сахнасыңда сақтап қалу бағдарламасы. Елі мен жұртының болашағы туралы қатты қайғырып толғанған абызды халық Асан Қайғы деп атаған. Ол жаңа хандыққа үлкен үміт артып, қазақ халқының бақытты болашаққа жетуін көксеген. Осы мақсатты көздеп ол сол хандыққа қазақ руларының түгелдей енуіне күш-жігерін жұмсаған. Асан Қайғы елінің сулы-нулы, шөбі шүйгін, құтты қоныс тауып, «адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы екі төлдейтін» мамыражай, еркін өмір сүруін аңсады. Бұл мұратын жырау «Жерұйық» деп атады. Алты атанға жүк артып, алты жыл жайлы қоныс қарап, қазақ жерін түгел шолып шығады, әр қоныс, мекенге байыпты сын, баға беріп отырады. Бұл бағалары әлі күнге дейін ел аузында ұмытылмай айтылып келеді. Жыраудың «Жерұйықты» (кейде «Жиделібайсын» делінеді) іздеуі атақты Томас Мор «Утопиясы» (1516 ж.) мен Томмазо Кампанелланың «Күн қаласы» шығармасындағы (1602 ж.) қиял-армандарымен ұштасып жатыр. Жыраудың бір алуан толғаулары Әз Жәнібек ханға арналған. Осы арнауында жырау күншығысқа көз алмай қарайтын көрші патшалықтан сақтанудың қажеттігін арнайы ескертеді: «Қилы-қилы заман болмай ма, Суда жүрген ақ шортан Қарағай басын шалмай ма?». Асан Қайғы осы «ақшортан» мен «қарағай» бейнесін келесі бір толғауында кеңірек ашып, орыс патшасы отарлауының мән-жайын алдын ала айтып, көрегендік танытады. Халық басына төнген бұл қауіптің зардабын, оның немен тынатынын да дәл болжайды: «Ол күнде қарындастан қайыр кетер, Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер, Ұлы, қызың орысқа бодан болып, Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер?». Асан Қайғының жыр-толғаулары, негізінен, үлгі-өсиет, мақал-мәтел іспеттес болып құрылады.
Жиренше шешен
Жиренше шешен (XV) – қазақтың ақыл-парасатымен, тапқырлығымен аңызға айналған ділмәр шешені. Аңыз-әңгімелердің дерегі бойынша ол тарихта болған, әз Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген кісі, бірақ тарихи шығармаларда Жәнібек ханның төңірегінде ондай адам болды деген дерек кездеспейді. Дегенмен, қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, елдің әлеуметтік саяси өміріне жүйрік тарихшысы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» кітабында өзі туралы былай дейді: «Өтейбойдақ Тілеуқабылдың ұлымын. Ата тегім ? Ұлы жүз Зарман, Зарман ішінде Албан. Мекенім ? Жетісу. Ауылымда құрбы-құрдас, таныс-білістерім аз емес. Жанымда Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым ? иіртек, сексен беске келдім. Бойым ұзын, қара торы, қоңқақ мұрын, кең иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын». Жиренше шешен есімі, ақыл, парасаттың үлгісі ретінде қазақ ауыз әдебиетінен берік орын алған. Ол туралы ертегілер, әңгімелер қазақ фольклорында шамамен XV ғасырдан басталады. Онда шешендік сөздіктің үлгілерімен қатар, тұрмыс-салт ертегілері де бар. Жиренше шешен дербес Қазақ хандығын құру үшін ханға көмектескен, оған пайдалы кеңестер айтып, халық бұқарасының атынан сөйлеген. Оның атынан айтылып, халық жадында сақталған аңыз-әңгімелер мен шешендік сөздер көп. Олардың көпшілігі 15-16 ғасырлардан басталатын халық шығармасына немесе әлденеше адамның, бірнеше буынның өңдеп, өзгертуімен ортақ мұраға айналып кеткен. Ол туралы өзге халықтардың шығармаларында да сөз болады. Түркі-Моңғол, Үнді-Еуропа, түркі тілдес халықтардың біразының фольклорында оның есімі кездеседі. Мысалы қарақалпақта Жиренше шешен, қырғызда Жээренче чээчэн, түрікменде ақылды да тапқыр, әділ Ийкренче туралы аңыздар бар. Жиренше шешен атымен байланысты әңгімелердің ішінде ең көп тарағаны ? оның көркіне ақылы сай, дана қыз Қарашашқа үйленгені. Жалпы зерттеулер Жиренше шешеннің атына қатысты аңыз әңгімелерді үш топқа бөледі. Біріншісі ? Жиренше шешенді Жәнібек ханның ақылшысы әрі досы етіп көрсететін әңгімелер. Мұнда Қазақ хандығын құрысуға белсене қатысқан Жәнібек ханға деген ел ілтипатының әсері айқын аңғарылады. Екіншісі ? Жиренше шешенді әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресуші етіп көрсететін әңгімелер. Мұнда ол ханды әшкерелеуші, ханның зорлығына өзінің ақыл-парасатын қарсы қоюшы, тапқыр ақыл иесі ретінде бейнеленеді. Үшіншісі ? Жиренше шешеннің көпшілік арасындағы күнделікті қақтығыстарда айтатын тапқыр әзіл-қалжың сөздері. Осы шығармалардың арқасында Жиренше есімі ұмыт болмай, ғасырдан ғасыр асып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Ел ауызындағы Жиренше шешен аңызын қолжазбасына түсірген ақын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеев болды. Ол: «Міне, жігіттер, бір ауызды сөздің түбін, төркінін білемін деп іздегендіктен қалыңсыз бір ханның қызын алды. Өз ханының сатусыз, пұлсыз уәзірлігін алды. «Жігіттікте жаннан кеш те, іс қыласың, өлесің, өлмесең, кісі боласың!» ? деп бұрынғының айтқаны осы!» ? деп, Жиренше шешен туралы өз пікірін білдіреді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет