Стамбеков, С.Ж. Генетика: оқу құралы/ С.Ж.Стамбеков. Алматы: Ана тілі,1993,448 б.
4 Тұқым қуалау құбылысының негізгі заңдылықтары мен негізгі генетикалық ұғымдар
Тұқым қуалаушылыққа талдау жасағанда көптеген ұғымдар, терминдер мен символикалар жиі қолданылады. Генетикада көп қолданылатын ұғымдардың қатарына «белгі», «қасиет» деген ұғымдар жатады. Ол ұғымдар бір ағзадан екінші ағзаны ажыратуға болатын морфологиялық, физиологиялық, биохимиялық және т.с.с. басқа да ерекшеліктерді білдіреді.
Жынысты көбеюде жұп белгілердің тұқым қуалауына генетикалық талдау жасау үшін әр түрлі жынысты екі ағзаны будандастыру керек. Сол мақсатта алынған ата-аналық ағзаларды латынның Р әрпімен (латынның Parent- ата-ана деген сөзінің бірінші әрпі) белгілейді. Генетикада будандастыруды көбейту – Х белгісімен көрсетеді. Будандастыру сызбасын жазған кезде бірінші орынға аналық ағзаны, ал екінші орынға аталық ағзаны жазады да, екі аралығына будандастыру белгісін қояды. Аналық жынысты (Шолпан айнасы) белгісімен, аталық жынысты (Марс қалқаны және найзасы) белгісімен белгілейді. Альтернативті белгілері бар екі ағзаны будандастырудан алынған ұрпақты будандық (гибридтік) ұрпақ деп, ал оның жекелеген дарабастарын – будан (немесе гибрид) деп атайды. Ықшамдылық үшін будан ұрпақты Ғ әрпімен (латынның Filia – ұрпақ деген сөзінің бірінші әрпі) белгілейді, ол әріпке индекс қойылады және ондай индекс гибрид ұрпақтың реттік нөміріне сәйкес келеді.
Хромосоманың белгілі бір бөлігінде орналасқан, тұқым қуалайтын белгі – қасиеттерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін тұқым қуалау ақпаратының генетикалық өлшем бірлігі ген деп аталады. Альтернативті жұп белгілерді анықтаушы жұп гендерді аллеломорфты жұп деп, ал жұп болып келу құбылысын аллеломорфизм немесе аллелизм деп атайды. Әр ген екі түрлі жағдайда болады және олар бір жұп түзеді, ал ол жұптың әр мүшесі аллель деп аталады. Мендель тұқым қуалайтын альтернативті жұп белгілерді латын алфавитінің әріптерімен көрстеуді ұсынылады. Мысалы, А және а, В және в т.с.с. Аллельді гендер гомологты хромосомалардың ұқсас бөлімінде орналасады, ал олардың орналасатын орнын локус деп атайды. Гомологты жұп хромосоманы хромосомасыз көрсеткенде АА, Аа және аа делініп жазылады.
Ұрықтанған жұмыртқа жасушаны зигота деп атайтыны белгілі. Егер зигота бірдей аллельдерді бар жыныс жасушаларының қосылуынан түзілсе, онда зиготаны гомозигота АА, аа, ВВ деп, ал әртүрлі аллельдері бар екі жыныс жасушасының қосылуынан түзілсе гетерозигота Аа, Вв, Сс дейді. .