Бақылау сұрақтары:
Римде шешендік өнер қалай дамыды?
«Риториканың негізі — философия, стилистика, ойшылдық» дегенді қалай түсінесіз?
Әдебиеттер:
Г.Қосымова. Қазақ шешендік өнерінің негіздері. Білім баспасы, 2003ж.
Тіл мәдениеті. Шешендік өнер: Оқулық / Б.Қ.Қапасова.-Алматы, 2014-224б.
№3 практика тақырыбы: Римдегі шешендік өнер.
Мақсаты: Римдегі шешендік өнер өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын зерделеу.
Қарастырылатын мәселелер:
Римдегі шешендік өнердің негізін қалаушы.
«Риториканың негізі — философия, стилистика, ойшылдық».
Даналық, сөз сұлулығы жайлы пікірлер.
Әдістемелік нұсқау "Риториканың румдық теориясы" Марк Фабий Квинтилиан (шамамен 35 жылы туып, 100 жыл шамасывда қайтыс болған). Квинтилиан шешендік өнердің теориялық және тажірибелік мәселелерін бүге-шігесіне дейін талдаған. Ол болашақ шешенді қалай тәрбиелеу, риторика мектебіңде дәрістерді қалай өткізу, грамматика, философия, өнер, қүқ пәңдерін оқыту, көркем шығармаларды қалай мәнерлеп оқу және дарынды шешендер, жазушылар, ақындар хақында кесек-кесек ойлар өрбітеді.
№4 Тақырып: Ресейдегі шешендік өнер
Мақсаты: Ресейдегі шешендік өнер жайлы мәлімет беру.
Жоспар:
Ресейдегі шешендік өнер.
Ресейдегі шешендік өнердің өкілдері.
Кілт сөздер: шығармашылыққа бейімделуі, Ғылым академиясының мүшесі, ғибрат сөздердің ұшқырлығы, рухани дүниесі, сыртқы келбеті, шешенің сыртқы тұлғасы.
Орыс тілінде риторика оқулығын жазған әйгілі оқымысты Михаил Васильевич Ломоносов (1711—1765) еді. Оның "Шешендікке қысқаша басшылық" атты оқулығы 1748 жылы басылған (және 1759, 1765 жылдарда). Сондай-ақ ол "Шешендік дегеніміз ғылым" деген еңбегінде мұның рухани қабілетпен, ғылыммен, авторларға еліктеумен, шығармашылыққа бейімделумен, басқа ғылымдарды меңгерумен және айқын, күшті дауыс, мықты рух, кең кеуде тәрізді табиғи ерекшеліктермен біртұтас екеңдігін баяндаған. Шешен сөзі тыңдаушылардың сезіміне әсер дарытуы қажет. Сөйлегенде даусың таза, мөлдір, кібіртіксіз айтылуы ләзім. Дауыстың жоғары-төмен құбылуы мысқалдап дамығаны абзал.
Бұдан соң Харьков университетінің ректоры, Ғылым академиясының мүшесі, орыс тілі мен риторика бойынша профессор Иван Степанович Рижскийдің "Риторика тәжірибелері" еңбегі (1795, 1805, 1822) жарыққа шықты.
Бұдаң соң ақын және аудармашы Алексей Федорович Мерзляковтың (1778—1830) "Қысқаша риторикасы", А. С. Пушкиннің ұстазы, орыс және латын тілдерінің маманы Александр Иванович Галичтің "Прозалық туындылардың барлық тектеріне бағышталған шешендіктің теориясы", философия докторы Николай Федорович Кошанскийдің (1781—1831) "Жеке риторикасы" (1832) мен "Жалпы риторикасы" (1854) және Александр I заманындағы көрнекті мемлекет қайраткері, математика, физика, риторика, философия пәндерінің оқытушысы Михаил Михайлович Сперанскийдің "Жоғары шешендіктің теориясы" (1844) дейтін бағалы еңбектері жарияланды.[2.11]
А. Ф. Кони "Сот және саясат тақырыптарындағы шешендік" деген шығармасында шешендік дегеніміз тыңдаушылардың жан-сезім әлемін сөзінің әдемілігімен, образдарының жарқындығымен, нақыл, ғибрат сөздердің ұшқырлығымен толқытатын, баурайтын өнер, өзгеше қабілет — қарым, тума қасиет, сондай-ақ өскен ортаның, үлгілі жандардың, ұлағатты кітаптардың тағылым-тәрбиесі, өз дүние-таным нәтижесі деп жазған.
Шешен болу үшін 1) пәнді, 2) тілді, 3) ұлттық әдебиеттің қазынасьш егжей-тегжейлі білу — басты парыз. Шынайы көркем сөз шешеннін рухани дүниесі мен сыртқы келбетінің гармониялық келісімінен туады. Сөз сөйлеушінің ақылы мен жүрегінде болатын белгілі бір ойлар, сезімдер шешенің сыртқы тұлғасынан айна-қатесіз шығарылады (бет-жүз құбылыстары, қимыл-әрекеттері арқылы).
Сонымен ежелгі Эллада, ертедегі Рум, етене жақын Ресей және Шығыс ғылымы мен мәдениеті тарихыңдағы дара тұлғалардың сара зерттеулеріне, хал-қадірімізше, барлау жасап, ғибратты ойлар түюге, нақтылы тұжырымдар жасауға тәжірибе жинақтадық.
Орыстың ұлы сыншысы В. Г. Белинский "Риториканың мазмұны мен міндеттері" деген мақаласында шешеннің тұлғасына тоқталады. "Ол шаршы топты өрнекті ойларымен иландырады, оның ұлылығы асқан шабытпен, құлшыныспен, пафоспен өлшенеді. Демек, сөзінің оттылығымен, жарқылымен, күшімен, керіктілігімен баурап алады" дейді.
П. C. Порохощиковтың "Сот шешенінің өнері" дейтін еңбегінде сөйлеудің айқындылығы һәм тазалығы, сөз байлығы мен пәнді білу, карапайымдылығы мен қуаттылығы, әуезділігі мен ырғақтылығы, шешеннің рухани еркіндігі, жазба жұмыс пен импровизацияның қарым-қатысы, тыңдаушының ынта-ықыласы, түсініксіз ойлар мен шұбалаңқы сөйлемдер жайында іргелі, күрделі пікірлер айтылады. Оның пайымдауынша, шешен әр сөзін өзі қалай түсінсе, тыңдаушыға да солай ұғынықты ету керек. Сотта сөйленетін сөз өте-мөте анық болуы шарт. Тыңдаушылар еш қиындықсыз қабылдауы қажет. Сөз жоқ, мұндай шеберлікке жету үшін стильдің тазалығы мен дәлдігі және пән мен тілді терең меңгеру ләзім. Атап өтерлік жәйт, қазіргі айыптаушылар мен қорғаушылар сөзінде ойдан гөрі айтыс-тартыс басым. Түйінді сөз айтуға ұмтылмайды. Әр күн сайын тілді дамытып, байытып отыруға, әңгімелесу үстінде естіген соны сөздерді жазып, көңілге тоқуға машықтану дұрыс. Шешеннің сөзі күн сәулесі айнаға қалай түсіп жарқырайтьшы секілді, сондай дәл, ап-анық болғаны жөн.
П. C. Пороховщиков сөйлеудің әуезділігі жайлы пікір өрбіткенде ағылшын адвокаты P. Гарристің шешендік өнердегі таңғажайып кереметтердің бірі дауыстың алуан түрмен құбылуы деген пікіріне сүйенеді. Сахнада, болмаса сотта сөздің музыкасына мүлде көңіл бөлінбейді. P. Гарристің ескертуінше, дауысты жаттықтырудың ең колайлы әдісі — бос бөлменің іші.
Шынайы көркем сөз шешеннің рухани дүниесі мен сыртқы келбетінің гармониялық келісімінен туады. Сөз сөйлеушінің ақылы мен жүрегінде болатын белгілі бір ойлар, сезімдер шешеннің сыртқы тұлғасынан айна-катесіз аңғарылады (бет-жүз құбылыстары, қимыл-әрекеттері арқылы).
П. C. Пороховщиковтың пайымдауынша, сөзге жазып-сызып әзірленген дұрыс. Сөйлеген кезде жатқа айтасың ба, өзің білесің... Алғыр шешен күні бұрын тыңдаушылардың ойлары мен көңіл-күйін өткір сезінеді. Ол aca сақтықпен сөйлейді, әбден өзіне бағындырып алған соң, олардың сезім-күйлерін билеп әкетеді деп түйіндейді.
Сотта сөз айрықша анық айтылуы қажет. Нақтылық пен айқындылық шынайы стильге тән, құбылысты барынша түсініп тану және тіл құбылыстарын жүйрік зердемен зерттеу құба-құп болар еді. Стильдің aca көркем өрнектері қарапайымдылықтан туғанда табиғи сипатка ие болады. Мінбеге шыққан шешен сөз туралы ойламау керек, ол рет-ретімен өзі тізіледі. Тыңдаушылар шешеннің өз ойымен өзі болып, яғни толқынды, құйынды ойларының ырқына бағынғандығының куәгері болуға тиісті. Кез келген ой өзіне тән сөздерді пайдаланады, сонда ғана табиғи сұлулыққа бөленеді, деп жазады ғалым.
Орыстың ұлы жазушысы H. B. Гоголь: "Профессордың стилі тартымды, отты болуға тиісті. Ол тыңдаушылардың ынтасын біржола өзіне қаратуы керек. Профессордың әңгімесі оқтын-оқтын шамырқанған шабытпен айтылып, қадау-қадау ой-пікірлерді жаудырып, төгіп, төпелеп жіберсе, сондай-ақ әркімге де түсінікті болса ғой. Шынында асқақтық қайда болса, қарапайымдылық та сонда" деп жазған.
Шешендік сөйлеу дегеніміз процесс. Адам баласы әр тәуліктің 75%-ін, яғни 1-11 сағатты сөйлеу мен тыңдауға, 25%-ін оқу мен жазуға ғана жұмсайды екен. Сонан соң шешеннің даусы, мәнер-мақамы өте әсерлі, сазды, стилі — дара, ел мен жер тағдырын ойлаған үні де құйқылжын толқыған, сыңғырлап құйылған, төгіліп тамылжыған болса, тыңдаушылардың алпыс екі тамырын балқытары хақ.
Шешеннің сөйлеу мәнерін мынадай түрлерге жіктеуге болады: 1) салқындылық пен ақылдылық, 2) не от-жалын шешендік, лептілік пен тегеурінділік, 3) жұмсақтық пен нәзіктік. Бұлар тұтастай алғанда 1) паралингвистикалық (интонациялық) жіктемге жатады. Екіншісі — лингвистикалық (тіл) жағы. Үшіншісі, кинетикалық (ым мен дене қимылы). Мұның өзінің ұлттық сипаты бар. Орыс басын шайқаса қабылдамағаны, керісінше, болғардың құптағаны. Арабтың басын артқа қайырғаны мақұлдамағаны. Ағылшын психологы M. Аргайдың есептеуінше, 1 сағат ішінде мексикандық — 180 рет, итальян — 80 мәрте, фин — 1 ғана ым жасаған, ал ағылшын бірде-береуін істемеген.
Бұған қарамастан ыммен, ишаратпен сөйлеу — өте-мөте өзіндік құбылыс. Ол шешеннің ой-сезім толқындарымен етене. Сәлемдесуді білдіретін ым-ишараттар және символикалық ым-ишараттар жүйесі бар. Мінез-құлық ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Және де шешен сөзі социолингвистикамен, әлеуметтік психологиямен астасады.
Шешеннің интеллектуалдық мәдениетін, білім-білігін, зерде-зейінін әңгімелегенде, импровизацияға бейімділігін де елеп ескеру керек. Бұл шешендік өнердің ең жоғарғы түрі. Тыңдаушы қауымға қатты әсер етеді. Мәселен, А. В. Луначарский aca күрделі философиялық — эстетикалық тақырыпқа тосыннан баяндама жасаған. Француз теоретигі M. Ажамның көрсеткеніндей, барлық импровизаторлар жылдам ойлап, шапшаң еске түсіретін кемеңгер ойшьшдар болған. Шешен аудиториямен тікелей байланысты. Сондықтан көпшілік болған жерде көтеріңкілік-салтанаттылық тән. Шешен аудиторияның әлеуметтік құрамын, қызметін, жас ерекшеліктерін, көңіл-күй толқындарын, наным-сенімдерін және осында келгенде интеллектуалдық, моральдық, эстетикалық мотивтердің қайсысы олардың қиялын қозғап, ойын оятқанын есепке алмай болмайды. Жастар жиналған аудитория ең жарқын, нақты материалдарды жарқыратып, құлшыныспен, жігермен сөйлеп жеткізуді ұнатса, тәжірибелі кісілер отырған жерде шешеннің логикасына құлақ түреді.
Аудиторияны бағындыру үшін шешен өзі қатысқан айтулы оқиғалар, шет елге саяхаты, ipi мемлекет не ғылым қайраткерлерімен сұхбаттасуы жөнінде айтуға болады.
Адамның жұмысқа деген қабілеті: сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндерінде ерекше байқалады. Тың мәліметтерге құрылған баяндаманы 30 минут ұйып тындаған соң, тыңдарманның зейіні әлсірейді. Сөздің логикалық-композициялық жүйесі шымыр болғаны жөн. Логикалық жүйе дұрыс ойлаудан туындайды. Яғни адамның санасында болмыстың объективті заңдары мен байланыстары бейнеленеді.
Сөз 1) кіріспе мен 2) негізгі бөлімнен және 3) түйіндемеден түзіледі. Платон: "Всякая речь должна быть составлена, словно живое существо,— у нее должно быть тело с головой и ногами, причем туловище и конечности должны подходить друг к другу и соответствовать"— деп жазады.
Шешен адамзат пен ғаламзат дүниесінің белгісіз сырларын қырағы байқап, тереңнен толғап, саңқылдаған, сұлу, мәнерлі даусымен, мағыналы, парасатты толғамдармен, түйдек-түйдек ойларымен, бет жүзінің, сөз ырғағының еркіне бағынған қимыл-қозғалыстарымен, біліктілік-білімімен, көшелі, көреген қасиеттерімен толқынды топты өзіне қаратып, құлақ құрышын қандырады, жаныңды, рухыңды дүр сілкіндіріп тазартады. Шешендіктің өзі ойшылдықпен, даналықпен, көшелілікпен, үнді, сазды сөйлеумен (бұл тұрғыда ажарлы келбет, нұрлы дидар, көз мәнді қызмет атқарады) сабақтас, тамырлас құбылыс.
Яки жүрек сөйлеп, тіл мәнерлеп, өң түрленіп, көз жанары ойды, мағынаны, сезімді мінсіз жеткізіп, айна-қатесіз көрсетіп, сөйтіп баршасы біртұтастық тауып, бір ғана мақсат үшін қызмет атқарады.
Шешеннің сөзі қағазға да, миға да, жүрекке де жазылғаны дұрыс.
Сөйлер алдында оңашада серуендегені әрі айтайын деген ой-пікірлерін пысықтағаны жөн. Аудиторияның лық толы болғаны қолайлы. Мінбеге шыққаннан кейін бірден сөз бастамай, ұзақтығы 10—15 секендтей толас жасап алған орынды. Мұның психологиялық мәні айрықша, аудитория Сізге ықылас аударады, өзіңізге үйренеді. Шешеннің өң-әлпеті, түр-тұлғасы, киген киімі алғашқы әсерді тудырады.
XI ғасырдағы шығыс педагогикасы тарихындағы әйгілі шығарма "Қабуснамада" шешендік өнер жайлы ipi-ipi түйіндеулер берілген. Күллі өнердің ішінде сөз өнерінің артықшылығы бар дейді. "Адамзаттың ең абзал қасиетінің бірі сөз сөйлей білу. Бұл жағдайды жете түсін де, жақсы сөйлей білуге үйрен: сыпайы, анық сөйлеуді әдет қылғайсың"— деген өнегелі өсиет жазылған.
Достарыңызбен бөлісу: |